Л, м, н, ң, р, й дауыссыз дыбыстарының емлесі
Наурыз – ұлыстың ұлы күні
21 наурыз күні-ақ әр үйде ақ дастархан жайылып, оған бауырсақ пен шелпек салынып, әртүрлі ұлттық тағамдар қойылатын. Бұл түні қазақтар ұйықтамай Қызыр (Қыдыр) бабаны күтеді. Қазақ халқының наным-сенімі бойынша, Қызыр баба - отбасына береке, құт әкелетін киелі аруақ. 22 наурыз күнін барлық халық: бай-кедей, тіпті құл-құтан да тойлайды. Бұл ұлы күнді қазақтардың “Самарқанның көк тасы жібіген күн” немесе “құл құрықтан, күң сырықтан құтылған күн” деп атауы - осының дәлелі. Өз кезінде осы жайлы Еуропа ғалымдары таңдана да тамсана жазған. “Қазақтар мейрамда жақсылап тамақтанып алады. Оларда біреу дәмді тағам жеп, екіншісі тамақсыз қалатын жаман дәстүр жоқ: мереке кездерінде байлар кедейлерді де жарылқайды, осы дәстүрді біз де үйренсек теріс болмас еді....”( Э.С.Вульфсон, Қазақтар.)
Қазақтар бұл күні бір-бірімен көріседі. Ер кісілер бір-бірімен қол алысып, төс қағыстырса, әйелдер бір-бірімен құшақ айқастырады. Бұл жақсы дәстүр бұл күнде өз маңызын жоғалтпаған, жалғасып келеді. Және бұл күні кешу айтысу дәстүрі де болған. Дүрдараз кісілер бір-бірінен кешірім сұрап татуласады.
Наурыз күні қазақ халқы наурыздама жасайды: әрбір үйде жеті тағамнан тұратын наурыз көже пісіріледі. Әртүрлі ұлттық ойындар ойналады, спорттық жарыс ойын түрлері өткізіледі. Бұл күнді барлық адам - еңбектеген сәбиден бастап еңкейген қарттар да, қарулы жастар да қызу тойлайды. Барлық адам жұмысты тоқтатады. Әдемі, таза киініп, бой түзеген адамдар Наурызды қызықты да көңілді, мерекелі өткізуге тырысады. Себебі, халық арасында Жаңа жылды қалай қарсы алсаң, жыл бойы тіршілік тынысы да солай болады деген түсінік қалыптасқан. Наурыз көже пісіріп, алыс-жақынға, тіпті бейтаныс жандарға да ақ дастарханнан дәм татқызудың мәні де жыл бойы тоқшылық болсын, елімізде -ынтымақ, береке, ал отбасымызда татулық пен құт болсын деген тілек пен ниетті білдіреді.
Қазақ халқында жыл басы осы Наурыз айының 22-сінен басталады. Дәстүрлі қазақ күнтізбесі айдың айналымына негізделген.
!Мәтінді оқып, мазмұнын айтыңыз.
1.Мәтінді мазмұны мен мағынасына қарай бірнеше бөлімге бөліңіз және бөлімдерге ат қойыңыз.
2. Наурыз мерекесін әлемдік мейрам деп айтуымызға болады ма?
3. Әлемдегі халықтардың Жаңа Жылды қарсы алу дәстүрі туралы не білесіз?
4.Өзге халықтардың Жаңа Жылды қарсы алу дәстүрі мен өз еліміздегі Жаңа Жылды тойлау рәсімін салыстыра әңгімелеңіз.
5. Теледидардан жаңа жылдық қандай бағдарламаларды көресіз бе?
6. Қандай ұлттық бағдарламаларды ұнатасыз және осы бағдарламалардың басқалардан артықшылығы неде деп ойлайсыз?
7. Биылғы жылғы жоспарыңыз қандай?
8. Сіздің отбасыңыз да Наурызды қалай қарсы алады?
9. “Наурыз көжеге” салынатын жеті түрлі тағамның түрлері мен олардың білдіретін мән-маңызы туралы не білесіз?
10. Мәтіндегі үнді дауыссыздардың жазылуы мен айтылуына назар аударыңыздар.
Достарыңызбен бөлісу: |