Публицистикалық шығармашылық негіздері


Жыраулар поэзиясындағы публицистикалық сарын



бет7/56
Дата07.09.2022
өлшемі2,01 Mb.
#148925
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   56
Байланысты:
ZhakypB-публикалы0-шы5арма

Жыраулар поэзиясындағы публицистикалық сарын

Заманның толғақты мәселелеріне ел назарын аударып, жақсысын дәріптеп, кемшілігін әшкерелеп бере алған “дала демократиясының” жарқын көрінісінің бірі – жыраулар поэзиясы. Өзінің “Ақындар” атты монографиясында профессор Е.Ысмайылов жыраулар поэзиясының өзгешелігін айқындап көрсетіп берді: “Жырау адам баласы басындағы қайғыны, зарды, ел ішіндегі ауыртпалықты толғау, әлеуметтік, елдік мәселелерді көтеру, тағы басқа әр түрлі өткен-кеткен күйлерді шерту, болашақты болжап, ақыл айтып, батагөйлік ету, шешендік түйіндер жасап, терең ой қозғайды. Бұл жыраудың дәстүрлі ерекшелігі” [87]. Осы анықтамадағы көптеген тұжырым – түйіндер жыраулар шығармаларында публицистика белгілерінің көрініс беретіндігіне айқын дәлел бола алар еді.


