ПОӘК 042-14 01/01-2013 Баспа. №1 от 03. 09. 2013


Тақырып-3. Мектеп жасына дейінгі баланың жазу мен оқуға дайындығын қалыптастыру



бет3/5
Дата10.07.2017
өлшемі1,07 Mb.
#21033
1   2   3   4   5

Тақырып-3. Мектеп жасына дейінгі баланың жазу мен оқуға дайындығын қалыптастыру
Мектепке дейінгі мекемелерде білім беру ортасы мен оның тәрбие және білім беру мазмұнын дамыту сауатты ұйымдастырылмаса, баланың оқу мен жазуды игеру мәселесін түпкілікті шешу мүмкін емес. Кез келген мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің ортақ мақсаты – балаларды мектепте оқуға даярлау және оларды әлеуметтендіру.

Бала мектепте жақсы оқуы үшін, оған белгілі білік пен дағдылар қажет (алғашқыда саналы орындауды қажет ететін іс-әрекет бөліктерінің қайталап жаттығудың нәтижесінде автоматталануын. Мектепте оқуға қажетті білік, дағдылардың белгілі бір пәндерге қажет арнайы (қосу, азайту, оқу, жазу, сурет салу және т.б.) және кез келген сабақтарға қажетті жалпы түрлері бар. Бұл дағдылар толыққанды кейінірек қалыптасады, бірақ олардың алғышарттарын осы мектепке дейінгі кезеңнен бастап қалыптастыруды бастаған жөн.

Оқушының жетекші іс-әрекеті – оқу іс-әрекеті. Балабақшада жүйелі түрде ұйымдастырылатын сабақтарда балалардың алған білімдері мектептегі оқу іс-әрекетінің біршама элементтерін игерудің негізін құрайды. Мектепке даярлауда балабақшада ересек топ балаларын симметриялық формаларды салуда орталық сызықты салуға үйретеді. Бұл өз кезегінде, 1-сыныпта бейнелеу сабақтарында негізгі сызықтан бастап вертикальді, горизонтальді, қиғаш сызықтарды, симметрияның осі, заттың көрінбей тұрған бөлігін салуға үйрету болып табылады. Балабақшадағы сурет, жапсыру, мүсіндеу сабақтары мектептің бейнелеу, математика, еңбек сабақтарына дайындауға септігін тигізеді. Жазу мен сурет салуда балада денесін тік ұстау, қаламды дұрыс ұстау дағдылары қалыптасады. Балабақшада балалармен жұмыс жасауда оларға білім беріп, дағдыларды қалыптастыруға ерекше мән беріледі.

Балалардың сауатын ашу және математикалық білім беру арнайы ұйымдастырылған сабақтарда жүзеге асырылады. Олардың басты мақсаты - балаларда жазу мен санауды үйретудің алғашарттарын қалыптастыру.

Жазу келешекте бүкіл оқу үдерісі құрылатын базалық дағды. Жазуға үйрету тек мақсатты түрде ұйымдастырылған оқыту барысында жүзеге асырылады.

Сауат ашу – баланың көптеген психикалық қызметтерінің жетілуін талап ететін, күрделі ақыл-ой әрекеті. Жазу – психологиялық және физиологиялық тұрғыдан алғанда өте қиын күрделі үдеріс, сондықтан да жазу дағдысын игеру үдерісінің көпкомпонентті психофизиологиялық құрылымы бар. Бір сөзді жазу үшін балаға көптеген амалдар жасау керек, сол себепті баланы жазуға үйретуді жазудың барлық функцияларын жүзеге асырудан көп бұрын бастау қажет.

Жазуға үйретудің негізгі міндеттері:

* фонематикалық есту және сөздің дыбыстық құрамын талдау білігін дамыту;

* қолдың және саусақтардың майда бұлшық еттерін дамыту;

* ішкі және сыртқы сөйлеуді, сөздік-логикалық ойлаудың бастапқы кезеңдерін дамыту;

* есте сақтау қабілетін дамыту;

* жазу құралдарын еркін ұстай білу дағдысын дамыту;

* парақтың бетінің кеңістігін бағдарлауды қалыптастыру.

Балабақшадағы интеграциялық сабақтар:

1. естігенді тез ой елегінен өткізіп, жылдам жауап қайтару (доппен ойын – «Сұрақты қағып ал да, жауапты бер», «Ертегіні ата», және т.б.);

2. сөзге дыбыстық талдау жасау, оларды модельдің көмегімен жазу, жеке әріптерді құрастыру (пластилиннен, таяқшалардан, қағаздан және т.б.);

3. парақтың бетінің кеңістігін бағдарлау («Графикалық диктант», «Нүктелерге қарап заттың суретін сал» және т.б. жаттығуларды орындау);

4. колдың саусақтарының қимылы мен синхронды сөйлеу (саусақтық имитациялар, доппен ойын және т.б.);

5. қолдың қимылдарын бақылау ( «Ережеге сай ою-өрнекті салуды жалғастыр», «Суретті шрихта» және т.б.);

6. жазу жазатын құралды дұрыс ұстау білігі, - жазуға дайындалып жүрген балаға көп көмеген тигізеді.

Баланы жазуға үйрету интеграциялық сабақтармен қатар арнайы сабақтарда, жүйелі жаттығулар мен ойындардың көмегімен жүзеге асырылады. Баланың қолын жазу дағдыландыру жаттығуларымен қатар, оқу іс-әрекетінің дағдыларын қалыптастыру міндеті де қойылады: үлкендерді мұқият тыңдау білігі, оолардың нұсқауы бойынша әрекет жасау, өз бетінше алдына қойынған ақыл-ой міндеттерін шешу, өз әрекетін бақылау және т.б.

Балабақшада 5-6 жастағы балаларды сауат ашуға дайындауда келесі міндеттер қарастырылады:

1. көргенді, естігенді, сезінгенді түсініп, оның мазмұнын айтып беру білігін қалыптастыру;

2. айтылатын нәрсенің, әңгіменің логикалық жүйесін құру білігін қалыптастыру: жоспар түзу, әңгімені неден бастайтынын анықтау, оны немен аяқтау, бір ойдан келесі ойға бірізділікпен өту;

3. балалардың сөздің қорымен жұмыс жасау (жаңа сөздер мен ұғымдарды синонимдерді, антонимдерді игеру, кітап суретерімен және көркем әдебиет тілімен танысу);

4. сөйлеудің дыбыстық жағын дамыту: дыбысты таза айту, дауыстың ырғағы мен күшін реттеу, мәнерлілік, фонематикалық есту.

5. Балаларды ауызша және схемалық жазбаша сөйлеуден сөйлемдерді анықтауға үйрету, берілген сөздерден сөйлем құрау, сөздерді буынға бөлу, балаларды сөздің дыбыстық құрылымымен таныстыру [3].

Баланың мектепке дайындығы немесе дайын еместігі оның сөйлеу қабілетінің даму деңгейімен анықталады. Себебі, бала мектепте оқу барысында игеретін білім жүйесі ауызша және жазбаша сөйлеу арқылы жүзеге асырылады. Егер ауызша сөйлеуді ол мектепке дейін игерсе, ал жазбаша сөйлеуді алда үйренетін болады. Жазбаша сөйлеуді толыққанды үйрену үшін, мектепке дейін кезеңде баланың ауызша сөйлеу қабілеті жоғары деңгейде дамуы қажет. [4].

Баланы оқу мен жазуға үйрету - мектептің міндеті, бірақ көптеген дағдылар мен біліктерді бала мектепке келіп, алдына оқу мен жазудың нақты мақсаты қойылғанға дейін игере алады. Сонда ғана оның мектепке келгеннен кейін оқу мен жазуды толыққанды игеруі жеңіл болады. Ал мектепке даярлау барысында игерген дағдыларын ол өзіне жаңа іс-әрекет барысында жүзеге асырады дегіміз келеді.

Болашақ бірінші сынып оқушысы нені білуі керек?

Көптеген ата-аналар дайындық дегенді баласы оқу, санау және жазуды білсе болды деп біледі. Шындығында, бұл тек басы ғана. Мектепке дайындық сіз бен біз ойлағаннан да, әлдеқайда маңызды әрі күрделі мәселе екен. Негізі мектепке барғанға дейін теория жүзінде баланың оқи алуы, жаза білуі, санай алуы міндетті емес. Алайда, тәжірибе жүзінде мұның бәрін білгені өзіне пайдалы, өйткені оқудың қарқынына ілесу қиындап, бала «алдыңғы қатарлы» құрдастары арасында өзін қолайсыз сезінуі мүмкін. Бала өзін «ақсаусақ», қолынан ешнәрсе келмейтін оқушы ретінде сезінбес үшін, ата-аналарына мектепалды даярлыққа айтарлықтай мән беруге тура келеді. Сондықтан да, ерінбестен баламен даярлық сабақтарын өткізіп, үлкен жауапкершілік таныту не болмаса қолайлы уақыт пен ақша тауып, оны кәсіби мамандарға – дайындық курстарына (өзіңіз баланы апаратын мектеп ішіндегі курстар ең қолайлысы), баланы ерте бастан дамыту мекемелері немесе жеке педогогтар мен психологтарға тапсырған дұрыс болады. Әйтсе де есіңізде болсын, мектепке дайындық бірден жасала салатын нәрсе емес, оны кезең кезеңімен іске асыру керек!

