Алкин Ильяс (Илиас) Саидгиреевич (1895–1937), ұлт-азаттық қозғалысының қайраткері, М. Шоқайдың жолдасы. Комуч (Құрылтай жиналысы комитетінің) мүшесі, төрағасының орынбасары. 1920 жылдан Мәскеуде ғылыми және педагогикалық жұмыста, 1922 жылдан Шығыс еңбекшілерінің коммунистік университетінде профессор. Саяси қуғын-сүргін құрбаны, өлгеннен кейін ақталды.
Алкин Сеидгирей Шагиахметович (1867–1919), адвокат, Қазан университетінің заң факультетін бітірді. Мұсылман либералдары жетекшілерінің және “Иттифак әл-муслимин” партиясын ұйымдастырушылардың бірі. 1917 ж. наурызда Ресей мұсылмандары Уақытша орталық бюросының мүшесі (Петроград) болып сайланады; Қазандағы Мұсылман кеңесі (Милли шуро) мүшесі. 1917 ж. Мәскеуде өткен Ресейдің І Жалпымұсылман съезінің делегаты.
Аптабашы (Автобаш), Торғай датқаның баласы Қалымбет сопының бірінші әйелінен туған тұңғышы, жастай өмірден өткен (1918 ж.). Төлеген деген ұлы, Патым деген қызы қалды.
Арат Рашид (Абдурашид) Рахмати (1900–1964), түріктанушы, профессор (1933 ж.). 1920 жылдан Қытайда, 1922 жылдан Германияда, 1933 жылдан Түркияда тұрды. “Ислам энциклопедиясының” негізін қалаушылардың бірі.
Арифов Абдулхамид, 1920 ж. 6 қазанда құрылған Бұхара Халық Республикасы үкіметінің әскери министрі. “Түркістан Ұлттық Бірлігі” ұйымы Кабул бөлімшесінің мүшесі. М. Шоқаймен хат жазысып тұрды. Кейін Үндістанның Читрал губерниясына қоныс аударды.
Арифханов Ибрагим, өзбек эмигранты, Венгрияда тұрды. Берлин ауылшаруашылық институтын бітірді. Кейін Анкарада профессор.
Архангельский Василий Гаврилович (1968–1948), оңшыл эсер. Социалреволюционерлер партиясының ІІІ съезінде (24 мамыр – 4 маусым 1917 ж.) Орталық Комитет құрамына енгізілді. “Земля и воля” газетінің редакторы. Ақпан революциясынан кейін Құрылтай жиналысының мүшелігіне сайланды. Самара үкіметінің (Комуч) өкілі және Құрылтай жиналысының мүшесі ретінде Уфа мен Омбыдағы Мемлекеттік кеңеске, Директория жұмысына қатысты. Омбыда тұтқындалғаннан кейін эмиграцияға кетіп, Чехословакияда тұрды. Прагада орыс шет ел тарихы мұрағатын ұйымдастырушылардың бірі және оның қызметкері (Александров Г. А. К биографии эсера Архангельского // Вопросы истории. 2002. № 6. С. 173–175; Фролова Е. И. Судьба В. Г. Архангельского // Вопросы истории. 2005. № 8. С. 145–147).
Архангельский Николай П. (т.ж.б. – 1972 жылдан кейін), М. Шоқайдың танысы, Санкт-Петербург университетінде бірге оқыған. Ол осы қаладағы Түркістан жерлестігінің төрағасы, ал Мұстафа хатшысы болады (1911–1912 жылдары). Архангельский Ташкентте ұзақ жылдар мұғалім болып жұмыс істеді.
Асфендиярова (Аспандиярова) Гүлсім (1880–1937), қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш жоғары білімді дәрігерлердің бірі.
Асфендияров Сейіджапар (Сейіджағыпар) Орынборда Неплюев атындағы Кадет корпусын бітірген. Түркістан генерал-губернаторлығында аудармашылық қызмет істеді. Ұлт-азаттық қозғалысына астыртын көмек беруші қайраткерлердің бірі.
Атнагулов Салахетдин (1893–1938), жазушы, саяси қайраткер, “Урал-И-дель штатының” коллегия мүшесі.
Ахтямов Ибниамин Абуссугдович (1877–?), ІV Мемлекеттік думаның Уфа губерниясынан депутаты. 1898 жылдан Петербург университеті физика-математика факультетінің студенті. Студенттер толқуына қатысқаны үшін 1899 жылы оқудан шығарылды. 1914 жылы желтоқсанда Петроградтағы Мұсылман қоғамдық ұйымдары өкілдерінің бүкілресейлік съезі төралқасының төрағасы. 1916 ж. Орта Азия көтерілісшілері жөніндегі Сот процесінде қорғаушы. 1917 жылы наурызда Петроградта Ресей мұсылмандары Уақытша орталық бюросының мүшесі. М. Шоқаймен 1914 жылдан таныс.
Әділов Дінмұхамед (Дінше) (1900–1930), Сырдария облысының Сарысу ауданында туған. Ұлттық театрдың тұңғыш директоры. “Мұстафа Шоқайұлының жақтасы” ретінде айыпталып, 1930 жылдың 4 сәуірінде ату жазасына кесіледі. Қазақ КСР Жоғарғы сотының шешімімен 1988 жылы 14 қарашада ақталды.
Әлімхан Сеид Мир (1880–1944, Кабул), Бұхара әмірі (1910–1920). 1920 жылғы қыркүйектен Шығыс Бұхарада жасырынып жүрді. 1921 жылғы наурыздан Ауғанстанда тұрды.
Әліш (Әлмұхамед), Торғай датқаның ұлы, білімді, алғыр және зерек адам болған. Мұстафа Шоқай осы Әліш салдырған медреседе оқып, араб, түрік, шағатай тілдерін үйренген. Мұстафаны Ташкентке апарып, гимназияға орналастырады, Петербург университетінде оқып жүргенде қаржылай көмек береді. Мұстафаның шетелге кетуіне байланысты ОГПУ-дың қуғындауынан Өзбекстанға ығыстап кетеді. 80-нен асқан шағында Қоқан қаласының маңында қайтыс болады.
Әмір Темір (1336–1405), ортаазиялық мемлекет қайраткері, қолбасшы. Орталығы Самарқандтағы мемлекетті құрушы. Алтын Ордаға соққы берді, сол арқылы орыс жерінің тәуелсіздік алуына алғышарттар жасады.
Әулие Қожа, басмашылар қозғалысы жетекшілерінің бірі. Кабулда тұрды.
Байрамов Курбан, Истанбұлда әзірбайжандардың эмигранттық топтарының бірін басқарады.
Балинов Шамба, қалмақ. Берлиндегі эмигрант казактар жетекшілерінің бірі.
Баммат Хайдар (Гайдар), құмық, солтүстік кавказдық саясаткер, эмиграцияда “Кавказ” тобының басшысы және сол аттас журналды шығарушы. 1921 жылға дейін Грузия мен Армения ұлттық үкіметтері жанындағы таулық халықтардың өкілдігін басқарады
Барятинский Александр Иванович (1815–1879), князь, орыс фельдмаршалы (1859). “Естеліктерінде” Ресейдің Кавказдағы жаулап алушылық саясатынан көптеген мағлұматтар береді.
Бахтиярбеков Сұлтанбек (шын аты-жөні Ахмаджан Пірмұхамедов), Ташкентте кеңес барлау органдарында істеген. 1924–1925 жылдар шамасында шетелге кетеді. “Түркістан Ұлттық Бірлігі” ұйымының Кабулдағы (Ауғанстан) өкілі ретінде әрекет етеді. 1934 жылы құрылған Шығыс Түркістан республикасының әскери министрі. Ол құлағаннан кейін Индияға өтіп кетеді.
