МИНИСТЕРСТВО ЗДРАВООХРАНЕНИЯ РК КАЗАХСКИЙ НАЦИОНАЛЬНЫЙ МЕДИЦИНСКИЙ УНИВЕРСИТЕТ ИМЕНИ С.Д.АСФЕНДИЯРОВА
Пальпация Кеуде қуысын пальпациялау оның ауыруын, серпімділігін және дауыс дірілін анықтау үшін жүргізіледі.
Кеуде қуысының ауыруын анықтау науқасты отырған күйінде немесе жатқан күйінде жүргізіледі. Пальпацияны қолдың саусақ ұштарымен кеуденің симметриялы бөліктерін басу арқылы атқарады.
Осылайша бұғана үстінің, бұғана, бұғана астының аймақтары, төс, қабырғалар және қабырға аралықтары, сосын кеуденің жан-жағы, жауырын үсті, аралығы және асты пальпацияланады.
Егер науқас аурудан әлсіреген болса пальпацияны жоғарыда көрсетілген кеуде аймақтарында бір қолмен де пальпациялауға болады. Бұл кезде екінші қолмен науқасты демеп ұстап тұру керек.
Ауыратын жер анықталғанда оны нақтылап ұстап көру керек, егер керек болса екі қолмен де (қабырға сынықтарының сықырын, крепитацияларды және т.б. анықтау үшін); науқас тыныс алғанда және шығарғанда, денесін ауру жағына және сау жағына еңкейткенде ауыру сезімінің күшейуі немесе әлсіреуін анықтау керек. Кеуде бұлшық еттерінің, көкірек және арқа бұлшық еттерінің зақымдануына байланысты пайда болған ауыру сезімін дифференциялдау үшін оларды үлкен және сұқ саусақтар арасына қатпарлап жинап көру керек.
Кеуденің серпімділігін оның алдыңғы-артқы және жандарынан басып көріп анықтайды (2.50а сурет). Бір қолдың алақанын төске, ал екінші қолдың алақанын жауырын аралығына орналастырылады. Алақан негізімен күш салып, серіппелі қимылмен (1-2 рет) басады.
Сосын алақандарды кеуде жанының симметриялы бөліктеріне, қабырғаларға параллель орналастырып тағы басып көреді (2.50б сурет).