Баланы мектепке даярлау барысында сіз басты назар аударатын негізгі сәттер:



  • Жалпы ой-өрісін дамыту (баланың таным көкжиегін кеңейтудің ең озық тәсілі — онымен «өмір жайлы» әңгіме жүргізу, кітап оқу және оны талдау);

  • әріптер мен сандарды, геометриялық кескіндерді және түстерді, оңға/солға, үлкен/кіші, кең/тар түсініктерін үйрену және т.б.;

  • мүмкіндігінше – оқи білуді (ең болмағанда буынға бөліп оқу)  және санауды үйрету (ең болмағанда10-ға дейін);

  • міндетті түрде кіші қозғауыштарды дамыту, яғни, сүйектер мен саусақтардың икемділігін дамытуға арналған сабақтар өткізу. Бұл жазуға да, сондай-ақ тілді дамытуға да қажет болатын дүниелер (бала миынының құрылымында бұл екі орталықтың орны бар). Дәлірек айтқанда, баланың көбірек сурет салуы, конструктормен ойнауы, бірнәрсені жасауы, жапсыруы, ұсақ заттармен, мысалы, моншақ, тиын, сіріңке, тісшұқығыш сынды заттармен  жұмыс істеуді  меңгеруі керек, олардан картина немесе аппликация, тіпті олардан әр түрлі тізбектер жасап үйренуі керек, мұның бәрі оларды бір нәрсені істеу үшін, ұзағырақ отырып айналысуға үйретеді;

  • есте сақтау қабілетін жаттықтыру – яғни, әндер мен тақпақтарды жаттауды үйрету (мектепте болатын ертеңгіліктер мен жиындарда баланың жарқырап көрінуіне септігін тигізеді, бұл оның мектептегі өмірінің дұрыс жолға бағытталуына көмектеседі);

  • сараптауды, жіктеуді дұрыс меңгеруге жаттықтыру – бұл баладан бір оқиғаны айтуды, яғни ең алдымен не болғанын, одан кейін қандай жағдай орын алғанын (себептік-жалғаспалы байланыстар) сұрау, түрлі картина бөліктерінен бүтін нәрсе құрастыру, заттарды қандай да бір белгілеріне қарай орналастыруды, жинақтауды тапсыру.

Алайда, баланың үйренуі оның мүмкіндіктері мен психикалық жетілуіне сәйкес келмейтінін ұмытпаған жөн. Сондай-ақ, оның үйрену қабілеті баланың танымдық белсенділігінің жоғарылығы деп айтуға болмайды, көп жағдайда ата-аналар өз баласына біліммен толтыру қажет бір ыдыс қана деп қарайды. Расында, «оқысаңыз балалар, шамнан шырақ жағылар» дегендей, баланың жарқырай жануға дайын тұрған шырақ екенін, оны тек тұтату қажеттігін ескере бермейміз.

Оның үстіне тұтас беттегі тақпақты жатқа айтқан бала жақсы оқушы деп бағаланғанымен, шын мәнінде ол мектепке дайындығы бойынша, психологиялық, тұлғалық, қарым-қатынас тұрғысынан, әлеуметтік-психологиялық жағынан әлсіз, тіпті дайын емес те болуы мүмкін. Дәлірек айтсақ, білім қорынан басқа  балаға: коммуникативтік және әлеуметтік дағдыларды меңгеру,ияғни, өзі тұратын қоғамда қабылданған, күнделікті өмірдегі моральдық-адамгершілік қағидаларды пайдалана отырып, өз ортасымен түсінісе, араласа білуі керек;


Тақырып-4. Қоғам дамуына байланысты педагогқа қойылатын талаптардын өзгеруі. Педагог профессиограммасы.
Адамзат тарихында мұғалім тұлғасына қойылатын талаптар қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық, мәдени жағдайларына байланысты өзгеріп отырған.

Ұстаз тұлғасына, тәрбиешілерге, тәлімгерлерге қойылатын талаптар тіпті Ежелгі Греция, Ежелті Мысыр, Ежелгі Рим философтары Демокрит, Аристотель, Сократ, Марк Фабий Квинтилиан т.б. еңбектері мен идеяларында көрініс табады.

