Бақылау сұрақтары:
1. Жалпы тіл білімі қашан қалыптаса бастады?
2. Жалпы тіл білімінің ең өзекті, ең негізгі мәселелеріне не жатады?
3. Тіл білімінің басқа ғылымдармен байланысы қандай?
Ұсынылатын әдебиеттер:
1. Маманов, Ы. Қазақ тіл білімінің мәселелері. "Арыс қоры".- Алматы: Арыс, 2007.
2. Невченко В.Н. Введение в языкознание. М.:Дрофа.,2008.-7063с.
3. Исаев. С. Қазақ тіл білімінің мәселелері [Текст] = Вопросы казахского языкознания .- Алматы, 2011
4. Жүнісова, М.Ә. Қазіргі қазақ тілі: оқу құралы .- Алматы: Дарын, 2008.
5. Шалабай, Б. Қазіргі қазақ тілі синтаксис. – Алматы, 2012.
№2 дәріс тақырыбы: Ежелгі дәуір тіл білімі
1. Бұл дәуірде пайда болған философиялық бағыттар
2. Ежелгі заман лингвистикасына тән ортақ сипаттар мен кемшіліктер.
3. Ежелгі Қытай тіл білімі. Ежелгі Үнді тіл білімі
4. Ежелгі Грек тіл білімі. Рим тіл білімі
Біздің жыл санауымыздан 5-6 мың жылдар бұрынғы египеттіктердің, шумерлердің, т.б. шығыс халықтарының жоғары мәдениетті болғандығын, әр түрлі жазуларды пайдаланғандарын ескерсек, тіл ғылымы көне ғылымдардың бірі екендігін байқауға болады. Бірақ египеттіктердің, шумерлердің тілге байланысты айтқан пікірлері біздің заманға жеткен жоқ. Тіл мәселелеріне байланысты жазылып сақталған, біздің заманға жеткен деректердің ең көнесі Ежелгі Қытай, Үндістан, Ежелгі Греция елдеріне тән.
Ежелгі дәуір - тіл біліміне қатысты ой-пікірдің жаңа туындай бастаған және оның мейлінше балаң шағы. Ұзақ мерзімді қамтитын бұл уақыт бойында тіл біліміне тән түсінік бірте-бірте, өте баяу дамиды. Ол өрісі, тереңдігі жағынан да тым жұпыны болды. Соған қарамастан бұл кезеңдегі тіл біліміне қатысты мәліметтерді қазіргі кезде өркен жайған тіл білімінің бастамасы, қалана бастаған іргетасы деп санаған жөн.
Ежелгі дәуір тіл білімінде ерекше көңіл бөлінген екі күрделі проблема болған. Оның бірі – атау, ат қою теориясы да, екіншісі – грамматикалық өнер (искусство) проблемасы.
Мұның біріншісінде – зат атаулары қалай пайда болған, атаулардың өздері атауы болған заттармен, құбылыстармен, оқиғалармен қандай байланысы бар? Атаулардың дұрыс я теріс қойылуының қандай мәні бар? Дегендерді сөз етушілер – философтар болған және бұл проблеманы олар философияның ең мәнді саласының бірі ретінде қараған. Ғылым тарихында ат қою теориясы деп аталатын бұл сала қытайда да, үнділерде де, герктерде де бір-біріне өте ұқсас бағытта талданып, біртектес шешімге сайып отырған.
Грамматикалық өнер теориясы тілді дұрыс қолданудың ережесін белгілеуді мақсат еткен. Бұл ереже бірде грамматикалық өнер делінсе, енді бірде жазу өнері деп те аталады. Грамматикалық теория жазба ескерткіштер тілдерін зерттеуден туған. Сондықтан ежелгі дәуір тіл білімі, әдетте, филология дәуірі деп те аталады (филология – герк сөзі, мағынасы – сөзді сүю).
Қытай – мәдениеті, ғылыми ой-пікірі ертеде дамыған, дүниежүзілік мәдениетке зор үлес қосқан ежелгі ел. Қытай тіл білімінің тарихы екі мың жылдан астам уақытты қамтиды. Қытай тіл білімі 19 ғасырдың аяғына дейін басқа елдердегі тіл білімінің әсерінсіз өз бетінше дамыған.
Ат қою теориясы мен грамматикалық өнер теориясы Ежелгі Қытайда да болған. Ат қою теориясын қалыптастырған адам, біздің жыл санауымыздан бұрынғы 551-479 жылдар арасында өмір сүрген философ ғалым – Конфуций (Кун-Цзы).
Грамматикалық өнер ежелгі дәуірден сақталған діни жазбалар тілін зерттеу негізінде туған. Көне және Ортағасырлық Қытайда тілге байланысты үш түрлі филологиялық мәселеге ерекше көңіл аударылған. Оның бірі – көне сөздердің мағыналарын айқындау, екіншісі – иероглифтің құрылысы мен этимологиясын айқындау, үшіншісі – фонология.
Ежелгі Үнді тіл білімі. Үнділерден бізге жеткен зерттеулер жыл санауымыздан бұрынғы 5 ғасырдан басталады. Бұл материалдардың ғылыми жүйелілігіне, ой тереңдігіне қарағанда Үнді тіл білімі бұдан да бұрын болғанға ұқсайды. Тіл білімі мұнда практикалық қажеттіліктен туған. Үнділердің өте ерте дәуірден сақталған аңыздардан, гимндерден, діни жырлардан құралған «Веда» деп аталатын жазба ескерткіштері болған.
Ежелгі дәуір тіл білімінің тағы бір отаны - Ежелгі Греция. Ежелгі Грек философтарының тілге қатысты мәселелерден ерекше сөз еткендері – атаудың табиғаты, зат пен оның атауы арасында қандай байланыс болатыны, тілдің қайдан, қалай пайда болғаны және тілдің грамматикасы мен логика арасындағы қарым-қатынас жөніндегі мәселелер.
Достарыңызбен бөлісу: |