Бақылау сұрақтары
Автономия идеясының ықпалында
1 Жәдиттік қозғалыс қандай мақсаттарды көздеді?
2 М. Шоқай жәдиттік қозғалысқа қарасты қандай көзқараста болды?
3 М. Шоқай дінге қарасты қандай ұстанымда болды?
4 «Шуро-и-Исламия» өкілдерінің бүкіл түркістанды қамтитын ұйымды құру үміттері неліктен жүзеге аспай қалды?
5 1917 жылдың басында Түркістан халықтарыныңавтономиясы мәселесе қалайша өрбіді?
6 1917 жылы Ташкентте өткен Түркістан мұсылмандарының бірінші құрылтайының нәтижелері қандай болды?
7 1917 жылы Мәскеуде өткен Бүкілресейлік мұсылмандардың бірінші құрылтайының барысына сипаттама беріңіз.
8 М. Шоқайдың аумақтық автономияны жақтайтыны туралы бірден ашық мәлімдеме жасамағаны неліктен?
Ұлттық қозғалысқа басшылығы
9 Түркістанның саяси күштері арасында іріткі салған Шуро-и-Исламия ұйымын сипаттаңыз.
10 1917 жылдың күзіне қарай түркістан аумағындағы большевиктік қозғалысының күшейе түсуін сипаттаңыз.
11 Түркістан өлкесі Қазан оқиғаларын қалайша қарсы алды?
Түркістан Мұхтариаты
12 Кеңес үкімітінің Түркістанда орнатылуына қарасты жергілікті халық қандай көзқарасты болды?
13 1917 жылы 25 қарашада өткен Өлкелік мұсылман кеңесінде, Түркістанды бірден тәуелсіз мемлекет деп жариялауға қарсы болуын Мұстафа Шоқай қалайша түсіндіреді?
14 Түркістан өлкесінің «Казак әскерлерінің, Кавказ таулылықтары мен Дала еркін халықтарының Оңтүстік-Шығыс Одағына» қосылуы мәселесі қалайша шешілді?
15 Түркістан Мұхтариатының жариялануыны жергілікті халықтар қалайша қарсы алды?
16 1918 жылы 6 – 9 қаңтарда Түркістан қаласында өткен Сырдария облысының съезі қандай шешімдерді қабылдады?
17 Түркістандағы үкімет басына келгендегі М. Шоқайдың алғашқы қадамдарын сипаттаңыз.
18 1918 жылы 19 қаңтарда Қызыл гвардияның Орынборды алып, Түркістан мен Мәскеу арасында байланыс орнатылуы қандай өзгерістердің бастамасы болды?
19 1918 жылдың ақпан айындағы большевиктердің Қоқан қаласындағы іс-қимылдарын сипаттаңыз.
3 Түркістаннан Парижге
Алғысөз
Тарауда Түркістан Мұхтарияты жойылғаннан кейінгі жағдай, сол кездегі М. Шоқайдың қоғамдық өмірі сипатталады. Тарау 3 бөлімнен тұрады:
1) Құрылтай жиналысы: үміт пен елес;
2) Жолайрығында;
3) Мұғажырлық өмірдің басталуы.
Тарауда М. Шоқайды большевиктер қолға түсіруді ойластырғаны жайлы баяндалады. Алайда оның жеке басының қауіпсіздігінен гөрі тәуелсіздік үшін күрестің жаңа жағдайға сәйкес формалары мен әдістері, астыртын ұйымдармен байланыс орнату, автономиялық үкімет мүшелерінің тағдыры, талан-таражға түскен ел тағдыры көбірек мазалағаны байқалады.
Тараудың бірінші бөлімін меңгеру үшін мынандай мәселелерге аса көңіл аудару қажет: Мұстафа Шоқайдың елінен өзге жерге кетуге мәжбүрлігін, Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына сенімі, Ақпан төңкерісі кезінде Ә.Бөкейхановпен бірге кадеттер партиясының мүшелігінде болу себебін, «Ойыл Уәлаяты» уақытша үкіметіне, Уфа кеңесіне, аумақтық автономия құруға қатысты ұстанымын және т.б. ұлт мәселесіне деген оның ұстанымын терең түсіне білген жөн.
Екінші бөлімнің мазмұнын жете түсіну үшін мынандай мәселелерге көңіл аударған жөн: М. Шоқайдың басмашылар қозғалысына деген, Бұхара мен Орыс үкіметі арасындағы «достық» келісімене деген көзқарасын, ұлттық тәуелсіздік жолындағы күресті өз елінен шет жерде болса да, қандай іс-шаралар қолданғанын анықтау керек.
Үшінші бөлімнің мағынасын дұрыс меңгеру мақсатымен мынандай мәселелерге назар аудару қажет: Шоқайдың елден эмиграцияға біржолата кету жайлы жансақ пікірлердің жалғандығына, оның коммунизм идеяларын мүлдем қабылдамауына, үкімет тарапынан Мұстафаның елге оралу мәселесінің қойылуына, оның дипломатиялық келіссөздер жүргізуін түсіне білген жөн. Сонымен бірге бұл бөлімде Кеңес өкіметінің Түркістан мен қазақ жеріндегі саясатының Шығыс елдерінің барлығына өзін-өзі билеу құқы берілгендігі туралы насихаттарының жалғандығын, қуғын-сүргін, ашаршылық, өнеркәсіптің құлдырауы салдарынан бір жарым миллион мұсылмандардың құрбан болғаны жөнінде баяндалады.
Жалпы осы тарауда Мұстафа Шоқай түрікшілдікке де, исламшылдыққа да бой ұрмайтын, зайырлы, демократиялық мемлекет құруды жақтайтын қайраткер ретінде көрінгені жайлы сипатталады.
3.1 Құрылтай жиналысы: үміт пен елес
Түркістан Мұхтариятын жойғаннан кейін большевиктер
М. Шоқайды қолға түсіруді ойластырады. Алайда оны жеке басының қауіпсіздігінен гөрі тәуелсіздік үшін күрестің жаңа жағдайға сәйкес формалары мен әдістері, астыртын ұйымдармен байланыс орнату, автономиялық үкімет мүшелерінің тағдыры, талан-таражға түскен ел тағдыры көбірек мазалайды. Ең алдымен ол 1918 жылы 4 (11) ақпанда “Бірлік туы” газетінде Мұхтарияттың құлауы мен оның себептерін түсіндіріп мақала жариялайды. Мұның өзі М. Шоқайдың халық алдындағы жауапкершілігін танытқан, бұдан ілгергі мақсат-мұратын анықтаған, жолдастарына рух берген маңызды құжат еді. Сонымен бірге онда большевиктердің ұлттардың өзін-өзі билеу құқығы жөніндегі ұрандарының жалғандығы көрсетіледі.
Мұстафа бой тасалап жырақта көп жүре алмайды, Ергаштың тұтқынынан босағаннан кейін астыртын түрде Ташкентке келеді. Онда Мұстафа большевиктер тыңшыларынан жасырына жүріп, ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерімен кездеседі, олармен күресті жалғастырудың мүмкіндіктері мен болашағы, елдің ішінде және одан тыс жерлерден қандай көмек алуға болатындығы туралы мәселелерді талқылайды. Осы келіссөздер барысында М. Шоқайдың Орынбор мен Омбы банктеріндегі Түркістанға тиесілі қаржыны шетелге аударып, Америка Құрама Штаттарына кетуі жөнінде ұйғарылғанға ұқсайды. Мұның өзіндік себебі бар еді. Сол кезеңде большевиктерге қарсы күштердің көпшілігіне бұл елді ең демократияшыл, озық мемлекет деп есептеп, одан әскери және саяси көмек күту тән еді. М. Шоқайдың Құрама Штаттарға сапары осы мақсат-мүддеден туындаған деуге негіз бар.
Дегенмен М. Шоқай Алаш және басқа да ұлт қайраткерлері секілді, тәуелсіздікке қол жеткізудің басты жолын Бүкілресейлік Құрылтай жиналысымен байланыстырады [1].
Құрылтайда көпшіліктің большевиктерді қолдамайтындығы анық еді. Оған сайлау нәтижесінде “Алаш” партиясы Торғай округі бойынша – 75,0 (282 мыңнан 211 дауыс), Семей облысында – 85,8 %, Жетісу округінде Алаш пен казак-орыс одағы – 52,8% дауыс жинайды [2].
Құрылтай сайлауының ақтық санау қорытындыларын анықтау 1918 жылдың наурыз айына дейін созылады.
1918 жылдың 5 қаңтарында өткен жалғыз отырысында Құрылтай жиналысы Ресейді федеративтік республика деп жариялау туралы заң қабылдап үлгереді.
Қазан төңкерісі нәтижесінде өкімет басына келген большевиктер Құрылтай жиналысын мойындамайды. 5 қаңтар күні Санкт-Петербургте “Барлық билік Құрылтай жиналысына берілсін!” деген ұранмен көшеге шыққан халыққа олар күш қолданады да, келесі күні Құрылтай жиналысын таратып жібереді.
Осыған қарамастан М. Шоқай Құрылтай жиналысын қайта шақыру арқылы заңды өкімет билігін орнату саясатын ұстанады. Заңгер ретінде Мұстафа Құрылтай жиналысының жоғары өкілеттік орган екендігіне, тек соның төңірегінде ғана большевиктерге қарсы күштерді топтастыруға мүмкін болатындығына ерекше маңыз береді. Басты-басты мәселелердің бәрінің шешілуі Құрылтай жиналысының шақырылуына дейін қалдырылады, олардың ішінде отарлық бұғауда болып келген халықтардың автономия алу туралы талап-тілектері де бар-ды.
Алайда Құрылтай жиналысының шақырылуы елдегі саяси ахуалға тікелей тәуелді болады. 1918 жылы мамырда бұрынғы чех тұтқындарынан тұратын чехословак корпусы Батыс Сібір большевиктеріне қарсы шығып, Еділге ілгерілейді. Сол жылдың 8 маусымында чехтар Самараны алады.
1918 жылдың сәуір айында М. Шоқай осында (Самара қаласында) өтетін Құрылтай жиналысы мүшелерінің басқосуына шақырылады. Кейбір зерттеушілер 1 мамырда Ташкенттен әйелі Мария Яковлевнамен бірге шыққан Мұстафа жолай Х. Досмұхамедовтің ауылында болып, 18 мамырда Жымпиты кентінде ашылған Алашорданың батыс қанатының ІІ съезіне қатысты деп көрсетеді [3].
Съездің шешімімен “Ойыл Уәлаяты” деген атпен уақытша үкімет құрылады. Оның құрамына Ж. Досмұхамедов, Х. Досмұхамедов, Дәулетше Күсепғалиев, Садық Омарұлы (Сырым батырдың немересі), Қалдыбай Асанов (экономист, Саратов университетінің түлегі), генерал Сабыр Сарғожин, имам Ғ. Қосдәулетов (Бағдад діни оқу орнының түлегі) енеді.
М. Шоқай, Алашорда үкіметінің мүшесі ретінде, бақылаушылық рөлмен ғана шектеледі.
Съезд жұмысы аяқталғаннан кейін М. Шоқай Орал қаласы арқылы Самараға бет алады.
8 маусым күні, яғни чехтардың Самараны оккупациялаған күні, Құрылтай жиналысы мүшелерінің, барлығы дерлік эсерлер мен бірнеше меньшевиктен тұратын бір тобы Уақытша үкімет құрады. Ол Құрылтай жиналысы мүшелерінің комитеті (Комуч) деп аталады. Оның басшылығына В. К. Вольский (төраға), И. М. Брушвит, П. Д. Климушкин, И. Н. Нестеров, Б. К. Фортунатов сайланады. Комитет Құрылтай жиналысы шақырылғанға дейін заң шығарушы және атқарушы билік функцияларын өз қолдарына алады. Жүз адамнан тұратын үкімет құрамына А. Байтұрсынов, М. Тынышпаев, С. Досжанов, А. Бірімжанов, Ғ. Әлібеков, Ж. Досмұхамедов, У. Танашев, Х. Досмұхамедов және М. Шоқай енеді [4].
Комуч бірнеше миллион қазақ халқы өзін-өзі билеуге толық құқылы, бірақ автономия жөніндегі мәселе Бүкілресейлік Құрылтай жиналысында түпкілікті шешіледі деген пікір білдіреді. Сонымен бірге Комуч Алашорданы Құрылтай жиналысына дейін заңды үкімет ретінде таниды [5].
Самара үкіметі түрік-татар қауымдарына мынадай үндеу жолдайды: “Түрік-татар қауымдарының мәдени-ұлттық автономия алуға хақы барлығына талас жоқтығын үкімет тізгінін қолына алып тұрған Құрылтай мүшелерінің комитеті жұртқа жариялауды тиіс тапты. Бұл күннен бастап түрік-татар қауымдары жергілікті мекемелерінде, соттарында ана тілін қолдануға, түрлі мектептер ашуға, діни жұмыстарын дегенінше басқаруға ерікті болуының үстіне, мәдени-ұлт істерін басқаратын ұйымдар, мекемелер ашуға, өз дегендерінше хакім жүргізуге, халқын өз үкіметінің күшімен билеуге, жұрттан алым-шығын өндіруге, халықты ағарту, шаруасын түзеу жолында барлық билік өздерінде. Түрік-татар қауымдарының мәдени-ұлт мәселесі Россиядағы мұсылманы көп облыстардың, мысалы, Түркістан, Алаш, Башқұрт жері – саяси автономия болуына қайшы емес” [6].
1918 жылдың жазына қарай Төменгі және Орта Еділ бойы аумағы, Оңтүстік Орал және Сібір бірнеше эсер үкіметтерінің қарауына көшеді. Олардың ішіндегі маңыздылары орталығы Самарадағы Комуч пен Омбыда орналасқан Сібір үкіметі еді. Сол жылы 15–16 шілдеде Челябинскіде Чехословак легионерлерінің бақылауымен осы екі үкімет өкілдерінің жиналысы өтеді. Келіссөздер Челябинск Мемлекеттік кеңесі атанған, 20–25 тамыздағы съезде жалғастырылады.
Келіссөздер барысына Алаш зиялылары үлкен мүдделілік танытады. 19 тамызда Самараға Комуч пен Сібір үкіметінің Қазақ автономиясы жөніндегі ұстанымын білу мақсатында А. Байтұрсынов, Х. Досмұхамедов және Ж. Досмұхамедов келеді. Осы жерден олар Сібір үкіметімен келіссөздер жүргізіп жүрген Семейдегі Ә. Бөкейхановпен сөйлеседі [7].
22 тамызда Челябинскідегі съезге М. Шоқай келіп қатынасады. Съезде Бүкілресейлік өкіметті сайлау мақсатында Уфа қаласында жаңадан Мемлекеттік Кеңес өткізу жөнінде шешім қабылданады. Кеңеске қатысу құқығы “жалпымемлекеттік мақсаттарды көздей-тін” ұйымдарға, ұлттық үкіметтер мен саяси партиялардың орталық комитеттеріне беріледі.
М. Шоқай бұл жиналыстарға Құрылтай жиналысының мүшесі, Түркістан Мұхтариятының төрағасы және социал-революционерлер партиясының белсенді қайраткері ретінде қатысады. С. М. Искаков “Құрылтай жиналысының мүшесі ретінде М. Шоқай жалпыресейлік шараларда көрнекті рөл атқарады” [8] деп жазады.
М. Шоқайдың әуелі Ә. Бөкейхановпен бірге кадет партиясы қатарында болуы, кейін Социал-революционерлер партиясының мүшелігіне өтуі, негізінен, бұл саяси ұйымдардың Ақпан төңкерісінен кейінгі уақыттағы ұлттық мәселе бойынша ұстанымына байланысты еді.
М. Шоқай Ақпан төңкерісі кезінде “Ю. Ақшора мен Ә. Топчибашыдан және біздің Әлихан Бөкейхановтан бастап түрік саяси қайраткерлерінің көпшілігі әйгілі Милюков басқаратын кадеттер партиясының мүшесі болатын” деп көрсетеді. А.-З. Валиди Мұстафаның өзі де кадет болды дейді. “Садри Мақсуди Арсал” деген кітаптың түсіндірмелерінде де осы пікір айтылады [9].
Алайда бұл авторлар М. Шоқай көзқарастарындағы өзгерістерді анықтамаған. Әуел баста Мұстафаның кадет партиясының мүшелігіне енуін Ә. Бөкейхановтың ықпалымен, түптеп келгенде Конституциялық демократтар партиясының бағдарламасындағы кейбір ұлттық мәселелермен түсіндіруге болатын сияқты.
Ә. Бөкейханов бұл партиядан аяғын аулақ салғаннан кейін,
М. Шоқай эсерлерге барып қосылады.
Өздерінің ІІІ және ІV съездерінде эсерлер партиясы принциптік тұрғыдан Ресейдің федеративтік республика болуын жақтайды деген қарар қабылданады.
Автономия мен орталық билік функцияларының арақатынасы жөнінде ІV съезд шешімдерінде былай делінеді: а) бүкілресейлік заң шығарушы орталыққа басты саяси және азаматтық бостандықтарды (әсіресе, жеке бас бостандығы, дін, сөз, ұлттық азшылықтар) қорғау және Ресей республикасының барлық аумағы бойынша маңызды әлеуметтік заңнамаларды бақылауға алу; б) “қазіргі тарихи кезеңде” Ресейді тұтас шаруашылық организм (жалпы қаржы және теміржол шаруашылығын, пошта, кедендік саясат және т. б.) ретінде сақтау, “себебі социалистік құрылысқа өту жолдары шаруашылық істерді бөлшектеу арқылы емес, топтық, аумақтық, ұлттық және мемлекеттік шаруашылықтарды бірыңғай, әлемдік шаруашылыққа айналдыру арқылы жүзеге асырылады” [10].
Мұнан эсерлер партиясының да, большевиктер секілді, дүниежүзілік социалистік революция туралы қияли платформада тұрғанын, түптің-түбінде ұлттардың жойылуы теориясын ұстанғанын көреміз. Бірақ М. Шоқай және эсерлер партиясына қосылған ұлт-азаттық қозғалысының басқа да жетекшілеріне оның: а) көрсетілген негізгі кепілдіктерден басқа жағдайларда Ресей Конституциясы Ресейді мекендейтін барлық халықтардың саяси және ұлттық мүдделерін қамтамасыз етуі, ол үшін Құрылтай жиналысы Ресейдің жеке облыстары мен халықтары өзін-өзі басқаруда және өз талап-тілектеріне, мәдени, шаруашылық дамуы ерекшеліктеріне сәйкес заң шығару құзыреті берілген икемді мемлекет құрылысы формасын орнатуы тиіс;
ә) бұл міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы нәтижесінде ескі екатериналық губернияларда мүмкіндігінше тұтас халықтардың (Украина, Латвия, Эстляндия, Қазақ өлкесі және т. б.) этнографиялық орналасуымен шектелген... облыстармен ауыстыруға әкелетін кең көлемдегі реформа жобасын дайындау керек [11] деген қарарлары тартымды көрінеді.
М. Шоқайдың 1918 жылдың жаз айларындағы қызметі эсерлер мен кадеттердің жиындарына қатысумен шектелмейді.
Осы кезеңде ол Торғай даласында қазақтардың тұрмысымен, елдегі саяси ахуалмен кеңінен танысады. Орынборда, Самара мен Челябинскіде, қазақ ауылдарында алаш зиялыларымен, А.-З. Валиди, У. Қожаевпен кездесіп, бірлесе күрес жүргізу мәселесі төңірегінде әңгімелеседі.
1918 жылдың қыркүйегінде Алашорда басшылығы Сібір үкіметіне бірін-бірі тану жөнінде келісімнің жобасын ұсынады. Онда Алашорданың ең басты міндеті ретінде Алаш аумағын большевиктерден азат ету және Түркістан мен Жетісуға көмек көрсету, болашақта Алаш, Сібір, Башқұртстан мен Түркістан федерациясын құру [12] деп көрсетіледі.
Заңды күшіне енбегенімен, бұл жобаның федеративтік құрылым жөніндегі тармағының М. Шоқайдың қаламынан шыққаны күмән тудырмайды.
М. Шоқай Уфада өтетін мәжіліске ортақ платформа негізінде қатысу жөнінде алаш, башқұрт және басқа да түрік-мұсылман зиялыларымен сөйлеседі.
Үлкен Сібір мейманханасында 8 (жаңа стиль) қыркүйекте ашылған Уфа мемлекеттік кеңесіне Құрылтай жиналысы мүшелерінің Самара комитетінен, Омбыдағы Сібір Уақытша үкіметінен, Орал мен Екатеринбургтің облыстық уақытша үкіметінен, казак әскерлерінен, Түркістан автономиялық үкіметінен, Ішкі Ресей мен Сібірдің түрік-татар ұлттық үкіметінен, башқұрттар үкіметінен, Алашорда үкіметінен, эстон үкіметінен, социал-революционерлер партиясынан, социал-демократтар (меньшевиктер) партиясынан, “Единство” социал-демократиялық тобынан, конституциялық-демократиялық (кадеттер) партиясынан, халық социалистері партиясынан, “Россияны азат ету одағынан”, “Земстволар мен қалалар одағынан”, Сібір облыстық думасынан депутациялар (барлығы 200 адам) келеді.
Кеңейтілген бұл мәжілісте М. Шоқай Кеңес өкіметіне оппозициялық ұстанымдағы тұлғалармен жолығысып, олардың саяси көзқарастарымен танысуға мүмкіндік алады.
Уфа мемлекеттік кеңесіне Құрылтай жиналысының мүшелері ретінде Ж. Досмұхамедов (Орал облысынан), Уәлитхан Танашев (Астрахан облысының Орда округінен), Сағындық Досжанов (Торғай облысы, Алаш партиясынан), А. Байтұрсынов (Торғай облысынан), С. Жантөрин (Ішкі Ресей мен Сібірдің ұлттық Түрік-татар үкіметінен), Ә. Бөкейханов, Х.Досмұхамедов. И. Әлімбеков, Б. Жанқадамов (Алашорда үкіметінен) [13], М. Шоқай, Ә. Оразаев, С. Мустизаде (Түркістан Мұхтарияты Уақытша үкіметінен) [14] қатысады. Алашорда үкіметінен сайланған Ахмет Бірімжанов Кеңес жұмысына 18 қыркүйекте кешігіп келеді [15].
Бұл адамдардың барлығы да Мемлекеттік Кеңес мүшелері ретінде танылады [16].
1929 жылы Прагада жарық көрген “Орыс тарихы мұрағаты” деген жинақта осы Кеңеске қатысқан адамдар мен ұйымдарға, олардың ішінде Алашорда және Түркістан Уақытша үкіметтеріне қысқаша сипаттама беріледі. Онда қазақтар басқалардың бәрінен де артық ұйымшылдық көрсетіп, Қазақ автономиясын жариялады және орталығы Семейде Алашорда Уақытша комитетін құрды, Ә. Бөкейханов Самара Комуч құрамына енді, екінші Челябинск Кеңесінің жұмысына қатысты [17] деп көрсетіледі.
Түркістан Уақытша үкіметіне берілген түсіндірмеде М. Шоқай эсерлер арасында көрнекті рөл атқарады, Құрылтай жиналысы мүшелері съезі төрағасының орынбасары, екінші Челябинск кеңесіне қатысты, Уфа мемлекеттік кеңесі съезі бюросының мүшесі делінеді [18].
Большевиктер Түркістан Мұхтариятын күшпен таратқанымен автономиялық үкімет өмір сүруін жалғастыра түседі. Самара, Челябинск кеңестеріне оның атынан делегацияның шақыртылуы орыс демократиялық күштерінің Мұхтариятты де-юре тануымен тең еді.
Уфа кеңесіне ең көбірек қатысқандар эсерлер (жүзден астам адам) болды. Кеңесті құттықтау сөзбен де осы партияның өкілі Н. Д. Авксентьев ашады.
Кеңес ағылшын, американ, француз және жапон үкіметтеріне одақтас державалар әскерлерінің Германияға және оның жақтастарына қарсы күресте ортақ мақсатты орындауды көздеп Ресей аумағына енуіне байланысты Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы мүшелерінің съезі, Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы Комитеті, Сібір Уақытша үкіметі, Башкирия, Алашорда, Түркістан, басқа да түрлі саяси партиялар мен ұйымдар атынан құттықтау жолдайды. Онда одақтас державалар әскерлерінің Ресей жеріне ішкі істеріне араласпай, одақтастық туралы шарт негізінде Шығыс майданын қалпына келтіру үшін келгеніне, большевиктердің одақтастық туралы шарттан бас тартуына байланысты ішкі және сыртқы майдандардың өзара тығыз байланыстылық сипат алғандығына назар аударылады.
Одан әрі В. К. Вольский Социал-революционерлер партиясының бағдарламасын жария етеді. Онда “қазіргі уақыттағы басты мақсат – Ресей мемлекетінің тұтастығы мен бірлігін қалпына келтіру, Ақпан революциясының саяси және әлеуметтік жетістіктерін қорғау” делінеді.
Мәлімдеменің соңында эсерлер партиясы Бүкілресейлік өкімет билігін құру жөнінде өз ұстанымдары бойынша ұсыныс жасайды.
Эсерлер партиясының мүшесі ретінде М. Шоқай жалпы осы саяси бағдарламаны басшылыққа алғанымен, ұлттық мәселе жөнінде Самарада В. К. Вольскийдің өзі жария еткен мәлімдемесі [19] шеңберінде әрекет етеді.
Уфа кеңесінің күн тәртібінде басты үш мәселе тұрады: 1) болашақ үкімет және оның жауапкершілігі туралы; 2) өкімет құрылымы. Ол бір ғана адамның немесе бірнеше адамның диктатурасы (директория) болу керек пе, партиялық негізде ме, әлде коалициялық сипатта құрыла ма деген мәселелер; 3) үкімет құрамын анықтау [20].
Кеңесте Бүкілресейлік өкімет билігін ұйымдастыру жөніндегі комиссия құрылып, оның құрамына М. Шоқай мен Ә. Бөкейханов та енеді. Олар Кеңес төралқасынан орын алады. Мұнда Мұстафа Ресей мемлекеті деңгейіндегі қайраткер ретінде танылады. Оған М. Шоқайдың Кеңес төрағасының екінші орынбасары болуына қоса мандат және қаржы комиссияларының құрамына сайлануы [21] дәлел бола алады.
13 қыркүйектегі Кеңес отырысында үкімет жауапкершілігі, яғни оның қызметіне бақылау қою мәселесі көтеріледі. Осыған байланысты Құрылтай жиналысын ұйымдастыру керектігі, не болмаса үкіметтің Мемлекеттік Кеңес алдында жауапты болуы, жауапкершілік тетіктері т. б. тақырыптар төңірегінде пікірталастар өрістейді. Оның барысында Бүкілресейлік үкімет қызметі бағдарламасының жобасы дайындалып, оның азаматтық іс саласындағы міндеттері былайша анықталады:
1) Сібірдің саяси автономиясын, сонымен бірге өзін-өзі басқаратын облыстардың автономиясын мойындау жолымен федеративтік-демократиялық құрылысты нығайту;
2) қысқа уақыттың ішінде осы құрам негізінде Бүкілресейлік Құрылтай жиналысын шақыру;
3) Ресейді мекендейтін халықтардың аумақтық автономиясына негізделген ұлттық саясат жүргізу [22].
М. Шоқай бірінші пункттегі “Сібір” сөзін алып тастау керек, себебі барлық автономиялық үкіметтердің, олардың ішінде Сібір Уақытша үкіметінің де, функциялары мен құқықтары бірдей [23] деп көрсетіп, Сібір үкіметіне артықшылықтар беруге ыңғайланған тұжырымға өзгеріс енгізеді.
15 қыркүйекте эсерлер партиясы жетекшілерінің бірі В. М. Зензинов большевиктердің Құрылтай жиналысын таратып жібергенін, бірақ оның мүшелерінің өз өкілеттіктерін тапсырмағандығын, сол себепті Құрылтай жиналысының заң жүзінде бар екенін, халықтың Құрылтай жиналысы ұраны төңірегінде топтасатындығын айтып сөз сөйлейді.
М. Шоқай төрт мұсылман делегациясы атынан Құрылтай жиналысының ескі құрамын жандандыруға қарсы шығып, барлық өкімет билігін жаңа құрамдағы Құрылтай жиналысына берудің, сонымен бірге бұрынғы құрамның мандатын танудың дұрыстығын айтады [24].
Осыдан кейін үкіметті құру принциптері жөнінде өрбіген жарыссөзге де М. Шоқай белсенді қатысады. Бұл мәселені анықтамас бұрын ол үкімет қызметінің платформасын түпкілікті белгілеу керектігін, өзінің социал-революционерлердің мәлімдемесіне қосылатынын [25] білдіреді.
Кеңесте Ресейдің мемлекеттік құрылысы жөнінде бұрыннан алынған шешімдерден бас тартушылық сыңайы да білініп қалады. Осыған байланысты М. Шоқай 1918 жылдың 5 қаңтарында Құрылтай жиналысы қабылдаған қаулыны еске салып, Мемлекеттік кеңестің оның жер мәселесі туралы қарарын өз жобасы негізіне алуы мен Ресейдің федеративтік демократиялық республика болуы туралы келесі қарарын ескермей кетуі – қисынсыздық [26] екендігін айтады. М. Шоқайды Л. А. Кроль, И. И. Войтов, А.-З. Валидов т. б. қолдайды.
Он шақты адамның сөздерінен кейін М. Шоқай үкімет қызметі жөніндегі бағдарламада аумақтық автономия деген тармақтың қалдырылуын, бірақ Мемлекеттік кеңес жұмысының алға жылжуына кедергі келтірмеу мақсатында 1918 жылдың 5 қаңтарындағы Құрылтай жиналысының заңын негізге алатын редакция құруды [27] ұсынады.
Бұл пікірге Ә. Бөкейханов та қолдау білдіреді. Ол Кеңесте “қатысып отырған Құрылтай жиналысының мүшелері, Түркістан, Башқұртстан, Алашорда автономиялық облыстары үкіметтері және ішкі Ресей мен Сібір түрік-татарларының Ұлттық басқармасы” атынан сөз сөйлеп, Ақпан революциясының халық билігін орнатып, орыс интеллигенциясының жүздеген жылдар бойғы ой-арманын орындайтындығына уәде бергендігі; ескі самодержавиелік Ресейдің “жатжұрттықтарының” орыс демократтарына қосылып, халық билігін жалпыға бірдей сайлау негізінде Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы жүзеге асырады деп бар ынта-ниетімен күткендігін, бірақ өкіметті Ресей республикасында пролетариат диктатурасын орнатуды көздеген, сол арқылы Ресей республикасын анархия мен дағдарыс жайлаған елге айналдырған даурықпалардың басып алғандығын, осындай жағдайда Ресейде аса қажетті облыстық үкіметтердің құрылғандығын, Ресейдің большевиктерден азат етілген аудандарында облыстық үкіметтерсіз ешбір басқарудың мүмкін еместігін айтады. Сонымен қатар Ә. Бөкейханов “кейбіреулердің” облыстық үкіметтердің құрылуын жікшілдікке саятынына, оған ешбір негіздің жоқтығына, өзі өкілдік алып сөйлеп тұрған құрылымдардың (Түркістан автономиясы, Алашорда, Башқұртстан т. б.) өздерін біртұтас Ресейдің бөлігі деп есептейтіндігіне назар аударады. “Біз демократиялық федеративтік Ресей республикасымен біргеміз, біз өзімізді біртұтас Ресейдің бөлігі сезінеміз. Жікшілдікке жол беріліп жатыр деушілер самодержавиелік Ресейде жатжұрттықтар – құлдар, ал великоростар – бұлар құл иеленушілер деп ойлауға дағдыланған ескі психологияға табынушылар болып табылады, мұндай психологиядан құтылу лазым. Бұл жағдайды түсінеміз, бірақ қазіргі кезеңде Ресейдің федеративтік, демократиялық ел болуы және біздің орыс халқымен бірге ұлы да бақытты Ресей құрамына енуіміз үшін ондай көңіл-күйден арылған жөн” [28] деп тұжырымдайды.
Мұнан кейін Ә. Бөкейханов елде өкімет билігін орнату мәселесіне тоқталады. Ресейдегі билік жалпыға бірдей сайлау құқығы негізінде бүкіл халық таңдаған өкілетті органға берілуі, Ресейдегі жоғарғы биліктің жаңа шақырылған Құрылтай жиналысына тиесілі екендігі жөнінде өз пікірін білдіреді. Құрылтай жиналысына дейін жоғарғы билік осы Кеңесте сайланатын алқамен бірге Құрылтай жиналысы мүшелері съезінің қазіргі құрамына берілуі, бұл алқаның тек қана келісім негізінде құрылуы, “мұнда ешқандай көпшілік тарапынан қысымның болмауы” жөнінде ұсыныс жасайды.
Ә. Бөкейханов бір жыл бұрын өткен Мемлекеттік кеңесте келісімге қол жеткізілмегендігінің себебі бір тараптың басымдылық танытқанынан орын алғандығын еске салады, “Мені осында жіберген барлық ұйымдар, егер мұнда патриоттар отырған болса, егер олар Ресейді құтқару үшін шын мәніндегі пәрменді өкімет құруға келген болса, олардың келісімге келуін талап етеді, біз келісімге қол жеткізілуін және коалициялық биліктің келісім негізінде құрылуын қолдаймыз” [29] дейді. Бөкейханов аталмыш алқаның жеті адамнан тұруын, оның өз тарапында Құрылтай жиналысы алдында жауапты Министрлер кабинетін құруын жөн деп есептейді. Ал коалициялық үкіметтің Кеңеске қатысып отырған ұйымдардың өкілдерінен тұруы керектігін айтып, оған Бүкілресейлік Құрылтай жиналысының атынан төрт өкілдің, Сібір үкіметінен – бір, казак әскерлерінен – бір, Алашорда, Түркістан, Башқұртстаннан – бір өкілдің енуі жөнінде ұсыныс жасайды.
М. Шоқай Ә. Бөкейхановтың пікірлеріне толық қосыла отырып, орталық билікті құру тетіктері, орталық билік пен облыстық үкіметтердің өкілеттіктері, басқару функциялары, жер, ұлтаралық қатынастар мәселелері бойынша бірнеше рет нақтылы ұсыныстар жасайды [30].
Орталық билік пен облыстық үкіметтер арасындағы өкілеттіктерді бөлісу мәселесі жөнінде баяндама жасаған Халық бостандығы партиясының мүшесі Л. А. Кроль дайындаған қарар жобасынан “кеңейтілген автономия” сөзінің алынып тасталуына Ә. Бөкейханов мұның жай редакциялық түзету емес, автономия мазмұнына нұқсан келтіретінін, сол себепті “кеңейтілген автономиялық” сөзінің пікірталастар барысында қол жеткізілген концепциялық тұжырым екендігін айтады.
Ә. Бөкейханов пікірін М. Шоқай да қолдап, қарарда “кеңейтілген автономия” принциптік ұстанымды білдіреді [31] деген түсінік береді.
Л. А. Кроль орталық өкіметке тиесілі функциялар қатарында соғыс, бейбітшілік мәселелеріне қоса, әскери ведомство, жол қатынасы, пошта және телеграф, сыртқы істер, бақылау және қаржы жүйесі салаларын атайды.
М. Шоқай Л. А. Крольдің қарарын осы күйінде қабылдауды сұрайды.
Автономия жөніндегі қарар жобасында облыстық үкіметтер өз функцияларын талап еткен жағдайда орталық үкіметке қайтарып береді деген ескерту қалдырылады және ол тармақ, болашақ практика көрсеткеніндей, унитаристердің жымысқы әрекетінен туындаған еді.
Ақырында “ымыралық комиссия” Ресейде орталық өкімет билігін құру жөніндегі негізгі принциптер жөнінде келісімге келіп, ақтық қарар мына күйінде қабылданады:
1. Бүкілресейлік Уақытша үкімет Құрылтай жиналысының шақырылуына дейін бірден-бір жоғарғы егеменді өкімет билігі деп танылады;
2. Орталық билік қарамағындағы мәселелердің барлығында облыстық үкіметтерге берілетін кеңейтілген автономия құзыретінің шегін анықтау Бүкілресейлік Уақытша үкімет қарауында қалады [32].
Орталық үкімет құрамына кандидатуралар ұсынылған кезде М. Шоқай Алашорда, Башкирия және Түркістан үкіметтері түрік-татар ұлттық басқармасы атынан дербес тізім ұсынылмайтынын, бірақ кандидатураларға олардың ұлттық мәселе бойынша көзқарастары негізінде қолдау көрсетілетінін мәлімдейді. “Директория” аталған үкімет құрамына бес адам: Н. Д. Авксентьев (төраға, эсер), Н. И. Астров [кадет), генерал В. Г. Болдырев (партияда жоқ), Г. В. Вологодский (партияда жоқ), Н. В. Чайковский (халық-социалистік партиясының мүшесі) сайланады.
Мемлекеттік кеңестің соңғы, бесінші отырысы 23 қыркүйекте өтеді. Директория маусым – қыркүйек айларында өмір сүрген Комучтің орнын басады. Оның резиденциясының Уфада, Омбыда, не Екатеринбургте орналасуы жөнінде де кеңес мүшелерінің арасында келісім болмайды. Ақырында Директорияның Омбыға көшуіне рұқсат беріледі. Оның мұндағы алғашқы қадамдарының бірі – облыстық үкіметтерді бұрынғы өкілеттіктерінен айыру жөнінде заң қабылдауы болды [33].
Бұл жағдай М. Шоқайдың орыс демократиясына сенімін мүлдем әлсіретеді. Оның үстіне көп ұзамай Директория тұтқынға алынып, 18 қарашада Колчак өзін “жоғарғы билеуші” жариялайды.
Делегаттардың бір бөлігі В. Черновтың басшылығымен Комучті тарату үшін Самараға, келесі бөлігі В. Вольскийдің басшылығымен Екатеринбургке келеді [34]. Соңғы топтың құрамында М. Шоқай да болады.
Қараша айының 18-інен 19-ына қараған түні М. Шоқай Екатеринбургте төңкеріс ұйымдастырған колчакшылардың қолына түседі. Одан соң бұл операцияға чехтар араласады да, олар түрмеде отырған жиырма шақты эсерлердің басқа жаққа әкетілуін талап етеді. 20 қарашада М. Шоқай, әйелі Мария Шоқай, В. Чайкин және Ильяс Алкин жүк вагонымен Челябинск арқылы Уфаға жіберіледі. Жолай Челябинскіде олар қашып шығады.
Жалпы алғанда Уфа мемлекеттік кеңесінің жұмысы эсер партиясы мен оларды қолдаған мұсылмандық блоктың жеңісімен аяқталады.
Уфа мемлекеттік кеңесі жүріп жатқан кезде (11 қыркүйекте)
Ә. Бөкейхановтың төрағалығымен Х. Досмұхамедов, Ж. Досмұхамедов, Ә. Ермеков, А. Байтұрсынов, М. Тынышпаев, У. Танашев, М. Шоқай қатысқан Алашорданың төтенше мәжілісі өтеді. Онда Ойыл Уәлаяты таратылып, оның орнына, жол қатынасының нашарлығы мен соғыс жағдайын ескеріп, Алаш автономиясының батыс бөлігін басқару жөніндегі бөлімше құрылады.
Сонымен бірге мәжілісте Алаш аумағында (яғни большевиктерден азат етілген аудандарда) жергілікті басқару ісін ұйымдастыру, Түркістан құрамында қалып қойып тұрған қазақ өңірлері туралы мәселелер талқыланады.
Мұнан кейін М. Шоқай, Ә. Бөкейханов, М. Тынышпаев және А.-З. Валиди Мәскеуден Уфаға келген Н. Ақшорамен кездесіп, “Оңтүстік-шығыс мұсылмандары облыстарының федерациясын” құру жөнінде кеңеседі. Кейін (1929 ж. 27 мамырда) Мәскеуде ГПУ тергеушілеріне берген жауабында “А.-З. Валидимен соңғы рет Уфа мемлекеттік кеңесінде кездестім, онда жауларымызға, олардың ішінде, әрине, Кеңес өкіметі болатын, бірлесе күресу жөнінде уағдаластық” [35] деп Ә. Бөкейханов осы жиынды еске алады.
Орыс демократтарының автономия мәселесі бойынша ұстанымдарының солқылдақтығына қарамастан М. Шоқай және басқа да қазақ зиялылары бұрынғыша Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына иек артады. Уфада Мемлекеттік Кеңес өтіп жатқан кезде М. Дулатов “Қазақ” газетінде “Алаш Орда” деген мақала жариялап, онда Ә. Бөкейхановтан “11 сентябрьде Құрылтай мүшелерінің комитеті Алаш автономиясын таниды” деген қуанышты хабар алынғанын жеткізеді. Осыған байланысты М. Шоқай орыс демократиясы жетекшілерінің саяси көзқарастары эволюциясын қадағалап, өз іс-әрекеттерінде ескеріп отырады. 1921 жылдың көктемінде Парижге келген бойда ол мұндағы орыс ұйымдарымен және олардың басқа органдарымен танысады. Әсіресе, Мұстафа социал-революционерлер, конституциялық демократтар және т. б. партиялардың автономия мәселесі жөніндегі шетелде алынған шешімдеріне жіті назар аударады. Соның бір дәлелі – оның жеке мұрағат қорында 1921 жылдың 8–21 қаңтарында Париж қаласында өткен “Құрылтай жиналысы мүшелері кеңесінің” елу бір беттік хаттамасы көшірмесінің сақталуы. Бұл құжатты М. Шоқай Түркиядан келгенде өзін қарсылап алған досы Фуад Тоқтаровтан алған болуы керек.
Мұстафа хаттаманы зер салып оқып шығады, себебі оның әр бетінде Мұстафаның орфографиялық, стилистикалық қателерді өз қолымен түзеткен жазбалары ұшырасады.
Кеңеске сол кезеңде Ресейден тыс жүрген Құрылтай жиналысының елу алты мүшесінің отыз үші қатысады.
Кеңес Париждегі эмигранттық топтардың (А. Ф. Керенский, В. М. Зензинов, О. С. Минор) бастамасымен шақырылады. Олардың барлығы дерлік бұрын Уфа мемлекеттік кеңесіне қатысқан және М. Шоқайға танымал болатын. Түрік-татар қауымынан Г. Г. Исхаков, С. Н. Мақсудов, Ф. Ф. Тоқтаров қатысады.
Мұстафаның бұл кеңеске бара алмауы Кавказдан Францияға жолға шығудың қиындығына байланысты еді.
М. Шоқай секілді ірі тұлғаның болмауына қарамастан, мұсылман халықтарының өкілдері кеңес жұмысына белсене атсалысады. Ф. Тоқтаров пен С. Мақсудов онда құрылған үш комиссияның да құрамына енеді. Сонымен бірге Фуад кеңестің хатшысы болып сайланады.
Кеңестің екінші отырысында саяси топтар өз саяси платформалары жөнінде мәлімдемелер жасайды. Социал-революционерлер тобының жетекшісі В. М. Зензинов өздерінің саяси ұстанымының бұлжымайтын төрт принципке негізделетінін айтады. Олар: 1) 1918 жылы 5 қаңтарда жария етілгендей, Ресей болашақта федеративтік демократиялық республика болуы тиістілігі, Ресейді мекендейтін және республика құрамына енетін барлық халықтарға өзіндік бірегейлігін сақтауға және мәдени-саяси еркіндігіне тиісті жағдайдың туғызылуы;
2) материалдық құндылықтарды жасаушы жұмысшы табының шаруашылық өмірге ықпал етуіне заңдық негіз қалау қажеттігі;
3) барлық жер оны өңдейтін халыққа берілуі;
4) тек Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы ғана өкіметтің қайнар көзі болуы [36].
Кадеттер партиясының декларациясын оқыған П. Н. Милюков та Ресей құрамындағы халықтарға мәдени-ұлттық өзін-өзі билеу құқығын беруді қолдайды.
Халықшыл социалистер декларациясында (Н. В. Чайковский): “Ресей аумағында пайда болған мемлекеттік құрылымдардың дербес өмір сүруін тани отырып, олардың Ресей демократиялық республикасы құрамында қалуына қол жеткізілудің керектігіне” назар аударылады.
Сонымен эмиграциядағы орыс саяси партиялары қазақ, өзбек, татар т. б. мұсылман халықтарының өзін-өзі билеу құқығын ұлттық-мәдени автономиямен шектеуге ұмтылады.
М. Шоқайды әсіресе бұл мәселеге сан ғасырлар бойы Ресей бодандығында болып келген халықтар өкілдерінің көзқарастары қызықтырады.
Ішкі Ресей татар-мұсылмандарының мәлімдемесін жария еткен С. Мақсудов олардың мәдени-ұлттық автономия үшін күресіп келе жатқандығына тоқталып, “қасірет шегіп отырған Ресей халықтарының осы көзқараста екендігіне, яғни большевиктерге лағынет айта отырып, өткен өмірге де қайта оралғылары келмейтіндігіне біздер әбден сенеміз. Ресей халықтары ескі режим мен бүгінгі тирания аралығында әділеттілікке негізделген мемлекеттік құрылыстың үшінші формасының барлығына күмән келтірмейді” [37] дейді.
Сөзінің соңында С. Мақсудов кеңеске жиналған социал-революционерлер мен кадеттерден Ресейдің барлық халықтары мен топтарын толғандырып отырған аграрлық, саяси-экономикалық, ұлттық бостандық т. б. мәселелер бойынша өз ұстанымдарын жұмбақтамай, ашып айтуды талап етеді.
С. Мақсудовтың бұл сөздерінің Зензинов, Милюковтердің бағдарламаларының күлбілтелігіне қаратып айтылғаны белгілі.
Г. Исхаков, Ф. Тоқтаров, С. Мақсудов бірінен кейін бірі сөз алып, Ресей аумағын мекендеген, не оның шеткері аймақтарындағы халықтардың ұлттық тәуелсіздігі Ресейдің ішкі ісі емес, халықаралық мәселе екендігін негіздеуге тырысады. Ал, социал-революционерлер мен кадеттер ұлттық мәселені Ресейдің ішкі ісі ретінде сипаттауға, сол себепті оған шет мемлекеттердің араласуын халықаралық құқықты бұзушылық деп бағалауға ұмтылады. Сондықтан С. Мақсудов ұлттық мәселе төңірегінде топтасқан татар-мұсылмандардың эсерлер мен кадеттердің орыс емес ұлттардың тәуелсіздігі туралы көзқарастарымен келісе алмайтындығын білдіреді [38].
Ф. Тоқтаров Ресейдің ұлт мәселесін шешу арқылы ғана аяғына тұратындығын ескертеді [39].
Мәдени-ұлттық автономияның мазмұны жөнінде де пікір алысылады. Ұзақ пікірталастан кейін кеңес құрған В. В. Рудневтің комиссиясы мен түрік-татар халықтары атынан С. Мақсудов ұсынған екі жоба талқыға түседі.
С. Мақсудовтың жобасында, В. В. Руднев ұсынған қарарға қарағанда, автономияға көбірек құзырет беріледі. Ол эсерлер мен кадеттер жобасында қарастырылған мәселелерге қоса, ұлттарға мына құқықтардың тапсырылуын талап етеді:1) ұлттарды құқық субъектісі ретінде тану; 2) жеке ұлттық мекемелерге емес, барлық ұлттық мекемелерге басшылық жүргізу және оны ұлттық басқару қарамағында шоғырландыру; 3) мемлекеттік биліктің тілге, ұлттық мәдениетке, дінге, рухани және қайырымдылық мекемелерге қатысты ұлттық істерге араласуының қандай түріне де жол бермеу; 4) ұлттың сайлаулы өкілі арқылы жоғарғы үкіметтік билікке қатысуы; 5) республиканың әскери күштерін ұйымдастыруда ұлттық мүдделер мен тұрмыс ерекшеліктерін ескеру [40].
С. Мақсудов бұл жоба татарлардың ғана емес, Ресейдегі езілген халықтардың барлығының да мүдделерін қорғауға бағытталған дейді.
Ұлттық-мәдени автономияның шеңбері мен мазмұны бойынша екі түрлі пікірдің болуына байланысты деген желеумен екі жоба да дауысқа салынбай, аяқсыз қалады. Мұның өзі орыс демократиясының көрнекті тұлғалары П.Н.Милюковтың, А. Ф. Керенскийдің, жиынға төрағалық еткен Н. Д. Авксентьевтің және олардың соңынан ерген өкілдерінің түрік халықтарының саяси дербестікке ұмтылысын құйрық-жалы күзелген автономия беру арқылы “шешуге” бейім танытқандығын көрсетеді. Олардың саяси көрсоқырлығы жөнінде Ф. Тоқтаров: “Қалай болғанда да мен П. Н. Милюковты түсінбедім. Бұл жөнінде мен мынаны айтқым келеді. ХХ ғасырда Ресейді Иван Грозныйдың тәсілімен жинауға болмайды... Дегенмен Милюков та, Керенский де бізге, Қазанның қабырғаларын атқылауға зеңбіректерімен келе қоймас деп сенемін” [41] дейді.
М. Шоқайға досының осы бір сөздері аса ұнаған болуы керек, оларды қарындашпен сызып бөліп қояды.
Кеңес жұмысының аяқталары алдында Ф. Тоқтаров мынадай мәлімдеме жасайды: “Ресейдің қайта құрылуына демократия арқылы және ұлттардың арман-тілегі мен талаптарын толық қанағаттандыру жолымен қол жеткізуге болады. Біздер, татар халқының өкілдері, осы көзқарас пен сенімді ұстана отырып, кеңестің талқылауына Ресей ұлттық мәселесін толық ауқымды көрсететін ұсыныс жасағанбыз, бірақ оны қабылдауды кеңес мүмкін деп таппады да, оның орнына екіұштылау қарармен шектелді. Бұл фактіден біздер кеңестің және біздің ұлттық мәселеге көзқарастарымыздың алшақтығы редакциялық емес, принципті сипатта екендігін көреміз” [42].
Ф. Тоқтаровтың ұлт мәселесі жөніндегі ұстанымы М. Шоқайдың көзқарастарына толық сәйкес келеді. Мұстафа Құрылтай жиналысы мүшелерінің Париж кеңесі хаттамалары арқылы өзінің саяси қызметіне қажетті мағлұматтар алады, сонымен бірге орыс демократиясының ұлы державалық шовинизмнің негізі болып келген Ресейдің біртұтастығы идеясына бұра бастағанына куә болады.
Достарыңызбен бөлісу: |