4-8 сынып оқушыларының ауызекі сөйлеу тілін бақылау барысында, жазба жұмыстарын тексергенімізде оқушылардың басым көпшілігі лексикалық қателер жіберетіні байқалады. Ол қателерді төмендегідей топтастыруға болады:
Сөздің мағынасына байланысты туатын қателер
Оқушылар өз ойын жеткізуде, сөйлем құрауда кейбір сөздердің мағынасын түсінбей қолданады.
Мысалы: Көңілсіз қара суық қырда жүрсең. “Қара” сөзі – түсті білдіретін сын есім емес, қара суықты білдіретін сөз. Осы сияқты контекстегі сөздің мағынасын жете түсінбеген соң оқушылар ол сөзді қолданбайды.
Мысалы: Кемпір мен шалға құс пен аңның етін толтырып береді де, Төстік ағасын іздеуге кетеді. Кенжекей үйді басқа келіндерінен бұрын құрады. Махамбет елге арнап өлең айтты. “Толтырып, құрды, өлең” деген сөздер сөйлемде орнын таппаған.
Сөздің көп мағыналылығына байланысты қателер
Қазақ тіліндегі кейбір сөздер мен сөз тіркестері ауыспалы мағынада жұмсалады. 8- сынып оқушыларында кездесетін кейбір стильдік қателер осы сөздердің көп мағыналылығын аңғармай қолданудан туады.
Мысалы: Бір елге келсе, ас беріп жатыр екен. Асанды әкел, ұйықтап жатқанда жеп алайық, - деп қағып алды. Алдар үйге келгенде қолдарындағы астарын жасырып қояды. Төстік ата-анасына асты көп етіп жиып береді.
Оқушылар бұл сөйлемдердегі ас сөзін бірде дұрыс қолданса, бірде стильдік қате жібереді, «тамақ» сөзінің орнына “ас” ас сөзін қолданған.
Әсіресе оқушылар метафора, эпитет, теңеу қызметінде қолданылған сөздерге байланысты қателер көп жібереді.
Мысалы: Аюдай денесі қорбаңдап көп арасынан көрініп тұрды. «Қорбаңдап» деген сөзді алып тастасақ, сөйлемнің беретін ойы ауысады. Өйткені ол сөзді қолданбасақ, теңелетін заттың үлкендігі ғана беріліп, икемсіздігі берілмей қалады.
Сөздің көп мағыналылығы ол сөздің стильдік жұмсалуының аясына байланысты сияқты. Сондықтан сөздердің ауыспалы мағынада қолданылуында тура мағынасына қарағанда экспрессивті – эмоциялы әрі стильдік рең, өрнек көп болады.
Ойға қатыссыз артық немесе «штамп» сөздерді қолдануда жіберілетін қателер
Оқушылар кейде өз ойын, пікірін жеткізуде қажетсіз, басы артық сөздерді көп қолданады, немесе сөйлемдерде бір сөз тіркесін қайталап қолдана береді. Бұндай қолданыс көркемдікке нұқсан келтіреді. Кейде сµйлемді шұбалаңқы құрып, айтайын деген ойын шашыратып жібереді.
Мысалы: Ер Төстік жоғалып кеткен сегіз ағасын іздеп шығып, ағаларын тауып алып, еліне қайтпақшы болып, ертіп шығады.
3. Фразеологияны оқытудың мақсаты мен міндеттері
Фразеологизмдер халықтың тұрмыс-тіршілігінің, салт-санасының, дүниетанымының айнасы болып табылады, олар-тақырыптық және семантикалық тұрғыда көп аспектілі, ойлау мен танымның ерекше бейнелі, эмоционалды-экспрессивтік реңкке ие және тіл қабаттарының ішіндегі құрылымдық типтері мен синтаксистік модельдері қалыптасқан тілдік бірліктер. Фразеологизмдер сөйлем ішінде қолданылғанда стильдік ерекшелікті, эмоциялық реңкті айқын көрсетуге қызмет етеді. Мысалы, қуанды деген сөз бен екі езуі екі құлағына жетті фразеологизмінің, қорықты деген сөз бен жүрегі тас төбесіне шықты фразеологизмінің, арасында мағыналық сәйкестік болғанымен, бұл сәйкестік толық балама бола алмайды. Себебі қуанды, қорықты сөздерінде фразеологизмдердегідей экспрессивті реңк жоқ. Бұл жөнінде І. Кеңесбаев өз ойын былай тұжырымдайды: «Жеке сөз өздігінен барлық жағдайда ауыс, бейнелі мағынада жұмсалуы міндетті емес».
Тілде сақталған әдет-ғұрыптар мен салт-саналардың іздері де фразеологизмдерде айрықша байқалады. Халықтың бүгінгі күнге дейін жеткен, ұрпақтан-ұрпаққа сақталып келген әдет-ғұрыптары да фразеологизм уәждерінде айқын көрінеді. Фразеология жеке лингвистикалық пән ретінде XX ғасырдың 40-жылдары қалыптасты. Фразеологияның теориялық негізін қалаушылар ретінде француз ғалымы Ш. Баллиді, Ресей академигі В.В. Виноградовты атауға болады. Ә.Б Олғанбайұлы мен Ғ. Қалиев «Қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы» атты еңбегінде: «Фразеологизмдердің өз алдына дербес лингвистика саласы екендігін танытатын негізінен үш белгісі бар. Олар: 1) даяр қалпында жұмсалу белгісі, 2) мағына тұтастығы, 3) тіркес тиянақтылығы», – деп жазды /2, 187/. Сондықтан фразеологизмдерді топтастыру тіл біліміндегі күрделі мәселелердің бірі болып табылады. Олай болса, фразеологизмдерді меңгертуді көркем сөйлеуге үйретудің құралы, тілді орынды жұмсауға төселдірудің жолы деп санауға болады. Тұрақты тіркестер студенттің сөздік қорын байытып, оның сөйлеу әрекетін жетілдіруге де оң ықпал ететіні сөзсіз.Сондықтан олардың танымдық белсенділігін қалыптастыру – оқу үрдісін жетілдірудің негізгі шарты. Фразеологизмнің мағынасын фразеологиялық сөздіктен өздігінен іздеуге ұмтылыс, студенттердің сабаққа қызығушылығын ғана тудырып қоймай, оның өз білімін өмірде қолдана алу дағдыларын да жетілдірeді, студенттердің сөздік қорын молайтып, шығармашылық қабілетін дамытады.
танымдық қасиеттері ұлғайған сайын оның сөздік қоры да өсіп отырады. Сондықтан жоғары оқу орнында оқитын студенттердің қатысымдық құзыреттілігін қалыптастыруда, танымдық қабілеттерін жетілдіруде фразеологизмдерге ерекше назар аударылды. Өйткені студенттердің сөздік қорын фразеологизмдер сөздігі арқылы молайту жұмыстары, олардың сөйлеу тілін жетілдіру мақсатымен толық сәйкес келеді. Фразеологизмдер студенттің әр ортадағы сөйлеу мақсатымен, сөз саптау ерекшелігімен үйлесімде беріледі. І. Кеңесбаевтың авторлығымен шыққан «Қазақ тілінің фразеогогиялық сөздігі» қазақ фразеологиясына ғана емес, қазақ тіл біліміне де қосылған елеулі үлесі. І. Кеңесбаев аталған сөздіктегі қазақ тілінің фразеологизмдері туралы жазған мақаласында фразеология туралы: «Тіл-тілдің өзіне тән ұлттық қасиеті оның барлық тарауларынан байқалатыны мәлім. Сол қасиет, әрине, тиянақты сөз тіркестерінен де анық көрінеді. Тіл байлығын сөз еткенде сөз байлығы деген топқа осы сөздікте қамтылған алуан түрлі фразеологизмдерді жай, жалпылай жатқыза салуға болмайды. Басқаша айтқанда сөз байлығын тексеретін тіл білімі саласын лексикология деп атайтын болсақ, фразеологизм байлығын тексеретін тіл білімі саласын фразеология деп атау әбден орынды», – деп жазады /1, 589/. Сабақ барысында студенттер аталған сөздікті пайдалана отырып, студенттердің тіл байлығына, сөйлеу шеберлігіне, сөз саптауына көптеген ықпалын тигізеді. Сонымен қатар үйренген фразеологизмін ауызекі сөйлеу тілінде қолдана білсе, оның ақыл-ойын дамытуға әсер етеді. Демек, фразеологизмді орынды қолданып, оның мағынасын жетік білетін студент өз бетімен сөйлем құрап, оны ауызша сөйлеу тілінде шебер қолдана алатыны сөзсіз. Фразеологизмдерді меңгертуде оның лексикалық және грамматикалық мағыналары өзара сабақтастықта болады. Бұл мәтіндерді лексикалық және грамматикалық талдау кезінде, жаттығу жұмыстарында фразеологизмдердің мағынасын сөздік арқылы түсіндіру нәтижесінде жүзеге асады. Мысалы, Ат құйрығын кесіп кету; Айна қатесі жоқ; Айтқанына көндіріп, айдауына жүргізу деген фразеологизмдердің мағыналарын түсіндіру үшін олардың біртұтас лексикалық мағынаға ие екендігі, олардың бір ғана сұраққа жауап беріп, бір сөйлем мүшесі болатыны меңгертілeді. Сөздік қордағы әрбір фразеологизмдерді қатысым әрекетінде қолдану үшін студенттердің сөйлеу қабілетін дамыту студенттердің сөздік қорындағы фразеологизмдерді мағыналарына қарай іріктеп, оларды басқа сөздермен орынды байланыстырып, өз ойын дұрыс, толық жеткізе алуына көмектеседі. Сөйлеу қабілетінің жетілуіне студенттердің сөздік қорының мол болуы әсер етеді, сондықтан сөйлеу қабілеттерін жетілдіру үшін олардың фразеологиялық сөздікпен жұмыс дағдылары дамытылады. Студенттер фразеологизмдерді түсініп меңгерумен қатар оларды ауызша және жазбаша тіл дамыту жұмыстарында да еркін қолдана біліп, бір-бірімен сөйлескенде, белгілі бір материалдарға жоспар жасағанда, мазмұндама, шығарма және жаттығу жұмыстарын орындау үстінде пайдалануға үйретіледі.
Фразеологизмдерді оқыту барысында оларды қолдану үшін әр түрлі жаттығулар жүйесі ұсынылады: ізденімдік, тіл дамыту тапсырмалары, сөйлем құрастыруға арналған жаттығулар, керекті фразеологизмдерді табуды талап ететін жаттығулар, фразеологизмдердерді қатыстырып мәтін құрастыратын жаттығулар, фразеологизмдерді қатыстырып эссе дайындау, фразеологизмдерді қатыстырып сипаттама жасау, фразеологизм жасауға ұйытқы болатын сөздер арқылы жасалатын жаттығулар, синонимдік қатар жасайтын фразеологизмдер, омоним фразеологизмдер, көп мағыналы фразеологизмдер жасайтын жаттығулар, фразеологиялық варианттардың нұсқасын тапқызатын жаттығулар, керекті фразеологизмдерді талап ететін жаттығулар, шығармашылық жаттығулар т.б.
Дәрісті қорытындылау: Қазақ тілінің жүйесін құраушы кіші жүйе ретіндегі лексиканы және аралық деңгей фразеологияны оқытудың мақсаты мен міндеттері. Лексикалық ұғымдар мен оларды меңгерту әдіс – тәсілдер жүйесінің ерекшеліктері. Оқушы тілінде байқалатын лексикалық қателер және оларды болдырмау жолдары . Фразеологияны оқытудың мақсаты мен міндеттері. Фразеологияны меңгерту барысында ұлттық дүниетаным ерекшеліктері
Негізгі тапсырмалар, сұрақтар:
1. Лексиканы оқытудың міндеттері
2. Лексиканы оқытудың принциптері
3. Лексика бойынша жүргізілетін жаттығу жұмыстары мен
талдау әдістері
Фразеологиянф оқытудың әдіс-тәсілдері
Әдебиеттер:
Қазақ тілі мен әдебиеті 2005ж. №3.41-43бб.
Жұлдыз 2003ж.№6. 87б.
Қазақ тілі мен әдебиеті 2002ж. №5. 68б.
37б.
Қазақстан мектебі 1999ж.№4. 48б.
Қазақстан мектебі 2000ж.№8. 57б.
Қаражігітқызы А. Қазақ тілін оқытудың тиімді жолдары. // Қазақ тілі мен әдебиеті 2005 №2 3-9бб.
Ахметкәрім Қ. Қазақ тілін оқыту негізінде басқа пәндерді меңгерту. // Ұлағат 2003, №6 47-49бб.
Қалниязова А. Жаңа технологияның қазақ тілінде алатын орны. // Қазақ тілі мен әдебиеті. 2002 №12 3-7бб.
Нұржанова Ж. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің түрлері. // Қазақ тілі мен әбебиеті 2002. №9 3-12бб.
№7 Дәріс. Сөзжасамды оқыту әдістемесі
Мақсаты: Сөзжасамды сөз таптарымен, орфографиямен, тіл мәдениетімен және стилистикамен байланыстыра оқыту жолдары. Сөзжасам әдістемесі. Сөзжасамға арналған жаттығулар. Сөзжасамды оқытуда көрнекі, техникалық құралдарды, сөздіктерді пайдаланудың тиімділігін көрсету.
Жоспар:
Сөзжасам әдістемесі
Туынды сөздерді талдау
Сөзжасамды меңгертуге арналған жаттығулар.
Сөзжасамды оқытуда көрнекі, техникалық құралдарды, сөздіктерді пайдаланудың тиімділігі.
Сөз жасам әдістемесі. 1992 жылы қазақ тілі бағдарламасында «Сөздердің жасалуы» атты жаңа бөлім енгізілді. Бұл бөлімнің 4 сынып бағдарламасында: «Сөз тұлғасы туралы түсінік, түбір сөз, қосымшалы сөз, қосымшалы жұрнақ, жалғау, көптік, тәуелдік, септік, жіктік жалғаулары, туынды түбір, түбірлес сөз» деген тақырыптар қамтылса, 5 сынып бағдарламасында «Дара, күрделі сөздер. Біріккен сөз және оның емлесі. Қос сөздер және оның түрлері. Қысқарған сөздер және оның емлесі» сияқты тақырыптар қамтылды. Бұл аталған тақырыптар бұрынғы бағдарламалар мен оқулықтарда «Сөз құрамы», «Сөз тұлғалары» деген жалпы тақырыппен морфология бөлімінде қарастырылып келген болатын. Соңғы кезде сөздердің жасалуын өз алдына бөлім етіп дербес қарастырылуда, яғни оның лингвистикалық негізі – сөздердің жасалу процесі – тек грамматикалық (морфологиялық) құбылыс қана емес, сонымен қатар тіліміздің сөз байлығын молайтатын, сайып келгенде, лексикалық та құбылыс болып табылатындығынан. Басқаша айтқанда, сөздердің жасалуы – лексика-грамматикалық категория.
Тіл туралы ғылымның бір саласы ретінде сөздердің жасалуы – сөздің құрылымын, морфемалық құрамын, сөз жасаудың тәсілдерін және сөздердің жасалуының әртүрлі жолдарын зерттейді.
Мектепте сөздердің жасалуын оқытудың танымдық әрі практикалық зор маңызы бар. Сөздердің жасалуымен танысу, біріншіден, сөз құрылымының дамуы мен сөздердің жасалуы белгілі бір заңдылыққа бағынатынын көрсету болса, екіншіден, тілдің әр түрлі деңгейіндей бірліктердің арасындағы өзара байланыстылықты көрсету, бір жағынан сөз жасау деңгейі, екінші жағынан фонетикалық, лексикалық, грамматикалық деңгейлер, үшіншіден, тілдің грамматикалық құрлысын тереңірек білуге жағдай жасайды.
Сөздердің жасалуы бойынша жұмыстар жүргізу орфографияны білуге, орфографиялық дағдыларды қалыптастыруға негіз болады. Өйткені орфографиялық принциптердің ішінде негізгісі морфологиялық принцип болса, түбір сөздің жазылуы барлық жерде де бастапқы қалпын сақтайды.
Сөздердің жасалу жолдарын үйрету – грамматиканың морфологиялық құбылыстары туралы білім берудің, сөз таптарының ерекшеліктерін білдірудің негізі. Қазақ сөздерінің аналитикалық және синтетикалық жолмен жасалатынынан мәлімет беріп, қазақ тілінің табиғаты туралы түсінік қалыптастырылады. Әсіресе, қазақ тілінің жалғамалы тілдер табына енетініне баса назар аударту олардың әр түрлі тілдердің ішкі заңдылықтарын тануына да негіз болады. Осы табиғаты арқылы тіл білімі салалары түрлі тілдерде түрліше сипатқа ие болатынын түсінеді. Мысалы, қазақ тілі мен өзі оқитын шет тілінің арасындағы айырмашылықтардың себебін саналы түрде меңгереді.
