Публицистикалық шығармашылық негіздері
ZhakypB-публикалы0-шы5арма
– сөз қадірін, өз қадірім деп түсінген жұртпен бірге мәңгі жасайтын құндылықтар. Жиембет Бортоғашұлы – XVІІ ғасырдың екінші жарты-сында өмір сүрген жырау. Қазіргі Батыс Қазақстан облысының Тайпақ ауданында дүниеге келген. Қазақ тарихында зор рөл атқарған “Еңсегей бойлы ер Есім ханмен” замандас болған. Жиембет жырларының ерекшелігі алдыңғы жыраулардай би, ханды мақтап, дәріптемейді, қайта қарапайым ел атынан сөз алып ханның кемшіліктерін көрсетіп, батыл сынға алады. Кіші жүз құрамындағы он екі ата Байұлының бір атасынан тараған. Жиембеттің ел ішіндегі беделінен сескенген Есім хан оны иесіз аралға жер аударады. Сонда жырау туған жерін қимай, қазіргі Батыс Қазақстандағы жер аттарын атайды, ел батырла-рымен қоштасады: “Қол-аяғым бұғауда,// Тарылды байтақ кең жерім!// Арманда болып барамын,// Қоштасуға аял жоқ,// Қалқаман, Шолан ерлерім!// Қайырылып, қадам басарға// Күн болар ма мен сорға,// Өзен, Арал жерлерім?!// Қиядан қолды көрсеткен// Төбеңе шығар күн бар ма,// Жотасы биік Дендерім?!” [93, 61 б.] – деген жолдарда жырау кеудесіндегі ащы өксік, қайырымсыз ханға уытты сөз, отты ой болып тиеді. Көне жыраулық өнерінің көрнекті өкілі Ақтамберді Сарыұлы мұрасы да – халқымыздың қазынасына қосылған өлшеусіз байлық. Ескі замандағы қазақ тұрмысын түгел бейнелеген “Күлдір-күлдір кісінетіп” [93, 70-73 бб.] толғауы көркемдік деңгейі жағынан аса жоғары бағаланады. Елдік, ерлік, жер мәселесін сөз еткен жырларының да тағылымдық мәні зор. “Ел шетіне жау келсе,// Алдыңа сірә дау келсе,// Батырсынған жігіттің// Күшін сонда сынаса!” [93, 69 б.], немесе “Жауға шаптым ту байлап,// Шепті бұздым айғайлап,// Дұшпаннан көрген қорлықтан// Жалынды жүрек қан қайнап,// Ел-жұртты қорғайлап,// Өлімге жүрміз бас байлап” [93, 69 б.] – деген жолдар Ақтамбердінің өзінің ел қорғаған батыр, жауға қарсы шапқанда жанын аямаған қаһарман екендігін айғақ-тайды. Ақтамбердінің ерлік, батырлық туралы толғаулары Байтұрсынов сөзімен айтқанда “марқайыс, намыстаныс” түрінде [1, 279 б.] болып келеді. Қажыға баруға мал шашқан азаматтарды: “Мекені іздеп нетесің,// Мекеге қашан жетесің,// Әзір Меке алдыңда,// Пейіліңмен сыйласаң,// Атаң менен анаңды” [93, 74 б.], – деп ата-ананың қадірін білуге шақырады. Ақтамберді қазақ жерінің қадіріне жетіп, соны жаудан қорғауды өмірлік мұратына айналдырған. Басқа батыр, бек-терді де соған үндейді: “Еділ, Жайық екі өзен,// Талсыз болар деймісің,// Көкшетаудың көп көлі// Елсіз болар деймісің!// Ботагөзді бойжеткен// Жарсыз болар деймісің,// Абылай қонған кең қоныс// Елсіз болар деймісің!” [93, 76 б.] – деген налыс толғауы соның айғағы. “Он жетіде құрсанып, қылыш ілдім білекке” [93, 67 б.] – деп жазған әрі батыр, әрі шешен, әрі жырау, әрі би Ақтамберді Сарыұлы 70 жыл бойы ат үстінен түспей, елінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап 100 жасқа жақындағанда дүниеден өтеді. Оның жырлары өз заманының шындығын көрсетіп қана қойған жоқ, сонымен бірге ел ертеңі үшін атамекенді қорғауға көпшілік басын біріктіріп отырған-дығымен де аса бағалы. Ақтамберді толғауларынан публицис-тиканың ауызекі түрінің жауынгерлік, пәрменділік белгілері көптеп табылады. Үмбетей жырау Тілеуұлының арнаулары – нағыз публи-цистикалық үнге суарылған деуге негіз бар. Үмбетей жырлары нақты бір өмірде болған тарихи адамға арналуымен де ерекшеленеді. Оның “Бәкеге”, “Жауқашарға”, “Бекболат биге” арнаулары бастан-аяқ аталған адамдардың кемшіліктерін сынап, жұрт алдында әшкерелеуге құрылған. Бұл жырларда жырау қарапайым жұрттың жоқшысы кейпіне енеді. “Бәкеге” арнауында: “Тоқымы кеппей топтанып,// Ел тонауға аттанып,// Жылқышысын дойырлап,// Жылқыларын