ҚР Қылмыстық іс жүргізу қҰҚЫҒы пәні бойынша дәрістер конспектісі



бет10/35
Дата15.09.2017
өлшемі6,42 Mb.
#33464
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   35

2. ҚІЖК 40-бабынын, 2-бөлігінде басқа да жағдайларда қылмыстық процесті жүргізуші органның заңсыз іс-әрекетінің салдарынан келтірілген зиянның өтелуіне құқығы болатын адамдар көрсетілген:

—жеке айыптау істері бойынша жеке айыптаушының айыптаудан бас тартқанына қарамастан заңсыз түрде өзіне қатысты қылмыстық іс жүргізілген адамдар;

—рақымшылық актісінің болуына, сондай-ақ қылмыстық жауапқа тартудың мерзімі өтуіне байланысты істің қысқартылуына мүдделі адамның келісім беруіне қарамастан заңсыз қылмыстық қудалауға ұшыраған адамдар;

—қылмыстық іс жүргізу барысында процессуалдық мәжбүрлеу шарасын заңсыз қолдануға ұшыраған адамдар, сондай-ақ заңмен белгіленген мерзімнен артық негізсіз қамауда болған адамдар және т.б.

ҚІЖК-нің 39—40 баптарынын жоғарыда айтылған ережелері соттың айыптау үкімі мына аталған ақтамайтын негіздер бойынша бұзылған не өзгертілген немесе ол негіздер бойынша мәжбүрлеу шаралары жойылған не өзгертілген жағдайларда қолдануға жатпайды: рақымшылық ету актісін қолдану, қылмыстық жауапқа тарту мерзімінің ескеруі, қылмыстық жауаптылықты жоятын немесе жазаны жеңілдететін заңның қабылдануына байланысты (ҚІЖК 40-бабының 5-бөлігі).

Сонымен қатар, егер алдын ала тергеу (анықтау) және қылмыстық істі сотта қарау кезінде бұл адам өзіне өзі жала жабуының салдарынан ақиқатқа жетуге кедергі жасағандығы және сол себепті оған зиян тигенді дәлелденген болса, ол зиян өтелуге тиіс емес (ҚІЖК 40-бабының 4-бөлігі).


3. Ақталған адамның өз құқықтарын білудің және құқықтарын жүзеге асырудың бастапқы шарты қылмыстық іс жүргізу органының ол адамды ақтау туралы шешім қабылдауы болып табылады (соттың ақтау үкімін шығаруы немесе соттың, прокурордың, тергеушінің, анықтаушының қылмыстық істі қысқарту немесе өзге заңсыз шешімнің күшін жою не оны өзгерту туралы қаулышығаруы). Бұл құжатта кімнің және қандай негіз бойынша ақталғандығы көрсетіліп, сол арқылы ақталған адамның зиянды өтеттіру құқығы танылады.

ҚІЖК-нің 42-бабына сәйкес, қылмыстық іс жүргізу органы осы шешімінің көшірмесін ақталған адамға тапсыруы немесе почта арқылы жіберуі тиіс. Мұнымен бірге мүдделі адамға зиянның өтелу тәртібі түсіндірілген хабарлама да жолданады.

Жалпы ереже бойынша, заңсыз іс-әрекетпен келтірілген зиянды өтеттіру ақталған адамның өз құқығы болып табылады. Бұл адам қайтыс болған жағдайда, зиянды өтеттіру құқығы оның мүрагерлеріне немесе асырауындағыларға ауысады және сондықтан құқықтарын түсіндіру хабарламасы оларға жіберілуі тиіс. Мұрагерлердің тұратын жерлері туралы мәлімет болмаған жағдайда, хабарлама олардын, өзі қылмыстық іс жүргізу органына өтініш жасаған күннен бастап бес күннен кешіктірмей жолданады (ҚІЖК-нің 42-бабы).

Мүліктік зиянды өтеу. ҚІЖК-нің 43-бабына сәйкес, ақталған адамға өтелуге тиіс мүліктік зиянға мыналар жатады:

—қылмыстық қудалаудың салдарынан төленбеген жалақы, зейнетақы, жәрдемақы, сондай-ақ пайда етілмеген қаражаттар мен кірістер;

—соттың үкімінің немесе өзге шешімнің негізінде заңсыз тәркіленген немесе мемлекеттің кірісіне айналдырылған мүлік;

—соттың заңсыз үкімін орындау үшін өндіріліп алынған айыппұлдар, заңсыз әрекеттерге байланысты төленген сот шығындары және өзге де сомалар;

—заңгерлік кемек үшін төленген сомалар;

—қылмыстық қудалаудың салдарына келтірілген өзге де шығыстар.

Бұл аталған мүліктік зияндардың ішінде өзге шығыстарға не жататындағы жөнінде сұрақ туындайды. Оған жауап ретінде -ҚІЖК-нің 41-бабында көрсетілген жалпы ереже бойынша, мүліктік зиян толық көлемде өтелетін болғандықтан, ақталған адам қылмыстық қудалаумен байланыстылығы бар барлық шығыстарын өтеуді талап етуге құқылы деп тұжырым жасау қажет. Бірақ, ондай жағдайда талап етуші ол шығыстардың болғандығын құжаттармен дәлелдеп көрсетуі тиіс.

Ақталған адам зиянның өтелу тәртібі түсіндірілген хабарламаны алған кезден бастап ақтау шешімін шығарған органғамүліктік зиянды өтеу туралы талап қоюға құқылы. Егер қылмыстық істі жоғары тұрған сот қысқартса немесе бұл сот үкімді өзгерткен болса, онда зиянды өтеу туралы талап үкім шығарған сотқа жолданады. Ақталған адам кәмелетке толмаған жағдайда, зиянды өтеу туралы талапты оның занды өкілі қоюға құқылы. Ақтау шешімін шығарған қылмыстық іс жүргізу органы өтініш (талап) келіп түскеннен бастап бір айдан кешіктірмей, қажет болған жағдайларда қаржы және әлеуметтік қорғау органдарынан есеп сұрату арқылы мүліктік зиянның мөлшерін айқындайды және инфляцияны ескере отырып, бұл зиянды өтеу үшін төлем беру туралы қаулы шығарады. Егер қылмыстық іс апелляциялық немесе қадағалау тәртібімен қарау кезінде қысқартылған болса, айтылған іс-әрекеттерді бірінші саты бойынша істі қараған сот атқарады.

Мүліктік зиянды өтеу туралы талапты судья шешеді. Судья ақталған адамның талабын (оған қосылған материалдармен бірге) ҚІЖК-нін, 371-бабына көрсетілген үкім шығару кезіндегі тәртіп бойынша қарастырып, ол жөнінде қаулы шығарады. Судьяның бұл қаулысы герблі мөрмен расталып, оның көшірмесі талап қойған адамға тапсырылады немесе почта арқылы жіберіледі. Осы қаулы төлем беруді орындауға негіз болып табылады.

Моральдық зиянның зардаптарын жою. ҚІЖК-де моральдық зиянның ұғымы берілмеген. Бұл ұғым Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2001 жылғы 21 маусымдағы «Соттардың моральдық зиянды өтеу туралы заңнаманы қолдануы туралы» нормативтік қаулысында келтірілген1: моральдық зиян — азаматтың өзіндік мүлікті емес игіліктері мен құқықтарының бұзылуы, кемсітілуі немесе олардан айырылуы салдарынан басынан кешірген жан азабы мен тән азабы болып табылады. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 951-бабына сәйкес, моральдық зиян азаматтарға ғана емес, сонымен қатар ұйымдарға да келтіріледі. Мұнда былай деп жазылған: моральдық зиян — жеке және занды тұлғалардың өзіндік мүліктік емес игіліктері мен құқықтарының бұзылуы, кемсітілуі немесе олардан айырылуы, сонын, ішінде жәбірленушінін, өзіне қарсы құқық бұзушылықтың жасалуы салдарынан басынан кешірген (төзімін тауысқан, ұайымға салған) жан азабы немесе тән азабы (қорлау, ызаландыру, қысым жасау, ашуландыру, ұялту, тұңілту, тән2003 жылғы 20 наурыздағы № 3 қаулының редакциясы бойынша.қиналуы, залал шегу, қолайсыз жағдайда қалу және т.б.).

Моральдық зиян ұғымын дұрыс білудің ондай зиянның зардаптарын жою үшін маңызы бар. Мәселен, егер моральдық зиянды жан азабы ретінде ғана қарап, тән азабы ескерілмейтін болса, онда сот арқылы шешілетін өтемақының мөлшері тән азабының дәрежесіне және сондықтан әділдік талабына сәйкес болмауы мүмкін.

ҚІЖК-нің 44-бабына сәйкес, моральдық зиянның зардаптарын жоюдың екі жолы бар:

1)зардап шеккен адамның абыройын, ар-намысын қорғайтын шараларды жүзеге асыру;

2)моральдық зардап үшін ақшалай өтемақы төлеу. Зардап шеккен адамның ар-намысын қорғау мақсатындажүзеге асырылатын шараларға мыналар жатады:

Біріншіден, ақтау шешімін шығарған қылмыстық іс жүргізу органы ақталған адамнан келтірілген зиян үшін ресми түрде кешірім сұрауға міндетті. Заңның бұл талабы — тиісті адам ақталған жағдайда оған зиянның өтелу тәртібін түсіндіру хабарламасын тапсырумен қатар өз жағынан жіберілген заңсыздық үшін кешірім сұрау қажеттілігін білдіреді. Яғни, ақталған адамға құқықтарын түсіндіру хабарламасы және ресми кешірім сұрау — бұлар екі түрлі ресми құжаттар болып табылады.

Екіншіден, егер адам заңсыз қылмыстық қудалауға ұшыратылып, ал ол туралы және оған қатысты кейіннен заңсыз деп танылған іс-әрекеттер туралы мәліметтер баспасөзде жарияланса, радио, теледидар немесе өзге де бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылса, осы адамның талап етуі бойынша, ал ол қайтыс болған жағдайда оның туыстарының немесе қылмыс-тық іс жүргізу органының талап етуі бойынша тиісті бұқаралық ақпарат құралы бір айдың ішінде бұл адамның ақталғандығы туралы хабарлама жасауға міндетті.

Үшіншіден, ақталған адамның, ол қайтыс болған жағдайда оның жақын туыстарының талап етуі бойынша қылмыстық іс жүргізу органы екі апта мерзім ішінде өзінің заңсыз шешімдерінің бұзылып күшін жойғаны туралы бұл адамның жұмыс істейтін, оқитын, тұратын жері бойынша жазбаша хабарлама жолдауға міндетті.

Бұл айтылған шаралармен қатар, ҚІЖК 44-бабының 2-бөлігіне сәйкес, ақталған адам келтірілген моральдық зиян үшін ақшалай өтемақы төлеу туралы талап қоюға құқылы. Мұндай талапазаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралып шешіледі.