Қазақ тілінің жалғамалық сипаты оның адам ойын жеткізудің пәрменді құралы болуының бір себебі екеніне мән берілгені жөн. Мысалы, жаңа сөздердің бәрі тек жалаң түбірлерден ғана емес, туынды түбірлерден де өрбитініне көз жеткізу арқылы жалғамалы тілдің артықшылығын аңғаруға болады: тең-гер-ме-ші-лік, оқы-мыс-ты-лық т.б. Осы секілді сөздердің әрбір жұрнақ жалғанған қалпындағы мағыналарына талдау жасату тек сөз мағынасы мен қосымшаның өзара байланыстылығын танытып қана қоймайды, сонымен қатар сөз түрлендірудегі белгілі бір жүйелі заңдылықтың болатынын ұғындырады. Бұл білім бұдан кейінгі оқылатын «Сөз таптары» тақырыбын дұрыс түсініп, олардың әрқайсысының өзіне тән белгілерін тез аңғаруға тірек болады. Сөздердің жұрнақтары арқылы бірінен екіншсіне «көшіп отыруының» да түпкі себебін, яғни жұрнақтың сөз мағынасын өзгертудегі рөлін жете сезіндіруге ықпал етеді.
Сөздердің жасалуын оқытуда да негізгі тәсілдің бірі әр терминнің мәнін оқушының өзі түсінетіндей, аша алатындай, оның тілдік сипаты мен бірлігін байланыстыра білетіндей жүйеде меңгерту болып саналады. Оған жоғарыда айтып өткеніміздей, термин атауы мен оның білдіретін мағынасы, атқаратын қызметінің арасындағы тұтастықты дұрыс аңғартқан тиімді. Мысалы: түбір – нәрсенің, заттың ең негізгі бөлшегі дегенді білдірсе, сөз түбірі я түбір сөз деген ұғымды осы түсінікпен байланыстыра айтқанда, кез келген сөздің ең негізгі бөлігі болып саналады. Ал сөз дегеніміздің ең басты қасиеті оның белгілі бір мағынаны білдіруі болса, одан оқушылардың өзі бұл ережені шамамен былай топшылайды: «сөздің түбірі – сол сөздің ең негізгі, белгілі бір мағынаны білдіретін бөлігі». Ал «түбір сөз – ешқандай қосымша жалғанбай-ақ, өз алдына белгілі бір ұғымның атауын білдіретін сөз» дегенді тұжырымдай алатыны сөзсіз. Түбір сөздердің жаңа сөздерді тудыруға ұйытқы болатынына түбірлес сөздерді мысал ете отырып көз жеткізіледі: біл – білім – білік – білгір – білгіш – білін – білген – білу – біліс – білдір – білме т.б. осы сөздердің әрқайсысының мағынасын айтқызып, олардың тұлғалық, мағыналық ерекшеліктерін салыстыру қажет. Осындай мағұлыматтарға сүйеніп және 5-сыныпта өткенді еске түсіре отырып, оқушылардың өздеріне түбір сөзге тән мынандай белгілерді саралауға болады:
Түбір сөз белгілі бір лексикалық мағынаны білдіреді;
Түбір сөз қосымшасыз дара тұлғада болады;
Түбір сөз жаңа сөздерді жасауға негіз, ұйытқы болады;
Түбір сөз бір, екі не одан да көп буынды болады (бір, етік, жоғары);
Түбір сөз бір, екі не да көп мағынаны білдіреді.Мыс. ақ сөзі
Туынды сөз немесе туынды түбір деген ұғымның да мәнін бұрынғы білімдеріне сүйене отырып ашуға болады. Бір түбірден бірнеше туынды сөз тудыруға болады, сондай-ақ бір түбірден жасалған туынды түбірлердің әрі қарай да бірнеше рет түрленетіні еске түсіріледі. Мысалы: ұйы-м-ұйым –шыл-ұйымшыл-дық. Ең бастағы түбірі әрекетті білдіретін сөз болса, м жұрнағы арқылы заттық мағынадағы бір жаңа сөз туды (ұйым); ал –шыл жұрнағы жалғанғанда мүлде жаңа сипатта сындық мағынаны білдіретін сөз пайда болды. (ұйымшыл). Ал сол туынды түбірге –дық жұрнағын жалғап едік, қайтадан абстрактілі мағынаны білдіретін заттық ұғымдағы сөз жасалды (ұйымшылдық). Сонда о баста іс-қимылдан зат атауы, одан мындық мағыналы сөз, одан қайта заттық ұғым атауы пайда болды. Бұдан оқушылар бір сөзге әр түрлі жұрнақтар қосылуының нәтижесінде сөздердің мағынасы өзгерумен бірге сөз табына енуі жағынан да өзгеретінін, яғни олар бір топтан екінші топқа ауыса береді деген түйін жасайды. Бұл бір сөз табынан екінші сөз табына ауысатын сөздердің табиғатын алдағы уақытта тез түсіндіруге де қолайлы болады. Осы тұста сөздерге жұрнақ жалғану арқылы туатын сөздерді тағы да түйіндеп алу артық емес. Мұнда да «морфологиялық тәсіл» деген терминге кеңірек түсінік берген ұтымды. Себебі осы тәсіл сөздердің топтастырылуын меңгертуде маңызды рөл атқарады: бір жағынан, әр сөз табының өзіне тән қосымша түрлері болатынын білдірсе, екінші жағынан, сол қосымшалардың басқа сөз табына қатысты сөздерге жалғану арқылы морфологиялық өзгерістер тудыратынына көңіл бөлінеді
Сөзжасамның үшінші бір тәсілі – синтаксистік тәсіл. Ол арқылы сөздер тіркесу, бірігу, қосарлану, қысқару нәтижесінде күрделілік сипат алады. Күрделі сөздердің өзіне тән басты ерекшеліктері: 1) олардың біртұтас мағынаны білдіретіндігіне, 2) бір ғана сұраққа жауап беретіндігіне, 3) бір ғана сөйлем мүшесі қызметін атқаратындығына назар аударту мәселесі де алда оқылатын сөз таптарына дайындықты тереңдетеді. Олардың да туынды сөздер қатарына ену себептерін нақты мысалдармен дәлелдетіп отырған ұтымды.
Морфологиялық тәсіл арқылы жасалған сөздердің жалаң сөздер деп, ал синтаксистік тәсіл арқылы жасалған сөздердің күрделі сөздер деп аталуына мән беріліп, ол ұғымдардың сөз құрамымен байланыстылығы ажыратып түсіндіріледі. Сонда оқушы олардың өзара ұқсастығы неде, айырмашылығы қандай деген мәселелерді өздігінен тануына негіз қаланады. Бұл морфологиялық іскерлік қалптастырудың алғашқы сатысы ретінде сараланады. Жаттығу жұмыстарында сөздерді тұлғасына қарай ажыратып, олардың емілесіне көңіл бөлу – жалаң және күрделі сөздердің сөйлемдегі басқа сөздермен мағыналық қарым-қатынасын дәл тануға әкеледі. Олардың айтылы, жазылу нормаларын 5-сыныпта игерілген фонетикалық білімдермен сабақтастық салааралық, тақырып аралық байланыстардың беріктігіне кепіл болады. Мысалы, түбір мен қосымшалар арасындағы орфографиялық заңдылықтарға негіз ретінде үндестік заңы мен кейінді, ілгерінді ықпал туралы білімдердің алынуы, я күрделі сөздердің құрамын талдау, ондағы ондағы дыбыстық өзгерістер деген мәселелер де лексика мен фонетика бойынша алынған тілдік мәліметтерді жаңғыртуды өз-өзінен қажет етеді. Мәселен, біріккен сөздерді оқытуда оның құрамындағы сөздердің өзара әсері нақтылануы тиіс. Түбір қалпын сақтап бірігетін сөздер мен дыбыстық өзгеріске түсіп бірігетін сөздердің ерекшеліктері қандай заңдылықтармен байланысты екендігін оқушының өзіне талдату қажет.