сойылдап,// Көрші жұртты шулатып// Жаудай шапқан не сұмдық!” [93, 82 б.] – деп қазақ ішіндегі қорғансызды қан қақсатқан “барымташылдық”, “ұрлық” сияқты келеңсіз қылықтарды сынға алса, “Өз малын кізнеген,// Кісі малын іздеген,// Түбінде өз малына ие болмас” [93, 85 б.], – деп Бекболат биді де ашық шенейді. Үмбетейдің “Бұқарға”, “Ақтамберді, Қабанбай” сияқты жырлары ел ішіндегі дауды шешу кезінде сөзбен билік айтып, бітімгершілік жүргізу мақсатында айтылса керек. “Бөгембай өліміне”, “Бөгембай өлімін Абылай ханға естірту” сияқты кең толғаған жоқтауларында байтақ қазақ жерін қорғаған біртуар батыр Қанжығалы Бөгембай ғана емес, бүкіл қазақ батырларына сөзбен сұлу ескерткіш сомдайды. Бұл жырлар сонысымен де құнды. “Бөгембай өліміне” жырында тек Бөгембай ерлігі ерекше екпінмен, публицистикалық сарынмен жырланады. “Баян Аула, Қызылтау,// Абралы, Шыңғыстау, // Қозы Маңрақ, Қой Маңрақ,// Қалмақты қуып қашырдың,// Қара Ертістен өткізіп,// Алтай тауға асырдың!// Ақ Шәуліге қос тігіп/ Ауыр қол жидырып алдырдың!…” [93, 85 б.] – деп төгіліп түскен жыр жолдарында қазақ даласындағы жер-су атаулары айқын аталады, қалмақты жеңіп, елді қорғаудағы Бөгембай батыр ерлігі асқақ рухта суреттеледі. Ал “Бөгембай өлімін Абылай ханға естірту” жоқтауында қазақ елдігінің шаңырағын шайқалтпай, іргесін берік ұстаған, Абылайға шын жәрдемші, кеңесші болып әділ билік қылған билер мен жауға шапқан айбатты батырлар есімі: “…Керейде батыр Жәнібек,// Қаз дауысты Қазыбек,// Қу дауысты Құттыбай,// Қара Керей Қабанбай,// Қанжығалы Бөгембай…// Сары, Баян мен Сағымбай” [93, 87 б.],– болып өшпестей етіп халық санасына, ел жадына жазылады. Үмбетей жырларындағы қазақ халқы бастан кешірген тұтас тарихи оқиғалар көрінісі, нақты жер-су атаулары, нақты өмірде болған тұлғалар бейнесі – бәрі-бәрі жыраулық поэзиядағы публицис-тикалық белгілердің молдығын дәлелдейді. XVІІІ ғасырда өмір сүрген ірі тұлғалардың бірі – Бұқар жырау Қалқаманұлы. Ақылшы, би, абыз қартты қалың жұрт “Көмекей әулие” деп атаған. Ел басқарған Абылай хан Бұқардың даналығын бағалап, өз ордасына шақырып, кеңесін тыңдап отырған. Сол кездегі ел ісін шешуде мемлекет басшысының абыз жыраумен ақылдасып отыруының өзі көрегендік болып табылады. Бұқар жырау хан ордасының идеологы ретінде көп мәселелерді шешуге араласқан. Бұқар жыраудың Абылай қасында болған кезеңде жазған шығармаларында публицистикалық сарын басым. Оның бұл кездегі жырлары мемлекет өміріндегі көкейкесті мәселелерге арналып, қоғамдық қажеттілігімен, тарихи маңыздылығымен ерекшеленеді. Ол “ел-жұртты басқыншы жауға күресте біріктіруге, бір тудың астына топтастыруға күш салды. Өзінің саяси-әлеуметтік мәнді жыр-толғауларымен сол жалынды күрестің жыршысына айналды. Осы мақсатта ол Абылай ханды бірден-бір қажетті басшы санап, оған халық бірлігін сақтап қалатын көсем тұрғысында үлкен сенім артты” [71, 456-457 бб.]. Бұқар да қазаққа жайлы қоныс бар, егер “Жиделі байсын” жеріне барса, қазақ тыныш, жайлы өмір сүреді деп есептеген. Бұл ретте оның Асан қайғы үлгісін жаңғыртқан: “Сырдария суынан// Көлденең кесіп өтіңіз.// Үш жыл малды ту ұстап,// Жиделі Байсын жетіңіз…” [93, 104 б.] – деген жолдарын мысал етуге болады. “Алпамыс батыр” жырында, Асан қайғы, Бұқар толғауларында қайталанып отырған “Жерұйық”, “Жиделі байсын” қоныстары туралы ұғым назар аудартады. Бұл туралы зерттеушілердің әр түрлі пікір – бол-жамдары бар. “Адамзат баласының тарихында ежелгі дүниеден бері құтты қоныс болған, мемлекеттік пен мәдениеттің ошағына айналған бірнеше өлке бар. Олар – Ніл бойы, Ефрат пен Тигр өзендерінің, Инд пен Ганг өзендерінің, Хуанхе мен Янцзы өзендерінің және соңғысы Сыр мен Әму дарияларының арасы. Көне Шығыстың тарихшылары мен ақындары, көпес-тері мен жиһангер сұлтандары Әму мен Сыр өзендерінің ара-сындағы осынау құнарлы қоныс, құдіретті қалалар, қонақжай халықтар орнаған мекенді Мәуреннахр өлкесі деуші еді… Ал, қазақ болса, оның ата-бабалары да Мәуреннахр өлкесін өздерінше – Жиделі Байсын дер еді” [100, 9 б.]. “Жерұйықпен қоса қабат қолданыла беретін Жиделі Байсынға келсек, ол шынымен де бар аймақ және бүгінгі Өзбекстан Республика-сының Сурхандария уалаятында орналасқан деген пікір жолығысады [101, 273 б.]. Жиделі Байсынды қазіргі Жетісу өңірі деп дәлелдейтін қызғылықты болжам да кезігеді 102]. Зерттеуші А. Шәріптің ойынша, “Ергене қон”, “Өтүкен” және “Жиделі Байсын” сияқты нақты атауларға негізделген Жер-Анаға табыну турасындағы халықтың салт-санасы қалыптас-қан [103, 22 б.]. Қалай десек те “Жиделі Байсын” қазақ түсінігінде ертеден қалыптасқан ”құтты қоныс” ұғымының баламасы. Бұқар Шалкиіз, Үмбетей үлгісімен де жыраулық поэзияны дамытып, өмірде болған қазақтың ер тұлғалы батырларын “Қалдан Серен” деген толғауында кең тыныспен толғайды. “Қалданменен ұрысып,// Жеті күндей сүрісіп,// Сондағы жолдас адамдар:// Қара Керей Қабанбай,// Қанжығалы Бөгембай,// Шақшақұлы Жәнібек,// Сіргелі қара Тілеуке,// Қарақалпақ Құлашбек,// Тігеден шыққан Естербек,// Шапырашты Наурызбай,// Құдаменді Жібекбай қасында,// Бақ, дәулеті басында.// Секербай мен Шүйбекбай,// Таңсық қожа, Мамыт бар,// Қасқарауұлы Молдабай,// Қатардан жақсы қалдырмай,// Айнақұл Бәти ішінде,// Өңкей батыр жиылып” [93, 110 б.], – деп қалмақпен ұрыста ерен ерлік көрсеткен, қазақ мемлекетінің қалыптасуына қызмет еткен батырлар рухын көтереді. Сол арқылы қазақ халқының тұтастығын сақтауға әсер, ықпал етеді. Бұқар “Ай, айтамын айтамын”, “Ал, тілімді алмасаң”, “Абылай ханның қасында”, “Кіші қара қалмақ бүлерде”, “Ай, Абылай, сен он бір жасыңда”, “Садыр, қайда барасың”, “Құбылып тұрған бәйшешек”, “Қалданменен ұрысып”, “Қазақтың ханы Абылай”, “Ай, Абылай, Абылай” арнауларында қазақ ханы Абылайдың мәртебесін асырып, ел алдындағы беделін көтеріп, күшті хан төңірегіне топтасу идеясын ұсына отырып, Абылайдың қайталанбас бейнесін жасайды. Абылай хақында айтқан жырларында тек Абылайды марапаттаумен ғана шектеліп қалмай, оған ел мұқтажын да жеткізеді, XVІІІ ғасырдағы қазақтың жалпы саяси ахуалынан да кең хабардар етеді. Осы тұрғыдан келгенде де Бұқардың Абылай туралы арнаулары үлкен әлеуметтік жүкті көтеріп тұрған, нақтылы өмір көріністерін суреттеген, көтеріңкі публицистикалық пафоста жазылған шығармалар. Бұқар арнауларында Абылайды жұртпен санасып, көпшіліктің қамын ойлауға (“Еліңнің қамын же – сана”) [93, 101 б.], қандай шайқаста жеңсе де халықтың арқасы екенін, сондықтан көпке жамандық жасамауға (“Орыспенен соғысып, Басына мұнша көтерген, Жұртыңа жаулық сағынба”) [93, 104 б.], ханды бей-біт өмірге шақырады (“Соғыспа деп жырлайды”) [93, 104 б.], хан мен халық арасындағы мәмлегер рөлін атқарады (“Жау-лаған ханын қара оңбас, Хан қисайса бәрі оңбас”) [93, 105 б.], Абылайдың қазақтың басын біріктірудегі ерен еңбегін көрсетеді (“Елу жасқа келгенде, Үш жүздің баласының, Атының басын бір кезеңге тіредің”) [93, 105 б.], ел мүддесін биік қояды (“Ханның жақсы болмағы – Қараманның елдігі”) [93, 110 б.]. Осы келтірілген үзінділердің бәрінде де мемле-кеттік істерге орасан зор ықпал жасаған Бұқар поэзиясының публицистикалық сарыны айқын көрініс табады. Қоғамдық құрылыстың дамуымен, мемлекеттіктің пайда болуымен бірге әлеуметтік қайшылықтар да айқындала түседі. Әр топ, әсіресе ел басындағылар өз көзқарасын тарату мақсатында идеологиялық құрал іздеді. Кейбір ұлықтар сөз зергерлерін осы мақсатта пайдалануға әрекет жасайды, оларға сый-сияпат көрсетіп, өз пікірлерін таңып, халыққа мақтатып, қошеметшіл поэзияның кейбір түрлерін туғызды. Бұл әлемнің көптеген мемлекеттерінде орын алған ақиқат. Осы шындықты орыстың ойшыл сыншысы Н.А.Добролюбов былай деп пайымдайды: “Адам өз бойынан ең алдымен дене күшінің сапасын таниды да, әрбір халық өзінің алғашқы өсу сатысында қаһармандық аңыздар шығарады. Қара күш біреудің беделін күшейтеді, екінші біреуді тө-мендетеді. Поэзия әлемінде бір адамның екінші біреуді қалай жеңгенін, қандай олжа түсіргенін жырлау пайда болды. Жеңім-паздар жеңілгендерді өзіне бас идіреді және өздерінің право-ларын мойындатады. Осы тұста поэзияда қошеметшіл ода туа-ды. Ал, кейінірек, жеңімпаздар озбырлығы күшейе келе, жеңіл-гендердің күңкіл үні естіле бастайды, олар наразылық білді-реді. Осы кезден бастап әдебиетке сатира келеді. Әуелі жанама жеңіл әзіл, кейін өткір мысқыл бой көрсетті” [104, 280 б.]. Осындай төре, сұлтандардың озбыр қылығын ел алдында әшкерелеп, өткір сынға алған шығармалар – өлеңді қобызбен айтқан Жанақ Сағындықұлы жырларында айқын көрініс тапты. “Жанақ ауыл молдасынан дәріс алып, хадимше хат танып, діни білім алған… Түркістан өңіріндегі Қарнақ медресесінде, Ташкент қаласындағы медреседе оқыған. Жанақ жас кезінен өнер жолына түсіп, домбыра, қобыз тартып, жыр-дастандарды жатқа білген… 1790-97 ж. Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне қатысып, қозғалыс жаршыларының бірі болған…” [82, 526 б.]. Жанақтың бізге жеткен жырларының ішіндегі сүбелісі – “Рүстем төреге айтқан сөзі”. Ақын төрені мақтап сөз бастаған кезде Балқаш жағасында тұратын бір балықшы Рүстемге балық және бір аңшы түлкі алып келеді. Соны көрген Жанақ: “Адал тамақ өтпейді тамағыңнан,// Ұрлық етін саласың қазаныңа…// Тышқанына аңшының жарналас боп,// Балық-шының ортақ боп сазанына// Ұрлап келген жылқыны мәзетіндей,// Кісінеттің тұсыңнан азаныңа” [93, 173-174 бб.], – деп төренің ұрлық жасайтынын, көпті қанайтынын өткір тілмен сынға алады. Рүстем қылышын көтергенде: “Дат айтқызбай шапқан жоқ атаң қылыш// Арғы тегің қанішер Абылайдан// Үш жүздің баласына қанат жайған// Абылай да сенше қан ішкен емес” [93, 174 б.], – уытты ирония, ащы сарказммен жауап қатады, әрі оқиға төре мен ақын арасындағы сұхбат түрінде өрбиді. “Хан түңілді бұл күнде халықтан да,// Ханнан мүлде халық та жалыққан ба?!// Халық-дария, Хан-балық емес пе еді?!// Судан шықса жан кетер балықтан да” [93, 176 б.] – деп көркемдік тәсілмен, салыстырмалы теңеулермен өзі өмір сүрген тұстағы әлеуметтік теңсіздіктің бетін ашып, батыл әшкерелейді. Қазіргі сатиралық публицистиканың алғашқы көріністерінің бірі – осы Жанақ ақынның сыншыл, төрені күлкі еткен шумақтарында жатыр. “Хан – қақпа, халық – қазына, батыр – қорған,// Молда – сүлік әуелден елді сорған.// Шешен – шеңбер болғанда, би – таразы,// Ән – сәнің, күйің – көркің, ақын – жорғаң” [93, 185 б.], – деген жолдар XVІІІ ғасыр аяғы – ХІХ ғасыр басындағы қазақ өмірін, мемлекеттік құрылысын, ондағы келеңсіз жайттар мен ұлттық өнердің шын бағасын береді. Енді бір жырында ер Бараққа мадақ жырын жазып, оның батырлығына тамсанады: “Шұбарым, арғымағым, кермаралым,// Өз заңымша бөлкендік, жандаралым.// Бала күннен бас болған мың сан қолға// Баласы Солтекемнің ер Барағым” [93, 185 б.]. Жанақтың полковник (бөлкендік) сөзін қолдануының өзі, сол замандағы Ресей отаршылдығының, орыс ықпалының әсерін көрсетеді. Жыраулық поэзияның үрдісімен тарих сахнасына дауыл-дата келіп, бар болғаны 42 жас ғұмырында қазақтың сөз өнерінің түндігін желпілдетіп, айтарын тайсалмай айтып өткен жыр дауылпазы Махамбет Өтемісұлы болды. “Жауынгер жырау Махамбет сақара бардтарының ең соңғы тұяғы еді. Ол қанды шайқас, тынымсыз күрес үстінде өткен өмірмен көне жыраулар жүрген жолды қайталайды, ал оның өр рухты асау жырлары әлденеше ғасырлық тарихы бар жауынгерлік поэзияның ең соңғы аккорды болды” [93, 13 б.]. Профессор Х.Сүйіншәлиев: “Махамбет ұл болып туған жастың мақсаты: “Ереуіл атқа ер салу, егеулі найза қолға алу, алты малтаны ас қылып, ат үстінде күн көріп, ашаршылық шөл көріп” жүріп, жаудан кек алу, халықтың арын, жерін қорғай білу деп түсінеді. Міне, Махамбет жарқын ойлы, жалынды ақын ретінде тарихқа осылай келген-ді” [98, 179 б.] – деп Махамбеттің әдебиетке қалай келгенін тап басып көрсетеді. Махамбет қазақ поэзиясын сапалық және көркемдік биікке көтерумен бірге, қазақ публицистикасының қалыптасуына да зор үлес қосқан тұлға. Өз дәуірінің шындығын соншалықты айқын, соншалықты асқақ рухпен жырлаған Махамбет шығар-малары қазақ қоғамының хандық дәуіріндегі әлеуметтік теңсіз-дікті ашып берді. Хан мен халық арасындағы шиеленіскен жағдай, әрі орыс отаршылдарының қысымы күрделендірген қазақ даласындағы ауыр жағдай әсіресе қарапайым жұрт басына түскендігін көрсетті. Ата қонысы Нарыннан айырылған елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, хандар мен сұлтандарды ащы сынға алды. Теңдік іздеген халықтың жоқшысы, Исатай бастаған көтерілістің бас ұраншысы Махамбет өз дәуірінің бас идеологы да еді. Бірақ ол алтын тақтың үстіндегі хандардың емес, езгіден жаны қиналған қалың елдің сөзін сөйледі. Қазақтың қиналған күнінде шыққан ащы айғайы, жан дауысы Махамбет өлеңдерінде өрілді. Бұл туралы академик З.Қабдолов: “Бір кезде керемет ерліктің үлгісі боп көтерілген Махамбет бүгінде егемен елдіктің өшпейтін рухымен осылай астасып жатыр. Ақиқат шындықты “шыңдап” қана қоймай, ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа “шегелеп” қалдыратын ғажайып Сөз өнерінің құдірет-күші деген осындай болады” [105], – деп жазды. Қазіргі қазақ публицистикасындағы өршіл рух, асқақ үн, батылдық пен сыншылдық, өткірлік пен шыншылдық, ел қамына қызмет ететін бүкілқазақтық ұлтжандылық пен керек жерінде “бас кеспек, болса да тіл кеспек жоқ”, – деп әділін айту сияқты мінез, қасиеттер болса – осының бір ұшығы Махамбет жырларында жатқандығы дәлел тілемейді. “Желп-желп еткен ала ту,// Жиырып алар күн қайда?!// Орама мылтық тарс ұрып,// Жауға аттанар күн қайда?!// Жаурынына мұз қатып,// Жалаулы найза қолға алып,// Жау тоқтатар күн қайда?!” [93, 203 б.] – жолдары ежелден жауын-гер қазақ бейнесін көрсетіп, жер қорғаған батырлар қаһарман-дығынан елес береді. Махамбеттің өзі де жорық жыршысы, әрі қол бастаған ержүрек батыр. Бұл оның “Еңселігім екі елі” жырынан айқын көрінеді. “Еңселігім екі елі,// Егіз қоян шекелі// Жараған теке мүшелі.// Жаурыны жазық, мойны ұзын,// Оқ тартарға қолы ұзын,// Дұшпанына келгенде// Тартынбай сөйлер асылмын.// Құла бір сұлу мінген ат,// Құйрық жалын шарт түйген,// Құм сағыздай созылған,// Дулығалы бас кескен,// Ту түбінен ту алған,// Жауды көріп қуанған,// Мен – Өтемістің баласы// Махамбет атты батырмын!” [93, 204 б.] – бұл заманына сай туған, өр тұлғалы, дулығалы Махамбет батырдың өзі сөзбен сомдаған автопортреті десек те болғандай. Махамбет жырларындағы публицистикалық белгілерді молайтатын тұсы – оның ел басқарған ұлықтарды сынға алған, батыл шенеген шығармаларынан көрінеді. “Махамбеттің Жәңгірге айтқаны”, “Махамбеттің Ордадан кетерде ханға айтқаны”, “Жәңгірдің ісі”, “Адыра қалған Нарынның”, “Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқаны”, – деген жырла-рында Жәңгір хан мен Баймағамбет сұлтанның елге көрсеткен озбыр қылықтары әшкереленеді. Ақын Жәңгір ханға ашынған бір тұста: “Хан емессің, қасқырсың,// Қас албасты басқырсың,// Достарың келіп табалап,// Дұшпаның сені басқа ұрсын!// Хан емессің ылаңсың,// Қара шұбар жылансың.// Хан емессің аярсың,// Айыр құйрық шаянсың” [93, 205 б.] , – деп ащы сарказммен қатты сынайды. Кейіннен өз объектісін құртып, жойып жіберуге бағытталатын публицистиканың памфлет жанрында жазылған шығарма осындай-ақ болар. Кезінде зығырданы қайнап, ашу, ыза-кекпен айтылған Махамбет сөздері ғасырлар бойы Жәңгір хан туралы ұрпақ алдында бір жақты пікір қалыптастырып келді. Жәңгірдің елге істеген ілгерілеушілік бағыттағы қызметтері “жабулы қазан” күйінде қалып қойды. Міне уытты сөздің құдіреті, оның пәрменділігі дегенге мысал осындай-ақ болар. Бүгінгі таңда еліміз тәуелсіздік тізгінін алып, тарихымыздың ақтаңдақ беттері ашылып жатқан кезде, өткен өмір құбылыстарына әділ көзқарас тұрғысынан баға беретін күн келді. Кешегі “азуын айға білеген” Махамбет өлеңдерінде “қасқыр”, “жылан”, “шаянға” теңелген Жәңгір ханды да ақтап, баспасөз беттерінде көптеген материалдар жарық көріп те жатыр. Жәңгір ханның қазақ халқы мәдениетінің, білімінің көтерілуіне үлкен үлес қосып, қазақ даласында балалар үшін мектеп ашқандығы мәлім болды. “Жәңгір хан орыс, татар, неміс тілін білген, Жәңгір билік еткен тұста Бөкей ордасында сауда жәрмеңкесі (хан жәрмеңкесі) ұйымдастырылып (1832), дәрігерлік бөлімше, 1838 ж. дәріхана, архив ашылды, хандықтың алғашқы картасы жасалды. 1841 ж. Жәңгір хан өз қаражатына мектеп ашып, онда М.С.Бабажанов, М.Бекмұхамедов, К.Шығаев, т.б. білім алған. Жәңгір сол жылы Қазан университетінің жанындағы ғылыми кеңеске мүше болып сайланып, 1843 ж. Генерал-майор атағын алады. 1844 ж. қазанда Жәңгірдің “Мұхтасар Әл-фикғайат” аталатын еңбегі жарық көрді. Жәңгір асыл тұқымды жылқы өсірумен, қазақ шежіресін жинаумен шұғылданды…” [82, 620 б.]. Сондықтан Жәңгір хан тұлғасына да бір жақты қарамай, оның елге жасаған жақсылықтарын да көрсетіп отырумыз керек. Осы тұрғыда 1998 жылғы 14-наурыз күні Президентіміз Н.Ә.Назарбаев республиканың өнер, мәдениет және ғылым саласындағы шығармашылық зиялы қауымның танымал өкілдерімен өткізген кездесуінде айтқан: “Қоғамның біртұтастығы белгілі бір дәрежеде ақыл-ой иелерінің, талантты тұлғалардың, сөзіне дүйім халық құлақ қоятын азаматтардың позициясына байланысты. Әсіресе әкімнен гөрі ақынды көбі-рек қадір тұтатын Шығыс елдерінде ғалымның, суреткердің беделі ләйім биік болып келеді. Айтқан сөзі өтеді. Бір мысал. Біздің халық Махамбеттей ақын айтқан соң хан Жәңгірдей ұлығымызды да хан емес қасқыр, қара албасты басқыр”, “Хан емес аяр, айыр құйрық шаян” деп санай берген ғой… Сіздер жазған еңбектеріңізде, мақалаларыңызда, көркем публицистикада (астын сызған біз. – Б.Ж.) қоғамның осы “Қазақстан–2030” стратегиясы төңірегіне топтасуы қажеттігін дәлелді айтады, нандыра айтады деп сенемін” [106], – дегенін есте тұтуымыз керек-ақ. Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқанында да ұлық-тың артық кеткен тұстарын бетке айта отырып, ақын жер үшін күресу қазақ батырларының қасиетті парызы екенін былайша жеткізеді: “Еділ үшін егестік,// Тептер үшін тебістік,// Жайық үшін жандастық,// Қиғаш үшін қырылдық” [93, 226 б.]. Осы және басқа өлеңдердегі Еділ мен Жайық, Арқа, Нарын, Бекетай құмы, Орынбор, Барша құм, Дендер, Сағыз, Жем, Алатау, Теңіз, т.б. жер-су атауларының кездесуі де – Махамбет шығармаларындағы нақтылы публицистикалық белгілердің бар екендігін айғақтайды. Махамбет жырларында кездесетін тарихта болған адамдардың аты аталуы да – ақын шығарма-ларын шындық өмірге жақындататын публицистикалық сипатын арттырады. Мәселен Өтеміс – Махамбеттің әкесі, Исатай – Батыс Қазақстандағы 1836-1838 жылдардағы шаруа-лар көтерілісінің басшысы Исатай Тайманұлы, Жәңгір Бөкейханұлы – Бөкей ордасының ханы, Баймағамбет – сұлтан, Қаныкей – сұлтанның әйелі, Тінікей – сұлтанның туысы, Жақия – Исатайдың баласы, Махмұт – Махамбеттің ұлы, Айшуақ – Жәңгір ханның атасы Айшуақ хан, Байбақты Жүніс, Ерсары, Қалдыбай, Қабыланбай, Рысалы, Көбек – қазақ батырлары, Шонты би – Кіші жүз билерінің бірі. Махамбет жырларында Ағатай Беріш, Егіз, Балқы, Он екі ата Бай ұлы, Әлім сияқты ру, ата аттары да аталады. Мұның бәрі Махамбет шығармаларына шынайы деректер негіз болғандығын көрсе-тетін публицистикалық белгілер. “Махамбет өлеңдеріндегі келелі мәселе – кезінің кескілескен күрес дүбірі. Оның өлеңдеріндегі шынайылық та сол мәселе тұрғысынан танылмақшы. Ақын өзі бастаған қозғалысты бастан аяқ жырлау арқылы сол тарихи оқиғаның шындық көрінісін түп-түгел көз алдыңнан өткізеді. Мысалы, өзінің “Соғыс” деген өлеңінде ақын Бекетай құмында болған бір айқастың қалай басталып, немен тынғанын баяндайды” [98, 185-186 бб.]. “Исатай басшы, мен қосшы,// Исатайдың сол күнде// Ақтабан аты астында,// Дулығасы басында// Зығырданы қайнайды,// Астына мінген ақтабан// Ақ бөкендей ойнайды.// Қасына ерген көп әскер// Маңыраған қойдай шулайды.// Жау бір өрттей қайнайды,// Қайнағанмен қоймайды,// Мылтығын қардай боратып…// Әскердің алды бөгелді,// Қырдан ойға төгілді.// Ханның тобы үш атты…// Топтың үні шыққанда// Сонда батыр жөнелді…” [93, 207-208 бб.] – осы жыр жолда-рынан кескілескен шайқасты көзімен көрген, өзі де араласқан автор ерекше екпінмен, соғыс күйін шертеді. Кейінгі Ұлы Отан соғысы болғанда, біздің публицистер қолданатын публицисти-калық баяндау тәсілі де, шайқас алаңын өз көзімен көрген жауынгер жазатын майдан репортажының да белгілері бар мұнда. Ең бастысы – сонау ХІХ ғасырда өткен шайқас көріністері сол қалпында, өзгеріссіз көз алдыңа келеді. Бұл – Махамбет шығармалары шынайылығының нағыз дәлелі болса керек. Махамбеттің Исатай бейнесін сомдаған арнаулары мен жоқтау өлеңдерінің көтерер жүгі өз алдына бөлек. Мұнда ақынның елді соңынан ерте білген Исатайдай қолбасшыға деген ерекше құрметі, риясыз сезімі ақтарылып төгіледі. Исатайдың дүниеден өтуін – бүкіл халықтың ауыр халімен байланыстырады. «Тайманның ұлы Исатай// Ағайынның басы еді,// Алты ердің қасы еді,// Исатайды өлтіріп,// Қырсық та шалған біздің ел!.. [93, 213 б.], немесе “Исатайды өлтіріп,// Серкесінен айырылып// Сергелдең болған біздің ел” [93, 213 б.], – сияқты төгіліп түскен шумақтардан ел арысынан айырылғандығы, орны толмас қаза екендігі, “Біздің ер Исатай өлген күн, он сан байтақ бүлген күн!...” [93, 213] екендігі қайғылы хабар болып жұртқа жетеді. Исатайдың қайталанбайтын арыстан тұлғасы жауһардай тізілген сөзбен сомдалады. Дәл осы тұста академик З.Қабдоловтың: “Қазақ әдебие-тінің ұлы материгіндегі өзгеше бір сырлы арал болып тұрған Махамбет поэзиясының тақырыбы біреу – майдан. Не үшін болып жатқан майдан? Әлгі айтқанымыз: қазақ елінің елдігі, еркіндігі мен егемендігі үшін болып жатқан ерлік майдан. Махамбет тек осы тақырыпты ғана толғады. Оның барлық өлеңін бір жерге топтағанда “Жорық жыры” болып шығатыны сондықтан. Бұл тақырыпты ол және қаламын тістеп отырып ойдан-қырдан іздеп келіп, саусақ арасынан сауып алған жоқ, Исатай екеуі өз қолдарынан жасап алды”[105], – деген тебіреністі толғамы ойға оралады. Махамбет жырларындағы жаңбырдай жауған, қардай бораған “Толарсақтан саз кешіп” [93, 204 б.], “Алтын тақты хандардың, хандығынан не пайда – қарып пенен қасерге туралық ісі болмаса” [93, 205 б.], “Өте шыққан қызыл гүл – бұ дүниенің жалғаны” [93, 207 б.], “Жайықтың бойы көк шалғын, күзерміз де жайлармыз…” [93, 218 б.], “Ертеден салса кешке озған, ылдидан салса төске озған” [93, 218 б.], “Шамдансам, шалқамнан түсер асаумын, Шамырқансам, шатынап сынар болатпын” [93, 220 б.], “Еділдің бойы ен тоғай, ел қондырсам деп едім” [93, 229 б.], “Мұсылманшылық кімде жоқ – Тілде бар да, дінде жоқ” [93, 231 б.], “Қарағайға қарсы бұтақ біткенше, еменге иір бұтақ бітсейші” [93, 232 б.], т.б. деген секілді тұтас сөз тіркестерінің өзінен Махамбет мінезін, Махамбет тұлғасын, Махамбет намысын, Махамбет өсиет-нақылын, Махамбет көрген өмір шындығын тани аламыз. Махамбеттің хат таныған, орысша, мұсылманша сауатты болғандығы туралы сан алуан деректер бар. Соның ішінде біз үшін құнды екі мәселені айтпай кетуге болмайды. Оның біріншісі – 1839 жылы Махамбеттің елде қалған жолдастарына жазған хаты [107], екіншісі – 1845 жылы Орынбор шекара комиссиясына баласы Нұрсұлтанды оқуға алуын сұрап өз қолымен жазған арызы [98, 181 б.]. Бұл екі құжат та терең зерттеуді қажет етеді. Қазақ эпистолярлық публицистика-сының пайда болуында Махамбет жазған хат пен арыздың ерекше маңызы бар екендігі айтпаса да түсінікті. “Халық қайғысын айтуға, Хан ұлынан тайсалмаған” Махамбет Өтемісұлы шығармалары өз дәуірінің айнасы бола білген, әрі сөзбен іс-әрекетке жұмылдырған жыраулық поэзия-дағы публицистикалық сарынның жарқын көрінісі. Жыраулар поэзиясындағы публицистикалық сарын туралы сөз еткенде, мынадай қорытындыға келуге болады: Біріншіден, жыраулар дәуір үнін, замана шындығын жеткі-зеді. (XV – ХІХ ғ.ғ. тарихи шындық); Екіншіден, өмірде болған тарихи нақты оқиғалардың, сол кездегі саясаттың, қоғамдық маңызы зор оқиғалардың көрінісі бола білді. (Қазақ хандығының құрылуы, қазақ-қалмақ шап-қын-шылықтары, орыс отаршылдығы, үш жүздің ынтымағы, Абылай тұсындағы қазақ хандығының нығаюы, сұлтан, төре-лер озбырлығына халық наразылығы, ұлт-азаттық көтеріліс-тері, т.б.); Үшіншіден, жыраулар поэзиясының-мемлекетті басқару құралы, мемлекет идеологиясы деңгейіне көтерілуі; Төртіншіден, тарихта болған хан, би, сұлтан, төрелердің атқарған ісінің, жетістік, кемшіліктерінің жырлануы (Жәнібек хан, Есім хан, Би Темір, Баймағамбет сұлтан, Жәңгір хан, Абылай хан, Рүстем төре, т.б.); Бесіншіден, қазақ елінің тұтастығын қорғаған батырлар ерлігіне арналған мадақ, арнау жырлары, жоқтаулардың жазылуы (Орақ, Мамай, Ер Шобан, Қабанбай, Бөгембай, Ер Барақ, Исатай, т.б.); Алтыншыдан, жыраулар поэзиясында қазақ даласында қазір де бар тарихи жер, су атаулары келтіріледі (Еділ, Жайық, Сарыарқа, Ойыл, Жем, Сағыз, Өзен, Арал, Шаған, Қара Ертіс, Алтай, Алатау, Шыңғыстау, Баянаула, Абралы, Маңрақ, Сырдария, Балқаш, Нарын, т.б.); Жетіншіден, өмірде болған көптеген адамдар жайынан деректер келтіріледі (Сүйініш, Бозтуған, Бәке, Бекболат, жауқашар, Өтеміс, Жақия, Махмут, Қаныкей, т.б.). Сегізіншіден, жыраулар хан шешімін, жұрт тілегін жеткі-зіп қана қоймайды, белгілі бір іс-әрекетке жұмылдырады, белгілі бір мәселенің шешімін табуға тырысады (Ынтымақ, бірлікке үндеу, ел қорғауға шақыру, орыс отаршылдығынан сақтандыру, азаттық көтерілісіне шақыру, халық мұқтажын өтеу т.б.). Тоғызыншыдан, жыраулар поэзиясында қазіргі публицис-тиканың дәстүрлі өзегіне айналған сөз қайталау арқылы айтар ойды күшейтіп жеткізу, публицистиканың баяндау тәсілі, оқиғаны көзбен көріп бақылау арқылы суреттеу әдісі, өмір фактілерін контрасты түрде салыстыра отырып мәселе мәнісін ашу, үгіттеу, насихат айту, сатиралық публицистиканың алғашқы үлгілері, памфлет, репортаж, сұхбат, хат, суреттеме сияқты жанрлардың бастау алар белгілері көрініс табады. Жыраулар поэзиясындағы публицистикалық сарын арқы-лы біз өткен ата-бабалар өмірінен, олардың әлеуметтік-саяси тіршілігінен сыр тартып, халқы үшін жанын қиған батырлар ерлігімен танысамыз. Мұның өзі қазақ публицистикасының тарихын тереңдете зерттеуге мүмкіндік туғызады. жүктеу/скачать 2,01 Mb. Достарыңызбен бөлісу: |