Мұғалімдердің моральдық-психологиялық, этикалық сапалары туралы ойлар шығыс философы Әбу Насыр әл-Фараби еңбектеріндегі айырықша көңіл аударылған мәселелердің бірі болған. Ол мұғалім бойында шыншылдык, шәкірттеріне де, өзіне де талап қоя алушылык, ықыластылық, қаталдық, күш-жігер және педагогикалық такт сияқты қаситеттердің сақталуын қажет деп санаған. Әл-Фараби ұстаздың мінез-кұлық нормасы қаңдай болуы жайлы былай деп жазады: «..ол тым қатал да болмауга тиіс, тым ырыққа да жығыла бермеуі керек, өйткені тым қаталдық шәкіртті өзінің ұстазына қарсы қояды, ал тым ырыққа көне беру - ұстаздық қадірін кетіреді. Оның берген сабағы мен ғылымға шәкірті селқос қарайтын болады».

Педагогика ғылымының негізін қалаушы Я.А.Коменский (XVII ғ.) мұғалімдерге «ең тамаша міндет жүктелген, күн астында одан жоғары тұрған еш нәрсе жоқ» - дей отырып балаларды оқыту-тәрбиелеу барысында мұғалімдерден табиғатқа сәйкестілік және дидактикалық принциптердің орындалуын талап еткен.

Педагогика тарихында мұғалім тұлғасына қойылатын талаптар А.Дистерверг, К.А.Гельвеций, К.Д.Ушинский, П.Ф.Каптерев, А.С.Макаренко, Ы.Алтынсарин, М.Жұмабаев, В.А.Сухомлинский сынды белгілі педагогтар еңбектерінде ерекше қарастырылады П.Ф.Каптерев мұғалімдердің адамгершілік қадір-қасиеттерінің маңыздылығына көңіл бөле отырып, окыту мен тәрбиелеу процестерінің тұтас жүргізілуі барысында «оқыта отырып тәрбиелеу, тәрбиелей отырып оқыту» кағидасының сақталуын талап етеді.

Мұғалім тұлғасына қойылатын талаптардың өсіп, күрделеніп отыруы нәтижесінде педагогикалық теорияда профессиографиялық тұрғыдан зерттеулер орын ала бастады. Осы бағытта арнайы зерттеулермен айналысқан ғалымдар Ф.Н.Гоноболин, Н.В.Кузьмина, А.И.Щербаков, В.А.Сластенин, Ю.С.Алферов, Е.И.Антипова т.б. болды.

В.А. Сластенин мұғалім тұлғасына қойылатын талаптар жүйесін оның педагогикалық еңбекке кәсіби даярлғы ретінде қарастырады. Ол даярлықтың құрамына мұғалімнің психологиялық,физиологиялык, даярлықтары мен қатар ғылыми-теориялық және практикалық құзіреттілігін жатқызады. В.А.Сластениннің пікірінше: «Мұғалім профессиограммасы мамандықтың паспорты ретінде оның квалификациялық сипагтамаларын, яғии қоғамдық-саяси, әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық білімдерінің көлемдерін және ғылыми негізделген өзара қатынастарын, сонымен қатар болашақ мұғалімге қажетті педагогикалық, әдістемелік іскерліктер мен дағдыларды қамтуы қажет». Профессиограмма - мұғалімнің, оқытушының, сынып жетекшісінің, педагогтың идеалды үлгісі, эталоны, моделі.

В.А. Сластенин ұсынған мұғалім профессиограммасында ол педагогикалық кәсіптің жалпы сипатын және жеке мамандығына байланысты сипаттарын қарастыра отырып 4 тараудан тұратын мұғалімнің профессиограммасын береді:

1. Мұғалімнің қасиеті мен сипаттамасы. Бүған ол мұғалімдердің идеялық, кэсіптік-педогогикалық, танымдық бағытгылығын жатқызады.

2. Мұғалімнің психологиялық-педагогикалық дайындығына қойылатын талаптар. Мұнда ол мұғалімдердің білім, білік және дағдыларын біріктіреді.

3.Арнайы даярлықтың көлемі мен құрамы. Бұл тарау болашақ мұғалімдердің шеберлік деңгейінде еңбектенуі үшін қажет болатын жалпы ғылыми негізде дайындық көлемі мен арнайы даярлықың қалыптасатын нақты білім, білік және дағдыны біріктіреді.

4.Мамандық бойынша әдістемелік жағынан даярлық мазмұны. Бұған мұғалімге қойылатын жалпы әдістемелік талаптар жэне жеке пән мұғалімдеріне қойылатын арнайы әдістемелік талаптар енгізілген.

Жалпылап қарастырғанда қазіргі кезде мұғалім профессиограммасын құруда үлкен тәжірибе жинақталған. Мұғалім тұлғасына қойылатын талаптарды үш үлкен кешенге бөліп қарастыруға болады:

- жалпы адамзаттық қасиеттері;

- кәсіби-педагогикалық касиетгері;

- арнайы пән бойынша білім, білік, дағдылары.

Белгілі педагог И.Е.Синица қоғам мен педагогикалық кәсіптің мұғалім тұлғасына қоятын жалпы талаптарын былайша сипатгайды:

1.Мұғалім деген биік те, абзал атқа лайық болыңыздар. Оқушының жеке адам ретінде калыптасу жолында жеке ұстаздардан тәлім алатынын ұмытпаңыздар. Сіздердің Отанға адал қызмет етулеріңіз, сіздердің еңбекке деген көзқарастарыңыз, сіздердің азаматтық батылдықтарыңыз және сіздердің адамдар арасындағы тәртіптеріңіз өздеріңізден тәлім алатындарға мұра боп қалатындай болсын!

2.Өз оқушыларыңызды сыйлаңыздар. Олардың ар-намысын қорғап, дамытып отырыңыздар.Оқушылардың бойында ар-намыстың дамуымен қоса жаксы касиеттер өріс алады. Ар-намысты сақтаңыздар. Ар-намысын сақтай білмеген ұустаз, оқушыларына да тәлім-тәрбие бере алмайды.

3.Қажеті болмаса, оқушыларға өз артықшылықтарыңызды баса көрсетпеңіздер. Олар сіздердің мұғалім, тәлімгер, үлкен, тәжірибелі және өздеріне қарағанда көп құқыкқа ие екендеріңізді ұмытпайды, бірақ ол туралы жиі ескерте бергенді ұнатпайды. Сіздердің оқушылармен өзара қарым-қатынастарыңызда аралық шек болуы қажет екенін жоққа шығармаймын, біракқ ол аралық шек өте алмас кедергіге айналып кетпесін.

4.Оқушылармен қарым-қатынаста тактикаларыңызды олардың жасы, рухани өсуіне байланысты өзгертіп отырыңыздар. Оны жаңа тактикалық тәсіл және әдістеріңізбен байыта түсіңіздер. Тактикаларыңыз икемді болсын, көзге ұрып тұратындай кернекі болмасын. Тәрбиелеу әдістерінде де оқыту әдістеріндсгі сияқты талап қою жоғары дәрежеде болсын. Тым тіке бетке айтудан, ақылгөйліктен аулақ болыңыздар, одан кінәратсыз кесңес, ескерту әлде қайда өтімді. Ең жаксысы— айтқанды оқушылардың өз көзқарасындай қабылдағаны.

5.Педагогикалық көтермелеуді барынша кең пайдаланыңыздар, бірақ мақтауға жомарттау, жазалауға сараңырақ болыңыздар. Жазаның әсер етерліктей болуын бақылаңыздар. Қас-қабақтарыңызбен, көзқарастарыңызбен, үнсіз қимыл-қозғалыстарыңызбен басқаруды үйреніңіздер.

6.Үн қатысу, сөйлесу мәдениетін игеріңіздер, айқайдан алыс жүріңіздер. Айқай сіздің ұстаздығыңызды кемсітеді, оқушыларға тигізер ықпалыңыздың мүмкіншіліктерін төмендетеді. Айқай күштілікті емес, әлсіздікті білдіреді.

7.Пайдасы шамалы-ау деген шешімнен аулак болыңыздар, ашу үстінде шешім кабылдамаңыздар, өз құкықтарыңызды ақылмен қолдануға, ал оқушылардың ақылға келіп илігуіне мүмкіндік беретін кейінге қалдыра тұру» әдісіне жүгініңіз.

8.Педагогикалық іскерліктің бәрі сияқты,оқушылармен араласа білу де біртіндеп келеді. Окушылармен қарым-қатынас жарасымдылығы — тиісті білім, іскерлік және тәжірибе бірлігі. Пән айырмашылығына қарамай өздеріңіздің тәжірибелі әріптестеріңіздің сабақтарына барыңыздар, олардың оқушылар алдында өздерін қалай ұстайтынын, қай уақытта және қандай ескертпелер жасайтынын, тәртіп бұзғанға қалай қарайтынын, тіпті оқушыларды қалай тыңдайтыны, қалай отырып, қалай тұратынын, класта қалай жүретінін де байқаңыздар.

9.Әрбір оқушының өзіндік келбетін, класта жақсы көрінуге, өрлеп-өсуге тырысуын қадір тұтыңдар. Табыс адамға қанат бітіреді, сәтсіздік, оның үстіне бірыңғай сәтсіздік қажытады. Педагогикалық тұрғыдан алғанда ол қаншалықты бетімен

кеткен болса да, оқушыны мақтауға сылтау іздеңіздер. Егер окушының өзі мұндай сылтауға мүмкіндік бермесе, оны өзіңіз табыңыз. Орынды мактау - ондаған ескертуден пайдалы.

10.Тұтас класпен тіл табысу белгілі бір дәрежеде сіздің әр оқушымен жеке тіл табуыңызға байланысты. Оқушымен оңаша болуға, мектептен бірге қайтуға, көшеде, паркте, стадионда бейне ойламаған жерден жолыққандай кездесуге уақыт табыңыздар. Егер сіз әдеп сақтасаңыз, не боса соған ілініспесеңіз, ақылгөй болмасаңыз, онда сіз белгілі бір оқушымен, яғни бүкіл класпен жақындаса түсесіз.

11.Оқушылардың ата-аналарын қуанышқа бөлеңіздер. Өз оқушыларыңызды көп жамандамаңыздар. Балалары туралы ата-аналарына көп шағынсаңыздар, олар балаларын қорғаштайды немесс окушылармен қарым-қатынастарына көмегі тимейтін, қайшы шаралар қолданады. Оның үстіне басқа біреудің әрекетімен орнаған тәртіп тиімсіз болады. Оқушылармен өзара қарым-қатынас - өздеріңіздің төл істерІңіз.

12.Реті келгенде оқушыларға өздеріңіз де бар жақсылықты қабілеттгілігіңізді, іскерлігіңізді көп білетіндігіңізді, әдеттеріңізді және т.б. асырмай, жасырмай көрсете біліңіздер.

13.Өз оқушыларыңыздың сенімін актаңыздар. Бұл сенім оқушылармен қарым-қатынастарыңыздың ұшар шыңы, олардың жан-дүниесіне енер жол. Бір оқушының сенімін ақтамасаңыз бүкіл класс сенімінен айырылуыңыз мүмкін.

14.Жылдан-жылға, күннен-күнге, оқушылардың бойына азаматқа тән жоғары сезімдерді, еңбек адамын қадірлеуді, өз Отанына деген сүйіспеншілікті, оның мүддесіне өзінің барлық күші мен барлық өмірін жұмсауға дайындықты сіңіре беріңіздер.




Тақырып-5. Жаһандану кезеңіндегі педагог даярлығы
Қазіргі таңда заман талабына қарай мұғалімдік қызметтегі адамдарға талаптар да күшейе түсті. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында (2007 ж.) педагогтардың негізгі құқықтары мен міндеттері анықталған. Аталған занның 7 тарауының 50-51 баптарында педагог қызметкердің мәртебесі анықталып, олардың кәсіптік шеберлігіне, оқушыларға сапалы білім мен тәрбие бере алуларына байланысты жауапкершіліктері мен міндеттері қарастырылған.

50-бап. Педагог қызметкердің мәртебесі.

1. Білім беру ұйымдарында, сондай-ақ білім беру бағдарламаларын іске асыратын басқа да ұйымдарда білім алушылар мен тәрбиеленушілерді оқытуға және тәрбиелеуге байланысты білім беру қызметімен айналысатын адамдар педагог қызметкерлерге жатады.

Мемлекеттік білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлері азаматтық қызметшілер болып табылады.

2.Мемлекет қоғамдағы педагог қызметкерлердің ерекше мәртебесін таниды және кәсіптік қызметін жүзеге асыруы үшін жағдайлар жасайды.



51-бап. Педагог қызметкердің құқықтары, міндеттері мен жауашершілігі.

1. ТиістІ бейіні (профиль) бойьшша арнайы педагопык немесе кэсіптік білімі бар адамдар педагогтық қызметаен айналысуға жіберіледі.

2. Педагог қызметкердің:

1) кәсіби қызметіне арналған жағдаймен қамтамасыз етіле отырып, педагогтік қызметпен айналысуға;

2)ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-эксперименттік жұмыспен айналысуға, педагогтік практикаға жаңа әдістемелер мен технологияларды енгізуге;

3) жеке педаготтік қызметке;

4) тиісті білім беру деңгейіндегі мемлекеттік жалпыға міндетті стандарт талаптары сақталған кезде педагогтік қызметті ұйымдастырудың әдістері мен нысандарын еркін таңдауға;

5) білім беру ұйымдарын басқарудың алқалы органдарының жұмысына қатысуға;