Дыбыстық өзгерістердің кірігу жолымен жасалған сөздерде айқын көрінетіні белгілі. Сондықтан «кіріккен сөз» терминінінің өзі осы орфоэпиялық ерекшеліктерден туындап тұрғаны түсіндірілуі тиіс. Мысалы: әкел – алып кел, бүгін – бұл күн, білезік – білек жүзік, қыстыгүні – қысытың күні, бұрнағы күн – бұдан арғы күн. Оларды нақтылау оқушылардың үлесіне қалдырылуы әрі танымдық, әрі шығармашылық жұмыстардың қатар жүргізілуін қамтамасыз етеді. Әр бағыттағы дидактикалық материалмен жұмыс жасату үстінде біріккен сөздердің емлесі оңай меңгертіледі. Әсіресе, біріккен сөз қалпындағы түрінде де, сол сөздердің жеке тұрғандағы мағыналарына да қатысты жаттығуларды орындатқан тиімді болады. Мысалы: Сәбидің атын ауыл ақсақалы ырымдап Өмірзақ қойды. Оның берген батасы баланың өмірі ұзақ болса екен деген ниетті білдіріп еді. 2. Биыл қар қалың боп жауды. Бұл жыл ерекше табысты болды.
Біріккен сөздердің ішінде, әсіресе, әр, кей, әлде, еш, бір, сөздерінің қатысуымен жалғанғандарының емлесін оқыту біршама қиындық туғызады. Оның мәні бұл сөздердің кейде біріккен сөз құрамында, кейде күрделі тіркес құрамында қолданылуымен байланысты ажыратылады. Біріккен сөз құрамында келсе, сол бірігетін сөзімен бірге жазылатыны, ал күрделі сөз құрамында келсе, бөлек жазылатыны туралы берілетін білімнің нәтижелілігі, әрине, оның да нақты, әрі түсінікті жеткізілуіне тікелей қатысты болмақ. Сондықтан алғашқы ұғым (әлі сөз таптарын өтілмегенін ескеріп) мынандай мазмұнда берілген жөн: 1. Егер әрі, кей, әлде, еш, бір сөздері сұраулық мағынадағы сөздермен қатар келсе, бірігіп жазылады. Ал заттық мағынадағы сөздермен қатар келсе, бөлек жазылады.Мысалы. әркім – әр адам т.б.
Осы тұста біріккен сөздердің жазылуы туралы бұл білімнің алдағы «Сөз таптарын» өткенде тағы да қайталанып берілетінін, себебі мұндай біріккен сөздердің «есімдік» секілді сөз табының түрлерімен тікелей байланысты екендігін мұғалімнің ескертуі балалардың «таяу арадағы даму аймағын» ескере отырып оқыту идеясымен де шектеседі. Ұндай ескерту бала бойында екі түрлі оқу мотивін оятуға себеп болады. Біріншіден, сөз емлесін білу сауаттылық негізі екенін түсінуі арқылы сол білімге деген ішкі қажеттігі туады. Екіншіден, өзіне әлі беймәлім сөз әлеменің сырларын білуге қызығушылығы туады.
Күрделі сөздердің ішінде «Қос сөздердің» оқытылуында да мұғалім ескертуге тиісті және оқушы назарын ерекше аударуға міндетті мәселелер аз емес. Соның бірі, терминге талдау жасата отырып, тілдік құбылыстың сырын ашу. Мұнда «қос сөз» «қайталама қос сөз» «қосарлама қос сөз» деген терминдердің мағынасын ашып алып, мысалдар арқылы оқушының өзіне түйін жасату қажет. Бастауыш сыныптардағы, 5-сыныптағы шолу түрінде берілген білімдеріне сүйене отырып, ережені өздеріне шығарту оқыту әдістерінің түрленуі арқылы білім сапасын көтереді.
Қос сөздердің тұлғалық ерекшеліктерін саралатып алғаннан кейінгі жұмыс, сол сөздердің мағыналық ерекшеліктерін айтқызу болып табылады. Ол үшін қос сөз құрамындағы мағынасының өзара байланысы мен ерекшеліктеріне талдау жасата отырып түсіндірудің тиімдіділігін әдіскер-ғалым Б.Кәтенбаева өте дәл пайымдап береді: « айталық, ата және ана деген екі сөздің түбір қалпындағы мағынасы жалпылық ұғымды білдіретін зат есімдер болса, ата-ана деп қосарлап қолданғанда, сол нақты ұғымнан абстракты, жинақтық мағына туып тұрғанына көз жеткізу керек»
Күшейткіш буындар арқылы жасалған сөздердің құрамындағы алғашқы буындардың мағыналары жоқтығы ескеріліп, бұлар соңғы өзі қатысты сөзінің мағынасын күшейтіп, асыра көтеру, реңктік мағыналар үстемелеп тұрғанын аңғарту керек. Мұнда тәуір-тәуір дегеннен тәп-тәуір деп айтудың әсерлі екендігі ескерілуі тиіс.