4. Ақталған адамның өзге құқықтарын қалпына келтіру тәртібі ҚІЖК-де жеке түрде көзделмеген. Бұл мәселе жөнінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1999 жылғы 9-шілдедегі «Қылмыстық іс жүргізу органдарының заңсыз іс-әрекеттері салдарынан келтірілген зиянды өтеу бойынша заңнаманы қолдану тәжрибесі туралы» қаулысының 9-тармағында мынадай түсініктеме берілген: еңбек құқықтарын қалпына келтіру туралы талапты — ақталған адам бұрын жұмыс істеген кәсіпорынға немесе мекемеге, зейнетақыны немесе жәрдемақыны төлеу туралы талапты — әлеуметтік қорғау органына, тұрғын үй құкықтарын қалпына келтіру туралы талапты — жергілікті атқару органдарына, тәркіленген мүлікті қайтару туралы талапты — бұл мүлікті иеленіп отырған органға, мемлекеттік наградаларды, құрметті, әскери, арнаулы немесе өзге атағын, сыныптық шенін, дипломатиялық дәрежесін, біліктілік сыныбын қалпына келтіру туралы талапты — бұл мәселелерді шешуге құзыреті бір органдарға жолдауға болады.

Осы қаулының 10-тармағында жазылған түсініктемеге сәйкес, ақталған адамдар өз құқықтарын қалпына келтіру туралы талаптарын басқа органдарға жолдамай, тікелей азаматтық іс жүргізу сотына бере алады.

Қылмыстық іс жүргізу органдарының заңсыз әрекеттерінің салдарынан келтірілген зияндарды өтеу туралы талаптарды қоюдың мерзімі ҚІЖК-нін 45-бабында көрсетілген. Бұл бапқа сәйкес, мүліктік зиянды ақшалай өтеу туралы талапты қылмыстық іс жүргізу органы мұндай төлем жасау туралы қаулы шығарған сәттен бастап үш жылдың ішінде қоюға болады. Өзге құқықтарды қалпына келтіру туралы талапты қылмыстық іс жүргізу органының ақталған адамға құқықтарын түсіндіру хабарламасын ол адам алған күннен бастап алты айдың ішінде қоюға жатады. Бұл мерзімдер дәлелді себептерге байланысты өтіп кеткен болса, ол мерзімді мүдделі адамдардың өтініші бойынша қылмыстық іс жүргізу органы қалпына келтіре алады.

ҚІЖК-нің46-бабында қылмыстық проідесті жүргізуші органның заңсыз іс-әрекеттерінен заңды тұлғаларға келтірілген зиянды өтеу тәртібі көрсетілген. Бірақ, занды тұлғалар қылмыстық жауапқа тартылмайтын болғандықтан, оларды заңсыз айыптаудан немесе соттаудан қорғау мәселесі қойылмайды. Егер қылмыстық іс жүргізудің барысында заңсыз іс-әрекеттердің салдарынан ұйымдарға (занды тұлғаларға) мүліктік немесе моральдық зиян келтірілген болса, ол зиянды ҚІЖК-нің бұрын айтылған ережелеріне сәйкес толық көлемде мемлекет етейді.


Өзін-өзі бақылау сұрақтары:

  1. Қылмыстық іс жүргізуді жүзеге асыратын органның заңсыз іс-әрекеттерімен келтірілген зиянды өтетін алуға құқығы бар тұлғалар.

  2. Анықтау, алдын ала тергеу, прокуратура және сот органдарының заңсыз іс әрекеттері арқылы азаматқа келтірілген зиянның түсінігі, мен түрлері.

  3. Өтелуге жататын зиян, оның түрлері мен мөлшері.


9-тақырып. Қылмыстық іс жүргізуге қатысушы адамдардың кауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Дәріс мақсаты: Қылмыстық іс жүргізуге қатысушы адамдардың кауіпсіздігін қамтамасыз етуді ашу.

Қысқаша мазмұны:

  1. Қылмыстық іс жүргізуге қатысушы тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. 5 шілде 2000 жылғы "Қылмыстық іс жүргізуге қатысушы тұлғаларды мемлекеттік қорғау туралы" Қазақстан Республикасының заңы. Мемлекеттік қорғауға жататын тұлғалар. Қауіпсіздік шаралардың түрлері.

  2. Сот талқылауына катысатын тұлғалардың каіпсіздігін камтамасыз ету. Судьялар, прокурорлар, тергеушілер, анықтаушылар, қорғаушылар, мамандар, сарапшылар, сот приставтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

  3. Қылмыстық процеске қатысушы жәбірленушілердің, куәлердің, айыпталушылардың және басқа да тұлғалардың кауіпсіздігін камтамасыз ету шараларын ұйымдастыру. Қауіпсіздік шаралары. Сот талқылауына қатысушы тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.


1.1994 жылы бекітілген Қазақстан Республикасындағы құқықтық реформаның Мемлекеттік бағдарламасында қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің механизмін айқындау мәселесі қойылған еді. Соған сәйкес, 1997 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының ҚІЖК-не алғаш рет қылмыстық процеске қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған 12 тарау (98—101-баптар) енгізілді. Сонымен қатар, 2000 жылғы 5 шілдеде «Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы» арнайы заң қабылданды. Сондай-ақ, мемлекеттік құқық қорғау органдарының лауазымды адамдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету талабы жөнінде бұл органдардың мәртебесін және құзыретін айқындайтын заң актілерінде айтылған. Мәселен, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» 2000 жылы қабылданған конституциялық заңның 26-бабында былайдеп жазылған: «Судьялар, олардың отбасы мүшелері мен мүлкі мемлекеттің қорғауында болады, оның тиісті органдары судьядан немесе оның отбасы мүшелерінен тиісті өтініш түскен жағдайда олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оларға тиесілі мүлікті сақтауға дер кезінде және барлық шараларды қолдануға міндетті».

Бұл айтылып отырғаң заңның талабы қылмыстық сот ісін жүргізу саласынада қойылады. Өйткені, қылмыстық іс жүргізу органдардың қызмет тәжірибесі көрсеткендей, олардың кәсіптік қызметіне байланыстьіі өкілетті лауазымды адамдардың, сондай-ақ басқа процеске қатысушылардың өміріне, денсаулығына, мүлкіне қарсы қылмыстық қиянат жасау, оларды қорқыту, оларға күш қолдану және әр түрлі қысымшылық жасау кездеседі. Ондай әрекеттер жасайтын адамдардың мақсаты қылмыстық іс жүргізу органдарының өз міндеттерін орындауларына, оның ішінде сот төрелігін занды түрде жүзеге асыруға кедергі келтіру болып табылады.

Жоғарыда айтылған зандарда қылмыстық процеске қатысушы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің нақты амалдары мен тәртібі белгіленген. Ол зандарға сәйкес, қылмыстық сот ісін жүргізу саласындағы мемлекеттік қорғауға мына адамдар жатады:

1)қылмыстық іс жүргізу органдарының лауазымды адамдары (судья, прокурор, тергеуші, анықтаушы, сондай-ақ жедел-іздестіру қызметін атқаратын лауазымды адамдар);

2)өз мүдделерін қорғайтын және басқа процеске қатысушылардың кұқықтары мен занды мүдделерін қорғайтын адамдар (сезікті, айыпталушы, қорғаушы, жәбірленуші, жеке айыптаушы, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер және олардың өкілдері);

3)өзге іске қатысушылар (куә, куәгер, сарапшы, маман, аудармашы, сот отырысынын хатшысы, сот приставы);

4)іске қатысушылардың отбасы мүшелері және жақын туыстары.

ҚІЖК 98-бабының 2-бөлігінде көрсетілгендей, бұл аталған адамдарға қатысты мемлекет занда көрсетілген тәртіппен олардың өміріне қауіп төнуден немесе өзге де күш қолданудан қауіпсіздендіру шараларын қолдануды қамтамасыз етеді. Ондай шаралардың түрлері ҚІЖК-нің 100—101-баптарында және «Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы» занның 7—20-баптарында көрсетілген. Бұл шаралардың оннан артық түрлері бар. Оларідың өзін, қолдану ретіне қарай, екі топқа бөлуге болады:

1)қылмыстық іс жүргізудің басталу кезінен қолдануға болатын қауіпсіздік шаралары;

2)сотта істі қарау кезінде қолданылатын қауіпсіздік шаралары.

Қауіпсіздік шараларының басым көпшілігі бірінші топқа жатады. Олар мыналар:

1. Қылмыстық іс жүргізу органы күш қолдану немесе құқыққа қайшы басқа әрекеттер қаупін, туғызған адамға мұндай әрекеттерді тиюы жөнінде ресми түрде ескерту жасайды және ондай әрекеттерін тыймаған жағдайда ол үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылатындығын ескерітеді. Ескерту ол адамға қолы қойғызылып хабарланады. Ал, егер қауіп туғызған адамның әрекетінде қылмыстық кодекстіні 112-бабымен көзделген қылмыстың (қоркыту) белгілері бар болса, онда бұл адамға қарсы қылмыстық іс қозғалуы тиіс.

2.Қорғалатын адам туралы мәліметтерді білуге шек қою. Ол үшін іс жүргізу хаттамаларында (мәселен, жауап алу хаттамасында) бұл адамның кім екендігі жөнінде деректерді көрсетпей, оның орнына бүркеншік ат (псевдоним) қолдану қажет болады және ол адам жөнінде толық мәліметтер қылмыстық істің негізгі материалдарынан бөлек сақталуы тиіс. Қорғалатын адамға байланысты оқшаландырылған материалдармен (мәліметтермен) танысу бұл істі жүргізуші органға ғана рұқсат етіледі. Басқа процеске қатысушылар ол мәліметтермен оларды жарияламау туралы қолхат бере отырып, қылмыстық іс жүргізу органының рұқсатымен ғана таныса алады. Қорғалатын адамның қатысуы қажет болатын іс-әрекеттер оны тануды болдырмайтың жағдайда жүргізіледі.

3.Іске қатысушы адамға қарсы күш қолдану немесе басқалай қылмыстық әрекеттер жасауды болғызбау мақсатында ондай қауіп туғызған сезіктіге немесе айыпталушыға бұл жағдайда тиімді болатын бұлтартпау шарасын қолдану (мәселен, қамауға алу).

4.Іске қатысушы адамның жеке басын, баспанасын және мүлкін қорғау. Бұл шара — қылмыстық іс жүргізу органының қаулысы бойынша ішкі істер органының қатысуымен жүзеге асырылады. Яғни, мұндай жағдайда ішкі істер органының арнайы бөлінген қызметкерлері жеке адамның, оның үйжайының және мүлкінің қорғалуын қамтамасыз етуге міндетеледі. Осыған байланысты қорғалатын адамның үй-жайында сигнализация құралдарын қою, оның телефон және көлік құралдарының нөмірлерін өзгерту қажет болуы мүмкін.

5.Процеске қатысушы адамды қажеггі жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз ету. Яғии, кажет болған жағдайда бүл адам-ға қару немесе басқа арнайы жеке қорғану құралы беріледі. Мұндай шара қолданылатын болса, қару қолдану туралы заңның талаптары ескеріледі және оған қорғалатын адамның келісімі болуы шарт. Қорғалатын адам қаруды күтіп ұстау, оны алып жүру және қолдану ережелерін қатаң сақтауға міндеттеледі.

6.Процеске қатысушы адамды қауіпсіз жерге уақытша тұруға орналастыру. Бұл шараның мәні қорғалатын адамның келісімі бойынша белгілі бір мерзімге онын басқа жерде тұруына қажетті жағдай жасау болып табылады (мысалы: жасырын түрде мейманханада немесе демалыс үйінде уақытша тұруға орналастыру).

7.Қорғалатын адам жөнінде мәліметтердің құпиялылығын қамтамасыз ету. Бұл шараның мәні қорғалатын адамның жеке басына және отбасына байланысты мәліметтерді кімнің болса да жалпыға бірдей қызмет көрсету мекемелерінен сұратып білуіне кедергі қою болып табылады (қылмыстық іске маңызы бар занды жолмен анықталуға тиісті мәліметтерді қоспағанда). Ол үшін қылмыстық іс жүргізу органының дәлелді қаулысы бойынша анықтама және құжаттар беретін мекемелердің, жол полициясының қорғалатын адам жөнінде (оның кім екендігі, отбасы жағдайы, тұратын жері, жұмыс немесе оқу орыны және т.б.) мәліметтер берулеріне тыйым салынады.

8.Қорғалатын адамның құжаттарын ауыстыру. Бұл адамның арызы немесе келісімі бойынша оның өз басына қажетті құжаттар, оған өзгертілген деректер жазылып, жаңадан беріледі. Өзгертілген деректер қорғалатын адамның өзінің келісімі бойынша тандалып, жаңа құжаттарға жазылады.

9.Қорғалатын адамды басқа жерге тұрақты немесе уақытша тұруға көшіру, жұмыс немесе оқу орнын ауыстыру. Ол үшін қорғалатын адамның өзінің арызы немесе келісімі болуы тиіс. Бұл шара жергілікті атқару органдарының көмегімен жүзеге асырылады. Яғни, қоныс аударатын адамды жаңа баспанамен және тұрмыстық мүлікпен қамтамасыз ету, жаңа жұмыс немесе оқу орнына орналастыру қажет болады.

10.Қорғалатын адамның бет-әлпетін өзгерту. Мұндай амал өте ерекше, баска қауіпсіздік шаралары тиімді болмайтын жағдайларда ғана қолданылуы мүмкін және оған қорғалатын адамның келісімі болуы шарт.

2.Қауіпсіздік шараларының келесі тобы сотта істі қарау кезінде қолданылатын шаралар болып табылады. Ол шаралардың түрлері және қолдану тәртібі ҚІЖК-нің 101 бабымен реттелген:

1)сот отырысын жабық өткізу (толық немесе жартылай);

2)қауіп туғызатын немесе онымен байланысты адамдарды сот отырысының залынан шығару;

3)куәдан жауап алғанда: онын жеке басы туралы деректерді жарияламау немесе оны басқа іске қатысушылардың кезіне көрсетпеу және басқалары тани алмайтын жағдай жасау.

Мұндай шараларды қолдану қылмыстық істі қарайтын соттың дәлелді қаулы шығаруы арқылы рәсімделеді.

Ал, қауіпсіздік шараларын қолданудың жалпы тәртібі ҚІЖК-нің 99—101 баптарымен және «Қылмыстық процеске катысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы» заңның 21-28 баптарымен реттелген. Осы баптардың нормаларын қолдана отырып, қауіпсіздік шараларын қолданудың мына кезендерін білу қажет:

1)қауіпсіздік шараларын қолдану туралы шешім қабылдау;

2)бұл шараларды жүзеге асыру;

3)қауіпсіздік шараларын қолдануды тоқтату. Қауіпсіздік шарасын қолдану туралы шешім қабылдау үшін алдымен себеп пен негіздің болулары қажет. Себеп ретінде процеске қатысушы адамның өзіне немесе жақындарына қарсы туған қауіп жөнінде арызы болады. Ондай арыз ауызша немесе жазбаша берілуі мүмкін. Қауіпсіздік шарасын қолданудың негізі ретінде іске қатысушы адамның немесе оның отбасы мүшесінің, не басқа жақын адамының өміріне немесе мүлкіне тиетін қауіптің бар екендігін көрсететін нақты деректер болып табылады. Себеп пен негіз бар болған жағдайда қылмыстық іс жүргізу органы қажетті қауіпсіздік шарасын қолдану туралы қаулы шығарып, бұл жөнінде қорғалатын адамға хабарлауы тиіс.

Занда көрсетілгендей, қылмыстық іс жүргізу органы процеске қатысушы адамның арызын жиырма төрт сағаттан кешіктірмей қарап, тиісті шешім шығаруға міндетті. Мүдделі адамның арызы қанағаттандырылмаған болса, ол адам прокурорға немесе сотқа шағымдануға құқылы. Сонымен қатар, қауіпсіздік шарасын қолдануға негіз бар болған жағдайда қылмыстық іс жүргізу органы өз бастамашылығымен ондай шараны қолдану туралы қаулы шығаруға құқылы (ҚІЖК-нің 99-ба-бының 2-бөлігі). Мұндай жағдайда қауіпсіздік шарасын қолдануға себеп оның қажеттілігін қылмыстық іс жүргізу органының тікелей өзінің анықтауы болып табылады.

3.Қауіпсіздік шарасын қолдану туралы қаулы шығарылғаннан соң кейінгі мәселе ол шараны жүзеге асырудың жолымен байланысты болып келеді. Ондай шараларды жүзеге асырудың екі жолы бар: 1) қаулы шығарған қылмыстық іс жүргізу органының өзінің жүзеге асыруы; 2) басқа мекемелердің, ұйымдардың және лауазымды адамдардың қатысуымен жүзеге асыру. Мәселен, қауіп туғызған адамға ресми ескерту жасау кажет болған жағдайда, тергеуші бұл шараны тікелей өзі жүзеге асырады. Сол сиякты, сотта істі қарау кезінде куәдан жауап алғанда оның жеке басы жөнінде деректерді жарияламау кажет болса, мұндай шараны судьяның өзі жүзеге асыра алады. Бірақ, қауіпсіздік шаралары түрлерінің көпшілігін жүзеге асыру бас-қа мекемелерді және лауазымды адамдарды қатыстыруды қажет етеді (мысалы: процеске қатысушы адамның баспанасын және мүлкін қорғау немесе оны басқа жерде тұруға көшіру, жұмыс орнын ауыстыру). Осыған байланысты, «Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы» заңньщ 24-бабында былай деп жазылған: қауіпсіздік шарасын қолдану туралы өкілетті органның шешімін орындау атқару органдарының, мекемелердің және ұйымдардың лауазымды адамдары үшін міндетті.

Қауіпсіздік шараларын қолданудың тиімді болуы қорғалатын адамның өз мінез-құлқына да байланысты. Сондықтан бұл адамның өзіне тиісті міндеттер жүктеледі. Мәселен, «Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы» заңның 26-бабында көрсетілгендей, қорғалатын адамға мынадай міндеттер жүктеледі: қауіпсіздікті қамтамасыз ететін органның нұсқаулары мен занды талаптарын орындау; өзіне қарсы қауіп төндіру немесе басқалай құқыкқа қайшы келетін әрекеттер жасалған болса, ол жөнінде қауіпсіздікті қамтамасыз ететін органға дереу хабарлау; қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында өзіне берілген мүлікті ұқыпты түрде сақтау; өзіне қатысты қолданылған қауіпсіздік шаралары жөнінде мәліметтерді жарияламау; қажет болған жағдайда қару және жеке қорғану құралдарын қолдануға үйрену үшін тиісті оқудаң өту.

Қорғалатын адамның құқықтары да сақталуға тиіс. Оған мынадай құқықтар берілген: өзіне қатысты қандай қауіпсіздік шаралары қолданылатындығын білу; өзіне қатысты қауіпсіздік шараларының нақты түрін қолдану немесе қолданбау жөнінде өтінішін айту; қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын лауазымды адамдардың заңсыз әрекеттері мен шешімдерін жоғары тұрған органға, прокурорға немесе сотқа шағымдау.

Қауіпсіздік шарасын қолданудың қажеттілігі жойылған кезде оны тоқтату туралы қылмыстық іс жүргізу органы қаулы шығарып, ол жөнінде мүдделі адамға хабарлайды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   35




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет