КІШІ МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫН ЕҢБЕККЕ БАУЛУДЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ АЛҒЫ ШАРТТАРЫ
Асилбаева Ф.Б. (Алматы қ , ҚазМемҚызПИ)
Білім беру мен тәрбиелеу жүйесінде болып жатқан саяси өзгерістер баланың жеке басын дамыту, оны ізгілікке баулып, көркемдік шығармашылығын қалыптастыру, бәсекелестік қабілетін арттыруды талап етуде. Жас ұрпаққа тәрбие беру ісін жаңа деңгейге көтеріп, шығармашылық іскерлігін дамыту, еңбекке баулу міндеті бүгінгі күннің кезек күттірмес мәселесі болып отыр.
Еңбек - әрбір жеке адамның өмірі үшін қажетті материалдық рухани құндылықтарды жасауға бағытталған адам қызметі [/1/, 175]. Бүгінгі таңда жастарға осы қызметтерді іске асыра алатын әлемдік ғылым мен прогресс деңгейіне сәйкес білім беру мен бәсекеге қабілетті, шығармашыл, жан-жақты тұлға тәрбиелеу біздің міндетіміз. Әрбір адам еңбек арқылы өз орнын тауып өмірде не нәрсеге қабілетті екенін сезініп түсіне білуі тиіс. Өз қолымен жасаған нәрсесі үшін мақтаныш сезіміне ие болғанда ғана жан-жақты дамуға жол ашылады.
Көптеген ғалымдар тіршілікке қажетті нәрселерді өндіру мақсатымен адамның табиғатқа әсер етуі деп түсіндіреді. Өткенге көз салсақ, қай ғасырда да ұлы ойшылдар, педагогтар баланы еңбекке тәрбиелеу, көркемдікке баулу мәселелеріне көп көңіл бөлген.
Әбу Насыр әл-Фараби еңбек тәрбиесінің ғылыми теориясын жасады. Оның пікірінше: еңбек – өмір сүрудің негізі, адамзат тіршілігінің мәңгілік табиғи шарты болып табылады. Оқушыларға саналы тәртіп пен сапалы тәрбие беру – оларды қоғамдық пайдалы еңбекке баулу деген сөз және еркін еңбектің адамның жан-жақты дамуы үшін маңызы зор екендігін атап көрсетті. әл-Фараби тағылымдарына сүйене отырып, әбу–али Ибн Сина ақыл мен ойдың құдіретті күші еңбек тәрбиесінің жемісі деп білді. «Еңбегі бардың өнбегі бар» деген қағиданы келер ұрпаққа тағылым етіп қалдырды [/2/, 56].
Әзербайжан ақыны әрі ойшылы Низамидің шығармаларында дене еңбегі, оның ішінде еңбек тәрбиесі адамнан ажырамайтын, адамның күнделікті тіршілігінің негізгі борышы делінеді. Бүгінгі педагогикалық еңбек тәрбиесі туралы ой-жүйесі бостандықты, әйел теңдігі, жеке адманың кәсіптік шеберлігі, қолөнерге деген қабілеттілігі, ауылшаруашылық еңбегінің салалары әр түрлі мамандықты меңгерудің қажеттілігі жатыр делінген [/2/, 106].
ХVІІІ ғасырда өмір сүрген түрікменнің классик жазушысы Мақтымқұлы: «Оқу мен білім – еңбекпен келетін дүние, өнермен өрнектелген халық даналығы да сол еңбектің нәтижесі», -деп еңбектің адам өміріндегі мәнін ашып айтты [/2/, 155]. Қазақ халқының біртуар ақын-жазушылары мен қоғам қайраткерлерінің бала тәрбиесі жайындағы құнды пікірлері әлі күнге дейін өз мәнін жойған жоқ.
Орта ғасырдағы қазақтың ғұлама ғалымы Қадырғали Жалайри көшпенді халықтың мал шарушылығымен бірге отырықшылықпен айналысып, егін егіп, астық өсіріп жер кәсібімен айналысуын уағыздады. Жалайри өз шығармаларында жастарды адал, таза еңбек етіп, білім алуға шақырады.
Дулат Бабатайұлы (1802-1874), адамды негізінен тындырған ісіне қарай бағалау керек деген. Сондай-ақ жалпы жұрттың мүддесі үшін еңбек еткен дұрыс және өмірлік мақсаты – ақыл, парасатқа негізделсе ғана оның ұлылығы, еңбегі танылады,-деп жас ұрпақты тұрмыс тіршілігіне ерте араласып, еңбекке дағдылануға шақырады.
Тұңғыш зерттеуші-ғалым Ш.Уалихановтың рухани мұрасы педагогикалық пайымдауларға мейілінше бай. Қазақ ұлтының өзіндік қасиеттері, олардың тұрмыс-салтына, мәдениетіне, орналасу жағдайына қатысты ерекшеліктерден туындайды. Ғалымның пікірінше білім, баланы әртүрлі кәсіпке баулиды. Адал еңбек жолына түскенде ғана адам барымта секілді індеттерден айығады.
Қазақ жерінде тұңғыш рет мектеп ашқан ағартушы-педагог Ы.Алтынсарин шығармаларынан еңбек тақырыбы негізгі орынды алатыны белгілі. Ұлы педагог дене мен еңбек тәрбиесінің адамгершілік тәрбиесінің аса күрделі мәселесі ретінде қарап, еңбек тәрбиесіне байланысты ойларын терең айқын көрсетіп берді. Баланы жас кезінен еңбекке араластыру, қолөнер үйрету оның басты мақсаты болды. Алтынсариннің әрбір шығармасы балаларды адал болуға, еріншектік, жалқаулық сияқты әдеттерден сақтанып, еңбек етуге дағдылануға, еңбек сүйгіштікке баулиды.
Кемеңгер ақын А.Құнанбаев қазақ баласының болашағы жарқын, сауатты, белгілі бір талаппен айналысатын, адал, еңбекқор болуын көкседі. Еңбек- оның пікірінше, адамның таным қабілетін дамытады. Еңбек естігенді санада сақтауға көмектеседі. Еңбек үрдісінде адам өз білімін ретке келтіреді, керекті білімді керексізден іріктеп алып, ақыл-ойын арттыра түсіреді. Тіршіліктің табысты болуының қажетті шарты – еңбек ләззаты, оның сұлулығы өз еңбегінің рақатын көре білу кісіліктің басты белгісі. Абайдың өлеңдері, ғақлияларының тәлім-тәрбиелік маңызы зор. Онда балаларды оқу оқып, еңбектеніп мал тап, талап қыл, халқыңа пайда келтір, құр жатпа дей отырып, еріншек, өтірікші, мақтаншақ сияқты қасиеттерден бойын аулақ ұстауға шақырады. Осы ойын оның отыз жетінші қарасөзінен байқауға болады: «Өзің үшін еңбек қылсаң өз үшін оттаған хайуанның бірі боласың, адамшылықтың парызы үшін еңбек етсең алланың сүйген құлының бірі боласың»,- деп тұжырымдайды.
Ш.Құдайбердиевтің философиялық тұжырымында адамның жақсы өмірінің негізі – адал еңбек, нұрлы ақыл, ыстық жүрек болуы керек. Осы үш қасиет барлығына басшы болуға тиіс,- деп адам өмірінде адал еңбекті алдыңғы орынға қояды [/3/, 36].
Философияда адамның қалыптасу жағдайын анықтайтын оның еңбегі әуел бастан ұжымдық әлеуметтік тұрғыда көрінетін еңбек қызметі. Тек еңбек белсенділігінің артуы адам құрылымының табиғи биологиялық өзгеруіне айтарлықтай ықпал етеді делінген [/3/, 57].
Қоғам үшін еңбек ету пікірін алғаш рет әлеуметтік утопистер Т.Мор, Т.Кампанелла, А.Сен-Симон, Р.Оуэн айтқан болатын. ХҮІІІ ғасырдағы орыс ағартушылары Ж.Руссо, Г.Песталоцци оқыту мен еңбек тәрбиесін ұштастыру мәселесін көтерді. Орыс революционер-демократтары В.Г.Белинский, А.И.Гер-цен, Н.А. Добролюбов, Д.Н. Писаревтар еңбек тәрбиесіне елеулі үлес косты. Д.И. Писарев еңбектің қоғам дамуы мен жеке адамды дамытудағы маңызына ерекше назар аударды, баланы өзімшілдік пен менмендікке тәрбиелеуге қатты соққы берді.
К.Маркс пен Ф.Энгельс еңбек тәрбиесінің негізгі бағыты политехникалық оқу және оқыту мен өнімді еңбекті ұштастыру керек,-деді [/3/, 59]. Еңбек тәрбиесі мен политехникалық оқу Н.К.Крупская, В.В.Луначарский еңбектерінде үлкен орын алды. Еңбек етуге әдеттену - бұл жай ғана еңбекке үйрену емес, ол ізгілік қасиеттердің жоғары деңгейі, еңбекке қызығушылық, құштарлық, еңбек етуге дағдылану, - деп тұжырымдайды Н.К.Крупская. Мектептегі еңбектің маңыздылығына ерекше тоқталған В.В.Луначарский оқушы оқу пәндерін еңбек арқылы қабылдауы, шығармашылықпен ойлап, еңбекте алдыңғы қатарда болуын дұрыс деп есептеді.
