2.2 Ұлттық қозғалысқа басшылығы
Орталық кеңестің құрылуы және М. Шоқайдың оның төрағалығына сайлануы өлкедегі бір-бірімен байланысы әлсіз мұсылман одақтары мен комитеттерінің бастарын біріктіріп, ұлт-азаттық қозғалысының ұйымдық негізін нығайтуға кең жол ашады. Жергілікті тұрғындарды ұлттық идеялар төңірегінде топтастыру оңайға түспейді. Сол кезеңде бір ғана Ташкентте не жарғысы, не бағдарламасы жоқ екі жүзге тарта ұйым жұмыс істейді [1].
Өлкелік мұсылман кеңесі бір таптың не партияның органы емес, барлық мұсылмандардың басшы органы ретінде жұмыс істейді. Осы себепті халық арасында оны Ұлттық орталық деп те атады. Оған бүкіл түркістандықтар атынан сөйлеуге, Уақытша үкіметпен және оның жергілікті органы Түркістан комитетімен келіссөздер жүргізу құқығы беріледі [2].
Украина Халық Республикасының бұрынғы сыртқы істер министрі А. Я. Шульгин осы кезеңді еске алып, М. Шоқайдың “белсенділігі мен ел елдындағы беделі аса зор еді. Жастығына қарамастан (ол кезде отызға да толмаған еді) қайта өрлеген Түркістанның нағыз көсемі бола білді” [3] деп жазды.
Сәуір айында “Шуро-и-Исламияға” жалпы мұсылман бірлігі идеясын басшылыққа алған кейбір дін иелері де қосылады және Ұлттық орталық ұйымдастырған шараларға да қатысады. Алайда оқиғалардың даму барысында реформаларды жақтаушылар мен көне өмір салтын ұстанғандар арасындағы қатынастар бұзыла бастайды. Мұсылман кеңесі басшылығымен жүргізілген бірігу процесі дін иелері тарапынан қарсылықтарға ұшырайды. Олардың консервативтік бөлігі ұлттық демократтардың ісін “Құдайдан безушілік” деп бағалап, мұсылмандар арасына Еуропа мәдениетінің таралуын сынға алады. Ал, дін иелерінің демократиялық бөлігі М. Шоқай төңірегіне топтасып, ұлттық тәуелсіздікке, жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген қоғамдық құрылысқа бейбіт, реформалық жолмен қол жеткізуге болады деп есептейді.
Осы мақсатта Мұстафа этностық, діни қақтығыстарға жол бермеуге, шиеленісті мәселелерді келіссөз арқылы шешуге, саяси партиялар мен ұйымдардың араларындағы қатынастарды реттеп отыруға күш салады. Түрлі кездесулер мен жиындарда алда күтіп тұрған қиыншылықтардың табиғатын ашып көрсетуге, саяси ахуалмен таныстыруға, ұлттық қозғалыстың кімдерге арқа сүйеуі мүмкіндігін түсіндіруге тырысады.
Әсіресе, ұлт-азаттық қозғалысының мақсат-міндеттерін жергілікті халық арасында насихаттауда 1917 жылдың мамыр айында М. Шоқайдың тікелей басшылығымен “Бірлік туы” газетінің ұйымдастырылуын ерекше атаған жөн. Газет жұмысына Қ. Болғанбаев, С. Қожанов, М. Дулатов, А. Мәметов, Н. Құлжанов, Ш. Сарыбайұлы, Қ. Күлетов, Ж. Басығараұлы, Е. Шәрментов, Б. Майлин атсалысады.
1924 жылдың сәуір айында Т. Рысқұловтың И. Сталинге жолдаған баяндамасында: “Бұл газетті ұйымдастырушылардың платформасы дәлме-дәл алашордалықтардың көзқарастарына сәйкес келеді. Бұл топты әуел баста ұйымдастырған да, оған басшылық жасаған да Мұстафа Шоқаев... Барлық “Бірлік туы” тобы табанды да сенімді түрде Шоқаевтың және Құрылтай жиналысының, ал Түркістан мәселесі бойынша тәуелсіз буржуазиялық автономия, мұнда да тәуелсіз Алашорда партиясын ұйымдастыру платформасында тұрды” [4] деп жазады. Тұрар “Бірлік туы”, “Қазақ”, Ташкенттегі “Улуғ Туркестан” газеттерінің бір ұстанымда [5] екендігін де еске салады.
М. Шоқаев Түркістандағы оқиғаларды Қазақ даласының саяси өмірінен бөліп қарамайды. А.-З. Валиди: “Қазақ халқының көрнекті қайраткерлері: жазушы Ахмет Байтұрсынов, Шыңғыс хан тұқымынан шыққан, Бөкей ордасының аса құрметті адамы Шахингерей Сұлтан Бөкейханов, Ташкенттен Мұстафа Шоқаев, Жаһанша Досмұхамедов Торғай облысының комиссары Ғалихан Бөкейхановтың резиденциясында әртүрлі жиындар өткізіп жүрді” деп жазады өз “Естеліктерінде”. Мұндай басқосуларда Түркістандағы жағдайдың әңгіме өзегі болып тұрғаны күмәнсіз.
Түркістан мен Қазақ даласындағы ұлт-азаттық қозғалысы ошақтарының арасындағы байланысты нығайтуда М. Шоқайдың 1917 жылы 21–26 шілдеде Орынборда өткен Бірінші Жалпықазақ съезіне арнайы шақыртылуы маңызды рөл атқарады. Съезд жұмысына Түркістаннан Санжар Асфендияров, Садық Өтегенов, Әлмұхамед Көтібаров, Сұлтанбек Қожанов, Қоңырқожа Қожықов, Серікбай Ақаев т. б. қазақ зиялылары қатысады.
М. Шоқай сырттай Құрылтай жиналысының депутаттығына кандидат және Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесіне депутат ретінде бекітіледі.
Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Сырдария, Ферғана облыстары және Бөкей Ордасының өкілдері қатысқан бұл жиында Ресейдің федеративтік парламенттік республика болып жариялануы, ал қазақ облыстары “қоныс-ұлт өкіліне қарай” облыстық автономия алуға тиіс [6] деген шешім алынады.
Мұның өзі Түркістан ұлттық қозғалысына, оның жетекшілеріне үлкен моральдық қолдау болады.
Сонымен бірге осы кезеңде ұлттық шет аймақтардағы саяси күштер арасында ажырасу, бірігу процестері жүріп жатады. 1917 жылдың 24 мамырында “Қазақ” газетінде қазіргі саяси партиялар бағдарламаларының бірде-бірі қазақ қоғамының мүдделеріне жауап бере алмайды деп мәлімделеді. Кадеттердің VІІІ съезінде Орталық комитеттің құрамына сайланған Ә. Бөкейханов шілде айында осы партиядан шығатынын жариялайды. Оның бастамасымен Бірінші Жалпықазақ съезінде дербес ұлттық партияның құрылатыны құлағдар етіледі.
Түркістанда автономия идеясын бәрі бірдей қолдағанымен, оған жету тетіктері мен жолдарын түрліше ұғынады. Осының нәтижесінде ұлттық қозғалыс екіге жарылып, С. Лапиннің басқаруымен 1917 жылдың 4 шілдесінде Ташкентте “Шуро-и-Улема” (“Ғұламалар қоғамы”, “Жами'ат-и-Улема” деген атымен де танымал) ұйымы құрылады [7].
“Шуро-и-Исламия” кейбір дін иелерінің “Шуро-и-Улемаға” кетуімен және олардың алдына қойған мақсаты мен қызметіне қарағанда, ортаазиялық қоғамды белсенді саяси өмірге оятуға бағыт ұстаған интеллигенцияның алдыңғы қатарлы өкілдерін біріктірген саяси партия ретінде әрекет етеді және Ұлттық кеңестің басты тірегі саналады.
М. Шоқайдың айтуынша, С. Лапин басқарған “клерикалдық орталықтың” ықпалы, негізінен, Ташкентпен ғана шектеледі, ал елдің қалған бөлігі ол басқарған Ұлттық орталықты қолдайды. Солай бола тұрғанымен екі ұйым арасындағы қайшылық ұлт-азаттық күресінің күшін әлсіретеді, Мұстафаның жұмысына көптеген қиындықтар туғызады.
А. Халидтің берген бағасына қарағанда, С. Лапиннің ұйымы “Түркістан қоғамының барлық дәстүрлі элиталарының мүдделерін қорғаған саяси орган болады” [8]. “Жами'ат-и-Улема” не сол, не оң орыс партияларымен одақтасуға бейім танытпайды [9].
Ұлттық қозғалысқа іріткі салуға әкеліп отырған “Улеманың” істеріне қарсы тұру үшін М. Шоқайға барлық күш-жігерін, мәмілегерлік қабілетін, беделін жұмсауға тура келеді.
Жергілікті тұрғындардың біраз бөлігінің қолдауына ие болған “Улема” шілде айында Түркістанда тез арада Шариғат сотының енгізілуін талап етеді. Түрккомитет оған келісім бере алмайды, бірақ ашық жауап беруден де бас тартады. Осыған байланысты күрделі жағдай туындайды. С. Лапиннің түрлі петициялары мен жобаларын қабылдағысы келмеген Торғай, Орал, Семей облыстарының қазақтары халықтың әдет-ғұрпына сәйкес сайлаулы халық сотының қажеттігі жөнінде мәлімдеме жасайды. М. Шоқай енді көшпелі және отырықшы тұрғындар арасында жік түсіртпеудің қамына кіріседі. “Революцияның қайнап тұрған шағында және жұмысшы және солдат депутаттары тарапынан төніп тұрған қауіптің кезінде – бұл деген саяси күрестің мүмкіндіктерін толықтай жою мен революция тудырған үміттерден мүлдем айырылумен тең еді” деп жазады М. Шоқай.
М. Шоқай автономия үшін күрестің аса қиын жағдайының өзінде оның ислам туы астында жүргізілуін қаламайды, исламшылдықты қозғалыс тағдырына қауіпті деп есептейді.
Тығырықтан шығу жолдарын іздестіріп, М. Шоқай Шариғат сотын енгізу талаптарымен Ташкентке келіп жатқан делегаттармен келіссөздер жүргізеді. Ақырында С. Лапинді Шариғат сотын бірден енгізу жөніндегі жобасын Уақытша үкіметтің бекітуіне ұсынудан бас тарта тұруға көндіреді.
Мұнан бұрынырақ, мамыр айында С. Лапин Ұлттық орталықтың құрамымен келіспейтіндігін білдіріп, Жұмысшы және солдат депутаттарының өлкелік кеңесінде оның мүшелерін “жалғанатақтылар” деп айыптайды. С. Лапиннің бұл сөзі “Улуғ Туркестан” газетінде (1917, № 37) жарияланып, ұлттық күштер арасында ауызбірлікті нығайтуға теріс әсерін тигізеді. Осыған байланысты М. Шоқай газет редакторына хат жолдап, С. Лапин мәлімдемесінің жалғандығын, Орталық кеңестің 1917 жылдың сәуір айында Түркістан өлкесі мұсылмандарының бірінші құрылтайында оның өзінің қатысуымен сайланғандығын хабарлайды.
Мұнан кейінгі уақытта да ТӨМОК құрамына сайланған
М. Шоқай, У. Қожаев, С. Ақаев, Хидоят-бек Ағаев, Ә. Оразаев, Мехмет Али Эфендизаде және т. б. мүшелеріне сенім білдіріледі.
М. Шоқай С. Лапиннің Орталық кеңес құрамын қайта сайлау жөніндегі ұсынысын саяси күрес тәсілінен гөрі жеке мүддені жоғары қоюшылықтың көрінісі деп бағалайды. Осыған қарамастан М. Шоқай “Шуро-и-Исламия” мен “Жами'ат-и-Улема” арасындағы қатынастарды реттеуге арнайы топ құрып, оларды татуластыруға әрекеттенеді. Алайда мұнан ешбір нәтиже шықпайды.
С. Лапин бастаған топ “Шуро-и-Исламияның” бірлесе қимылдау жөніндегі ұсынысынан бас тартады. Осыдан кейін “Шуро-и-Исламия” “шетелдік жаулармен ауыз жаласып, сол себепті өз ісін өз қолына алудан бас тартып отырған және мұсылмандардың прогресс жолына түсуін қаламайтын кейбір молдалар мен ескі функционерлерді” сынға алған памфлет жариялайды.
Дегенмен идеялық ұстанымдарының бірбеткейлігіне қарамастан “Улема” қоғамының мүшелері халықтың ұлттық сана-сезімін оятып, этностық бірегейлігі идеясын орнықтыруға, саяси белсенділігін арттыруға өз үлестерін қосады. Отарлық жүйені қайта қалпына келтіруге тырысқан ұлы державалық шовинизмге қарсы жергілікті халық мүддесін басты қорғаушы Ұлттық орталық болады.
ТӨМОК, халық психологиясын басшылыққа алған “Улемадан” гөрі, өмір шындығына негізделген байыпты да әлдеқайда тереңірек саясат жүргізеді.
1917 жылдың ортасына қарай Ұлттық орталықтың ауыр жағдайға душар болуы “Улеманың” ұлттық күштерді ортақ мақсат төңірегінде жұмылдыруға кедергі болған әрекеттеріне қоса, объективтік жағдайларға да байланысты еді. Соңғысы бұқара халықтың шектен тыс радикализмі мен саяси-техникалық күштерінің әлсіздігінен туындайтын.
Патшалық биліктің кенеттен жойылуы мен көтеріліс рухындағы Түркістан тұрғындарының көңіл ауаны ұлттық үміт-арманын бірден жүзеге асыруға болады деген сенімде болды, оларды өлкенің Ресейден бөлініп кетуі жөніндегі батыл идеялар қойған “Улема” жағына шығуға итермелейді. “Егер ТӨМОК алғашқы Жалпытүркістан құрылтайында Түркістанның тәуелсіздігі туралы мәселені қойған болса, оған бірауыздан дауыс берілетініне ешбір күмән жоқ еді” [11] дейді М. Шоқай. Бірақ Өлкелік мұсылман кеңесі бұл қадамға бармайды, ол өзін автономия жақтасы ретінде ғана хабарлайды. Ол аса сақтықпен қимылдап, өз жиындарында автономия туралы мәселені ашық қоймайды. Барлық мәселенің шешілуі Бүкілресейлік құрылтай жиналысына қалдырылады.
“Сол кезеңде ТӨМОК өзінің ұлттық бағдарламасын дереу іске асыруға кіріскен жағдайда оған бүкіл орыс элементтеріне, әсіресе, Жұмысшы және солдат депутаттары кеңесіне қарсы күресуге тура келетін еді. Егер күштері жеткілікті болса, түркістандықтар күрестен тайынбас та еді” [12] дейді М. Шоқай. Ондай күш жоқ еді, сол себепті Орталық кеңес көп жағдайда орыс революциялық демократия органдары не ұсынса, сонымен қанағаттануға мәжбүр болады.
Екінші жағынан, Орталық кеңестің орыс демократиясына мәжбүрліктен сенім артуы Түркістанның прогресшіл және революциялық-ұлттық ниеттегі жас ұрпағын күн санап өзінен қашықтата түседі.
Орыс тарихнамасында 1917 жылдың жазына қарай Түркістандағы жағдайдың шиеленісуіне жауапкершілікті М. Шоқай мен оның жақтастарына, ұлттық ұйымдарға артуға, большевиктердің шовинистік саясатын “саяси күрес тәжірибесінің және идеялық дайындығының жоқтығымен” [13] түсіндіруге тырысушылық орын алып келеді.
Мұндай сыңаржақтылыққа ешбір негіз жоқ. Қайта М. Шоқай барлық жиындарда, баспасөз беттерінде өздерінің ұлттық мүдделерінің жүзеге асырылуының революцияның нығаюымен, Ресейдегі революциялық-демократиялық өзгерістердің салтанат құруымен тығыз байланыстылығын насихаттаумен болады, адамзаттың азаттық мұраттарын, діни сенім мен сөз бостандығы идеяларын қолдайды.
Алаш зиялылары да осындай ұстанымда болады, себебі Қазақ даласындағы ахуал Түркістанға ұқсас еді. М. Шоқай 1917 жылдың сәуірінде Орынборда болған кезінде 1916 жылғы көтеріліс жетекшілерінің бірі Әбдіғапар Жанбосыновпен әңгімесінен алған әсерін былайша баяндайды: “Ханның өзі де және оның эмиссарлары да маған ұстамды адамдар болып көрінді. Бірақ олар, Орталық Түркістан көмек қолын созса, далалық облыстың Ресейден бірден бөлініп шығатынына сенді” [14]. Бұл жерде де ол қандай да саясаттың мүмкіндіктерге негізделуі керектігіне сендіріп, басу айтады.
М. Шоқайдың ұлттық мақсатқа реформа арқылы жетуге бағытталған байыпты саясатына, әсіресе, Түркістан жастары, күмәнмен қарайды. Революцияны орыстардан, олардың жұмысшылары мен солдаттарынан, қоныс аударушы мұжықтарынан айыра қоймаған халық шешуші қадамдар жасауды талап етеді. Олардың тарапынан неғұрлым қысым көрген сайын көтеріліс кезінде әбден қалжыраған халық діни сенімге бой ұрады, солғұрлым “Улеманың” беделі арта түседі.
Ымыраға келуді ойлаған және тұрғындарды қарсы қойып алмауға ұмтылған Орталық кеңес “Жами'ат-и-Улемаға” қарсы ашық күрес те жүргізе алмайды. Бірақ М. Шоқай “Улемамен” дін мәселесінде келісімге келуді жөн көрмейді.
Қазылар соты жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізуі Орталық кеңестің беделінің артуына әкелгенімен, ізінше Ташкент қалалық сайлауында “Улеманың” жеңіске жетуі [15] Түркістан комитеті мен Өлкелік жұмысшы және солдат депутаттары кеңесінің оған қарсы шабуылға шығуына түрткі болады.
Осылайша үш бағытта жұмыс істеген Ұлттық орталық біршама жетістіктерге де қол жеткізеді. Оның мүшелері Мәскеу мен Қазанда өткен Бүкілресейлік мұсылмандар құрылтайына қатысып, автономия жөнінде терең мазмұнды баяндамалар (У. Қожаев) жасайды. Ташкент қалалық думасы құрамына енеді.
Сәуір айында М. Шоқай мен Т. Нарбутабеков Түрккомитеттің жанынан құрылған Ерекше комиссияның құрамына енеді. Мұны олар ел өмірін демократияландыруға бағытталған шараларды жүзеге асыру жайлы Уақытша үкіметті де, Түрккомитетті де хабардар етуге пайдаланады.
Жетісу қазақтарын қырғыннан құтқару үшін Түркістан аймағындағы мұсылман солдаттардың майданға жіберілуін тоқтату, қазақ-қырғыздан таланған мал-мүліктерді иелеріне қайтару, бұзақыларды, қашқын орыс солдаттарын ел шетінен шығару т. б. шараларды жүзеге асыру мәселелері қарастырылады. Олар 1917 жылдың 2–5 тамызында Ташкент қаласында өткен Түркістан аймағы қазақ-қырғыздарының съезінде және Сырдария облысы қазақ-қырғыздарының кеңесінде талқыланады. Бұл жылдарда өлкеде орыстардың қоныстануы, мектеп, сот, дін, баспасөз т. б. қазақ қоғамы үшін өзекті тақырыптар төңірегінде пікір алысылады [16].
Түркістан аймағы қазақ-қырғыздарының съезінде жергілікті тұрғындардың жерге сұранысы біржолата шешілгенге дейін олардан жер алудың тоқтатылуы, олардан бұрын алынған жерлердің қайтарылуы, қазақ-қырғыздарды қырғынға ұшыратудың тоқтатылуы үшін орыс қоныстанушылары мен солдаттарын қарусыздандыру жөнінде шешім алынады.
Делегаттар Ресейдің федеративті демократиялық ел болып құрылуын қалайтындығын, қазақ-қырғыздарға аумақтық автономия берілуін мәлімдейді.
Жиналысқа Әулиеата, Перовск, Черняев, Ташкент, Әндижан қазақтарының 81 өкілі қатысады. Жиналыстың құрметті төрағасы Сейіджапар Асфендияров, төрағасы М. Тынышпаев, оның серіктері Ибрагим Қасымов, Алдабек Мангелдин болады, олардан басқа төралқаға Қ. Қожықов, С. Ақбаев, С. Өтегенов, Д. Кенесарин енеді, хатшылар ретінде З. Сейдалин, Ш. Қапсаламов және С. Қожанов сайланады.
Мұның өзі аталмыш өңір қазақ-қырғыздарының М. Шоқайдың және ол басқарып отырған Ұлттық орталықтың саясатына толық қолдау көрсеткендерінің белгісі еді.
Екі жиынның да алдына қойған міндеті елде болып жатқан оқиғаларға өз өкілдері арқылы қазақ-қырғыз жұртының тікелей қатысуын қамтамасыз ету болды.
Съезде де, Сырдария облыстық жиналысында да Бүкілресей құрылтай жиналысына он бес адамның қатарында М. Шоқай да депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылады [17]. Жиында өлкедегі қазақтар мен қырғыздардың іс-әрекеттерін үйлестіріп отыру мақсатында Түркістан өлкесі қазақ-қырғыздарының орталық кеңесі атты қоғамдық-саяси ұйым құру туралы шешім қабылданады. Оның құрметті төрағалығына М. Шоқай сайланады [18].
Алайда бұл орталық құрамы тез арада анықталып, жұмысқа кірісіп кете алмайды, тек бірді-екілі жиын өткізумен шектеледі.
Түрккомитеттің қызметіне көңілі толмаған М. Шоқай Ұлттық орталық талаптарын Уақытша үкімет алдына қояды. 1917 жылғы шілде айының аяғында Мәскеуде өткен Мемлекеттік кеңес жұмысына, 4–7 тамызда Петроградтағы губерния комиссарларының съезіне қатысады. Съезге М. Шоқайдан басқа, Ә. Бөкейханов, М. Тынышпаев та шақырылады. Петроградта Уақытша үкімет төрағасы А. Ф. Керенскиймен кездесіп, Түркістандағы жағдайды баяндайды, жергілікті халықтың құқын қорғау жайлы өз пікірлерін білдіреді.
Осы сапары барысында ол Орталық кеңестің шешімдеріне сәйкес, басқа да мәселелер бойынша келіссөздер жүргізіп, Түркістанның ұлттық ұйымдарымен алдын ала келіспей тұрып өлкеде қандай да болсын саяси реформа жүргізбеу туралы уағдаластыққа қол жеткізеді. Уақытша үкімет мүшелерімен болған отырыстарда Түрккомитет құрамына У. Қожаев пен Ш. Шагиахмедовті енгізуді талап етеді.
Петроградтан оралғаннан кейін М. Шоқай Ұлттық орталықтың кеңейтілген мәжілісін өткізеді. Оған облыстық ұлттық орталықтардың төрағалары, Ташкент “Шуро-и-Исламия” ұйымының төрағасы, “Улеманың” басшысы С. Лапин қатысады. Жиналыста М. Шоқайдың жаңа ахуал жағдайындағы Ұлттық орталықтың іс-қимылының бағдарламасына арналған баяндамасы тыңдалады.
15 тамызда Ташкентте Түркістан қазақтарының Орталық кеңесінің ұйымдастыруымен Жетісу оқиғаларына байланысты демонстрация өтеді. Оған шаһардағы өзбек, қазақ, ноғай, қырғыз тұрғындары қатысады. Олар Жетісудағы қырғынды тоқтатуды талап етіп, Түрккомитет пен Өлкелік жұмысшы және солдат депутаттарының кеңесі орналасқан үйлердің алдына барады [19].
Түркістан мен Қазақ даласындағы ең өзекті мәселелердің бірі – жер қатынастары еді. Бұл орайда да Мұстафа бұл мәселені орыс қоныстанушыларымен, оларға қолдау көрсетіп отырған орыс жұмысшы және солдат депутаттарымен келіссөздер арқылы шешуге тырысады.
Ол Ресейде жер мәселесі әлеуметтік, таптық-саяси сипатта, ал Түркістанда ұлттық-саяси сипатта деген тұжырым жасайды. Мұнан ол өлкедегі саяси күштер арасалмағының этностық шекаралар бойынша жүріп жатқандығын, ұлтаралық араздықтың қоғамдық өмірді реформалауға кесірін тигізетінін жақсы ұғынады. Сол себепті Мұстафа жергілікті халық пен орыс қоныстанушылары арасындағы қатынастың шиеленісуіне жол бермеу, Құрылтай жиналысына дейін оларды бір ымыраға келтіру мақсатында орыс шаруалары мен казактардың өлкелік кеңестерін біріктіріп, тамыз айында “Түркістан өлкесі қазақ және орыс шаруалары депутаттары кеңестерінің атқару комитетін” құруға атсалысады. Он екі адамнан тұратын бұл ұйым мүшелері болып М. Шоқай, Ә. Көтібаров, Т. Рысқұлов, Т. Жанұзақов т. б. сайланады.
Комитеттің бірінші отырысында Мұстафа оның екі төрағасының бірі болып бекітіледі. Ол орыс қоныстанушыларының жергілікті халыққа шапқыншылықтарын тоқтатуды талап етіп, жұмысшы және солдат депутаттарының алдауына ермеуге шақырады. Бірақ осы шағын талаптардың өзі орыс қоныстанушыларын қанағаттандырмайды, олар бұрынғыша Түркістандағы өз үстемдігін заңдастыруға ұмтылады.
Бұл ұйымда жұмыс істеу М. Шоқайға Қазақ-қырғыз орталық кеңесінің әлсіздігін де көрсетіп береді.
Уақытша үкіметтің Түркістан комитеті мен Өлкелік жұмысшы және солдат депутаттары кеңесінің билік үшін тайталасында ТӨМОК конституциялық өкімет органына қолдау көрсетіп отырады. Алайда олардың екеуі де Түркістан мүдделерінен туындайтын негізгі талаптарды қанағаттандырмайды. Қоныс аудару, жер мәселелерінде екеуі де ескі Ресей саясатын жүргізеді, осыған байланысты олардың екеуі де халық наразылығын туғызады. Екі құрылым да түркістандықтардың армия қатарына шақырылуына қарсы шығады, олардың қолына қару бергісі келмейді.
Осыған қарамастан М. Шоқай Уақытша үкіметтің төрағасы А. Ф. Керенскийге Түркістан өлкесі қазақ-қырғыздарының кеңесі атынан мынадай жеделхат жолдайды: “Мемлекет басына туып тұрған қиын да екіталай заманда қазақ халқы өзара қырқысқа бастап жүрген азғырушылықтың соңына ермейді. Бостандық, теңдік жолын қуаттайтын Уақытша үкіметке қолынан келгенше жәрдем көрсетіп, күш беруге һәр уақытта даяр. Қазақ халқы бостандыққа қарсы қимыл қылушыларға шын көңілінен дұшпан һәм өз арасында ол сықылды жұмыс болмауына иманы мығым. Аймақ қазақ-қырғыз сәуетінің төбе ағасы Мұстафа Шоқаев”.
Ол Уақытша үкіметті, оның Түрккомитетін саяси күштердің арасалмағына байланысты қолдап, қолпаштауға мәжбүр болғандықтан барады. Мұстафаның кейінірек жазған бір еңбегінде “ақ орыс, қызыл орыс – бәрі орыс” деуі сыртқы күштердің халықтың басына бақыт орната қоймайтынын білгендіктен, орыс демократиясының “шапағатына” сене қоймағанын білдіреді.
1917 жылдың маусым айында Түркістан жұмысшылары мен солдат депутаттарының съезі өтіп, онда елдегі азық-түлік мәселесі көтеріледі. Ашаршылық қаупінің төнуіне байланысты азық-түлікті бөлу комиссиясы құрылады. Оның құрамындағы орыс партиялары мен еврей Бундының өкілдері азық-түлікті тек еуропалықтар арасында бөлу керек деп шешім шығарады. Съезге қатысқан Орталық кеңестің делегаттары Убайдолла Қожаев пен Әбдрахман Оразаевтың ұлттарды бұлайша алалаушылыққа қарсы шыққанына қарамастан, жұмысшылардың социал-демократиялық ұйымының төрағасы “жергілікті халық бәрібір құруға душар, оны Ресейден келген көмек құтқара алмайды” [20] дейді.
Ашаршылық, әсіресе, қазақтар арасында кең етек алады, 25–28 тамызда Мәскеуде өткен Мемлекеттік кеңесте әзірбайжан қайраткері Ә. Топчибашы барлық мұсылман халықтары атынан қазақ халқының басынан кешіріп отырған қасіреті жөнінде, Қытай жеріне қашқан көтерілісшілердің сексен үш мыңының өлімге душар болғандығын айтып береді [21].
Мұстафаның басшылығымен жұмыс істеген Орталық кеңестің қадамдарына Түркістан комитеті жөнді қолдау көрсете алмайды, ол қайта ұлттық күштердің саяси белсенділігінің артуына сенімсіздікпен қарайды. Оны осы Комитеттің әскери комиссары Якубовичтің Уақытша үкіметке жолдаған хатынан анық байқауға болады. “Түркістан комитеті тарапынан жалпы басшылықсыз бұрынғы әкімшілік ұйымның қалдықтары дұрыс жұмыс істей алмайды және түрлі революциялық комитеттердің жікшілдік талпыныстары ауыздықталмайды. Мұндай ахуалдың көпке созылуы мүмкін емес және әрқашан да діни негізде бірігуге бейім Түркістанның мұсылман бұқарасының ұйымдасуына әкеледі” [22] дейді ол.
Орыс полковнигінің бұл сөзіне қарағанда “орыс демократиясы” өкілдерінің өздері де, қандыбалақ Куропаткин секілді, басты қауіпті жергілікті тұрғындардан күтеді.
Осы жағдайларды көре де біле тұрғанымен М. Шоқайдың алдында таңдап алар басқа жол жоқ еді. Ұлттық қозғалысқа басты қауіп орыс Жұмысшы және солдат депутаттары кеңесі тарапынан төніп тұрғанын ескере отырып, ол жергілікті тұрғындар қолдауына ие болуға, сонымен бірге легитимді билік органы – Түрккомитеттің саясатына ықпал етуге тырысады.
1917 жылдың 1 шілдесінде Уақытша үкіметтің Түрккомитетінің алғашқы құрамы өз өкілеттігін тапсырып, отставкаға кетуіне байланысты М. Шоқай өз қызметін жұмысшы және солдат депутаттары билігінің орнауына жол бермеуге және “Жами'ат-и-Улема” тарапынан қолдау тауып отырған оңшыл орыс элементтерінің ықпалына тосқауыл қоюға бағыттайды.
1917 жылдың тамыз айында М. Шоқай “Шуро-и-Исламияның” мақсаты мен міндеттерін, елдегі саяси жағдайды халыққа түсіндіру мақсатында Самарқан және Ферғана облыстарында болып, бірнеше кездесулер өткізеді.
Оңнан және солдан төнген орыс қаупіне қарсы бірдей күрес жүргізуге күш жетпейді. Мұндай жағдайда М. Шоқай бір ғана әдістің қалғанына көзі жетеді, ол – Түрккомитет құрамының қайтадан сұрыпталуы және оның рөлінің күшеюіне бағытталған шараларды жүзеге асыру болатын. Мұстафа Уақытша үкіметтің төрағасы Г. Львовқа Түркістан комитеті мүшелерінің жартысына жуығын мұсылмандардан сайлау жөнінде [23] жеделхат жөнелтеді. Түрккомитет құрамына Түркістан автономиясына оң көзбен қарайтын кандидатуралар кіруіне қолдау көрсетеді. Комитет төрағалығына жергілікті халық арасында беделді, өзімен достық қарым-қатынастағы В. А. Чайкинді ұсынады.
1 (8) шілдеде Уақытша үкімет В. А. Чайкинді Түрккомитеттің төрағасы етіп сайлау жөнінде жарлық шығарады.
Большевиктер комиссары А. Я. Першин және оның жақтастары, Өлкелік жұмысшы және солдат депутаттарының кеңесі, тіпті, “Жами'ат-и-Улема” да жергілікті халықтың болашақта өзін-өзі билеуге құқылы екендігін мойындағаны үшін В. А. Чайкинге қарсы шығады. Осы себепті ол 23 шілдеде Түрккомитеттің төрағалығы қызметінен бас тартады.
М. Шоқайдың мұндай қадамға бармауын сұраған жеделхатынан ештеңе шықпайды. “Түркістан өлкелік мұсылмандар кеңесі өздерін демократтар деп атайтындардың Сізге қауіп төндіруіне үзілді-кесілді қарсылық білдіреді. Бас тарту жөніндегі шешіміңізді қайтып алуыңызды өтінеміз және Түрккомитетте қалуыңызды сұраймыз. Жауап күтеміз” [24] делінеді онда.
Осыдан кейін В. А. Чайкин Мұстафаға: “Сізді Түрккомитеттің құрамында болмасам да, Түркістан азаматтарының мүддесі мен құқықтарын іске асыруға барлық күш-жігерімді жұмсайтындығыма сендіремін” [25] деп хат жолдайды.
Бір айдан кейін Түрккомитет төрағалығына меньшевик В. П. Наливкин тағайындалады. Уақытша үкіметтің 31 тамыздағы шешімі бойынша М. Шоқай Түркістан комитетінің құрамына енгізіледі.
Түркістан халқының тоқсан сегіз пайызға жуығын жергілікті тұрғындар құрағандығы себепті орыстар өлкенің бірде-бір сайлау округінде қалалық думаға өз өкілдерін өткізе алмайтын еді. Осы жағдайды ескерген бұрынғы Ташкент уәлаятының төрағасы, кадет Н. Г. Маллицкий сәуір айында Түркістан парламенті мен қалалық думаны орыс палатасы және жергілікті ұлттар палатасы деп екіге бөлуді ұсынады. Бұл ағылшындардың Үндістан және басқа да отар елдерде жүргізген жымысқы саясатының түркістандық нұсқасы болатын. Оған М. Шоқай, Т.Нарбутабеков, Ш. Шагиахмедов қарсы шығады. Н. Г. Маллицкий 15 сәуірдегі Түрккомитеттің отырысында “жергілікті халық санының көптігі себепті өлкені басқару ісі біліксіз кадрлардың қолына өтіп кетуіне әкеледі” деп, алдын ала әпербақан мәлімдеме жасайды. М. Шоқай Маллицкийді толғандырып отырған кадрлардың кәсіби деңгейі емес, орыстардың үстемдігін сақтап қалу екендігін айтып, бұл жоба іске асырылған жағдайда ұлтаралық қатынастардың болашағына үлкен қауіп төнетіндігіне демократтардың көзін жеткізуге тырысады. Революцияның алғашқы кезеңінде бұл идея күн тәртібінен алынып тасталады, бірақ өлкеде саяси қайшылықтардың тереңдеуіне байланысты тамыз айына қарай қайта жанданады. Енді социал-революционер М. И. Сосновский Құрылтай жиналысына сайлауды да ұлттық принцип негізінде өткізуді ұсынады. М. Шоқай тағы да Орталық кеңес атынан ұлттық куриялар бойынша бөлінуге қарсы шығады. М. Шоқай мұндай жобаның демократиялық принциптерге қайшы екендігіне назар аударады. Қалалық думаларға және Құрылтай жиналысына өкілдерді жеке-жеке, орыстар және жергілікті тұрғындар бойынша сайлау жобасына орыс халқының революциялық та, контрреволюциялық топтары да қолдау көрсетеді. Басқаша сөзбен айтқанда, М. И. Сосновскийдің ұсынысын Түрккомитет те жақтап шығады. М. Шоқай егер бұл жоба қабылданатын болса, Түрккомитет құрамынан шығатындығы жөнінде Уақытша үкіметке хабарлайды.
Жұмысшы және солдат депутаттары кеңесінің анархиялық қимылдарын ауыздықтай алмаған Түрккомитет Уақытша үкіметтен көмек сұрайды. Оған жауап ретінде Уақытша үкімет Түркістан өлкесін басқару жөніндегі бас комиссар және Түркістан әскери округінің қолбасшысы қызметіне генерал П. А. Коровниченконы тағайындайды.
Түркістан комитеті Бас комиссардың жанындағы кеңесшілік сипаттағы органға айналады.
Уақытша үкіметтің бұл секілді төтенше шараға жүгінуі өлкедегі билікті Жұмысшы және солдат депутаттары кеңесінің өз қолына ала бастауынан туындап еді. Алайда үкіметтің Түркістанда тәртіп орнатуға бағытталған іс-әрекеті тым кеш қалған-ды. Жергілікті халыққа сенім білдіріліп, ұлттық және аграрлық мәселелер дұрыс шешіле бастаса, әсіресе Құрылтай жиналысы мамыр-маусым айларында өткізіліп жіберілсе [26], әрине, мұндай жағдай қалыптаспаған болар еді. Билік үшін күрестегі мұндай өзгерістер елдің саяси өміріне шешуші ықпал жасай алмайды. Комитет отырыстарында М. Шоқай ұсыныстары үнемі қарсыластардың кедергілеріне ұшырайды. Комитет мүшелерінің көпшілігі жергілікті тұрғындардың әскер қатарына шақырылуына да, өлкедегі үнемі бүлік шығарып жүрген Екінші Сібір атқыштар полкін татар солдаттарымен алмастыру жөніндегі жобаға да қарсы шығады.Тек жалғыз граф Г. И. Доррер ғана Түркістанның автономиялық құқығын мойындайды.
Түрккомитет М. Шоқай мен Г. И. Доррерді біресе Ферғанаға, біресе Самарқанға іссапарларға жіберіп, өз отырыстарына қатыстырмауға әрекет жасайды. Соның өзінде де Комитеттің жаңа құрамына Мұстафа Шоқай енгеннен кейін оның жұмысында кейбір халық талаптарын орындауға бағытталған шараларға бет бұрылады. Олардың ішінде елді жайлап бара жатқан ашаршылықты ауыздықтау үшін Солтүстік Кавказдан астық жеткізуге қаржы іздестіріле бастайды.
Орталық кеңестің белсенділігінің артуын әсіресе Жұмысшы және солдат депутаттарының кеңесі өз мүддесіне қауіп деп қабылдайды. Ол жөнінде М. Шоқай былай дейді: “Жаңа үкімет комитетіндегі тұңғыш табыстарымыз орыс қауымының оң және сол қанатындағы дұшпандарымызды қатты қобалжытты. Екі жақ та біздің ұлттық қозғалысымыздың нығайып, күшейіп келе жатқанынан қорқатын. Солшылдарға біз “ұлтшыл кертартпа тараптар” болып көрінетінбіз. Өйткені біз ұлттық мүмкіндіктерімізді өз қолымызға алуға ұмтылатынбыз. Біздің осы мақсаттарымыз сол тұста оңшыл орыстардың көзіне “қауіпті революцияшыл сілімтіктердің” мақсаты болып көрінетін. Бізді түрікшіл (пантюркист) деп айыптауда оңшылдар мен солшылдар бірге еді” [27].
Осындай жағдайда Ұлттық орталықтың бастамасы бойынша 8–11 қыркүйекте Ташкентте Өлке мұсылмандарының екінші құрылтайы өтеді. Оған Түркістанның барлық облыстарынан, Бұхара және Хиуа хандықтарынан делегаттар келеді.
Құрылтайда талқыланған басты мәселе – өлкедегі өкімет билігі жөнінде: “Түркістан жалпымұсылман құрылтайы өкімет билігін Солдат, жұмысшы және шаруа депутаттары кеңестеріне беруге қарсылық білдіреді. Өкімет коалициялық болуы тиіс, яғни елдің барлық саяси күштеріне сүйенуі керек... Тек сондай өкімет қана елдің ұлттық қорғанысын қамтамасыз етіп, революция жеңістерін нығайта алады және елді дағдарыстан шығарады” [28] деген шешім қабылданады.
Жиында Орталық кеңесті күшейту, жер-су, оқу-ағарту, Құрылтай жиналысына даярлық, Жетісу мұсылмандарына көмек көрсету, Түркістан аймағында басқару тәртібін белгілеу т. б. мәселелер қаралады.
Түркістан мұсылмандарының ІІІ құрылтайы іле-шала, сол жылдың 17–20 қыркүйегі аралығында өтеді. Негізінен ол “Жами'ат-и-Улема” қоғамының бастамасымен шақырылады.
Өлкедегі саяси ахуалдың шиеленісуі барлық демократиялық күштердің бірігуін қажет етеді. 13 қыркүйекте М. Шоқай өлкелік ұйымдарды, мұсылман, солдат, жұмысшы және шаруа депутаттарын біріктіруге әрекет жасайды [29].
Алайда бұл құрылым Орталық кеңес төңірегіне топтасып, ұлттық мүдде жолында қызмет істей алмайды. Большевиктер ұлттық ұйымдардың талаптарын ескермей және халық наразылығын пайдалана отырып, өкіметті күшпен басып алуға бағыт ұстайды. 12 қыркүйекте Александровск паркінде жұмысшылар мен солдаттардың митингісі ұйымдастырылып, онда кәсіпорындарда жұмысшы бақылауын орнату, барлық өкімет билігін Кеңестерге беру туралы қарар қабылданады. Митингіде он төрт адамнан тұратын Уақытша революциялық комитет сайланады.
Өкіметті басып алу қаупінің төнуіне байланысты 16 қыркүйекте “Шуро-и-Исламияның” штаб-пәтерінде Мұғалімдер қоғамы, Мұсылман заңгерлері қоғамы, Мұсылман жұмысшылары кеңесі, Түркістан федералистері партиясы, Ташкент мұсылман әскери комитеті және т. б. ұйымдардың қатысуымен жиналыс өтеді. Оны ұйымдастырушылар большевиктік бүлікті айыптайтын қарар қабылдайды, бірақ нақтылы іс-қимылдар жөнінде бір келісімге келе алмайды.
Күзге қарай өлкенің ірі кәсіпорындарында, теміржол шеберханалары мен әскери бөлімдерде большевиктердің өкімет билігін жұмысшы және солдат депутаттары кеңестеріне беру және революциялық комитеттер құру жөніндегі үгіті күшейе түседі. Ташкентте, Жаңа Бұхарада, Әндижанда, Наманганда, Қоқанда, Ходжентте, Маргеланда, Ашхабад, “Санто” мұнай кәсіпшілігінде, Сүлікті және Қызылқия көмір кендерінде ұйымдасқан жұмысшы және солдат депутаттары кеңестерінің барлығы да негізінен еуропалық (славян, еврей т. б.) халықтардың өкілдерінен тұрады. Олардың басым көпшілігінде өлкеде пролетариат диктатурасының орнатылуы орыс билігінің қалпына келтірілуі мағынасында қабылданады.
Түркістандағы жұмысшы және солдат депутаттарының кеңестері орыс қоныстанушыларына арқа сүйейді. Қарулы орыс жұмысшылары мен солдаттары жергілікті халыққа зорлық-зомбылық көрсетуді, малын айдап әкетуді әдетке айналдырады.
Солдаттар ауылдарға келіп халықты тонаумен айналысады, әйел-қыздарды зорлайды. Жұмысшы және солдат депутаттары кеңесінің кейбір өкілдері ұлт-азаттық қозғалысының жетекшілеріне қастандықтар ұйымдастырады. Олардың ішінде 1917 жылдың мамыр айында М. Шоқаймен Перовскіде ұшырасқан, кейін Түркістанның ішкі істер министрі болған есуастау жұмысшы В. Агапов, бір миллионға таман қырғыздардың (қазақтардың. – К. Е.) өліміне кінәлі пошта-телеграф чиновнигі Гержод секілділер көзге түседі. Мұстафаның Перовскіге келуін И. И. Гержод секілді большевик эмиссарлары аза бойы қаза тұрып қарсы алады. Гержод өзінің “1917–1919 жылдардағы революциялық оқиғалар туралы естеліктерім” деген қолжазбасында Мұстафаны Уақытша үкіметтің “малайы” [30] деп балағаттап, өзінің қазақтарға қарсы қаныпезерлік әрекеттерін ақтауға тырысады.
В. Агапов М. Шоқайды “жергілікті халықты революциялық демократияның шексіз билігіне қарсы қоюы мүмкін” деген “айыппен” 21 мамырда Перовскіде өткен солдаттар митингісінде өлім жазасына кеседі [31].
Мұстафаның саяси қызметіндегі ең күрделі мәселенің бірі орыс большевиктерінің әлеуметтік және ұлттық ұрандарды жамылып, мұсылмандардың бір бөлігін өз жағына тартуға бағытталған демагогиялық әрекеттері еді. Осыған байланысты ол таптық идеологияның ұлттық қозғалысқа ықпалын азайту, “бай” мен “кедейге” бөлінудің қауіптілігін түсіндіру үшін нақтылы қадамдар жасайды.
Бір жағынан, үміт артып келген революциялық демократтардың шарасыздығы, екінші жағынан Жұмысшы және солдат депутаттары кеңестерінің күшеюі жағдайында Түркістанның ұлттық күштері тарапынан бірлесе қимылдауға ниет білдіріледі. Оны Түрік Федералистік партиясының қызметінен байқауға болады. Бұл партияның бағдарламасы (maramnamаsі) мен жарғысы (nіsamnamasі) 1917 жылдың 23 тамызында қабылданып, сол жылы Ташкентте литографиялық памфлет ретінде жарияланады [32].
Партия бағдарламасы жөнінде жазған кіріспеде жапон ғалымы Хисао Комацу 1917 жылдың ақпан және қазан айлары арасындағы кезеңде Түркістандағы саяси ахуалға сипаттама беріп, ұйым тарихының негізгі кезеңдеріне тоқталады. Бұл партияны ол “Шуро-и-Исламия” мен “Жами'ат-и-Улема” ұйымдарының ымыраға келуі нәтижесінде пайда болды деп есептейді [33]. Түрік Федералистік партиясы негізінен 1911 жылғы Әзірбайжан Мусават партиясының бағдарламасын басшылыққа алады. Партияның нақтылы қызметі жөнінде мағлұматтар аз. Оның “Тьrk іlі” баспа органының Орталық кеңестің де органы болғандығын ескерсек, бұл партия М. Шоқайдың және оның серіктерінің ықпалында болғанға ұқсайды. “Тьrk ili” газеті өмірінің қысқа болуына қарағанда, бұл партия ауыз толтырып айтарлықтай іс бітіре қоймаған. Солай бола тұрғанымен Түрік Федералистік партиясының орыс саяси партияларынан тәуелсіз, алғашқы және жүйелі саяси бағдарлама жасауға ұмтылысын жоққа шығаруға болмайды. Сонымен бірге ол халықтың арасына автономды Түркістан идеясын таратуға да өз үлесін қосады.
Партия бағдарламасындағы маңызды тармақтар мыналар:
1) партияның мақсаты – Ресейде федералдық жүйеге негізделген ұлттық-аумақтық республика құру;
2) Түркістан, Қырғызстан (Қазақстан), Кавказ және Башқұртстанның әрқайсысына ұлттық-аумақтық автономия, ал Еділ және Қырым татарлары, Ресейде тұрып жатқан басқа да түрік қауымдарына ұлттық автономия беру [34].
Партияның бұл бағдарламалық шешімдерінің Мәскеу мен Қазанда өткен Бүкілресей мұсылмандары, сонымен бірге Түркістан мұсылмандарының бірінші және екінші құрылтайларының қарарын, Ш. Шагиахмедов, М. Шоқай және У. Қожаев әзірлеген Түркістан Федерациясы жөніндегі конституциялық жобаны басшылыққа алғандығы көрінеді. Сонымен 1917 жылдың күзіне қарай Түркістанның ұлттық күштері “федерация” және “автономия” мазмұндарын толыққа жуық анықтайды.
Бірлікке ұмтылыс үрдісін “Жами'ат-и-Улема” ұйымының өз іс-әрекеттерінен де көруге болады. М. Шоқай “Улеманың” саяси бағдарламасы ұлт-азаттық қозғалысын әлсіретіп, отаршылардың “Шуро-и-Исламиямен” күресіндегі құралына айналды дегенімен, ол, басқа да ұлттық ұйымдар секілді, Ресей Федерациясы құрамында автономияға қол жеткізу ұстанымында қалады. Күз айларына қарай “Улема” өлкенің ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдарымен бірлесе қимылдауға ниет білдіреді. Оның бастамасымен 1917 жылдың 17–20 қыркүйек күндері Ташкент қаласында бес жүзден астам делегат қатысқан Түркістан мұсылмандарының тағы бір жиыны өтеді. Оған Орал және Торғай облыстарының қазақтары да келеді. Съезге М. Шоқай да шақырылады. Құрылтайда Түркістан және қазақ облыстары мұсылмандарына басшылық ету үшін “Иттифак-и-Муслимин” (“Мұсылмандар одағы”) атты саяси партия құру туралы мәселе көтеріледі. Алайда ол ұсынысты “Шуро-и-Исламия”, “Туран” секілді ұйымдар қолдамайды. Жиында “Сырдария, Самарқан, Ферғана және Закаспий облыстары Ресей Республикасының құрамына “Түркістан Федеративті Республикасы” деген атаумен жеке аумақтық автономия ретінде енуі тиіс”, “Жетісу облысы осы федерацияға кіретін-кірмейтіндігін өзі шешеді” [35] деген ұйғарым жасалынады.
Баспасөзде “Шуро-и-Улеманың” Түркістанның автономиялық мемлекеттік құрылысы жөніндегі бағдарламасы жария етіледі. Түркістанның жоғары заң шығарушы органы, жер-су, кеден, банк, армия т. б. мәселелер қаралады.
Осы уақытта облыстарды аралап жүрген М. Шоқай Ташкентке келіп, жиында сөз сөйлейді. Оның негізгі түйіні Ташкенттегі большевиктер билігіне қарсы барлық ұлттық күштердің бастарын біріктіретін ортақ ұйым құру қажеттігіне саяды.
Ұлттық ұйым жетекшілері толықтай, ешбір қалтқысыз парламенттік даму жолын ұстанып, Құрылтай жиналысының шақырылуына үлкен үміт артады. Себебі, М. Шоқай және оның пікірлестері Ресейдегі демократиялық өкімет құласа, мұсылман халықтарының реформа жолымен еркін дамуының мүмкін болмайтындығын жақсы түсінген еді.
Дегенмен Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесі көпшілікке алдын ала жар салмай-ақ, егер жағдай мүмкіндік берсе, Құрылтай жиналысына дейін-ақ Түркістанда автономиялық басқаруды енгізуге негіз қалаумен айналысады [36].
“Шуро-и-Улема” ұйымына топтасқан әлеуметтік-консервативтік топтар, өз халқының жауы болмаса да, түркістандықтардың бақытты болашағын барлық жағдайда Шариғат заңдарына бағынудан іздейді [37]. “Шуро-и-Исламия” ұйымындағы орыс және жәдиттер мектебінен өткендер басқа көңіл ауаны жетегінде болады. “Біздер, керек десеңіз, материалистер, өзімізше “Вольтершілдер” болдық. Біз алдыңғы қатарға саяси азаттық пен әлеуметтік шындық мәселелерін қойдық. Халықтың діни сеніміне аса зор құрметпен қарай отырып, біздер Шариғатты ұлтты азат ету құралы деп есептемедік” [38] дейді М. Шоқай.
Түркістан Қазан оқиғаларын дәуір талаптары мен міндеттерін түсінуде ішкі бірліктің жоқтығы жағдайында қарсы алады.
Қасіреттің төніп келе жатқандығы, оның жергілікті халыққа азап, елге терең дағдарыс әкелетіндігін М. Шоқай бір ай бұрын дәл анықтайды. “Бірлік туы” газетінде саяси ахуалдың күрделілігін, төніп тұрған қатерді түп-тамырына дейін талдаған бас мақала жарияланады. Мазмұнына қарағанда мақаланы дайындаған Мұстафа болу керек деп болжаймыз. Мына жолдар М. Шоқай секілді сұңғыла саясаткерге тән:
“Мемлекет күйі өте жайсыз. Күннен-күнге жақсылыққа емес, жамандыққа қарай бет алып барады. Россияның төбесіне төніп тұрған неше түрлі қысымшылық бұлттары бұрынғыдан жаман қалыңдамаса, әзір сергитін түрі көрінбейді... нан жоқтық, кездеме жоқтық, жол жоқтық үстіне жоқтықтар қайталап, жұрттың тіршілігін жүдә оңдырмай барады. Қарадай аш, жалаңаш жұрт, “көзі қарайған там сүзеді” дегендей, көрінгенге ұрынуға даяр тұр. “Аш адам – ұрысқақ” деген емес пе?! Сол айтпақшы, ашыққан жұрт әрі-беріден соң тәртіп-сәртіпке қарап тұра алмайтындығы белгілі. Ол бір күні дау көтеріліп, бүліншілік бастап, тасыған су, яки жанған өрт мысалында кез келгенді тас-талқан қылып кетуден тартынбайды. Тап осы күні Россияға осындай тілсіз пәле таянып тұр...
Бұзақылардың соңына халықтың көбінің еріп кету себебі – жұрттың тіршілікке ризасыздығы. Жоғарыда айтылған аштық, жалаңаштықтық себепті тіршіліктің түп іргесінің сөгілуі (сызған М. Шоқай. – К. Е.).
...Хүкімет бұзақыларды тоқтатып тұр. Бұлардың бәрі – уақытша шаралар. Мемлекет ішінде басталған бүліншіліктердің түп себебі құрымай, олардың ешбір уақытта құруы мүмкін емес. Бұлардың бергі себептері аштық, жалаңаштық, тіршілікке ризасыздық (сызған М. Шоқай. – К. Е.) болса, арғы жағы – соғыс.
Бүгінгі өңшең жоқшылықтардың көбі сол соғыстан туып отыр. Бұлар – соғыстың салдарынан пайда болған аурулар. Қандай ауру болса да, оның жазылу шарты (сызған М. Шоқай. – К. Е.) – түп себебінің құруы. Әйтпесе, қанша емдеп, қақтырып, соқтырғанымен ол анық жазылмайды. Аурудың түп-тамырын құртпай, жазамын деген дәрігерлік емес – надандық” (сызған М. Шоқай. – К. Е.) [39].
М. Шоқайдың алдында әлеуметтік және ұлтаралық қайшылықтардың шиеленісуі негізінде жақындап қалған апаттан шығудың жолдарын іздестіру міндеттері тұрады.
Достарыңызбен бөлісу: |