6) ұзақтығы төрт айдан аспайтын, бес жылда кем дегенде бір рет біліктілігін арттыруға;

7) санатын арттыру мақсатында мерзімінен бұрын аттестатталуға;

8) педагоггік кызметгегі табыстары үшін мемлекеттік наградалар, құрметті атақтар, сыйлықтар мен атаулы стипендиялар түріндегі моральдық жэне материалдық көтермеленуге;

9) өзінің кәсіптік ар-намысы мен қадір-қасиетінің қорғалуына;

10) әскери қызметке шақырылу мерзімінің кейінге қалдырылуына;

11)ғылыми қызметпен айналысу үшін педагогтік стаж сақтала отырып, шығармашылық демалыс алуға;

12) білім беру ұйымы әкімшілігінің бұйрықтары мен өкімдеріне шағымдануға құқыгы бар.

3. Педагог қызметкер:

1) өзінің кәсіптік құзыреті саласында тиісті теориялық жэне пракгакалық білімді жэне оқыту дағдыларын меңгеруге;

2) мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарына сәйкес көрсетілетін білім беру қызметтерінің сапасын қамтамасыз етуге;

3) білім алушыларды жоғары имандылық, ата-аналарына, этномәдени құндылықтарға құрмет көрсету рухында, қоршаған дүниеге ұқыпты қарауға тәрбиелеуге;

4) білім алушылардың өмірлік дағдыларын, біліктіліктерін, өздігінен жұмыс істеуін, шығармашылық кабілеттерін дамытуға;

5) өзінің кәсіптік шеберлігін, зияткерлік, шығармашылық жэне жалпы ғылыми деңгейін ұдайы жетілдіріп отыруға;

6) бес жылда кемінде бір рет аттестаттаудан өтуге;

7) педагогтік әдеп нормаларын сақтауға;

8) оқушылардың, тәрбиеленушілердің жзне олардың ата-аналарының абыройы мен кадір-қасиетін қүрметтеуге міндетті.



Міндеттері мен педагогтік әдеп нормаларын бұзғаны үшін педагог қызметкер Қазақстан Республикасының зандарында және еңбек шартында көзделтен жауаптылыққа тартылуы мүмкін. Сонымен,қазіргі заман мұғалімдеріне қойылатын жалпы талаптарға кәсіби кұзіреттілік, бәсекеге қабілеттілік, әлеуметтік белсенділік,шығармашылық қабілеттерінің жоғары деңгейде дамытуды жатқызуга болады.

Мұғалім қызметі тек болашаққа ғана бағытталған. Мұғалімнің іс-әрекеті, қызметі балалардың болашағына байланысты болып келеді. ¥стаз еңбегінің нәтижелілігі де келешекте ғана көрініс береді. Мысалы, мұғалім еңбегінің жемісі нақты бір іс-әрекет жасағаннан кейін емес, айлар, жылдар өткен соң, шәкірттің бір табысқа қол жеткізуіне байланысты бағаланады.

Жаңашыл-педагог Ш.А. Амонашвили: «Біз болашақтың адамын, жаңадан қалыптасқан адамды бейнелеуге міндеттіміз. Биік адамзаттық, ортақ іске берілгендік, халық, мемлекет алдындағы өзіміздің қалтықсыз парызьмызды сезіну бізді осындай адам етеді. Біздің әрқайсымыз - жүздеген тағдырдың туындатушымыз, біздің шәкіртеріміздің бақыты ұста дүкеніндей - кластарымызда шыңдалады!... Біздің жанымызда, бәрі де: күлкі де, қатыгездік те, ұстамдыльқ та, қарапайымдылық та, киген киіміміз де, біліміміз де, зеректік те, адалдық та, интеллектілік те, үйірімділік те, өмірга деген сүйіспеншілік те өріліп тұруы тиіс. Адамдағы кісілерге ұнаған таңдаулы қасиет атаулының бәрі тән болуы керек» - деп мұғалімдер тұлғасын жоғары бағалайтыны да осы мамандықтьң адам өміріндегі маңыздылығының бір дәлелі деуге болады.



Тақырып-6. Қазіргі қоғамдағы мұғалімдік кәсіптің әлеуметтік маңызы.

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын жетілдіру мәселесі осы қоғамдағы адами фактор мәселесімен тікелей байланысты, себебі жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті жастар мен құзіретті мамандар ғана қоғамның өркендеп дамуына елеулі үлес қоса алады. Қоғамымыздың қарқынды дамуы үшін бәсекеге қабілетті, әлеуметтік белсенділіктері дамыған жас мамандар қажет. Ал осындай азаматтар тұлғасын қалыптастыруда олардың ата-аналарымен қатар білім беру мекемелеріндегі мұғалімдердің ерен еңбектері мен игі істерінің алатын орны зор.

Мұғалімдік кәсіптің ежелден қалыптасқанын баршамыз білеміз. Адамдар қай қоғамдық формацияда болмасын жас ұрпакқа өз тәжірибесін жеткізіп, білгендеріне үйретіп және мақсатты, саналы түрде өмір заңдылықтарын меңгертуге талпынған.Адамзат қоғамының қай даму сатысында болмасын мұғалімдік кәсіптің атқаратын рөлі ерекше жоғары бағаланған. Мектеп және білім беру жүйелері өскелең ұрпақтың әлеуметтенуіне, қоғам дамуына сәйкес тәрбиеленуіне қашан да елеулі үлесін қосып келеді.

Білім берудің өзін қазіргі таңда ауқымы кең әлеуметтік процесс ретінде қарастыра отырып болашақ мұғалімдерді даярлау барысында кәсіпке баулу және әлеуметтендіру процесстерін ұлітастыру қажеттілігін аңғарамыз. Педагогикалық жоғары оқу орнына келген әрбір студент жоғары сапалы деңгейде таңдаған кәсібін меңгеруі кажет, онсыз нағыз мүғалім, нағыз педагог тұлгасы қалыптаспайды, және онсыз кәсіптік білім беру ұғымы өзінің бастапқы мәнін де жоғалтып алуы мүмкін.

Мұғалімдік мамандықтың қыр-сырын ашу үшін оның басқа мамандықтарға қарағандағы әлеуметтік құндылығын, оның қоғамдағы орны мен рөлін тереңірек қарастырған жөн.

Сан-алуан мамандықтардың ішінде мұғалім мамаңдығы «адам-адам» жүйесіне катысты мамандық, бірақ осындай жүйеде адаммен тығыз жұмыс істейтін басқа да мамандык иелсрі жеткілікті. Мысалы, дәрігер, юрист, артисттер, сатушылар т.с.с. мамандар да адамдармен тығыз қарым-қатынаста болады ғой. Педагог мамандығының маңыздылығы оның қогам дамуындагы рөлімен анықталады. Педагог мамандығында жетекші идея, негізгі міндет - адам дамуының мақсаттарын түсініп, басқа адамдарды сол мақсаттарға жетуге бағыттау.

Яғни, мұғалім өскелең ұрпақты қоғамның болашақ азаматтары ретінде тәрбиелеп, олардың әлеуметтенуіне байланысты жұмыстар атқарады. Мұғалімдер қоғамдағы ғасырлар бойы қалыптасқан әлеуметтік тәжірибені саралап ең дұрыс және ең қажетті жақтарын жас өспірімдердің бойында қалыптастыруға тырысады. Сонымен қатар мүғалімдер жас өспірімдердің дүниетанымдарын, ұлттық сана сезімдерін, салауатты өмір салтына деген көзқарастарын калыптастырады. Яғни, мұғалімдерді баланың қоғамдық қатынастарға бейімделуін, әлеуметтенуін басқарушысы ретінде қабылдауға болады. ¥лы орыс педагогы К.Д.Ушинский мұғалім мамандығын жоғары бағалай отырып: «Мұғалім мамандығы сырттай қарапайьш болғанымен - тарихтағы ең ұлы істердің бірі» - деген сөздері шынайылыққа үйлеседі.

Адамзат тарихында мұғалім мамандығының ең маңызды ерекшеліктерінің бірі -оның қай елде болмасын ең кең таралғандығы.

Мысалы, Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарын бітіруші түлектерінің басым көпшілігі педагогтар екенін атап айтуға болады. Бұл нені білдіреді? Бұл дегеніміз педагог мамандығының қоғам дамуы үшін аса қажеттілігінің, зор маңыздылығының көрсеткіші, себебі егер бұл мамандыққа қоғам тарапынан сұраныс болмаса, мұндай көп мамандарды даярлау кажеттілігі де болмаушы еді. Бұл мамандык мәңгілік ескірмейтін мамандықтардың бірі. Жьл сайын жоғары оқу орындарында арнайы даярланған жоғары білімді педагогтар қоғамымыздың білім беру мекемелерінде педагогикалық еңбекке кірісіп жатса да, мұғалімдер саны жетіспейді. Қазіргі үздіксіз білім беру жүйесінің дамуына байланысты сапалық деңгейлері жоғары, кәсіби кұзіретгі мұғалімдерге деген сұраныс жыл сайын күшейе түсуде.



Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
umkd -> «Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет