Парсы және қазақ тілдері
лексикасының салыстырмалы сипаттамасы.
Р.К. Садықова
ф.ғ.к.,аға оқытушы
Парсы тілі үндіеуропалық тілдер семьясына жатады. Парсы тілі ортағасырлық парсы әдебиетінің және Қайта жаңғыру дәуіріндегі әдебиеттің аса бай мұрагері болып табылады. Қазіргі кезде парсы тілінде сөйлейтіндердің саны барынша мол: бұл Иран елінің мемлекеттік тілі болып барлық әкімшілік – басқару, қоғамдық және діни салалардың барлығында қолданылуын басқа Тәжікстанда, Пәкістанда, Ауғанстанда, Парсы шығанағында орналасқан Бахрейн, Ирак, Оман, Йемен, Біріккен Араб Әміриаты сияқты елдерде кеңінен пайдаланылады. Парсы тілінде сөйлетіндердің саны Иранның өзінде 65 миллионнан асады (шамамен 90 пайыз), Тәжікстанда 7 миллион астам адам, ал Ауғанстанда осы парсы тілінің варианты болып табылатын дари тілінде 34 миллион адам, Пәкістанда 2 миллион адам сөйлейді.Парсы тілін АҚШ-та, Ұлыбританияда, Германияда, Ресейде тұратын диаспора қолданады. Жалпы алғанда, 61 миллион адам парсы тілін бірінші тіл, ал 62 миллион адам екінші тіл деп есептейді. Әрине, бұл арада барлық аумақта парсы әдеби тілі пайдаланылады деуге болмайды, әр жерде парсы тілінің диалектілік ерекшеліктері қалыптасқан.
Парсы әдебиетінің осы әріппен жазылған шығармалары бар, әлемге әйгілі ғалымдар мен әдебиеттің ғаламды таңқалдырған тамаша үлгілері дүниеге келді. Осы жаңа парсы тілінде классикалық ортағасырлық әдебиет қалыптасты, Фердоусидің, Рудакидің, Хафиздің, Омар Хайамның шығармалары парсы тілінің эталоны түрінде танылады. Аталған атақты адамдардың шығармалары әлем мәдениетінің бай қорына қосылған.
Парсы тілінің әлеуметтік лингвистикалық жағдайын қысқаша түрде төмендегіше сипаттауға болады:
Бірінші. Парсы әдеби тілі классикалық парсы тілінен фонетика (әсіресе дауысты дыбыстарға байланысты), морфология, синтаксис, лексика жақтарынан үлкен айырмашылықтарға ие. Қазіргі кезде ауызекі сөйлеу тіліне жақындау, соған бет бұру үрдісі байқалады, бұған әсіресе, ХХ ғасырда парсы прозашылары жасаған туындылар зор әсер етті.
Екінші. Қазіргі парсы әдеби тілі Иранның ресми тілі және білім беру жүйесінің тілі болып табылады. Бірақ парсы диалектілері өте көп, сондықтан парсы интеллигенциясының тілді толық меңгерген топтарында қостілділік сипат бар деп саналады, яғни олар қазіргі парсы әдеби тілі мен диалектілік ерекшеліктерді араластыра пайдаланады. Оларда мазендеран, гилян сияқты иран диалектілермен қатар әзірбайжан, түркімен, қашкай сияқты түркі диалектілері де бар.
Үшінші. Парсы әдеби тілін лингва франка деп санауға болады.
Төртінші. Парсы тілі мемлекеттік тіл бола тұра, орта білім беру жүйесінде араб тілі міндетті пән болып саналады, бұл тіл парсы тіліне үлкен әсер етуде.
Бесінші. Қазіргі кезеңде лингвистикалық және экстралингвистикалық факторлардың салдарынан қазіргі парсы тілі диалектілерінің арасындағы айырмашылықтар анығырақ байқалуда. Бұл жайт ауызекі сөйлеу тілінде басталады да, кейінірек жазба мәтіндердің стилі мен фразеологиялық құрамына көрінді. Парсы тілін зерттеушілердің көзқарастары бойынша бұндай айырмашылықтар бүгінгі таңда іргелі сипат алып отыр, яғни тілдің барлық қаттауларына тән болып отыр. Қазіргі Иран, Ауғанстан және Тәжікстан аумақтарында өзара туыстас үш мемлекеттік тіл бар деп айтуға болады, олар: парсы, дари және тәжік тілдері. Парсы тілі мен дари араб әліппесін, ал тәжіктер ХХ ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап кириллшені қолданғанымен, үш елдің тұрғындары өзара еркін түсінесе алатындай дәрежеде.
