Құрастырушы: аға оқытушы Рахметова А. М



бет19/21
Дата25.08.2017
өлшемі9,41 Mb.
#26550
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   21
29-сурет. Дала белдемінде тән жануарлар:

1- дала кергісі; 2- қижегі қоңыз – скарабей; 3- ақбас тырна; 4- дуадақ; 5- безгелдек; 6- дала қыраны; 7- суыр; 8- теңбіл саршұнақ; 9- ақбөкен.

Дала белдемінде сүтқоректілердің негізгі екі тобы басым кездеседі. Бұлар – кеміргіштер және тұяқтылар қатарына жататын жануарлар. Бұл екі топтың екеуі де шөп қоректілер болғандықтан олардың әрқайсысы қоректен тапшылық көрмейді. Және дала белдемінің иендігі мен байтақтығы бұларға қолайлылық етеді. Ал жазық далада суықтан, бораннан, жыртқыштардың шабуылынан қорғанып паналайтын қорғаныстың жоқтығына және судың тапшылығына бұл екі топтың жануарлары екі басқа жолмен бейімделген: кеміргіштер ін қазып мекендеу арқылы қорғаныс табады және балауса жас шөптің нәрімен сусындайды; тұяқты жануарлар қолайсыз кезде сулы, жағымды мекенге ауып көшіп, ұзақ сапар шегуге қабілеттілігінің арқасында сайын далада еркін өмір сүреді.

Дала белдеміне тән кеміргіштердің негізгі өкілдері – бозсуыр (Marmota bobak), кіші саршұнақ (Citellus pygmaeus), теңбіл саршұнақ (C. suslicus), аламан (Cricetus cricetus). (29-сурет). Қосаяқтардың көбі шөл белдеміне тән жануарлар болғанымен кейбіреулері дала белдемінде кездеседі. Мысалы, үлкен қосаяқ (Allactaga major), секіргіш қосаяқ (A. sibirica), жүнбалақ қосаяқ (Dipus sagitta). Бұлардың бәрі Қазақстанның далалық өлкесінде кең тараған. Кейбіреулері (жүнбалақ қосаяқ) құм сілемдерін қуалай отырып орманды дала, жапырақты орман белдемшесіне дейін таралған.

Дала алақоржыны (Lagurus lagurus), суыр, саршұнақ, Америка құрлығының дала белдемінде мекендейтін «шалғын иті» (Cynomys) деп аталатын саршұнаққа ұқсас кеміргіштер бір жерге топтасып колониялық тіршілік ететін жануарлар. Олар жер астын шытырман қуыстармен торлап, жер бетін іннің ауыз тесіктерімен және жым жолдармен шұбарлайды. Кеміргіштер өсімдік жабындысына және топыраққа үлкен әсерін тигізеді. Колониялық тіршілік қауіп-қатерден сақтану үшін пайдалы.

Қандай бір қауіпті сезген біреуі: ысқырып немесе шиқылдап хабар берісімен басқалары індеріне кіріп қорғанады. Кеміргіштермен көптеген жыртқыш жануарлар қоректенеді және олардың інін күзен, аққалақ, т.б. ұсақ сүтқоректілер, әртүрлі құстар паналайтын, балалайтын орынжай болдырып пайдаланады. Азиялық далада қоянтәрізділер (Lagomorpha) қатарына жататын түйеқұлақтардың бірнеше түрі (Ochotona daurica, O. pallasi) кездеседі. Түйеқұлақтар колониялы тіршілік етіп, қыстық азық үшін ініне шөп тасып, пішен жинайды. Қоянтәрізділерден далалық аймаққа тән жануардың бірі – орқоян (Lepus europeus). Ол ін қазбайды, қысқа пішен жинамайды. Көжектерін шөптің арасына, бұтаның түбіне жер шұңқырайтып жасаған жатағына туады. Көжектері алғаш туғанда жүні толық жетілген, көзі ашық туады, тез ересейіп өздігінен тіршілік ете бастайды.

Дала белдеміне тән жұп тұяқты жануарлардың негізгі өкілдері – ақбөкен (Saiga tatarica), жирен (Procapra gutturosa). Ақбөкен – Еуразия даласының эндемик жануары. Ол өте жүйрік: жазық даламен жорғалай жүгіргенде жылдамдығы 80 км/сағатқа жетеді. Бөкендердің күйіті желтоқсан кезінде басталады. Күйіті келген еркек бөкен 4 – 6 үйіг құрайды. Күш-қуаты мол еркек бөкеннің жинаған үйігінің саны кейде 15 – 20-ға да жетеді. Үйіг иемдену үшін еркек бөкендер аянбай сүзісіп таласады. Олар қар жұқа түсетін, желге ық жерлерде қыстап, төлдеуден бұрын адам да, басқа аң да жоқ шалғай жерлерге безіп кетеді. Мамырдың басында егіз төл туып өсіреді. Алтай жотасының оңтүстік-шығысынан шығысқа қарай Монғолия, Солтүстік Қытай және Ресейде Туваның оңтүстігіндегі жазық және ұсақ төбелі, бұйратты өлкелерді жирен мекен етеді. Ол сағатына 60 – 65 шақырымдық жылдамдықпен жүгіре алады. Бірақ қалыңдығы 20 сантиметрден асатын қарда әрең жүгіреді. Қыста бірнеше мыңға жететін тобыр құрады. Ол селеулі, бетегелі жайылымды сүйеді.

Тақ тұяқты жануарлардан дала белдемінде жабайы тарпан жылқысы (Equus gmelini) ХІХ ғасырдың соңына дейін тағы қалпында тіршілік етіп келді. Тарпанмен туыстас Пржевальский жылқысы (Equus caballus) Монғолияның қуаң дала белдемінде және шөлейт, шөлді өлкелерінде ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарына дейін кездесіп келді. Қазір Пржевальский жылқысын Еуропа елдерінің зоопаркынан Монғолия жеріне әкеліп дала белдеміне қайта мекендестіру (жерсіндіру) жұмысы табысты жүріліп жатыр. Жартылай есекке саналатын құландар ертереккі заманда Еуразияның жазық даласында үйір-үйірімен босып жүретіні туралы тарихи деректер де, мәліметтер де мол. ХХ ғасырдан бастап далалық белдемде шаруашылықтың әртүрлі саласы, әсіресе егін шаруашылығы кеңінен өріс алып дами бастауына байланысты адамдар құланды дала белдеміндегі бұрынғы мекенінен ығыстырып, бүгінгі кезде Солтүстік Иран, Батыс Үнді, Монғолия, Қазақстан, Түркіменстан, Қытайдың шөл белдемінде ғана құландарды кездестіруге болады. Құлан өте төзімді, өміршең жануар. Азғантай ғана қамқорлық жасалса құланның саны тез өседі.

Далалақ белдемде кездесетін жыртқыш сүтқоректілер негізгі екі топтан құралады. Бірінші топқа экологиялық факторлардың кең ауқымды ауытқуына төзімді, қандай жағдай болса да бейімделіп өсіп-өне беретін, сондықтан әртүрлі табиғи зоналарда бірдей таралған қасқыр, түлкі, аққалақ, борсық қатарлы эврибионт жыртқыштар жатады. Екінші бір топты қарсақ (Vulpes corsak), мәлін (Felis manul), сасық күзен (Mustela eversmanni) қатарлы нағыз далалық белдемге тән жыртқыштар құрайды.

Дала белдемінде де тундрадағыдай өсімдік қоректі кейбір жәндіктердің күрт көбею көрінісі кездесіп тұрады. Күрт көбейген кезде жәндіктер өсімдік жабындысын түгелдей жеп құртып, жалпы биоценозды елеулі өзгеріске ұшыратады. Мысалы, дала белдемінде шегіртке әредік күрт көбейіп, мекеніндегі қоректік заттың бәрін жеп бітіреді де ауып көше бастайды. Олардың санының көптігі соншалық ұшқан кезде күннің көзін көлегейлеп, жермен жорғалаған кезде жер беті түгелімен жыбырлап қозғалып бара жатқандай сезіледі.



Шөл жануарларының экологиялық сипаты

Шөл белдемі тропикалық белдем мен қоңыржай белдемнің аралығында орналасқан. Ол әлемдегі барлық құрлық жердің 23 пайызын иеленеді. Шөл белдемі құрлықтардың әлемдік мұхиттардан алшақ, орталық бөлігінде қалыптасады. Жер шарының шығыс бөлігінде шөл белдемі Солтүстік Африкадан (Сахара) басталып, Аравия, Батыс Үндістан, Орта Азия, Қазақстан территорияларымен жалғаса отырып Орталық Азияға дейін созылады. Австралия құрлығының да орталық бөлігін шөл белдемі иеленеді.

Шөл белдемі қуаңдығымен ерекшеленеді. Мұнда жыл бойында жауатын жауын – шашынның жалпы мөлшері 200 мм-ден аспайды. Әлемдік ең үлкен және ең құрғақ шөлге саналатын Сахара шөлінде жыл бойында бір тамшы да тамбайтын жылдар кездеседі. Жалпы қуаңшылықтың радиациялық көрсеткіші (М.И.Будыко индексі бойынша) 5-тен жоғары өлкелер шөлге саналады. Кей шөлдердің жер бетінен буланған ылғалдың мөлшері сол жылғы жауын – шашынның мөлшерінен 20 – 25 есе артық болатындықтан өсімдік, жануарлар ылғалдың тапшылығына жиі ұшырайды. Шөл белдемінің жазы ұзақ және жауын – шашынсыз, ыстық. Жылдық ылғалдың 70 – 80 пайызы (Қытайдың солтүстігіндегі Алашань Ордос шөлдерінде – 90 пайызы) көктемнің басында жауады да, жаз бойы жауын жаумайды. Жаздың ыстық күндерінде ауаның температурасы 45°С -қа дейін жетеді. Шілде айының орташа температурасы +20 – 26°С жылы, қаңтардың орташа температурасы –10°С суықтықты көрсетеді. Жаздың ыстық күндерінде топырағының беткі қабаты 60 – 70°С-қа жетіп қызады. Желді күндер жиі болып тұрады. Кейбір аса қуаң шөлдерде желдің жылдамдығы 30 – 35 м/секундқа жетіп, апатты құм дауылға айналады. Осындай құм дауылдар бір жылда 5 – 10 рет қайталайтын шөлдер де бар. Жазда ыстық, жауын-шашынсыз және жел жиі соғатындықтан ауаның орташа ылғалдығы 14 пайыздан аспайды. Гоби шөлінде кейбір күндерде ауаның ылғалдығы 6 пайызға дейін төмендейтіндігі айқындалған.

Шөл белдемінің сұр топырағының құнары аз, ондағы қарашіріктің мөлшері 1 – 2 пайыздан аспайды.

Топырағының ылғалы аз, құнарсыз, климаты қатаң болғандықтан шөл белдемінде өсімдіктің түрлік құрамы аз және өсімдік жабындысы өте сирек: жылдық бастапқы таза өнімнің құрғақ салмағы 1000 килогектардан аспайды.

Шөл белдемінде топырақтан ылғалды өзіне сорып алуға жақсы бейімделген өсімдіктер басым өседі. Олардың ұлпаларының осмостық қысымы мол, тамыры топырақтың беткі қабатына кең жайылған шашақ тамырлы, немесе топырақтың ылғалды терең қабатына дейін жететін, жақсы дамыған кіндік тамырлы болу арқылы морфологиялық, физиологиялық жолмен бейімделеді.

Шөл белдемінде: 1) жауын-шашынды кезде тез өсіп тұқымын таратып үлгеруге бейімделген эфемер біржылдық өсімдіктер өседі. Мысалы, жауылша (Alyssum), бөденешөп (Veronica), ебелек (Ceratocarpus) туыстарына жататын эфемерлер; 2) тамырына, сабағына, жапырақтарына суды мол жинап, оны қуаңшылық кезде үнемдеп пайдалануға бейімделген суккулент өсімдіктер. Мысалы, Америкалық шөлдерге кең таралған кактус (Cereus), опунция (Opuntia) және Азиялық шөлдерге тән көптеген түрлі шырынды сораңдарды (Salsola) атауға болады; 3) діңі қысқа, бұтақтары көп салаланған, жапырақтары қалың шөл бұталары. Бұған мысал ретінде сексеуіл (Haloxylon), жүзгін (Calligonum) т.б. көптеген бұталарды атауға болады; 4) шымқабат түзетін көпжылдық астық тұқымдастар: бұлардың тамырлары, тамырсабақтары топырақпен бірге өзара ұйысып нығыз біткен шымқабатын түзеді, ылғалдың булануын азайту үшін жапырағы түтікше тәрізденіп ширатыла бүктеледі. Мысалы, шөлдің жатаған боздары (Stipa glareosa, S. gobica, S. capillata), бидайық (Agropyrum) қатарлы өсімдіктер.

Шөл белдемінің жануарлар әлемі айтарлықтай алуантүрлі. Омыртқасыз жануарлардан шөлге тән өкілдерінің бірі – сары құршаян (Buthus eupeus). Ол күндіз тастың асты, бұтаның түбі т.б. көзге шалынбайтын жерде бұғып жатады да, түнде жем іздеп белсенді тіршілік етеді.

Жәндіктерден саяқшегірткелердің (Acrididae), қарақоңыздардың (Tenebrionidae) көптеген түрлері кездеседі (30-сурет).

Қосмекенділер (Amphibia) шөл белдемінде жоққа тән. Орта Азия мен Қазақстанның шөлінде ғана қуаңшылыққа төзімді жасыл құрбақа (Bufo viridis) кездеседі.

Шөл белдемінде бауырымен жорғалаушылардың (Reptilia) көптеген түрі тіршілік етеді. Бауырымен жорғалаушылар – жылу сүйгіш жануарлар, ыстық кезде інге кіріп салқындайды, денесінің ылғалын терісінің қабыршықтары буландырмай жақсы сақтайды, қолайсыз мезгілді (қыста және жаздың аса ыстық, қуаң кезінде) анабиоз күйге түсу арқылы шығынсыз өткізеді, аштыққа аса төзімді. Міне осы сипаттары шөл белдемінің қуаң да қатаң экологиялық жағдайына қарамастан онда бауырымен жорғалаушылардың кең таралуына мүмкіндік туғызады.

Шөл белдемінде жармасқы кесірткелер тұқымдасы (Gekkonidae) мен ешкемер (Agamidae) тұқымдас кесірткелер көптеп кездеседі (30-сурет).

Жармасқы тұқымдас кесірткелердің саусақтарында және құйрығының астыңғы бетінде қандай да бір қатты денеге жабысатын тілімшелері болады. Сондықтан олар қандай да жылтыр заттан таймайды, тіпті әйнектің астыңғы бетіне бір саусағымен ғана жабысып салбырап тұра алады. Орта Азия, Қазақстанның шөл өлкелерінде жылтыр жармасқы (Teratoscincus scincus) кездеседі. Ол құмды шөлдерде мекендейді. Шағыл құм, құмтөбешіктерде тереңдігі 90см-ге жететін ін қазып, күндіз інде жатады. Ымырт жабылысымен інінен шығып, әртүрлі жәндіктерді аулап жейді: шегіртке, шекшек, үлкен қоңыздармен қоректенеді. Гобидың шөлінде кездесетін Пржевальский жармасқысының (Teratoscincus przewalskii) ішін жарып, қорегінің құрамын зерттегенде ол әртүрлі жәндіктермен қатар құршаян (Scorpiones), түкті бүйімен (Solifugaе) де қоректенетіні айқындалған.

Ешкіемерлер тұқымдасынан шөл белдемінде батбат (Phrynocephalus) туысына жататын кесірткелер кеңінен тараған. Әсіресе иірқұйрық батбат (Ph.guttatus), тақыр батбаты (Ph.helioscopus), шұбар батбат (Ph. versicolor) кесірткелер қиыршықтасты, тастақты шөлдерде басым кездеседі. Бұлардың әрқайсысы өзінің түсін тастың, топырақтың түсіне сәйкес өзгертіп қорғанады.



Еуразияның құмды және тастақты шөлдерінде жиі кездесетін кесірткелердің тағы бір тобын кесірлер туысы (Eremias) құрайды. Шөл өлкесіне зытпа кесір (E. velox) жақсы бейімделген. Зытпа кесірлердің әрбіреуі өздеріне тиесілі мекен иеленеді. Мекеніне бірнеше ін қазып дайындайды. Қауып қатер кезінде сол ініне кіріп қорғанады. Мекенін және індерін басқа кесірткелерден қорғайды. Олар жәндіктермен және тұқым, жеміс-жидекпен қоректенеді.





  1. Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   21




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет