Құрастырған: Қозыбағаров А. И. қоғамдық пәндер оқытушысы


ХҮІ-ХҮІІ ғ.ғ. Қазақ хандығы



бет7/13
Дата26.08.2017
өлшемі2,07 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   13

ХҮІ-ХҮІІ ғ.ғ. Қазақ хандығы.
Қасым хан басқарқан жылдары (1511-1518) қазақ халқының саны 1 миллионға жетіп, қуатты мемлекетке айналды.Қазақ халқы дербес халық ретінде Батыс Еуропаға әйгілі болды. Қасым хан Мәскеу князі III Василиймен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты.Әмір Темірдің ұрпағы, Үндістандағы Ұлы Моғол империясының негізін салған ұлы жазушы Бабыр өзінің атақты "Бабырнама" кітабында: "Қазақ халқының бұрынғы-соңғы хан-сұлтандарының ішінде Қасым хандай құдіретті әмірші болған емес. Оның үш жүз мың әскері бар еді" деп жазған. Сонымен бірге тарихшы Мұхамед Хайдар Дұғлат "Тарихи Рашиди" деген еңбегінде: "Шыңғыстың ұлы Жошы ханнан соңғы жерде бұл жұртта Қасымнан асқан кұдіретті хан болған жоқ" деп жазды.Қасым хан алғашқы қазақ заңы "Қасқа жолды" жарыққа шығарды. Бұл заң қазақтар арасында бұрыннан қалыптасқан әдет-ғұрып ережелері негізінде жасалды.Бұл заңның сол кездегі мұсылман елдердегі жаппай қолданылып, жүрген ислам дінінің заңынан өзгеше, көшпелі қазақ өміріне үйлесімді етіп жасалды. Халық арасында бұл заң "Қасым ханның қасқа жолы" деп аталды.Қасым ханның тұсында Қазақ хандығының территориясы қазіргі территориямыздың негізгі аймақтарын біріктірді.Хандықтың шекарасы батыста Жайыққа, Оңтүстік-батыста Сырдың оң жағалауы, Аралдан Маңғыстауға дейінгі жерлерді алып жатты, солтүстікте Ұлытауға дейігі жерлер, оңтүстік-шығыста Жетісудың көп бөлігі қарады.Қасым ханнан кейінгі Қазақ хандығын басқарған Мамаш (1518-1523), Тахир (1523-1533), Буйдаш (1533-151557), Тоғым (1533/34-1537/38) хандардың кезінде өзара ішкі таластың салдарынан біршама әлсіреп, өзбектермен және моғолдармен күресте, Қасым ханның кезінде ие болған жерлердің біразынан айырылып қалды. Қазақ хандығы Қасым ханның баласы Хақназар ханның басқарған жылдары бұрынғы күш-қуатына ие болды.Хақназар Қазақ хандығын 42 жыл (1538-1580) биледі. Ол дарынды қолбасшы, қажырлы қайраткер, сонымен бірге сыртқы саясатта дипломат екенін керсетті. Хақназар хан басқарған жылдары Қазақ хандығының батыстағы шекарасында ірі өзгерістер болды.Бұл кезде батыста күшейе түскен орыс мемлекеті шығысқа қарай жылжып 1552 жылы Қазақ хандығын, 1556 жылы Астрахан хандығын басып алды. Осы жағдайға байланысты, Еділ мен Жайық арасындағы ұлан-байтақ территорияны мекендеген Ноғай Ордасы ыдырай бастады. Ноғай ордасындағы қазақ тайпалары Қазақ хандығына келіп қосылды. Ноғай ордасының әлсірегенін пайдаланып Хақназар Ноғай ордасының көп бөлігін өзіне қосып алды. Соған байланысты Хакназарды "қазақтар мен ноғайлардың ханы" деп атаған. Ноғай Ордасы 1569 жылы өзінің мемлекет ретінде өмір сүруін тоқтатты. Сонымен бірге Хақназар Моғолстан мемлекетінің Жетісуға жасаған бірнеше жорықтарына тойтарыс берді. Орта Азиядағы күшейіп келе жатқан Бұқар ханы II Абдаллахпен өзара көмектесу жөнінде шарт жасасты. XVI ғ. 60-70 жылдары соғыс қимылдары тоқтап, бейбітшілік орнады. Қазақтардың Орта Азия халқымен сауда-саттық қарым-қатынасы, экономикалық байланысы одан әрі өрістеді. Хақназар II Абдаллахпен бірлесіп, Ташкент билеушісі Баба Сұлтанға қарсы күресті, сөйтіп, бұрын өзбектер басып алған Түркістан аймағындағы бірнеше қалаларды қайтарып алды.1580-1582 жж. Шығай ханнан кейін Қазақ хандығын басқарған Тәуекел ханның тұсында (1582-1598) Қазақ хандығының территориясы одан әрі кеңейе түсті. Теуекел ханның тұсында қалмақтардыц біраз бөліп қазақтарға қарады. Соған байланысты Тәуекелді "Қазақ пен қалмақтың ханы" деп атады.Қазақ хандығы күшейіп алғаннан кейін 1598 жылы Тәуекелдің басшылығына Орта Азияға басып кіріп, Ташкент, Әндіжан, Самарқант қалаларын басып алды. Тәуекел хан 1598 жылы Бұқара қаласын коршауда жараланып, Ташкент қаласында қаза болды.Оның орнына болған Есім хан өзбектермен бітім шартын жасасты. Бұл шарт бойынша Ташкент қаласы өзінің аймағымен қоса Қазақ хандығына қарады.Қазақтар 1798 жылға дейін Ташкент қаласында билік жүргізді.Тәуекелден кейін Қазақ хандығының тағына отырған Есім хан (1598-1628) бүкіл саналы өмірін ат үстінде өткізген, Қазақ хандығының шекарасын кеңейту, қорғау жолында халқына өлшеусіз қызмет етті. Халық оны "Еңсегей бойлы ер Есім" деп атады.Есім ханның кезінде Бұқар ханы Иманқұл, Ташкент, Түркістан аймағын қайтару үшін 1612-1620 жылдары қазақтарға бірнеше рет соғыс ашты. Бұл соғыстарда қазақтар өз жерлерін қорғап қалды.Сонымен бірге Есім ханның кезінде қазақ жеріне ойрат тайпалары да бірнеше рет шапқыншылық жасады. Бұл шапқыншылықтарға қазақтар тойтарыс беріп отырды. Есім ханнан кейін қазақ хандығының тағына оның баласы Жәңгір отырды.1635 жылы Батыр Қонтайшы бытырап жүрген ойрат тайпаларын біріктіріп, Моңғолияның батыс аймағында Жоңғар мемлекетін құрды. Бұрынғы бытырап жүрген ойрат тайпалары біріккеннен кейін Қазақ хандығына үлкен қауіп туғызды. Осы кезден бастап жоңғарлардың Қазақ жеріне ірі шапқыншылықтары басталды.Жәңгір хан басқарған жылдары қазақтар мен жоңғарлардың арасында үш ірі соғыс болған. Біріншісі 1635 ж., екіншісі 1643 ж., үшіншісі 1652 жылы. 1643 жылғы ұрыста қазақтар екі таудын арасына ор қазып, жоңғарларға қарсы соғысты. Осы соғыста Жәңгір хан 6 мыңдай әскерімен 50 мың жоңғарларға тойтарыс берді. Осы ұрыста Жоңғар ханға Самарқан билеушісі Жалаңтөс Бахадүр 20 мың әскерімен көмекке келген. Жәңгір хан 1652 жылы кезекті қазақ-жоңғар соғысында қаза табады.

ХҮІІІ ғ. Қазақ хандығы. Қазақ-жоңғар қарым-қатынастары.
XVII ғасырдың аяғы мен XVIII ғасырдың басында Қазақ хандығы ішкі-сыртқы аса ауыр жағдайға душар болды. Алтайдан Атырауға дейінгі байтақ даланы алып жатқан қазақ халқы жерінің географиялық ерекшелігіне қарай үш жүзге бөлініп өмір сүрді. Қазақ хандығында үстемдік еткен әскери-федалдық шонжарлар арасында ішкі тартыс күшейе түсті. Сонымен қатар бұл мезгілде қазақ-жоңғар қатынасы мейлінше шиеленісіп, қазақ хандығына үздіксіз шабуыл жасады.1718 жылы Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін (Хақназар, Тәукенің) бір орталыққа бағындырғысы келген мақсаттары жүзеге аспай қалды. Қазақ хандығы ауыр дағдарысқа ұшырады, елдің бірлігі бұзылды, бытыраңқылық етек алып өзара қырқыс шегіне жетті.Тәукенің орнына отырған баласы Болат ханның тек атағы ғана болды.Жүздерді билеген кіші хандар өз алдына дербестеніп, қазақ хандығы саяси жақтан бөлшектенді. Орта жүзді Сәмеке хан, Ұлы жүзді Жолбарыс хан, Кіші жүзді Әбілхайыр хан биледі. Бұларға қарасты ұлыстарды билеген сұлтандар дербестікке қол жеткізе бастады. Осыны пайдаланған жау жан-жақтан шабуыл жасады.Ш. Уалиханов сол кездегі жағдай туралы: “XVIII ғасырдың алғашқы он жылдығы қазақ халқының өмірінде қасіретті кезең болды. Жоңғарлар,Еділ қалмақтары, Жайық казактары мен башқұрттар жан-жақтан қазақ ұлыстарын ойрандадаы» - дейді.Оңтүстіктен Орта Азия хандықтары қыспақ көрсетті. Солардың ішінде ең қауіптісі шығыстағы Жоңғар мемлекеті болды.XIV ғ. II-ші жартысында Моңғолия территориясы екі иелікке бөлінеді. Ойраттар белсенді рөл атқарған Батыс Моңғолия және бұрынғы Қытай императорының бақылауындағы Шығыс бөлікке. “Жоңғар” деген аттың шығуы – Шыңғысханның шапқыншылығы кезеңінде ойраттар қашанда армиясының “сол қанатын” құраған, моңғолша ол “зюнгор” деген мағынаны білдіреді. Содан “зюнгор” – жоңғар деп аталып кеткен. Жоңғарлардың Қазақстан жеріне енуі сонау XV ғ. басталған болатын (Әбілхайырдың көшпенді өзбек хандығына күйрете соққы берген 1456 жылы). Кейіннен ойраттардың бірігіп 1635 жылы мемлекет құруынан кейін – қазақ хандығына қан-төгіс шапқыншылықтар күшейе түсті. Басшысы Батур Хунтайшы болды (1635-1653) Қазақ жеріне Жоңғар агрессиясының күшеюі Цэван Рабдан (1697-1727) тұсында болды. Цэван Рабданның жаулап алу программасының ең шырқау шыңы – 1723 жылы болған шабуылдан көрінді.1723 жыл тарихта есте қаларлық жұт жылы болды. Осы жылдың көктемгі төл алу кезеңі мен жазғы көш-қону жұмыстарымен айналысып жатқан қазақ еліне тосыннан, күтпеген жерден шабуыл жасады. Осы жолы шапқыншы жоңғарлардың саны 70 мыңнан асып түсіп, жеті бағытпен қазақ еліне кірді. Осы ауыр жылдарда шыққан қазақтың қаралы да қайғылы, ән ұраны «Елім-ай», сол кездегі ауыр күндердің өшпес ескерткіші болып табылады.

«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» ұшырады. Сақталған мәліметтерге қарағанда, Ұлы жүз бен Орта жүз Самарқанд пен Бұқараға, Кіші жүздің халқы Хиуаға қарай босқан екен. Босқындардың біразы Алакөл маңына барып паналаған көрінеді.Дәл осындай ауыр кездерде халықтың ішінен суырылып алға шығып, халықтың қамын ойлаған атақты Хандарымыз бен билерімізбен қатар батырларымыз да болды.Бұқар жырау өзінің 29 толғауында олардың аттарын атайды. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Шақшақұлы Жәнібек, Райымбек, Малайсары. Осындай ауыр кезде еңсесі түскен елдің есін жиғызып, зар жылаған халықтың көз жасын тиғызған атақты билеріміз болды. Халықты алқалы жиынға шақырған да сол бабаларымыз болды.1726 жылы Ордабасында үш жүздің игі жақсыларының басын қосқан ұлы жиын болды. Осында үш жұздің баласы бір бәтуаға келіп, жауға қарсы бірігіп аттануда, сол қолға басшы-етіп Әбілхайырды сайлайды. Осы кездегі қазақтың саяси хал-ахуалын архив құжаттары былай суреттейді: «Сол кезде жоңғарлар Орта Азиядағы ірі сахара патшалығы болды. Оған ұйғырлар қарсылықсыз бағынды. Қырғыздар бір мезгіл қарсылық көрсетсе де, сұрапыл тегеурінге шыдамады. Ал, ұзақ жыл бойында жоңғарлармен тірескен тек қазақтар ғана болды. Жоңғарлар қазақ елінің шығыс және оңтүстік жағындағы біраз жерлерді жаулап алғанымен, қазақтардың кең байтақ орталық бөлігіне әл-күші жетпеді» – дейді.Сөйтіп біріккен қазақ халқының қолы 1727 жылы Ырғыз уезінің оңтүстік шығыс бетіндегі Бұланты өзенінің жағасында «Қара сиыр» деген жерде қалмақтарға күйрете соққы береді. Бұл жеңіске жеткен жер «Қалмақ қырылған» деп аталады. 1729 жылы көктемде қазақ-жоңғар соғысының аса ірі шайқасы болады. Ол Балқаш көлінің маңында (оңтүстік батыс) қалмақтарға екінші рет күйрете соққы береді. Бұл жер кейіннен тарихта «Аңрақай шайқасы» деген атпен белгілі болады.Осы тұста Болат хан (Тәуекелдің баласы) қайтыс болып, осыған байланысты қазақ хандығының тағдырына қатысты ірі оқиғалар болады. Енді Сәмеке, Әбілхайыр, Болаттың үшінші баласы Әбілмәмбет арасында күрес туады. Сөйтіп, аға хан болып көпшілік билер қолдамаса да Әбілмәмбет сайланады. Мұндай таңдау жасалғанына Әбілхайыр да, Сәмеке де наразы болып майдан шебінен әскерін алып кетеді. Сөйтіп қайтадан феодалдық бытыраңқылық күшейіп, жан-жаққа бөліне бастайды. Бұл кезде Бұқара, Хиуамен қатынас-шиеленісті, жоңғарлар үнемі қауіп төндіріп отырды.



Ендігі жерде қазақ халқының тек өзінің күшіне ғана сенуі керектігі және үш жүздің басын қосып, жоңғарларға қарсы тұру керектігіне көздері жетті. Осы идеяны жүзеге асыруда Абылай хан еңбек сіңірді. Ол 1731 жылы ауыл адамдарымен бірге қалмақтарға қарсы шайқасқа қатысып, ерлігімен, батылдығмен көзге түседі.1740 жылы Жоңғарияның өзінің ішінде билік үшін күрес туып, (Қалдан Церен өлген соң) туысқандар арасында дүбелең жағдай қалыптасады. Содан 1758 жылы олардың түбіне Қытай империясы жеңді. Сөйтіп енді қазақ жеріне Цин империясы шабуылын бастады. Осы ауыр кезде Абылай өзінің шебер ішкі, сыртқы саясатымен көзге түсті. Осы кезде Ақсақалдардың алқа кеңесін шақырып, қытаймен соғысты соза беруге болмайтынын, халықтың азып-тозып кеткенін айтып, қытаймен елшілік қатынас орнату мақсатында адамдар жібереді. Сөйтіп, олармен сауда, экономикалық байланыс орнатудың жолдарын қарастырды. Ресеймен қарым-қатынасын да ұлғайтты. Қазақ жерін екі елдің қаупінен қорғап қалуда үлкен еңбек сіңірді, өзінің нәзік саясатымен тіл табысты, өзінше билік, өзінше саясат жүргізді.1771 жылы Әбілмәмбет хан өлгеннен кейін, Түркістанда Қожа Ахмет Иассауидың мешітінде хандар мен сұлтандар бас қосып, Абылайды ақ киізге орап, Орта жүздің ханы етіп көтерді. Бірақ Абылай өзін қазақтардың үш жүзінің ханымын деп есептеді.
Қазақ хандығы кезеңіндегі мәдениет.
Хандар кезеңінде қазақ қоғамы бір-біріне қарама-қарсы негізгі әлеуметтік топтан – ақсүйектер мен қарсүйектерден тұрды, олардың экономикалық жағынан ғана емес, саяси және құқтық белгілері жағынан да айырмашылығы болды. Шыңғысханның әке жағынан тарайтын, хан болмаған ұрпақтарын білдіру үшін сұлтан терминімен қатар «төре» немесе «оғлан» термині қолданылған. Алайда «төре» деген сөз сұлтандарды ғана емес, неғұрлым көп адамдарды – жалпы алғанда көрнекті және атақты адамдарды да, қазы, билерді де білдіру үшін қолданған.Ұлыстарды басқару сұлтандарға ұлыс адамдарына әскери-саяси билік етуге де, іс жүзінде жайылымдарды, су көздерін және т.б. билеп-төстеуге де құқық беретін еді. Әрбір ұлыс сұлтаны ұлыс аумағының мұраға алатын құқығы бар жеке иеленуші емес, ең алдымен ұлысты басқару және ұлыс әскеріне қолбасшылық ететін құқығы бар билеушісі болды. «Сұлтанды немесе қожаны өлтірген адам, - делінген «Жеті Жарғы» қаулыларында, - өлтірілген адамның туыстарына жеті адамның құнын төлейді. Сұлтанға немесе қожаға тіл тигізіп ренжіткен 9 мал, ал қол тигізген 27 мал төлеумен жазаланады». Қоғамның басқа мүшелері алдындағы тағы бір артықшылығы – оларға дүре соғуға болмады және билер соттамады. Шыңғысханның ұрпақтарын сұлтан немесе ханның өзі соттайтын болды. Әңгімелескен кезде қарапайым адамдардың оларды атымен атауына болмайтын еді, есімінің орнына тақсыр (мырза) деген қолдануға тиіс болды. Сұлтанмен кездескен кезде кез-келген қарапайым адам атынан түсіп, онымен бір тізесін бүгіп тұрып сәлемдесуге тиіс болған. Сәлеміне жауап ретінде сұлтан оның иығына қолын салған. Сұлтанның үйі ақ киізбен жабылған. Ақсүйектердің барлық өкілдері тек қана ақ киіздің үстінде отырған. Сұлтандар (әскери міндеткерліктен басқа) ешқандайда міндеткерліктер атқармады. Қазақ ұлысы барлық сұлтандардың «Асқар» деп аталатын бір ғана ерекше ұраны болды, оны қарапайым халық – қарасүйектер қолдануына болмады.Шонжар ақсүйектер тобына қарама-қарсы хандықтың өзге халқы қарасүйек деп аталады. Қарасүйек адамдардың әр-түрлі категорияларын атау үшін бірнеше термин: қараша, қаракісі, құлқұтан, шаруа, бұқара терминдері қолданылды.Әлеуметтік қарасүйектер тобында рулар мен тайпалардың басшылары – билердің ғана ерекше құқықтары болды. Би деген сөз бұрынғы бек сөзінің кейіннен өзгерген түрі болып табылады және деректемелерде ХҮ ғасырдан ерте кездеспейді, ал түріктердің «бек» деген сөзі моңғолдардың «ноян» және арабтардың «әмір» деген сөздеріне сәйкес келеді.Көшпелі қазақтар қоғамында жеке басы еркін адамдардан басқа, бас бостандығы жоқ еркектер (құлдар) мен бас бостандығы жоқ әйелдер (күңдер) болған.ХҮІ-ХҮІІ ғасырлардағы қазақ қоғамы игі жақсыларының тобына батырларды да жатқызуға болады. Түрік-моңғолдың «батыр», «баһадүр» сөзі бастапқыда шайқас алдында жауын жекпе-жекке шақыратын батыл, ержүрек адамды білдірген. Шыңғысхан кезінен бастап батыр – «феодалданған әскери-көшпелі шонжарлардың» өкілдеріне берілетін феодалдық иерархия атақтарының бірі, сондай-ақ шайқаста жеке басының көрсеткен ерлігі немесе соғыс қимылдарына шебер басшылық еткені үшін хан немесе сұлтандар аталатын құрметті атақ. Бұл сөз атақ ретінде адамның атына қосылып айтылған.«Ақсақал» - түрік сөзі. Деректемелердің мәліметтеріне қарағанда, саяси өмірде айтарлықтай рөл атқарған.Мәдениеті. Қазақ хандығының нығаюы, Қазақ хандығының экономикалық және мәдени өмірі Оңтүстік Қазақстанның тарихымен тығыз байланыста болды. Соңғы орта ғасырларда қала мәдениеті мен отырықшы–егіншілік мәдениет қазақтың этникалық аумағының нақ осы, бірден-бір ауданында сақталып қалды.Оңтүстік Қазақстан ХІҮ-ХҮІ ғасырдың жазба деректемелерінде Түркістан деп аталады.Бұл тарихи географиялық термин орта ғасырлар деректемелерінде Мауреннахр (Сырдария және Әмудария өзендерінің аралығы осылай аталған) мен Шығыс Дешті Қыпшақ (Қаратаудан Сырдарияның төменгі ағысы мен Аралдан солтүстікке қарай көсіліп жатқан далалық кеңістік) арасында жатқан Орта Сырдария алабына қатысты айтылады, яғни оңтүстік-шығысында – Сайрам қаласынан оңтүстікке таман (Шымкент маңайында), Шыршық және Бадам аңғарларының су айрығымен және солтүстік-шығысында – Қаратау жотасымен шектелетін Сырдарияның сол жағалауын бойлай жатқан кең өңірдің жері Түркістан деп атаған.ХҮ-ХҮІ ғасырлар шебінде, Қазақ хандығының нығаю дәуірінде ол айтқан «Түркістанның отыз бекінісінің» ең ірілері Сырдарияның оң жақ жағалауы мен оның салалары бойындағы Ясы (Түркістан), Отырар, Сайрам, Сауран, Иқан, оның сол жағалауындағы Аркөк, Үзгент, Аққорған, Қожан, Қаратаудың теріскей беткейіндегі Созақ, Құмкент қалалары болған. Сол кездің деректемелерінде қалалар мен қалашықтардың, бекіністер мен қыстақтардың жиырмадан астам атауы ауызға алынады (археологтар тапқан қала жұртының саны бұдан артық). Мәселен, Ясы қаласының төңірегіндегі Иқан, Қарнақ, Йунка, Қарашоқ, Сура қалалары мен қыстақтарын айтады. Отырар өңірінде Игілік қыстағы, Сайрамға жақын жерде Шымкент қалашығы, төменіректе Арыста-Халадж-Қараспан, Жақанкент (Иаканкент) болған. Қаратау беткейлерінде Қарақұрым қонысы мен Жылан-Қарауыл бекінісі болған.Қалаларда құрылыс ісі және соған байланысты қолөнер (кірпіш, шыны жасау) дамыды. Қала құрылысында тұрғын үйлер, мешіттер, медреселер, мазарлар, моншалар, дүкендер, жабық базарлар, керуен-сарайлар, кесенелер салынды.ХҮ ғасырдың екінші жартысы – ХҮІІ ғасырдағы халықаралық саудада Қазақстан даласы мен Түркістан қалалары арқылы Орта Азия мен Ресей сауда экономиканың дамуында маңызды факторға айналады. Ресей мен орта Азияның Қазақстан арқылы сауда және дипломатиялық қатынастары ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырларда жанданды.Халықаралық саудамен қатар Сырдария қалаларының көшпелі дүниемен дәстүрлі саудасы және жергілікті сауда жүргізіледі. Сырдария қалаларынан далаға астық, қала қолөнерінің өнімдері, мата апарылды.Қалалар төңіректегі егінші және көшпелі халықты қажетті товарлармен базар арқылы жабдықтап отырды.Қазақтардың негізгі кәсібі мал шаруашылығы болды. Қазақтар негізінен қой, жылқы және түйе өсірген; қазақтардың шаруашылығында мүйізді ірі қара болмашы орын алған, өйткені ол жыл бойы бағуға, әсіресе қыс кезінде қар астынан тебіндеп жайылуға нашар бейімделген.Деректемлердің кейбір хабарларынан қазақтардың егіншілікпен шұғылданғаны байқалады. Бірақ Қазақ хандығы аумағының түрлі аудандарында егіншіліктің дамуы мейлінше әркелкі болды, аудандардың басым көпшілігінде егін шаруашылығы төменгі дәрежеде болды, немесе болмады. Алайда, кейбір аудандарда егіншілік зор маңызға ие болды, бұл ең алдымен Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанға қатысты еді.Қазақтардың шаруашылығында әр түрлі қолөнер мен үй кәсіпшіліктері елеулі орын алды, олардың көпшілігі мал шаруашылығы өнімдерін өңдеумен байланысты еді. Қазақтар ежелден тері өңдеп, киіз басуды, оларды түрлі түске бояуды білген, олар теріге, металға және тағы басқа материалдарға батыру арқылы өрнектеуді, құрап жамау және кестелеп тігу тәсілін шебер меңгерген.Өз мемлекетінің құрылуы қазақ халқы рухани мәдениетінің одан әрі дамуында зор маңызы болды. Оның түрі тақырыбы мен мазмұны алуан түрлі болып, бұрынғы дәуірлердің мәдениетін қисынды жалғастырды. Оның құрамында аңыз хикаялар мен кейінгі фольклорлық туындылар, орта ғасырдағы қолжазба кітаби дүниелер мен қазақтың төл әдебиеті, тарихи шежірелік және құқық қатынастар мен шешендік өнері, музыкалық және халықтық-драмалық шығармашылық пен халықтық көңіл көтеретін ойындары түгел қамтылған.Дербес мемлекеттілік, оны қорғау мен нығайту қажеттілігі жағдайында бір мезгілде әрі көреген суырып салма ақын, әрі хандықтың бас идеологі, әрі хандардың серігі мен кеңесшісі, әрі тайпаның жауынгер басшысы ретінде көрінген жыраулардың рөлі едәуір арта түсті.ХҮІ-ХҮІІІ ғасырлардағы жыраулар поэзиясының аса ірі өкілдері – Шалкиіз (Шалгез) Тіленшіұлы (1465-1560), Доспамбет жырау (шамамен 1490-1523), Жиембет Жырау (ХҮІІ ғ.), Марғасқа жырау (ХҮІІ ғ.), Ақтамберді жырау (1675-1768), Тәтіқара ақын (ХҮІІІ ғ.), Үмбетей жырау (1693-1787).Қазақ хандығының мемлекеттік құрылысының өзіндік ерекшелігі, халық өмірінің ерекше жағдайлары мен өзіндік ерекшелігі бар қазақ қоғамы «билер сөзі», «билер айтысы», «билер дауы», «төрелік айту», «шешендік сөздер» деп аталатын көркемдік мәдениеттің бірегей түрін туғызды. ХҮІ-ХҮІІІ ғасырлардағы би-шешендер арасында мемлекеттік және қоғамдық қызметінің маңыздылығы жағынан, шешендік өнерінің күші мен поэтикалық шеберлігі жағынан Төле би Әлібекұлы (1663-1756), Қазыбек Келдібекұлы (1665-1765) және Әйтеке Байбекұлы (1687-1766) ерекше бөлек орын алады, олар Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Ресейде, Жоңғария мен Цин империясында танымал болған. Қазақ халқының рухани мәдениетінде жазбаша әдебиет те дамыды, ол негізінен алғанда сарай маңындағы ортада және көбінесе тарихи шығармалар түрінде қалыптасты.Тарихта сақталған шежірелік және наративтік деректемелер ретінде ғана емес, сонымен қатар соңғы орта ғасырдағы Орта Азия мен Қазақстанның түрік халықтары көркем әдебиетінің ескерткіштері ретінде де маңызы бар шығармалар аз емес. Олардың ішінен Захир ад-дин Бабырдың (1483-1530) «Бабыр наме», Камал ад-дин Бинаидың «Шайбани намесін», Мұхамед Хайдар Дұғлатидің (1499-1551) «Тарихи Рашидиін», Қожамқұл бек Балхидің «Тарих-и Қыпшағын», Қадырғали бектің (1555-1607) «Жами-ат-таварихын», Әбілғазы Баһадүрдің (1603-1664) «Түрік шежіресін» және басқаларын арнайы бөліп көрсетуге болады. Бұл авторлар тек оқиғаларды суреттеумен және билеушілер генеалогиясының тарихын баяндаумен ғана шектелмеген. Олар өз суреттемелеріне қоса көркем бейнелер жасап, ауыспалы мән беріп отырған, кейде шайқастардың немесе басқа оқиғалардың әдеби көріністерін беріп, өздерінің сөз саптауларын алуан түрлі айшықты топтармен әрлендіре түскен, хикаяларына өздерінің сирек кездесетін поэтикалық таланты мен кең көлемді эрудициясы бар екендігін дәлелдейтін өлең жолдарын енгізіп отырған. Қазақ халқының тұрғын-үй – материалдық мәдениеттің тамаша ескерткіші. Қазақтың киіз үйі ағаш сүйегі мен киізден тұрады. Ағаш сүйегі мынадай төрт бөліктен тұрады: 1) құрастырмалы-жиналмалы қабырғасы – қанат, олардан киіз үйдің қабырғалары (кереге) құралады; 2) күмбез сүйегі (уық); 3) дөңгелек төбесі (шаңырақ); 4) есік немесе сықырлауық. Ағаш сүйектің әрбір бөлігіне белгілі бір киіз жамылғы сәйкес келеді, оларды шебер қазақ әйелдері жасайды, олар: 1) керегелерге тұтылатын туырлық, олар бірнешеу; 2) үзік күмбезге жабылады, олар екеу; 3) түндік – шаңыраққа жабылатын шаршы киіз; 4) Киіз есік – киіз үйдің есік ойығын жауып тұратын ұзынша киіз.Қанаттың тор көзі ортасынан қиғаштап жіңішке қайыстармен (көк) біріктірілген шағын кереге ағаштарынан құралады, уықтар жиынтығы жеңіл де қатты, өңдеуге жақсы талдан жасалды. Дөңгелек шаңырақ қайыңнан иілген екі жарты шеңберден құрастырылады, ал есігі екі жаққа айқара ашылатын қос жақтаулы етіп қарағайдан жасалады.Керегелерінің санына қарай киіз үйлер: 6 қанатты, 7 қанатты, 8 қанатты және т.б. үйлер болып бөлінеді, яғни керегелерден құралатын қанаттары неғұрлым көп болса, киіз үй соғұрлым үлкен болады. Киіз үйдің сүйегі киізбен жабылып, арқанмен бекітілген. Қыста жылы болу үшін киіз үйді екі қабат киізбен қауып, керегеге әсем өрнектелген ши тұтылған. Еденге әдетте киіз, тері, кілемдер төселген. Көшпелінің киіз үйінің ортасында күз бен қыс айларындағы суықта үйді жылытып тұратын ошақ орналасқан.Егіншілік мәдениеті бар аудандарда отырықшы үйлер салынған. Киіз үй тәрізді дөңгелек жартылай жертөбелер немесе киіз үйге ұқсатып, жоспарланған жербетіне дөңгелетіп тұрғызылған құрылыстар, сондай-ақ жер бетіндегі тұрғын үйлер (бір, екі, үш бөлмелі) қолда бар табиғи материалдан: өзен аңғарларында шикі кірпіштен, тауларда тақта тастардан салынған.Қазақтың темір ұсталары негізгі еңбек құралдарын, балта, пышақ, қырықтық, шеге және басқаларын жасады. Темір ұсталары сонымен қатар басқа да шаруашылық-тұрмыс заттарын, қару жарақтар, найзалар менжебелердің темір ұштарын соққан. Қазақтардың негізгі қаруы қылыш пен садақ болатын. Жауынгерлік қарудың басқа түрлерінен айбалта, шоқпар, жалғыз сапты күзді, екі басты шоқпар, бір шоқ жылқы қылымен шашақталып, қарсыласын ерден жұлып алып үшін ілмек жасаған ұзын найза аталады.
Қазақстан Ресей империясының құрамында.

Қазақстанның Ресейге қосылуы.
Қазақ хандығының ішкі және сыртқы саяси жағдайы қазақтың билеуші тобының Ресеймен жақындаса түсуіне түрткі болды. Тәуке хан өлгеннен кейін қазақ хандығының ішкі жағдайы қиындай түсті. Тәукенің орнына Қайып сұлтан аға хан болды. Кіші жүздегі иеліктердің бірін билейтін Әбілқайыр хан өзінің Қайыпқа бағынышты, оған тәуелді екенін мойындайды. Бірақ көп ұзамай-ақ 1723 жылы аға ханның атағын Әбілқайыр алады. Орта жүз бен Кіші жүздің көптеген билері де Әбілхайырды хан деп танымады, осының салдарынан қазақ жері жеке-жеке хандық, сұлтандық иеліктерге бөлініп кетті. Қазақтың ішкі саяси жағдайының тұрақсыздығы мен феодалдық бытыраңқылығын пайдаланған жоңғар феодалдары қазақ жеріне басып кірді. 1723 жылы басталған бұл жойқын, әрі тұтқиылдан шабуыл Қазақ хандығының берекесін кетірді.Сонымен, Қазақстанның ХҮІІІ ғасырдың 30-жылдарының бас кезіндегі ішкі және сыртқы саяси жағдайы жоғарыда айтылғандай өте қиын жағдайда болды. Әбілқайыр ханға Тәуке кезінде басталған Ресей мемлекетімен қатынас жасау саясатын жалғастырып, Қазақ хандығының күресу тәжірибесі өз күшімен сыртқы жаулардан түпкі сақтанып қалу мүмкіндігінің жеткіліксіз екенін көрсетті. Сондықтан да, Әбілқайыр хан сыртқы шапқыншылықтардан қорғану үшін және хан билігін нығайтуға қажет күшті тіректі солтүстік-батыстағы көршісі – Ресей мемлекетінен іздеуге мәжбүр болды. Әбілқайырдың Түркістаннан Ырғыз жағына кетіп қалуы, Кіші жүз жеріне Ресейдің қол астындағы қалмақ пен башқұрт феодалдарының қазақ жеріне тынымсыз шабуылдарын күшейтті. Ресей патшасына бодан болуы туралы 1730 жылы қыркүйектің 8 күні хат жазып, елшісі Сейітқұл мен Құлымбетті орыс мемлекетінің астанасы Петербургке жіберді. Әбілқайырдың бұл тілегін Анна Ионовнаның үкіметі қабылдап, қазақтарды Ресейдің қарамағына алуға ұйғарды. Содан соң 1731 жылы 19 ақпанда императрица Аннаның Әбілқайыр ханға және бүкіл қазақ халқына олардың Ресей бодандығына қабылданғаны туралы грамотасын тапсыру үшін және Кіші жүз қазақтарынан ант алуға Сыртқы істер коллегиясының тілмашы әрі дипломат А.И.Тевкелеев басқарған елшілері келді. Елшілер Қазақстанның Ресей қол астына алынғандығы туралы Ресей патшасы Анна Ионовнаның Әбілқайыр атына жазылған грамотасы мен қазақ сұлтандары үшін көптеген сый-тартулар алып келеді.1731 жылы қазан айының 7-10 күндері Кіші жүздің ханы Әбілхайыр бас болып 27 сұлтан Ресейдің қол астына бодан болғандығын сендіріп ант берді. Мұның өзі қазақтардың Ресейге қосылуының алғашқы кезеңі еді. Кіші жүз ханы Әбілқайырдың Ресейге кіруіне Кіші жүз бен Орта жүз сұлтандары мен билері қарсы болды.ХҮІІІ ғасырдағы Қазақстандағы саяси жағдай, түптеп келгенде, Ресей мен Қазақстан қарым-қатынасында жаңа кезең болғандығын естен шығармауымыз керек. 1735 жылы желтоқсанның аяғында Орта жүздің Ресей қол астына қабылдануын қуаттаған жаңадан сайланған Күшік хан мен Барақ сұлтан Орта жүзге Ресей елшілігін жіберуді өтінді. Орта жүздің ханы Әбілмәмбет 1740 жылы Ресейге қосылу жөнінде Орынборда ант берді. Кіші жүз бен Орта жүз бодан болғаннан кейін де қазақ даласында саяси жағдай түзеле қойған жоқ. Ресей патшасы өз алдына нақты міндеттер қойды. Біріншіден, Ресей империясының шығыс шекараларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Екіншіден, қазақтармен айырбас сауданы кеңейту және қазақ жерін Шығыс елдермен сауда жасаудағы дәнекерлік мақсатта пайдалану болды. Патша үкіметінің бұл міндетттері А.И.Тевкелевке берген сыртқы істер коллегиясының нұсқауынан анық байқауға болады.Ресей патшасы Кіші жүз ханы Әбілқайыр мен оның айналасындағы адамдарды пайдаланып, қазақ даласына өз ықпалын нығайта түсті.ХҮІІІ ғ. соңы мен ХІХ ғ. бірінші жартысындағы Қазақстан. 1734 жылы Кириллов экспедициясын Орынбор өлкесіне аттандырып жатып, патша үкіметі оның алдына мынандай талаптар қояды:

  • қазақ даласымен сауда байланысын күшейте отырып, қазақтарды тәуелді ету;

  • қазақ даласы мен башқұрттардың шекарасынан Орынбор қаласын тұрғызып, оған орыс адамдарын қоныстандыру;

  • қандай тәсілмен болса да, қайырымды болып көріну, немесе сыйлықтар беру арқылы, күш көрсету немесе үнемі үрейде ұстау арқылы болса да, әйтеуір қалай да қазақтарды мойынсұндырып, ырыққа көндіру;

  • Жайық өзенін бойлай қазақтар өте алмайтындай етіп әскери бекіністердің шебін салу;

  • алтын және басқада бағалы кен орындарын іздеп тауып, зауыт салу. Орта Азия мен сауда жүргізу және Арал теңізде кеме қатынастарын орнату;

  • қазақтар мен башқұрттарды үнемі бақылауда ұстау;

  • егер олардан патша үкіметінің жүргізген саясатына қарсылық білдірген толқулар білінсе, оларды бір-біріне айдап салып, өзара қырқыстыру.




Түргеш қағанаты (704-756 жж.).
Ақ орда хандығы.
Хүііі-хіх ғғ. қазақ қоғамының саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайы.
Хіх ғ. іі жартысындағы қазақстандағы әкімшілік реформалар және қазақстанның ресей отарына айналуы.
Азамат соғысы және шетел интервенциясы (1918 – 1920 жж.).
Соғыстан кейін халық шаруашылығын қалпына келтіру
Тәуелсіз мемлекеттер достастығының құру (тмд).


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   13


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

енгізу | тіркеу
    Басты бет


материалдарды жүктеу