Қос сөздердің мұндай мағыналық жүйесіне мән беру оқушының оларды талғап қолдануына бағыт береді, әрі қос сөздердің ойды берудегі стильдік бояуларын дұрыс тануға қажетті машықтарын қалыптастырады.
Егер қазақ тілі пәнінің басты талаптарының бірі – тек тілдік машық-дағдылар берумен шектелмей, оқушының лингвистикалық дүниетанымын қалыптастыру екендігін ескерсек, осы міндетті орындаудағы өте қолайлы тақырыптың бірі – қысқарған сөздерді оқыту.
Қысқарған сөздер – қазақ тілінің сөздік қорына қазан төңкерісінен кейін енген жаңа ұғымдармен тікелей байланысты. Мыс: БЛКЖО, облыстық комитет – обком, ҚазПи т.б.
Тілдің табиғаты сөздерді ықшамдап айтуға, жазуға қолайлы етіп алуды, үнемділікті қажет етеді. Осы себептен қолданысқа ыңғайландырылып күрделі атауларды шартты түрде қысқартып айтудың қажеті туды. Әуел баста қазақша айтылуы бойынша қысқартылыған сөздер біршама уақыттан кейін қайта қаралып, бір жүйеде – орыс тіліндегі атаулардың реті бойынша жазылуы туралы ережеге бағындырылды. Оған бірнеше тарихи-әлеуметтік себептер негіз болды. Атап айтқанда, ортақ идеяны ұстанып, ортақ экономикалық базаға біріктірілген бірнеше ұлттық мемлекеттердің ортақ атауларды сол қалпында қабылдауы тиіс болды...
Күрделі сөз құрамындағы айрықша мән беріп оқытатылуға тиіс тақырып – тіркескен күрделі сөздер. Бұл тақырыптың күрделілігі сонда мұны әлі күнге дейін әр түрлі түсіндіріп жүр.сондықтан «тіркесті сөздер» ұғымын түсіну үшін оның не үшін күрделі сөздер тобына жататындығын күрделі сөздің белгілеріне қалай сәйкестенетінін түсіндірген қолайлы. Біріншіден, тіркесті сөздердің құрамында екі я одан да көп сөздер тіркесіп, бір ғана сұрақ ұғымды білдіреді. Екіншіден, олардың бәріне бір-ақ сұрақ қойылады. Үшіншіден, олар бір сөйлем мүшесі болады.Бұл жағынан тұрақты тіркестерге ұқсас болып келеді. Дегенмен, үлкен өзгешелігі бар: оның құрамындағы әр сөздің мағынасы өзі білдіретін ұғымға қатысты болады (боз торғай «түсі боз торғай дегенді білдіреді) екіншіден, оның құрамындағы сөздерді тиісті ұғымға қарай өзгертуге болады ( қара торғай, боз торғай(
Қосымшаның төмендегідей негізгі белгілерін өздеріне жүйелетіп, ереже дәптерлеріне жазғызу:
Қосымша түбір сөздерге жалғанады;
Қосымша түбір сөздегі дыбыстардың ерекшелігіне сәйкес жалғанады,
Қосымша өзі жалғанған сөзге мағына үстейді немесе сөйлемдегі сөздерді бір-бірімен байланыстырады.
Қазақ тілінің төл сөздерінде қосымша мен түбір сөздің арасындағы дыбыс, буын үндестіктері сақталады, ал кейбір басқа тілден енген сөздерде сақталмауы мүмкін;
Қазақ тіліндегі қосымшалар белгілі бір заңдылық бойынша бір-бірінің үстіне жалғана береді, ал орыс тілінде түбір сөзге бір ғана қосымша жалғанады.
Дәрісті қорытындылау: Сөзжасамды сөз таптарымен, орфографиямен, тіл мәдениетімен және стилистикамен байланыстыра оқыту жолдары. Сөзжасам әдістемесі. Сөзжасамға арналған жаттығулар.
Негізгі тапсырмалар, сұрақтар:
Сөзжасам әдістемесі
Туынды сөздерді талдау
Сөзжасамды меңгертуге арналған жаттығулар.
Сөзжасамды оқытуда көрнекі, техникалық құралдарды, сөздіктерді пайдаланудың тиімділігі.
Достарыңызбен бөлісу: |