2 дәріс. Оқу - тәрбие үдерісін басқару және инновациялық білім беру мәдениеті
Жоспары:
Оқу - тәрбие үдерісін басқару
Инновациялық білім беру жүйесі
Ұғымдық сөздер: басқару, инновация, инновациялық білім беру, оқыту үдерісі, білім беру, тәрбиелеу, педагогикалық үдеріс.
Әдебиеттер тізімі:
Әлқожаева Н.С.., Төлешова Ұ.Б. Жоғары мектептің оқу үрдісінде педагогикалық технологияларды қолдану (оқу-әдістемелік құралы) Алматы-2009
Мынбаева А.К., Садвакасова З.М. Инновационные методы обучения, или Как интересно преподавать: Учебное пособие. –Алматы,2007.-284 с.
Оқу - тәрбие үдерісін басқару
Оқыту үдерісі - оқытушылар мен студенттердің бірлесіп жасайтын іс-әрекеттерін қамтитын екі жақты үдеріс. Орта мектептерге қарағанда жоғары оқу орындарында студенттердің өз бетімен оқу қабілеті анағұрлым жоғары болуы тиіс. Жоғары мектепте оқыту үдерісі болашақ мамандардың тәрбиеші, ұйымдастырушы болып қалыптасуына көмектеседі. Ал студент өздігінен білім алудың дағдыларын меңгеріп, өзін қоршаған ортада еркін ұсына алуға дағдыланады.
Оқыту үдерісі – білімді , біліктілік пен дағдыны меңгертеді, оқушылардың дүнетанымын, потенциалын, жеке қабілеттерін тәрбиелеп дамытатын іс-әрекет. Оқу барысында білім алушының сана-сезімі, адамгершілік қасиеттері, эстетикалық талғамы, тұлғалық қасиеттері қалыптасып дамиды.
Оқытудың психологиялық, педагогикалық ерекшеліктеріне назар аударайық.
Оқытудың басты мақсаты, әдіс-тәсілдер, мазмұн, міндеттер негізінде қоғам талабынан туындайтын мәселелерді шешуге үйрету. Оқыту – таным үдерісі, яғни білім алушының білімге деген қызығушылығын дамытады.
Оқытудың міндеті– білім алушыны қоршаған ортамен және адам дамуының негізгі заңдылықтарымен қаруландыру. Оқытуда ғылым негіздерін оқып үйренудің өзі, ғылым тарихымен, оның әдістерімен танысу, ұлы ғалымдардың өмірі мен қызметі жайлы ақпарат алады. Яғни, оқыту–дамудың негізі.
Оқыту тұлғаға білім беру, тәрбиелеу және ақыл-ойы мен шығармашылық қабілетін , демек біліктілігі мен дағдысын дамыту негізінде жүзеге асырылады. Мұның мәнісі , жеке тұлғаға кешенді ықпал жасауды көздейді. Осы негізде, оқыту үдерісінің бірінші қызметі – студенттерге білім беру.
Білім беру, біріншіден, ғылым негіздеріне сай білім алушыларды нақты фактілермен, қағида және түсініктермен, заңдылықтармен қаруландыруды қамтамасыз етсе, екіншіден солардың негізінде, айналасындағы әртүлі құбылыстарға олардың ғылыми көзқарасын қалыптастыру.
Екінші қызметі – тәрбиелеу. Оқыту барысында білім алушыларды теориялық білімдер жүйесімен қаруландырып, жеке тұлғалық қасиеттерін қалыптастырып дамыту. Сонымен бірге оқыту барысында тәрбиенің мақсат, міндеттері және мазмұны мен тәсілдері анықталады. Демек , тұлғаға білім бере отырып, оны тәрбиелейміз, тәрбиелей отыра білім береміз. Сөйтіп, тәрбие үдерісі дұрыс ұйымдастырылған жағдайда оқыту барысында қолайлы ықпал етеміз, соның негізінде тұлғаның танымдық қызметі мен оқуға деген қызығушылығы артады.
Үшінші қызметі – дамыту. Оқыту барысында оқушыларға білім беру оларды тәрбиелеу негізінде тұлғаның ақыл- ойы,сана - сезімі , шығармашылық қабілеті т.б. Көптеген тұлғалық қасиеттерінің дамуына біліктіліктері шыңдалып, қабілеттерінің артуына оң әсер етеді. Демек, тұлға жан-жақты қалыптасып дамиды (байқағыштығы, ойы, есі, қиялы, яғни психикалық үдерістері де қарастырылады) .
Педагогикалық үдеріс – тәлім – тәрбиелік қарым – қатынастарды ұйымдастырудың тәсілі. Педагогикалық үдерісті ұйымдастыратын педагог.
Достарыңызбен бөлісу: |