Парсы лексикасы – тіл материалдарының ең маңыздысы. Парсы тілінің лексикасы өте ұзақ тарихты қамтиды. Араб шапқыншылығынан кейін парсы тіліне көптеген сөздер араб тілінен енді. Негізгі сөздікті құрамды иран және араб лексикасы құрайды. Парсы тілінде араб тілінен басқа түрік-монғол, батысеуропалық, орыс, грек, үнді тілдерінен енген кірме сөздер бар. Ал көптеген сөздер араб тілінен парсы тіліне енген. (Мысалы: کتاب [кетаб] кітап, مسجد[мәсджед] мешіт,سوره [суре] сүре араб тілінен,سماور [сәмавәр] самауырын, بشکه [бошке] бөшке орыс тілінен,یاساول [йасавол] күзет монғол тілінен, فیلسوف [филсуф] философ грек тілінен,کچیکچی [кечекчи] түрік тілінен, کنفرنس [конфорәнс] конференция, رژیم [режим] режим француз тілінен, کمپیتور [компитур] компьютер ағылшын тілінен, فلفل [фэлфэл] бұрыш санскрит және т.б.).
Еліміз Егеменді ел болғаннан бері Қазақстанның жоғары оқу орындарында парсы тілі негізгі және екінші шығыс тілі ретінде оқытылып жатыр. Осы орайда, парсы тілін үйретуде типологиялық құрылымы әртүрлі парсы және қазақ тілдері лексикасының салыстырмалы сипаттамасына тоқталайық:
Фонетика мен грамматиканы меңгергендегідей лексиканы меңгеру барысында студенттердің ана тілі өз ықпалын көрсетеді. Бұл тиімді немесе тиімсіз ықпал болуы мүмкін. Оның тиімді-тиімсіздігі екі тілдің лексикасындағы ұқсастықтар мен өзгешеліктеріне байланысты. Парсы және қазақ тілінде өте көп ұқсастықтар бар. Сондықтан парсы тілін, оның сөздерін игеруде студенттердің ана тілі қандай ықпал ететінін білу үшін бастапқы сатыда өтілетін парсы тілінің лексикасын қазақ тілінің лексикасымен салыстыру керек. Осының нәтижесінде екі тіл лексикасының арасында қандай ұқсастықтар, қандай ерекшеліктер барын анықтаймыз. Ұқсастық бар жерде ол ықпал тиімді болады [1] . Әр тілде сөздердің екі жағы бар:
а) сөздің формалық (түр ) жағы (ауызша сөзде сөздердің дыбыстық бейнесі)
ә) сөздердің мағынасы [2].
Парсы тілі мен қазақ тілі лексикалық жүйелерін салыстырғанда мынандай ұқсас қатынастарды көре аламыз:
1. Қазақ тілі мен парсы тілі екеуі екі тілдер тобы болғанымен, бұл екі тілде айтылуы да, мағынасы да бір-біріне сәйкес келетін сөздер бар. Оларға мына сөздер жатады. Мысалы: [булбул], «бұлбұл»,[гол] «гүл», [тути] «тоты», [нон] «нан», [алефбо] «әліппе», [пок] «пәк» және т.б. сөздер парсы тілінен біздің қазақ тіліне еніп сіңісіп кеткен. Дегенмен, мұндай сөздерді айтқанда, айтылуында аздап өзгешелік болады. Бұл қиындықты фонетикалық жаттығулар барысында жойып, сөздердің парсы тілінде айтылуына көңіл бөлу қажет. Бірақ мұндай сөздің мағынасын меңгеруге ешқандай қиындық болмайды. Осы секілді парсы тілінен енген сөздердің саны қазақ тілінде шамамен 3 мыңнан астам.
2. Екінші топқа парсы тілі мен қазақ тілінде дыбысталуы ұқсас болғанымен, мағынасы жағынан сәйкес келмейтін сөздер жатады. Мысалы: парсы тілінде [су] деген сөз «бағыт», «тарап» деген мағынаны берсе, бұл сөз қазақ тілінде жер бетінде кездесетін кәдімгі тасты береді [3]. Парсының [табан] сөзі парсы тілінде «жарық» деген мағынаны береді , ал бұл сөз қазақ тілінде адамның дене мүшесінің бірі болып табылады. Осы секілді сөздердің саны оншалықты көп емес. Дегенмен, дыбысталуы жағынан ұқсас, бірақ мағынасы жағынан өзгешіліктері бар сөздерді пайдаланғанда студенттер интерференцияға тап болады. Яғни, оқу барысында студент [су] сөзіне көзі түскенде немесе есіткенде күнделікті қазақ тілінде қолданатын «су» деп ойлайды. Мұндай жағдай тиімсіз ықпалға соқтырып студенттердің тіл үйренуіне әбден қиындықтар тудырады. Сондықтан, әсіресе алғашқы сатыда оқытушы интерференцияны болдырмау үшін арнайы жұмыс істеп, сабақ барысында ана тілінің интерференциясын ескеріп, арнайы жұмыс істеулері керек.
Бұл топқа жататын сөздер парсы тілін жаңадан меңгеріп жатқан қазақ тілді студенттерге қиындық тудырады. В.В. Акуленко мұндай сөздерді «аудармашының жалған достары» деп атайды[4].
3. Дыбысталуында ұқсастық жоқ, ал мағыналары жартылай ғана ұқсас сөздер, яғни екі тілдегі сөздердің кейбір мағыналары ғана сәйкес келгенімен, басқа мағыналары бөлек болады. Бұл сөздерді екі топқа бөлуге болады:
а) парсы тілі сөзінің мағына аясы қазақ тілі сөзінің мағына аясынан кеңірек. Мысалы: [шир] «арыстан», «сүт», «кран», [шанэ] «тарақ», «иық», [пәрдохтан] «төлеу», «орау», [курси] «орындық», «кафедра», «трибуна», [сир] «тоқ», «сарымсақ», «салмақ» (өлшем бірлігі) болып табылады.
Мысалы: студенттер бастапқы сатыда [мән шир хурдәм] деген сөйлемде [шир] сөзінің тек «арыстан» деген мағынасын біліп, ал қалған мағыналарын білмесе «мен арыстан жедім» деп аударады. Бұл сөздің сондай-ақ «сүт», «кран» деген мағыналары бар. Осы сөйлемді «мен сүт іштім» деп аударса дұрыс болар еді. Сол үшін бастапқы сатыда оқытушы алдымен студенттерге сөздердің мағынасын және олардың мағынасына қарай сөйлемде қолдануын үйрету қажет.
ә) парсы тілі сөзінің мағына аясы қазақ тілі сөзі мағына аясынан тарырақ: Мысалы: [зиба], [қәшәнг], [маһ], [хошгэл] «әдемі» ,[ханэ], [мәнзел] «үй», [доктор], [тәбиб], [пэзэшк] дәрігер, [бәччэ], [тэфл], [пэсәр], [кудәк] «бала», [хилигәр], [һоққэ], [кәләк], [хэйле], [һоқэбаз] «қу» және осы секілді сөздерді көптеп келтіруге болады.
Мағынасы қазақ тіліндегі сөздерден тар болып келетін [хатернак], [пор хатәр], [вәһшәтнәк], [һолнәк] «қорқынышты» сияқты сөздердің парсы тілінде жоқ мағыналарын студенттер өз ана тілдеріндегі осы сөздерге сәйкес сөздердің барлық мағыналарында қолданады да, қате жібереді [5].
4. Екі тілдегі сөздердің дыбысталуы бір-біріне ешқандай ұқсаспағанымен, мағыналары бір-біріне сәйкес келеді. Мысалы: [данешгаһ] «университет», [данешджу] «студент», [истгаһ] «аялдама», [кэтаб форуши] «кітап хана», [форушәндэ] «сатушы», [нэвисәнде] «жазушы», [амузгәр] «оқытушы» және т.б. сөздер.
Осы орайда, парсы тілі мен қазақ тілінің сөздерін салыстырғанда, олар мынандай топтарға бөлінеді:
а) парсы тілі: жалаң сөз, қазақ тілі: жалаң сөз, мысалы, карханэ «завод», кармәнд «жұмысшы», боғбан «бақташы», дәсткеш «қолғап» және т.б.
ә) парсы тілі: жалаң сөз, қазақ тілі: екі немесе сөз тіркесі, мысалы, форузән «сөнбейтін жарық», сәдж «жүз жылдық» және т.б.
б) парсы тілі: сөз тіркесі, қазақ тілі: жалаң сөз, мысалы: [һәм шәһри] «жерлес», [рәфт-о омәд] «қатынас», [гиро-гир] «төбелес», [чэһар пайе] «орындық», [отеш зәбон] «шешен» және т.б. Студенттер осындай
мағынаны айтқанда, өз ана тілінің ерекшелігіне сүйенеді де, парсы тілінде сөз тіркесін қолдануға тырысады.
Осындай сөздердің топтастыра отырып, парсы тілі мен қазақ тілі сөздерінің арасындағы әртүрлі ара-қатынас қазақ студент балаларының парсы тілі сөздерін меңгеруіне тиімді және тиімсіз ықпалын тигізетінін ескеру қажет. Осы орайда, жоғарыда көрсетілген бірінші топтағы сөздерді үйреніп жатқан студенттерде интерференция туындауы мүмкін емес. Өйткені парсы тіліндегі сөз бен оның қазақ тіліндегі баламасының мағыналары бірдей, ал басқа топтағы сөздер интерференцияның туындайтын көзі болып табылады, өйткені студенттер өз ана тіліндегідей парсы тілінде де осы мағынаны білдіреді деп қателесуі мүмкін.
Лексиканы әдістемелік тұрғыдан топтастыру мәселесін шешудің
бірнеше жолдары қарастырылған. Олардың ішіндегі ең көп тарағаны-оқытудың мақсаты мен сөздерді үйренуде кездесетін қиындықтарды ескеру. Ғалымдардың пікірлерін сарапқа сала келе С.Ф. Шатилов сөздерді репродуктивті түрде меңгеруде қиын тиетін факторлар ретінде мыналарды көрсетеді [6].
1.Ана тілі мен шетел тіліндегі сөздердің мағыналары бір-біріне сәйкес келмейтін
сөздерді меңгеру қиын тиеді де, мағыналары сәйкес келетіндерін үйрену оңай болады.
2. Шетел тіліндегі сөз тіркестерін меңгеру оқытудың бастапқы сатысында студенттерге біршама қиындық тудырады.
3. Сөздер жасалу жолдарына қарай түбір, туынды, біріккен сөздер болып бөлінеді. Шетел тілін жаңа үйреніп жүрген тіл үйренушіге қысқа /яғни түбір/ сөздерді есте сақтау, оларды тыңдап отырғанда, бір-бірінен ажырату қиын.
Нақты /деректі/ мағыналы сөздер абстракт/дерексіз/ мағынасы бар сөздерге
қарағанда әлдеқайда оңай есте қалады. Мысалы: нақты мағыналы сөздер:[истгаһ] «аялдама», [хабгаһ] «жатахана», [данэшгаһ] «университет», [даруханэ] «дәріхана» және тағы басқалар абстракт /дерексіз/ мағыналы, [замэн] «кепіл», [мәхсус ] «ерекше» [ғәләбэ] «жеңіс» және т.б. сөздеріне қарағанда жеңілірек меңгеріледі [7].
Осылай, екі тілдің лексикалық жүйелерін салыстыру нәтижесінде парсы тілі мен студенттің ана тіліндегі сөздер арасындағы айырмашылықты анықтау арқылы біз олардың қазақ студенттерінің парсы тілі сөздерін меңгеруіне тиімді, тиімсіз ықпалға көңіл аударамыз. Оқытудың бастапқы кезеңінде ана тілі дағдылары басым болғандықтан, оның шетел тілін меңгеруге тиімді, тиімсіз ықпалы болатыны сөзсіз, ал екі тілдегі сөздердің ұқсастығы мен айырмашылығын білу арқылы ана тілінің шетел тіліне тигізер кері ықпалын /интерференцияны/ бірте-бірте жоюдың да жолдарын табуға болады.Оған студенттердің шетел тіліндегі сөйлеу тәжірбиесін жетілдіру арқылы қол жеткізіледі. Осы себепті парсы тілі лексикасын әдістемелік тұрғыдан топтастырып, олардың қиындық дәрежесін анықтаудың маңызы зор.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Әбдіғали С.Ә. Неміс тілін оқыту әдістемесі. Алматы, 2001.
2. Абдигалиев С.А. Пути преодоления лексической интерференции при обучении немецкому языку. Канд. дис. Москва, 1975 .-211 стр.
3. Адамбаева Ж.Д.Орыс мектептерінің оқушыларына арналған қазақ тілінің сөздігі.- Алматы: Мектеп, 1989. -86 б.
4. Акуленко В.В. Англо-русский. и русско-английский словарь «ложных друзей
переводчика» .-Москва: Госсударственное издательство словарей, 1969 . – 373 с.
5. Рүстемов Л.З.Парсы тілінің ізашары .Тегеран,1994 .
6. Шатилов С.Ф.Методика обучения немецкому языку в средней школе . Москва: Просвещение,1977.-295
7. Жемени И. Парсыша-қазақша сөздік. Алматы, 2003.
Резюме
В этой статье рассматривается сравнительный анализ лексики персидского и казахского языков.
Summary
Comparative analysis of lexis of persian and Kazakh languages is considered in this article.
Достарыңызбен бөлісу: |