НАУРЫЗ – ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ Наурыз – шығыс халқының мейрамы. Сонау ықылым* заманнан бері тойланып келе жатқан көне мейрам. Жер шарындағы көптеген халықтың дәстүрлі мейрамына айналған Наурыз мерекесінің қашаннан бері тойланып келе жатқанын дөп басып айту қиын. Бұл мейрамды ежелгі гректер “Патрих”, татарлар “Нардуган”, тәжіктер “Бәйшешек”, “Гүлнаурыз”, армяндар “Навасарды” деп түрліше атаған. Біздің қазақ халқы бұл мейрамды “Ұлыстың ұлы күні” деп атаған. Күн мен түн теңелетін күн.
Наурыз атауы парсы тілінен шыққан. “Нау” парсы тілінде жаңа, “руз” сөзі күн деген мағынаны білдіреді. Демек, Наурыз “жаңа жылдың бірінші күні” дегенді білдіреді.
Шығыс халықтарының наурызды қалай тойлағаны туралы деректерді біз Омар Хайямның еңбектері арқылы білеміз. Мысалы, парсы тілдес халықтарда әр жерге от жағып, отқа май құйып, жеті ақ кесеге “сумалақ” - ұлттық көже құйып үлестіру дәстүрі қалыптасқан. Сонымен қатар үйлерінің қабырғасына күннің суретін салып, бір-бірлеріне гүл сыйлайтын болған.
Ал ежелгі түркі тілдес халықтар Наурызда жаңа киімдерін киіп, ер адамдар сақал-мұрттарын күзеп, шаштарын алдырып тастайтын. Алғашқы алты күн бойы садақ тартып машықтанған соң, жетінші күні алтын жамбы - тенге атып мергендіктерін сынасатын болған.
Ұлыстың ұлы күнін қазақтар ерекше тойлайды. Алдын-ала дайындық жүргізеді. Үйлерін, аулаларын тазалайды. Наурызды қазақтар 22 наурыз күні қарсы алады да, мейрам бір айға жалғасады. 21 наурыз күні (кеңестік дәуір кезеңіне дейін) жастар бір-біріне деген ыстық сезімдерін білдіретін болған. Жігіттер қыздарға гүл, әтір, иіс сабын сияқты «селтеткізер» тартуын сыйласа, қыздар жігіттерге арнайы тігілген кестелі қол орамал сыйлайтын, «ұйқыашар» дайындайтын. Сондықтанда бұл күнді ресми түрде “ғашықтар күні” деп атасақ та болады.
*ықылым - ерте, көне
!? 1. Мәтіннің бөлімдерінен абзацтық фразаларды тауып жазыңыз және оның неге абзацтық екенінің себебін түсіндіріңіз.
2. Абзацтық сөйлемнің өзге сөйлемдермен қандай қатынаста тұр?
3. Абзацтан тірек сөздерді теріп жазыңыз.
4. Екінші абзацтан оның басқа абзацтармен байланыстырып сөздерді тауып, теріп жазыңыз.
5. Абзацтардағы көрсетілген негізгі ойды ықшамдап, топтастырып жазыңыз.
6. Мәтін қандай мәнерде жазылған?
7. Соңғы сөйлемнің мәні неде ойлайсыз?
8. Соңғы абзацтың мағыналық мәні қандай?
9. Мәтінде қай абзацтар мағыналық жағынан жақын және бір тақырып аясын әңгіме етеді?
10. Наурыз, сезім, ғашықтар сөздеріне фонетикалық талдау жасаңыз.
11. Қазақ халқының Наурыз мерекесінен басқа қандай ұлттық тойларын білесіз?
12. “Наурыздама”, “Ұйқыашар”, Селтеткізер” дегеніміз - қандай рәсімдер?
Ықылым заманнан, атам заманнан, көне дәуірден, ежелден, баяғыдан, ерте-ертеде сөздерінің мән-мағынасы мен қолдану аясын салыстырыңыздар және осы сөздерді қатыстыра отырып бірнеше сөйлем құраңыз.
Көп нүктенің орнына к, қ, ғ, г әріптерінің қажеттісін қойып, көшіріп жазыңыз. Еліміздің географиялық ... артасы, бұрын...ы заман, ...өне дәуір, күл...ін түс, ... ызыл байрақ, ақ жаулы..., дастар...ан, ...аған, қазақ ...аны, ұлтты... бояу, ...олөнер, биі... ма...сат, ...ымбат ...азына.