Еңбек тәрбиесінің ғылыми-теориялық негізін жасаған К.Д.Ушинский, А.С.Макаренко, В.А.Сухомлинский зерттеулерінде балаларды қарапайым еңбек түрлеріне баулу қажеттігі сондай-ақ, еңбектің тәрбие құралы ретіндегі маңызы жоғары бағаланды. К.Д.Ушинскийдің педагогикалық идеялары да баланы жан-жақты дамытуды еркін еңбектің маңызын дәлелдеп, табиғаттағы жаңалық атаулыны жүзеге асырудағы еңбектің рөлін нақтылы тұжырымдай білді. А.С.Макаренко еңбектерінде жасөспірімді еңбек процесінде тәрбиелеу тәжірибесінде еңбек тәрбиесін білім беру мен тығыз байланыстырады [/4/, 25].
В.А.Сухомлинскийдің баланы жас кезден бастап бойында еңбектену талабын қалыптастырудың мәнін аша отырып, еңбек үрдісінде оқушыларды мектептегі практикалық еңбек, қоғамдық пайдалы еңбек қызметіне тарту жолымен ғана еңбекке қатынасының негізін қалауға болатындығын баса айтты [/5/, 466].
Еңбек балаларды ұйымшылдыққа, жігерлі іске, көркемдік шығармашылыққа, іскерлікке баулиды. Ал мектептегі еңбекке тәрбиелеу мен оқытудағы мақсат баланың толық, жан-жақты білім алуына ықпал жасайды. Кіші мектеп оқушыларын еңбекке тәрбиелеудің басты міндеті – жасөспірімдерді еңбек сүйгіштікке, еңбекті құрметтеуге, еңбек мәдениетіне үйрету және олардың еңбек ету шеберлігі мен дағдыларын қалыптастыру. Сондықтан, бастауыш сатыдан бастап бала бойында жаңа өндірістік және нарықтық экономикалық қатынастарды игеруге әзірлік, кәсіптік икемділік әр түрлі жағдайға тез бейімделе алатын, шығармашылық, қабілеттілік сияқты жеке тұлғалық қасиеттердің алғы шарттарының көрініс табуының қажеттігі туындайды.
Ерте жастан бастап тәрбиелейтін ұжымдық еңбекке қатысу, қоғамдық пайдалы еңбекке үлес қосу сияқты әдеттерсіз баланың еңбекке сүйіспеншілігін қалыптастыру қиынға соғады. Еңбек сабағында істелетін жұмыстардың барлығы дерлік оқушылардан жауапкершілікті, ұқыптылықты талап етеді және эстетикалық сезімдерін тәрбиелеуге септігін тигізеді.
Еңбекке баулу сабағында бала өзінің іс-әрекеттерін жоспарлау тәртібін және оларды іске асыруға қажетті құралдарды алдын-ала қарастыруды жедел меңгереді. Сонымен қатар оқушылардың болашақта мамандықты дұрыс таңдауына, олардың еңбекке шығармашылықпен араласуына, қабілеттерін арттыруға, өз қолдарымен жасаған бұйымдарынан ләззат алып, көркемдік сезімдерін оятып, берілген тапсырмаларды жауапкершілікпен атқаруға үнемі қозғау салады.
Оқушылардың жалпы еңбекке қатысы амалсыз, салғырт және ынталы болады. Негізінен мұғалім еңбекке баулу сабағын дұрыс ұйымдастырған жағдайда ғана еңбекке салғырт, немқұрайлы қарайтын және амалсыз еңбек ететін оқушылар саны азайып, белсенді, еңбекқор оқушылар саны артады.
Еңбекке баулу сабағының тиімділігі мен оқушының еңбекке ынталылығын арттыру мақсатында төмендегі педагогикалық шарттарды мұғалімдердің назарына ұсынамыз:
оқушыларды сабақта еркін ұстау;
еңбек процесін ұйымдастыруға оқушыларды қатыстыра алу керек, кездескен қиыншылықты сынып болып, ұйымдасқан түрде өздері дұрыс шешім табуына ықпал ету;
шығармашылық бағыттағы тапсырмалардың ретін көбейту;
нұсқау беруді бірте-бірте азайту;
оқушылардан қосымша білімді талап ететін ғылыми көпшілік энциклопедия, қолөнер шеберлерінің еңбектерін үлгі ретінде жиі қолдану;
оқушылардың өздері жасаған бұйымдарынан мектеп ішілік көрме ұйымдастыру;
әрбір сабақта техникалық қауіпсіздік ережелерін ескертіп отыру.
Бұл шарттар оқушылардың еңбектегі салғырттығын жойып, ынталылығын, белсенділігін арттыруға және жеке сапаларының (шығармашылық қиялы, көрнекі образды ойлауы, мінез-құлқы, ерік-жігері, түйсігі, қабілеті) ашылуына көмектеседі. Оқушының еңбекке қабілеттілігі негізінен бейімділікке байланысты болып келеді. Бейімділік – қабілеттің жаңадан ашылып келе жатқан алғашқы баспалдағы. Егер оқушы бір іске бейімді болса, онда ол еңбектің орындалуын жақсы түсініп, тапсырманы орындауда жаңа ізденістер жасайды. Оқушының ынталы еңбек етуі жауапкершілік сезімінен туады. Оқушы берілген тапсырманы орындауға іштей жауапкершілікпен қараса, оны нәтижелі орындап шығады. Баланың істеген ісі де сапалы, эстетикалық талапқа сай болады. Сөйтіп, еңбекке үйрену барысында оқушылар өз қолдарымен жасаған бұйымдарынан қуаныш, ләззат алып әсемдікті ажарсыздан, нағыз сұлулықты жалған сұлулықтан ажырата алатын болады.
Әдебиеттер
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. –А.: Дайк-Пресс., 2000.
Әбиев. Ж. Педагогика тарихы. –А., 2006.
Тұрғынбаев. Ә.Х. Философия. –А.: Білім., 2005.
Қабаева. Ж. Философия білімінің негізі. –А., 2000.
Макаренко. А.С.Трудовое воспитание.–М.: Просвещение. 1964.
Сухомлинский. В.А.Сердце отдаю детям.-Киев: Радянська школа. 1987.
Түйіндеме
Мақалада еңбек тәрбиесінің педагогикалық негіздері қарастырылған. Сонымен бірге, еңбек сабағында бастауыш сынып оқушыларының еңбекке деген көзқарасын жақсартудың педагогикалық жағдайы көрсетілген
Резюме
В статье рассматриваются педагогические основы трудового воспитания, а также вопросы правильного формирования взглядов на трудовую деятельность на уроках трудового обучения у учащихся начальных классов.
Бастауыш сынып оқушыларына эстетикалық тәрбие берудің мазмұндық аспектілері
Байназарова Т.Б. (Алматы қ , ҚазМемҚызПИ)
Екінші онжылдық бойы Қазақстан Республикасында бастауыш мектепте білім берудің бүкіл жүйесін қайта құру және жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Мектептің даму жолдары іздестіріліп, тұжырымдамалар, жобалар, бағдарламалар, оқытудың дәстүрлі емес түрлері жасалуда. Сонымен бірге өскелең ұрпақтың тәрбиесін кешенді қарастыру маңызды міндеттердің бірі болып отыр. Тәрбиенің факторлары, әдістері және құралдары (эстетикалық, адамгершілік, экологиялық және т.б.) тәрбиенің нақты түріне сәйкес жеке жақтарын қамтып жеке тұлғаға тұтастай әсер етеді.
Кіші мектеп оқушысының белсенді шығармашыл жеке тұлғасын қалыптастыру, оқу-тәрбие үрдісінің қазіргі формалары мен әдістерін жетілдіруді талап етеді. Бұл оқушылардың эстетикалық тәрбиесіне толығынан қатысты. Осы үрдісті зерттеуде біз педагогика мен психологияның жалпыға бірдей қағидаларына сүйендік, онда эстетикалық тәрбие - болмыс құбылыстары мен өнер туындыларын эстетикалық қабылдау қабілеттерін, және де өнер саласындағы дербес шығармашылығын мақсатты дамыту деген.
Эстетикалық тәрбие – күрделі де көп қырлы үрдіс. Жеке тұлғаның эстетикалық тәрбиеге қатысты психологиялық ерекшеліктерін Л.С.Выготский, Э.В.Леонтьев, А.А.Венгер, В.С.Мухина қарастырған. Адамның эстетикалық санасының құрылымын аша отырып, олар көркемдік–эстетикалық қабылдау, эстетикалық сезімдер, эстетикалық қажетіліктер, эстетикалық идеалдар мен талғам, эстетикалық көзқарастар сияқты негізгі элементтерді бөліп көрсетті. Осы тұста біз жоғарыда аталған ұғымдардың өзіне тән ерекшеліктерін айта кеткенді жөн көрдік. Көркемдік–эстетикалық қабылдау өнер және қоршаған дүниенің сұлулығымен қарым–қатынастың бастапқы кезеңі. Оның тереңдігі мен айқындығы эстетикалық әсерленудің тереңдігіне байланысты. Көркемдік–эстетикалық қабылдаулар болмыс құбылыстары мен өнерден эстетикалық сезімдерді оятатын қасиеттерді, сапаларды бөліп алу қабілетінен көрінеді. Көркемдік эстетикалық қабылдауға бейнелеу өнеріне байланысты қабылдау да енеді. Бұл эстетикалық сананың негізі. Ол эстетикалық эмоциялармен қатар адамды эстетикалық немесе тағы да басқа қажеттліктерді қанағаттандыратын әрекеттерді жасауға ынталандыратын мотив болып табылады.
Педагог А.В.Бакушинский эстетикалық қабылдаудың моделін екі бағытта қарастырды: ерікті көңіл-күйі басым шығармашылық толғаныс; логикалық ойлау үрдісі басым (сана) таным. Б.П.Юсов эстетикалық қабылдаудың төрт компонентті моделінің төмендегідей құрамдарын бөліп көрсетті:
бірге әсерлену қабілеті, эмоциялы ықыластылық;
өнер туралы білім көлемі мен түсініктердің болуы;
көркем шығармалардың пішінін қабылдау қабілеті;
бағалаулар мен көркемдік пайымдауларын болмыс құбылыстары мен өнердің басқа түрлерін қабылдауға көшіре білу қабілеті.
Шынайы дүние құбылыстарын эстетикалық қабылдау, бейнелеуге қажетті сенсорлық қабылдау ғана емес, сонымен бірге қабылдаған құбылыстың эстетикалық бағалануы, заттың әдемілігін көре білу, сезіну қабілеті. Дәл осы қасиет ерекше таң қалдырған, қуантқан нәрсені графикалық түрде жеткізудің негізін қалайды.
Адамның эстетикалық, эмоциялық сезімдері толассыз, сарқылмайды, алайда эстетикалық қабылдау мен эмоциялар мотивтен әрекеттің стимулына айналуы үшін, олар ерекше эстетикалық әсерленуде шешімін табуы қажет.
Әлеуметтік эстетикалық әсерленулер жалпыға ортақ, ешқандай “ережеге“ бағынбайды, субьективтілік, сырластық сияқты ерекше белгілермен сипатталады. Эстетикалық әсерленулер - адамның белсенді шығармашылық іс-әрекетін оятып “сұлулық заңдары” бойынша оның болмысқа деген эстетикалық қарым-қатынасының нақты формалары эстетикалық эмоцияларды, талғамдарды идеалдарды жалпылай білдіретін категория. Эстетикалық әсерлену шығармашылық ықыластылық немесе шығармашылық жасампаз іс - әрекетке ықыластылық түрінде өзекті мәселе.Кейде эстетикалық қабылдауды дұрыс анықтама ретінде бағалауға болады. Адамды шығармашылық іс - әрекетке баулу өзінше де, онда шығармашылыққа қатысты тәрбиелеу бір басқа .
Эстетикалық әсерленудің бастапқы неғұрлым қарапайым формасы – эстетикалық эмоция. Психологияда эмоциялардың табиғаты жайлы мәселеге қатысты екі тұжырым бар. Кейбір авторлар эмоцияларды адамның болмысқа, адамдарға, өз-өзіне қатысты әсерленуі деп айтады. Басқа бір тұжырым эмоцияларды болмысты бейнелеудің ерекше формасы ретінде қарастырады. Мәселен, К. Платонов “ Эмоциялар бейнелеудің бір формасы болып табылады, алайда олар шынайы дүниенің заттары мен құбылыстарын емес, әсерленген адамның іс-әрекеттің қажеттіліктеріне, мақсаты мен мотивтеріне қатынасын бейнелейді. Адам бұл обьективті қатынастарды өзінің оларға деген қатынасы ретінде субьективті сезінеді “ – деп жазған.
Объектілер немесе түсініктердің эстетикалық сәулеленуі үшін, олар бейнелі, мәнерлі, сұлулық жөніндегі “көркем”, “асқақ”, “үйлесімді”, “жетілген” сияқты түсініктерге сәйкес немесе кері эмоциялар мен әсерленуді тудыруы тиіс .
Бастауыш сынып оқушыларының эстетикалық қабылдауын мақсатты қалыптастыру оларда композицияның формасын, түсін, бағасын, жете айыру қабілеттерінің дамуын талап етеді. Осы мәселенің шешімін табуда психолог ғалымдар В.В.Волков, Е.И.Игнатьев, А.В.Запорожец, В.И.Кириенколардың заттар, шындық өмір құбылыстары мен өнер туындыларын қабылдауды қалыптастыру заңдылықтарын анықтауға арналған зерттеулерінің маңызы зор. В.И Кириенко бейнелеу іс-әрекетінің қабілеттерін көріп қабылдаудың белгілі қасиеті ретінде қарастырады, атап айтқанда: кейбір бөлшектері тап осы мезетте байқалмаса да, объектінің барлық қасиеттерін үйлестіре, тұрақты жүйелі тұтастық ретінде қабылдау.
Мысалы, терезеден тек адамның басын ғана көргенде, біз оны денесінен бөлек қабылдамаймыз (қабылдаудың тұтастығы ):
суретте тік және көлденең бағыттардан ауытқуды бағалау қабілеті;
пропоцияларды қабылдау қабілетті;
ұсынылған түстің аққа жақындықтың дәрежесін бағалау қабілеті;
болашақ қысқартуларды бағалау қабілеті.
Осы эстетикалық қабылдаудың ерекшелектеріне негіздесек, дүниетану пәнінің әрбір табиғатқа, оның сұлулығына, көркемдігіне байланысты тұстарын бейнелеу өнерімен кіріктіре отырып оқушылардың тұтас қабылдау негізінде эстетикалық сезімге бөленуіне жағдай туғызу мүмкіндігі тумақ.
Эстетикалық сезімдер - адамның шындық өмір құбылыстары мен өнер туындысына баға беру қатынасынан туған субьективті эмоциялық күйі. Эстетикалық сезімдер оқиғаны ой елегінен өткізу негізінде пайда болып, қуаныш, таңдану, аяушылық сияқты эстетикалық әсерлер тудырады. Олар оқушылардың заттар мен қоршаған дүние құбылыстарының құрылымы, формасы, түсі жайлы түсініктері мен қабылдауларының молаюынан едәуір терең, түсінікті бола бастайды.
Эстетикалық сезімдер, көбінесе, бейнелегенді бейнелейді, яғни адамның әр затқа, құбылысқа суретшінің, шебердің көзқарасындай қарым-қатынасын тудырады. Эстетикалық сезім болмыстағы әсемдікті түсіну немесе түсінбеу тұрғысынан адамдардың әртүрлі көзқарастырын топтастырады .
Табиғаттың өзінде эстетикалық сезімдерді, байқағышықтықты, қиялды дамыту үшін бай материал бар. Бұл жөнінде К.Д.Ушинский: ”Еркіндік, қаланың әсем келбеті, хош иісті орман, жайқалған дала, қып–қызыл шие, алтын күз бізге тәрбиеші болған жоқ па? “- деген .
Эстетикалық қажетіліктер көркемдік құндылықтармен қарым-қатынаста рухани көңіл-күйлерді бастан кешіруде пайда болатын тұрақты қажеттілік. Эстетикалық қажеттіліктер жеке тұлғаның көркемдік ләззатқа шөліркеуі ретінде көрінеді. Өнермен алғашқы кездесуден туған қажеттілік адамды шаттықққа кенелтіп, рухани күштерді жинақтайды. Осылайша қоршаған дүние мен көркем өнер туындыларын қабылдауға қатысты жалпы ұстаным қалыптасады. Олай болса оқушыны бастауыш сыныптан бастап-ақ табиғат пен бейнелеу өнеріне деген талғамын, эстетикалық сезімін қалыптастырудың жолдары мен әдістерін ғылыми тұрғыда тұжырымдауға мол мүмкіндік бар.
Эстетикалық қатынас адамның эстетикалық талғамымен тығыз байланыста қалыптасады. Эстетикалық талғам адамның күнделікті өмірімен, эстетикалық теориямен, практикамен және көркемдік шығармашылық шеберлік мәселелерімен тығыз байланысты. Эстетикалық талғам қабылданатын обьектінің сапаларына ғана емес, оны қабылдаушы, бағалаушы, танушы адамның жеке ерекшелігіне де байланысты. Адам қабілетінің күрделі иерархиясындағы эстетикалық талғам айрықша ұстанымды иеленеді. Эстетикалық талғам болмайынша кез келген іс-әрекет үлкен жетістікке жете алмайды. Ол адам іс-әрекетінің мақсаттылығын баса көрсетіп отырады. Эстетикалық талғам – бұл субьектінің бағалауы ғана емес, адамның іс-жүзіндегі обьективті болмысқа қатынасының түрі. Мұндай қарым-қатынас табиғатқа шыққан топсаяхат, серуен кездерінде оқушының іс-әрекеті негізінде туындап, біртіндеп оның бейнелі ойына әсер етпек. Бастауыш сынып оқушыларының нақты обьектілерді байқап, бақылай көруінен бейнелі ойы туындайды. Эстетикалық аспектіде объективті құбылыстардың сапасын бағалаумен қатар, адамның іс-жүзінде меңгерген бұл сапаларды тану мөлшері де анықталады. Бұл шынайы әдемілік пен ұсқынсызды, қайғылыны немесе күлдіргіні көру, сезіну, түсіне алу және оны әділ бағалау. Бұл едәуір күрделі педагогикалық міндет. Қарапайым эстетикалық түсініктер мен пайымдаулар бастауыш сыныптарда қалыптасады.
Баланың эстетикалық талғамы оқу мен айналаны танудың алғашқы тәжірибелерінен дами бастайды. Оның қалыптасуының ең қарқынды кезеңі – мектептегі оқу жылдары. Бұл кезде баланың табиғат көріністерімен, оның құбылысымен өнер құбылыстарымен жүйелі танысып, көркемдік–шығармашылық қабілеттерін белсенді дамытуға мүмкіндігі көп.
Эстетикалық талғам оқушының эстетикалық дамуының басқа көрсеткіштерімен салыстырғанда едәуір нақты әрі педагогикалық жағынан ұйымдастырылған болып келеді. Бастауыш сынып оқушыларының көркемдік, эстетикалық түсініктеріне сүйене отырып, мұғалім оқушының талғамын жетілдіруге толық жағдай жасай алады. Эстетикалық талғамның көріністерінің бірі - көркемдік талғам болып табылады. Онда оқушының әдебиет пен өнерге деген құндылық бағалары, жеке бағасы көрінеді .
Көркемдік талғамның дамуы оқушыларды бейнелеу өнері сабақтарында белгілі бір нәтижелермен сипатталатын эстетикалық іс әрекетке баулиды. Балаларды сұлулық пен қайырымдылыққа үйретіп қана қоймай, оларды әрекетшіл болуға, яғни сұлулыққа қызығып қана қоймай, оны сақтай білуге, мейірімділікке, жақсылық жасай білуге тарту қажет.
Осы тұста егер дүниетану пәні кез-келген табиғат нысанын сақтауға, қорғауға, қамқор болуға тәрбиелесе, оның көркемдігі мен әсерлілігін, сұлулығын бейнелеу бұл мақсаттың маңыздылығын күшейте түспек. Эстетикалық сапалары дамыған адам қоршаған дүниенің көркемдігін жақсы сезінеді, көбірек көреді, сезімі нәзік, өзін-өзі терең түсінетін болады. Табиғаттың әрбір көркемдігінен әсер алады. Оқушыда бейнелейтін нәрсені шын беріліп қабылдау қабілеттері пайда болып, іс-әрекет кезінде жүзеге асыруға құмарлана, қызыға кіріседі.
Бейнелеу өнері - адамзат дүниесін, заттарды, табиғат құбылыстарын, қоғамды көркем бейнелейтін өнер түрі. Олай болса, бейнелеудің табиғатқа байланысты тұстарын жан-жақты қарастыру зерттеу көзіне айналуы тиіс.
Адамның эстетикалық санасының маңызды элементі – эстетикалық идеал. Бұл адамның шындық өмір құбылыстарының кемелдігі (мүлтіксіздігі) жайлы түсінігі. Эстетикалық идеал әсерленуден тыс болмайды. Эстетикалық идеал кез–келген іс - әрекеттегі шығармашылықтың негізі болумен қатар, өмір мен өнердегі сұлулықты бағалаудың өлшемін де көрсетеді.
Тұлғаның эстетикалық қажеттілігі эстетикалық сананы анықтайды. Онда адамның қоршаған ортаға көзқарасы мен оның азды-көпті бейнеленуі тұтасқан. Адамның эстетикалық қажеттілігі іс-әрекеттің барлық түрінде, оның ішінде өнерде басым көрінеді, онда адам өзін-өзі таниды, ойын жеткізеді, мүмкіншіліктерін іске асырады. Мәселен, оқушы көктемгі табиғаттың көркемдігін сезініп қабылдағаннан кейін, оның суретін бейнелеп салуға машықтанады. Машықтану бірден пайда болмайды, ол қызығушылықтан, өз сезімін сыртқа шығарғысы келген қажеттіліктің нәтижесінде ғана туындайды.
Қажеттілік, қызығушылық, идеал, эстетикалық талғам жинақталып келіп, бастауыш мектеп оқушыларының жеке тұлғалық мотивациялық – қажеттілік ортасын құрайды. Жеке тұлғаның бағыттылығы деп нақты ситуациялар, өзгермелі жағдайларға қарамастан, оқушының дүниеге, қоғамға, өзіне қарым–қатынасын анықтайтын тұрақты және басым мотивтердің жиынтығын айтамыз.
Жеке тұлғаның эстетикалық қасиеттерінің көрсеткіштері ретінде оның өмірдің әр түрлі қырларына қызығушылығының, эстетикалық әсерленуін, қоғамдағы мінез-құлық, таным, қарым- қатынас пен еңбек бағыттылығын айтуға болады. Өмірдің барлық салаларындағы белсенді шығармашылық іс-әрекет те эстетикалық тәрбиенің көрсеткіші, ол эстетикалық қабылдаудың дамуына, эстетикалық құбылыстарға деген нәзік эмоциялы серпіліске, оларды тереңнен түсінуге, эстетикалық идеалды жүзеге асырудағы іскерлікке негізделеді .
Эстетикалық тәрбие өзара байланысқан бірқатар компоненттерді белгілеуге мүмкіндік береді, олар:
эстетикалық тәрбиенің ерекше міндеттері;
әр түрлі іс - әрекет түрлері;
эстетикалық тәрбие міндеттеріне сәйкес құралдар;
жалпы тәрбие әдістерінің негізінде арнайы әдіс–тәсілдерді пайдалану;
эстетикалық тәрбиеліктен көрінетін эстетикалық тәрбиенің нәтижелері.
Сонымен бірге зерттеуші-педагогтардың эстетикалық тәрбиенің төмендегідей негізгі міндеттерін бөліп қарастырғандығын айта кеткен жөн:
баланың қоршаған дүние сұлулығынан рухани ізгілікті, мейірімділікті, рақымдылықты байқап, сол арқылы өз бойында әдемілікті қалыптастыруға үйрету ( В.А. Сухомлинский, Б.М. Неменский);
эстетикалық білімдерді жинақтап, олардың негізінде эмоциялы әсерлену қабілеті, қоршаған болмыстағы эстетикалық құбылыстарды бағалау сияқты әлеуметтік–псхологиялық қасиеттерді қалыптастыру (Н.И.Кияшен-ко, А.С. Клюев);
баланы өнердің әртүрлі қарапайым түрлерін көре білуге, түсінуге, сол арқылы өзінің дербес шығармашылығын көрсетуге үйрету (Е.А.Флерина, Н.А.Ветлугина).
Эстетикалық тәрбиеліктің осындай деңгейінде табиғатпен өзара тығыз әрекет, шығармашылық еңбек, отандық және шетел өнерімен танысу үрдісі негізінде оқыту мен тәрбиелеу арқылы жетуге болады.
Академик Д.Лихачев ұсынған эстетикалық тәрбиенің негізгі қағидаларында эстетикалық тәрбиеге әртүрлі принциптері, формалары мен әдіс–тәсілдері бар көп нәрсені қамтитын ұғым деген анықтама берілген. Ол бейнелеу өнерінің туындыларын қабылдаумен ғана шектелмей, қоршаған табиғатты, дербес шығармашылық іс-әрекетті де қамтиды.
Кіші мектеп жасында бейнелеу өнерін қолданудың мақсаты – жеке тұлғаның дамуына әсер ету. Бұл оқушының іс-әрекет субъектісі ретінде қалыптасуына жәрдем беру дегенді білдіреді. Жеке тұлға бұл ең алдымен іс- әрекет субьектісі, іс-әрекет мақсаттарын қоюға, құралдарды таңдауға, оны жоспарлап және жүзеге асыруға, нәтижеге жетуге қабілетті адам. Басқаша айтқанда, дербес әрекет ете алатын адам. Олай болса, жеке тұлғаға тән ең бастапқы сапалар осы бастауыш сыныптан-ақ өз көрінісін табатынын естен шығармауға тиіспіз.
Адамның қандай болып қалыптасуы – қоғамдық өмірдің жағдайларына ғана емес, бастауыш мектеп өміріне де байланысты. Атап айтқанда, бастауыш мектеп технократиялық, жансыз түсінуге қарсы, тәрбиеленушілерінің жоғарғы рухани қажеттіліктерін дамытумен жүйелі түрде айналысуы қажет. Туған жер туралы эстетикалық түсініктер - Отан туралы сезімнің, оған деген сүйіспеншіліктің, оны қорғап, сақтау эстетикасының негізі болып табылады. Сонымен, кіші мектеп оқушыларын эстетикалық тәрбиелеудің негізіне эстетикалық білім, эстетикалық сана, эстетикалық мәдениетті қалыптастыру жатады.
Әдебиеттер
Краткий словарь по эстетике. Под ред. М.Ф.Овсяникова. -М.,1983. 223 с.
СимоновП.В., ЕршовП.М. Темперамент. Характер. Личность. -М., 1984.
Кочерук О.В. Межпредметные связи в эстетическом воспитании младших школьников во внеурочной деятельности. Дис.п.н. Белгород., 2000.
Ушинский К.Д. Сб.сочинений.: В 11 т.- М., 1952. Т 2 – с. 52-53.
Сокольников Ю.П. Общая педагогическая теория. Белгород; 1997. 4 с.
Выготский Л.С. Воображение и творчество в детском возрасте. – М. 1967.
Сокольникова Н.Л. Изобразительное искусство и методика его преподавания в начальной школе: Уч. пособие для студентов пед. вузов. – М.,1999.-368 с
Программно-методические материалы: Изобразительное искусство. /Составители В.С.Кузин, И.В.Корнута. – 3-е изд., перераб. - М.2001г.
Программы для общеобразовательных школ, гимназий, лицеев: Изобразительное искусство. – М. 2000.
Неменский Б.М. Культура – Искусство-Образование: Цикл бесед.-М., 1999.
Неменский Б.М. Мудрость красоты. -М., 1987. с.38.
ТҮЙІНДЕМЕ
Мақалада кіші мектеп оқушысының белсенді шығармашыл жеке тұлғасын қалыптастыру, оқу-тәрбие үрдісінің қазіргі формалары мен әдістерін жетілдіру, сонымен бірге оқушылардың эстетикалық тәрбиесіне көңіл аудару, осы үрдісті зерттеуде педагогика мен психологияның жалпыға бірдей қағидаларына сүйену мәселелері қарастырылды.
Резюме
В статье рассматриваются факторы, методы и средства воспитания, воздействующие на личность в целом, а также пути совершенствования существующих форм и методов учебно-воспитательного процесса.
Достарыңызбен бөлісу: |