Көрнекті қазақ ақыны Әбу Сәрсенбаев: “Кешеге дейін өзімізді өзіміз қоршап, біздің өткеніміз болған жоқ, тарихымыз тек Кеңес өкіметінен басталады, біздің бетке ұстарымыз болма-ған, мал соңында қаңғып жүрген жабайы, меңіреу халық едік, тек ұлы орыс халқының арқасында ғана жер бетінен жойылып кетпей аман сақталдық, патша үкіметі Атамекенімізді отарлап, бізді құрып кетуден сақтады деп келдік. Қазақ хандарының бәрі жауыз, қанышерлер, қазақ жырауларының бәрі керітарт-палар, ал орыс патшаларының бәрі шетінен дана, шетінен халық қамқоршысы деп сандырақтадық. Бізді солай сандырақ-татты” [88, 6 б.], – деп ащы да болса, ашына жазғанындай, өткенімізге бүгінгі тәуелсіз ел ұланының көзқарасы тұрғысынан әділ баға беретін күн туды.
Орта Азия әдебиетінің қайта бас көтеру кезеңі XV ғасыр-лардан басталды. Қазақ хандығының дербес мемлекет ретінде қалыптасуына орай, оның өзіндік әдебиеті мен әдеби тілі де жаңа белеске көтеріледі. Жеке хандар мен қолбасшыларды мадақтаған туындылар көбейе бастады. Олардың ауыз әдебие-тіндегі қаһармандық бейнелері сомдалды. Көсіле жыр төгіп, шешіле сөз маржанын тізетін жыраулар тарих сахнасынан орын алды.
Публицистиканың түп-төркінін зерттеумен айналысып жүрген ғалымдар: “Публицистиканың тарихына тереңінен үңілу – бұл қоғамдық-саяси қызметтің тарихын қарастыруға апаратын бірден-бір жол. Бұл сөз тарихы, ең алдымен ауызша (астын сызған біз. – Б.Ж.), содан соң негізінен жазбаша сөздің саяси қызметке бағышталған тарихы” [89, 24 б.], – деген пікір-ге тоқтайды. Егер де біз кешегі өткен шешендерді, жыраулар мен айтыс ақындарын халықтың үні мен тілі болған, қоғамдық пікір қалыптастырған, қоғам кемшіліктерін сынға алған өз заманының публицистері болды десек, құлаққа тосын естілуі мүмкін. Бірақ газет-журнал жоқ кезде сол хандық дәуірдің ақиқатын елге жеткізіп, халық мұңын ханға жеткізіп отырған сол сахараның саф алтын сөзін пір тұтқан тұлғалары еді. Олардың кейбіреуі – ел билеушілерін асыра мақтап, дәріптеп, оның саясатын жұрт арасында жүргізуіне бас жәрдемші болса, енді біреулері – қарапайым халықтың жанашыры болып, солардың мақсат – мүддесін жүзеге асыру үшін бар күш-жігерін жұмсады, тіпті ұлықтардың әділетсіз, зорлықшыл, қиянатшыл әрекеттерін бетіне басып, айтып салды. Тағы бір жыраулар таразының екі басын тең ұстауға тырысып, билік өкілдері мен халық арасындағы дәнекерлік, қарым-қатынас, байланыс қызметін атқарды. Мұның өзі жыраулар сөзі айты-лып қана қоймай, халықты белгілі бір ой төңірегіне топтасты-рып, белгілі бір істі жұмыла шешуге бағыттап отыратын күшке ие болғандығын айғақтайды. “Бізге дейін жеткен ежелгі мәдениет ескерткіштерінен қазір өзіміз публицистика термині-мен анықтап жүрген дүниені бүгінгі қалыптасқан күйінде таба алмаймыз, бірақ қоғамдық өмірге публицистикалық ықпал ету түрі ерте кезеңдерде де болған, ол ауызекі сөзбен – шешендік өнермен жүзеге асырылған” [90, 13 б.], – деген тұжырымдар да біздің ойымызды бекіте түседі.
Жыраулар поэзиясы дербес мемлекеттілік, оны қорғау мен нығайтуға баса назар аударды, мемлекет пен билеушіге қызмет етті, мемлекетке қызмет ететін публицистиканың ауыз екі нормасын қалыптастырды. Жыраулар мемлекет пен билеушіге қызмет етуді басты мақсат етті. Көптеген жыраулар ханның бас кеңесшісі және идеалы болды. Олар толғауларын хан кеңесінде, бүкілхалықтық жиындарда айтқан. Бұл сөздерде елдегі әлеуметтік ахуалға баға беріп, болып жатқан ірілі-ұсақты оқиғаларға өз пікірлерін білдірген, ханға ақыл-кеңестер беріп, ұсыныстар айтқан, алдағы өмірді сәуегейлікпен болжап отырған.
Жырау хан ордасындағы халық сөзін сөйлейтін өкіл де болған. Ел арасындағы дау-жанжал, жетімсіздік жайларын ше-шуге де ықпал еткен. “Жыраулар шығармаларында оппозиция-лық ой-пікір де көрініс тауып, өзі мақұлдамайтын әмірші-лердің кейбір іс-әрекет, шешімдерін әшкерелеп те отырған.
Жырау поэзиясының басты тақырыптары- қазақ хандығын құрған тайпалардың ынтымағы мен бірлігі, мемлекетті нығайту, сыртқы жаудан елді қорғау, әскери қуатты күшейту мәселелері болды” [91, 551 б.]. Жоқшылық атаулыдан құты-лып, молшылықта өмір сүретін қоғамды аңсады. Соған жетуге ханды да халықты да шақырды. Жыраулар поэзиясындағы басты публицистикалық белгі – оның мемлекетті басқару құралына айналғандығы болып табылады.
Жыраулар – хан сарайы төңірегінде қызмет етті, көпшілігі әскери жорықтарға бірге шығып, өз көзімен көрген батырлар ерлігін, хандар қаһармандығын, жеңістер мен жеңілістерді, қанды шайқастарды суреттеп жырлады. “Қазақ әдебиетінде ғасырлар бойы ауыз әдебиетінің, фольклордың ықпалы басым болып келгені мәлім. Ақындар мен жыраулар фольклор қайнарынан сусындап, шығармаларында ауыз әдебиетінің ағынымен кетіп отырады” [92, 57 б.], – деп жазды профессор Ш.Елеукенов. Жыраулық поэзия да ауыз әдебиетінің бір үлгісі болғандықтан олардың айтқандары ел аузында тез тарап, ұрпақтан-ұрпаққа қаймағы бұзылмай жетті. Бұл туралы Ә.Кекілбаевтың мына бір ойы көкейге қонады: “Шамасы, бағзыдағы бабалар өздері тұрғызып кеткен ескерткіштерден гөрі аңыздарға көбірек үміт артқан болса керек. Өйткені, үн-түнсіз тас ескерткішке тек ғұлама ғалым ғана түсінеді, ал ауыз екі аңызға жұрттың бәрі түсінеді. Тас ескерткіш қирап көзден жоғалады, аңызды жүрген жерде айта жүресің. Сөйтіп бір ұрпақтың тарихы екінші ұрпаққа, бір елдің тарихы екінші елге жетеді” [ЛЖ. 1968, 12 ноябрь]. Жыраулар поэзиясы да ауызша тарағандықтан, көне замандар тарихын бізге жеткізген, халық бар жерде ешқашан жоғалмайтын асыл мұра.
“Орта ғасырлардағы қазақ поэзиясында жыраулар жетекші роль атқарды. Жырау шығармалары әдетте нақыл, қанатты сөздерден құралған философиялық толғаулар түрінде келеді. Толғауларда жырау өзінің замана жайында түйгендерін, мораль, этика хақындағы ойларын баяндайды, елеулі қоғамдық мәселелер көтереді. Сол сияқты, әлем болмыс, тіршілікте жүріп жататын өзгерістер, оның мән-мағынасы жөніндегі түсініктерін де білдіруі мүмкін. Жаугершілік заманда жорықтарға қатысып отырған, кейде, тіпті, батыр, қолбасы да болған жыраулар әскери тұрмысқа қатысты сан алуан жырлар туғызады” [93, 8-9 бб.].
Жыраулар поэзиясы көптеген ғалымдар еңбектерінде әдеби-көркемдік тұрғысынан зерттеліп өз бағасын алды. Біздің мақсат – сол жыраулар поэзиясындағы публицистикалық белгілерге назар аудару.
Жыраулар поэзиясында өз орны бар тұлғалардың бірі – Асан қайғы. Хасан Сәбитұлы – Еділ бойында туып, Ұлытауда дүниеден өткен баба жырау. Ол Алтын Орда ханы Ұлуғ – Мұхамедтің ықпалды билерінің бірі болып, Керей, Жәнібек хандардың тұсында да ақылгөй абыз, Қазақ хандығы құрылар тұста жаңа мемлекеттің ұраншысы болғандығы туралы деректер бар [93, 24 б.]. Ш.Уәлиханов, Г.Потанин еңбектерінде оның XІV-XV ғасырда өмір сүргендігі айтылады. Шоқанның “Записки о киргизах” атты еңбегінде: “Халық есіндегі атақты тамаша философ болып сақталған Асанқайғы жырғалаңда көшіп-қонып жүрген қазақ… Асанның аты тек қазаққа ғана емес, көрші қырғыз еліне де мәлім, ол “Манас” жырында да аталады… Асанды қарақалпақ халқы да жақсы біледі. Олар өздерінің ескі жырауының бірінен санайды”[94,358], – деген мағлұматтар айтады. Қалай болғанда да Асан қайғы жыралары-мен танысқанда, ондағы қазақтың көшпелі тірлігіне, қазақ жеріндегі мекен аттарына, қазақ ханы Жәнібекке қарата айтқан сөздеріне қарап, қазақ жыраулық өнерінің төл өкілі деген тұжырымға тоқтаймыз. Асан атына “қайғы” сөзін халық қосқан. Өйткені Асан жырау ғұмыр бойы халықтың қайғы – мұңын жырлап, елдің тұрмысын жақсартуды армандап, жұртқа “жерұйық” іздеп өткен жан. Жыраудың “Жерұйықты” іздеуі атақты Томас Мордың “Утопиясы” (1516) мен Томмазо Кампа-нелланың “Күн қаласы” (1602) шығармасындағы тыныштық, елге жайлы бейбіт өмір, жақсылық пен мейірімділіктің орталығы болатын мекен іздейтін бүкіладамзаттық қиял-армандармен ұштасып жатыр.

Еділ менен Жайықтың




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   56




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет