Өтімділік тәуекелдігі. Ең жақсысы балансталмаған өтімділік тәуекелдігі деп атау керек. Ол қаржылық активтерді тез арада шығынсыз төлем қаражаттарына айналдыру мүмкінсіздігімен байланысты. Банктерде өтімділіктің қамтамасыз етудің екі түрі болады:ішкі және сыртқы.
Ішкі өтімділік – инвестордың көзінше ақшаны орналастырудың сенімді объектісі болып табылатын, тұрақты нарығы бар тез іске асырылатын активтер.Бұған мемлекеттің бағалы қағаздары - 1,3,6,9 ай ішіндегі қазыналық вексельдер жатады.
Сыртқы өтімділік, оның өтімді қаражаттар қорын ұлғайтатын кейбір міндеттемелерді банктің нарықтан сатып алу жолымен (басқа банктер федералдық қорлардың қалдықтарын сатып алу, қолдан-қолға ауыспалы салым сертификаттарын, т.б. сатып алу) қамтамасыз етілуі мүмкін.
Егер де банктер ертеректе тез іске асырылатын активтер құру арқылы ішкі өтімділікті қамтамасыз етуге ұмтылған болса, ал қазір олар активтер мен пассивтерді бір тұтас басқару есебінен баланс өтімділігін қамтамасыз етуге тырысады.
Бұл тұста ұсақ банктер өтімді активтер құруды дұрыс көрсе, ірі банктер пассивті басқару саясатын (керек уақытта бағалы қағаздарды сата отырып, кейіннен қайта қайтарып алу туралы келісім-шарт жасалу жолымен банктік активтерді сату-сатып алу, коммерциялық бағалы қағаздарды қолма-қол шығару және т.б.) жүргізуді қалайды.
Бұл тәуекелді Ұлттық банктің белгіленген міндетті өтімділік нормасын сақтау жолымен, сол сияқты орналастырылған активтер мен банк пассивтерінің қайтарылу мерзімдерін көлбеу жолымен басқарады.
Өтімділік деңгейін қамтамасыз ету тәсіліне төмендегілер жатады:
Пайыз мөлшерлемесін өзгерту жолымен жаңа депозиттер тарту;
Айналыста жүретін депозиттік сертификаттар, облигациялар, т.б.;
Қарыздар және бағалы қағаздар портфелінің бір бөлігін сату;
Пассивтерді даферсификациялау, яғни қарыздарды ұсақ мөлшері бойынша жинақтау;
Несиелерді қайтарып алу
Ұлттық банктен, т.б. несиелер алу;
Қажетті өтімділік деңгейін ұстап отыру үшін, банк пассивтің төмендеуі және несиеге деген сұраныстың ұлғаюы, яғни коньюнктуралық өзгеру мүмкіндігін болжауға тиіс.
Пайыз мөлшерлемесінің өзгеру тәуекелдігі – бұл мөлшерлемелерінің ауытқуы салдарынан мүмкін болатын зияндар. Соңғы уақытта, Батыста инфляция және реттеу саясатын жүргізу нәтижесінде пайыз мөлшерлемелерінің тұрақсыздығы байқалуда. Пайыз мөлшерлемесінің артуы, тұрақты пайыз әкелетін бағалы қағаздар бағасының түсуіне жол беріп, нәтижесінде банктің портфелінің құнсыздануына және бағамдық зияндардың болуына әкеледі. Әр түрлі сегменттеріндегі пайыз мөлшерлемелерінің секірмелі өзгерісі банктің операцияларының пайымдылығына қатты әсер етеді.
Пайыздық тәуекелдікті нарықтық деп атауға болады, егер ол ашық нарықтағы бағалы қағаздар бойынша операциялармен байланысты болса. Мұндай тәуекелдік бірқатар себептермен байланысты болады. Солардың ішінде қарыздық пайыз формасының ауытқуы, эмитент-компаниялардың пайдалығы мен қаржылық жағдайының, сондай-ақ инфляцияның өзгерісі бар.
Пайыз тәуекелдігін былай төмендетуге болады.
Пайыз тәуекелін сақтандыру.
өзгермелі пайыз мөлшерлемесімен несиені беру.
Мерзімді келісімдер – банк пен қарыз алушының арасында арнайы форвард келісімін жасау, яғни қарызды келісілген мерзімде белгілі бір сомадан және белгіленген мерзімге беру туралы келісім жасаумен байланысты тәуекелден қорғану әдісі.
Пайыздық фьючерстік контрактілер.
Пайыздық опциондар – опцион ұстаушыға қысқа мерзімді қарыз немесе депозитті тұрақты бағада мерзімді қарыз белгілі бір күн жеткенге дейін сатып алуға немесе сатуға құқық беретін келісімді білдіреді.
Пайыздық своптар – бұл белгілі бір сомаға, бірақ әр түрлі шартпен жасалатын несиелік міндеттеме бойынша пайыздық төлемдердің айырбасын (мысалға, пайыз мөлшерлемесі әр түрлі қарыздық капиталдар нарығындағы мөлшерлемелерге бағытталған немесе тұрақты, өзгермелі болуы мүмкін) түсіндіреді.
Валюталық тәуекелдік– ұлттық валютаға қатысты шетел валюталарының бағамдараының өзгерісімен байланысты валюталық (бағамдық) зиян шегу қаупі. Валюталық тәуекел бір валюта бағамдарының әр түрлі валюта нарықтарында сәйкес келмеуінен немесе әр түрлі уақыт кезеңінде валюта бағамдарының айырмашылығынан түзілетін алып-сатарлық табыс алуға тырысатын банктерде өте жоғары келеді.
Валюталық тәуекелдікті төмендету мақсатында көбіне пайыздық тәуекелдік қолданылатын әдістер пайдаланылады валюталық фьючерс контрактілері, валюталық опциондар, валюталық своптар. Сонымен қатар, несиелік келісім-шартруіне байланысты өзгерісінің алдын алу үшін төлем құралы ретінде тұрақты валютаны талдау әдісі қолданылады.
Валюталық тәуекелдігін былай төмендетуге болады.
Шетел валюталары бағамдарының ауытқуын үнемі бақылау;
сақтандыру;
форвард контрактілерін жасау.
Сонымен, біз қай тәуекелдік банктік қызметте болатыны және оны төмендетудің негізгі әдістерін қарастырдық. Мұндай шараларды жасау тәуекелдік шеңберіндегі банк стратегиясының маңызды компоненті болып табылады.
Демек, нарық шаруашылығындағы банктік қызметтің басты тәуекелдікті және банкротты төмендету арқылы операциялардан түсетін пайданы барынша жоғарылатудан тұрады.
Лекция № 5 Банктің несиелік саясатын басқару және несиелік механизм
Несиеленетін обьектілер және несие қатынасының субьектілері.
Несие комитетінің атқаратын қызметі.
Несиелеу принциптері.
Несиелеудің әдістері және ссудалық шоттардың формалары.
Коммерциялық банктердің несие саясаты.
Шаруашылық жүргізудің нарықтық жағдайында несиенің негізгі формасына банк несиесі, яғни, коммерциялық банк беретін несиенің әр түрі мен тұрпаты жатады. Банк несиесі саласында несиелік қатынастың субьектілеріне шаруашылық органдары, халық, мемлекет және банктердің өздері жатады. Белгілі болғандай, несие мәмілесінде несиелік қатынастың субьектілері несие беруші және қарыз алушы ретінде алға шығады.
Несие берушіге өзінің уақытша бос қаражатын белгілі бір мерзімге қарыз алушының иелігіне беретін тұлға жатады.
Қарыз алушы – қаражатты пайдалану үшін алатын және оны белгіленген мерзімде қайтаруға міндетті несиелік қатынастағы тарап. Банк несиесіне келсек, бұл арада несие мәмілесінің субьектілері ретінде екі тұлға, яғни несие беруші мен қарыз алушы алға шығады.
Коммерциялық банк өз клиенттеріне әр қилы белгілері бойынша жіктеуге болатын несиенің әр түрін ұсынады. Несие бағыты бойынша несиені былайша жіктеуге болады: тұтыну несиесі, өнеркәсіп несиесі, сауда несиесі, ауылшаруашылығы несиесі, инвестициялық несие, бюджеттік несие.
Пайдалану мерзімі бойынша талап етілмелі, мерзімді (қысқа мерзімді, орта мерзімді, ұзақ мерзімді). Мөлшері бойынша несиелер- ірі, орташа және ұсақ, ал қамтамасыз етілуі бойынша- қамтамасыз етілмеген және қамтамасыз етілген несиелер. Қамтамасыз етілу сипаты бойынша кепілзаттық, кепілдікті және сақтандырылған несиелер.
Кәсіпорындардың және өзге де ұйымдық-құқықтық құрылымдардың өндірістік және әлеуметтік қажеттіліктерін банк несиелеудің принциптерін қатаң сақтай отырып несиелейді. Несие принциптері несиелеу жүйесінің негізгі элементтері болып табылатындықтан несиенің мәні мен мағынасын, оның ішінде, несие қатынасы саласындағы заңдылықтардың талаптарын бейнелейді.
Несие принциптері – несиенің қайтарылу мерзімділігі, саралануы, қамтамасыз етілуі, ақылылығы.
Коммерциялық банктердің ссудалық операцияларды басқару бөлімі мынадай екі бағытты қамтиды:
несие операцияларының технологиясын басқару;
несие қатерін басқару.
Коммерциялық банктердің несиелік операцияларын басқару Несие комитетіне жүктеледі. Бұл комитеттің құрамына банктің басқару кеңесі мүшелері мен несие бөлімшелерінің өкілдері кіреді. Несие комитеті пайданы жоғарылатуға тырыса отырып, шығын мен зиянды барынша азайтуға ұмтылыс жасайды.
Несие комитеті несие қатері, қарыздар портфелінің сапасына байланысты барлық сұрақтарды қарайды. Яғни,
- несие саясатының рейтінгісін жасайды;
- несиені бөлу немесе беру критериилерін қарастырады;
- бизнестің аймақтық, салалық түрлеріне байланысты шектеуді белгілейді;
- қарыз алушыға берілетін несие көлемінің шектеуін белгілейді;
- үмітсіз қарыздарды қайтару саясатын жасайды;
- несие құжаттары мен оның берілу тәртібінің, несие кепілзатының стандарттарын белгілейді;
- банктің несиелік қызметінің ауқымын кеңейту саясатын жасайды.
Коммерциялық банктердің Несие комитеті несие ақысын белгілегенде мына факторларды ескеуі қажет:
коммерциялық банктердің ҚР ҰБ-ға беретін ссуда бойынша проценттің базалық мөлшерлемесі;
несие ресурстарының құрылымы (тартылған қаражаттың үлесі неғұрлым жоғары болса,несие соғұрлым қымбат болуы керек) ;
шаруашылық жүргізушілердің несие сұранысы;
несие сұралатын мерзім және несие түрі, дәлірегі, қамтамасыз етілуіне қарай банк үшін оның қатері;
елдегі ақша айналысының тұрақтылығы.
Несиенің және ол үшін алынатын проценттің қайтарылмай қалу қатері, қаражатты жеткізушінің уақтылы ала алмай қалу қатері, пайданың алынбай қалу қатерін басқару процесінде шешімін табуы тиіс басты міндеттер:
Қауіп-қатер пайда болуының ықтимал жағдайын көре білу;
Болжалды зиянның ауқымын бағалау;
Ескертудің тәсілін немесе оның орнын толтыратын көзді табу;
Қатерлерді басқару проблемасы банк қызметін ұйымдастырумен жауапкершілік жүйесімен және банк жұмыскерін еңбекке экономикалық тұрғыдан ынталандырумен тығыз байланысты.
Шетелдік іс-тәжірибеде жекелеген несие операциясын орындау кезінде негізі жоқ шешім қабылдау қатерін кеміту үшін құзыреттілікті шектеу принципі пайдаланылады. Мәселен, банк филиалы аса ірі мөлшерде кәсіпорынды несиелеу туралы шешім қабылдамайды немесе қатер деңгейі айрықша жоғары операцияларды орындамайды. Мұны көбінесе басқарудың ұжымдық органы орындайды.
Несие процесінің ұйымдастырылуын анықтайтын және несие принциптеріне сәйкес реттейтін элементтердің жиынтығын несие жүйесі деп ұғуға болады. Элементті құраушы ретінде ол мыналарды қамтиды:
несиеленетін операцияға қарыз алушының өз қаражатының қатысу деңгейі және тәртібі;
несиенің мақсатты тағайындалуы: несиелеудің әдісі, ссудалық шоттардың формалары;
ссудалық берешектерді реттеудің тәсілдері;
ссудалық қаражаттың мақсатты әрі тиімді пайдалануына және олардың уақтылы қайтарылуына жүргізілетін бақылаудың формалары мен тәртібі.
Банк іс-тәжірибесінде несиелеудің екі әдісі пайдаланады. Бірінші әдістің мәні: ссуданы беру жөніндегі мәселе жеке тәртіпте әрдайым шешілетін болады. Ссуда белгілі бір мақсатты қажеттілікке беріледі. Бұл әдіс ссуданы нақты мерзімге беру, яғни мерзімді ссудада қолданылады.
Екінші әдісте ссуда банктің қарыз алушы үшін бұрын белгіленген несие лмиті шегінде беріледі. Ол белгілі бір кезең ішінде оған ұсынылатын төлем құжатын төлеу жолымен қажеттілікке қарай пайдаланылады.
Несиелеу әдісі ссуданы беруде және өтеуде пайдаланылатын ссудалық шот формасының пайда болу қажеттілігін тудырады. Қарыз алушыларды несиелеу бойынша операцияларды жүзеге асыру үшін коммерциялық банк мекемесі оларға ссуда шотын ашады: жай және арнайы.
Жай ссуда шоты банк іс-тәжірибесінде көбінесе бір ссуданы беруде пайдаланылады. Ол бойынша берешектер мерзімді міндеттеме-тапсырма негізінде қарыз алушымен келісілген мерзімде өтеледі.
Арнайы ссуда шоты, әдетте, төлем айналымының көп бөлігі несие арқылы жүзеге асатын, банк несиесін ұдайы қажетсінетін қарыз алушыларға ашылады.
Несиелік қамтамасыз етудің маңызды түрлері: кепілзат, кепілдеме, кепілгерлік, несие қатерін сақтандыру.
Банк пен қарыз алушының арасындағы несиелік қатынас несие келісімімен реттеледі. Келісімде мыналар көрсетіледі:
несие, мақсаты, бағыты;
несие мерзімі, сомасы, валютасы;
проценттік мөлшерлемелерді белгілеудің шарты;
несие берушінің несиені уақтылы беру міндеттемесі және қарыз алушының оны уақтылы әрі толық өтеу міндеттемесі;
несиені пайдаланудың және өтеудің тәртібі, процентті төлеудің мерзімі.
Лекция № 6 Консорциумдық несие. Тұтыну және ипотекалық несиелер.
Консорциумдық несиелеудің мәні мен маңызы және қажеттілігі.
Тұтыну несиесі және оның экономикадағы мәні.
ҚР – да халықтың тұтыну қажеттілігіне арналған несиенің проблемалары және даму келешегі.
Ипотекалық ссуда және келісімшартты реттеудің жолдары.
Ұзақ мерзімді несиелеуге арналған несие ресурстарын тартудың қиындығына байланысты және өзіндік қаражаттар шектеулі болғандықтан жекелеген коммерциялық банктер инвестиция саласындағы қажеттілікті қанағаттандыра алмайды. Осы проблемалар банк бірлестігін – инвестициялық мақсаттарға ұзақ мерзімді несие беретін консорциумды құруды талап етеді.
Консорциум несиесі, егер несие мөлшері немесе несие қатері бір банк үшін өте жоғары болатын болса, қысқа мерзімді несиелеуде пайдалануы мүмкін.Консорциум несиесі қатысушы банктердің ресурстарын біріктіру есебінен беріледі, қарыз алушы төлемей кеткен жағдайда осылайша әрбір банк үшін олардың өз ресурстарынан айырылып қалудың қатері шектеледі.
Әрбір консорциумның қызметі бір немесе бірнеше банктің басшылығымен жүзеге асырылады. Банктер басшылықты бірлесіп жүзеге асырса да, араларынан бір банкті жетекші етеді. Жетекші банк клиентурамен келіссөзде жүргізеді, алғашқы сатысында несиелеуге ұсынылған жобаны және операцияларды жүргізумен байланысты тәуекелділіктерді зерделейді, консорциум мүшелері мен клиенттердің арасында ұсынылған мәмілелердің себебі бойынша пайда болған мәселелерге келісімін береді, ең бастысы операцияларды жүргізуге қажет соманы жұмылдырады.
Банк жүйесінде жоғары репутацияға ие, білікті кадрлары бар, несие-қаржы мекемелерімен ауқымды байланыс орнатқан, ауқымды операцияларды жүргізудің белгілі бір тәжірибесін жинақтаған және жеткілікті деңгейде ірі пассивтері бар банк, әдетте, ұйымдастырушы банк ретінде алға шығады.
Несиелеуге ұсынылатын жобаның қатері неғұрлым жоғары болса, консорциумға тартылатын банктердің саны да соғұрлым көп болады және әрбір банк үшін қатердің деңгейі осылайша кемитін болады.
Несиелеу саласында консорциум мәмілелерін ұйымдастырудағы жалпы тәсілдемелерге мыналар жатады:
қарыз алушының және қаржыландырылатын жобаның сенімділігі;
несиелеуге қатыстыру үшін басқа да банктердің келісімін алудың мүмкіндігі;
ссуданы берудің және өтеудің мерзімін, тәртібін нақты анықтау;
қарыз алушының қаржылық қызметі мен инвестициялық жоспарын тиянақты талдау;
ықтимал қатерлер және оларды сақтандыру әдістері.
Консорциум мен қарыз алушының арасындағы несиелік қатынас несие келісімімен реттеледі. Онда мыналар көрсетіледі:
несие мақсаты, бағыты;
несие мерзімі, сомасы, валютасы;
проценттік мөлшерлемелерді белгілеудің шарты;
несие берушінің несиені уақтылы беру міндеттемесі және қарыз алушының оны уақтылы әрі толық өтеу міндеттемесі;
несиені пайдаланудың және өтеудің тәртібі, процентті төлеудің мерзімі.
Несие келісімі бекітілгеннен кейін консорциумның жетекші банкісі қатысушы банктердің қаражатын шоғырландырып, оны насие келісімінде қарастырылған тәртіпте қарыз алушыға береді.
Тұтыну несиесі халықтың әр түрлі тұтынушылық қажетін қанағаттандырудың құралы ретінде қызмет етеді. Тұтыну несиесінің негізгі міндеті – тұрғындарға тауарларды сатуға қолдау көрсету. Бұл несие бөлшек саудамен тығыз байланысты: бір жағынан – тауар айналымының ұлғаюымен несиенің көлемі де өседі, өйткені тауарларға болған сұраныс несиеге де сұраныс тудырады; екінші жағынан – тұрғындарды несиелеудің өсуі төлем қабілетіне сұранысты күшейтеді. Бұл тәуелділік әсіресе, қазіргі уақытта нарықтың тауарлармен толығу жағдайында көрінеді.
Тұтыну несиесі көптеген елдердің экономикасында үлкен роль атқарады, сондықтан ол мемлекеттік органдар тарапынан белсенді реттеуге ұшырайды. Реттеу несие берудің және оны пайдаланудың деңгейінде жүзеге асырылады әрі бұл реттеу несиеленетін операцияға өзіндік қаражатпен бастапқы қатысу, несие мерзімі, процент мөлшерлемесі арқылы түпкілікті тұтынушының несиеленуін мақұлдауда немесе несиелеу режимін катайтуда көрінеді. Тұтыну несиесі тұрғындардың тауарларға сұранысын ынталандырады және олардың өндірісі мен өткізілуінің ұлғаюына жағдай жасайды.
Тауарларды несиеге сатуды барлық меншік формасындағы бөлшек сауда кәсіпорындары сатылу күніндегі баға бойынша жүзеге асырады. Несиеге автокөлік, жиһаз, тоңазытқыш, мұздату камерасы, теледидар және т.б. секілді ұзақ уақыт пайдаланылатын тауарлар сатылады.
Ұзақ уақыт пайдаланылатын тауарларды несиеге сатудың жаңа ережесіне сәйкес несиелеудің шегі азаматтардың еңбекақы деңгейіне қарай анықталып белгіленетін болады. Мәселен, алты айға дейінгі мерзімде бөлектеп төленетін тауар сатылатын болса, берілетін несиенің сомасы тауарды сатып алушының екі айлық еңбекақысынан аспауы керек, ал, 24 айға – 8 айлық еңбекақыдан, 36 айға -12 айлық еңбекақыдан, 48 айға -18 айлық еңбекақыдан және 60 ай мерзімінде төленіп бітуі тиіс несиенің шекті сомасы сатып алушының 24 айлық еңбекақы деңгейінде белгіленеді.
Тұтыну несиесін көбінесе табыс деңгейі орташа жұмысшылар мен қызметкерлер пайдаланады. Бұл ұзақ пайдаланыстағы тауарларды несиеге алу жеке тұлғаларға қолма-қол мәмілеге арқылы алғанға қарағанда едеуір қымбатқа түседі.
Бүгінгі таңда Қазақстан банктері тұтыну ссудасының екі түрін ұсынады:
ағымдағы мақсаттарға арналған несие;
капиталдық сипаттағы шығынға беретін несие.
Ипотека кепілдік берушінің сатуына болатын немесе басқаша жолмен шеттете алатын кез келген мүлікке қойылуы мүмкін. Ипотека жер учаскесіне, кәсіпорын, үй, ғимарат, кез келген жылжымайтын мүлікке, тұрғын үйлер мен пәтерлерге, саяжай, бақша үйлеріне қойылуы ықтимал.
Ипотека заттары кепілдік берушінің меншігі болуы керек немесе толық шаруашылық жүргізуде пайдаланылатын жалпы меншіктегі мүлік. Барлық меншік иелерінің жазбаша келісімі болмаса ипотека қойылмайды.
Жылжымайтын мүлікті кепілге салу туралы негізгі ереже ипотека жөніндегі келісімшарттың кепілхат түрінде бекітілуін қарастырады. Мұндай келісімшарттың нақты заңды күші болуы үшін оны тиісті дәрежеде реттеп, нотариалдық тұрғыдан растау қажет.
Ипотека мемлекеттік тіркеуден өтуі үшін кепілзатты ұстаушының мемлекеттік бажды төлегенін растайтын кепілхат пен құжаттар ұсынылған жағдайда оның өтініші негізінде жүзеге асырылады. Ипотека тіркеуі міндетті шарт болып табылады. Кез келген тұлға тіркеуді ипотека обьектісіне сәйкес жүзеге асыратын органнан тіркеу жазбасының көшірмесін алуға құқылы.
Ипотека тіркеуді жүзеге асыратын органға осыған қажетті құжаттар түскен күннен бастап, он бес күннің ішінде тіркелуі керек. Тіркеу жазбасы мына мәліметтерді қамтиды:
- кепілдік беруші жөнінде мәлімет;
- ипотеканың заты туралы мәлімет, өткен ипотеканың болғанын және ипотекалық міндеттеменің әрекет ету мерзімін көрсету.
Ипотеканың тіркелгені жөніндегі мәлімет кепілхатқа енгізіледі. Онда ипотеканы тіркеген органның толық атауы, ипотеканың тіркелген күні мен орны, тіркеу нөмірі көрсетіледі. Бұл мәліметтер тіркеуді жүзеге асырған ұйымның лауазымды қызметкерлерінің қол қоюымен және мөрімен рассталады.
Ипотека жөніндегі тіркеу жазбасы кепілдік берушінің және кепілзат ұстаушының өтінішімен бірге кепілхат ұстаушының өтініші бойынша немесе ипотеканы тоқтату туралы сот шешімі бойынша өшіріледі.
Кепілзат ұстаушы өзіндегі кепілхатты басқа тұлғаға онымен бекітілген несие келісімшартын қамтамасыз етуде кепілге сала алады. Кепілхаттың кепілдігімен қамтамасыз етілген несие келісімшарты орындалмаған жағдайда ипотекалық кепілзатты ұстаушы кепілхатты кепілге ұстаушының талабы бойынша өз құқығын ипотекалық кепілзатты берушіге табыс етуге міндетті.
Кепілзат беруші ипотекамен қамтамасыз етілген несие келісімшартын орындамаған жағдайда кепілзат ұстаушының талабы кепілге салынған мүліктің құнынан сот шешімі бойынша қанағаттандырылады. Ипотека затын өндіріп алу ҚР Әділет министрлігінің лицензиясына ие мамандандырылған ұйымдардың көпшілікке арналған сауда-саттығында кепілге салынған мүлікті сату жолымен жүзеге асырылады. Көпшілікке арналған алдағы сауда-саттық туралы ақпаратты ипотекаларды сататын мамандандырылған ұйым баспасөзге толық жариялауы қажет.
