1902 жылдың тамыз айында Мұстафа Ташкент ерлер гимназиясына оқуға түседі. Баласының оқуын жалғастыруға алдын ала қамданған “Перовск уезі Гродеков болысының қырғызы Торғаев Шоқай” Ташкент ерлер гимназиясы директорының атына 1902 жылдың 24 наурызында-ақ арыз беріп қояды.
Алайда емтиханды сәтті тапсырғанына қарамастан Мұстафа оқуға қабылданбайды. Губернаторға арызданғаннан кейін ғана гимназия директоры шешімін өзгертеді.
Мұстафаның сыныбындағы оқушылар Хамза Нұршанов, Жолмұхамед Өткелбаев, Сұлтан Айдаров, Мұсахан Мырзахановтан басқалары славян халықтарының өкілдері болады. 1910 ж. Мұстафа гимназияны латын, француз, неміс тілдері мен математикалық география бойынша “жақсы”, ал қалған пәндердің барлығын “үздік” деген бағамен бітіреді [15].
Санкт-Петербургте бірге оқыған Н. П. Архангельский Мұстафа Ташкент гимназиясын алтын медальмен бітірді [16] дейді.
Ташкентте оқып жүрген кезінде Мұстафа жерлестерінің жер-су мәселесі, орыс қоныстанушыларының жергілікті халыққа көрсетіп отырған зәбір жапалары жөніндегі арыз-шағымдарымен генерал-губернатор А. Самсоновтың алдына талай рет барады. Ол гимназияны мақтау қағазымен бітірген, орысша сауатты қазақ жігітін өз кеңесіне тілмаш етіп алғысы келеді. Бірақ Мұстафа бұл ұсыныстан бас тартып, Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне оқуға түсуді көздейді.
1910 жылдың 2 тамызында Ташкент ерлер гимназиясының директоры Е. Вознесенский Түркістан өлкесі училищелерінің бас инспекторы Ф. Керенскийге М. Шоқайдың Санкт-Петербург университетінің заң факультетінде оқуын жалғастырғысы келетіндігі туралы рапорт жолдайды [17].
Мұстафаға университетке қабылданған күннен бастап генерал-губернатор А. Самсонов стипендия тағайындау жөніндегі шешімге қол қояды [18]. Стипендия алып оқығанымен Мұстафаның Петербургтегі материалдық жағдайы онша мәз болмаған сыңайлы. Ауылдағы әке-шешесіне салмақ салмайын деген ниеттен болуы керек, студенттік жылдары ол қаражат іздеп Қоныс аудару басқармасында қазақ, өзбек тілдерінен орыс тіліне аудармамен айналысады, Петербургтегі Түркістан студенттері жерлестігінен бір-екі рет көмек те сұрайды. Алғаш рет “Жерлестіктен” несие сұрап, екінші курста оқып жүрген кезінде өтініш береді. Оны орындау үшін “Жерлестік” 43 сұрақ жазылған анкетаны толтыруды міндеттейді. Осы сұрақтарға жауаптарында “оқу жылының аяғына дейін 74 сом 75 тиын стипендия, былтыр үйден 25 сом ақша алдым, 44 сом қарызым бар, жалдап тұрған бөлмем үшін ай сайын 12 сом, тамағыма 14 сом 50 тиын, емделуге 5 сом төлеймін, жыл сайын кітаптарға 12 сомнан кем емес қаржы жұмсаймын, сырт киімдерім жоқ” [19] деп көрсетеді. 1912 жылдың 30 қаңтарында жазған осы өтінішінде “алып тұрған стипендиямның және ата-анам тарапынан көмектің жеткіліксіздігіне байланысты заттарым 68 сомға ломбардқа салынған” делінеді.
“Жерлестік” мұнда айтылған нәрселердің негізінен шындыққа сәйкестігін айтып, ата-анасы мен туыстарынан академиялық жыл ішінде 50 сом алғандығы, “Түркістан қоғамының” кассасына және басқа да жерлерге (жеке тұлғаларға) 90 сом қарыздар екендігі туралы түзету енгізіп, оң шешім шығарады.
Мұстафа империя астанасында ойын-сауыққа онша көңіл бөлмей, көбіне кітап оқумен айналысады. Уақытты босқа өткізбеу жөніндегі М. Шоқай ұстанымын 1914 жылдың сәуір және қырқүйек айларында өзімен бірге оқитын түрікмен досы Қақажан Бердиевке арнап жазған өлеңдерінен [20] де байқауға болады.
Қаражат тапшылығы Мұстафаның Петербургтегі өмірге бейімделуінен, түрлі мәдени және саяси шараларға араласуынан туындаған болса керек. Сонымен бірге бұл кезең Ресейдегі реакциялық жылдармен, орыс отаршыларының бұратана халықтарға қысым көрсетуінің күшеюімен тұспа-тұс келеді. Бірде үйлерін, бірде егістіктерін орыс қоныстанушыларының тартып алуына байланысты Шоқай әулетінің шаруашылығы да сыр бере бастаған. Сырдарияның бойына әкеліп орыс шаруаларының қоныстандырылуы салдарынан Наршоқыда 70–80 үйдің басын қосып отырған Шоқай әулеті біраз егістік жерлерінен айырылады. Сырдарияның сағасы Көксу өзенінің арнасы да тартыла бастайды.
Мария Шоқай Мұстафаның университеттегі оқуында материалдық жағдайына байланысты үзіліс болғандығын еске алады. Қалай болғанда да М. Шоқай оқудан біраз уақытқа қол үзеді.
Петербург университетінің мұрағаттық қорында Мұстафаның 1910 жылдың 6 шілдесінде студент қатарына қабылданғаны және үлгерімі жөніндегі мағлұматтар бар. Осындағы сынақ кітапшасына қарағанда Мұстафа 1910–1914 жылдары университеттің заң факультетінде оқып, жылына екі рет сынақтан өткен, пәндерді “өте қанағаттанарлық” және “қанағаттанарлық” деген бағаларға тапсырған.
1914 жылдың 15 қырқүйегінде Мұстафа заң факультетінің деканына университеттің толық курсын аяқтағанын, соған байланысты оқу бітіргені туралы куәлік беруін сұрайды. Өтініште тұратын мекенжайы (Петроград, Провиантская, 10, кв. 25) көрсетілген. С. М. Исхаков осы құжат негізінде М. Шоқай Санкт-Петербург университетін 1914 жылы бітірді деп есептейді [21].
1915 жылы 22 сәуірде Мұстафа Түркістан генерал-губернаторына өткен жылы бітіру куәлігін қолға алғанын, оқуында біраз үзіліс болғанын, мемлекеттік емтихандарды 1916 жылы тапсыру ойында бар екенін, сол себепті өзіне тиесілі стипендияны 1916 жылдың маусым айына дейін ұзартуды сұрайды [22]. Өлке бастығы арызға: “Рұқсат етемін, бірақ ескертемін, оқу мерзімін ұзарту жаңа кандидатқа зиянын тигізуі мүмкін; сол себепті стипендия 1916 жылдың маусым айынан қысқартылады” деп бұрыштама қояды.
1915 жылы М. Шоқай мемлекеттік емтихан тапсыруға тағы да келмей қалады. Сонымен Мұстафа университетті 1916 не 1917 жылы бітірді деуге болады.
А. Оқтайдың 1950 жылы жарық көрген кітабында Мұстафаның университетте өз қаржылық мүмкіндіктерімен оқығандығы туралы пікірі [23] осы кезеңге саяды.
Студенттік жылдары Мұстафа Ресей империясының заңдарын тыңғылықты үйренумен қатар, түркі – мұсылман халықтарының дәстүрлі сот ісін, тарихы мен мәдениетін зерттейді. “1917 жыл туралы естеліктерден үзінділер” деген кітабында Мұстафа: “Студенттік жылдары мен біздердегі билер мен қазылар соты жөнінде көп шұғылдандым.
Сырдария облыстық басқармасы мен уезд әкімшілігінің мұрағаттарында ұзақ отырдым” [24] деп жазады.
М. Шоқайдың зерттеу жұмыстарына қабілеттілігі В. В. Бартольдтің, В. В. Радлов, Бодуэн де Курте, А. Н. Самойловичтің құлағына шалынады. Бұлардың ішінде В. В. Радлов 1910 жылдан танысып, ұшырасып тұрады. Радлов оған құқық факультетін тастап, шығыс тіліне ауысуға ұсыныс жасайды. “Мені өзінің осы ұсынысына көндіргісі келгеннен болса керек, ол маған өзінің академиялық сөздігін сыйға тартқан” [25] дейді М. Шоқай.
Ал А. Н. Самойлович Мұстафаның өз халқының тарихы мен мәдениетінің, әдет-ғұрпы мен ауыз әдебиетінің білгірі екендігіне назар аударады. 1915 жылы ол М. Шоқайдың түсіндірмелеріне сүйене отырып, “Ортаазиялық – түрік әдебиеті бойынша материалдар” және “Тұрмыс құрған қазақ-қырғыз әйелдердің тіліндегі тыйым сөздер” [26] деген екі ғылыми мақала жазады.
А. Самойлович Мұстафаның генеалогиясына тоқталып, оның қыпшақ тайпасының ішіндегі торайғыр немесе торы руына, оның шашты атасына, одан кейінгі бошай бөлімінен тарайтын жанайға жататындығын тәптіштеп жазады. М. Шоқайдың туыстарының ішіндегі өзара некелесуге тыйым салу шаштылармен шектеледі деп көрсетеді. Әрине, мұның барлығы да Мұстафаның айтуымен жазылып отырғаны белгілі.
“Қазақ-қырғыз фольклоры бойынша жас қырғыз (қазақ. – К. Е.) этнограф Шоқаев (Орта жүз, Сырдария облысы, Перовск уезінің Гродеков болысынан) жинақтаған материалдарды баспаға әзірлеу барысында мен М. Шоқайдың переносайтқандарынан осы мақаламда келтіріп отырған кейбір тыйым сөздерді жазып алдым” [27] дейді А. Самойлович.
1917 жылы оның “Живая старина” журналында “М. Шоқайдың қазақ-қырғыз материалдарынан” [28] деген мақаласы жарық көреді.
Өз халқының ауыз әдебиетіне, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүріне қызығушылығы М. Шоқайды Ташкент гимназиясында оқып жүрген шағында “Түркістан археология әуесқойларының” жиындарына әкеледі. Ол жерде этнограф, түрік халықтары ауыз әдебиетінің білгірі Ә. Диваевпен, кейін оның еңбектерімен танысады. Оны талантты ғалым ретінде жұртшылыққа алғаш таныстырғандардың бірі де Мұстафа болатын. 1915 жылы “Қазақ” газетінің бетінде ол: “Біздің қазақ халқын шын көңілмен жақсы көріп, қолынан келген қадірінше қалам өнерімен қызмет қылғандардың алдыңғы қатарында Әбубәкір Диваевтың аты аталса керек” деп жазады.
Эмиграцияда жүрген уақытында да М. Шоқайдың қазақ, өзбек және басқа да халықтардың әдебиеті мен поэзиясы тақырыптарына арагідік соғып кетуін, “Түркістан ақындарынан”, “Түркістан әдебиеті хақында француздар не айтады?” деген мақалалар жазуын жастық кезіндегі әуесқойлықтың сарыны десек те болады.
Алайда қазақ ақын-жырауларының бай мұрасынан сусындап өсуі оның болашақта көсемсөз шебері ретінде көрінуіне игі ықпал жасайды.
М. Шоқайдың ұлтжанды қайраткер ретінде қалыптасуында патша өкіметінің орыстан өзге халықтар жөнінде жүргізіп отырған отарлық саясаты үлкен рөл атқарады. Оның Ташкент гимназиясында, Петербург университетінде оқыған жылдарында қазақтарды жерінен айыру, орыс қоныстанушылары мен казактардың жергілікті тұрғындарға қырғидай тиюі, отарлық әкімшіліктің бейбастақтығы асқына түседі. Оның мысалдарын ауылда жүрген кезінде де, Перовск пен Ташкент аралығында талай рет пойызбен өткен шақтарында да өз көзімен көреді.
Ұлттық ксенофобияны уағыздайтын әдебиеттерді М. Шоқай Ташкентте де, Санкт-Петербургте де көптен ұшырастырады. Шовинизм идеологтарының бірі профессор П. И. Ковалевский халықтардың өзін-өзі билеуі мен теңқұқықтылығы идеяларына қарсы шығып, “шынайы демократтар мұндай алдаусыратумен ешқашан да келісе алмайды” [29] деп, ұлттық езушілікті негіздеуге тырысады. А. Будилович деген де осы тұрғылас пікір білдіреді [30). Барлық мәселеге “Орыс ұлтының мүдделері” тұрғысынан ғана қараушылық қоғамдық ахуалға әсер етеді. Орыс емес халықтардың ұлттық сана-сезімінің оянуын олар империяның тұтастығына төнген қатер деп қабылдайды. Орыстарды “державалық ұлт” ретінде санаған шовинистік идеологтар қоғамдағы әлеуметтік және саяси жанжалдарды этностық және діни қайшылықтармен байланыстыруға тырысады. Жалғыз консерваторлар ғана емес, “ұлтшыл демократтар” да этностық орыстар құқығының басымдылығы жөніндегі қағиданы қорғайды.
Бұл екі ағым да орыстан өзге халықтардың “державалық ұлтпен” тең құқықты болуының басты шарты олардың ассимиляциялануы деп есептейді. Әсіресе, өз дамуында артта қалған “этностық құрылымдар”, олардың ішінде қазақ халқы да орыстар тарапынан “жұтылып” кетуі керек делінеді.
Мұндай жағдайда Ресейдің ірі қалаларында оқып жатқан түрік-мұсылман жастарының саяси өмірге тартылуы заңдылық еді. Әуел баста “қайырымдылық қорлары”, “жерлестіктер” ретінде ұйымдастырылған түрлі қоғамдар өздерінің жарғы талаптарының шеңберлерінен шығып, ұлттық талап-тілектер қоя бастайды.
Петербургте Мұстафа алғашқы күндерден-ақ түрік-мұсылман жастарының ортасына түседі. Мұнда ХІХ ғасырдың аяғында әзірбайжан қайраткері Ә. Топчибашы мен қазақ қайраткері С. Жантөриннің көмегімен “Мұсылман қайырымдылық қоры” құрылады. Кейін, ХХ ғасырдың басында, түрік-мұсылман қозғалысы жетекшілерінің қолдауымен “Мұсылман студенттерінің орталық комитеті” ұйымдастырылады. Оның алдына мынадай міндеттер қойылады: 1) Ресей мұсылмандары арасында ағартушылық жұмыстар жүргізу; 2) Империядағы мұсылман халықтарына тән ортақ мәселелерді шешуде мұсылман студенттердің бірлесе әрекет етуіне негіз қалау; 3) Үкіметтік бастауыш және орта білім беретін орындардың негізінде мұсылман мектептерін ашуға атсалысу; 4) Мұсылмандық жоғары оқу орындарының ашылуын қолдау; 5) Мұсылман халықтары арасында кітапханалар ашуға қолғабыс жасау; 6) Кедей, тұрмысы нашар мұсылман студенттеріне моральдық және материалдық көмек ұйымдастыру [31].
1906 жылы Түркістаннан барған жастар өз алдына жерлестік қоғамын ұйымдастырады, М. Шоқай Петербургте оқыған кезінде оның басқарма төрағасы Н. П. Архангельский болады. 1911 жылдың 28 қаңтарынан М. Шоқай Түркістан жерлестігі қоғамы басқармасының хаттамаларына хатшы міндетін уақытша атқарушы ретінде қол қойып жүрсе, сол жылдың 2 қазанындағы басқарма отырысында Н. П. Архангельскийдің, Н. Д. Граменицкий, А. Егоров, В. А. Кислицына, Степанянц пен Тамбовцевтің қатысуымен ресми түрде хатшысы болып сайланады [32].
“Жерлестіктің” өз кассасы, кітапханасы, “Көмек көрсету қоғамымен” қатар Түркістанның қалаларында өкілдері болады. Оның мүшелері Петербургте ғана емес, Түркістан қалаларында да концерттік кештер ұйымдастырады, бұл жағдай М. Шоқайға халықтың көңіл-күйімен, елдегі саяси жағдаймен танысуына, тәжірибе жинақтауға мол мүмкіндік береді [33].
Сол кезеңде Петербургте 26 түркістан жастары (Т. Нарбутабеков, А. Н. Новиков, Шкапский, Н. Д. Граменицкий, С. Боголюбов, Т. Колпакова, Т. Кириченко т. б.) оқып жатады. Олардың жалпы жиналыстарында университет әкімшілігімен қарым-қатынас мәселелері, “Еңбек бюросының” қызметін қалпына келтіру жұмыстарын Саратов, Воронеж, Вятка және басқа “жерлестіктердің” қызметімен байланыстыра жүргізу, Ташкент, Верный, Қоқан, Түркістан және басқа да қалаларға экспедициялар ұйымдастыру жөнінде шешімдер алынады.
1912 жылы 9 мамырдағы отырыста жазғы кештер өткізу үшін Мұстафаға Перовскіге мандат беріледі [34].
Сол жылы жазғы каникул кезінде түрлі ойын-сауық кештерін ұйымдастыру, халықпен кездесулер үшін Самарқанға, Скобелевке, Ашхабад, Ош, Пішпек, Шымкент, Чарджуй, Мерв, Бұхар, Қазалы, Лепсі, Жаркент, Пржевальск, Түркістан, Әндижан, Қаттақорғанға баруға барлығы 27 мандат беріледі.
“Жерлестік” Мәскеудегі және империяның басқа қалаларындағы да студенттік ұйымдармен байланыс жасап тұрады. Бұл жағдай М. Шоқайға көп кешікпей елдің саяси сахнасына шыққалы тұрған сан алуан ұлттардың қайраткерлерімен студенттік жылдары-ақ танысып-білісуін қамтамасыз етеді. Елдің түкпір-түкпіріндегі оқиғалар, саяси партиялар мен ағымдар жайлы мағлұматтар алуына, ой өрісінің кеңеюіне әкеледі.
М. Шоқай “Ресейдегі түрік шәкірттерінің өмірінен” деген мақаласында орыс мектептері мен студенттері прогресшіл еді, оқушылары жастайынан саясатқа араласатын, мен 1910–1914 жылдары Петербургте оқып жүргенімде университет полиция бақылауында болатын” [35] деп еске алады. “Түркістан студенттері жерлестігінің” мандаты М. Шоқайдың осы полицейлік бақылаудан сытылып шығуына, түрлі саяси ағымдар мен үйірмелердің жиындарына қатысуына жол ашады.
Саяси жұмыстағы алғашқы қадамдарында Мұстафа әлеуметтік мәселелерге бүйрегі бұруынан біраз уақыт жұмысшылар қозғалысының ықпалына түскенге ұқсайды. 1912 жылы “Түркістан жерлестігіне” көмек сұрауына байланысты толтырған сауалнама сұрағына Мұстафа “Ташкент теміржолының Сұлутөбе бекетіндегі “Түркістан қоғамының мүшесімін” [36] деп жауап береді. Мұстафа кейін Перовск депосының теміржолшыларымен кездесіп, оларды өз жағына тартуға тырысады. Алайда оның социал-демократтар мен эсерлердің ықпалындағы жұмысшылар қозғалысымен қарымқатынасы мардымды өрбіді деуге негіз жоқ. Олардың әлеуметтік мәселені жалпыұлттық мүддеден жоғары қоюы Мұстафа көзқарасына қайшы келеді. Бірте-бірте М. Шоқай ұлттық мәселені қоғам дамуында басым фактор деп тани бастайды. Оның әуелі Ә. Бөкейхановпен бірге кадеттерге, кейін өзі эсерлерге қарай ойысуы оларды патша өкіметіне оппозициялық күш деп танудан туындаған секілді.
Жалпы алғанда осы кезеңнен бастап М. Шоқайдың қоғамдық өмірге, өз халқының тағдыр-талайына көзқарасының қалыптасуы тұтастық сипат алып, патша өкіметінің жергілікті тұрғындарды өз атамекендерінен ығыстырып, олардың орындарына славян қоныстанушыларын әкеліп орналастыру, ислам дінін қуғындау және білім саласындағы саясатына қарсы бағытта дамиды.
ХІХ ғасырдың аяғы – ХХ ғасырдың бас кезінде патша өкіметі Қазақ даласын империяның ажырамас бөлігіне айналдыруға, ол үшін қазақтарды орыстандыруға, дінін, тілін өзгертуге күш салады. Осылайша оларды этностық тұрғыдан ыдыратып жіберуге тырысады, осы бағытта саяси, әлеуметтікэкономикалық тұрғыдағы бірқатар шараларды жүзеге асыруға кіріседі.
1868 жылы қабылданған “Уақытша ереже” ислам діні қызметкерлерінің құқықтарын шектейді. Сұраусыз мешіт салуға, жаңа медреселер ашуға тыйым салынады. Керісінше, осы “Ережеге” Қазақстанда христиан дінін таратуға бағытталған бірнеше тармақ енгізіледі. Христиан дініне кіріп, қандай да болсын бір селолық қоғамға жазылған қазақтарға жеңілдік беріледі. Христиан дініне кіргендігі үшін қазақ өлтірілсе, оның ісі әскери сотта қаралады.
Есесіне ислам дінін мансұқтауға, оны келекелеуге кең жол ашылады. Томск және Семей епископы 1893 жылдың 7 қаңтарында жолдаған хатында дала генерал-губернаторынан Қазақ даласында “жалған” дін ретінде исламға тыйым салуды және шынайы дін – православиенің дамуына кең жол ашуды сұрайды. Ол генерал-губернаторға далада жаңа мешіттер мен мектептер салуға мүмкіндік бермеу, ал жұмыс істеп тұрғандарын орыс мектептері және шіркеулермен ығыстырып шығару [37] жөнінде кеңес береді.
Исламға қарсы күрес Еділ бойы мен Қазақ даласын ғана емес, Түркістанды да қамтиды және ол мемлекеттік деңгейде жүргізіледі. Түркістан генерал-губернаторы Духовскийдің 1899 жылғы баяндамасында: “Мемлекетте шешілуін күтіп тұрған шаралардың алдыңғы сапында мұсылмандық мәселесі тұрғандығын және мемлекеттік организмге жабысқан осы індетке қарсы күрес қажеттігін” [38] атап көрсетеді. Тіпті ол “ислам – біздің дінімізге ғана емес, бүкіл мәдениетімізге жау кодекс” [39] деп “түсіндіреді”.
Осы бағыттағы ізденістерінен Духовский мынадай қорытындылар жасайды: а) ислам – қазіргі күйінде оны ұстанушылардың бізбен ассимиляцияға түсуіне басты кедергі; ә) сопылық – орыстар үшін барлық жағынан ең зиянды, сондықтан ол барынша қатаң бақылауға алынуы керек; б) мұсылмандықтың дүниежүзілік басты ошақтарының бірі ретіндегі барлығы бірдей сопылықпен уланған біртұтас халқы бар Түркістан өлкесі ерекше назарға алуды керек етеді [40].
Мұндай ұсыныстар жүйелі түрде іске асырылып, полиция департаменттерінде басшылыққа алынады. 1907 жылы Ресей Ішкі істер министрлігі Сырдария, Самарқан, Ферғана, Жетісу және Закаспий облыстарын бақылауға алатын “Түркістан аудандық охранка бөлімшесін” құрады. Мұрағаттағы “Исламшылдық насихат туралы” (Өзбекстан Республикасы ОММ 708-қор), “Исламшылдық қозғалыс және оның жақтастары туралы” (948, 949- істер), “Түркістан өлкесіндегі исламшылдық” (1038-іс), “Верный қаласындағы Гап-и Машраб” мұсылмандық мектебін тергеу туралы” (1116-іс), “Ислам мәселесі туралы. Секталар, ишандар, мұсылмандық қоғамдар туралы” (1260-іс) деген материалдар жоғарыда аталған құрылым жұмысының ауқымдылығын танытады.
1893-істе бірнеше мұсылмандық ұйымның бағдарламалары мен жарғылары, 204-істе ағартушылық қоғамдардың қызметін бақылауға алу туралы құжаттар сақталған.
Молдалар мен мешіттердің санына бүкіл Түркістан, Далалық өлке бойынша қадағалау жүргізіледі [41].
Ресей Ішкі істер министрлігінің өзге діндер департаментінің бастығы облыс губернаторларына: “Үкіметтің қырғыздар (қазақтар. – К. Е.) арасында мұсылманшылдықтың дамуын шектеуге үнемі ұмтылып келе жатқандығын ескере отырып, олар үшін жаңа мешіттер салуды лайықты деп есептемеймін” [42] деп жазады.
Әсіресе, мұсылман халықтардың өз құқықтарын қорғау үшін бастарын біріктіруге әрекеттенуі отаршылдарды ерекше дүрліктіреді. Мұндай қадамға жол бермеу, мұсылмандар бірлігі жөніндегі идеяларды даттау үшін Ресейдің саяси, құқықтық, идеологиялық органдары қолдан келгеннің бәрін істеп бағады. 1907 ж. “Московский еженедельник” журналында (№ 34, 1 қыркүйек) “Исламшылдық – халық қасіреттерінің қайнар көзі: мұсылмандар арасындағы толқуларға байланысты” деген мақала жарияланады.
Империя басшыларын, әсіресе, Ресей билеушілерін қоластындағы мұсылман халықтардың бір өңірде шоғырлануы, бір дінді уағыздап, кейбір диалектілері болмаса, бір тілде сөйлеуі үрейлендіреді. 1909 жылдың 9 қыркүйегінде Министрлер кеңесінің төрағасы П. А. Столыпин Синодтың оберпрокурорына: “Бірнеше миллион орыс мұсылмандары, кейбірін есептемегенде, бір түрік тайпасында, түрлі диалектілерінде болғанмен, бір тілде сөйлейтін халықтарды біріктіреді. Біз он бес миллион мұсылман халқының әлі де болса мүлдем ұмытыла қоймаған өз тарихи және мәдени дәстүрлері барлығын, орасан зор аймақты мекендеп отырғандығын естен шығармауымыз керек” [43] деп жазады.
1910 жылы ішкі істер министрі губернаторларға арнайы нұсқау жолдап, онда Ресейді мекендейтін “бұратана элементтер” арасында өздерінің ұлттықсаяси сана-сезімдерін оятуға негізделген және оларды біріктіруге бағытталған ерекше қозғалыс байқала бастады; мұндай қоғамдар, үкіметтің өз шешімдерінде бірнеше рет атап көрсеткеніндей, ел тыныштығы мен қауіпсіздігіне қатер деп танылуы керек” [44] деп хабарлайды.
Дала өлкесі генерал-губернаторының 1911 жылғы есебінде қазақтар арасында исламшылдықтың таралуының басты себебі “қырғыздар даласына орыс шаруаларының жаппай қоныс аударуы салдарынан олардың көші-қон аумағының тарылуында” делінеді. Ол қазақтар арасында табылған Міржақып Дулатовтың “Оян, қазақ” еңбегінен де исламшылдық идеяларын байқайды [45].
Патша әкімшілігі тыңшыларының Ақмола екінші бас мешітінің имамы Хакім Махмудовтан “Оян, қазақ” пен Фатих Каримовтың “Мұхтасари тарихи гумуми” (“Жалпы тарихтың қысқа курсы”) шығармаларын тауып алуы да Ақмола облысының генерал-губернаторынан Дала өлкесі генерал-губернаторына, одан ішкі істер министріне жетеді.
1912 жылы 22 желтоқсанда Махмудов исламшылдық идеясын таратқаны үшін қызмет орнынан алынады да, Каримовтың оқулығын мектептер мен медреселерде пайдалануға тыйым салынады [46].
Ислам дінімен мемлекеттік деңгейде жүйелі түрде күрес жүргізу мақсатында Ішкі істер министрлігі жанынан православие діні, Ішкі істер мен Халық ағарту министрліктері өкілдерінен тұратын “Ерекше кеңес” деп аталатын ұйым құрылады. Ол түрік халықтарының мәдени-діни бірлігі Орыс мемлекетіне қауіпті болып есептеледі деген қорытындыға келеді. “Ресейдің он сегіз миллионнан астам барлық мұсылман халықтарының бастары біріккен жағдайда мемлекетке шығыстан және оңтүстіктен іштей зор мәдени күреспен бәсекеге түсуге тура келеді; сондықтан мемлекеттілік пен орыс элементінің мәдени басымдылығын қамтамасыз ету мақсатында дер кезінде тиісті шаралардың қабылдану қажеттілігі ешбір күмән тудырмайды” [47] делінеді.
Солардың қатарында мұсылмандық қозғалысқа қарсы күресті жандармерияның күш-жігерімен ғана емес, басқа да әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы жүргізуге әрекеттер жасалады. Өкімет орындары мұсылмандық қозғалысқа іріткі салуға, өз іштерінен полиция органдарына астыртын қызмет ететін ұйымдар құруға кіріседі. Осы мақсатпен 1914 жылы қаңтарда имам Мұхамед – Сафа Баязитовтің жетекшілік етуімен және оның жақтасы, отставкадағы генерал-майор А. Шейх-Али мен саудагер Ф. Байрашевтің атсалысуымен “Сират-ул-Мустаким” [48] атты мұсылмандық партия құрылады [49]. Осыған байланысты 1914 жылдың ақпан айының аяқ кезінде Мемлекеттік думаның Мұсылман фракциясы “Турмуш” [50] газетінде бұл ұйымның Ресейдің Ішкі істер министрлігінің қамқорлығымен құрылған саяси партия және орыс қаражүздік партияларының көшірмесі екендігін, оның мұсылмандар мүддесін әсте көздемейтіндігін айтып үндеу жариялайды [51]. Үндеуге Қ.-М. Тевкелев, И. А. Ахтямов, М.-Ю. Жафаров және С. С. Жантөрин (Дума мүшелері), олармен бірге Муса Бегиев, Гаяз Исхаки, Лутфулла Исхаки (Петербургтің имамы) және Гади Мақсудов қол қояды. Олар бұл партияның басты мақсаты түрік-мұсылман халықтарының азаттық қозғалысына іріткі салу деп бағалайды.
Патша үкіметінің арандатушылық саясатына қарсы Петербургте оқып жатқан түрік жастары да, олардың ішінде М. Шоқай да баспасөз беттерінде өз пікірлерін білдіреді.
Үндеуде “соңғы уақытта ұлттық басылымдарда Ф. Байрашев пен оның жақтастарының Петербургте “Ислам ве Магариф” деген газет шығарайын деп жүргендігі туралы сыбыс таратылуда; сонымен бірге Байрашев пен оның жолдастарының “Сират-ул-Мустақим” жөніндегі және өткен жазда көтерілген мүфтият мәселесі төңірегіндегі пікірлері де олардың бет-бейнесін айқындайды” делінеді.
Бұл басылымның ұлт атынан сөйлеп, сол ұлтты құртуға қызмет істейтініне және соның саяси құралы екендігіне көз жеткізу үшін оқырмандарды газетті ұйымдастырушылардың кім екендігін білуге шақырады.
“Сират-ул-Мустақимнің” патша охранкасының айтуымен құрылған “қаражүздік партия” екендігі Уфа губерниялық жандармерия басқармасына да белгілі болады.
Осыған орай М. Шоқай, Ильяс Алкин, Ислам Мақсудов, Халил Еникеев, София Акчурина және т. б. түрік жастары “интеллигенция мен прогресшілдерді” “мустақимшылдарға” газет шығаруға ешқандай материалдық, моральдық көмек бермеуге шақырады.
Үндеуге сол кезде Петроградта оқып жүрген 31 қазақ, өзбек, татар, башқұрт т. б. халықтардың жастары қол қояды [52].
Мұның өзі Мұстафаның саяси қозғалысқа біржолата тартылуының, ұлттық мүдде үшін ұйымдасқан күрескерлер қатарынан берік орын алғандығын көрсетеді.
“Түрік халықтары тарапынан сөйлейтін” бүркеншік діни құрылымдар мен басылымдарды ұйымдастыру арқылы патша өкіметінің ұлт-азаттық қозғалысын іштен бүлдіруге бағытталған арандатушылық саясатының қауіптілігін жете түсінуі, ол жөнінде өз пікірін ашық білдіруі – М. Шоқайдың саяси ұстанымының қалыптасып, шыңдала түскендігінің айғағы еді. Үндеу авторлары сол кезде мұсылман қауымын толғандырып жүрген мүфтият мәселесі туралы да өз ұстанымдарын жария етеді.
Мұсылман халықтарының жаңа мүфтияттар құру жөніндегі талаптары да орындалмайды, себебі үкімет ондай құрылымдарды ислам дінінің жағдайын нығайтады және мұсылмандардың бірігуіндегі маңызды құрал болады деп есептейді. Осы сеніміне сәйкес ол бұл институттарды әлсіретуге бағытталған бірқатар шараларды жүзеге асырады. Олардың ішінде 1868 жылғы заң бойынша Орынбор мүфтиятының қарамағынан далалық облыстардың қазақтары бөлініп тасталады. Сондықтан барлық мұсылман съездерінің бәрінде мүфтият мәселесіне назар аударылуы кездейсоқ емес еді. Қазақтар өздерін Орынбор Дін жиналысына енгізу үшін күреседі.
Мұсылман жұртшылығының наразылықтарына қарамастан “Сират-ул-Мустақим” партиясы 1914 жылдың көктемінен өз органы болып табылатын “Ислам ве мағариф” (“Ислам және ағартушылық”) атты газет шығара бастайды. “Сират-ул-Мустақимнің” беделін арттыру мақсатында билік орындары 1915 жылы М.-С. Баязитовті Орынбор мұсылмандары дін басқармасының мүфтиі етіп тағайындайды [53].
Патша өкіметінің исламды “құрықтап” ұстауға бағытталған шаралары М. Шоқайды түрікшілдік идеяларына ойысуға итермелейді. Ташкентте гимназияда оқып жүргенінде ол қазақ балаларын шоқындыруға қарсы шықса, енді мұндай саясаттың басқа да мұсылман халықтары жөнінде жүргізіліп отырғанына, олардың мұң-мұқтаждарының бір екендігіне көзі жетеді. Татарбашқұрт жолдастарынан алып оқып тұратын “Иль” газетінің 1914 жылғы бір санында (№ 32) жарияланған бас мақалада “Еділ бойы татарлары, қырым татарлары, қырғыздар, түркістандықтар, сунниттер мен шииттер – бұлардың барлығы да мүдделері бір мұсылмандар... сол себепті олар ағайын, туыс болып қалады” деп көрсетілуі Мұстафаның да ойынан шығады.
Ташкентте генерал Сақыпкерей Еникеевтің үйіндегі қазақ, өзбек, татар жастарының бірлесе күресу жөніндегі пікір алмасулар М. Шоқайдың Петербург көшелеріндегі патша үкіметінің кейбір іс-шараларына қарсылық ретінде ұйымдастырылған шерулерге қатысуына ұласады. Түрік жастарының наразылығын тудырған сондай оқиғалардың бірі 1912–1913 жылдардағы Балқан соғысындағы Ресейдің саясаты болатын. Ресейдің ашықтан-ашық Түркияға қарсы ұстанымы жөнінде Мемлекеттік думада сөз болады. Думаның 1913 жылдың 22 наурызындағы отырысында депутат М.-Ю. Жафаров “Одақтас славян әскерлерінің жеңісіне байланысты 1913 жылдың 17–18 наурызында Санкт-Петербург көшелерінде шеруге қатысқан адамдарға полицияның зорлықзомбылық көрсетуі жөнінде” деген күн тәртібіндегі мәселені талқылау барысында сөз алып, Балқан соғысын үкіметтің славяншылдықтың исламмен күресі ретінде уағыздап отырған саясатын қатаң сынға алады. Балқан мемлекеттерінің исламмен емес, Түркия мемлекетімен соғысып жатқандығына бір дін мен екінші діннің қақтығысы ретінде қараудың Ресейдің мұсылман және христиан азаматтары арасына ұлттық өшпенділікті өршітуге әкелетіндігіне және оның қауіптілігіне назар аударады [54].
Санкт-Петербургтегі шеруге қатысқан түрік жастарын полицияның соққыға жығуы елде консервативтік пиғылдың кең таралуынан туындап отыр еді.
М. Шоқайдың үкімет саясатына наразылық білдірген бұл шерудің бел ортасында болғанына толық негіз бар. Мемлекет деңгейінде жүргізіліп отырған славяншылдық саясат түрік-мұсылман жастары тарапынан қарама-қарсы реакция тудырып, Түркияға көмек беру қозғалысы өріс ала бастайды. Патша үкіметі түрік халықтары интеллигенциясы арасында Түркиямен ынтымақтасу қозғалысына жол бермеуге тырысып, олар түгел бақылауға алынады. Осыған қарамастан Балқан соғысының ауыр кезеңдерінде, соғыстан кейін де Кавказ, Қырым, Еділ бойы, Орал және Түркістанның түркі халықтарының өкілдері Константинопольге материалдық, гуманитарлық, моральдық көмек көрсетуге ұмтылады. Олардың арасында М. Шоқай да болады. Бір рет ол түркістандық досы Садық Өтегеновпен бірге Түркия елшілігіне көмек ретінде өздері жинастырған шағын қаржы әкеліп те береді [55].
М. Шоқаймен бірге қарсылық науқандарына М. Дүйсенбаев, Т. Нарбутабеков т. б. қазақ, өзбек жастары қатысады.
Студент кезіндегі көңіл ауаны жөнінде Мұстафа былай деп еске алады: “1910–1914 жылдары Петербург университетінде оқып жүрген болатынмын. Біз, студенттер, саяси бой көтерулерге шығатынбыз. Үкіметке қарсы шешімдер қабылдап, көшелерде демонстрациялар жасайтынбыз. Балқан соғысы Петербургте студенттер қозғалысын қыздыра түсті. Ол кезде Ресей бейтарап болатын. Алайда ол бейтараптығына қарамастан Түркияға қарсы тұрып, Балқан славяндарына ашықтан-ашық жәрдем беретін. Петербург көшелерінде “Аясофия үстіне крест” қоюды талап еткен ереуілдер өтіп жатқан. Міне, осылардың бәрі бізді, студенттерді, қатты толқытты. Әзірбайжан, татар және түркістандық студенттер орыстардан бөлініп, өзімізше әрекет жасамақ болдық. Ол кезде қызмет бабында Петербургте тұрып жатқан түркістандық адвокат Серәлі Лапиннің келісімін алып, сол кісінің үйінде бас қосып тұратын болдық” [56]. Ондағы жиындарға татарлардан Нәжіп Құрбанғали, Сұлтанбек Мамали, Ильяс Алкин, әзірбайжандар Мирякуб Мехтиев, Шейх-Ислам Зада, түрікмен Қақажан Бердиев және т. б. қатысады. Осындай пікір алысулардың бірінде 1912 жылы Петербургтегі әскери-медициналық академияда оқып жатқан Санжар Асфендияров та болды [57].
Сол кезеңде М. Шоқай, С. Асфендияров секілді жастардың түрікшілдік бағытта қалыптасып бара жатқанын сезген Ә. Бөкейханов бір мәжілісте “өздеріңді ешқандай сағыммен алдамаңдар” [58] деп ескерту жасайды. Ол ұлттық қозғалыс алдында, ең алдымен, саяси бостандықтан да бұрын, дін және жер мәселесі тұрғандығын [59] баса көрсетеді.
Жоғарыда аталған “Ерекше кеңес” отарлық саясатты табысты жүргізуде мемлекет қарамағындағы қуатты фактордың бірі – оқу ісі деген тұжырымға келеді. “Кеңес” мүшелері түрік-мұсылман халықтары арасында оқу ісінің дұрыс жолға қойылуын, әсіресе, жаңа әдіске негізделген мектебелер мен медреселер жүйесінің құрылуын “діни-ұлттық автономияға” ұмтылудың алғашқы қадамы деп есептейді [60].
Мұндай жағдайды болдырмау мақсатында “Кеңес” отыз төрт пункттен тұратын қарар қабылдайды [61]. Олардың ішінде мына мәселелерге назар аударады:
– мұсылмандық тарихының очеркі мен ислам дінін әшкерелейтін катехизисті дайындап, баспадан шығару;
– мектебе мен медреселерде жалпы пәндерді, оның ішінде орыс тілін оқытуға тыйым салу, сабақ бағдарламасын ислам ілімін оқытумен ғана шектеу;
– конфессиялық мұсылман мектептерінде шығарылған немесе қолжазба күйіндегі оқулықтарды пайдалануға тыйым салу.
Сонымен бірге облыс губернаторларына мұсылман бұқарасының арасында орыс мемлекеттілігінің бастауларына қарсы бағытталған идеялармен күресу үшін барлық шараларды қолдану құқығы беріледі [62].
Ол жерде құжат авторларының “орыс мемлекеттілігі” деп отырғаны Ресей империясы сан алуан халықтар мен елдерді жаулап алуы арқылы құрылған деген пікірді айтқызбау болса керек.
М. Шоқай түрік-мұсылман жастарының білім алудан шетқақпайлануын әдебиеттерден оқып танысып қана қоймайды, оны өзінің өмір тәжірибесінен де көріп біледі. Олар жаңадан мектеп, училищелер ұйымдастыруда, Ресей оқу орындарына түсуде түрлі кедергілерге ұшырайды. Қазақтардың өз қаражатына оқуының өзі қиямет-қайымға айналады.
М. Шоқай XІX ғасырдың 70-жылдарынан бастап Перовск уезі қазақтарының балаларын оқыту үшін оқу ісі қорына бірнеше мың сом ақша жинаған және сол қаржының тағдыры жөніндегі мәселемен тікелей айналысады [63].
Мұстафа гимназияның жоғары сыныбында оқып жүргенінде осы қордың тағдырын білуге тырысып, оның түркістандықтар үшін жұмсалған-жұмсалмағанын анықтағысы келеді. Гимназияны бітіргеннен кейін ғана Мұстафа ол ақшаға орыс священниктері мен дворяндарының балалары оқығанын біледі. Ташкент гимназиясының жанында пансион ашудың орнына, қаражат Мәскеудің Александр әйелдер институтының, Петербургтегі Павел әйелдер институтының, Гатчина жетімдер институтының мұқтажына жұмсалады.
1911 жылы әйелдер институтына сұранған түркістандық екі қызға рұқсат берілмейді, себебі олардың ондай оқу орнына түсуге құқы болмай шығады.
1913 жылы Сырдария облысының тұрғындары 200 мың сом қаржы жинап, орыс гимназиясын ұйымдастыруды, ондағы орынның ең кемінде жартысын жергілікті халықтың балаларына бөлуді сұрайды. Осы бастаманы аяғына дейін жеткізу жұмысы Петербург университетінде оқып жүрген М. Шоқайға тапсырылады. Бұл жолғы өтінішті де Түркістан генерал-губернаторы А. Самсонов қанағаттандырмайды. Ол бұл қаржыны Романовтар әулетінің үш жүз жылдығына ескерткіш орнатуға жұмсау жөнінде “кеңес” береді. Ақырында Мемлекеттік банкке салынған қаржы “соғыс мақсатына” жұмсалып жоқ болып кетеді.
Түркістандағы ең көне деп есептелетін Ташкент гимназиясының өзін жергілікті халықтан бес бала ғана бітіріп шығады [64]. Олардың бірі М. Шоқай еді.
Осылайша Ресейдің мұсылман халықтары жөніндегі “культуртрегерлік” рөлінің мән-мағынасы Мұстафаға гимназияда оқып жүрген жылдары-ақ түсінікті болады.
М. Шоқай 1932 жылдың 26 наурызында Париждегі “Прометей” ұйымының жиналысында жасаған баяндамасында патша өкіметінің қазақ, өзбек т. б. халықтар жөніндегі жүргізген оқу-білім саясатына баға бере келіп, былай деп еске алады: “Жаңа мектеп ашу жөніндегі біздің әрекеттеріміз үкімет тарапынан үлкен қарсылыққа ұшырап отырды. Араб әріптерімен жазылған географиялық карталар революциялық үндеулерге жатқызылды, ал жаңа әдіс бойынша оқытуға ұмтылған мұғалімдер түрікшілдік пен исламшылдықтың тыңшысы деп есептелді” [65].
М. Шоқай Түркістандағы Ақпан революциясы қарсаңындағы жағдайды талдай келіп, онда жергілікті халықтың мұң-мұқтажына жауап берерлік мектептердің болмағандығын айтады. Түркістан мен Далалық өлкеде оқу бағдарламалары өте төмен, екі жүзге тарта орыс-түзем мектептері орыс әкімшілік орындары үшін аудармашылар мен хатшылық қызметкерлерді ғана дайындайды. Оларды бітіргендерден бірен-сарандары ғана мұғалімдік семинарияларға, жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік алатын. М. Шоқайдың мәліметі бойынша, революция қарсаңында жоғары білімді түркістандықтар саны жиырма шақты ғана болатын [66].
Білім саласы жергілікті халықты қараңғылықта ұстап, оның діні мен тілін, бүкіл этностық болмысын өзгертуге тырысқан патша өкіметі мен қоғамдық прогреске ұмтылған ұлт зиялылары арасындағы шайқас алаңына айналады. Ресейдің Халық ағарту министрлігінің бір нұсқауында “бұратана ұлттарға” білім берудің мақсаты оларды орыстандыру болып табылады” [67] делінеді. Түркістанда бұл бағытқа өмірлерін сарп еткен Н. П. Остроумов, Қазақстанда А. Е. Алекторов орыстандыру саясатына басты кедергі болып отырған жергілікті халықтың өз бетінше білім алуына жол бермеу деп есептейді [68]. Олар ескі мектептер өмір сүру қабілеті төмен, сол себепті олар өзінен-өзі құриды деген [69] саясатты ұстанады. Мұнан отарлық әкімшілік мұсылман мектептері мен медреселері жөнінде бейтарап саясат ұстанды деген ұғым тумаса керек. Қайта генерал-губернатордан уезд бастығына дейінгі мекемелер қызметінде мұсылман мектептерін қудалаушылық кең орын алады.
М. Шоқай татар, өзбек, қазақ, орыс тілдеріндегі басылымдарды көп оқиды, үнемі ізденістер үстінде болады. Қоғамдық прогреске ұмтылудың халықтың өз дамуындағы жағдайын, әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени ахуалын жете түсінуден басталатынын жақсы біледі. Жер-жерде жарық көре бастаған мұсылман баспасөздерінен Ресейдің бодан халықтарының жағдайы, олардың ұлттық сезімінің оянуы жөнінде мағлұматтар алады. Кез келген көзі ашық мұсылман жастары оқып тұратын “Тәржіман”, “Вакт” газеттерінің беттерінде Ресей үстемдігінің ауыр зардаптары талқыланып, халықтың алға ұмтылуының жолдары іздестірілген материалдармен танысады.
Ұлт-азаттық қозғалысының көшбасшылары халықты қаруға емес, рухани күшіне сенуге, бейбіт қарсылыққа шақырады. Қоғамдық дамуда артта қалғандығының себептерін түсіндіре отырып, мұсылман жұртшылығын оятуға тырысады.
“Тәржіман” газеті мұсылман халықтарының жағдайына сипаттама бере келіп, олардың басқа халықтармен тең құқылы еместігін былайша түсіндіреді: “Мұсылмандар бірнеше ғасырлар бойы Ресей бодандары болып есептеледі және бірнеше ғасырлар бойы осы жағдайына көніп келеді. Алайда олардың көнбістігі басқалармен тең құқылы болуына негіз бола алмады. Сөз жоқ, бүкіл Ресей реакция қысымын сезіп отыр, бірақ мұсылмандар үшін бірқатар тыйым салулар мен шектеулерге негізделген қыспалаушылық бар. Мұсылмандардың (қырғыздар, түрікмендер) Мемлекеттік думада өкілдігі жойылған, жергілікті басқаруда да құқығы шектелген. Көптеген татар селениелерінің өздерінде, өз қаражатына ер балалар мен қыздар училищелерін ашу жөніндегі тілектері қанағаттандырылмайды. Біздің мектептерімізге, мұсылмандар басқалар секілді жалпымемлекеттік және земстволық салықтарды төлеп тұрса да, ешқандай көмек берілмейді” [70].
М. Шоқай гимназияда оқып жүрген жылдарында Ташкентте “Вакт” газеті де таралып тұрады. Оның беттерінде Ресейдің ішкі саясаты және оның мұсылмандардың қоғамдық өміріне әсері туралы айтылып, “біз сіздерді қарсылық көрсетуге және бірігуге шақырамыз. Өз мүдделеріңізді қорғай біліңіздер, олай болмаған жағдайда, мұсылмандар – болашақтарың бұлыңғыр” [71] деген үндеу жарияланады.
Мұсылман халықтарының XX ғасырдың басынан жарық көрген қай туындысын алсақ та, оларда отаршылдықтың ауыр зардаптары сөз болады. 1912 жылы Мәшһүр Жүсіп Көпеев Қазаннан шыққан “Хал-ахуал” деген еңбегінде “орыстарда әділдік жоқ. Отаршылар біздің мал-мүлкімізді тонауда” [72] деп жазады.
М. Шоқай М. Жұмабаевтың 1912 жылы Қазан қаласында жарық көрген, жат-жұртшылықтың үстемдігіне қарсылық сарыны айқын байқалатын “Шолпан” атты өлеңдер жинағымен де танысады. Сөз жоқ, М. Шоқайдың рухани әлемінде “Қазақ” газетінің алатын орны ерекше. Бұл жағдай оның ең алдымен “Алаш” қозғалысы арнасында қалыптасуына Ә. Бөкейханов пен А. Байтұрсыновтың тікелей ықпалы болуына байланысты еді. Оған қоса “Қазақ” газетінде Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатовтың сенімді көмекшісі ретінде Мұстафаның ауылдас, қатарлас өскен жолдасы Мұстафа Оразайұлы жұмыс істейтін. Бұлар болашақ “Алаш” жетекшілерімен бір уақытта Ташкентте ұшырасып, танысады. Кейін М. Шоқайға Петербургте Ә. Бөкейханов тікелей рухани басшылық жасайды. Осылайша “Қазақ” газеті бірінші күнінен М. Шоқайдың рухани бұлақтарының біріне айналады. 1913 жылы Мұстафа Петербургте оқып жүрген Сейілбек Жанайдаров, Батырша Есімханов, Ыдырыс Оразалы баласы, Ғұсман Жұмабек баласы, Мұқыш Поштаев деген қазақ жастарымен бірге “Қазақ” газетінің шығуына ризашылықтарын білдіріп, оның халық тарапынан қолдау табуы керектігі туралы редакцияға хат жолдайды. Олар қазақ халқының әлеуметтік, шаруашылық, мәдени дамуы, баспасөздің қоғамдағы орны, қазақ тілінің тазалығы мәселелері төңірегінде толымды ой-пікірлер көтереді. Қазақ халқының бодандық жағдайының бір себебі өнер, білімнен кенжелеп қалуында, олар өзгелердің “айтқанын істеп, айдағанына жүретұғын қара табан құлы сияқты болып жүр” [73] дейді. Хатқа қол қойған студенттердің ішінде Мұстафа Петербург университетінің заң факультетінде Сейілбек Жанайдаров, Батырша Есімхановпен (Исмаханов) бірге оқиды. Сейілбек “Алаш” қозғалысына қатысады. Батырша – Оралдан, ол да университетті 1913 жылы бітіреді.
Бүкіл қазақ жұрты “Қазақты” оқып, оңы мен солын тани бастады, жаңа қалыптасып келе жатқан ұлт зиялылары осы басылымды оқып есейді [74]. Олардың қатарында М. Шоқай да болды, кейін ержете, есейе келе “Алаш” туын Ахмет, Әлихан, Міржақып ағаларымен бірге көтеріседі.
М. Шоқай бұл үш алыпты өмір бақи ұлықтап өтті. А. Байтұрсыновтың “Қырық мысалы” (1909 ж.), Ә. Бөкейхановтың “Қырғыздары” (1910 ж.), М. Дулатовтың “Оян, қазақ” (1909 ж.) өлеңдер жинағы оның рухани азығы болды десек артық айтқандық болмас. Шетте жүргеннің өзінде Мұстафа Ә. Бөкейханов пен А. Байтұрсыновты ұлт зиялыларының көшбасшылары, ұлы тұлғалары деп сан рет еске алады. 1931 жылы жазған “Ұлттық зиялы жөнінде” деген мақаласында: “Ә. Бөкейханов пен А. Байтұрсынов атамекенімізді қара түнектен алып шығу жолында ұмытылмас қызметтер көрсеткен қайраткерлер” дейді. “Орыс миссионерлігі” деген мақаласында “Әлихан өз халқына жат пролетариат диктатурасының кесір-кесапатын жұрттың бәрінен бұрын сезді, түсінді. Ол Сталинге өзінің осы көрген-білгендерін батыл да ашық айтқан болатын” [75] деп, өзінің де осы көзқараста екендігін білдіреді.
Бұл адамдардан алған ақыл-кеңесін Мұстафа ешқашан ұмытпайды. “Әлихан бізге ылғи да: “ұлтқа пайдалы адам болғыңыз келсе, бәрінен бұрын орыс өкіметінің атамекеніміздегі жер саясатын зерттеп үйренуге тырысыңыз. Сізге не істеу керектігін осы саясаттың өзі-ақ көрсетіп береді” деуші еді. Біз, ол кезде орыс мектептерінде оқып жүрген жәдитші жастар – бәріміз де бүкіл ынты-шынтымызбен “мұғажыр мәселесін” үйренуге кірістік. Мемлекетіміз үшін ең үрейлі қатердің қайдан келе жатқанын сонда ғана түсіндік” [76] дейді М. Шоқай.
Мұстафаның сөзіне қарағанда, ол Ә. Бөкейхановпен Санкт-Петербургте емес, одан ертерек, Ташкент гимназиясында оқып жүрген шағында кездеседі. Қоныс аудару саясатын іждағатты зерттей келіп, ол “мұғажыр” мәселесі – азаттық қозғалысының басты мазмұны, бұл саясаттың түпкі мақсаты қазақ жерін этностық отарлау деген тұжырымға келеді.
Бүкіл түрік-мұсылман интеллигенциясының наразылығын туғызған патша үкіметінің қоныс аудару саясаты жөніндегі мақалалар “Тәржіман”, “Қазақ” және тағы басқа басылымдарда көтеріледі. Оларда халықтың өмір сүру кеңістігінен айырылуының аса қауіптілігіне назар аударылады. “Вакт” қазақ көшпелілерінің жағдайын сөз етіп, жеті миллион халық қоныс аудару саясатының құрбандығына айналып отыр деп жазады 1914 жылы.
М. Шоқай ес біле бастаған кезінен-ақ қоныс аударушылықтың сорақылық мысалдарымен талай рет ұшырасады.
Ә. Бөкейханов секілді, ол орыс мұжықтарын жаппай көшіру арқылы қазақ, қырғыз, өзбек жерлерін отарлаудың жүріп жатқанына ерекше көңіл бөледі. Гимназия, университетте оқып жүрген уақыттарында да жерінен айырылған қазақтардың шағымдарын тиісті орындарға жеткізумен айналысады, көп жағдайда адвокаттық жұмыс атқарады. 1926 жылы “Дни” газетінде (Париж) жариялаған бір мақаласында “Қоныс аударуға қарсы науқандарға қатысу үшін оқуымды тастап, Петербургтен Перовскіге келіп тұрдым” [77] деп жазады. Ол Түркістандағы жағдаймен де айналысады. 1913 жылы соғыс министрі В. А. Сухомлинов пен егіншілік министрі А. В. Кривошеин Самарқан қаласына келген кезде Самарқан облысының әскери губернаторы И. Е. Одишелидзенің ауызша баяндамасында қоныс аудару мекемесі чиновниктерінің шектен тыс зорлық-зомбылықтары туралы айтқандығын өз құлағымен естиді [78].
Мұжықтардың қоныс аударуы қазақ тарихының ең қасіретті беттерінің бірі болғандығын әлем жұртшылығы, қала берді орыс қауымы да мойындайды. “Россия” деген орыс интеллигенциясының күнделікті кітабында: “Өлкені жаулап алғаннан кейін орыстар мәдени жұмысқа көше алмады, себебі жаулаушылардың, баю болмаса, мәдени рөл атқаруға дайындығы жоқ еді. Олар өткен өмірі бұлыңғыр, дөрекі де қараңғы, алғашқы адамдар секілді өнегесіз болатын” [79] делінеді.
Балта-айырмен, мылтықпен қаруланған кезбелер, жалаңаяқ сұғанақтар, қылмыскерлер Қазақ даласына қаптап кетеді; кейінгі тарихнамада көрсетілгендей емес, олардың “таптық мүдде”, “халықтар достығы”, “интернационализм” деген ұғымдардан ешбір түсінігі жоқ еді.
М. Шоқайдың жазуынша, тіпті, қоныс аударушылардың келесі толқыны да қазақтарға қырғидай тиеді. Жергілікті халықтан ең құнарлы, суармалы жерлер тартып алынып, қыстаулары қиратылады. Егін салуға дайын, игерілген мекендерге келіп қоныстанған мұжықтар “малымды ұрлады”, “жерімді таптады” деген секілді жалған айыптаулар тағып, отарлық әкімшілік арқылы жергілікті тұрғындарды ығыстыра түседі.
Орыс-тузем мектептерінде шектеулі бағдарлама бойынша оқытудың түпкі мақсаты халықты қараңғылықта ұстау және орыстандыру болса, орыс мұжықтарының жаппай қоныс аударуы қазақ жерін орыстардың этностық аумағына айналдыру екендігін ұққан М. Шоқайға патша өкіметіне қарсы саяси күрестен басқа жол қалмайды.
М. Шоқай университетте оқып жүрген жылдарында С. Жантөриннің үйі мен қаладағы Мұсылмандар қайырымдылық қорының ғимаратында Ильяс Алкин, Әлимардан Топчибашы, түрікмен Қақажан Бердиев, қазақ Ғайса Қашқынбаев, башқұрт Ахмет-Заки Валиди, татарлар Сұлтанбек Мамлиев, Мұстафа Шахкулимен жиі-жиі кездесіп, қоғамдық мәселелерді талқылаған жиындарға қатысады.
Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Бехбуди, Мүнәуар Қари сияқты зиялы қауыммен байланыс жасап тұрады [80].
1912 жылдан М. Шоқай Мемлекеттік думаның Мұсылман фракциясы мүшелерімен қоян-қолтық араласып, солардың ақыл-кеңесімен әрекет етеді.
Мемлекеттік думадағы татар, башқұрт, әзірбайжан халықтарының өкілдерімен Мұсылман фракциясы жанындағы Бюро құрылғанға дейін-ақ танысып, олардың тапсырмаларын орындап жүреді. Әсіресе, оған 1912 жылдың 13 наурызында ІІІ Мемлекеттік думада С. Н. Мақсудовтың патша үкіметінің мұсылман халықтардың рухани өмірін қыспаққа алып, мектептерінің, әдебиеті мен туған тілінің қуғындалып отырғаны, оған мысал ретінде жергілікті инспектордың нұсқауымен Қоқанда 20 медресенің жабылғандығы [81] туралы сөзі көп ой салады. ІV Думада И. Ахтямов мұсылман дін мекемелерінің қызметі, түркістандық генерал С. Еникеев Түркістан үшін мұсылман діни басқармасын ұйымдастыру туралы баяндамалар жасайды. Мұның барлығы да М. Шоқай көзқарасы бағытының анықталуына үлестерін қосады.
М. Шоқайдың саяси көзқарастары мемлекеттік деңгейдегі түрлі жиындарға қатысу барысында шыңдалып, нақтылана түседі. Бірінші Бүкілресейлік мұсылман съезіне қатысқаны жөнінде 1914 жылдың 27 маусымында Ташкенттегі досы Әлмұхамед Көтібаровқа хат жазып, “25 маусымда съезд өз жұмысын аяқтады, алайда оның Түркістан туралы шешімдері “академиялық сипатта қалды” деп хабарлайды [82]. Ә. Көтібаров ол кезде Ташкент округтік сотында аудармашы болып қызмет істеп жатқан. Хаттың соңында Мұстафа 28 маусымда Уфа губерниясына, Бірінші Мемлекеттік думаның мүшесі Сәлімгерей Жантөриннің үйіне кететінін айтып, хатты оның Белебей уезінің Килимов деревнясындағы мекенжайына жазуды сұрайды.
М. Шоқайдың бұдан бұрынырақ университеттің төртінші курсының бағдарламасын толық бітіргендігі туралы куәлік беруін сұрап өтініш жазуы оның осы сапарына байланысты емес пе екен деген ой келеді. С. Жантөрин болса, Ә. Бөкейханов секілді, Мұстафаны өте ұнатып, болашағынан үлкен үміт күткен адамдардың бірі деп санағанын, Мемлекеттік думаның келесі шақырылуында сайлауға қатысуға өзінің жекеменшік жерін кепілдікке бергісі келгенін ескеретін болсақ, басқа да болжамдар жасаудың қисыны бар. Алайда күзге қарай, І Дүниежүзілік соғысқа байланысты, М. Шоқай Петербургке қайтып келеді (1914 жылдың 6 қазанынан Мұстафа Петербургте Суворов проспектісі, 406-үй, 31-пәтерде тұра бастайды). Мұстафаның Ә. Көтібаровқа жазған хатынан оның 1913–1914 жылдары мұсылмандық қозғалысқа, Мемлекеттік думаның Мұсылман фракциясы ұйымдастырған жұмыстарға белсенді түрде араласа бастағанын көреміз. Себебі, 1914 жылғы маусым айының 15–20 күндері аралығында Санкт-Петербургте өткен Бүкілресейлік мұсылман съезін ІV Мемлекеттік думадағы Мұсылман фракциясы ұйымдастырған еді. Оған қырық депутат, олардың ішінде түркістандық С. Лапин, Саид Насыр Жалилов және генерал Сахибгерей Еникеев, Қазақ өлкесінен Ә. Бөкейханов, Б. Қаратаев, С. Шорманов, Ж. Сейдалин, Д. Аманшин, Ғ. Нарымбетов қатысады [84].
Съезде “Ресей мұсылмандарының діни істері” туралы заң жобасы әзірленіп, онда Санкт-Петербургте мұсылмандардың орталық діни басқармасын құру, қазақтардың діни істерін Орынбор мүфтилігіне бағындыру, Түркістан үшін өз алдына мүфтилік ашу мәселелері қарастырылады. М. Шоқай бұл Заң жобасын “академиялық сипатта” деп бағалағанда, оны орындау тетігінің жоқтығын, талап-тілек күйінде екендігін, ол туралы өз пікірлерімен Ә. Көтібаровпен жеке кездескен кезде бөлісетіндігін білдіреді. Ең бастысы – М. Шоқай осы кезеңде түрік-мұсылман халықтары азаттық қозғалысының жетекшілерімен жете танысады.
1907 жылғы 3 маусымдағы патша жарлығы бойынша Мемлекеттік думаға қазақ халқынан бірде-бір өкілінің сайланбағаны белгілі. Думадағы Мұсылман фракциясына жеті адамның алтауы: И. А. Ахтямов, М. Н. Жафаров, Г. Х. Байтеряков, М. Г. Минигалиев, Қ.-М. Тевкелев, М. М. Далгат енеді.
Төртінші Дума өз жұмысын 1912 жылдың 15 қаңтарынан, Министрлер Кеңесінің төрағасы Н. В. Коковцов жасаған үкімет мәлімдемесін талқылаудан бастайды. Кейін Коковцовтың естелік кітабының М. Шоқайдың Франциядағы мұрағатында сақталуы көп нәрсені аңғартады. Кітапты іждағатты түрде оқып шығып, ондағы мәселелерге көңіл аударуына қарағанда Мұстафа 1912 жылдың өзінде-ақ оны мұсылман депутаттарынан алып танысып шыққан болуы тиіс. Үкіметтің мемлекеттік принципі “империяның бірлігі мен тұтастығы, онда орыс халқы мен православие дінінің басымдылығы болып табылады” деген пікір баяндаманың да өзегін құрайды.
1913 жылдың 13 наурызындағы Мемлекеттік дума отырысында Мұсылман фракциясының төрағасы Қ.-М. Тевкелев “Мемлекеттік думаға сайлау ережесін өзгерту туралы” Мұсылман фракциясының мәлімдемесін жария етеді. Мұнан кейінгі отырыстарда Ресей құрамындағы халықтардың барлығына бірдей азаматтық теңдікті қамтамасыз ету, мұсылман халықтарының дінін, тілін қудалаушылықтарды, олардың өмір сүріп отырған кеңістігін отарлауды тоқтату жөнінде мәлімдемелер жасалады.
1916 жылы ақпан айында Қ.-М. Тевкелев мұсылман халықтарының көрнекті қоғам қайраткерлерін шақырып, мәжіліс ұйымдастырады. Онда фракцияның саяси платформасы, тактикасы және оның жанында кеңесу бюросын құру туралы мәселе қаралады. Қ.-М. Тевкелевтің арнайы шақыруымен мәжіліске А. Байтұрсынов қатысып, ол қазақтарға жеке мүфтилік ашу, қазақтарды әскер қатарына жазу, қоныс аударушылар толқынына тоқтау салу мәселелерін көтереді [86].
Арнайы комиссияның баяндамасы тыңдалғаннан кейін фракцияның жанынан депутаттармен тең құқылы төрт адамнан тұратын бюро құру туралы шешім қабылданады. Бюродан тыс бір хатшы, үш көшіріп жазушы және тағы бір қызметкер алу ұйғарылады. Бюро құрамына мүшелікке Кавказ, Түркістан және Қырым өкілдері шақырылады [87]. Бюроға Солтүстік Кавказдан Ахмет Цаликов (төраға), Қазақ уәлаятынан Ә. Бөкейханов, Уфа губерниясынан Ш. Мұхамедьяров пен А.-З. Валиди енеді [88].
Әлихан Бюрода Түркістанның бір өкілінің болуы керектігін және оған М. Шоқайдың лайық екендігін айтып мәселе көтереді. Бұл орайда оның жан-жақты дайындығының барлығы, Түркістан жағдайын жақсы білетіндігі, Петербургте тұратындығы, бұрыннан да Мұсылман фракциясының жұмысына қолғабыс беріп келгендігі есепке алынады.
Оның кандидатурасы “Қазақ” газетінің бетінде де талқыланады. Осында басылған бір мақалада былай делінеді: “Мұсылман фракциясы қасындағы бюроға қазақтан екі кісі қоюға жұрт қаулы қылғанда Бөкейханов баруын ұнатып, екінші адамның баруын қаржы қанша табылуына қаратып еді... Сөйтіп тұрғанда бюро адамдарынан хабар келді. Олар Бөкейхановтан басқа дайын қызмет ететін екінші адамның қазір өте керектігін білдіреді. Осы екінші кісіге бюро адамдары студент-юрист Мұстафа Шоқаевты лайықтайды. Мұстафа Шоқаев Мұсылман комитеті ашылғаннан бері сонда қызмет етуші еді” [89].
Мақала авторының “Мұсылман комитеті” деп отырғаны – 1914 жылдың желтоқсан айында Дума депутаты И. А. Ахтямовтың басшылығымен өткен мұсылман қоғамдық ұйымдары өкілдерінің съезінде сайланған Ресей мұсылмандары қоғамдық ұйымдарының Орталық комитеті. Мұның өзі де, яғни Мұстафаның “Мұсылман комитетінде” жұмыс істеуі қазақ, өзбек, башқұрт, татар т. б. түрік халықтарының қайраткерлерімен қоян-қолтық араласуына әкеледі және олардың көпшілігі қазақ өкілін қолдайды. Мұстафаның Бюрода қызмет істеуін қалап Сырдария облысынан Қалжан Қоңыратбаев бастаған бір топ қазақ азаматтары “Қазақ” газетіне хат жазады.
М. Шоқай “Бюро” жұмысына 1916 жылдың 1 қарашасынан бастап кіріседі. Бұл құрылым өз алдына мәселе шешпегенімен, халықтың арыз-шағымдарын, мұң-мұқтажын Мұсылман фракциясына, ол арқылы Дума мүшелеріне, жұртшылыққа жеткізуде, фракция мүшелерін қажетті ақпаратпен қамтамасыз етуде үлкен рөл атқарады.
1916 жылдың ақпан-наурыз айларында Мемлекеттік думада қандай мәселелер көтерілуі мүмкін деген сұраққа жауап беру мақсатында Ішкі істер министрлігінің өзге діндер департаментінің алдын ала дайындаған анықтамасында мына тақырыптар аталады:
– жергілікті әкімшілік тарапынан мұсылманшылықты қудалау;
– мұсылман конфессиялық мектептердің (мектебе, медреселердің) жағдайы. 1914 жылдың 13 наурызындағы Министрлер Кеңесінің шешімі бойынша Оқу министрлігіне мұсылман мектебелері мен медреселерін қайта құру туралы заң жобасын дайындаудың тапсырылуы;
– орыстандыру әрекеттері, лазареттердегі жараланған мұсылман жауынгерлерін, қарсылығына қарамастан, православие дініне өткізу, олардың арасында татар тіліндегі Інжіл кітабын тарату;
– үкіметтің мұсылмандар арасында пайдалы білім таратуға теріс қарауы;
– өткен жылы Орынбор мүфтиінің орнына, мұсылман прогресшілдерінің пікірінше, халық сеніміне ие емес, кертартпа көзқарасымен белгілі Петроград қаласының ахуны Баязитовтың тағайындалуы [90].
М. Шоқай осы мәселелердің І Бүкілресейлік мұсылман съезінде, Мұсылман комитетінде, Мұсылман фракциясында талқылануына да, оған дайындық жұмыстарына да атсалысады.
Мұсылман фракциясы мен оның Кеңесші бюросы төңірегіне мұсылман прогресшіл-реформаторлық қозғалысының ең жігерлі күштері топтасады. Бюро ұлттық қозғалыстың интеллектуалдық, ақпараттық және үйлестіру орталығына айналады.
Татар саясаткері Гаяз Исхакидің сөзімен айтқанда, ол “барлық ұлттық істерді басқаратын, көзге көрінбейтін ұлттық орталық” [91] болады. Осы себепті Мұсылман бюросы мен оның Кеңесші бюросы консервативтік күштердің наразылығын туғызады. Уфа және Мензелинск епископы Діни істер департаментінің директорына: “Енді бүкіл мұсылман қауымын Мемлекеттік думаның Мұсылман фракциясы басқарады, мұны сауатты мұсылмандар өмірін басқарушы және бүкіл орыс мұсылмандарын біртұтас топқа ұйымдастырушы мұсылман ішкі істер министрлігі десем артық болмас. Мәртебелі Сізден Мемлекеттік думадағы Мұсылман фракциясының жанындағы үкіметке онша белгілі емес бюроға назар аударуыңызды сұраймын... бұл “бюрода” мұсылмандардың ең белгілі деген барлық орталықтарының өкілдері бар, “бюроға” мұсылмандардан үлкен қаржы жиналады, “бюро” мүшелері Ресей бойынша сапарларға шығып тұрады” [92] деп жеткізеді.
Эмиграцияда жүрген кезінде Парижде жұмыс сайын кездесіп, сұхбаттасып тұратын жақын жолдастарының бірі Украин Халық Республикасының (наурыз 1917 – сәуір 1918) бұрынғы сыртқы істер министрі А. Я. Шульгин “М. Шоқайдың Бюрода атқарған жұмысының Түркістан үшін маңыздылығын айтып жеткізу қиын” [93] дейді.
Кеңесші бюроның құрамы жөнінде әдебиетте бірауыздылық жоқ, оның себебі бюро құрамы жиі өзгеріп тұрған сияқты. Мұрағат құжаттарында Бюро мүшелері ретінде, М. Шоқайдан басқа Г. Исхаки, С. Мақсуди, Ә. Топчибашы, Ә. Бөкейхан, С. Жантөрин есімдері аталады [94].
Тарихшы М. Қойгелдиевтің мәліметтері бойынша, 1916 жылға дейін төрт адамнан (А. Салихов, С. Жантөрин, Ш. Мұхамедьяров, Н. Құрбанғалиев) тұрған болса, кейін екі адаммен: С. Мақсуди және Ә. Бөкейхановпен толықтырылады [95]. Бұл орайда Бюроның өзі 1916 жылдың бас кезінде құрылғанын есте ұстауымыз керек.
М. Шоқайдың өмірі мен қызметіне арналған зерттеудің авторы А. Қараның, түрік ғалымы Недир Девлеттің жазуларына қарағанда, Мұсылман фракциясы жанындағы Бюрода М. Шоқай оның мүшелері С. Жантөрин, Ә. Бөкейханов, Н. Құрбанғалиев, А.-З. Валиди, Исмаил Лиманов, А. Салихов (Цаликов), Шәкір Мұхамедьяровпен бірге жұмыс істеген [95]. Қалай болғанда да, М. Шоқай осы адамдардың барлығымен де істес қарым-қатынаста болады. Ол және С. Лапин, А.-З. Валиди, Әли Акбар Топчибашы, Қ. Бердіұлы, Иса Қашқынбаев, Ильяс Алкин, Мұстафа Шахқули секілді жастардың жиындарына Махмұт Қожа Бехбуди, Мүнәуар Қари, А. Байтұрсынов қатысып, ой-пікірлерін ортаға салады.
Мұстафаның ұйымдастыруымен Кеңесші бюроның бір мәжілісінде В. В. Бартольд пен А. Н. Самойловичтің оқу мәселелері жөніндегі пікірлері, Х. Келдібековтің земстволық мектептер жайлы баяндамасы тыңдалады [97].
Мұсылман фракциясы 1916 жылғы көтеріліс мәселесімен тікелей шұғылданады және ол жөнінде Дума мінбесінен сөйлеу үшін депутат М. Ю. Жафаровқа баяндама дайындау М. Шоқайға тапсырылады [98]. Осы жұмысқа байланысты материалдар жинау үшін және Түркістандағы жағдайды біліп қайту мақсатында М. Шоқай 1916 жылдың 10 тамызында мұсылман фракциясының төрағасы Қ.-М. Тевкелев және Ш. Мұхамедьяровпен бірге Ташкентке келеді. Сонан соң мұнда бұрынырақ (3 тамызда) келген А. Ф. Керенскийді ұшырастырып, олар Самарқан, Әндижан, Қоқан, тамыздың аяқ жағында Ташкент уездерін аралап шығады [99]. 21 тамызда М. Шоқай А. Ф. Керенскиймен бірге көтерілісті басу кезінде тып-типыл болған Жизақ қаласына келеді, Жизақ уезінде ауылшаруашылық санағын жүргізіп жүрген студенттердің патша жазалаушыларының қолынан қырғынға ұшырағанын анықтайды, жергілікті тұрғындарға көрсетіліп отырған зорлық-зомбылықтың кең етек алып отырғанына көздері жетеді. Соның бір мысалы ретінде Ташкент теміржолы бойындағы кішкентай бір стансаның билет кассасының алдында тұрғанында өз кезегін бере салмағаны үшін орманшының қамшысы Мұстафаның басынан үйіріліп шыға келгенін [100] айтсақ та жеткілікті.
Эмиграцияда жүрген кезде М. Шоқай Жизақтағы қырғынды еске алып, қаладағы емшектегі баладан еңкейген кәріге дейін мыңдаған адамдардың орыс жендеттерінің қолынан қаза тапқанын, осы “ерлігі” үшін полковник П. П. Иванов деген қаныпезердің Иванов – Ринов – Джизакский атанғанын “Последние новости” [101] газетінің бетінде жария етеді.
Жалпы алғанда М. Шоқайдың ұлттық қайраткер ретінде саяси сахнаға шығуына 1916 жылғы Түркістан мен Қазақ жеріндегі ұлт-азаттық қозғалысы қуатты серпін береді. 1916 жылы М. Шоқай Түркістан жәдитшілдері жетекшілерінің бірі Убайдолла Қожаевтың басшылығымен құралған түзем комиссиясы құрамына енеді. Бұл жағдай оған Түркістанға генерал-губернатор болып тағайындалып, 1916 жылдың шілде айының аяғында Ташкентте жүрейін деп отырған Куропаткинмен әңгімелесуіне және елдің наразылығын жеткізуге мүмкіндік береді. Куропаткин Мұстафаны: “Көтерілістің бір себебі Түркістан әкімшілігінің өз билігін асыра пайдалануында жатыр, барғаннан кейін майданға шақыртылу шарттарын жеңілдетемін және Түркістан әкімшілігін толық тазартамын” [102] деп сендіреді.
Алайда Ташкентке жетпей жатып-ақ, жол бойында Куропаткин уәдесінен танып, “Түркістанды бүлікшілерден тазарту” туралы жоспар жасайды. М. Шоқайдың жазуынша, Қазалыға жер аударылып, сонда тұрып жатқан Орал казактарына Жетісуда қазақ және қырғыз көтерілісшілерінен босатылған көлемді жер телімдерін беруге уәде етеді [103].
Ташкентке келген бойында Куропаткин “орыс қаны тамған жердің барлығын тәркілеуге” ұран тастайды. Орыс қауымы генерал-губернатордың сөзін үлкен құлшыныспен қарсы алады. “Бүлікшілер тиісті жазасын алды. Әскерлер мыңдаған қырғыздарды қырып, мекендерін жойды; олардың мыңғырған малы әскерлер мен әкімшіліктің қарамағына түсті” [104] деп жазды орыс басылымдары.
Қазақтарды майданның қара жұмысына мобилизациялау емес, “реквизиялау” туралы жарлығын, оның ешбір құқықтық негізінің жоқтығын былай қойғанның өзінде, халық оны өзінің ар-намысын аяққа таптаған шовинистік құжат ретінде қабылдайды. Осыған қарамастан Мұстафа, басқа Алаш жетекшілері секілді, халықты қырғынға ұшыратпау үшін патша жарлығының ығына көнуге, көтерілісті туындатып отырған мәселелерді конституциялық заңдылық шеңберінде, Мемлекеттік дума мен үкімет құрылымдары арқылы шешуге шақырады.
Бірінші дүниежүзілік соғысқа байланысты алым-салықтың күшеюі, патша чиновниктерінің қысымшылықтары, жергілікті тұрғындарды орыс қоныстанушыларының егістік жерлерінде жұмыс істеуге мәжбүрлеуі онсыз да ашынған халықты көтеріліске итермелейді. “Соғыс қажетіне” деп Сырдария уезіндегі халықты тонаушылықтың тағы бір түрі жөнінде М. Шоқай былай дейді: “Мен “өз еркімен” қол қойған ашық қағаздарды көрдім. Онда жүздеген бас түйе, жүздеген жылқы, мыңдаған қой, текемет, киіз, жүздеген пұт май, он мыңдаған ақша жазылыпты. Бұл бір уезден ғана алынды” [105]. Соғыс жүріп жатқан кезде онсыз да ойына келгенді істеп жүрген орыс чиновниктерінің бейбастақтықтары елдің берекесін қашырады. Осыған байланысты 1914 жылы Ақмешіт қаласының тұрғындары әкімшіліктің іс-әрекеттері жөнінде Сырдария әскери губернаторы А. С. Галкинге арызданады. Ал, губернатор: “Мұсылмандардан мен арыз-шағым қабылдамаймын. Бізге ең алдымен түріктерді Константинопольден қуып шығып, Қасиетті София төбесіне крест орнатуымыз тиіс; мүмкін сіздер жасырын құлшылық ететін халифтеріңізді де қуып шығармыз” [106] дейді.
М. Шоқай осы оқиғаның куәсі болады. Мұндай жағдайда жергілікті халықтың орыс әкімшілігіне оң қабақ танытуы мүмкін емес еді.
1916 жылғы көтеріліс әбден ашынған елдің айбаты еді. Патша үкіметінің жазалау экспедициялары қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен, ұйғырларды жасына да, жынысына да қарамастан қырып-жоюмен шектелмей, олар мекендеген бүкіл ауылдар, қыстақтар мен қалалары қиратылады. Бақша-баулары, егістіктері құртылады. Жетісуда бүкіл болыс, уездердің қазақ, қырғыздары шөлді-шөлейтті, таулы-қыратты өңірлерге көшіріледі [107]. Үкімет әскерінің қолдауына сүйенген қарулы орыс мұжықтары бейбіт ауылдарды қанға тұншықтырады.
М. Шоқай сөзбен айтып жеткізуге болмайтын жауыздықтардың орын алғанын “Түркістанда” деген еңбегінде ашына жазады. Жергілікті тұрғындарды кемсітудің, ар-намысын қорлаушылықтың талай мысалдарын өз көзімен көреді.
Әндижан жамиғат мешітінің сарайында сөз сөйлеген А. Керенский: “Патша өкіметі жүргізіп отырған саясатта орыс демократиясының кінәсі жоқ, орыс демократиясы мемлекеттік биліктің халықтың өз қолына өтуі және түркістандықтардың құқы орыстармен теңелуі үшін күресіп келеді” [108] дейді. Болашақта “орыс демократиясының” да “орыс мүддесін” өздерінен жоғары қоятынын білмеген халық А. Ф. Керенскийдің сөзін құптап, қол соғады. Ол уақытта М. Шоқайдың өзі де “орыс демократтары” жағында болатын.
1916 жылы қарашада Петербургке Торғай қазақтарының делегациясы келеді. М. Шоқай оларға А. Ф. Керенскиймен кездесуге көмек береді. Керенскийдің өз үйінде қазақтар үкіметпен арада делдал болуды сұрап, майданға алынуы тиіс жұмысшылар орнына он мың сәйгүлік беруді ұсынады [109].
М. Шоқай түрлі мемлекет орындарын 1916 жылғы көтеріліс туралы материалдармен жабдықтап, Түркістан мен Қазақ даласындағы қасіреттің ауқымдылығын жеткізеді. Мұстафа бұл бағытта Ә. Бөкейхановпен бірігіп қимылдайды. 1916 жылы 8 желтоқсанда ішкі істер министрі кеңесінің мүшесі В. Г. Кондоидің Ақмола, Семей және Орал облыстарындағы көтеріліс туралы баяндамасында ондағы кейбір мағлұматтардың Азов банкі Самар бөлімінің бастығы Ә. Бөкейхановтан және Мұстафа Шоқайдан алынғандығы [101] ескертіледі. Өз тарапында М. Шоқайға 1916 жылғы көтеріліс туралы кейбір материалдарды Ташкентте эсер В. А. Чайкиннің үйінде Қ. Қожықов береді. М. Шоқайдың Түркістан сапарынан оралған А. Ф. Керенскийдің 1916 жылдың 13 желтоқсанында Мемлекеттік думаның жабық отырысында сөйлеген сөзіне де ықпал жасағаны байқалады. Ол “Түркістан мен даланың қырғыз облыстары – Тамбов не Тула облысы емес. Оларға, ағылшындар мен француздар өз отарларына қалай қараса, біздер де солай қарауымыз керек” [111] дегенімен, патша үкіметі жазалаушылық әскерлерінің қазақтарға жасаған айуандықтарын жасыра алмайды. Олардың жергілікті халықты қырып-жоюы мен тонаушылығы барлық жерде орын алады. “Тәртіпсіздіктерге қарсы әкімшілік пен орыс мемлекеттік билігі мәдени Еуропа мемлекеті түгілі, бірде-бір шығыс деспотияларының батылы бармайтын террормен жауап берді” [112] деп көрсетті А. Керенский. Әсіресе ол патша әскерлері, казактар мен орыс қоныстанушыларының “бірлескен әрекеттері” салдарынан Жетісу қазақтарының қасіретті күй кешіп отырғанына тоқталады. Түркістан мен Қазақ даласындағы вакханалияны тоқтату үшін ұлт зиялылары патшаға депутациялар ұйымдастырады, Мемлекеттік думаға, Ішкі істер министрлігіне арыздар түсіреді. Майданның қара жұмысына қазақтарды алуда заңсыздықтардың кең етек алып отырғандығы, “он бес жасар, бір үйдегі жалқы, үш-төрт ағайынды жігіттердің түгел алынып кеткендігі” туралы “Қазақ” газеті бетінде мәселе көтеріледі. Ә. Бөкейхановпен бірігіп Мұстафа майданға алынған қазақтардың аш-жалаңаш күйі, оларға жәрдем беру жөнінде 1916 жылы Петроградтан мақала жазады. Ол империяның жоғарғы әкімшілігі және Земстволар мен қалалар одағы арасында майдандағы түркістандықтар ісі бойынша байланысшылық рөл атқарады.
Ә. Бөкейханов бастаған қазақ зиялылары майданның қара жұмысына алынған қазақ азаматтарының жол бойында және барған жерлерінде тиісті медициналық көмек алуын қадағалайды. Бұл бағытта да М. Шоқай Әлиханның басшылығымен әрекет етеді. 1916 жылы 15 қарашада ол: “29 қазанда жазған хатымызда Павлодар һәм Семей уездерінен “48 жұмыскер жігіттердің Петроградтан өткендігін білдіріп едік” деп, олардың мұнан кейінгі хал-жағдайы жөнінде хабарлайды [114].
1916 жылы М. Шоқай мен А.-З. Валиди А. Ф. Керенскийдің көмегімен, Түркістаннан алынған жұмысшылардың жағдайын білу үшін майданға барып қайтады [115]. Жас юристің алдында болашағы мол мансап есігі ашылады: оған университетте қалып, профессорлық атаққа дайындалу ұсынылады. Мұстафаның алғырлығы мен іждағаттылығын білетіндер оны түркістандықтар ісімен айналысатын жоғары лауазымды қызметкер деңгейінде көреді. Бірақ ол мұның барлығынан да бас тартып, университетте алған білімін, күш-жігерін елі мен жерінің қам-қарекетіне, халқының прогресс жолына түсуіне жұмсауды жөн көреді.
Мемлекеттік дума саяси күштер мен ағымдардың, отарлық жүйе мен ұлт-азаттық қозғалысының “ұрыс майданы” іспеттес еді. Мұсылман фракциясы осы майданның алғы сапынан көрінеді. Бүкіл түрік халықтарының наразылығын “арқалаған” оны тиісті мағлұматтармен жабдықтауда М. Шоқай ұлан-ғайыр іс бітіреді. Ол Кеңесші бюрода Мұсылман фракциясының депутаттарымен құқығы бірдей мүшесі (Түркістан өкілі) ретінде жұмыс жасай отырып, хатшылық қызметті қоса атқарады. Бюро ол үшін шын мәніндегі саяси мектеп болады, онда дүниетанымы, парасат-пайымы кең, алдыңғы қатарлы қоғам қайраткерлерінің бірі ретінде қалыптасады. М. Шоқайдың Кеңесші бюрода жұмыс істей бастауы Мемлекеттік думада прогресшіл блоктың ресми өкіметке ашықтан-ашық қарсы тұруымен тұстас келеді. Бұл блок 1915 жылдың тамыз айында Думадағы ұлтшылдардан, октябристер, кадеттер, прогресшілдер және Мемлекеттік Кеңестің үш фракциясының бірігуінен құралған-ды. 1916 жылы ақпанда Қ.-М. Тевкелев шақырған кеңесте Прогресшіл блокқа көзқарас мәселесі де талқыланады. Фракцияның прогресшілдер блогына ену мәселесі С. Мақсуди, М. Ю. Жафаров тараптарынан талқыланады және бұл мәселенің оң шешілуі парламенттік бұл топтың мұсылмандардың мұң-мұқтажына қалай қарайтындығына байланысты екендігі жөнінде мәлімдеме жасалады [116]. М. Шоқай да осы ұстанымды қалады.
Думаның бесінші сессиясы 1916 жылдың 1 қарашасында Прогресшіл блоктың үкімет қызметін сынға алған әйгілі декларациясынан басталады. 3 қарашада Мұсылман фракциясы оппозицияның үкімет қызметіне наразылық білдірген мәлімдемесіне қосылады.
Прогресшіл блоктың дүниеге келуі тұсында орыс және мұсылман либералдары арасындағы кейбір қайшылықтарға қарамастан, Мұсылман фракциясы және оның Кеңесші бюросы Дума либералдық оппозициясының бір бөлігі болып қалады және оның стратегиясы мен тактикасын қолдайды. М. Шоқайдың өзін “прогресшілдер” қатарына жатқызуы осы жағдайға байланысты. Ол түрлі ұлттық топтармен, либералдық және демократиялық партиялар (кадеттер, трудовиктер, халықшыл социалистер, социал-демократтар т. б.) өкілдерімен қарым-қатынас орнату, келіссөздер жүргізу, мәмілеге келу тәжірибесін жинақтап, 1917 жылға қарай Ресей империясы құрамында болған қазақ, өзбек және т. б. түрік халықтарының ұлттық дамуының саяси және идеологиялық тұжырымдамасын әзірлеу процесіне толық дайындықпен келеді.
1917 жылдың 25 ақпанында ІІ Николай патша Дума отырыстарындағы үзіліс жөнінде соңғы жарлыққа қол қояды. М. Шоқай түрік-мұсылман халықтарын отарлық бұғауда ұстап келген патшалық биліктің құлауын ризашылық сезіммен қарсы алады. “Қазақ” газетінде Ә. Бөкейханов, М. Дулатов бастаған барлығы он қазақ зиялысының халықты “теңдік, бостандық күнінің туғандығымен” құттықтап, Ақпан революциясы нәтижесінде құрылған уақытша үкіметті қолдауға, ұйымдасуға, Құрылтай жиналысына әзірлік жұмыстарын жүргізуге, жер мәселесін қайта қолға алуға [117] шақырған Минскіден жіберілген жеделхаты жарияланады. Жеделхат бас көтерер қазақ азаматтарына, олардың ішінде М. Шоқайдың үзеңгілес достары Ә. Көтібаров (Ташкент), Қ. Қожықов (Әндижан) және С. Ақаевқа да (Ташкент) жолданады.
Сол кезеңдегі қазақ зиялыларының көңіл ауанын М. Шоқай былай деп түсіндіреді: “Патшаның құлауы, орыстың төңкерісшіл демократиясының билік басына келуімен Ресей басшылығындағы бізге қарсы заңсыздықтардың жойылатынына және орыс емес ұлттарда шын мәнінде өзін-өзі басқару құрылатынына әрі осы өлкелерге жүріп жатқан орыс көшуінің тоқтайтынына сенетінбіз” (118].
Патшаның тақтан тайған күні Ә. Бөкейханов жаңа жағдайда қазақ халқының алдында тұрған мәселелерге байланысты елге қайтатынын, Бүкілресейлік Земство одағындағы өзінің орнына майданға алынған жұмысшылардың ісімен айналысатын ұйымдардың шешімімен М. Шоқайдың сайланғанын айтып, сол себепті тез арада Минскіге келуін талап етіп хат жолдайды. Бірақ Петроград пен майдан арасындағы теміржол қатынасының үзіліп қалуы себепті М. Шоқай Минскіге бара алмайды.
М. Шоқайдың Петроградта кідіруінің бір себебі, Дума жұмысында “үзіліс” жарияланғанымен, Мұсылман фракциясы жанындағы Кеңесші бюроның тарқай қоймауына байланысты еді. Оның үстіне көптеген мұсылман халықтарының өкілдері аласапыран жағдайдың мәнін түсінуге тырысып, Кеңесші бюродан Ақпан төңкерісінен кейін қалыптасқан ахуалға орай іс-қимыл жасауды талап етеді. Петроградқа Ә. Бөкейханов, Ә. Топчибашы, С. Мақсуди т. б. қайраткерлер жиналады [119]. Кеңесші бюроның 1917 жылдың 15–17 наурызында мұсылмандардың қайырымдылық қорының ғимаратында өткен отырысында сол жылдың 1–11 мамырында Мәскеуге Бүкілресейлік мұсылмандар съезінің шақырылуы жөнінде шешім алынады. Съезге дайындық жұмыстарын жүргізу үшін уақытша орталық бюро құрылады. Оның құрамына Ә. Бөкейханов, С. Жантөрин, А. Цаликов, Н. Құрбанғалиев, И. Лимановпен бірге М. Шоқай да кіреді [120].
Ақпан революциясына үлкен үміт артқан М. Шоқай Түркістан жөнінде даярланып жатқан заң жобалары мен жаңа ережелерге ықпал жасауға, уақытты ұтымды пайдалануға тырысады. “Күн сайын жаңа тағайындалған министрлердің бірде бірімен, келесіде екіншісімен, не болмаса революцияның басты көсемдерімен кездесуге тура келді. Сол күндері қанша қағаз жазылды. Қанша түрлі жобалар болды!” [121] деп еске алады кейін.
Сол уақытта-ақ Мұстафа Түркістандағы азаттық күштерінің әлсіздігі және ұйымдаспағандығы себепті алға қойған мақсатына өз күшімен жете алмайды деген тұжырымға келеді. Сондықтан өзінің саяси қызметінің басты бағыты түрік халықтары ұлт-азаттық қозғалысының орыс революциялық демократиясымен одағын қамтамасыз ету деп біледі, Петроградтағы оның орыс саяси және мемлекет қайраткерлерімен кездесіп сұхбаттасулары осы мақсатты көздейді.
М. Шоқайдың орыс либералдық және демократиялық топтарымен жақын қарым-қатынаста болуы ұлт-азаттық қозғалысының таза прагматикалық мақсат-мүддесінен ғана туындаған жоқ. Ол түрік-мұсылман қауымымен қанша араласып, мұңын мұңдап жүргенімен, өзін русофобтық пиғылдан аулақ ұстайды. “Орыс интеллигенциясының демократиялық және либералдық топтары арасында, – деп жазады ол, – біздер, орыс еместер, өзімізді бөтен сезінген жоқпыз. Бұл жағдай біздердің оларға жақын болғымыз келгендіктен емес, олардың ортасына тән саяси көңіл-күйдің өзіміздің ой-күйімізге сәйкес келгендігінен еді” [122].
Екі жақ та ұлттық теңсіздікке байланысты әділетсіздіктер патша үкіметіне ғана байланысты, ол құлап, орнына революциялық демократия келген кезде бәрі де өзгереді деп сенеді. Отарлық жүйені саяси режимнің жемісі деп қарастырудың қате екенін, оның ұлтаралық мәселе екендігін түсіну М. Шоқай үшін болашақтың ісі болып қалады.
1917 жылғы наурыз айының аяғында ол Түркістан ұйымдары атынан Бүкілқазақ съезіне қатысу үшін жолай Орынборға соғып, Түркістанға оралу керектігі жөнінде Ташкенттен жеделхат алады. Мұстафаны Түркістанға У. Қожаев шақырады. Торғай қазақтарының съезіне Түркістан қазақтарының өкілдері қатысады.
Наурыз айында Уақытша үкімет Ә. Бөкейхановты Петроградқа шақыртады да [123], оның орнын Асфандияр Кенжин басады. Петроградта 20 наурыз күні Әлиханнан Торғай облыстық комиссары қызметіне тағайындалуына келісімі алынады [124].
М. Шоқай Ә. Бөкейхановпен Петроградта кездесіп, түркі-мұсылман халықтарының тағдырында жақын арада жүзеге асырылуға тиісті нақты шаралар жөнінде кең түрде сұхбаттасады. Сол жолы Әлиханмен бірге М. Дулатов та Петроградқа келеді. Мұнда Ә. Бөкейханов, Міржақып пен Мұстафа Уақытша үкіметке қолдау көрсеткен астана көшелеріндегі шеруге де қатысады [125]. Әлихан, Мұстафа, Міржақыптың қолдары қойылған “Алаш ұлына” деген үндеу “Қазақ” газетінде 12 сәуірде жарық көргенімен, бұл құжат Петроградта дайындалып, осы үш тұлғаның, яғни Ә. Бөкейханов, М. Дулатов,
М. Шоқайдың қаламынан туындайды [126].
М. Шоқайға “Алаш ұлына” секілді маңызды құжатқа қол қоюдың ұсынылуы Қазақ жері мен халқының тұтастығын ойлаған Ә. Бөкейханов пен М. Дулатовтың әуел бастан оны ұлт-азаттық қозғалысының оңтүстік қанатының жетекшісі деп санауынан болса керек. Үндеуде “Алаш” қайраткерлерінің 1916 жылғы көтеріліс туралы ұстанымдарының дұрыстығы, жаңа үкіметке көзқарасы туралы баяндалады. “Ескі үкімет заманында қазақ халқы Русияға өгей едік, бізге үкіметтің жаны ашымайтын еді, оның арын арлап, намысын намыстамайтын еді. Мұның зор белгісі былтыр көрінді, “25 июнь жарлығы” шыққанда қазақ халқы қандай болды. Егер ескі үкімет бізді тең ұстап отырған болса, қазақ бөлінер ме еді, қарсыласып қан төгер ме еді. Біз қазаққа “көн, қарсы келме” дегенде рақымсыз үкімет жай-күйіне қарамай, қырып-жойып жұрттың берекесін кетірерін біліп амалсыздан көн деуші едік. Біздің жоруымыз расталғанын халық көрді...
Біз қазіргі әділ үкімет, азат Русиямен бір тілекте, бір кемедеміз” [127].
М. Шоқай сәуір айында Орынборда ашылатын Торғай облысы қазақтарының съезіне Ә. Бөкейхановтан да шақырту алады [128]. М. Шоқай Петроградтан Орынборға 1 сәуірде жолға шығады.
Орынбор сол кезеңде А. Байтұрсынов пен М. Дулатов секілді қазақ зиялыларының жетекшілері тұратын, шын мәнінде ұлт-азаттық қозғалысының астанасы ретінде саналады. Осы екі қайраткердің ұшқыр қаламынан күллі халық арасында кең танылған апталық “Қазақ” газеті де осында шығатын.
Съезге тек Торғай және Орал облыстарынан ғана емес, Ақмола, Семей, Сырдария облыстарынан, Орынбор губерниясы, Ташкент, Қазан, Уфа және тағы басқа қалалардан, барлығы 300 өкіл мен құрметті қонақтары қатарында өзбек, татар және башқұрт қайраткерлері Мүнәуар Қари, Әбдуссами Қари, Фатих Каримов, Теміршах Соловьев т. б. қатысады. Алаш тарихының білгірі Ғалым Ахмедовтің “бұл жиынды” тұңғыш қазақ съезіне балауы [129] шындықтан онша алшақ емес еді.
Съезді Қазан мұсылмандарынан заңгер Н. Халфин, Уфадан Ғабдрахман Фахретдинов, Орынбор мұсылмандарынан Ғабділғазиз Хусайынов, Теміршах Соловьев, Ақтөбеден имам Ғұмар Ғабділбаниев, Ахмет Байтұрсынов, “Вакт” газетінің редакторы Фатих Каримов құттықтайды. Съезд делегаттары үкіметке қолдау көрсетіп, жергілікті басқару жүйесін өзгерту, жалпыға бірдей ана тілінде міндетті де ақысыз оқу, халықтың діни қажеттіліктерін қанағаттандыру жөнінде мәлімдемелер жасайды.
М. Шоқай съезде қаралған ең маңызды мәселе орыс және басқа да славян халықтарының қазақ жеріне келіп қоныстануын тоқтату болғандығын айтады. Бұл жөнінде Құрылтай жиналысының шешімімен алдымен қазақтарды орналастыру жайлы қаулы алынады. Кейін жиынды М. Шоқай: “Қазақ даласында автономиялық өкіметтің іргесін қалай бастаған бұл съезд қазақ, өзбек, татар халықтарының бастары біріккен, еркіндікке ұмтылысы мен туысқандықтың айқын көрінісі болды” деп бағалайды.
Съезд аяқталғаннан кейін Орынбор мұсылмандары оған келген делегаттарға қонақасы береді. Соңында А. Байтұрсынов, М. Шоқай, У. Танашев және Ғ. Фахретдинов Бұхар ханына “халқын кісендеп арқандамай, құлдықтан босатуға” шақырған жеделхат жолдайды. Түркістан ұлт-азаттық қозғалысына үлкен кедергі болып келген Бұхар монархына жолданған бұл хаттың бастамашысы М. Шоқай болғандығы сөзсіз. Сонымен бірге құжат түркі-мұсылман қайраткерлерінің Түркістан мен Қазақ даласын бір-бірінен бөліп қарамағандығының, азаттық қозғалысы біртұтас деп білгендігінің айғағы деуге келеді.
1917 жылдың 26 наурызында Перовск қазақтарының жалпы жиналысында М. Шоқай (Ә. Көтібаров, С. Лапин, Қ. Қожықовпен бірге) қазақ депутаттарының отыз бес адамнан тұратын уездік кеңесінің құрамына, сонымен бірге сырттай Түркістан өлкесі қоғамдық атқару комитеттерінің Ташкентте ашылғалы тұрған съезіне делегат болып сайланады [130]. Осыған байланысты ол Орынбордан Мүнәуар Қари, Әбдуссами Қари, Серқұл Алдабергенов, Жүсіпбек Басығараұлымен бірге Ташкент бағытында пойызға отырып, Перовскіде түсіп қалады. Қала тұрғындары Мұстафаны өздерінің жерлесі ретінде де, оған қоса Ташкент пен Петербургте жергілікті тұрғындардың көші-қон мәселесі бойынша арыз-шағымдарына қол ұшын берген заңгер ретінде де жақсы білетін. Оларды “ауып келген келімсектердің шеңгелінен” талай рет құтқарып қалғаны туралы кейін өзі де еске алады. Мұстафа қаланың және теміржол бойында орналасқан елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысып, 10 сәуірде Ташкентке жетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |