Дәріс 9. Құрылыс индустриясының дамуы және құрылыс саласында қолданылатын техникалар мен технологиялар. Құрылыс индустриясының қоршаған ортаға әсері.
Мақсаты: Құрылыс индустриясының дамуы және құрылыс саласында қолданылатын техникалар мен технологиялармен танысу және құрылыс индустриясының қоршаған ортаға әсеріне талдау жасау.
Жоспары:
1. Құрылыс индустриясының дамуы және құрылыс саласында қолданылатын техникалар мен технологиялар.
2. Құрылыс индустриясының қоршаған ортаға әсері.
Негізгі түсініктер: инженерлік ғимараттар, көмекші өндіріс, санитарлық қорғау белдемі, декомпозиция, авторлық бақылау.
1. Құрылыс индустриясының дамуы және құрылыс саласында қолданылатын техникалар мен технологиялар.
Ұйымдастыруды дайындау жұмыстарына тапсырыс берушіден жобалау-смета құжаттарын алу, оны қарастыру, авторлық бақылауды ұйымдастыру, әртүрлі бақылау қызметінен қосымша келісімдер мен рұқсаттар алу, жұмыс өндірісінің жобасын құрастыру жатады. Дайындау жұмыстарының бұл бөлігі тапсырыс беруші мен бас мердігердің қызметіне кіреді. Құрылыс алаңын техникалық (инженерлік) дайындауға ғимараттар мен құрылымдарды сапалы және орнатылған уақытта салу үшін жағдай туғызу жатады. Мұндай жұмыстарға инженерлік-геологиялық зерттеулер және геодезиялық негізді бөлу жұмыстары, құрылысқа қажетті территорияны дайындау, құрылыс алаңын меңгеру жатады. Алаңнан тыс дайындық дегеніміз құрылысқа қажетті жолдарды, инженерлік коммуникацияларды, құрылысшыларға арналған уақытша үйлерді құру, құрылыстың материалдық-техникалық базасын құру болып табылады. Аз меңгерілген аудандардағы ірі құрылыстар үшін көмекші өндірістің «пионерлік база» деп аталатын кешендері тұрғызылады. Құрылыс территориясын алаң ішілік дайындау жұмыстарына территорияны тазалау, пайдаланылмайтын ескі құрылымдарды бұзу, құнарлы өсімдікті қабатты алып, басқа жерге орналастыру, коммуникацияларды көшіру, қабат беттеріндегі суларды бұру, т.б. жатады. Қолайсыз жағдайларда торфты алу, құмды шаю, қоршаушы бөгесіндерді орнату, топырақ суларының деңгейін төмендету, т.б. жұмыстар жасалады. Алаң ішілік дайындау жұмыстарына, сондай-ақ құрылыс алаңын меңгеру жатады – құрылыс алаңын қоршау, көмекші, тұрмыстық мақсаттағы құрылымдардың және қоймалардың алаңдарын дайындау, алаң ішінде инженерлік желілерді, уақытша коммуникацияларды және жолдарды төсеу. Геодезиялық тіректі торлар құрылып, биік реперлер орнатылады. Объектілі дайындау әрбір белгілі бір объектіде алаң ішіндегі және сыртындағы жұмыстар орындалып біткеннен кейін құрылыс мекемесімен жүргізіледі. Мұндай жұмыстарға құрылыс алаңын белгілейтін шекара қондырғыларымен, жеңілдету алаңының қондырғыларымен, кей жағдайда технологиялық жабдықтар мен конструкциялардың ірілендірілген стендтерімен жасалатын жұмыстар жатады. Технологиялық жабдықтар объектілі және техникалық дайындықпен қатар жүргізіледі. Мұндай жұмыстарға құрылыс машиналарын дайындау, оларды ауыспалы жабдықтармен, жүк құралдарымен жабдықтау жұмыстары жатады. Техникалық және технологиялық дайындау жалпы «дайындау кезеңіне» кіреді. Дайындау кезеңінің ұзақтығы жалпы құрылыс ұзақтығының 10...20% құрайды. Дайындау кезеңі бітпей тұрып құрылыстың негізгі кезеңі басталмайды. Тек кейбір жағдайда, ірі құрылыстарда егер дайындау кезеңі жобада қарастырылса және кезең бойынша ұйымдастырылып, жүргізілсе құрылыстың негізгі кезеңі басталуы мүмкін Ұйымдастыру-технологиялық жұмыстар біткеннен кейін құрылыстың негізгі кезеңі басталады: жер асты жұмыстары, жер үсті цикліндегі жұмыстар, ішкі жұмыстар, абаттандыру. Жер асты жұмыстар цикліне (нөлдік цикл) жер жұмыстары, іргетастарды орнату, ғимараттың жер асты бөлігін монтаждау, гидро оқшаулау жұмыстары жатады. Жер үсті жұмыстарының цикліне құрылыс конструкцияларын монтаждау, терезе және есік саңылауларын толтыру, төбе жұмыстары, ағаш жұмыстары, санитарлы-техникалық жұмыстар жатады. Ғимараттың жер үсті бӛлігі кірпіштен немесе басқа ұсақ дана материалдардан, құрастырмалы конструкциялардан, тұтас құймалы темірбетоннан тұрғызылады. Ішкі жұмыстар әрлеу және арнаулы жұмыстар болып екіге бөлінеді. Әрлеу жұмыстары дегеніміз сылау, қаптау, тұсқағаз жапсыру және майлау, едендерді орнату жұмыстары жатады. Арнаулы жұмыстарға ішкі санитарлы-техникалық және электрлі монтаждау жұмыстары, желдету, байланыс, өрт сөндіру, дабыл беру жүйелері бойынша монтаждау жұмыстары, технологиялық жабдықтарды монтаждау жұмыстары жатады. Абаттандыру дегеніміз ғимарат айналасындағы территорияны тазалау және жоспарлау, кӛгалдандыру, тротуарлар орнату.
Санитарлы-техникалық, электр-монтажды және өңдеу жұмыстарын орындау жалпы құрылыс жұмыстары өндірісімен келісілуі қажет. Мысалы, коммуникацияларды енгізуді жер асты циклін орындаған кезде жүргізеді, санитарлы-техникалық құралдарды өңдеу жұмыстарын орындағанда орнатады, ішкі өңдеу жұмыстары төбені жапқаннан кейін жүргізіледі, т.с.с. Ең көп тараған құрылыс жұмыстары жер жұмыстары, тас және тұтас құйылмалы темірбетон конструкцияларын тұрғызу, монтаждау, ағаш, ӛңдеу жұмыстары болып табылады.
Белгілі бір объектіде құрылыс жұмыстарының жобалы-технологиялық құжаттарын жасаған кезде жобаның ең көп басқарылатын объектісіне иерархиядық декомпозиция жұмыстары жасалады. Декомпозиция жұмыстарының деңгейі қабылданатын шешімдердің нақтылығын айқындауы тиіс. Құрылыс жұмыстарында мұндай деңгейлерге еңбек үрдістері мен жұмыс операциялары жатады. Яғни әрбір жұмыс әртүрлі орындалған құрылыс үрдістерінің нәтижесі болып табылады, ал бұл үрдістерді жұмысшы операциялар арқылы орындайды. Әртүрлі құрылыс үрдістері мынадай белгілері бойынша жіктеледі: технологиялығы; механикаландыру деңгейі; күрделілігі. Технологиялық белгісіне қарай негізгі, көмекші және тасымал болып бөлінеді. Негізгі құрылыс үрдістері дегеніміз тікелей конструкцияларды тұрғызуға арналған жұмыстар, мысалы, конструкцияларды монтаждау, кірпіш қабырғаны қалау, оны өңдеу, т.б. Көмекші үрдістер деп негізгі үрдістерді орындауға әсер ететін, алайда дайын өнім бермейтін үрдістерді айтады. Негіздерді нивелирлеу және қабырға панельдерін монтаждағанда маяктар орнату, тас төсемдер салу, өңдеу жұмыстарында ерітінділерді дайындау және осыған ұқсас процестер көмекші үрдістерге жатады. Сондай-ақ әртүрлі жағдайда орындалатын бір процесс негізгіге де, көмекші үрдіске де жатқызылуы мүмкін. Мысалы, құрылыс алаңында қалау ерітіндісін дайындау көмекші үрдіс болса, зауытта және бетон-ерітінді тораптарында бұл үрдіс негізгі болып саналады. Үшінші, тасымалдау үрдістері деп материалдарды және бөлшектерді жұмыс орнына жеткізуке арналған, сонымен қатар, құрылыс алаңынан тыс жерлерді орындалатын, материалдар мен конструкциялардың орнын алмастыру жұмыстарын айтады. Механикаландыру деңгейіне байланысты барлық құрылыста орындалатын үрдістер үш түрге бӛлінеді: механикаландырылған, жартылай механикаландырылған және қолмен. Механикаландырылған деп машинаның (көтергіш кранмен конструкцияларды монтаждау, шұңқырларды экскаватормен қазу, бульдозермен топырақты төгу және алаңды жӛңдеу жұмыстарын жүргізу және т.б.) көмегімен жүргізілетін үрдістерді айтады. Бұл үрдісте жұмысшылар тек қана машиналарды басқарып отырады. Жартылай механикаландырылған процестерде машиналармен қатар қол еңбегі де пайдаланылады. Қолмен жүргізілетін процестерде ешқандай құралсыз (қолмен көтеріп-тасымалдау жұмыстары) немесе қарапайым құралдарды (күрек, балта, сүймен, т.с.с.) пайдалана отырып жүргізіледі. Құрылыс үрдісіне қатысушылардың қол жұмысынан бас тартып, көптеген процестерді зауыт жағдайына ауыстыруға, құрылыс алаңында көп шығынды талап етпейтін конструкцияларды монтаждауға ниеттенуі де заңды. Мұндай мәселелер шешілетін кәсіпорындарда зауыттарда дайындалған элементтерден салынған ғимараттар мен құрылымдарды механикалы түрде жинақтау және әрлеу жұмыстары жүргізіледі. Мұндай жерлерде құрылыс индустриясын максималды түрде механикаландырылған деп айтуға әбден болады.
2. Құрылыс материалдарының өндірісі.
Адамзат өмірінің соңғы он жылдықтары экономика мен тұрмыста түрлі технологиялық үдерістердің күрт қаулап өсуімен ерекшеленеді. Солардың алдыңғы қатарында құрылыс саласы да бар. Құрылыстың қарқынды дамуы жер бетінде көптеген жаңа қалалардың пайда болып, олардың санының артуына алып келді. Сонымен қатар, бұрынғы шағын қалалар барған сайын қанатын кең жайып, агломерациялық үдерістерді дамытты. Агломерация сөзін қазақ тіліне тура мағынасында аударатын болсақ, «қосып аламын», «қоршаймын» деген ұғымды білдіреді. Қалалардың қарқынды даму нәтижесінде айналасындағы елді-мекендердің сол қалаларға қосылып кетіп жатқан үдерістері біздің Қазақстанда да аз емес. Мәселен, мұндай құбылыс қазіргі күні Алматы, Астана, Қарағанды мен Теміртау қалаларының бет-бейнелерінен байқалып отыр.
Әлемде құрылыстың қарқынды дамуы құрылыс индустриясының етек жаюына алып келді. Құрылыс саласында жаңа технологияларға негізделген небір жаңа материалдар пайда болып, тұрғын үйлер мен ғимараттардың беріктігін нығайтып, сәніне сән қосты. Ең бастысы, бұрын қиындықпен жүргізілетін күрделі құрылыстар жеңілдеп, олардың өзіндік құны да төмендеді. Міне, осындай жағдайларды қазіргі күні Астана қаласының көріністерінен анық байқаймыз. Бұл қалада бұрын біздің өңірімізде болмаған небір ғажайып ғимараттар мен сарайлар тұрғызылуда. Тұрғын үйлердің бойлары да биіктеп барады. Қазіргі күні 100-120 қабаттық үйлер тұрғызу адамзат қауымына көп қиындыққа түспейтін болды. Тек жобасын талапқа сай дайындап, қажетті материалдарды пайдалана білсеңіз болғаны. Біздің Қазақстанымыз әлем елдерінің арасында құрылыс қарқын алған елдердің қатарында тұр. Тәуелсіздігімізге ие болғанымызға 20 жыл ғана өткеніне қарамастан, біз бұл салада едәуір тәжірибе жинақтадық деп айтуға болады.
Жалпы, құрылыс саласының дамуына ықпал ететін факторлар бірнеше себептерден тұрады екен. Соның ішінде бастылардың бірі – елде әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жақсарып, халықтың үй сатып алатындай жағдайының болуы. Міне, осы бір фактордың нәтижесінде ғана алғашқы кезде елімізде құрылыс қарқындап жүріп берді. Бірақ ендігі кезекте басқа да факторлардың іске қосылуы қажет. Солардың алдыңғы қатарында құрылыс материалдары өндірісінің дамуының маңызы зор екен.
Достарыңызбен бөлісу: |