Лекция № 7Коммерциялық банктердің өтімділігін басқарудың әдістері
Өтімділікті басқарудың мәні мен қажеттілігі.
ҚР Ұлттық банктің екінші деңгейдегі банктердің өтімділігін реттеудегі рөлі.
Өтімділікті басқару және оның әдістері.
Банк өтімділігінің коэффициенті – бұл банк балансының мәліметі бойынша белгіленетін, несиелік және «өтімді» деп аталатын активтер жиынтығының активтердің жалпы сомасына немесе пассивтің бірқатар тиісті баптарына арақатынасын көрсететін көрсеткіші.
Өтімділіктің кеңінен тараған қаржылық коэффициенттері:
ағымдағы активтердің ағымдағы міндеттемелердің қатынасына тең болатын ағымдағы өтімділік коэффициенті;
дебиторлық берешектің ағымдағы міндеттемеге қатынасын қоса алғанда өтімді құнды қағаздар мен қолма-қол ақша сомасына тең өтімділіктің шапшаң коэффициенті.
Коммерциялық банктердің өтімділік коэффициентін әдетте ұлттық банк белгілейді және ол міндетті сипатқа ие немесе ұсыныс түріндегі сипатқа ие болады. Қазақстан Республикасы Ұлттық банкісінің екінші деңгейдегі банктердің өтімділігін реттеудегі рөлі мынада: ҚР Президентінің «Ұлттық банк туралы» Жарлығына сәйкес екінші деңгейдегі банктердің қызметі Ұлттық банк белгілеген нормативтермен реттеледі.
Өтімділікті басқару әдістері. Дүниежүзі банктерінің іс-тәжірибесінде өтімділік әдістер, оның ішінде, жалпы қор қаражатының әдісі және активтерді бөлу арқылы басқарылады.
Жалпы қор қаражаты әдісінің мәні барлық ресурс түрінің активтерін басқару процесіне жатады, атап айтқанда, салым ақшалары мен талап етілмелі шотындағы қаражат қалдығы, мерзімді салым ақшалар мен депозиттер жарғылық қор мен резевтер коммерциялық банктердегі ресурстардың жиынтық қорында бірігеді. Бұл жиынтық қордың қаражаты банк тұрғысынан алғанда пайда әкелуі мүмкін актив түрлеріне бөлінеді.
Бұл арада тиісті активке салынған қаражат өтімділігінің баламалы деңгейін сақтау-міндетті шарт. Осылайша, «пайдалылық-өтімділік» арасындағы байланыстың тепе-теңдігі ұдайы сақталуы керек.
Бұл әдісті пайдалану барысында алдымен бірінше кезектегі резерв, яғни клиенттің несие алу, салым ақшаны өндіріп алу туралы алғашқы өтінішін қанағаттандыруда пайдаланылуы мүмкін қаражатты білдіретін, активтерге орналастырылуы ықтимал қаражат үлесі анықталады.
Банктерінің іс-тәжірибесінде резервтерге шамамен бірінші кезекте Ұлттық банктің корреспонденттік шотындағы қаражатты, коммерциялық корреспондент-банктердің корреспонденттік шотындағы қаражатты, кассадағы қаражатты, Ұлттық банктегі міндетті резервті жатқызуға болады. Содан кейін тиісті табысты әкелетін, өтімді активтерді қамтитын екінші кезектегі резервтерге орналастырылуы мүмкін қаражаттың үлесі анықталады.
Екінші кезектегі резервтерге қысқа мерзімді мемлекеттік құнды қағаздарды, оның ішінде, облигацияларды, аз ғана мерзімге берілетін банкаралық несиені, өтеу мерзімі көпке созылмайтын өтімділігі жоғары ссудаларды жатқызуға болады. Екінші кезектегі резервтертің шамасы салым ақшалардың ауытқу диапазонына және несие сұранысына тәуелді болады. Егер несиеге сұраныс неғұрлым жоғары болса, резерв соғұрлым қажет болады.
Достарыңызбен бөлісу: |