3. Шетел психологиясында мамандауды зерттеу Кәсіби қасиеттердің дамуы қай заманның да өзекті жағдайлары болып табылады. Кәсіби жарамдылық мәселесі Ф. Паркинсон еңбектеріне бастау алады. Ол мамандану процесін кәсіби жарамдылыққа қол жеткізу немесе қалыптасу ретінде қарастырды. Оның критерийі кәсіби жетістік және еңбекке қанағаттану деп атап көрсетті.
Шетел психологиясында маманданудың психодинамикалық, сценарлы теориясы, Д. Сьюпердің кәсіби даму теориясы, Дж. Холландтың типологиялық теориясы белгілі.
Психодинамикалық бағыттың негізін салушы З. Фрейд, кейіннен К.Хорни, А.Адлер және т.б. болды. Бұл бағыттағы кәсіби таңдау бірнеше факторларға негізделген процесс ретінде қарастырылды:
балалық кезде құрылған бейсаналы қажеттіліктер және мотивтер құрылымы;
ерте балалық кездегі сексуалды тәжірибе, арнайы кәсіби объекттер мен тапсырмаларды таңдауда жүзеге асады;
бірнеше комплекстердің пайда болуы.
Сценарлық теорияның авторы Э.Берн болды. Ол мамандық таңдау және кәсіби мінез-құлық процесін ерте балалық шақта қалыптасатын сценарий ретінде сипаттады. Мұндай сценарий адам өмірі жоспарларының жеке бір бағдарламасы болып табылады.
Д.Сьюпердің кәсіби даму теориясы бойынша қандай да бір мамандықты таңдау және өзін-өзі жүзеге асыру өзінің Мен – тұжырымдамасын кәсіпте бекіту болып табылады.
Дж. Холланд типологиялық теориясы бойынша кәсіби таңдау әрбір адамның қалыптасқан типтік ерекшеліктерінде детерминацияланады.
§ 4. Кеңес психологиясында мамандануды зерттеу Кеңес психологиясында мамандану мәселесі В.М. Бехтерев еңбектерінен бастау алып, Е.Климов, В.А. Щадриков, А.К. Маркова, Т.В. Кудрявцев, А.А. Смирнов зерттеулерінде жалғасын тапты.
Тұлғаның кәсіби дамуы проблемасына байланысты зерттеулердің басым көпшілігі үш бағытта тұжырымдалады: кәсіби іс-әрекеттің өзін зерттеу; кәсіби мамандану барысында субъектінің өзін зерттеу; мамандану процесінде жүретін жағдайларды зерттеу.
Кеңес психологиясында мамандану мәселесін екі тұрғыда қарастырады: психологиялық –акмеологиялық және әлеуметтік –психологиялық. Психологиялық-акмеологиялық тұлғаның және кәсіби іс-әрекеттің өзара әсері, тұлға қасиеттеріне және кәсіби жарамдылықтың әрекет стиліне ықпалы қарастырылса, әлеуметтік-психологиялықта- кәсіби қауымдастықтың тұлға мамандануына әсері зерттеледі.