Жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінің іргелі жанрларын қалыптастыруға айтарлықтай үлес қосып, биік белеске шығарысқан аса көрнекті суреткер жазушы, ақын әрі драматург Бейімбет Майлин − өндіре жазып, сөз өнерінің алтын қорына жататын туындылар берген бірегей дарын.
Алғашында ауыл молдасынан оқып, қара таныған зерделі де орнықты бала өзі талпынып, сол ауылдағы татар мұғалімінен сабақ алады. Содан кейін 16-18 жастарында жақын жердегі Әбдірахман Арғынбаев деген кісінің медресесінде оқиды. Білімге құштар Бейімбет осымен тоқтап қалмай, 1913-1914 жылдары Троицкідегі «Уазифа» («Міндет») мектебін бітірген соң, 1914 жылы Уфа қаласындағы Медресе-Ғалияға түседі.
Онда әйгілі оқымыстылар, жазушылар Мәжит Ғафури, Ғалымжан Ибрагимов дәріс беретін. Әйгілі башқұрт жазушысы Сайфи Құдаш пен Мағжан Жұмабаев та осы медреседе қатарлас оқыған. Медреседе шығып тұрған «Садақ» атты қолжазба журналдың 1914 жылы 3-санында Бейімбеттің тұңғыш туындысы – «Шұғаның белгісі» хикаяты жарияланады
1923 жылы Қостанай қаласында «Ауыл» газетін шығарысады, сол кездегі қазақ прозасының айтулы табысы саналған белгілі «Раушан – коммунист» хикаяты алғаш рет сонда басылады. Үкіметтің арнайы шақыруымен 1925 жылы жаңа астана − Қызылордаға келіп, республикалық басылымдарда жауапты қызметтер атқарады.
1934-1937 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторы болады, өмірінің ақырына дейін 1934 жылы құрылған Қазақстан жазушылар одағының басшылық құрамында больш, әдеби істі ұйымдастыру, жас таланттарды тәрбиелеу жұмысына аянбай атсалысады.
1933-1936 жылдары жарық көрген төрт томдық шығармалар жинағын қоса алғанда, көзі тірісінде Б. Майлиннің елу шақты жеке кітабы шыққан. Бұл жағынан кезінде оған теңдес басқа қазақ қаламгері болған емес.