Оқытудың психологиялық ерекшелігін ескеру ұстанымы
Әр сыныптың өз білім деңгейі болатыны белгілі. Сонымен қатар оқушының өзіндік жас ерекшелігі мен психикалық ерекшелігі бар. Сондықтан да қазақ тілін оқытуда осы ерекшеліктер ескеріліп, тілдік материал соған лайықталып беріледі. Оқушының психикалық ерекшелігі мен білім деңгейінен оның білімді қабылдау мүмкіндігі туады. Ал ол оқу материалының оқушының қабылдау мүмкіндігіне сәйкес болуын талап етеді. Қазақ тілін оқытуда осы принцип сақталса, ол оқушының тақырыпты меңгеруіне қолайлы жағдай болып табылады.
Тілді оқытуда бұл қағида сақталмағанда, түрлі қолайсыз жағдайлар болуы мүмкін. Мысалы, оқушының әлі келетін немесе әлі келмейтінін есепке алмай, бірден қиын материалды көп етіп беру арқылы оқушыда тақырыпты меңгеру қолымнан келмейді деген пікір туғызуға да болады. Ол оқыту ісінің нәтижесіздігін туғызады. Сондықтан оқушының психикалық ерекшеліктерімен санасып отыру мұғалімге ерекше міндет жүктейді.
Сонымен оқушыларға қазақ тілінен теориялық білім мен практикалық дағдылар беруде олардың психикалық қасиеттері, оқуға бейімділігі, икемділігі мен дайындық дәрежесі ескеріледі. Күнделікті сабақ үстінде оқушылардың осындай ерекшеліктеріне орай жұмыс істеу тәртібі белгіленеді. Оқушыларға өткен материал мен жаңа материалдың байланысын таптырып, тақырыптың өзіндік белгілерін қаншалықты меңгергендіктерін мұғалім бақылап отырады. Нашар және орта меңгерген оқушылармен сабақ үстінде түрлі жұмыстар жүргізіледі. Алдымен үйге берілген тапсырмаларды бақылап, тексереді. Содан кейін жаттығудың шартын дұрыс және бұрыс орындағандарына назар аударады. Өткенді еске түсіру мақсатында талдау жұмыстарын жүргізеді. Өтілген тақырып әбден меңгеріліп болған соң, жаңа материал түсіндіру, көрсету арқылы әңгімеленеді. Оқушылардың өздеріне материалдар оқытылады. Бұдан кейін өтіліп отырған материал жеке-жеке сұрақтар бойынша еске түсіріледі. Тақырыпты оқушылардың өздеріне айтқызып, қорытындылайды. Материалға лайықты жаттығу жұмыстары жүргізіледі. Осы сияқты жұмыстар жүйесі негізінде әрбір оқушының оқуға деген бейімділігі мен икемділігі арта түседі.
Қазақ тілін оқытудың принциптері:
1.Тіл табиғатына зейін қою принципі. Бұл ұстаным бойынша дыбыстау мен сөйлеу дағдысының дұрыс дамуына мейлінше мән беріледі. Қазақ тілін оқытуда тілдің және сөйлеудің заңдылықтарын елемеу практикалық тіл қызметінің меңгеруге елеулі нұсқан келтіреді. Сөйлеу мен фонетикалық бірліктердің мәнін бағаламау орфографиялық сауаттылықты меңгертуде олқылыққа ұшыратады. Осы ұстаным тілді үйрету сабақтарында дәне дыбыстау мүшелерін жаттықтыру кезінде кеңінен қолданылу керек.
2. Тілдің мағынасын түсіну принципі. Тілді барлық жағынан және барша тілдік пәндерді өзара байланысты түрде зерттеу. Мәселен синтакси, морфология т.б. тілдің барлық салалары бібірімен өзара байланысты, сондықтан осы байланыстар оқыту процесінде ескеріліп отырылады.
3. Тілдік сезімге сүйену және оны дамыту ұстанымы (таза сөйлеу),
4. Сөйлеу мәнеріне зейін қою ұстанымы
Дәрісті қорытындылау: Қазақ тілін оқыту әдістемесінің теориялық негіздері. Қазақ тілін оқыт әдістемесі пәнінің психология, педагогика, логика, философия ғылымдармен байланысы. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің ұстанымдары
Негізгі тапсырмалар, сұрақтар:
Жүсіпбек Аймауытовтың «Тәрбиеге жетекші» еңбегінің 316-320 беттердегі Дидактика ережелеріне салыстыру жүргізу.
Оразбаева Ф.Ш., Рахметова Р.С. Қазақ тілін оқыту әдістемесі. Оқулығының 47-56 беттерін оқу, дәріс кннспектісін толықтыру.
Әдебиеттер:
1. Оразбаева Ф.Ш. Рахметова Р.С. Қазақ тілін оқыту әдістемесі: Оқу құралы. –Алматы: Print-S, 2005
2. Нұржанова Ж. Қазақ тілін тиімді оқыту жолдары. -Алматы. 2001.
3. Мейрманқұлов А, Қазақ тілін оқыту әдістемесі. Алматы: Фолиант, 2010
2 модуль. Қазақ тілін оқыту әдістерінің жүйесі
№3 Дәріс. Қазақ тілін оқыту әдістерінің жүйесі. Дидактикалық әдістер және оларды классификациялау
Мақсаты: Қазақ тілін оқыту әдістерінің түрлерін талдап көрсету. Дидактикалық әдістер және олардың топтастырылуы туралы мағлұмат беру
Жоспар:
1. Қазақ тілін оқыту әдістерінің жалпы сипаттамасы
1. Қазақ тілін оқыту әдістерінің түрлері
2. Кітаппен жұмыс әдісі
3. Көрнекілік әдіс
4. Техникалық құралдармен жұмыс істеу әдісі
5. Жаттығу әдісі
1. Қазақ тілін оқыту әдістерінің жалпы сипаттамасы
Білім беру әдістеріне педагогика теориясында: «...Білім беру әдістері оқушылардың білім мен білігін, олардың практикалық дағдысынқалыптастыру жолындағы мұғалімнің жүргізетін жұмыстарының тәсілі және оқушылар жүргізетін жұмыстыңмұғалімнің басшылығымен орындалатын тәсілі» деген анықтама берілген.
Әдіс - белгіленген оқу мақсатына жету үшін мұғалім мен оқушы іс-әрекетінің үйлесу тәсілі немесе мұғалімнің оқушыларды білім және білікпен қаруландыратын құралдары мен тәсілдерінің жиынтығы, ал тәсіл - әдісті құрайтын әлементтер. Оқыту әдісі - оқытудың мақсатын, міндеттерін, шет тілін оқытудың мазмұнын тудыратын және оларға жетудің оқыту кезеңдері мен шарттарына сәйкес тәсілдерін айқындайтын оқытудың бағыты. Әдіс – ілім, зерттеу жолы, көздеген мақсатқа жетудің бірыңғайланған тәсілдері, тәртіпке келтірілген қызмет жүйесі. Оқыту әдістері білімдік, тәрбиелік, дамытушылық, уәждемелік қызмет атқарады, сондықтан әдістерді сабақтың дидактикалық мақсаттарына сәйкес тиімді қолдана білудің маңызы зор.
"Балалар әдебиетінің атасы" атанған Ыбырай Алтынсарин "Қазақ хрестоматиясы" және "Қазақтарға орыс тілін оқытудың қолданбасы" деген еңбегінде әңгіме әдісін қазақ мектебінде алғаш рет қолданды. Ол тіл игертуді грамматикалық ережеден емес, сөзді үйретуден бастады. Ы.Алтынсарин мектебінің балалары жаттауды ерте бастаған. Ұстаздың "Кел, балалар, оқылық!" деген өлеңін жатқа білмеген бала болмаған. Ондағы сөздердің оралымды, рифмге құрылуы, логикалық байланысының болуынан өлеңнің әрбір жолы тілге өзі оралып жатады. Оның әңгімелерінде тарихи материалдар мен салыстыру әдісі көп. ЫАлтынсарин қоғамды, адам мінезін оқу-білім арқылы ғана түзетуге болады деп сенеді.
А.Байтұрсынов өзінің "Қай әдіс жақсы" мақаласында: "Әдіс - керекшіліктен шығатын нәрсе. Әдістің жақсы-жаман болмағы жұмсалатын орнының керек қылуына қарай. Мәселен, сауаттау әдісін алсақ, бір жұрттың сауаттау ісіне қолайлы болған әдіс екінші жұрттың да сауаттау ісіне қолайлы, оларға тиіс деп айтуға болмайды. Екеуінің тілінің заңы, емлесінің жүйесі бірдей болса, біріне қолайлы болған әдіс екіншісіне де қолайлы болуы мүмкін. Егер де тілінің заңы, емлесінің немесе әрпінің жүйесі басқа болса, онда біріне жақсы болған сауаттау әдісі екіншісіне де жақсы болады деп ешкім айта алмайды"- дей келіп, дыбыс әдісі мен тұтас сөзді әдістің қайсысы қазақ тіліне көбірек керек деген мәселені мысалдар келтіре отырып береді де, осы екеуінің біріншісі (дыбыс әдісі) жақсы деп қорытады. Сонымен бірге ғалым жалқылау және жалпылау әдісі туралы өз ойларын ортаға салады. Жалқылау әдісін (айырыңқы) қай елдер бірінші қолданғаны туралы мағлүмат береді.
"Жалқылаулы-жалпылау әдіс" мақаласында "Бұл әдістің өзі қолдану жүзіндегі баспалдақтарына қарай бірнеше түрге бөлінеді"- дейді де, төмендегідей түрлеріне тоқталады: Шағын сөзді түрі; "Жазу-оқу" деген түрі; Дыбысты әдіс. Дыбысты әдістің өзін өз ішінен бес түрге бөледі: Балалармен әңгімелесу; Оқу үйретуге даярлайтын жұмыс; Сөзден дыбыстарды айырып шығару; Әріптермен таныстыру; Білген әріптерінен сөз құрау, соны оқу. А.Байтұрсынов 1927-1928 жылдары "Жаңа мектеп" журналында "Ана тілінің әдісі", "Зерттеу мен сүгіретшілік әдісі туралы" деген әдістеме мәселелерін сөз ететін бірнеше мақала жариялаған. Ғалым өзінің оқулықтарында "жеңілден ауырға, оңайдан қиынға, жайдан күрделіге" деген ұстанымды ұстана отырып, тұтас-сөз, талдау, жинақтау, сұрақ-жауап ойын әдістерін қолданған.
Бала мінезінің алуан қырлары туралы үлкен еңбек қалдырған - Жүсіпбек Аймауытұлы. Педагог-ғалымның "Тәрбиеге жетекші" (Орынбор, 1924), "Психология (жан-жүйесі) мен өнер таңдау" (Мәскеу, 1926) еңбектері ұлттық тыныс-тірлік, тәрбие жұмысы мен оның шарттары жайында ой қозғайды. Ж.Аймауытұлы педагогика ғылымына қосқан елеулі еңбектерінің бірі - "Тәрбиеге жетекші". Ағартушы-психолог бұл еңбегінде тәрбие, білім жайлы негізгі ойларын ғылыми тұрғыдан тереңдетіп, дамытып, дидактика мәселелеріне ерекше ден қояды. Ағартушы-педагог мектеп ісін, білім беру жүйесін, өмір тәжірибесін өзара бірлікте қарастыра отырып, әңгімелеу, талдау, түсіндіру, салыстыру, көрнекілік әдістерін ұсынды.
Қазақтың халық ағартушы қайраткерлерінің бай әдістемелік мұраларын зерттей отырып, олардың қазақ тілін оқыту әдістемесінің негізін қалап, әдістер жүйесінің одан әрі дамуына зор үлес қосқанына көз жеткіземіз. Ғалым-әдіскерлердің оқу жүйесінде тұрақталған әдіс-тәсілдері қазіргі күнге дейін өз маңызын жойған жоқ. Олар қазіргі кездегі оқытудың жаңа талаптарына сай дамып, жалғасын тауып, жаңа мазмұндағы әдістердің тууына әсер етуде.
Жалпы тiлді оқыту мен үйретуде жалаң бiр ғана әдiсті қолдану мүмкін емес. Бұл жөнінде К.Жақсылықова: «Қазақ тілін оқыту – көп факторлы және әр жақты құбылыс. Сондықтан тілді оқытудың жалғыз әмбебап бір ғана тірек әдісін қолдану мүмкін емес. Шынтуайтына келгенде жалпы оқытудың ешқандай да бір әмбебап әдісі жоқ және бұл да мүмкін емес екенін тәжірибе дәлелдеп тұр», - деп жазды. Соған байланысты қазақ тілін оқыту әдістемесінде ғалымдарымыз әдістердің тұтастығы, бірлігі, жиынтығы мәселесін көтере бастады. Олар тiлді оқытуда бiрнеше амал-тәсiлдердi аралас қолдану оқу үдерісінің нәтижелілігін арттыруға, білім сапасын жоғары деңгейге көтеруге ықпал ететіндігін атап көрсетті.
Ш.Х.Сарыбаев аудару, зерттеу, сан әдістерін, С.Жиенбаев әр мұғалім өз сабағын шығармашылық жолмен, қажет деп санаған әдістерін қолданып жүргізуіне болады деп, оқыту, жазу, дағдыландыру әдістерін ұсынды. И.Маманов көрнекілік, сөйлемді толықтыру, аудару әдістеріне талдау жасай келіп, оқытушы қазақ тілін оқытуда тұтас методты меңгергені жөн деп есептеді. “Оқушыларға қазақ тілінен өткен материалдарын берік меңгертіп, әрбір үйренген сөзін есінде сақтап, оны сөйлемде пайдалана алатын дәрежеге жеткізу үшін ең ұтымдысы – тұтас метод. Тұтас методты қолдану арқылы мұғалім оқушылардың қазақ тілі пәнінен жақсы үлгеруін қамтамасыз ету үшін мынадай мәселелерге ұдайы көңіл аударуы қажет: 1. Оқушылар әр сабақта үйренген жаңа сөзін сөздік дәптерлеріне жазып отырады; 2. Үйренген сөздерін сөйлемде пайдалана алатын болады; 3. Қазақ тіліне тән дыбысы бар сөздерді дұрыс жазып, дұрыс айтуға төселеді; 4. Оқушылардың сөйлем құрамында сөздердің орын тәртібін сақтап, сөйлемді дұрыс құруына жаттықтырады”, - деп атап көрсетті.
С.Рахметова қазақ тілін оқыту әдістерін жинақтап, жүйелей келіп, оқу-таным әрекетінің басынан бастап соңғы нәтижесіне жеткенге дейінгі аралықты толық қамтитын негізгі үш топқа бөліп қарастырды:
«1) Оқу-таным әрекетін ұйымдастыру және оны іске асыру әдістері;
2) Оқу-таным әрекетіне түрткі (мотивация) жасау, әсер ету әдістері;
3) Оқу-таным әрекеттерінің тиімділігін тексеру әдістері».
Ә.Исабаев: «Әдіс теориялық білім берудің тәсілдерін, соған байланысты практикалық дағды мен тәлім-тәрбие берудің амалдарын саралайды, соны практика жүзінде іске асырудың тәсілі мен жолдарының дәл жүйесін көрсетеді. ...Қазақ тілінен білім беру әдістері – оқушыларға білім мен білік және дағды беру жолында жүргізілетін тәсілдердің ішкі әрекеті жиынтығы», - деп атап көрсетті.
Профессор Ф.Ш.Оразбаева сөйлеу әрекетін дамытудағы ең тиімді әдіс ретінде қатысым әдісін ұсынып, оны оқыту әдістерінің барлық түрлеріне қатысты ерекшеліктерді меңгерген деп атап көрсетті.
Осындай дәстүрлі және жаңашыл әдістердің өзара тұтастығын, байланысын берік сақтай отырып жүргізілген үздіксіз ізденістер арқылы қазақ тілін оқытуда нақты нәтижелерге жету үшін бүгінгі заманға лайық жаңа мазмұндағы әдіс-тәсілдерді айқындап, оқу үдерісіне енгізу өте маңызды.
Оқушыларға теориялық білім мен практикалық дағды беру оқыту әдістерінсіз жүзеге аспайды. Оқушылардың қазақ тілінен алған білімі мен білігін, дағдысын қалыптастыру жолында мұғалімнің жүргізген жұмысы оқыту әдістеріне тікелей байланысты.
Оқыту әдісі дегеніміз не? Педагогика теориясында бұған мынадай анықтама берілген: "...Білім беру әдістері оқушылардың білім мен білігін, олардың практикалық дағдысын қалыптастыру жолындағы мұғалімнің жүргізетін жұмыстарының тәсілі және оқушылар жүргізетін жұмыстың мұғалімнің басшылығымен орындалатын тәсілі".
Қазақ тілін оқушыларға меңгертуде оқыту әдістерін тиімді, жүйелі қолдану өз нәтижесін беретіні сөзсіз. Әдіс (методос деген грек сөзі — зерттеу немесе таным жолы) — тәсілдер жиынтығы. Оның бастапқы ұғымы "зерттеу" деген мағынаны берген. Бертін келе алғашқы мағынасы кеңейіп, "белгілі бір пәнді оқытудың әдісі" дегенді білдіреді. Әдіс педагогикалық әдебиеттерде тәсіл деп түсіндіріледі. Педагогакалық энциклопедия "Оқыту әдістері" — мұғалім мен оқушылар жұмысының тәсілдері, солардың көмегімен білімді, іскерлікті және дағдыны игереді, оқушылардың дүниетанымы қалыптасады, қабілеттер дамиды, — деп жазылған. Демек, оқыту әдістері — мұғалім мен оқушылардың оқу-тәрбие жұмысының міндеттерін ойдағыдай шешуге бағытталған өзара байланысты іс-әрекетінің тәсілдері. Оқыту әдісін осылай дидактика тұрғысынан түсіндіру жалпы философиялық анықтамаға сай келеді. Әдіс — дәл жалпы мағынасында мақсатқа жету іс-әрекетін нақты ретке келтіру тәсілдері.
Сонымен оқу әдістері оқушылардың танымдық қабілеттерінің дамуына мүмкіндік туғызуы тиіс, яғни, оқушылардың ойын дамытады, өз бетінше ізденіп жаңа білімді игеруге ықпал жасайды. Оқыту әдістері ғылыми таным әдістеріне байланысты, өйткені, оқытуда ең бастысы оқушылардың танымдық іс-әрекеті. Ғылыми танымға қатысты бірсыпыра ережелер оқушылардың танымдық іс-әрекетінде қолданылатын оқыту әдістерінің ерекшелігін анықтайды. Бұл ережелср: оқыту әдістері ең анық фактілерді білуді қамтамасыз етеді; оқыту әдістері практика мен теорияны жақындастырады; оқыту әдістері шындықты тануға әрекет жасайды; идея нақты өмір мәліметтерінен қорытылады. Осы ережелердің бәрі оқушылар көзқарасының қалыптасуының, таным қабілеттерінің дамуының негізі болады. Оқыту әдісі мақсатқа жетудің саналы түрде қолданылатын тәсілі, ал мақсатқа жету мұғалімнің шеберлігіне, оның оқыту процесін тиімді ұйымдастыра білуіне, оқушылардың даярлық дәрежесіне, мұғалім мен оқушылардың белсенділік педагогикалық ынтымақтастығына байланысты. "Оқыту әдісі" және "әдістемелік тәсіл" ұғымдары бір-бірімен тікелей байланысты. Әдістемелік тәсіл оқыту әдісінің элементі (компоненті, құрамды бөлімдер). Мысалы, жеке сөздерді түсіндіру, суреттерді демонстрациялау т.б. "Әдіс" пен "тәсілдің" шекарасы өте жылжымалы, құбылмалы, сондықтан олардың шекарасын анықтау өте қиын. Өйткені, әдіс кейде тәсілге, ал әдістемелік тәсіл оқыту әдісіне айналады. Мысалы:
1. Егер мұғалім баяндау процесінде суреттерді демонстрациядан көрсетсе, онда демонстрация әдістемелік тәсілге жатады.
2. Оқушылар зерттеу негізінде суреттермен танысып, тақырып бойынша нақты білім алса, онда суреттерді демонстрациялау әдіске, ал баяндау тәсілге жатады.
3. Лабораториялық сабақтың мәнін және мағынасын анықтайтын әңгіме әдіс ретінде қолданылады.
4. Егер оқушылар лабораториялық тапсырманы өз бетінше орындауға кіріссе, ал мұғалім сол дербес жұмыс процесінде тек әңгіме элементтерін қолданса, әңгіме тәсіл ретінде пайдаланылады.
Әдіс және тәсіл педагогикалық ұғым. Олар жеке пәндерді оқытуда қолданылады. Мысалы, тарих сабақтарында хронологиялық әдіс, арифметикада бүтін (тұтас) сандар әдісі, химияда және физикада лабораториялық, практикалық жұмыстар қолданылады. Оқыту әдістері мен тәсілдері жайындағы зерттеу мәліметтері мұғалімдер арасында әлі де бірыңғай түсініктердің жоқтығын көрсетті. Әдіс және тәсіл туралы сіздің түсінігіңіз қалай деген сұраққа жауап берген мұғалімдердің 40 проценті әдіс, әдістемелік тәсілмен теңдес, бұл екі ұғым бірдей деп түсіндіреді. Бұған қарағанда, әдістер мен тәсілдер туралы кейбір мұғалімдердің педагогикалық ғылымның соңғы жетістіктерімен таныс емес екені байқалады. Сондықтан мұғалімдердің білімін көтеру жүйесінде бұл проблемаларға ерекше көңіл аударылуы қажет.
Қазіргі жағдайда білім беру ісін одан әрі жетілдіру мақсатымен оқыту әдістерін бірыңғай жүйеге келтіру басты меселелердің бірі. Бірақ бұл жөніңде ғалымдар арасында бірыңғай көзқарастардың жоқ екені байқалады. Мұның себебін қалай түсіндіруге болады. Мысалы, кейбіреулер оқыту әдістері жіктеудің негізгі етіп білім көзін, екінші біреулер дидактикалық міндеттерді, ал, қайсы біреулер оқушылардың танымдық іс-әрекетін негізге алады т.б. Екіншіден, оқыту әдістері мен тәсілдерінің шекарасы жылжымалы болады деп жоғарыда айтылған. Сондықтан оқыту процесінде кейде әдіс тәсілге, ал тәсіл әдіске ауысып отырады. Үшіншіден, бір әдіс әр түрлі дидактикалық мақсаттарға қызмет өтеді. Мысалы, әңгіме әдісі жаңа білімді меңгеру, білімді, іскерлікті дағдыны тексеру, дидактикалық міндеттерін шешуде қолданылады.
Дидактика ілімінде оқыту әдістерін топтауда бірізділік жоқ. Ғалымдар оқыту әдістерін әр түрлі топтастырады. Атап айтқанда, И.А.Каиров, Н.К.Гончаров, Б.П.Есипова, Л.В.Занковтың редакциялауымен жарияланған "Педагогика" оқулығында оқыту әдісінің мынадай 9 түрі бары айтылған:
1.Мұғалімнің баяндауы мен лекциясы; 2.Мұғалімнің оқушылармен әңгімесі; 3.Мұғалімнің тәжірибелермен оқытылатын затты көрсетуі; 4. Картиналармен, сызықпен жасалынған көрнекі құралды көрсету; 5.Экскурсия; 6. Оқулықтан және басқа да кітаптардан оқушылардың өздігінен білім алуы; 7.Оқушылардың өздігінен бақылауы, тапсырманы орындауы, лабораторияда істейтін жұмысы; 8.Жаттығулар; 9.Оқушылардың білімін тексеру методы: ауызша, жазбаша және практикада сынау.
Профессор Е.Я.Голант оқыту әдісінің 8 түрін береді:
1.Ауызша мазмұндау; 2.Әңгіме; 3.Кітапты пайдалану; 4.Көрсету; 5. Экскурсия; 6.Лаборатория жұмыстары; 7.Жазу-сызу жұмыстары; 8.Практикалық жұмыс.
П.А.Зайченко он түрін көрсетеді:
1.Педагогикалық баяндау; 2.Түсіндіру; 3.Мектеп лекциясы; 4.Әңгіме; 5.Кітапты пайдалану; 6.Байқау; 7.Көрсету; 8.Лабораторияда сабақ өткізу; 9.Экскурсия;10.Жаттығулар орындату әдісі.
И.Я.Лернер мен М.Н.Скаткин оқыту әдісінің бес түрін көрсетеді:
1. Түсіндіру - сипаттау әдісі, әңгіме, лекция, көрсету, оқулықпен жұмыс істеу, жазба жаттығулар.
2. Қайталау - жаттығу, әңгіме, өз сөзімен қайта айту.
3. Проблемалық баяндау әдісі - оқытушының дәлелді түрде баяндауы, экскурсия.
4. Ізденіс түрлері - эвристикалық әңгіме, байқау, жоспар жасау.
5. Зерттеушілік - тәжірибе, байқау, сыныппен жұмыс. қүжаттармен жұмыс, сурет салу.
Ю.К. Бабанский бірсыпыра Ресей ғалымдарының (Е.Я.Голант, Б.П.Есипов, М.Н.Скаткин, И.Я.Лернер, А.Н.Алексюк, М.И.Махмутов, С.Г.Шаповаленко т.б.) оқыту әдістері жіктеуіне сүйеніп, оларды үш топқа бөлуді ұсынды.
1. Оқу-танымды іс-әрекетін ұйымдастыру және іске асыру әдістері: сөздік әдістері (әңгіме, әңгімелеу, лекция); көрнекілік әдістері (иллюстрация, демонстрация, оқу теледидары); практикалық әдістер (жазба жаттығулар, лабораториялық, практикалық жұмыстар, тәжірибе және бақылау, оқушылардың өндірістік бригадаларында, шеберханаларда, еңбек тапсырмасын орындау, оқыту машиналарымен жұмыс, дыбыс жасап шығарушы аппаратуралар т.б.); индуктивті және дедуктивті әдістер; репродуктивті, проблемалы ішінара іздену әдістері, өз бетінше жұмыс істеу әдістері.
2. Оқу-танымдық іс-әрекетінің ынталандыру әдістері оқушылардың танымдық ықыласын қалыптастыру әдістері; оқудағы жауапкершілікті қалыптастыру әдістері; оқудағы жауапкершілік және міндетті ынталандыру әдістері; оқудың қоғамдық және жеке адамның маңыздылығын түсіндіру, оқыту талаптарын қою, мадақтау, ұялту.
3. Оқу-танымдық іс-әрекетінің тиімділігін бақылау және өзін-өзі бақылау әдістері: ауызша бақылау әдістері; жазбаша бақылау әдістері; лабораториялық бақылау әдістері; машиналы бақылау әдістері; өзін-өзі бақылау әдістері.
Әңгімелеу әдісі. Мұғалім оқу материалын бірізділікпен баяндайды. Ол үшін материалды айқын, сенімді етіп бейнелейді. Фактыға негізделген мәліметтер әңгімелеу түрінде сөз етіледі. Әңгімелеуде талдау, жинақтау тәсілдері пайдаланылады. Әдетте, әңгімелеу, бастауыш сыныптарда 10-15, ал жоғары сыныптарда 20-25 минутқа созылады. Әңгімелеу әдісі көбінесе тіл, әдебиет, тарих, георафия сабақтарында қолданылады. Сабақтың қалған уақытында оқушылар мұғалімнің басшылығымен әр түрлі жұмыстарды өз бетінше орындайды.
Әңгіме әдісі сабақта сұрақ-жауап формасы түрінде қолданылады. Сондықтан мұғалім алдын-ала жоспар жасап, онда сұрақтардың жүйесін мұқият ойластырады. Бұл оқушылардың білімін тақырып бойынша логикалық бірізділікпен анықтауды қамтамасыз етеді. Әңгімені осылай өткізу оқушылардың ойлау белсенділігін арттырады. Оларды басты және өте маңызды мәселелердің мазмұнын, өзара байланысын анықтауға талаптандырады. Оқушыларды болжауға бағыттайды, өз ойларын дәлелдеуге мәжбүр етеді. Әңгіме әдісінің барлық процесі өтілген оқу материалын жүйеге келтіруге және жинақтап қорытуға мүмкіндік береді.
Түсіндіру әдісі. Мұғалім оқу материалын баяндауда оқушылардың белсенділігіне, ынтасына, білім деңгейіне сүйенеді, материалдың мазмұнын дәлелдейді, кейбір ережелердің, ұғымдардың, заңдардың мәнін ашады. Материалды түсіндіруге түрлі құралдарды, есептер шығаруды, жазып алуды кең түрде қолданады, оқушылар баяндау процесінде мұғалімнің сұрақтарына жауап береді, байымдайды, дәлелдеуге тырысады. Мұғалім түсіндіру әдісі бойынша оқушылардың іс-әрекетін басқарудың барлық мүмкіншіліктерін пайдалана білсе, онда оқушылар жаңа материалды қабылдай отырып, өткен сабақта алған білімін салыстырады, талдайды. Мұғалімнің басты міндеті оқушылардың танымдық, іс-әрекетінің ішкі процесін сезу, күдікті және қиын мәселелерді күні бұрын болжау, оларды болдырмаудың жолдарын іздестіріп, оқушыларға көмектесу.
Түсіндірме-иллюстративті әдісті ақпараттық-рецептивті әдіс деп те атайды, өйткені ол мұғалім мен оқушының іс-әрекетін бейнелейді.
Практикалық әдіс. Бұл әдіс оқушылардың әр түрлі іс-әрекеттерінде қолданылады. Практикалық сабақтар мектеп шеберханаларында, оқу-тәжірибе учаскелерінде, оқушылардың өндірістік бригадаларында, оқу-өндірістік комбинаттарында өткізіледі. Оқушылар практикалық сабақтарда оқыту машиналары ЭВМ, компьютер арқылы түрлі тапсырмаларды орындайды.
Мұғалім ауызекі сөздердің (әңгіме, лекция, түсіндіру), баспа сөзінің (оқулық, қосымша әдебиеттер), көрнекі құралдардың (суреттер, кестелер, кино-диафильмдер, натуралды объектілер), практикалық жұмыстардың (тәжірибе көрсету, станокта жұмыс істеу, есеп шығару, шығарма жазу, аннотация жазу т.б.) көмегімен сабақта балаға білім беруді іске асырады. Сабақ үстінде оқушылар тыңдайды, көреді, оқиды, бақылайды, сабақ үстінде тапсырманы орындайды.
Репродуктивті әдіс — бұл әдістің негізгі белгісі еске түсіру және мұғалімнің тапсырмасы бойынша іс-әрекетінің тәсілін қайталау болады.
Көрсетілген іс-әрекетінің тәсілдерін және оқушыларға жарияланған білімді бірнеше рет еске түсіру арқылы тапсырмалар жүйесі бойынша мұғалім олардың іс-әрекетін ұйымдастырады. Мұғалім мазмұны әр түрлі тапсырмалар береді, оқушылар оларды орындайды, нұсқау бойынша түрлі тәжірибені орындайды т.б. Нұсқау тәсілдерін жетілдіру мақсатында жазба нұсқаулар, схемалар пайдаланылады, кинофильмдер көрсетіледі, ал еңбек сабақтарында әр түрлі тренажерлер қолданылады. Бұл әдіс тек қана оқушылардың іс-әрекеттерін сипаттайды, ал екінші жағынан мұғалімнің іс-әрекетін ұйымдастырушы, талаптандырушы деп қарастыруға болады. Осы әдісті жүзеге асыруда алгоритмдеу үлкен роль атқарады.
Дедукциялық әдіс дегеніміз – белгілі грамматикалық анықтаманы айтып, соңынан мысал келтіре отырып түсіндіру, яғни жалпыдан жалқыға қарай жүргізіледі.
Индукциялық әдіс бойынша белгілі бір грамматикалық анықтама мысалдарды талдағаннан кейін барып айтылады, яғни жалқыдан жалпыға қарай жүргізіледі.
Қазақ тілін зерттеуші әдіскер-ғалымдар оқыту әдістерін төмендегідей саралайды:
Х.Арғынов синтаксистен оқушыларға білім беруде мынадай оқыту әдістерін пайдалануды тиімді деп санайды: байқау әдісі; түсіндіру әдісі; әңгіме әдісі.
Ал Ә.Исабаев болса, қазақ тілінен білім беру әдістерін былайша топтайды:
- Қазақ тілін практикалық жақтан үйрету әдістері (Қазақ тілін әдебиет материалымен байланыстырып өту әдісі, түсініксіз сөздерді үйрету әдісі, диалогтық және монологтық сөйлеуді үйрету әдісі, ауызша түсіндіру әдісі, ауызша мазмұндау әдісі және мәнерлеп оқу әдісі).
- Қазақ тілін теориялық жақтан үйрету әдістері (Әңгіме әдісі, хабарлау әдісі, түсіндіру әдісі, тәжірибе әдісі, кітапты пайдалану әдісі).
- Қазақ тілін теориялық және практикалық жақтан үйрету әдістері (дайын материалды талдау әдістері, фонетикалық талдау әдістері, морфологиялық талдау әдісі, синтаксистік талдау әдісі, тілдің материалдың түрін өзгерту әдісі, тілдік тапсырмалары бар мазмұндау әдісі, қазақ тілі бойынша сөйлем құрату әдісі, тілдік тапсырмалары бар шығарма жаздыру әдісі, орфографиялық талдау әдісі, көшіріп жазу әдісі, диктант жазу әдісі).
З.Бейсембаева мына әдістерді көрсетеді: табиғи әдіс, сұрақ-жауап, сурет әдісі, сөйлем мен сөзді толықтыру, мәтінмен жұмыс әдісі.
Профессор Н.Оралбаева, К.Жақсылықова "Орыс тіліндегі мектептерде қазақ тілін оқыту әдістемесі" оқулығында қазақ тілін оқытумен байланысты мына әдістерді көрсетеді: баяндау, түсіндіру, ойландыру, жалқылау, жалпылау, әңгімелесу, еліктеу, жаттығу, ана тілімен салыстыру, көрнекілік, топ, экскурсия әдісі.
Ж.Сүлейменова әдістерді жалпыдидактикалық және жеке пәндік деп екі топқа бөліп қарастырады.
Жалпыдидактикалық топқа ауызша хабарлау немесе сөз әдісі (баяндау, түсіндіру, әңгімелеу, пікірталас, дәріс); көрнекілік әдісі (иллюстрациялау, демократиялау), бейне әдіс (электронды оқулық), практикалық әдіс (жаттығу, тәжірибе жасау, экскурсия), кітаппен жұмыс жасау әдісін жатқызады.
Жеке пәндік топқа ана тіліне сүйену немесе салыстыру (еліктеу, аударма, грамматикалық талдау, коммуникативті-ситуативтік, драматизациялау); лингвистикалық сөздіктермен жұмыс (сан әдісі); апроксимация, грамматикалық ойын әдісін жатқызған.
Әдіскер-ғалым К.Назарғалиева оқыту процесіндегі негізгі мақсат - таным-білімді меңгеру және меңгерту, оқытушы мен оқушының әрекеттерінен тұрады, сондықтан оқыту әдістерін саралауға өзге емес, осы қағида басшылыққа алынуға тиісті деп, оқыту әдістерін екі топқа бөліп топтастырады.
- Оқыту әдістері: ауызша баяндау, информациялық хабарлау, түсіндіріп оқыту, әңгімелеу, демонстрациялау, экскурсия, тексеру, жүйелеу, бағалау.
- Оқу әдістері: әңгімелесу, оқулықпен, кітаппен, қосымша материалмен жұмыс, жоспарлау, тапсырманы орындау, бақылау, зерттеу, қайталау, графикалық жұмыс, жаттығу, оқыған материалын баяндау.
Достарыңызбен бөлісу: |