Баязитов Мұхамед-Сафа (1887–1937 жылдан кейін), Орынбор мұсылман діни жиналысының мүфтиі (1915–1917 жж).
Бенцинг (J. Benzіng) Йоханнес (1913–1981 жылдан кейін), Берлин университетінің түріктану факультетін бітірген. 1939 жылы докторлық диссертация қорғады. Соғыстан кейінгі жылдары Тюбинген университетінде сабақ берді. 1950–1963 жылдары дипломатиялық жұмыста. 1963 ж. Майнц университетіне оралып, 1981 ж. зейнетке шығады. Қазақ тілін жетік меңгереді. М. Жұмабаевтың өлеңдерін неміс тіліне аударған.
Белоусов Владимир Алексеевич, эмигрант, Парижде М. Шоқаймен кездесіп тұрады.
Бердяев Николай Александрович (1874–1948), орыс философы. 1922 жылдан Берлинде, 1926–1939 жылдары Парижде тұрды. Оның өркениеттер мен мәдениеттер, Еуропа мен Азияның рухани құндылықтары жөніндегі еңбектері бүгінгі күні де өзекті.
Бехбуди Махмудходжа (1875–1919), Түркістан жәдитшілдерінің жетекшісі, жаңа әдістегі мектептердің ұйымдастырушысы, жәдит газет, журналдарын шығарушы. Самарқан мүфтиі. “Шуро-и-Исламияның” және Түркістан Мұхтарияты басшыларының бірі. 1919 жылы Бұхарада большевиктер қолынан қаза табады.
Бигиев Муса Ярулла (1875–1949), дінтанушы, қоғам және саясат қайраткері, публицист. Түрік халықтарының ұлт-азаттық қозғалысына қатысты. 1930 жылдан эмиграцияда. Каирде қайтыс болды.
Битілеуов Дамулла, 1922 жылы Германияға оқуға жіберілген жастардың бірі.
Блоше Эдгар (1870–1937), француз шығыстанушысы. Негізгі жұмыстары мұсылман қолжазбаларының библиографиясына, оларды жүйелеуге арналған. 1932–1933 жылдары Париж ұлттық кітапханасында сақталған түрік қолжазбаларының екі томдық каталогін жариялады.
Болғанбаев Хайреддин, Қайыралдин, Бортаң бала, Бортаң, Кәрітай деген бүркеншік есімдермен жазған Болғанбаев Қайыркен – қазақ халқының алғашқы журналистерінің бірі, 1914–1917 жылдары жарық көрген “Жер жалдау”, “Әдебиет кеші”, “Әдеби борышымыз”, “Тумас бұрын үйлендіру”, “Исмаилбек Гаспринскийдің жылы” деген мақалалардың авторы. “Бірлік туы” газетінде М. Шоқаймен бірге ұлттық сананы қалыптастыруда үлкен жұмыс атқарды.
Бөкейханов Мұстафа, Алаш қозғалысының қайраткері. 1923 жылы А.-З. Валиди, М. Бөкейханов және т. б. қатынасқан мәжіліс ұйымдастырылып, онда “Милли юл” журналын шығару жөнінде шешім қабылданды.
Браун Эдвард Грэнвил (1862–1925), ағылшын шығыстанушысы, 1888 жылдан Кембридж университетінде парсы және араб тілдерінің профессоры.
Бройдо (Зилбершквейт) Григорий Исаакович (1883–1956) – социал-демократ. 1917 жылдың наурызынан – Ташкент Солдат депутаттары кеңесінің төрағасы. 1919 жылғы қарашада БОАК-нің Түркістан комиссиясы сыртқы қатынастары бөлімін басқарды. Жергілікті халыққа қарсы қатыгез арандатушылық іс-әрекеттерімен көзге түсті. Комиссияның мүшелерінің көпшілігімен келісе алмауы себепті, 1920 жылы мамырда Мәскеуге қайта шақыртылып алынды. Түркістан республикасында Г. И. Бройдо шовинистік көзқарастарымен белгілі болды. 1922 жылы 16 тамызда РСФСР Ұлт істері жөніндегі халық комиссарының орынбасары болып тағайындалды.
Бурханов (Мунзим) Абдувахид (1877–1934), жәдиттер қозғалысының қайраткері. Бұхара республикасының сыртқы істер назирі.
Бірімжанов Ғазымбек (Әзімбек) (1896–1936), заңгер, Алашорда үкіметінің мүшесі және іс басқарушысы. Бірінші Жалпықазақ съезінің жұмысына қатысты. Съездің шешімдеріне сәйкес Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, Ғ. Жүндібаевпен бірге партия бағдарламасының жобасын дайындады. “Алашорданың” Башқұрт үкіметі жанындағы елшісі болды. 1922 жылы Германияға оқуға жіберіліп, Берлин университетінің ауылшаруашылығы факультетін бітіреді. М. Шоқай мен Қазақстандағы ұлт жетекшілері арасында байланыс орнатады. 1930 жылы тұтқынға алынады.
Валиди (Валидов) Ахмед-Заки (эмиграцияда: Ахмад-Заки Валиди Тоган) (1890–1970), башқұрт ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі, түріктанушы, философия докторы (1935), 1917–1919 жылдары (кейбір үзілістермен) Башқұрт үкіметін басқарды. 1919 жылдың ақпанынан 1920 жылдың маусымына дейін (үзілістермен) – Башқұрт ревкомының төрағасы. 1920 жылдың шілдесінен большевиктермен қарым-қатынасын тоқтатады да, Орта Азия халықтарының қозғалысына қосылады. 1923 жылдан эмиграцияда болды. 1925 жылдан – Истанбұл университетінде (Түркия) оқытушы, профессор.
Везиров Юсуп-бек, әзірбайжан эмигранты. 1922 жылы “Revue du Monde Musulman” (Juіn, Vol. L.) журналында әзірбайжан әдебиеті туралы мақаласы жарияланды.
Векилли Мұстафа, эмиграциядағы әзірбайжан қайраткері, “Прометей” ұйымы басшыларының бірі.
Вильсон Томас Вудро (1856–1924), АҚШ-тың 28-ші президенті, 1918 жылы қаңтарда І Дүниежүзілік соғыстан кейін бейбітшілік тәртіпті орнату мақсатында “Он төрт тармақтан” тұратын бағдарлама ұсынды. Онда “отар мәселесін реттеу”, “сауда еркіндігі”, т. б. шарттар қарастырылды.
Вишняк Марк Вениаминович (1883–1976), социал-революционер. Құрылтай жиналысының депутаты. 1919 жылдан эмигрант, Францияда тұрды.
Вольский Владимир Казимирович (1877–1937), социал-революционерлер партиясының қайраткері. Құрылтай жиналысының депутаты. Комучтің төрағасы, Уфа мемлекеттік кеңесінің мүшесі.
Габен Аннемари фон (1901–1993), көрнекті неміс түріктанушысы. Көне түрік жазбалары, қазақ этнографиясы мен лингвистикасы бойынша бірнеше зерттеулердің авторы.
Гвазава Георгий Бежанович, Ақпан революциясынан кейін Грузин ұлттық-демократиялық партиясы жетекшілерінің, Грузия Республикасы басшыларының бірі (1918–1920). Публицист, “Прометей” журналының бас редакторы (1926–1938).
Гегечкори Евгений Петрович (1879–1954), адвокат, грузин меньшевиктері жетекшілерінің бірі. ІІІ Мемлекеттік думаның депутаты. 1917 жылдан Закавказье комиссариатының төрағасы, Грузия Ұлттық үкіметінің министрі. 1921 жылдан эмиграцияда.
Гержод Иосиф, Перовск уезінің (Қызылорда обл.) ревкомы. Жергілікті халықты қуғын-сүргінге салған қанішер. РК(б)П ІV кеңесінде Түркістан Республикасы атынан И. Қыдыралиев “Алғашқы қырғын 1918 жылы қараша айында болды. Түркістан Республикасының комиссары К. Осиповтің өзі басқарған бөлім бір жарым мың шаңырақтан тұратын халқы бар Созақ елді мекенін тонап, өртеді, барлық мүлікті шаруалар армиясы тиеп алып кетті... Бір мекеннің өлтірілген жергілікті тұрғындарының саны мың адамнан асып жығылды. Өліктер ит-құсқа жем болып өзен арналарында шашылып жатты” деп сөйледі.
Головин Николай Николаевич (1875–1944), Гувер институтының қызметкері. Бұрынырақ Румын майданындағы орыс армиясы штаб бастығының көмекшісі болды.
Голувко (Holуwko) Тадеуш Людовик (1889–1931), поляктардың орыс үстемдігіне қарсы 1836 жылғы көтерілісіне байланысты Семей облысына жер аударылған поляк отбасында туды. Верный гимназиясында, Петербургте оқыды. І Дүниежүзілік соғыс басталарда Варшаваға қоныс аударады. 1927–1930 жылдары Польша Сыртқы істер министрлігі Шығыс бөлімінің бастығы. 1930 ж. Сейм депутаты болып сайланды. Трускавецте украин ұлтшылы атып өлтірді. М. Шоқаймен қарым-қатынаста болды.
Грот К. Я., Варшава университетінің профессоры.
Дабровский Влодзимеж (Dαbzowskі Wodzіmіerz), майор, поляк барлау органдарының Париждегі резидентура қызметкері.
Давлетшин Абдул-Азиз (1861–?), генерал-майор, Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің мүшесі, Түркістан әскери округінің қолбасшысы. Шетелге қоныс аударды.
Делил Мажидаддин (Междиддин), “Түркістан Ұлттық Бірлігінің” бас хатшысы, “Йени Түркістан” журналын шығаруға атсалысты. 1933 жылы Шығыс Түркістан Республикасының құрылуына байланысты Қашғарға жіберілді. Онда осы республика өкіметімен қарым-қатынас орнатты. 1937 жылы Үндістанға өтіп, 1938 жылы Истанбұлға оралды.
Демидов Александр ІІ, башқұрт әскери басқармасында, кейін Деникиннің армиясында қызмет етті. Бельгияға, одан соң АҚШ-қа қоныс аударды.
Джуновский Е. П., 1918 жылдың қаңтар-ақпан айлары шамасында “Большевикшілдікпен күрестің Түркістан одағын” құрушылардың бірі.
Доррер Георгий Иосифович (1917 ж. ө.), граф, Түркістан бас комиссарының көмекшісі.
Думер Поль (Paul Doumer) (1857–1932), 1931–1932 жылдары Франция президенті. Горгулов деген орыс эмигранты атып өлтірген.
Дутов Александр Илларионович (1879–1921), генерал-лейтенант (1919). 1917 жылы қарашада Орынборда Кеңес өкіметіне қарсы күресті басқарды. 1918–1920 жылдары Орынбор армиясының қолбасшысы. Қытайға қашып барған жерінде өлтірілді.
Елбек Йакуб (Якуб), 20-жылдары Германияға оқуға жіберілген түркістандық. Шетелде түрік жастары басшыларының бірі.
Еникеев Сақыпгерей, ұлт-азаттық қозғалыс қайраткерлерінің бірі. 1914 жылы “Мусават” съезіне қатысып, баяндама жасады. Ташкентте М. Шоқай Сақыпгерейдің үйінде болып тұрды.
Енукидзе Авель Сафронович (1877–1937), кеңес мемлекет және партия қайраткері. 1918 жылдан БОАК хатшысы, төрағасы, 1922–1935 жылдары КСРО ОАК Президиумының хатшысы.
Ергаш (Эргаш, Иргаш), басмашылар қозғалысы жетекшілерінің бірі. Жеке-жеке басмашылар отрядтарының ұлттық ұрандар төңірегінде бастарын қосуға әрекеттенді.
Есенов Жорабек (1877–1950), Ташкенттегі діни семинарияны бітірген. Шиелі ауданындағы Тартоғай ауылында дүниеге келді. 1917–1920 жж. Перовск Совдепінде орынбасар, уездік милиция бастығы. 1920–22 жж. Жөлек, Бәйгеқұм, Тартоғай, Шиеліде әртүрлі қызметтерде болды. 1934 жылдан Ташкент, Шымкент өңірлерінде тұрған.
Есімханов (Исмаханов) Батырша Сұлтангерейұлы, Оралдан. Петербург университетінің заң факультетін 1913 ж. бітірді.
Жайнақов Ибрайым, Алаш қозғалысының қайраткері. Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат. 1917 ж. шілде, тамыз айларында М. Шоқаймен бірге Челябинск қаласында өткен Комучтің мәжілісіне қатысады. Жетісуда Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Қытайға өтіп кетеді.
Жанайдаров Сейілбек, Петербург университетінің заң факультетінде М. Шоқаймен бірге оқиды. 1913 жылы осы оқу орнын бітіреді. Кейін Сейілбек “Алаш” істеріне араласады, ғылыми жұмыстармен де шұғылданады. Қазақстан банкінің бастығы. 1929 жылы қайтыс болды.
Жаһангир, Сәлімгерей Жантөриннің ұлы, кеңестік Ресейден шетелге кетіп қалды. Түркияда қайтыс болды. С. Жантөриннің әйелі Бибі София да Истанбұл қаласында қайтыс болды (1912 ж.).
Жантөрин Сәлімгерей Сейітханұлы (1864–1926). Уфада адвокат, бітімші судья, земство бастығы, губернатор жанындағы басқармада башқұрттардан мүше болып қызмет істеді. Уфа губерниясынан І Мемлекеттік думаға сайланған. “Иттифак әл-муслимин” партиясы Орталық Комитетінің мүшесі. Сәлімгерейдің башқұрт жеріне кету себебі – шешесі Жәңгір ханның Хадиша деген қызына байланысты. Жәңгір қызы мен күйеуіне Уфа губерниясындағы имениесін еншіге берген. Сәлімгерейдің әйелі 1913 ж. Түркияда қайтыс болды. Жаһангер деген баласы төңкерістен кейін Түркияға қашып барып, сонда қайтыс болды.
Жафаров (Джафаров) Мамед-Юсуф (1885–?), ІV Мемлекеттік думаның депутаты. Мәскеу университетін бітірген. 1914 жылы желтоқсанда Петербургте өткен мұсылман қоғамдық ұйымдары өкілдерінің съезіне қатысады.
Жордания Ной Николаевич (1870–1953), журналист, грузин социал-демократтарының жетекшісі. 1918 жылдан Грузия үкіметінің төрағасы. 1921 жылдан эмиграцияда. М. Шоқай жоғары бағалады.
Жунаид-хан (Мұхаммед-Құрбан Сердар) (1857–1938), түрікмендердің жәуміт тайпасы көсемдерінің бірі. Хиуа хандығын зорлықпен кеңестендіруге қарсы шықты. 1920 жылы 1 ақпанда Хиуаны Қызыл Армия басып алғаннан кейін Қарақұмға қашып, Кеңес өкіметіне қарулы қарсылық көрсетеді. Иранға қоныс аударып, Түрікмениядағы қозғалысқа жетекшілік жасайды. 1931 жылдан Ауғанстанда тұрды.
Зеленский Исаак Абрамович (1890–1938), кеңес партия, мемлекет қайраткері. 1924 жылдан БК(б)П ОК Ортаазиялық бюросының хатшысы.
Зензинов Владимир Михайлович (1880–1953), эсерлер жетекшілерінің бірі. 1917 ж. “Дело народа” газетінің редакторы. Кеңес өкіметіне қарсы күресті. Директорияның мүшесі. Шетелге қоныс аударды.
Ибрагим (Ибрагимов) Рашид (Абдурашид, Ғабдірашид) (1857–1944), сібірлік өзбек, дінтанушы, журналист, ағартушы, публицист. “Иттифак әл-муслимин” (“Мұсылмандар одағы”) атты жалпыресейлік партияның негізін қалаушы. 1917–1921 жылдары Түркияда тұрды. 1933 жылы, А. Исхакидің айтуы бойынша, Р. Ибрагим кеңес барлаушыларының тыңшысы ретінде әшкереленгеннен кейін, Жапонияға кетуге мәжбүр болған (“Маньчжурский вестник”. Харбин, 1934. 27 сентября). 1939 жылы Түркияға оралды.
Ибрагим (Оқай) Ахмеджан (Ахмаджан), өзбек. 1920 ж. құрылған Түркістан университетінің геология факультетінде бірер жыл оқыды. Кейін Германияның Жоғары техникалық мектебін докторлық дәрежемен бітіріп, шетелде қалып қойды. Түркияда Түркістан жастары одағының хатшысы болды. 1934 жылдан Истанбұл университетінде оқытушы, профессор. 1981 ж. қайтыс болды. М. Шоқаймен достық қарым-қатынас жасап тұрды.
Ибрагим (Ибрагимов) Мажид (Меджид), Германияда жоғары оқу орнын бітіріп, шетелде қалды. Кейін Анкара университетінде ауылшаруашылық химиясы профессоры. “Түркістан Ұлттық Бірлігінің” жұмысына араласты. Ахмаджан Оқайдың (Ибрагимнің) ағасы.
Ибрагимов (Махмұд Айқарлы) Махмуд, “Түркістан Ұлттық Бірлігінің” Кабулдағы (Ауғанстан) өкілі, самарқандық өзбек.
Ибрагимов (Шағатай) Сабыр, Ташкент тұрғыны. 1922 жылы Германияға оқуға келген түркістандық жастардың бірі. Дармштадтағы (Германия) Жоғары техникалық мектептің химия-технология факультетін бітірді. Кейін Парижде, Истанбұлда тұрды.
Ибрагимов Ю., Түркістан Компартиясы жанындағы Мұсылман бюросының мүшесі.
Иден (Eden) Антони лорд Эйвон (1897–1977), 1935–1938 жылдары Ұлыбританияның сыртқы істер министрі.
Идриси (Идрисов) Әлімжан (1887–1945 жылдан кейін), Петропавл қаласында туған. Бір мағлұматтар бойынша – башқұрт, келесілері бойынша – татар. Бірінші орыс революциясынан кейін шетелге кетеді. Истанбұл діни академиясын бітірген. 1922–1926 жылдары Бұхара Кеңес Республикасының Германиядағы өкілі. 30-жылдары Г. Исхакимен бірге “Идель-Урал” ұйымын басқарады. Ә. Идриси “Кеңес өкіметінің шын берілген малайы” деп жазылды эмигранттық газеттерде (Последние новости. 1925. 9 сентября).
Икрамов Акмал (1898–1938), Кеңес мемлекет және партия қайраткері, 1921–1922 жж. Түркістан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, 1929 жылдан Өзбекстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы. БК(б)П Орталық Комитеті Орталық Азия бюросының мүшесі.
Инан Абдулкадыр (Абделькадыр) (шын аты-жөні: Сулейман Фаткелькадир) (1889–1976), башқұрт жазушысы және ақыны; Түркияда – этнограф, тілші, фольклоршы. 1919 жылы Башқұртстанның білім министрі. 1920–1923 жылдары басмашылық қозғалысына қатысады, кейін Түркияға кетеді. “Йени Түркістан” газетінің қызметкері.
Иненю Исмет (1884–1973), 1938–1950 жылдарда Түркия президенті.
Имнайшвили Николай, ауғын грузин қайраткері.
Достарыңызбен бөлісу: |