Лекция №22-24. Қоршаған ортаны антропогендік әсерлерден қорғау принциптері.
Жоспары:
1. Атмосфераны қорғау.
2. Гидросфераны қорғау.
3. Литосфераны, топырақты қорғау.
4. Жер қойнауын қорғау.
1. Атмосфераны қорғау.
Атмосфера маңызды сарқылмайтын экологиялық ресурс екені ақиқат. Қаншалықты сарқылмайтын болса да біз бұл ресурстарды тиімді пайдаланып, қорғай білуіміз қажет. Таза күйінде біздің тіршілігімізге өте қажетті айырбасқа жатпайтын ресурс. Ауаның тазалығымен адам баласының денсаулығы байланысты. Ауаның тазалығы өсімдіктер мен жануарлар әлеміне де, бізді қоршаған басқа да нысандарға қажет. Мысалы, ауа таза болмаса металдардан және жасалған құрылыстар, үйлер, ғимараттар коррозия тағы басқа үдерістерге ұшырып зақымдалады, тез ескеріп істен шығады. Осыған байланысты атмосфераның барлық қабаттарындағы энергия мен ауаның химиялық құрамын сақтауды қамтамасыз ететін шараларды жүзеге асырып, қорғап отыру әр өндірістің міндеті.
Зиянды заттектердің ауадағы мөлшерін азайтудың ең тиімді жолдарының бірі қалдықсыз немесе аз қалдықты өндірістерді және технологиялық үдерістерді іске қосу, ауа тазалайтын қондырғылардың тиімділігін арттыру, тұйық ауа айналымдарын енгізу. Осы ауқытқа дейін негізгі әдіс газ тазалау жүйесін енгізу болып саналады. Әсіресе, жаңадан қолдануға бағытталған өнеркәсіп агрегаттары шаң және газ ұстатайтын құралдармен жабдықталғаны дұрыс.
Зиянды қоспаларды ұстау және залалсыздандыру тәсілдеріне және газ тазалайтын құралдардың құрылыстарына қарай газ тазалау техникасы әралуан болып келеді. Әдістер мен технологиялық және желдеткіштік газды шығарындылардың топтастырылуы:
1. Шаңнан тазалау:
а) Құрғақ құрғақ шаң ұстағыш, сүзгіштер;
ә) Ылғалды ылғалды шаң ұстағыштар, газ жуғыштар;
2. Тұманнан тазалау: Электрлік электр сүзгіштер Тұман ұстағыштар;
3. Газ және газ тәрізді ластағыштардан тазалау:
а) Абсорбция абсорберлер;
ә) Адсорбция адсорберлер;
б) Катализ әдістері реакторлар, бейтараптандырғыштар;
в) Термиялық әдістер пештер, шілтерлер;
4. Шаңнан, тұманнан, газдан тазалау: Құрастырылған әдістер көп сатылы тазалайтын аппараттар.
Аэрозольдарды (шаң мен тұман) ұстайтын жүйелердің топтастырылуы оларда жүретін үдерістердің ерекшеліктеріне негізделген. Ауаны тазалауға арналған құралдар 4 негізгі топқа: құрғақ және ылғалды шаң ұстағыштарға; маталл сүзгіштерге және электрсүзгіштерге бөлінеді. Шаңның түріне, оның физикалық-химиялық қасиетіне, дисперсиялық құрамы мен жалпы ауадағы мөлшеріне, шығарындының температурасына, қажетті тазалау дәрежесінің деңгейіне байланысты осы құралдардың ішінен белгілі бір үлгісі таңдалады.
Құрғақ шаң ұстағыш аппараттарында қалқыма бөлшектерді тұндыру (ұстау) әртүрлі механизмдерге: гравитациялық (салмақ күші әсерінен), инерциялық, сыртқы тепкіш және сүзгіштік негізделген. Ылғалды шаңұстағыштарда қалқыма бөлшектер сұйықтармен, көбінесе сумен түйістіру арқылы тұндырылады. Электрлік тазалау әдісі жоғары қуатты электр майданына газды иондандырып, зарядталған шаң бөлшектерін электрсүзгіштердің электродтарында тұндыруға негізделген. Газды оның құрамындағы газ және бу тәрізді қоспалардан айыру үшін абсорбция, адсорбция, катализдік және термиялық әдістер кеңінен қолданылады.
Тазалау аппараттарының ең маңызды сипаттамасы болып аэродинамикалық қарсылық шамасы (газ ағымының кірердегі және шығардағы қысымдарының арасындағы айырмашылығы) саналады. Тазалау сапалығы, электр энергиясының шығыны, газ тазалайтын агрегаттарды істеуге жұмсалатын қаржы көлемі т.б. осы көрсеткішке тікелей байланысты.
Газды шаңнан тазалағанда есепке алынатын шаңның физикалық-химиялық сипаттамаларына жататын көрсеткіштер: оның тығыздығы, фракциялық құрамы, адгезиялық қасиеті, дымқыл тартқыштығы, сулануы, электрлік қасиеті, өзінен-өзі жану және жарғыштық қоспалар түзу қабілеттілігі.
Шаңдар дисперсиялылығына қарай бес топқа бөлінеді: 1) өте ірі дисперсті, диаметрі d50>140мкм; бөлшектерден тұратын шаңға; 2) ірі дисперсті, d50=40-140 мкм; 3) орта дисперсті, d50=10-40 мкм; 4) ұсақ дисперсті, d50=1-50 мкм; 5) өте майда дисперсті, d50=<1мкм.
Шаңның жабысқақтығы дымқылданған сайын өсіп отырады және ол дисперсиясына да байланысты келеді. 4-ші мен 5-ші топқа жататын шаң бөлшектері жақсы жабысатындарға, 2-ші және 3-ші топтағылар орташа жабысатындарға, 1-ші дисперсиялық топтағы болымсыз жабысатындарға жатады.
Шаңды құрғақ әдіспен ұстау шаңтұндырғыш камералар, инерциялық шаңұстағыштар, жапқыш (жалюзиялық) аппараттар, циклондар, ротациялық және құйын тәрізді шаңұстағыштар, сүзгіштер және электрсүзгіштер қолданылады.
Газды дымқылды әдіспен шаңнан тазалау үшін қолданылатын жабдықтарға Вентури скубберлері, көбік аппараттары, бүріккіштік (форсункалық) скрубберлер және т.б жатады.
Шаң ұстағыштардың таңдағанда және пайдаланғанда негізге алынатын параметрлердің бірі тазаланатын газдың көлемі. Шаң ұстағыштар арқылы өтетін газдың жылдамдығы (м/с) олардың түріне байланысты: циклондар үшін - 3,6: мультициклондарда – 6-12; электрсүзгіштерде – 1,5-3; маталы сүзгіштерде - 0,005-0,3; скрубберлерде - 1-4. Ал газдардың тазалауына елеулі рөл атқаратын факторлардың бірі олардың ылғалдылығы. Егерде дымқылдығы 20 %-тей (көлемдік) немесе одан жоғары болса шаң ұстағыштардың ішінде су буы конденсациалануы мүмкін. Осы жағдайда мата сүзгілері балшық қабығының пайда болуына байланысты істен шығады, ол циклондар мен электрлік сүзгіштердің жұмыс істеуіне де қиындатады.
Газ шығарындыларын шебері түрде тазалау мақсатында әр түрлі сүзгіштер түрі қолданылады. Сүзгіш элементтер ретінде жұқа маталардан бастап металдардан немесе керамикадан жасалған тесілген (перфорацияланған) материалдар пайдаланады. Ең кеңінен қолданылатын матадан жасалған қолқапты сүзгіш. Оның пайдаланғаннан кейін сүзгіштік қабілетін орнына келтіру үшін қолғаптағы әлсін-әлсін сілкіп және желдетіп отырады. Қолғапты сүзгіштердің тазалау нәтижелігі 99 %-ке дейін болады.
Ылғалды сүзгіштердің майда дисперсті шаңдарды тазалау нәтижелілігі өте жоғары, бұл әдіспен ыстық және жарылғыш қауіптілік тән газдарды тазалауға болады.
Газ шығарындыларын қышқылдың, сілтінің, майлар мен басқа сұйықтықтардың тұманынан тазалау үшін ылғалды электр-сүзгіштер және талшықты немесе торлы тұманұстағыш сүзгіштер қолданылады. Ылғалды элетрсүзгіштердің тазалау приципі құрғақ электрсүзгіште жүретін процестерге ұқсас келеді. Теріс зарядталған бөлшектер электр тоғының әсерінен тұндыратын электродтарға жылжыйды, ао оң зарядталған бөлшектердің шамалы бөлігі негізгі (корондаған) электродқа барып тұнады. Талшықты сүзгіштерде ұсталған тұман сұйықтыққа айналып отырады.Газды газ және бу тәрізді ластағыштардан тазалау үшін негізінде 4 тазалау тәсілі: шығарындыларды еріткіштермен немесе ерітінділермен жуу (абсорбция), қатты активті заттармен қоспаларды сіңіру, катализаторларды пайдалану арқылы қоспалардың түрін өзгертіп сіңіру және шығарынды газдарды термиялық түрде нейтралдау қолданылады. Ұшпа еріткіштердің буын ұстауға конденсация (сұйық түрге айналдыру) тәсілі қолданылады. Бұл әдіс температураны төмендету арқылы еріткіштің қаныққан буының қысымын азайтуға негізделген. Абсорбция тәсілінде кейбір газдағы компоненттерді бөліп алу үшін газ тәрізді қоспаны абсорберлер (6.4-ші сурет) арқылы жібереді. Абсорберлер ретінде орнатылған мұнара, себелегішті, барботажды-көбікті скрубберлер және басқа да аппараттар қолданылады. Қолданылған ерітіндіні регенерациялау арқылы ластанған заттектерден айырып қайтадан тазалау процесінде немесе қосалқы өнім ретінде пайдаланылады.
Адсорбцияның екі түрі – физикалық және химиялық (хемосорбция) болады. Физикалық адсорбция сіңірілетін газ молекулаларықатты дененің бітінде молекулааралық тарту күшімен ұсталынады. Ал хемосорбцияда адсорбент адсорбцияланатын газбен химиялық реакцияға түседі. Адсорбенттер ретінде уақ тесікті материалдар: активтелінетін көмірлер, силикагель, алюмогель, цеолиттер, т.б қолданылады. Тазалау процесі адсорбенттермен толтырылған вертикалды (тік), горизонталды (көлденең) немесе сақина тәрзді ыдыстарда өткізіледі. Кеңінен оқтын-оқтын (кезеңдік түрде) істейтін адсорберлер қолданылады, ондағы пайдаланылған сіңіргіш қажеттілігіне қарай ауыстырылып немесе регенерацияланып отырылады. Адсорбцияланған заттектерді десорбциялау үшін инертті газ немесе бу, кейде термиялық регенерация қолданылады.
Каталитикалық жолмен тазалау тәсілдерінде улы компонеттер ілы емес түрге немесе улылығы төмен түрге катализаторлардың қатысуымен жүрген химиялық реакциялардың нәтижесінде айналып отырады. Тазаланатын газдарда катализаторлар ретінде металдар (платина, палладий, мыс) немесе олардың қосылыстары (мыс, марганец және т.б оксидтері) қолданылады. Осы бағытта жиі қолданылатын аппараттар тобына термокаталитикалық реактор жатады, олардың бір корпусында жылу рекуператоры, жылытқыш және ұштастыру торабы біріктірілген. Электржылытқышы бар термокаталитикалық реакторлар бояуланған бұйымдарды кептіретін кептіргіш камераларын шыққан және де басқа өндірістердің газды тастандыларындағы органикалық заттектермен тазалау үшін қолданылады.
Термиялық тәсілдерде оттектертің қатысуымен және газды қоспаның температурасының жоғары болуына байланысты тотығу процесі жүру нәтижесінде улы компонеттер улылығы төмен түрге айналады. Бұл әдістер көп көлемді және жоғары концентрациялы ластағыштары бар шығарынды газдарды оңай тотығатын улы қоспалардан айыру үшін қолданылады. Өнеркәсіптік шығарындыларды тазалау үшін үш негізгі термонейтралдау жолдары пайдаланылады. Оларға жалында тікелей жағу, термиялық тотығу және каталитикалық жағу жатады.
Көп сатылық тазалау және залалсыздандыру процесі шығарынды газдардың құрамы күрделі, сонымен қатар ондағы улы заттектердің көлемі өте жоғары болғанда жоғарыда қарастырылған әр түрлі әдістер мен аппараттарды қолдану арқылы жүзеге асырылады.
Зиянды шығарындылардың қоршаған ортаға тигізетін әсерін төмендету үшін жоспарланып атқарылған шаралардың маңызы өте зор. Бұларды қарастырғанда ластанған ауаның адам организмінде туғызатын қолайсыз жағдайларды болдырмауға бағытталатынын ескергген орынды.
Атмосфераны санитарлық сақтау белдемі. Адам денсаулығы мен қоршаған ортаға химиялық, биологиялық немесе физикалық әсерін тигізетін өнеркәсіп кәсіпорындары немесе басқа объектілер үшін санитарлық сақтау белдемі міндетті түрде олардың құрамына кіретін компонентке жатады.
Санитарлық сақтау белдемі – атмосфераны ластайтын кәсіпорындарды елді мекеннен бөліп тұратын, міндетті түрде ағаш егілген, зиянды заттектер қауіпсіздік деңгейге дейін таралатын және арнайы гигиеналық талаптар орындалатын аумақ.
Санитарлық норманы анықтайтын құжаттарға сәйкес барлық өнеркәсіп кәсіпорындарына олардың қуатына, технологиялық процестергеді іске асыру жағдайына, қоршаған ортаны ластайтын компоненттерінің зияндық класына және тазалау процестерінің нәтижелеріне байланысты санитарлық белдемі (ССБ) белгіленіп, тұрған кешеннен қандай алшақтықта орналастыруға болатыны анықталады.
Өндірістік кәсіпорындар үшін бес кластық санитарлық сақтау белдемі бар. 1 сыныпты кәсіпорын үшін – 2000 м, II сыныпта – 1000 м, Ш кластыға – 500 м, IV класстыға – 300 м, V кластыға – 100 м. Тамақ өнеркәсіп кәсіпорындары, қоғамдық тамақтандыру, ойын-сауық пен мәдени орындары үшін ССБ – 50 м.
ССБ сыртында зиянды заттектердің ауадағы мөлшері шекті рауалы концентрациядан аспауы қажет См+Сф≤ ШРКб.ж
Атмосфераға зиянды заттектерді ШРК артық шығармайтын технологиялық үдерістермен жұмыс жүргізетін кәсіпорындарды елді мекендердің ішінде орналастыруға болады. ССБ ішінде өрт депосын, моншаны, кір жуатын үйді, көлік тұрақтарын, қоймаларды, әкімшілік қызмет үйін, сату нүктелеін және т.с орналастыруға болады, ал тұрғын үйлерді, бала бақшаны, мектепті, емдеу-сауықтыру мекемелерін, бақты орналастыруға болмайды. Бұл аймақтың аумағы міндетті түрде когалдандырылады, газға төзімді ағаштар мен бұтақтар түрлері егіледі. Себебі, өсімдіктер биосүзгіш рөлін атқарып, зиянды қоспаларды, радиоактивті бөлшектерді сүзіп, шуды сіңіріп отырады. Мысалы, шыршалы орманның 1 га 32 тоннадай шаңды сіңіре алады.
ССБ ұзындығын белгілеген кезде көбіне тұратын желдің бағыты есепке алынады, яғни желдің соғу бағытына қарай оның ұзындығы әртүрлі болып келеді. Әр бағыттағы ССБ ұзындығын есептеуге қолданатын формула:
L=L0· P/P0, м,
Бұл жерде Р > Р0, Р – белгілі бағытта тұратын желдің орта жылдық қайталанулылығы (%), Р0 - бірқалыпты айналма жел бағытының қайталанулылығы, % (8 румбалық жел айналымында Р0 = 100/8=12,5%); L – есептелінетін ССБ-нің ұзындығы, м; L0 - ССБ нормативтік шамасы, ол кәсіпорынның жататын класына байланысты 2000 м, 1000 м, 500 м, 300 м, 100 м немесе 50 м тең.
ССБ аумағын технологияны өзгерткенде, тиімділігі жоғары және сенімді тазарту құралдарын пайдаланғанда қысқартуға болады.
Ауа шекарасыз, үнемі жылжымалы түрде болатынында байланысты оны қорғау шараларының аймақтық немесе жергілікті деңгейде ғана мәні бар емес, бұл ғаламдық масштабта құралатын мәселе болып саналады.
2. Гидросфераны қорғау.
Су қорғау белдемі. Қазақстанның су қорғау кодексі бойынша су объектілерін экологиялық талаптарға сәйкестендіріп ұстау үшін, жер бетіндегі суларды латанудан, былғанудан және азаюдан сақтап қалу мақсатында, сонымен қатар жануарлар мен өсімдіктер әлемінің тіршілік ететін ортасын сақтау үшін су қорғау белдемі белгіленеді.
Су қорғау беодемі деп арнайы пайдалану мен табиғи ресурстарды қорғау және басқа да шаруашылық іс әрекеттерді жүргізу тәртібі белгіленген акваторияға жанасқан жерді жатқызады. Көл, өзен, бұлақтардың айналасында белгілеген қорғаныс алқабында тыйым салынады:
жерді жыртуға;
авиациялық –химиялық жұмыстарды жүргізуге;
пестицидтерді, дефолианттарды, басқа да улы химиялық заттектерді қолдануға;
тыңайтқыш ретінде мал шаруашылығы кешендерінің сұйық ағындысын пайдалануға;
мал шаруашылығының тұрақты және жазғы фермаларын құруға;
орманды кесу мен ағаштарды тамырымен жоюға;
улы химиялық заттектердің,минералды тыңайтқыштардың, жанар май, әртүрлі өндірістердің қалдықтарын сақтайтын қоймаларды орналастыруға.
Мұндай әдетте, шаруашылық іс-әрекеттері шектелген немесе тыйым салынған және орманды қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Жер үсті және жер асты суын ластанудан қорғау үшін су қоймаларын жағалай орман өсіру қажет, себебі ормандық төсеніштің, яғни шіріген жапырақтардан, қылқандардан, бұтақтардан және жануарлар қалдықтарынан жиналған қабаттың суды сіңіруге және оны топырақ арқылы сүзілуіне қосатын ролі зор. Ормандар су қоймаларының гидрологиялық тәртібін реттеп, топырақтың эрозияға ұшырауына кедергі келтіріп тұрады, ал оның төсеніші сүзілу процесін күшейтеді. Сүзілу процесінде ластағыш заттектер топырақ коллоидтарымен тұтылып қалады, ал олардың біраз бөлігі микроорганизмдермен ретке келтіріледі.
Суды пайдалануға лицензиялары болған жағдайда су қорғау белдемінің жаға жиегі алқабында дем алатын орындарды, сумен қамтамасыз ететін объектілерді, балық және аңшылық шаруашылықтарын, сонымн қатар су алатын, порт және гидротехникалық ғимараттарын орналастыруға болады.
Су қорғау белдеміндегі табиғи ресурстарды қорғауды, су көлемі мен сапасын ұстап тұруды және де басқа шектелген шаруашылық іс-әрекеттерін қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік мекемелер жүйесі.
Біздің ғаламшарымызда маңызды тіршілік көздің бірі мұхит, сондықтан әр адамзат оның экодүйесін сақтауға міндетті. Мұхиттың биологиялық ресурстарын шектен тыс пайдаланбау және оны әр түрлі улы заттектермен (мұнай, петицидтер, ауыр металдар, биогенді заттектер және т.б.) ластамау мақсатында мұхиттың экологиялық және экономикалық белдемдері белгіленеді.
Экологиялық белдемнің ең негізгіледі: жағалық белдем (литораль), ашық теңіздік белдем пелагиаль, батиаль) және терең сулық белдем (абиссаль). Литораль дегеніміз ені 1км–ге кейде 10-15 км-ге жететін, түрлі су өсімдіктері өсетін, мұхиттардағы толысу кезінде су басатын және судың қайтуы кезінде құрғап қалатын жағалау бөлігі. Пелагиаль- мұхиттың бірқатар тік зоналарын қамтитын су қалыңдығы, бұл мұхиттың түбіне байланыссыз гидробионттардың тіршілік ететін аймағы. Абиссаль- Әлемдік мұхит түбінің 75%-тен астам ауданын қамтитын тіршілік таралуының экологиялық белдемі.
Мұхиттың экономикалық белдемі дегеніміз халықаралық тұрғыда бекілген, әр түрлі мемлекетте қарасты жататын кеңістігіндегі мұхит суы мен түбінің межеленуі. Бұл аумақтық суларға - 12 миль және іргелес белдемге - 24-200миль (1 теңіздік миль 1,85 км-ден артық) бөлінеді. Жағалық мемлекет осы учаскілердегі тірі және минералдық ресурстарды басқаруда, өндіруде, жалға беруде тәуелсіз құқыққа ие. Мұхиттың экономикалық белдемінің дүниежүзілік ауданы шамамен 130 млн. км² немесе мұхит айдынының 36%-ті.
3. Литосфераны, топырақты қорғау.
Әлемнің көптеген мемлекеттерінде бұрын мәдени дақылдар өсіріліп келген құнарлы жерлер орман, мал жайылымы, т.б. үшін пайдаланып келген. Ал қазіргі кезде адамның шаруашылық әрекетінің нәтижесінде бұл жерлер түрлі басқа мақсаттағы жұмыстар (жолдар мен өткізгіш құбырлар салу ) жүргізу нәтижесінде өте үлкен өзгерістерге ұшырады.
Адамның шаруашылық іс-әрекетінің нәтижесінде өсімдіктері жойылған, гидрарогиялық тәртібі мен рельефі өзгерген, топырақ жабыны бұзылып ластанған жерлер бұзылған жерлер деп аталады. Пайдалы қазбаларды ашық әдіспен өндіру ауыл шаруашылығында пайдалануға жарамды жерлерге біршама зиян келтіріді. Бұл жұмыстар кезінде тереңдігі 400–500 м болатын шұңқырлар түзіледі.
Бүлінген жерлердің өнімділігін және қоршаған ортаның жағдайын қайта қалпына келтіруге бағытталған жұмыстардың жиынтығы рекультивация (жерді қайта құнарландыру) деп аталады. Жерді қайта құнарландырудың мақсаты: жер мен оның қойнауын ұтымды пайдалану, өндіріс дамыған аудандарда қалыпты санитарлық-гигиеналық жағдайларды қамтамасыз ету. Рекультивация нысандарына мыналар жатады: жер асты және жер үсті тау-кен жұмыстарын жүргізгенде пайда болған ойпаңдар, қазба жыныстары мен өндіріс қалдықтарының үйінділері, өнім қоймалары, қазандықтар мен жылу-электр орталықтарынан шыққан шлак пен күл үйінділері, уақытша өндірістік және тұрғын үй құрылыстары алып жатқан аудандар, жол, құбырлар, электр желілерін және т.б. жұмыстарды жүргізгенде бұзылған жер беті жатады.
Қазіргі кезде ғалымдар мен мамандар бұзылған жерлерді қайта қалпына келтіріп, оларды ауыл және орман шаруашылығына қайтарудың жолдары іздестіруде.
Жерді рекультивациялаудың 2 негізгі кезеңі бар: тау – техникалық және биологиялық:. Тау-техникалық рекультивациялаудың мақсаты – аумақты жөндеуге дайындау. Ал, биологиялық рекультивациялауда топырақ құнарлығын қалпына келтіруге бағытталған жұмыстар жүзеге асырылады.
Жерді рекультивациялау жұмыстары бойынша Чехословакия мен ГДР мемлекеттерінде бұзылған жерлерге жүгері егіледі.
Жерді рекультивациялау - өте күрделі мәселе. Ол көп жағдайда бұзылған аумақтардың нақты экологиялық жағдайларына байланысты. Республикалық жұмыстарды жоспарлау үшін грунт топырағының физикалық-химиялық құрлымын, гидрологиялық тәртібінің ерекшеліктерін, рельефтің ерекшеліктерін жақсы білу қажет. Пайдалы қазбаларды ашық әдіспен өндіру, мал шаруашылығы кешендерін, суару орындарын салу, т.б. топырақ жабынының бұзылуына себеп болатын жұмыстар кезінде рекультивацияланатын жерге жоғары қарашірікті топырақ қабатын ауыстыру, орналасатыруда барлық тиісті ережелерді қатаң сақтау қажет.
Геологиялық мұнай іздестіру және өндеу жұмыстары кезіңде бұзылған және мұнаймен, түрлі жуғыш заттармен ластанған топырақты рекультивациялаудың маңызы зор. Әдетте, норматив бойынша, әрбір бұрғылау ұңғымасына 2,2 га жер бөлінеді. Бірақ іс жүзінде бұдан әлдеқайда көп жер ауыл шаруашылық айналымнан шығып қалады. Әсіресе, ірі шынжырлы тракторлар колоннасында орнатылған бұрғылау қондырыларын бір орыннан екінші бір орынға ауыстыру кезіңде жердің үлкен аймағы біршама зардап шегеді. Сондықтан, мұнай-газ кен орындарын іздестіру мен пайдалану жұмыстарын бастар алдында ол жерлер топырағының беткі құнарлы қабатын алып, соңынан қайтадан құнарлы қабат топырағын салуды тиісті орындар талап етулері қажет.
Қоғамдық өндірістің тиімділігін арттыру, соның нәтижесінде халықтың тұрмысын, әл-ауқатын жақсарту өндірістің еңбек, материалдық және табиғи қорларын тиімді пайдаланумен тікелей байланысты. Қазіргі кезде және болашақта өндіріс қорларының барлық түрін кешенді, үнемді пайдалану мәселесін шешкенде ғана экономиканың даму қарқынын арттыруға болады.
Бұл мәселенің шешімі ең алдымен табиғаттың қалыпты жағдайын сақтап, оның ресурстарын тиімді пайдаланумен тығыз байланысты. Өйткені, табиғат өндіріс қорының көзі, әрі өндірісті орналастыру ортасы ретінде өндірістің барлық саласына қатысты. Өндірістің даму қарқыны артқан сайын табиғат байлығын пайдалану мөлшері де өсіп келеді. Соған байланысты әсіресе, қалпына келмейтін табиғат байлығының тиімді қорының азаюы немесе сапасының төмендеуі қоғамның өндіріске жұмсалатын шығынының артуына кері әсер етуде. Өндірісте қолданылатын табиғат қоры сапасының төмендеуінен туындайтын өндіріс тиімділігіне кері әсерді ғылыми- техникалық жетістіктер нәтижесі де жоя алмай тұр. Екінші жағынан, өндірістің кері әсеріне табиғи ортаны қорғау ісі де күрделене түсті. Сондықтан да табиғат байлығын кешенді, үнемді пайдалану кезек күттірмей шешімін табуға тиіс мәселеге айналып отыр. Оған табиғаттың және қоғамның даму заңдылықтары негізінде, олардың үйлесімділігін арттыру арқылы ғана қол жеткізуге болады.
Биологиялық қайта құнарландыру – техникалық құнарландыру кезеңінен кейін жүргізіледі. Жануарлардың, өсімдіктердің, саңырауқұлақтар мен микроағзалардың тіршілігін қайта жандандыруға және жердің шаруашылыққа өнімділігін қалпына келтіруге бағытталған агротехникалық және фитомелиоративтік шаралар кешені.
Бүлінген жерлерді биологиялық жолмен қайта қалпына келтіру әдісін ұйымдастыру, әсіресе тау-кен өнеркәсібінде, еңбекті көп қажет ететін кезеңдердің бірі. Үйінділердің ауыл шаруашылығна жарамдылығын анықтау үшін біршама аналитикалық зерттеулер жүргізіп, олардың құрамындағы жыныстардың физикалық, химиялық, механикалық қасиеттерін, органикалық заттектердің мөлшері мен құрамын, қышқылдығын, тұздылығын, минералдық қоректену элементтерінің мөлшерін анықтау қажет. Осы көрсеткіштерге негізделіп, рекультивация жүргізіліп, қандай өсімдіктерді қоныстауға болатыны жөнінде тұжырым жасалады.
Бүлінген жерлер рекультивациядан өткен соң ауыл шаруашылығында ағаш отырғызуға, су қоймаларын, өнеркәсіптік, тұрғын үй, тұрмыстық және мәдени құрылыстарды салуға болатынына тұжырым жасалады.
Мәселен, Мосваның Ленинград жолындағы бұрынғы кірпіш зауыттарына жататын карьерлердің орнына Достық саябағы ұйымдастырылды, Қарағандыда көмір өндіруден шаққан террикондар (жыныстарының үйіндісі) Алматы Астана көлік жолдарын салуға қолданылды, Ақтау, Жамбыл, Жаңа өзен, Қарағанды қалалары және басқа да ел мекендеріне жерді рекультивациялаудан кейін көгалдандыру жұмыстары жүргізілген, осы жағдайлар бүлінген жерді қалпына келтіруге айқын мысал болады.
Сулы аймақтарда немесе жер асты сулары жақын тереңдікте орналасқан жағдайда жерді рекультивациялаудың ең арзан тиімді әдістерінің бірі жасыл желек отырғызу. Бұл әдіс көп елдерде негізгі рекультивация жолы болып саналады, себебі орман алқабының 1 га 500 м³ -дің үстінде суды ұстайды, дымқыл жерлр эрозияға қарсы тұра алады. Біздің елімізде де осы рекультивациялау әдісі іс жүзінде Қостанай облысында жан-жақты қолданылады. Мысалы, боксит алу кезінде шыққан үйінділерді тегістеп шаруашылыққа қажетті жиде, жыңғыл, сексеуіл, бүрген бұтақтары мен көпжылдық эспарсет, бидайық, жусан және т.б. шөптер отырғызылған.
Рекультивацияның тағы тиімді жолының бірі өндіріс қалдықтарының үйінділерін жер бетінде жинақтамай пайдаланудан шыққан карьерлерге, басқа да тау-кен ойыстарына немесе су эрозиясына ұшыратпау мақсатында жаралардың жағасына ую мен саты тәрізді рельеф жаса. Эрозияға ұшыраған тегіс жерлерді немесе құнарлығы аз құмды жерлерді ауыл шаруашылығына немесе орман шаруашылығына жарамды, жағдайда жеткізу үшін олардың бетіне құнарлы қабаттар төселіп, әртүрлі тыңайтқыштар мен жер құрылымын жақсартатын жасанды заттектер қолданылады.
4. Жер қойнауын қорғау.
Қазіргі таңда жер қойнауын құқықтық қорғау ережелер ойдағыдай сақталып отыр деп айту қиын. Тау-кен өнеркәсібі саласындағы компаниялардың қазба байлықты расуа етіп игеруі, мұндай- газ компанияларының қалдықтарды өзен-суға құйып, теңіз қайрауын ластап жатқанынан әрбір 2-ші Қазақстандық хабардар.
Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 24 маусымдағы № 291-IV Заңы негізінде жер қойнауын пайдалану саласындағы қоғамдық қатынастар реттеледі және Қазақстан Республикасының мүдделерi қорғалады, жер қойнауын ұтымды әрi кешендi зерттеу мен пайдалану қамтамасыз етіледі.
Жер қойнауын қорғау мәселесі бойынша осы заңның төмендегі баптарын мысалға келтіруге болады. 5-бап. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасының принциптерi. Жер қойнауына және жер қойнауын пайдалануға байланысты қатынастарды құқықтық реттеу мынадай принциптерге негiзделедi:
1) жер қойнауын ұтымды, кешендi және қауiпсiз пайдалануды қамтамасыз ету;
2) жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету;
3) жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзудiң жариялылығы;
4) жер қойнауын пайдаланудың ақылы болуы.
6-бап. Жер қойнауын ұтымды, кешендi және қауiпсiз пайдалануды қамтамасыз ету. Кен орындарын игерудiң жоғары технологиялары мен оң практикасын пайдалану негiзiнде жер қойнауы ресурстарының барлық түрлерiн экономикалық жағынан тиiмдi игеру, сондай-ақ адамдар өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзудiң мiндеттi шарты болып табылады.
7-бап. Жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету. Жер қойнауының ластануын болғызбауды және жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операциялардың қоршаған ортаға зиянды әсерiн төмендетудi қамтамасыз ету жер қойнауын пайдалану құқығын жүзеге асырудың мiндеттi шарты болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |