2.3 Түркістан Мұхтарияты
1917 жылдың қыркүйек айына қарай Түркістанның қоғамдық дамуында екі үрдіс анықталады: бірі – ұлттық күштердің Түркістан Федерациясын жариялауға дайындық жұмыстарының басталуы; екіншісі – большевиктердің жергілікті халықтың автономияға ұмтылысын ескермей, өкімет билігін басып алуға тырысушылығы. Олар қыркүйек айындағы екі өлкелік мұсылман съездерінде Түркістанның федеративтік құрылысы жөнінде көтерілген мәселелерге ешқандай мән бермейді. Солшыл радикалдық және либералдық күштер арасындағы қайшылықтар өрістей бастайды.
25 қазандағы Петроградтағы қарулы көтеріліс Ақпан революциясының демократиялық реформаларына үміт артқан ұлт-азаттық қозғалысы күштеріне үлкен соққы болып тиеді. Қазан төңкерісін түрік жұртшылығы қабылдамайды, себебі кеңестік негіздегі ұлттық автономия деген орыс отаршылдығын сақтаудың бүркемеленген түрі ғана еді. М. Шоқайдың сөзімен айтқанда, “орыс демократиясының саяси жарамсыздығынан” Түркістанда қиын жағдай қалыптасады.
Қазан төңкерісіне байланысты туындаған мәселелерді талқылау үшін М. Шоқай қазақ зиялыларымен басқосуға Орынборға іссапарға барады. Қазақ зиялыларының мұнда М. Шоқаймен кездесуінде тәуелсіздік үшін күресті жалғыз Түркістанмен шектемей, оны қазақ облыстарымен, башқұрт, татар халықтарының қозғалысымен ұштастыру, большевиктерді мойындамау, Құрылтай жиналысына адалдықты сақтау жөнінде ортақ ұйғарым жасалады [1]. Осы шешімді басшылыққа алған М. Шоқай Ташкентке оралған кезінде мұндағы өкімет билігі 28 қазанда бүлік көтерген орыс жұмысшылары мен солдаттарының қолына өткен болатын. Осыған байланысты ол Ұлттық орталықтың мүшелерімен бірге Самарқанға, одан Ферғанаға, Жаңа Маргеланға келеді. М. Шоқай Кеңес өкіметіне қарсы күрес орталығы бола алатын үкімет құру жөніндегі орыс демократтарының ұсынысынан бас тартып [2], Ұлттық орталықтың таяу арадағы мақсаттарын белгілеумен шұғылданады. Оның Кеңеске қарсы бірден ашық күреске шығудан бас тартып, жалтақтауының бір себебі болатын. Алғашқы кезде ол басшылық жасап отырған Ұлттық орталық Петроградтағы Кеңес өкіметі орыстар мен мұсылмандар арасында ұлт араздығын өршітіп отырған Түркістан большевиктерін сабасына түсіреді деп ойлайды [3].
Өлкеде әлеуметтік негізінің әлсіздігіне байланысты большевиктер М. Шоқайды Түркістан Халық комиссарлары кеңесі құрамына еніп, оны басқаруды (төраға ретінде) ұсынады [4].
“Шуро-и-Улеманың” соңынан ерген Түркістан консерваторларының орталық Кеңес өкіметін мойындап, тек Түркістан үшін ғана “мұсылман әдет-ғұрпына” сәйкес ерекшеліктері ескерілетін жергілікті өкімет құруды ұсынуы [5] ұлттық күштердің жағдайын қиындата түседі.
Мұсылман ұйымдарының 7 қарашадағы біріккен отырысында Түркістандағы өкімет халықтың азшылық бөлігіне сүйенген Жұмысшы және солдат депутаттары кеңесі шешіміне емес, мұсылман көпшілігінің талап-тілегіне сәйкес құрылуы керек деген қаулы алынады. Алайда большевиктер жергілікті халық өкілдерінің талабын ескермейді. 15–22 қарашада Ташкентте өткен Кеңестердің ІІІ өлкелік съезінде түркістандықтарды басқару органдарынан шеттетуге бағыт ұсталынады. Түгелдей орыстар мен еврейлерден тұратын Халық комиссарлары кеңесінің (ХКК) үндеуінде тек еңбекші бұқараны біріктіруді жеделдету үшін кеңес мұсылман еңбекшілері арасында азаттық, теңдік, туыстық идеяларын таратуға барлық шаралар жасайды деген бұлдыр уәде ғана беріледі.
М. Шоқай мәселені бұлайша таптық тұрғыдан қою жергілікті халықты биліктен ығыстырудың жымысқы амалы екендігін бірден түсінеді. 12 қарашада Ташкентте мұсылман ұйымдарының бірлескен кеңесінің мәжілісі өтеді. Онда ұлттық мемлекеттілікті құрудың басты идеологиялық принциптері негізделеді. Мәжіліс қарарында: “Биліктің солдат, жұмысшы және шаруа депутаттары кеңесінің қолына көшуіне байланысты жалпы халықтың он миллионнан астамын, яғни Түркістан өлкесі бойынша тоқсан сегіз пайызын құрай-тын мұсылмандар Ресей революциясы жариялаған бостандық, теңдік, бауырластық жөніндегі үндеу негізінде ұлттық-мәдени өзін-өзі билеуге толық құқы бар” [6] деп көрсетіледі.
Барлық биліктің кездейсоқ және жергілікті тұрғындардың мүддесіне жат адамдардан тұратын әскери, жұмысшы және шаруа ұйымдарының қолында ғана шоғырлануы жергілікті халықтың өзін-өзі еркін билеуі негізінде өмірін ұйымдастыруға ешбір мүмкіндік бермейді.
Жаңа үкімет құрамында жергілікті халықтың бірде-бір өкілінің болмауы, Түркістан Кеңестері ІІІ съезінің шовинистік шешімдері революциядан күткен жақсылықтың бос әурешілік екендігін көрсетіп береді. Ұлттық қозғалыстың жетекшілері дағдарыстан шығудың жолдарын іздестіре бастайды.
Мұсылман діни жетекшілері және олардың соңынан ерген диқандар мен қолөнершілер бастапқы кезде жаңа өкіметті танитындығын білдіреді. Осы кездегі “Улеманың” ұстанымы жөнінде “Бірлік туы” газеті былай деп жазады: “Ташкент оқиғаларынан бері қарай мұсылман ұйымдарының бірде-бірі большевиктермен жанасқан жоқ. Енді “Ғұламалар қоғамы” С. Лапин арқылы большевиктермен астыртын “құдалық сөйлесуге” іждағат етті. 15 ноябрьде Ташкентте съезд жасамақ болып, адам жинау үшін “бірлескен мұсылман ұйымдарының бюросы” деген бір өтірік ойлап шығарды” [7]. Халық комиссарлары кеңесінің “Улеманың” өлкеде Шариғат принциптеріне негізделген азаматтық басқару тәртібін орнату жөніндегі талаптарын орындаудан үзілді-кесілді бас тартуынан кейін халықтың көпшілігі “Шуро-и-Исламия” жағына шығады.
Ұлт-азаттық қозғалысындағы осы кезеңдегі ахуал жөнінде америкалық профессор Р. Пайпс былай деп жазады: “Ташкент Халық комиссарлары Түркістан тәуелсіздігін мойындаудан бас тартқан бойда Мұсылман және қырғыз (қазақ. – К. Е.) депутаттарының орталық кеңесі (ТӨМОК. – К. Е.) Құрылтай жиналысының шешімін күту керек пе, әлде тәуелсіздікті өз бастамамызбен жариялаймыз ба деген сұрақ төңірегінде пікірталас бастайды. Кеңеске қарсы кейбір орыс партиялары, әсіресе, оңшыл эсерлер большевиктерді Ташкенттен ығыстырып шығару ниетімен ұлтшылдарды тездетіп тәуелсіздік жариялауға итермелейді” [8].
Қарашаның бас кезінде Ташкентте Мұсылмандардың орталық кеңесінің мүшесі Ш. Шагиахмедов Петроградта болған сапары жөнінде айта келіп, Түркістан автономиясының жариялану мүмкіндіктері туралы сөз қозғайды [9]. Халықтың көңіл-күйін білу мақсатында Орталық кеңес мүшелері Түркістан қалалары мен облыстарын аралайды. Қазан төңкерісіне дейін Самарқан және Ферғана облыстарында болған сапарлар халықты Уақытша үкімет туы астында күреске шығарудың мүмкін еместігін көрсетеді. Ферғанада М. Шоқай бірнеше кездесулер өткізеді. Самарқанда, Қоқан, Наманған, Жаңа және Көне Маргеланда, Әндижанда “мұсылмандарға да өзінің ұлттық талап-тілектерін ашық қоюға уақыттың келгендігі” айтылады. Әсіресе Қоқан, Әндижан және Самарқанда, Жетісу мен түрікмен жерінің кейбір уездерінде “ұлттық күрестің бірыңғай бағытын” анықтау үшін төтенше жалпыөлкелік мұсылман кеңесін шақыру талап етіледі [10].
Кеңес тарихшысы П. Алексеенков “Мұстафа Шоқаевқа ілесіп мұсылмандардың өлкелік кеңесі – “Шуро-и-Исламия” да Ташкенттен Қоқанға ауысты. Ол өз төңірегіне жалғыз Ферғананың ғана емес, Түркістанның барлық контрреволюциялық күштерін топтастырды.
Мұсылмандардың орталық кеңесі Қоқаннан Ташкентпен, Самарқан, Әндижан және Түркістанның басқа да қалаларымен тығыз байланыс орнатты” [11] деп жазады.
Автор Түркістан өлкесі мұсылмандарының Орталық кеңесін “Шуро-и-Исламия” ұйымымен шатастырады. Дегенмен ол Түркістан автономиясын жариялауға әзірлік жұмыстарының Қоқанмен шектеліп қалмағандығын, оның бүкіл өлке бойынша жүргізілгендігін мойындайды. Шындығында да 1917 жылдың аяғына қарай Орталық кеңес Түркістан ұлттық қозғалысының жетекші күшіне айналады. М. Шоқай Ұлттық орталықтың барлық облыстық комитеттерімен, Кеңес өкіметін қабылдамаған орыс ұйымдарымен кеңеседі.
Ең бастысы “Улемамен” ымыраға қол жеткізіледі. Бірлесіп қимылдау үшін С. Лапин болашақ Уақытша халық кеңесінің төрағалығы орнын беру жөнінде шарт қояды [12].
М. Шоқай мен оның жақтастары автономия мәселесі жөнінде өздері жағына орыс жұмысшылары мен шаруаларының бір бөлігін тарта алады. “Орыс жұмысшылары мен шаруаларының біздерге ұлттық ісімізге ықылас білдіруінен емес, большевиктерге жаулығынан қосылып жүргенін білетінбіз. Дегенмен біздер үшін ол да маңызды болатын, себебі бұл жағдай өзіміздің ұйымдасуымызға мүмкіндік берді” [13] дейді М. Шоқай.
25 қарашада Жаңа Маргеланда (қазір Ферғана) облыстық және уездік ұйымдар өкілдерінің қатысуымен Өлкелік мұсылман кеңесінің мәжілісі өтеді.
Онда алдағы күрес тәсілдері мен түрлерін белгілеу үшін төтенше жалпыөлкелік мұсылман құрылтайын шақыру туралы шешім алынады. Құрылтай Ферғана облысының өнеркәсіптік орталығы Қоқан қаласында шақырылатын болады.
“Бірлік туы” газетінде де “Түркістан мұсылман съезі” деген мақала басылып, “Қоқан шаһарында ашылатын съезге уезд басы он адамнан, шаһар басы үш адамнан өкілдеріңді жіберіңдер” деп бүкіл аймаққа хабар таратылады. “Енді осындай уақытта мұсылмандардың өздері қарап жатқаны келіспейді. Олар кім жеңсе, соның қанжығасында кете бермей, тіршілік белгісін көрсетулері керек” деп үн тастайды газет.
Жер-жерге таратылған, жиынның күн тәртібі жөніндегі хаттарда мына мәселеге назар аударылады: “Құрылтай жиналысына жетпей Уақытша үкімет құлады. Түркістанда өкімет билігі Жұмысшы және солдат депутаттарының қолына көшті. Түркістандағы орыс солдаттары, жұмысшылары мен қоныс аударушы шаруаларының алабөтен ерекшеліктері өлкедегі бейбіт өмірге де, оны мекендеген халықтардың бір-бірімен туыстық қарым-қатынас орнатуына да қауіп төндіреді. Ташкент большевиктері мұсылмандар өкілдерінің мемлекеттік биліктің орталық органдарына қатысуына ашық түрде қарсы шығуда. Орыс революциясының азаттық ұрандарына берік Өлкелік мұсылман кеңесі мұсылман ағайындарын орын алып отырған оқиғаларға байыпты назар аудару және өзіміздің түйінді сөзімізді айту үшін 25 қарашада Қоқанда шақырылатын төтенше құрылтайға өз өкілдеріңізді жіберуге шақырады” [14].
Құрылтайға мұсылман емес ұйымдар өкілдері де шақырылады.
25 қарашада Құрылтайды ұйымдастыру бюросының төрағасы ретінде М. Шоқай Қоқанға келген делегаттармен алдын ала кеңес өткізіп, олармен жиынның күн тәртібі, мандат комиссиясы т. б. мәселелер бойынша сұхбаттасады. Пікір алысу барысында: 1) Уақытша үкімет билігін қалпына келтіру үшін мұсылмандарды күреске шақырудың; 2) Ташкент большевиктерімен келісімге келудің; 3) клерикалдық платформа негізінде жалпы майдан құрудың мүмкін еместігі анықталады.
Ұйымдастыру бюросының он мүшесінің жетеуі Халық комиссарлары кеңесінің “Бейбітшілік туралы” және “Мұсылмандарға үндеу” декреттері негізінде тәуелсіз Түркістан республикасын жариялауды жақтайды. Тек құрылтайдың ашылар қарсаңында ғана М. Шоқай мен У. Қожаев “Тәуелсіз Түркістан республикасын” жариялау жөніндегі тармақты құрылтайдың күн тәртібінен алып тастауға жолдастарын әрең көндіреді. 1926 ж. “L'Est europeаn” (Варшава) журналында жарияланған “Орта Азиядағы ұлттық қозғалыс” деген мақаласында осы жағдайды ол былай деп еске алады: “Өз отаныңның тәуелсіздігіне, қандастарыңның өз үйінде өзі толық қожа болуына, өз тағдырын өзі шешуіне қарсы сөйлеу шексіз қиын және еш жақсылық әпермейді. Елге “таза отаршылар” билік жүргізе бастаған, біздің тағдырымыз “алаяқтар мен қылмыстық элементтердің” қолына көшкен уақытта Түркістанның тәуелсіздігіне қарсы шығу екі есе қиын болатын.
Иә, біз сол кезде Ташкентте орнатылған Кеңес өкіметін “халқымыздың жауы” деп есептедік. Он жыл өткеннен кейін де мен сол сенімдемін.
Табысқа жетудің бірде-бір мүмкіндігі жоқ, сырттан да көмек күтетіндей үмітсіздік жағдайында күреске шығу – халықтың өзін-өзі өлімге итермелеумен тең болар еді. Бұл “ержүректілердің ессіздігі” емес, “ессіздердің қылмысы” болып шығар еді”.
М. Шоқай “саясат – қолда бар мүмкіндіктердің өнері” деген көне қағиданы ешқашан есінен шығарып көрген емес. Өзінің сол бір аса жауапты кезеңдегі ұстанымының дұрыстығын 1927 жылы “Йени Түркістан” журналында “Қоқан Мұхтарияты жөнінде” деген мақаласында да қайталайды. Түркістанды бірден тәуелсіз мемлекет деп жариялауға қарсы болуының себебін жергілікті халықта әскердің де, әскери дайындықтың да жоқтығымен, сонымен бірге Кеңес өкіметінің “орыстардың ең оңбағандары мен қасиетсіздерінен құрылған” қоныс аударушыларға сүйеніп отырғанымен түсіндіреді. Ақырында, ұзақ пікірталастан кейін, құрылтайда Түркістанды автономия деп жариялау жөнінде ұсыныс беруге келісіледі.
Түркістанның мемлекеттік статусы жөніндегі басты мәселе 26 қарашада (9 желтоқсан) Қоқан қаласында салтанатты түрде ашылған өлке халқының ІV құрылтайында қаралады. Съезді ұйымдастыру бюросының төрағасы М. Шоқай ашып, мандат комиссиясының мүшесі Т. Нарбутабековтің баяндамасы бойынша 203 делегаттың өкілеттігі бекітіледі [15]. Кейін, “Улуғ Туркестан” газетінің мәліметі бойынша, делегаттар саны 250-ге дейін көбейеді [16].
Олардың арасында Түркістан татарлары бюросының, Кеңес өкіметін танудан бас тартқан орыс социалистік партиялары мен жұмысшылары ұйымдарының, қалалық Думаның өкілдері де болады.
Мұсылман жұмысшылары депутаттары кеңесінің органы “Ишчилар дунияси” журналы ІV Құрылтайдың өкілеттігі жөнінде былай дейді: “Съезге Түркістан өлкесінің әрбір қоғамының, әрбір одағының және ұлттық кеңестің қатысуына байланысты ол Түркістанның он миллион мұсылман халқының мүддесіне орай шешімдер қабылдауға толық құқылы болды” [17].
Съезд төралқасына он үш адамның қатарында М. Шоқай да сайланады. Құрылтайды ашар кезде сөйлеген кіріспе сөзінде ол Ресей мен Түркістанның соңғы кездегі саяси және әлеуметтік жағдайына сипаттама беріп, Орталықта болып жатқан бүліншілік шет аймақтардағы халықтарды өз басын өзі арашалауға және өз беттерінше әрекет жасауға итермелеп отыр деп, делегаттар назарын бірден басты мәселеге аударады.
Қантөгісті Қазан төңкерісін басынан өткерген Түркістанға да өз тағдыры жөнінде қам жеуі керек. Өлкедегі ауыр жағдайға ашаршылыққа ұласуы ықтимал азық-түлік тапшылығы қосылуда. “Мұндай ахуалдан қалай шығу керек?” деп сұрақ қойып, Мұстафа сөзін әрі қарай жалғастырады. Қазір өмір сүріп жатқан Кеңес өкіметінің құрылуына әкелген жол бейкүнә құрбандардың қанына суарылған. Оның себебі, бұл билік қантөгіске жібермеуі мүмкін мұсылмандардың қатысуынсыз орнады. Тіпті төңкерістен кейін де Ұлттық орталықтың билік органдарын мұсылмандар мен еуропалықтардың тең мөлшерде қатысуымен ұйымдастыру жайлы ұсынысын орыс солдаттары мен жұмысшы депутаттарының кеңесі қабыл алмады. Сонымен Түркістан нансыз, шын мәнінде халықтық өкіметсіз қалды” [18] деп сөзін аяқтайды. 27 қарашада Төтенше Құрылтай Түркістанды мекендеуші халықтың еркін білдіре отырып, Түркістанды Ресей Федеративтік демократиялық республикасымен біртұтас аумақтық автономия деп жариялап, дегенмен автономия формасын шешуді Түркістан Құрылтай жиналысының қарамағына қалдырады [19]. Ендігі жерде Түркістан өлкесі Түркістан Мұхтарияты (Түркістан Автономиясы) деп аталады.
Қарарға қарсы жалғыз М. Чанышев деген ғана дауыс береді.
М. Шоқай оны “орыс үкіметінің тыңшысы” екендігін, кеңес баспасөзінде бұл адамның Түркістан Автономиясы үкіметінің бас қолбасшысы деп жазылуының жалғандығын айтады.
Құрылтай шешіміне “Улема” қоғамы да қосылады.
Өлкелік мұсылман кеңесі Түркістанның Ресей Федерациясы құрамында бөлек штат ретінде қалуын жақтайды және осыған делегаттарды көндіреді. “Біздердің мұндай шешімге бой ұруымызға орыс революциясы жөнінде үміт пен күдік аралас пікірде жүрген жәдиттердің ықпалы әсер етті” [20] дейді М. Шоқай.
Өз алдына Түркістан Құрылтай жиналысын шақыруды ол “Ресейде үкіметтің жоқтығы себепті... Бүкілресейлік құрылтай жиналысының ұйымдастырылуы екіталай” [21] болып отырғанымен түсіндіреді. Ал, енді “автономия статусын шешуді” құрылтай жиналысының талқысына салу, М. Шоқайдың ішкі сырына қарағанда, “Түркістанның Ресейден бөлінуі мәселесін қарастыруды” [22] көздейді. Мұның өзі М. Шоқайдың аса сақтықпен, алды-артын болжап әрекет еткендігін, съездің қарсаңында өткен кеңесте де Түркістанның Ресейден бөлінуі жөніндегі пікірге ашық қолдау көрсетпей, ол мәселені Құрылтай жиналысының шешіміне қалдыруды жөн көргендігін дәлелдейді.
“Жағдайға байланысты шын көсемдер кейде сабырлы көрінеді, ал кейде, ел мүддесі талап еткенде, олар өз тактикасын түбірімен өзгертуі де мүмкін” дейді А. Шульгин. Украиндық досының айтуынша, М. Шоқай өз халқының мұң-мұқтажына орай қимылдайтын осындай “нағыз көсемі” [23] болады.
Съезд Түркістанды мекендеуші азшылық ұлттар құқықтарының толықтай қорғалатындығы туралы мәлімдеме жасайды.
28 қарашада Түркістан халық өкіметін ұйымдастыру принциптері жөнінде шешім алынады. Түркістан Құрылтай жиналысы шақырылғанға дейін үкімет билігі Түркістан Уақытша Кеңесі мен Түркістан халық басқармасы (үкіметі) құзырына беріледі.
Түркістан Уақытша Кеңесінің құрамын Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына сайланған өкілдер құрайды және олар мына есеп бойынша бөлінеді: 1) Ферғана облысынан – 10 адам, Сырдария облысынан – 9, Самарқан облысынан – 5, Жетісудан – 6 және Закаспий облысынан – 2 адам; 2) қалалық өзін-өзі басқару құрылымдарынан – 4 адам; 3) түрлі еуропалық өлкелік демократиялық, саяси, кәсіби, қоғамдық және басқа да ұйымдардан – 18 адам [24].
Еуропалық өкілдердің Түркістан автономиясына бойкот жариялауы себепті Уақытша кеңеске барлығы 54 адамнан 33 адам сайланады. Олар: Ш. Шагиахмедов, А. Ғ. Құшбегиев, Н. Камалхан-Төреев, Х. Юргули-Ағаев, Ғ. Махмудов, Т. Ғушурходжаев, Х. Қарабеков, Ә. Оразаев, М. Мирзахмедов (Ферғана); М. Шоқай, С. Лапин, У. Қожаев, С. Байсейітов, Т. Нарбутабеков,
С. Миржалилов, И. Ғұбайдуллин, С. Шарифходжаев, Қ. Қожықов (Сырдария); А. Абдусалимов, С. Герцфельд, А. Дербісалин, М. Акчурин, Садреддин-хан Шарифқожаев, М. Мансуров (Самарқанд); М. Тынышпаев, И. Давлетшин (Жетісу); Халил Ширинский, Ғ. Мұсабаев, А. Шакирхантөреев, К. Рахманбердиев, А. Омаров, С. Юсупов (Закаспий облысы); Сейітжапар Саидов. Сонымен әр облыстан сайланған Уақытша кеңес мүшелерінің сандық құрамында да біршама өзгерістер болады.
Уақытша кеңес мына құрамда уақытша үкіметті тағайындайды: 1) министр-төраға және ішкі істер министрі Мұхамеджан Тынышпаев (ІІ Мемлекеттік дума мүшесі); 2) министр-төрағаның орынбасары Шахислам Сұлтан Шагиахмедов (Бүкілресей мұсылман кеңесі орталық комитетінің мүшесі); 3) Сыртқы байланыстар бөлімінің басшысы Мұстафа Шоқай (адвокат, Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің мүшесі, ТӨМОК төрағасы, Өлкелік қырғыз (қазақ) кеңесінің төрағасы); 4) халықтық милиция және қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Убайдолла Қожаев (Бүкілресей мұсылман кеңесі орталық комитетінің мүшесі); 5) жерге орналастыру және суды пайдалану министрі Хидоятбек Юргули-Ағаев (агроном, ғалым); 6) азық-түлік министрі Абиджан Махмудов (Қоқан қалалық думасы төрағасының орынбасары); 7) ішкі істер министрінің орынбасары Әбдірахманбек Оразаев(сенім артылған адвокат); 8) қаржы министрі Соломон Герцфельд (сенім артылған адвокат).
Осы адамдардың есімін атай келіп, А. Халид Уақытша үкіметке жәдиттермен бірлесе қимылдаған, орыс оқу орындарында білім алған мұсылман зиялылары билік жүргізді деген тұжырымға келеді. Бұл сөздің жаны бар. Уақытша кеңес пен ол сайлаған үкімет өлкенің алдыңғы қатарлы күштерінің кең негізде құрылған альянсы ретінде сипатталады. М. Шоқайдың өзі де “Автономды Түркістанның үкіметі мұсылман прогресшіл интеллигенциясының сол кезеңдегі ең солшыл және барынша радикалды бөлігінен құралды. Олар, жас түрік қауымының даму жағдайын есепке алғанда, қоғамға қызмет ету стажымен біраздан бері елмен байланысты адамдар болатын” [25] дейді.
Съезде талқыланған маңызды мәселелердің бірі Орынбор әскери үкіметінің “Оңтүстік-шығыс одағына” қосылу жөнінде Түркістан халқына жолдаған үндеуі болатын. Оның мәтінін М. Шоқай делегаттарға оқып береді. Үндеу “Туркестанский вестник” газетінде де жарияланады. Онда былай делінеді: “Орынбор казак әскерінің әскери үкіметі Түркістан өлкесінің халықтарын “Казак әскерлерінің, Кавказ таулықтары мен Даланың еркін халықтарының Оңтүстік-шығыс одағына” қосылуға шақырып, одақтың басқа мүшелерімен бірге Түркістан өлкесі халықтарына мұсылман және орыс тұрғындарынан милиция жасақтауға, мақта, жүн мен мануфактураға ауыстырып ашаршылық кезінде астықпен көмек беруге уәде етеді” [26].
Үндеуді саяси және экономикалық тұрғыдан түпкілікті сараптау пленарлық отырыста мүмкін болмағандықтан, М. Бехбудидің ұсынысы бойынша 12 адамнан тұратын комиссия құруға келісіледі. Дәлірек айтқанда: 1) Түркістанның “Оңтүстік-шығыс одағымен” келісім шарттарын талқылау үшін оған кешіктірмей дипломатиялық миссия аттандырумен айналысатын атқару органын сайлау; 2) Түркістан өлкесінің “Одаққа” енуі жөніндегі мәселені түпкілікті шешу міндетін Түркістан құрылтай жиналысына жүктеу жөнінде қаулы етіледі. Экономикалық жағдайға байланысты аса қажеттілік туындаған шақта атқару органына Құрылтай жиналысы шақырылғанға дейін “Одақпен” уақытша келісімшартқа отыруға рұқсат беріледі.
Мұндай шешімге келудің өзі де үлкен пікірталастан кейін, Түркістанның “Оңтүстік-шығыс одағына” енген халықтардың қоршауында қалуына, олармен стратегиялық мақсаттарының ұштасуына байланысты мүмкін болады. Әрине қазақтар мен қырғыздар казачествоның монархиялық өкіметтің қанды қылышы болғандығын, бірнеше ғасыр бойы оларды қырып-жойып келгендігін ұмыта қоймаған еді. Шын мәніне келгенде, ақырында бұл жобаның сәтсіз аяқталуына осы жағдай шешуші әсер еткен секілді. П. Алексеенков “Оңтүстік-шығыс одаққа” кіру де, кірмеу де шешілмеді, сондықтан бұл мәселеге қайта оралатын болды” [27] дейді.
Түркістан Мұхтариятының осы “Одаққа” қосылуы жөнінде кеңес және шетел тарихшылары арасында қарама-қарсы пікір де ұшырасады. А. Халид ұзақ пікірталастан кейін Құрылтайда Түркістанның “Оңтүстік-шығыс одағына” қосылуы жөнінде шешім алынды [28] дейді. Кеңес тарихнамасында большевиктердің жергілікті халыққа қарсы күш қолдануын ақтау мақсатында Түркістан Автономиясы казак әскерлерінің контрреволюциялық “Оңтүстік-шығыс одағымен” тығыз байланыста болды деген пікір таратылып келді.
М. Шоқай “Оңтүстік-шығыс одағының” өтінішіне съезде келісім берілмеді, себебі мұндай күрделі мәселені Түркістанның құрылтай жиналысында ғана шешуге болатын еді; сонымен бірге Уақытша үкіметке “Оңтүстік-шығыс одағының” құрылымымен және саяси физиономиясымен жақынырақ танысу міндеттелді дейді. Уақытша үкімет өзінің алғашқы отырыстарының бірінде М. Шоқайды Орынборға аттандырып, оған Орынбор әскери үкіметінен “Оңтүстік-шығыс одағының” алдына қандай саяси мақсат қойып отырғанын білу тапсырылады.
М. Шоқайдың өзінің жазуына қарағанда жаңа үкімет оны Орынборға іссапарға ең алдымен Башқұртстан мен қазақтардың ұлттық ұйымдарымен байланыс орнату, сонымен бірге “Оңтүстік-шығыс казактары одағының” саяси ұстанымы жайында қосымша мәліметтер жинау мақсатында жібереді.
Мұстафа Орынборға желтоқсан айында жолға шығады. Осы айдың 25-інде өткен үкімет отырысында Орынбордан оралған М. Шоқайдың баяндамасы тыңдалып, Түркістанның казактардың “Одағына” кіруі жөніндегі мәселені Құрылтай жиналысының күн тәртібінен мүлдем алып тастау туралы шешім қабылданады [30].
Жаңа мемлекеттік құрылым Түркістан өлкесі орталық кеңесінің күш-жігері, М. Шоқайдың және оның жақтастарының, оларды қолдаған өлке тұрғындарының ұлттық азаттыққа, басқа халықтармен тең құқылы өмір сүруге ұмтылысының арқасында дүниеге келеді. М. Шоқайдың жазуынша, “Шуро-и-Исламия” ұйымына үнемі қарсы болып келген “Шуро-и-Улема” да бастапқы кезде Түркістан Мұхтариятын жариялау жөніндегі шешімді қолдайды және ол мұсылмандардың жалпы мақсат үшін күрес майданына жік салмау ниетінен туындайды. Тіпті, С. Лапин Уақытша халық кеңесінің төрағасы болып сайланады [31]. Алайда “Шуро-и-Улеманың” Ташкент ұйымы Мұхтариятқа шартты түрде ғана қолдау көрсетеді.
Съезден кейін Ұлттық орталықтың мүшелері тұрғындарға Түркістан Мұхтариятының мақсатын, жұмыс жоспарын түсіндіру үшін Ашхабадты, Әндижанды, Самарқанды, Шымкентті, Мервті және тағы басқа қалаларды аралайды. 1 желтоқсанда Автономды Түркістанның Уақытша үкіметі өлке халқына үндеу таратып, “Түркістан азаматтарын – мұсылмандарды, орыстар, еврейлер, жұмысшылар, солдаттар мен шаруалар, өлкені мекендеуші барлық тайпалар мен халықтарды, мекемелерді Түркістан халық өкіметі төңірегінде топтасуға” шақырады.
Жергілікті тұрғындар Түркістан Мұхтариятының жариялануын үлкен қуанышпен қарсы алады. “Ишчилар дүнияси” журналының бірінші санында “Түркістан Мұхтарияты жасасын!” деген құттықтау мақала жарияланады [32]. Мұның өзі кеңес тарихнамасындағы Түркістан Мұхтариятының маңызын төмендету мақсатында “Қоқан автономиясы”, “капиталистер мен исламшылар құрылымы” [33] деген байбаламның негізсіздігін көрсетеді.
Басқа да ұлттық басылымдарда халықтың еркін өмір сүруге құлшынысы, Ташкенттегі большевиктер билігіне қарсы наразылығы білдіріледі. Сондай мақалалардың бірі “Бірлік туы” газетінде жарық көреді. “Соңғы кезде Русияны астан-кестен қылған большевик пәлекетінің” салқыны Түркістанға да тиді. Мұнда орыстың солдаттары мен жұмыскерлері қару жұмсап, зорлықпен билік жүргізе бастады. Түркістан аймағында жүзге екеуден-ақ келетін орыс, оның бәрі де емес, оннан бірі-ақ келетін солдат пен жұмыскерлер мұсылманның бір адамын да ішіне алмай, үкіметті өздерінен сайлады.
“Жетілгенше біздей жетіктерге бағыныңдар, сендерге бұл қалыпта тұрғандарыңда ерік болмайды, сендер – “буржуй”, “байларсыңдар” дейді. Мұнан кейін Түркістан мұсылмандарына большевиктерге қол қусырып, құлдыққа мойынсұну, не намысқа шауып, отанын аяқасты қылып отырған бес-алты ит қатарлы бұзықтарға аулақ жүр деп, өз билігін өз қолдарына алу қалды...
Съезд жұрттың шын көңілін білдірді. Түркістанның барша шаһарларының тұрғындары, дала халқы қуанып, Түркістан Автономиясын қолдайтындықтарын білдіруде” [34] делінеді онда. Закаспий облысы мұсылмандарының, Түркістан еңбекшілері мен диқандарының, Шымкент татарларының жиындары Мұхтариятты қызу қуаттайды. Сырдария облысының Перовск және Қазалы уездері, тіпті, Ырғыз уезі қазақтары да Түркістан Мұхтариятына кіретіндігі жөнінде жеделхаттар жолдайды [35]. Бұл жағдай қазақтардың да Түркістан Мұхтариятын өз мемлекеттік құрылымы ретінде қабылдағанын, оған енуді отарлық үстемдіктен құтылудың бір жолы ретінде қарастырғанын көрсетеді.
30 қарашада Қоқанда зор халық шеруі өтеді. Ташкентте мыңдаған адам қатысқан митингіде шығып сөйлеген шешендер теңсіздіктің біткені, жаңа өмірдің басталғаны және Түркістанды мекендеуші барлық халықтардың ынтымақтастығы туралы айтады [36].
Түркістан Автономиясы үкіметіне Сауда-өнеркәсіп одағынан, Грузин қоғамынан, Бундтан құттықтаулар түседі. Оларға орыс тұрғындарының кейбір өкілдері де қосылады. С. Никифоровтың мына сөздері бүгінгі күні де өз маңызын жоғалтқан жоқ: “Это знаменательное для переживаемого времени решение съезда открывает новую эпоху в существовании национальной окраины. Пора отбросить шовинистическую и в полном смысле реакционную мысль о том, что мы, завоеватели края, только в силу права завоевателей являемся единственными культуртрегерами, а народные массы в качестве завоеванных, побежденных – не больше как материал для упражнения над ними победителей (курсив біздікі. – К. Е.)” [37].
Самарқандағы өлкелік Мұсылман және қазақ кеңесі жеделхат жолдап, Түркістан Мұхтарияты үкіметін “азаттық таңы атуымен құттықтайды”, Ташкентте Кеңес өкіметінің орнауын “халық еркін аяққа таптау” деп көрсетеді. Ұлттық мемлекеттіліктің құрылуын мұсылман қауымының басым көпшілігі қуанышпен қабылдайды.
1917 жылдың 3, 13 желтоқсан күндері Ташкентте Түркістан Мұхтариятын жақтаған демонстрациялар өтеді. Шеруге Ташкент “Улемасы”, еуропалықтар да қатысады. Демонстранттардың үштен екісін жергілікті халық, үштен бірін еуропалықтар құрады, көмекке аттылы “қырғыздар” да (қазақтар да) келді делінеді Ирандағы француз әскери миссиясының 1919 жылдың 3 қазанындағы құпия хабарында.
Шеруге шыққандар Ташкенттің орыс бөлігіндегі түрмеге шабуыл жасап, онда большевиктер қамауда ұстап отырған саяси тұтқындарды босатады.
Орыс солдаттары демонстранттарға оқ жаудырып, он алты адам қаза табады. Қайғылы оқиға туралы “Улуғ Туркестан”, “Бірлік туы”, “Ишчилар дуниясында” жазылып, оның арандатушылық сипаты ашып көрсетіледі [38].
Бейбіт шеруге қарсы қару қолданудағы большевиктердің мақсаты Мұхаммед Пайғамбардың туған күнін мерекелеуге шыққан халықты “қасиетті соғысқа” арандату болатын. Осылайша большевиктер жергілікті тұрғындарға күш көрсету саясатына көшеді. Өлкелік Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Ф. Колесов Петроградқа жеделхат жолдап, қантөгістің барлық жауапкершілігін “өз ықпалын кеңейтуге ұмтылып отырған” Түркістан Мұхтариятына жабады және “алдағы уақытта Орталықтың нұсқауларын күтеді”.
1917 ж. 16 желтоқсанда Түркістандағы жағдай туралы мәселе
В. И. Лениннің қатысуымен Петроград халық комиссарлары кеңесінің отырысында талқыланады. Бірнеше күннен кейін И. В. Сталин Халық комиссарлары кеңесінің келесі отырысында жасаған баяндамасында “Халық комиссарлары кеңесінің үлгісінде құрылған ұлттық орталықтардың (Сібір, Белоруссия, Түркістан) тиісті нұсқаулар сұрауына” байланысты “жергілікті жерде өздерің билік иесісіңдер, сол себепті директиваларды өздерің қабылдайсыңдар” [39] дейді.
И. Сталиннің бұл мәлімдемесі Ташкент большевиктерін еркінсітіп, оларды ойларына келгенді жасауға итермелейді. Ташкенттегі қанды оқиғадан кейін де Түркістан Мұхтарияты Кеңес өкіметімен бейбіт қатар өмір сүру қағидаларын қатаң сақтайды, большевиктердің арандатушылық әрекеттеріне ұшырап қалмауға тырысады.
1918 ж. қаңтарда Түркістан Мұхтариятының тапсырмасы бойынша В. А. Чайкин Бүкілресейлік Халық комиссарлары кеңесінің мүшесі В. А. Алгасов арқылы ұлттар ісі жөніндегі комиссар И. В. Сталинге Түркістандағы өкімет билігінің жергілікті жұмысшылар мен шаруаларға көшуін идеялық тұрғыдан қолдауды өзіне міндетті деп есептей ме деген сауал қойып, Түркістан Халық комиссарлары кеңесіне өлкедегі өкімет билігін Түркістан Мұхтариятының Уақытша үкіметіне тапсыру жөнінде нұсқау беруді күтетіндігін хабарлайды. Оған Сталин былай деп жауап береді: “Кеңестер өз ішкі істерінде автономды және өздерінің нақты күштеріне сәйкес әрекет етеді. Сондықтан Түркістанның жергілікті пролетариаты, олардың пікірінше, орталық Кеңес өкіметіне және жат әскери бөлімдерге сүйенген Түркістан Халық комиссарлары кеңесін тарату жөніндегі өтініш жасамауы керек, күштері жетсе, өздері таратсын” [40].
Сталиннің жауабы өлкеде қанды қырғынға жол ашады. Онда, бір жағынан жергілікті тұрғындарға, тіпті, жұмысшыларына дейін, орталықтан ешбір көмек күтудің қажетсіздігі айтылса, екінші жағынан, зеңбірек, пулеметпен қаруланған орыс большевиктеріне не істесе де ерік беріледі.
1918 жылдың қаңтар айында большевиктер өздері бақылау жасап тұрған жерлердің бәрінде “Шуро-и-Исламия” және басқа да партиялар мен қоғамдық ұйымдарды таратып, “контрреволюциялық” орыс және ұлттық басылымдарды жабады.
Тіпті, Мұсылман жұмысшылары депутаттары кеңесінің органы “Ишчилар дунияси” да қуғындалады.
Түркістанда большевиктердің бел ала бастауы жалғыз ғана өлкедегі саяси күштердің өзара қатынасының ғана емес, жалпы Ресей мен сыртқы әлемнің дамуының салдары еді. Бұл заңдылықты М. Шоқай сол кездің өзінде бірнеше рет атап көрсетеді.
Аяғына тік тұрып үлгермеген жас мемлекеттік құрылым ішкі халық бірлігімен қатар басқа елдер тарапынан көмек қолын созатын одақтастарға, әсіресе, Бұхара мен Хиуа хандықтарының қолдауына аса зәру еді.
Кеңес тарихшысы Д. Л. Голинков: “Қоқан автономиялық” қозғалысының ықпалы Түркістанның барлық аудандары мен шеткері аймақтарына тарады. Бұхар әмірі Сеид Әлімхан ... бұл контрреволюциялық қозғалысқа қолдау көрсетті, өзі Кеңестік Ресейден бөлініп кетті. Хиуа хандығының билеушілері де осылайша әрекет етті” [41] деп жазады. Идеологиялық ұстанымына орай автор тарихты көпе-көрінеу бұрмалап отыр. Шындығына келгенде Бұхара әмірі жәдиттерге жаулық көзқараста болады және Түркістан Мұхтариятына ешбір көмек бермейді, ол тіпті көмек сұрауға барған Уақытша үкіметтің эмиссарларын қабылдаудан да бас тартады [42]. Хиуа хандығы да достық ишарат көрсете қоймайды.
Дегенмен, бұрынғы Ресей империясы кеңістігінде оң өзгерістер де байқала бастады. 1917 жылдың наурыз айында Украина Халық Республикасы, 22 сәуірде Закавказье Федеративтік Республикасы, 20 қарашада Солтүстік Кавказ Уақытша үкіметі, 23 қарашада Уфада “Идель-Урал” мұсылман автономиясы, 26 желтоқсанда Қырым-түрік республикасы құрылады. Алайда олар Түркістан Мұхтариятына көмек бере алмайды. 5–13 желтоқсанда Орынбор қаласында өткен Жалпықазақ съезінде Ұлт кеңесінің құрылуы және оның құрамына М. Шоқайдың енуі Түркістан Автономиясына үлкен демеу болады.
Орынборға М. Шоқай “Оңтүстік-шығыс одағына” байланысты ғана емес, қазақтардың ұлттық ұйымдарымен байланыс орнату мақсатында барғанын айтып өткенбіз. М. Дулатов 1929 ж. 30 қарашада ОГПУ тергеушілеріне берген жауабында “М. Шоқай Орынборға съездің соңына қарай келді” [43] дейді.
Съезде Мұстафа Түркістан Автономиясы жөнінде баяндама жасап, Жетісу мен Сырдария қазақтарының Мұхтариятқа қосыла қоймағандығын айтып береді [44].
Кейін шетелде жүріп жазған “Түркістанда” деген еңбегінде Мұстафа Алашорда автономиясының қалай құрылғандығына тоқталып, съезде екі пікірдің орын алғандығы туралы, біріншісінің болашақта Ресей Федерациясының автономды бөлігі – Сібірмен қосылуды жақтағанын, келесілерінің Алашорда мен Түркістанның толық бірігуін қолдағанын айтады. Бірі түріктік орталықтан шеттеп қалудың жөнсіздігін айтса, екіншілері оған басқаша уәж келтіреді.
Съезд Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы Ресейдің болашақ мемлекеттік құрылысын түпкілікті шешкенге дейін Қазақ өлкесі Сібірмен де, Түркістанмен де қосылмай, дербес автономия ретінде өмір сүреді деген ымыралық шешімге келіп еді. “Бірақ делегаттардың көпшілігі Сібірмен қосылуға қарсылық білдірді. Орынбор съезінің кейбір ерекшеліктеріне қарағанда, Қырғыз (Қазақ. – К. Е.) өлкесі мен Түркістан біртұтас аймақ ретінде түсінілді” [45] деп көрсетеді М. Шоқай.
Осы түсініктің бір көрінісі – Түркістан автономиялық үкіметінің мүшесі М. Шоқайдың Алашорда үкіметінің де мүшесі болып сайлануы. Тіпті, Алаш партиясы бағдарламасының алғашқы нұсқасын дайындайтын комиссия құрамына М. Шоқайдың да енгізілуі осындай көзқарастан туындаған сияқты [46]. Тек уақытының қауырттығына байланысты кейін ол бұл комиссия құрамынан шығарылады.
Съезде Мұстафаның баяндамасынан соң Алаш автономиясы мен Түркістан Мұхтарияты арасындағы қарым-қатынас мәселесі қызу талқыланады. Жарыссөз нәтижесінде Түркістандағы қазақ облыстарының Алаш қазақтарына қосылуы жөнінде төмендегідей қаулы алынады: 1. Бір айдың ішінде Алашорда Түркістан қазағын бүкіл Алашқа қосып алады, қосып алса, алмаса да бір айдан кейін халыққа білдіреді. 2. Бір айда Түркістан қазағын Алашқа қосып ала алмаса, өз алдына ресми иғлан етуге ерікті. 3. Егер бір айдан кейін Алаш баласы қосылмаса һәм қалған Алашқа автономия иғлан етілмесе, әркім өз күнін өзі көреді. 4. Егер Түркістан қазағы бір айда бізге қосылса, автономияны қашан иғлан ету ықтияры Алашордаға берілсін [47].
М. Шоқай мен Ә. Бөкейханов Сырдария қазақтарының съезін шақыру туралы шешімге келеді де, Сырдария облысының халқына мына мазмұндағы жеделхат жолдайды: “1918 жылдың 5 қаңтарында Сырдария облысының съезі шақырылады. Съезге болыс басы бір өкіл келсін. Уақыт тығыз, шұғыл мәселе болғандықтан шақырылған өкілдер съезге айтылған күннен қалмай келу керек” [48].
Сырдария қазақтарының съезіне болыс басы бір кісінің үстіне Әлихан мен Мұстафа мына кісілерді шақырады:
Байсын ақсақал Көлдейұлы, Жүсіпбек Басығараұлы, Ибраһим Қасымұлы, Иманберді ақсақал (Байзақов), Сабырқұл Алдабергенов, Мәуленқұл Байзақов, Алдиярбек Рақымқұлов, Әзімхан Кенесарин, Мұхамеджан Тынышпайұлы, Ерғали Қасымұлы, Әлмұхамед Көтібарұлы, Санжар Асфендиярұлы, Қоңырқожа Қожықов, Серікбай Ақаев, Ғабдрахманбек Оразаев, Сейітжаппар Бексейітұлы, Қожа Ахмет һәм Ахмет, Оразай балалары, Садық Өтегенов, Зұлқарнай Сейдалин, Алдабек Мангелдин, Мұстафа Шоқай, Әуез Досболұлы, Қалжан Қоңыратбайұлы, Тәшім Айпен ұлы.
Осы кезде Сырдария облысында барлығы 2 142 200 адам тұрып жатады, олардың 62,3 пайызын (1 млн 272 мың 290) қазақтар құрайды [49].
“Бірлік туы”, “Қазақ” газеттерінде М. Шоқайдың Сырдария қазақтарына үндеуі жарияланады. Ондағы “Сырдария халқына өз тарапымнан айтарым, тегінде Алаш баласының басы қосылатын кезі осы бүгін. Бүгін айырылсақ мұнан соң жұрттың басын қосуымыз қиын. Алаш ұранына шаппайтын қазақ баласы болмас. Сырдария қазағы кешіктірмей Алаш туының астында жиналар деген үміттеміз” [50] деген сөздеріне қарағанда, М. Шоқай қазақ халқының біртұтастығын сақтау жөніндегі алаш зиялыларының ұстанымында болған.
Съезд 6–9 қаңтарда Түркістан шаһарында өтеді. Оған Түркістан уезінен 20 өкіл, Ақмешіт уезінен – 5, Шымкент уезінен – 10, Әулиеата уезінен – 3, Ташкент уезінен – 9, Алашордадан – 3 өкіл, арнайы шақырылғандардан 14 адам келеді.
Елдегі жағдайдың қиындауынан байланысты съезге М. Шоқай, Ә. Оразаев, М. Тынышпаев келе алмайды.
Алашорда өкілдері (М. Дулатов, Б. Құлжанов, Т. Құнанбаев) “Егер біз 6 миллион Алаш баласы айырылмай бас қоссақ, іргелі ел болғанымыз, бас қоса алмай бытырап бет-бетімізге кетсек өмірге іргелі ел болмай, кім көрінгеннің қолында кетуіміз ықтимал. Атамыздың мақалы бар: “Пайданы басқа, бастан соң досқа” деген. Әуелі өзіміз бас қосайық, мұнан соң басқа бауырлармен бірігу жағын қарайық” деп, Сырдария қазақтарының бірден Алаш автономиясына қосылуын қуаттайды.
Ақырында бір тоқтамға келе алмағаннан кейін екі жақтың өкілдерінен комиссия құрылады. Алаш жағынан оған енген М. Дулатов мынадай ұсыныс жасайды:
Алаш автономиясы жарияланғанша Сырдария Түркістан Автономиясында тұра тұрсын; 2) Алаш автономиясы жария етілген бойда Сырдария Алаш облыстарының бірі болып саналсын; 3) Алаш астанасы Түркістан шаһары болсын; 4) Алашорда мен Түркістан автономиясы одақ болсын.
М. Дулатовтың жобасын 10 адам қуаттап, 38 дауыс қарсы болады, 8 дауыс қалыс қалады [51].
Үш күнге созылған пікірталасты кейін ымыра қаулы алынады:
Сырдария облысы осы күні тегіс Түркістан Автономиясында болғандықтан әзірге осы автономия құрамында қалады; 2) Алаш автономиясы жар қылынып, Түркістанмен одақ болса, Сырдария қазақ-қырғыздары Алаш автономиясына қосылады; 3) Сырдария қазақ-қырғыздары қосылған Алаш астанасы Түркістан шаһары болады [52]. Сонымен Сырдария облысының бөлініп кетуі Түркістан ұлт-азаттық қозғалысына соққы болып тиеді деген пікір басымдық танытады. Жиында Ташкенттен өз бетімен келген П. Г. Полторацкий сөз сөйлеп, “Түркістан Автономиясы уақытсыз, орынсыз һәм жалпы жұрт пайдасын көздеген автономия емес” дейді, большевиктердің оны мойындамайтынын мәлім етеді. Бірақ оның сөзін ешкім елемейді.
Съезде большевиктердің қазақтарға көрсеткен тағылықтары туралы арнайы баяндама тыңдалып, Кеңес өкіметін танымау, “большевиктерге еріп халықтың берекесін кетірген қазақ-қырғыздар болса, оларды ел мен ұлт дұшпаны деп жариялау” жөнінде қаулы қабылданады.
Сырдария облысы қазақтары съезі шешімдерінің жүзеге асуы екіталай еді. Себебі Түркістан мен Қазақ даласындағы ұлт-азаттық қозғалысы үлкен қауіптің алдында тұрған-ды.
1917 жылдың 28 желтоқсанында Қоқан қаласында мұсылман жұмысшылары, солдаттары мен диқандарының төтенше съезінің өтуі және оның қарарлары Түркістан Мұхтариятының бүкіл өлке халқының атынан сөйлеуіне заңды негіз жасайды. Съезде Уақытша халық кеңесі өз құрамының үштен бірін сол жерде сайланған жұмысшы және диқандар өкілдерімен толықтырады [53]. Оған қатысқан 200 делегат Түркістан Автономиясы жалғыз буржуазия үкіметі ғана емес, ол “біздің қоғамымыздың алдыңғы қатарлы жіктерінен құралған” [54] деп үндеу таратады.
Мұсылман жұмысшылары, солдаттары мен диқандарының съезі жоғары өкімет билігі ретінде халық комиссарлары кеңесіне елді анархия мен зор апатқа ұшыратпас үшін Ташкент Халық комиссарлары кеңесіне өкімет билігін Түркістанның Уақытша халық кеңесіне тапсыру жөнінде нұсқау беруге өтініш білдіреді.
Большевиктер Қоқандағы оқиғалар барысын жіті қадағалап қана қоймайды, мұсылман еңбекшілерін өз жағына тартуға әрекеттенеді. П. Г. Полторацкий біздер “жарлыларға емес, байлардың автономиясына қарсымыз” деп екіжүзді мәлімдеме жасайды. Бірақ Түркістанда Кеңес өкіметінің ұлттық тірегінің жоқтығы кім-кімге де аян еді.
Түркістан Мұхтарияты мен оның талаптарына Бүкілресейлік мұсылман кеңесі “Милли Шуро” қолдау көрсетеді. 1918 жылдың 12 қаңтарындағы Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатына жолдауында “Қоқандағы жалпымұсылман съезі төрағасының Халық комиссарлары кеңесінің атына жіберген үндеуін талқылай келіп, “Милли Шуро” ... жалпымұсылман съезінде сайланған Автономиялы Түркістанның Уақытша үкіметі мен жергілікті халықтың екі пайызын ғана құрайтын орыс тұрғындарының органы – Ташкент Халық комиссарлары кеңесі арасындағы жанжал мен қосөкіметтілікті жою жөнінде батыл да кезек күттірмес шаралар қабылдауға” [55] ұсыныс жасайды.
Мұсылман халықтарының өтініштеріне Орталықта мән берілмейді, қайта Ташкенттегі большевиктер билігінің әскери-стратегиялық жағдайы жақсара түседі. 1917 ж. желтоқсанда Ташкенттегі бейбіт манифестацияны басқаннан кейін олар Закаспий облысын бақылауға алып, түрікмен әскери бөлімдерін қарусыздандырады.
Түркістан халқының төтенше съезінде Уақытша үкімет бағдарламасының жалпы бағыттары анықталып, ең алдымен онда елді Түркістан Құрылтай жиналысына дайындау қажет деп белгіленеді. Сонымен бірге тез арада Мұхтарияттың қарулы күштерін (халық милициясын) құру, қаржы, салық жүйелерін, басқару органдарын қалыптастыру тапсырылады. Алайда Түркістан Мұхтариятының мемлекеттік функцияларын жолға қою сан алуан кедергілерге ұшырайды. Оның өзінің де және жақтастарының да қала банктеріндегі шотын большевиктердің реквизициялап кетуі Автономияны қаржы тапшылығына ұшыратады және бұл жағдай Уақытша үкіметтің жергілікті тұрғындардың құқын қорғауға қабілеттілігіне сенімсіздік туғызады. Өзінің қарулы күштері болмауына, ұлттық кадрлардың жоқтығына байланысты командалық құрамға орыс офицерлері, татарлар, поляктар мен әскери тұтқын – түріктер шақырылады. Қоқан милициясын басқаруға басмашы Ергаш тағайындалады. Француз тарихшысы Ж. Кастанье: “Қоқан үкіметі большевиктер тарапынан төніп келе жатқан қауіпті сезіп, басмашыларды қызметке шақырды” [56] деп жазады. Бұл қадамдардың барлығы да Мұхтариятты дағдарыстан шығара алмайды. Оның үстіне үкімет мүшелері арасында келіспеушіліктер басталады. “Шуро-и-Улема” ұйымының талаптары орындалмады деген желеумен С. Лапин Уақытша кеңес құрамынан шығып кетеді. Бұл жағдай “Шуро-и-Улеманың” Түркістан Мұхтариятынан қол үзуін тездетеді.
Түркістан Мұхтарияты үкіметінің өз ішінде де, автономия одақтастарының арасында да Кеңес өкіметіне көзқарас жіктеле түседі. Қаңтар айының бас кезінен нақты билік “Шуро-и-Улемаға” көше бастайды. 5 қаңтарда С. Лапиннің жетекшілігімен Ташкенттегі Жұма мешітінде “Улеманың” жиналысы өтіп, онда Түркістан Автономиясын танымау жөнінде шешім алынады. Қаулыда “Бұл автономияның бізге пайдасы жоқ, оны біз танымаймыз һәм Уақытша үкіметтің дегеніне жүріп, айтқанын тыңдап, артына ермейміз” [57] делінеді. Бұл жағдай жергілікті тұрғындар арасында түрлі алыпқашпа сөздердің таралуына түрткі болады, іріткі туғызады. Осыдан соң С. Лапин 6 қаңтарда Түркістан қаласында өтуі тиіс Сырдария облысы қазақтарының съезіне қатысудан бас тартады. М. Шоқайдың съезге бара алмай қалуы да осы оқиғаға байланысты еді.
10 қаңтар күні С. Лапин Ташкентте мұсылман тұрғындарының митингісін ұйымдастырады. Онда Өлкелік Халық комиссарлары кеңесі мен Түркістан Мұхтарияты арасындағы текетірестің қантөгіске ұласпауы үшін олар бірлесіп, халықтық автономия құру керектігі жөнінде бітімгершілік ұсыныс білдіреді. Оны ұлттық күштердің көпшілігі қабыл алмайды. Келесі күні Ташкент маңындағы Қойлық деген жерде өткен Ташкент уезі мұсылмандарының съезі С. Лапиннің ұсынысын емес, Түркістан Мұхтариятын қолдайтындығы туралы қаулы қабылдайды. Кеңес өкіметімен ымыраға келу жолдарын іздестірген “Шуро-и-Улема” 1918 жылы 17 қаңтарда орыс социалистеріне мәлімдеме жолдайды. Оны “Улеманың” Ташкент ұйымы атынан дайындаған С. Лапин болатын. Лапиннің пікірінше, Түркістандағы саяси оқиғалардың түпкі тамырын бірнеше жылдар бойғы идеялық күрестен, христиандықтың ислам дүниесімен бәсекелесуінен, империалистік соғыстардан іздеу керек. Исламның жалпыадамзаттық құндылықтарына құрметпен қарауға шақыра отырып, ол “еуропалық социализм исламнан бастау алады” [58] деген қорытындыға келеді. С. Лапиннің бұл пікірі ұлттық күштер мен Кеңес өкіметі арасында тақап қалған қантөгісті болдырмауды көздегенімен, мұсылмандардың саяси ағымдарының араларындағы келіспеушілікті өз мүддесіне орай пайдаланып келген большевиктердің іс-әрекетінің қаншалықты қауіпті екендігін ескермейді.
С. Лапин өлкені басқаруды мына негізде құруды ұсынады:
1) Түркістанды басқару формасын анықтау үшін Ташкент қаласында Түркістан Құрылтай жиналысын шақыру;
2) Түркістан Құрылтай жиналысына сайлау ережесін және оны шақыру мерзімін Халық комиссарлары кеңесі мен болашақ Түркістан мұсылман федерациясы Уақытша халық үкіметінің бірлескен отырысында шешу;
3) Түркістанды басқару формасы Құрылтай жиналысы арқылы анықталғанға дейін Сырдария, Ферғана, Самарқан және Закаспий облыстары Ресей Федеративтік республикасының құрамында қала отырып, бұл облыстар мұсылмандарының ішкі өмірін ... Шариғат ережелері мен әлеуметтік принциптері негізінде Уақытша мұсылман халық үкіметінің басқаруы;
4) Жоғарыда аталған облыстарды мекендейтін және орыс қалалары мен қоныстарында тұрып жатқан еуропалықтар (мұсылман еместер) өз істері бойынша Ресей республикасы орталық үкіметінің заңдары мен қаулыларына бағынуы [59].
Ислам мен марксизм идеяларын ұштастыру арқылы жергілікті тұрғындардың басқару органдарына қатысуын қамтамасыз етуге әрекеттенушіліктен ештеңе шықпайды. Ташкент большевиктері өздерінен өзге билікті тануға құлық танытпайды.
Қоқан қаласының банктеріндегі Мұхтарияттың Уақытша үкіметінің өздеріне тиесілі қаржыларынан айырылып қалуы, оған қоса Ергаш басқарған төрт мыңға жуық милицияның дінбасылары ықпалына көшуі үкімет төрағасы М. Тынышпаевтың отставкаға кетуіне әкеледі. Оның орнына М. Шоқай тағайындалады. Үкімет құрамы да өзгерістерге ұшырайды. С. А. Герцфельдтің орнына Шахислам Шагиахмедов, қазынашылық жұмысқа Саиднасыр Миржалилов барады.
М. Шоқай ең алдымен қаржы саласын қолға алады. Барлығы отыз миллион алтын рубльге қысқа мерзімді займ шығарылып, облигацияға мемлекеттік банктің ферғаналық мүшелері, жекеменшік банктер мен Самарқан мемлекеттік банкі ерікті түрде жазылады. “Ұлы Түркістан ұлттық банкін” құру туралы үкімет жобасы дайындалады.
Займ таратудағы сәттілік большевиктерді абыржытады. Кузьмин деген біреу баспасөзде Қоқан үкіметі тарапынан Ташкенттегі Кеңес билігіне қауіптің күшейе түскендігі, Қоқан үкіметінің займ шығарып таратуы Түркістандағы бүкіл орыс үстемдігіне қатер төндіретіндігі жөнінде жазып, отандастарын күреске шақырады.
М. Шоқайдың басшылығымен салық салудың жаңа тәртібі туралы заң жобасын дайындау үшін қаржы қызметкерлерінің жиналысы өткізіледі. Оқу-ағарту министрі Нәсірхан Төренің басшылығымен бастауыш мектептер ұйымдастыру жұмыстары жүргізіледі және вакуф мүліктерін пайдалану туралы заң жобасы әзірленеді. Үкімет Автономия төңірегіне барлық түркістандықтарды – шаруаларды, жұмысшылар мен дін иелерін топтастырып, өзін көптеген мекемелердің мойындауына қол жеткізеді. Ферғана автономиялық басқаруға көшіріледі, сот жұмысы Автономды Түркістан республикасының жарлығы бойынша жүргізіледі. Бақылау палатасы, Мемлекеттік Банк, Сот палатасы секілді мекемелер де Автономия ұстанымы мен бағдарламасын қабылдайды [60]. Мұның өзі автономиялық үкіметтің үлкен жетістігі еді.
Министр Абиджан Махмудовтың басшылығымен астық жеткізуді ұйымдастыруға Солтүстік Кавказға бір топ қызметкерлер іссапарға аттанады. Министр Хидоятбек Юргули-Ағаев желтоқсан айының аяғына қарай жер туралы заң жобасын жасап бітіреді.
М. Шоқай басқарған үкімет актілерінің бірі ісқағаздары мен баспасөз қажетіне орай жеткілікті көлемде қағаз сатып алу жөніндегі 1918 жылдың 6 қаңтарындағы қаулы болатын. Сонымен бірге С. Миржалиловке Қоқан қаласындағы Вайнердің баспаханасын жалға алу шығынын төлеу үшін 100 мың сом ақша бөлінеді [61]. Бұл құжат Мұхтарияттың он бесінші нормативтік актісі болатын.
Мұның барлығы М. Шоқай басқарған үкіметтің азғана уақыт ішінде қыруар жұмыс бітіргенін, ұлттық идеяның да, Автономияның да түптеп тамыр жаюы үшін батыл да жүйелі іске кіріскенін, өз бағдарламасы болғанын дәлелдейді.
Демократиялық жаңа мемлекеттік құрылымның құқықтық негіздерін қалыптастыру мақсатында Конституция жобасы, Түркістан Құрылтай жиналысы туралы заң дайындалып, Халық кеңесінде бекітіледі [62].
Үгіт-насихат жұмыстарына, үкіметтің алдындағы мақсат, міндеттерді халыққа жеткізуге үлкен мән беріледі. 1917 жылдың 13 желтоқсанынан Түркістан Уақытша үкіметінің баспа органы (“Известия Временного правительства автономного Туркестана”) шыға бастайды. Ұлттық идеяларды таратуда Ташкентте 1917 жылдың 24 маусымынан 1918 жылдың 9 сәуіріне дейін шығып тұрған “Бірлік туы” газеті маңызды рөл атқарады. М. Шоқай мұнда Сұлтанбек Қожанов, Хайретдин Болғанбаевпен қоян-қолтық араласып жұмыс істейді.
Француз ғалымдары А. Беннигсен мен Ш. Лемерсье-Келькеже
М. Шоқайдың “Бірлік туы” газетінің бас редакторы болғандығы және өзінің идеялық бағытында бұл басылымның “Қазақ” газетіне еліктегені жөнінде жазады [63].
“Қазақ” газетінің жабылуына орай “Бірлік туы” газеті 1918 жылдың 20 ақпанында былай деп мәлімдейді: “Қазақ” газеті жабылды деген хабарды естігенде әрбір Алаш баласының жүрегі су етіп, қабырғасы қайысар. Біз бұған сенеміз. “Қазақ” газеті – Алаштың қараңғы заманда жол көрсетіп тұрған шамшырағы, сасқанда ақыл айтып тұрған көсемі”.
М. Шоқай басшылық жасаған “Бірлік туы” мен А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ә. Бөкейхановтар шығарып тұрған “Қазақтың” араларындағы идеялық сабақтастықты осыдан-ақ аңғаруға болады.
“Улуғ Туркестан”, “Туркестанский вестник”, “Түрік елі” басылымдары да Түркістан Мұхтарияты жөнінде объективті ақпараттар таратып отырады.
М. Шоқай “Үкіметтің екі ай ішінде атқарған жұмысын аз деп те, көп деп те бағалауға болады. Тарихи кезеңнің талаптары тұрғысынан аз көрінуі мүмкін, ал түркістандықтардан дайындалған техникалық мамандардың жоқтығын ескергенде, үкімет жетістігінің едәуір екендігін мойындауға әбден болады” [64] деп жазады.
М. Шоқай халықты Түркістан Автономиясы төңірегіне топтастыра отырып, большевиктерге қару қолданатындай ешбір сылтау бермеуге тырысады, русофобиядан аулақ болады. “Оңтүстік-шығыс одағына” қосылмай қалудың да бір себебі осында еді. Уақыт ұту Мұстафа саясатының стратегиялық, тактикалық бағытына айналады. “Сол уақыттағы біздің саяси дініміз халықтар достығы мен ұлттық келісімге негізделді. Біз азамат соғысы дегеннің, әлеуметтік таптар арасындағы соғыстың Түркістан жағдайында ұлттар арасындағы соғысқа, мұсылмандар мен орыстар арасындағы күштері әркелкі соғысқа жетелейтінін жақсы білгенбіз” [65] дейді М. Шоқай.
М. Шоқай “Ұлттық келісім құдайы” жолында барлығын да құрбандыққа шалуға, орталықтағы Кеңес өкіметін мойындауға дейін барады. Оның сөзімен айтқанда, ұлт зиялылары тек “алаяқтар мен қылмыскерлер билігін танымайды, Ташкентте ұйымдастырылған “таза отаршылдық биліктің” алдында бас имейді.
Сол кезеңдегі саяси ахуалға, күштер арасалмағына сипаттама бере келіп, большевиктердің жергілікті халыққа үстемдік жүргізіп келген орыстардың өктем психологиясына қарсы күресте ұлттық күштер түркістандықтардың моральдық қолдауына ғана сүйенеді. Түркістандықтар әлі де болса бұйығы психологиядан арылмаған, “мен” деген ұлттық санасы жаңа ояна бастаған күй кешуде болатын.
Түркістан Уақытша үкіметінің барынша қаруланған және орталық мемлекеттік биліктің қолдауына ие Ташкент большевиктерімен қақтығыста басым түсеміз деген үміті болған емес. Осыған қарамастан М. Шоқай өзіне жүктелген міндеттерді орындауда, ел мен жұрт алдындағы парызын өтеуде кіршіксіз адалдық танытады.
1918 жылдың қаңтары айында да ол үшін қиын-қыстау мәселе ұлттық стихияны бір арнаға бағыттау, оның ішкі тұрақтылығын қамтамасыз ету болып қалады.
Мұхтариятта ұйымдасқан әскери күш те, сыртқы одақтастар да болмады.
Украинаның Орталық Радасы, Башқұрт автономиясы, Алашорда үкіметі, Хиуа ханы Мұхтариятты Түркістандағы бірден-бір заңды үкімет ретінде таныды. Алайда олардың ешқайсысында әскери көмек беретіндей мүмкіндігі жоқ еді.
М. Шоқай “Автономия үкіметі Түркістанның жергілікті тұрғындарының моральдық қолдауымен ғана күшті еді және ол большевиктер жариялаған әр халықтың Ресейден бөлініп шығып, өзінің дербес ұлттық мемлекетін құруға құқылы екендігі туралы ұранының салтанат құратындығына сеніп келді” [66] деп жазады.
Ал, большевиктер өздерінің Түркістанның Уақытша үкіметімен ешқандай ымыраға бармайтындығын ашық түрде мәлімдейді.
1918 жылдың 19 қаңтарында Қызыл гвардияның Орынборды алып, Түркістан мен Мәскеу арасында байланыс орнатуы Ташкентті қару-жарақпен қамтамасыз етуге жағдай тудырады.
Енді Ташкент большевиктері Түркістан автономиясы жөніндегі мәселені түпкілікті шешуге кіріседі.
Сол күні, яғни 19 қаңтарда Түркістан өлкесі Кеңестерінің ІV өлкелік съезі шақырылып, онда Ташкент большевиктерінің жетекшісі И. О. Тоболин: “Өлкенің Ресейден бөлінуі жөніндегі халық еркі референдум арқылы білдірілсе, біз олардың құқығын мақұлдаймыз. Бірақ автономияны қазір, тез арада жариялауға болмайды, себебі бұл жағдай Ресей әскерлерін өлкеден шығаруға әкелер еді. Автономия түсінігінен туатын бұл талапты орындайтын болсақ, онда ол революцияның ту сыртынан соққы бергенмен бірдей болар еді” [67] дейді.
Тоболиннің софизмдеріне сәйкес большевиктер төмендегідей қарар қабылдайды: “Контрреволюциямен күрес барысында революция өз жолындағы Қоқан автономды үкіметі секілді барлық кедергілерді жоятындығын ескере отырып, біз халықтардың өзін-өзі билеу принципін жалпы алғанда социализм мүддесіне бағындырамыз... Біз халықтардың өзін-өзі билеуін тек қана еңбекші таптың өзін-өзі билеуі ретінде ғана түсінеміз” [68]. Осы негізде съезде “Қоқан автономиясы заңсыз” деп танылып, оның мүшелерін тұтқындау жөнінде шешім алынады [69].
М. Шоқай Уақытша үкімет атынан ІV съезге “мұсылман емес ұлттарға үштен бір орын бөлуге, әр топқа тең өкілдік принципін сақтай отырып, жалпыға бірдей тең де төте, жасырын дауыс беруге негізделген Түркістан Құрылтай жиналысын өткізуге” келісім алу мақсатында жеделхат жолдайды.
Уақытша үкімет 1918 жылдың 20 наурызына тағайындалған Құрылтай жиналысына дейін ешқандай қақтығысқа жол бермеуге аса мүдделі болатын. Құрылтай жиналысының Ташкенттегі Кеңес өкіметін заңсыз деп танитындығына ешбір күмән жоқ еді. Мұндай жағдайда большевиктерге тәуелсіз Түркістан өкіметіне қарсы күресуге тура келетін. Сол себепті олар оқиғаның алдын алуға, Түркістан Мұхтариятын тез арада жоюға тырысады.
Большевиктердің бұл жоспары ұлттық күштер арасында біршама қобалжушылыққа әкеледі. 1918 жылдың 21 қаңтарында большевиктермен ымыраға келу жолдарын іздестірген Түркістан мұсылман жұмысшыларының, әскерлері мен диқандарының өлкелік кеңесі барлық жағдайларды анықтағанға дейін Уақытша үкіметті тұтқындау, барлық өкімет билігін өз қолдарына алу және милиция бастығы етіп М. Чанышевты тағайындау [70] туралы қаулы шығарады.
Мұсылман жұмысшылары, әскерлері мен диқандарының өлкелік кеңесі Чанышевты тағайындау арқылы Ташкент большевиктерімен келіссөз жүргізуге тырысады. Алайда бүкілхалықтық қозғалыс бұл кеңестің ырқынан шығады да, көтерілісшілерге басшылықты Ергаш өз қолына алады [71].
Орыс әскерлеріне қарсы тұратындай автономияшылдарда ұйымдасқан күштің жоқтығынан күрес бірден жалпыхалықтық сипат алады. Большевиктер шабуылға шығар алдында таптық ұрандарын ысырып тастап, славян солдаттарының діни-ұлттық сезімдеріне жүгінеді. Қоқан мұсылмандары қаланың еуропалық бөлігін қиратып, орыстар мен армяндарды “бауыздап” жатыр деген өсек-аяң таратады, мұның өзі мұсылмандарға қарсы өшпенділікті өршітеді.
Отандық және шетелдік тарихнамада қарулы қақтығысты кім бастағаны туралы пікірталас оқиға сипатын анықтауға қандай да бір өзгеріс енгізе қоймайды. Тарихшылардың бірі автономияшылдар 28 ақпанда соғыс қимылдарын бірінші болып бастап, 29 ақпанда Қоқан бекінісін басып алды десе, екіншілері Қоқан үкіметіне қарсы агрессияны большевиктер бастады деп жазады.
Шындығына келгенде Ташкент большевиктері Түркістан Автономиясының көзін жоюды алғашқы күндерден бастап-ақ жоспарлы түрде жүзеге асыра бастағаны белгілі. Олардың жетекшісі И. О. Теболиннің бұйрығымен Қоқан ревкомының мүшесі Н. Сазонов бастаған бір топ солдат шабуылдың алдында Қоқан бекінісіне құпия түрде 300 винтовка жеткізеді. 30 қаңтарда Ферғанадан Қоқанға ауыр артиллериямен қаруланған Қызыл гвардия отряды көмекке келеді. Осыдан кейін-ақ орыс әскерлері Қоқанды екі жақтан – Ташкент және Әндижан бағыттарынан атқылау астына алады. Қаланың өз ішінде пулеметтермен және винтовкалармен қаруланған әскерлер шабуылға шығады.
Автономиялық үкімет оларға қарсы он шақты винтовкадан, жүзге тарта шиті мылтықтан басқа ештеңе қоя алмайды [72].
Мұсылмандар тығыз орналасқан қала орамдарын атқылаумен қатар Н. Сазонов Түркістан Мұхтариятына ультиматум тапсырады. М. Шоқай большевиктер парламентерлерін ізеттілікпен қарсы алып, “Кеңес өкіметімен бейбіт келісімге келу жөнінде қаулы алынғанын” [73] айтады. Осыған қарамастан большевиктер депутациясы “келесі күні күндізгі сағат 3-ке дейін толық қарусыздануды, автономиялық өкіметтің өз өкілеттігін тапсырып, кеңес өкіметіне бағынуын” [74] талап етеді. М. Шоқай “ондай мәселені өзі шешуге өкілеттігінің жоқтығын, ультиматумның министрлер кеңесінің отырысында талқылануы керектігін” [75] жеткізеді.
Алайда тізе бүгу жөніндегі талаптарының мерзімі бітпей жатып, большевиктер тарапынан соғыс қимылдары қайта басталып кетеді [76]. Н. Сазоновқа ең алдымен М. Шоқайды және оның хатшысын тұтқынға алуға бұйрық беріледі. Осы тапсырмамен келген Қоқан әскери-революциялық комитетіне М. Шоқай егер большевиктер қаланы атқылауын тоқтатса және бейбіт халыққа зорлық-зомбылық көрсетуден бас тартса ревкомға берілуге дайын екендігін мәлімдейді.
17 ақпанда М. Шоқайдың кабинетіне жиналған мұсылман жұмысшылары мен диқандары өкілдерінің араласуымен Қоқан ревкомымен келіссөздер қайта басталады. Большевиктер жаңа талаптар қояды. Олар енді:
1) автономиялық үкімет тарапынан Кеңес өкіметіне бағыну туралы Түркістан халқына үндеу таратуды;
2) халықтың бар қаруын большевиктерге тапсыруды;
3) милицияны таратуды талап етеді.
Ультиматумды қабылдап алған М. Шоқай, Ә. Оразаев, Хидоятбек Юргули-Ағаев, Мирәділ Мырзахмедов оны орындаудан бас тартады [77]. Ревком өкілдеріне М. Шоқай: “Күш сіздердің жақтарыңызда. Бізде өз құқығымыздан басқа ештеңе жоқ. Сіздердің жеңетіндеріңізді білеміз, бірақ сіздердің билеу құқықтарыңызды мойындаудан, Түркістандағы Кеңес өкіметі талаптарын орындаудан бас тартамыз” дейді.
Олай жауап берудің де өзіндік мәні бар еді. Ұлттық үкімет мүшелерінің большевиктер билігін мойындауы алдағы уақытта большевиктерге қарсы жүргізілетін ұлт-азаттық күресіне қатысуға оларға моральдық құқық бермейтін. “Мүмкін, біздер еліміздің ең лайықты өкілдері болмаған да шығармыз. Бірақ тағдыр бізді ұлттық ісіміздің көшбасына қойды. Біз өзіміз бастаған және бүкіл халық қолдаған істің деңгейіне көтерілуге тырыстық. Біз өзімізге жүктеген міндетті сезіне білдік. Біздің ұлттық ісімізге қатер төнген шақта кеңес өкіметіне бағынуды және ел мен халықты билеуді ерікті түрде большевиктерге беруді өзіміз үшін және ісіміз үшін лайықсыз деп таптық. Себебі, өкімет билігін большевиктерге өз еркімен беруге келіскен адамдар түгілі, ол жөнінде өз пікірін білдірмегендердің де ұлттық күресті басқаруға, не болмаса бұл күресте жауапты рөлді иемденуге моральдық құқы болмайды” [78] дейді М. Шоқай.
19 ақпанда “Шуро-и-Улеманың” ықпалындағы Ергаш төңкеріс ұйымдастырып, М. Шоқайды орнынан алады, оның кабинетінің кейбір министрлері мен жақтастарын тұтқындайды. Барлық өкімет билігі Ергашқа көшеді. М. Шоқай Бас штабының бастығы поляк офицерімен бірге қашып шығады [79].
20 ақпанда он мыңға тарта жасағы бар Ергаш “қасиетті жерімізді гяурлерден босатайық” деген ұранмен бекініске жаңа шабуыл бастайды. Осы уақытта Қоқанға Қызылқиядан 330 солдаттан тұратын отряд, 21 ақпанда Ташкент Түркістан өлкесі әскери істері жөніндегі халкомы Е. О. Перфильев бастаған 600 адамдық тағы бір бөлім жетеді. Ол Қоқан қаласын толық қоршауға алып, он екі зеңбіректен атқылай бастайды. Келесі күні қалаға жаяу әскер басып кіреді [80].
Түркістан Автономиясын жою кезінде Кеңес өкіметі “мұсылмандар мекендеген Қоқанды жермен-жексен етіп, қала көшелерін қанға бояды” деп жазды “Бірлік туы” газеті. Кеңес қызметкері А. М. Тишковскийдің мәліметі бойынша, Қоқанда он мыңға тарта адам қаза табады, “Гүлденген бай қаладан үйінді мен бой тасалап үлгергендердің мәңгі қарғысы ғана қалады” [81] Большевиктердің ойранынан көп кешікпей Қоқан қаласында болған австралиялық А. Брун “қала жартылай бос қалды, қаланы жаулап алуға қатысқан неміс, австрия және венгр жалдамалылары 100 мың рубльден астам мүлікті тонап алды” [82] деп жазады өз естелігінде. Дашнақтар жергілікті халықты шетінен тонап, қырғынға ұшыратады [83]. Х. Болғанбайұлы “Бірлік туы” газетінің бетінде осы қырғын туралы былай дейді: “Ол күндер – Түркістан тарихында сиямен емес, қанмен жазылған күндер. Адам пішінді жыртқыштардың ол күндерде Қоқан көшелерінде істеген сұмдықтарын естігенде денең түршігіп, қаның мұздайды” [84].
Түркістан Компартиясының ІV съезінде жасаған баяндамасында Н. Төреқұлов Түркістан Республикасындағы соғыс қимылдарынан өлген және жараланған адамдар санының 200 мыңға жеткендігін [85] жария етеді. Бұл жағдай өлкеде Кеңес өкіметінің орнауы жергілікті халықты қырып-жою арқылы жүзеге асқанын көрсетеді.
1 наурызда Түркістан Халық комиссарлары кеңесі “Қоқан автономиясының” барлық басшыларын заңнан тыс деп жариялап, олардың мүлкін тәркілейді. Түркістан Мұхтарияты Уақытша кеңесі мен Уақытша үкіметінің отыз мүшесі тұтқындалып, Ресейдің түкпір-түкпіріне айдалады. Хидоятбек Юргули-Ағаев, М. Мырзахмедов ұсталған жерінде атылады. “Шуро-и-Исламия”, “Шуро-и-Улема” т. б. ұлттық ұйымдар таратылады [86].
Құлаған үкімет пен қырғынға ұшырағандардың орнына дүниежүзіне “басмашылық” деген атпен белгілі болған, кеңестерге қарсы кең көлемдегі халық қозғалысы келеді.
Түркістан Мұхтариятының жеңілу себептері М. Шоқай еңбектерінде егжей-тегжейлі сарапталған. Дегенмен осы мәселе жөніндегі кейбір шетел авторларының да пікірлері назар аударады. А. Халид “жәдиттердің ұлт мүддесі жөніндегі түсініктерін қала тұрғындарының көпшілігі қолдамады, ал енжар ауыл тұрғындары мұсылман зиялыларының саясатына ықпал ете алмады. Осылайша жәдитшілдер тарих мүмкіндіктерін өз мүдделеріне орай пайдалана алмады, ұлт тағдыры большевиктердің бақылауына көшеді” [87] деп көрсетеді.
Түркістан Мұхтарияты өзбек, қазақ, қырғыз, татар, түрікмен, тәжік халықтарының бірлескен күш-жігері арқасында дүниеге келеді. Сол себепті Х. М. Тұрсынның Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы жеке бірұлттық емес, көпұлтты сипатта [88] дамыды деген тұжырымдамалық ұстанымы әбден орынды.
Түркістан Мұхтариятын орнатуда қазақ зиялыларының белсенді рөл атқарғаны [89] жөнінде Г. Сафаров та айтып өткен.
Түркістан Автономиясының жариялануы мен оның екі ай шамасында болса да өмір сүруінің тарихи маңызы жергілікті халықтың өзін-өзі билеуге бағытталған нақты қадам жасауында, өз тағдырын өзі шешуге құқылы екендігін әлем жұртшылығына паш етуінде болса керек. Бұл мемлекеттік құрылымның басшысы және идеологы болу М. Шоқайдың маңдайына жазылады.
Қоқан қырғыны М. Шоқайдың бұдан ілгергі өміріне, көзқарастарының эволюциясына ерекше әсер етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |