1-оқырман: Қазақ халқы ежелден-ақ тіл қадірін біліп, аталы сөзге бағына білген. Шешендерден шыққан қара сөздің өзінде өлеңге бергісіз үйлескен ырғақ болады. Сөз бен сөз өзара ұйқасып жатады.
Үш кемеңгер дүлділім,
Сақтаған ел бірлігін!
Қазақта қара қылды қақ бөлген Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің сөз үлгілеріне зер салайық.
Төле би: Уа, халқым!
Көсіле шабар жерің бар!
Тау көтерген елің бар,
Қол бастайтын ерің бар,
Атадан қалған сара жолың бар
Сөз қадірін біліңдер!
Кітапханашы: Қазыбек есімі қазақ пен қалмақ арасындағы шапқыншылық кезінде екі елдің арасында бітімші болған батыл елші, парасатты тәлімгер ретінде мәлім. Он бес жасында Тайкелтір би бастаған елшілерге еріп барып, қалмақ ханы Қоңтажы тұтқынында жатқан қазақтарды батылдығымен, шешендігімен босатып алады. Қазыбектің қалмақ ханы Қоңтажыға айтқаны:
“Біз қазақ деген мал баққан елміз. Бірақ ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзымызды ақтай берген елміз. Асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз.Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды, ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз.
Сен қалмақ та, біз қазақ,
Қарысқалы келгенбіз.
Сен темір де, біз көмір
Еріткелі келгенбіз.
Танымайтын жат елге
Табысқалы келгенбіз.
Табысуға келмесең,
Шабысқалы келгенбіз.
Сен қабылан да, біз арыстан
Алысқалы келгенбіз.
Тұтқыр сары желімбіз
Жабысқалы келгенбіз.
Берсең, жөндеп бітіміңді айт,
Не тұрысатын жеріңді айт”.
Кітапханашы: Осы сөзді естіп, баланың өнеріне риза болған Қоңтажы хан: “ Қарағым Қазыбек, сен жаңа үйреткен жас тұлпар екенсің. Сенің айтқан сөзіңе менің буыным шыдамай, сіресіп тұра алмады. Сондықтан саған екі түрлі белгі беремін. Біреуі – сенің дауысың қаздың дауысындай қаңқылдап шығады екен, сондықтан бұдан былай “Қаз дауысты Қазыбек” болсын. Екінші – тоқсан жеті жүлдені саған арнап байладым. Бұдан былай сен екі сыбағалы бол” депті. Содан бері Қазыбек би атанып кетіпті.
Енді Әйтеке бидің сөзіне құлақ түрейік:
Әйтеке би: Суалмайтын суат жоқ,
Тартылмайтын бұлақ жоқ.
Тамыры суда тұрса да,
Уақыты жеткенде,
Қурамайтын құрақ жоқ...
Тек жақсыдан өлмейтін
сөз қалады ... – деген екен.
Кітапханашы: Сөз танығыш жастарға үш бидің біреуі он түрлі сұрақ қояды.
Төле би: Айтсам, он түрлі жұмбағым мынау. Бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз, он.
Қазыбек би: Бір дегеніміз – бірлігі кеткен ел жаман.
Екі дегеніміз – егесіп өткен ер жаман,
Үш дегеніміз – үш бұтаққа бөлінген ағайын жаман,
Төрт дегеніміз – төсектен безген жас жаман,
Бес дегеніміз – белсеніп шапқан жау жаман,
Алты дегеніміз – асқынып кеткен дерт жаман,
Жеті дегеніміз – жесір қалған жас жаман,
Сегіз дегеніміз – серпілмеген қайғы,
Тоғыз дегеніміз - торқалы той, топырақты
өлімге бас көрсетпесе, сол жаман,
Он дегеніміз – оңалмас кәрілікке дауа
болмас деген сөзіңіз, – депті.
Кітапханашы: Міне, балалар, ел тірегі болған аталардан қалған асыл сөздердің мән-мағынасын байқадыңдар. Билердің, халық тарихын, әдет-ғұрып, салт-санасын жете білген ел ақсақалдарының, атақты шешендердің жастарға берер ақылы өсиет болып қалған.
Кітапханашы: Бәйге жарысы. Тіл туралы мақал-мәтелді екі топ кезекпен жарыса айтады.
Жүйелі сөз – киелі,
Тіл - көңілдің кілті.
Ең тәтті де – тіл,
Ең ащы да – тіл.
Ең жұмсақ та – тіл,
Ең қатты да – тіл.
Жақсы байқап сөйлер,
Жаман шайқап сөйлер.
Жүзден біреу – шешен,
Мыңнан біреу – көсем.
Үлгілі сөз білмеген –
Надандықтың белгісі.
Біреудің сөзі әдемі,
Біреудің көзі әдемі.
Қызыл тілдің қадірін,
Тоқтағанда білерсің.
Кітапханашы: Осылайша мақал-мәтел жарысы өткізіліп, кезек жұмбаққа келеді.
Жұмбақ:
Сүйексіз ғып жаратқан,
Жұртты аузына қаратқан.
(Тіл)
Өңшең тістің арасында
Бір патша.
(Тіл)
Сүйектен қаланған қорғанда
Сүйексіз күзетші тұрады.
(Тіс және тіл)
О жағы мәрмәр,
Бұл жағы мәрмәр.
Ортасында,
Сандуғаш сарнар.
(Тістер және тіл)
Сырлы сандықта бір сылым ет.
(Тіл)
Жағалай-жағалай тас қойдым,
Жирен атты бос қойдым.
(Тіс, тіл)
Отыз екісі диірмен тартып,
Бір қапқа салады.
(Тіс және тіл)
Көмкерілген қала,
Төңкерілген қала.
Арасында соның
Қызыл шақа бала.
(Тіл)
Екі әскер соғысып жатыр,
Ортасында бір елші.
(Тіс пен тіл)
Қызыл түлкі інінен шықпайды.
(Тіл)
Әрі сүйексіз,
Әрі тиексіз.
(Тіл)
Ақ тоғайдың ішінде
Кісінейді күрең тай.
(Тіл)
Кітапханашы: Екі ішектің бірін қатты,
Бірін сәл-пәл кем бұра.
Нағыз қазақ қазақ емес,
Нағыз қазақ – домбыра демекші енді екі топ домбырамен күй шертіп, ән айтудан жарысады.
Қорытынды бөлім.
Кітапханашы: Балалар, ана тілімізбен бойымызға дарыған қазақ тілінің құдіреттілігі оның өрлігінде, орасан зор байлығында. Тіл мәселесі қазір ең бір шешуші мәселе болып отыр. Қандай табыстарымыз бар?
(Екі топқа кезек-кезек сұрақ тастап, жауап алып отырамыз)
1. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған жыл?
1991 жыл
2. Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясы қашан қабылданды?
1993 жыл
3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі қандай тіл?
Қазақ тілі.
4. Ана тілі үшін, елі үшін құрбан болған азаматтарды атаңдар.
1-оқырман: Ахмет Байтұрсынов, Шәкерім Құдайбердиев,
Жүсіпбек Аймауытов...
2-оқырман: Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай...
3-оқырман: Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров.
4-оқырман: Қуан, далам!
Қуанатын күн бүгін
Серпіп таста (мұңды)
Мұңды жүрек түндігін
“Тіл туралы”
Заңым енді күшіне
Паш еткендей
Кескен жаңа кіндігін.
5-оқырман: Қуан, бабам!
Қуанатын жөнің бар.
Деген едің –
Тіл бар жерде өмір бар.
Халық жауы атандық-ау,
Сол үшін ғұмырыңды
Құрбан етіп жолында ар.
Барлық оқырмандар: Қуан, анам!
Ұзағынан сүйініп,
Сәтіңде көп
Кейде кеткен түңіліп.
Ақ сүтіңмен
Бойға біткен тілімді
Пір тұтамын,
Мен алдыңда иіліп.
(Барлық оқырмандар бастарын иеді)
Соңында Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалады.
ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ АСЫЛ МҰРАСЫ
(Сұрақ-жауап ойыны)
Бірінші топтама: Тұрмыс-салт және тарихи жырлар.
Сұрақтар үлгісі:
1. Төрт түліктің иесін ата?
Қой – Шек-Шек ата
Жылқы – Қамбар ата
Түйе – Ойсыл қара
Сиыр – Зеңгі баба
2. Әдет-ғұрып өлеңдерінің қандай түрлерін білесіңдер?
Жар-жар, Сыңсу, Беташар, Жоқтау, Тойбастар.
3.Нәресте дүниеге келгенде қазақтар қандай жыр айтқан?
Бесік жыры
Екінші топтама: Халық ертегілері мен аңыздары және ертегі кейіпкерлері.
Сұрақтар үлгісі:
1. Қазақ ертегілерінің түрлерін ата?
Қиял-ғажайып, тұрмыс-салт, хайуанаттар жайлы
2. Жаздың қайнап тұрған ыстық күні жылқымды суарайын деп құрық үстіне құрық салып, жау тигендей қуалап, айдын шалқар бір көлге келсем, тақсыр-ай, күннің ыстығын содан білерсіз, көлдің суы кісі бойы, қол ұсыным мұз болып қатып қалыпты. Қазақ халқының қай ертегісінен?
Қырық өтірік
3. Тышқан не айтарын білмей тұрды да, іштей қулық ойлап, жиналғандарға былай деді: “Бұл таластан ешнәрсе өнбес. Жаңа жылды қарай тұралық. Кім бұрын көрсе сол жыл басы болсын”... Бұл қай ертегі?
Жыл басына таласқан хайуанаттар
4. Көктегі, жердегі, жер астындағы өмір туралы жазылған халқымыздың ауыз әдебиетінде ерекше орын алатын батырлар ертегісі?
Ер Төстік
5. “Ұр, тоқпақ” ертегісіндегі үш қасиетті затты атаңдар?
“Піс, қазан”, “Құс, есек”, “Ұр, тоқпақ”
Үшінші топтама: Халық жұмбақтары мен мақал-мәтелдері.
Сұрақтар үлгісі:
1. Отан туралы үш мақал айт.
2. Білім туралы үш мақал айт.
3. Еңбек туралы үш мақал айт.
Жұмбақтың жауабын шеш.
1. Тындырып адам жұмысын,
Тазартып үйдің жуды ішін.
Кейде дауыл соғады,
Кейде ішіне сорады.
(Шаңсорғыш)
2. Ішігіне мұз қатқан,
Өзін-өзі мұздатқан.
(Тоңазытқыш)
3. Жылыны суытпайды
Суықты жылытпайды.
(Термос)
4. Ымырт түсе шығамын,
Таң атқанда батамын.
Көк теңізде шашылып,
Көзімді ілмей жатамын.
(Жұлдыздар)
5. Бір нәрсе білмегенді білгізеді,
Өзіңді тұрсаң қарап күлгізеді.
Жалғанда әңгімесі сондай қызық,
Жаныңды тыңдай берсең кіргізеді.
(Кітап)
6. Бір ұзын ағаш, ағаштың үстінде он екі ұя, әр ұяда төрт-төрт тұқым, әрбір тұқымда жеті балапан бар.
(Бір жыл, он екі ай, төрт жұма, жеті күн)
Төртінші топтама: Батырлар жыры.
Сұрақтар үлгісі:
1. Негізгі тақырыбы елін, жерін қорғауға арналған қазақ фольклорының жанрын атаңдар?
Батырлар жыры
2. Қандай батырлар жырын білесіңдер?
Қобыланды, Ер Тарғын, Қамбар, Алпамыс, Ер Қосай
3. Батырлар жырының ең көнесі?
“Алпамыс батыр” жыры
4. Қобыланды батыр жырындағы батырдың адал жары, ақылшысы?
Құртқа
5. Қай жырда Сыпыра жырау аталық сөз айтады?
“Ер Тарғын” жыры
6. Алпамыс батырдың сәйгүлігі?
Байшұбар
7. Қобыланды батырға қарсы шыққан айлалы қалмақ батыры?
Алшағыр
8. Батырлар жырының ішінде ең алғаш хатқа түсіп, жарық көрген жыр?
“Ер Тарғын”
9. Алпыс үйлі арғынды, тоқсан үйлі тобырды асыраған, кедей шаруадан шыққан алып, күшті батыр?
Қамбар батыр
10. Қамбарға ғашық болған бай қызы
Назым
Бесінші топтама: Лиро-эпостық жырлар.
Сұрақ үлгілері:
1. Қандай лиро-эпостық жырларды білесіңдер?
Қозы-Көрпеш – Баян сұлу, Қыз Жібек, Айман-Шолпан
2. Қазақ лиро-эпосының ішіндегі ең көнесі?
“Қозы Көрпеш – Баян сұлу”
3. Әуелеп ұшқан алты қаз,
Жерге неге қонбайсың.
Сіздер тірі мен өлі
Жатырсың неғып демейсің?
Қасірет-қайғы халімді
Неге келіп білмейсің? – бұл қай жырдағы кімнің зары?
“Қыз Жібек” жырындағы Жібектің Төлегенді
жоқтап алты қазға айтқан зары
4. “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жырын алғашқы зерттеуші қазақ ғалымы?
Ш.Уәлиханов
5. Махаббат мұнарасы – “Еңлік – Кебек” зираты қай жерде орналасқан?
Семей облысы, Абай ауданы, “Шұбар-Төбе” тауында
6. “Қыз Жібек” жыры алғаш рет қай жылы баспа бетін көрді?
1894 жылы
7. Қозы Көрпеш – Баян сұлу мазары қай жерде орналасқан?
Семей облысы, Аягөз ауданы, Таңсық селосына таяу жерде
КӨҢІЛДЕН ШЫҚҚАН КӨРІКТІ ОЙ
Тектілік те тілден
Қазақ халқы жаратылысынан текті, намысқой, жаны таза, тілге шебер ел болғаны ақиқат. Оған өткен тарихымыз, хандарымыз бен батырларымыздың, би-шешендеріміздің қалдырған істері мен әділ де тапқыр, жақсылық пен жамандықтың арасын ақ пен қарадай ашып айтқан асыл сөздері куә.
Осы сөздер арқылы қасиетті аталарымыз, ақ жаулықты аналарымыз көргенділіктің, мәрттіктің, тәлім –тәрбиенің небір жақсы жол-жобасын, жөн-жосығын айқындап кетті.
Мұны олар жазу-сызусыз-ақ ұтымды ой, өткір сөз, өтімді тіл арқылы құлаққа құйып, қанға сіңіріп, көңілге тоқытып жасай білуі де халқымыздың өзіндік бір ғажап болмысы әрі ерекшелігі екенін еріксіз мойындайсың. Қазіргілердің кейінгі ұрпаққа не жасап қалдырғанын тарих өзі таразылай жатар.
Бұрынғы аталарымыз ел мен жер, қазына, ұлағатты тәрбие, салт-дәстүр қалдырып кетті. Сондай ұлылықтардың бірі – адалдық пен адамдық және соған лайық сөздер.
Қазақ “текті”, “жақсы” деген бір ауыз сөз арқылы адамды өсіріп, “тексіз”, “жаман” деген бір ауыз сөз арқылы өшіріп отырған.
“Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын,
Жаманның жамандығын айт, құты қашсын!” деп ажар, беделіне қарамай, жер-жебіріне жеткізе, ақ алмастай кесіп айтқан ғой және айта алған ғой.
Өнер алды – қызыл тіл (шешендік өнердің 7 қағидасы).
1. Дүниеде тыңдаушыларының өзі жақсы білетіндерін өздеріне тәптіштеп айтып жатудан жаман нәрсе жоқ. Сенің өзгеге айтқаның кісіге білім беретіндей, оның жүрегін қозғайтындай нәрлі болу керек. Нәрсіз, дәмсіз сөзді сөйлемеген жақсы.
2. Өз сөзін қадірлейтін кісі тыңдаушысын да қадірлейді. Тыңдаушыларды қадір тұта сөйлеген адамның сөзі тартымды болады.
3. Сөйлегенде әрбір сөзің анық, дәл, айқын естілетін болсын. Дауысың булығып шығып, бір сыдырғы әуенмен, жігерсіз, баяу сөйлейтін болсаң, айтқаның қанша қызықты болғанымен, тыңдаушыларды тез жалықтырады, олардың көңілі басқаға ауып кетеді. Сөйлеушінің дауысы құбылмалы әрі жайдары болуға тиіс. Құр айғайлап кетудің де керегі жоқ. Сенің дауысыңнан әрқашан байсалдылық, сенім, табандылық сезілетін болсын.
4. Сөзің тартымды болсын десең, оған аздап болса да бет-әлпет, қолдың қимылын қатыстыр. Бірақ, жөн-жосықсыз қолыңды оңды-солды сермей беру жараспайды. Мұндай жеңілтектік тыңдаушыларды алаңдатып, көңілін басқа нәрсеге аударуға себепкер болады. Ең керегі – байсалдылық, тағы да байсалдылық.
5. Тыңдаушыларға көз қырын салмай, екі көзін қағаздан алмай сөйлейтін кісіні жұрт онша ұнатпайды, біреу жазып берген сөзді оқып, өзгелерді алдап тұрғандай көрінеді.
6. Айтайын деген ойыңды әбден ығыр болған, үйреншікті сөздерден бастама. Онда сөзің тартымды болмайды, өзгелер ықыласпен тыңдамайды. Ойыңды өз сөзіңмен, әдеби тілге тән сөздермен, әсерлі, қызықты етіп жеткізуге тырыс. Сөз арасында мақал-мәтелді, кейбір өлең жолдарын, нақыл сөздер мен қанатты сөздерді келтіріп отырсаң, теріс болмайды.
7. Айтқан сөзің қысқа, әрі тұжырымды болсын. Аз сөзбен көп нәрсе айтуға тырыс. “Көп сөз - көмір, аз сөз – алтын” екенін ешқашан есіңнен шығарма.
ЖҮЙЕЛІ СӨЗ, ЖҮЙРІК ОЙ
СӨЗ ТАПҚАНҒА ҚОЛҚА ЖОҚ
Сөйлер сөзге, тілге адамзат сонау көне дәуірдің өзінде-ақ ерекше мән берген. Ғасырдан ғасырға жетіп, бірден-бірге ұласып жатқан ел аузындағы небір ғажайып аңыз, әңгімелер, көне мақал-мәтелдер, жазба деректер осының айғағы тәрізді. Қай халықтың тарихына үңілсеңіз де, өнер алды саналатын қызыл тілге, шешендік өнерге байланысты небір керемет асыл сөздерді табасыз. Табасыз да сүйсінесіз.
Елдігін сақтағысы келген қай халық болмасын, ең алдымен, тілін сақтауға әрі ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып көшіп, мирас боп ұласып отыратын мәдени-тарихи қазынаны келер буынға қастерлеп, қасиеттеп ұзатып салатыны да мәлім. Төмендегі аңыз да осыны дәлелдейді.
“Тіл бас жарады, бас жармаса, тас жарады” деген тарих мақұлдайтын шындық бар. Атақты ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпеев осы орайда мынадай аңыз әңгімелейді:
Сонау “Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама” жылдарында бір көк ала бие он бес ауылды асырауға жарапты, бір мерген он бес ауылды асырапты. Биеден бір сауғанда бір үлкен көнек сүт шығады екен. Иесі “көз тиеді” деп биесін сайдан-сайға жасырып сауады екен.
Бір күні бір сайда жасырып сауайын деп жатса, көз ұшында төрт кісі көрінеді. Келіп қалады-ау деп асығып сауа береді. Бірақ олар келгенше сауып бола алмапты. Кісілер келіп қалған соң, амалсыз түрегеліп, бір қара тасты алып, “тіл болсаң тасқа тіл” деп, сүттің ішіне тастай беріп, көнектің бетін жаба қояды.
- Мана көз ұшында біз көргеннен биені сауып отыр едің, сонан бері биені сауып отырдың ба, жоқ, жай отырдың ба, біз тамаша қылып, білейік деп келіп едік, - депті.
- Биемнің жуырда иімейтұғын жаман мінезі бар еді, сол мінезі ұстап, күні бойы иімей, жаңа ғана сіздердің алдыңызда зорға иіді.
- Бәсе, солай болар, манадан бері сауып отырған болсаң, бір көл болып ағарлық болды, - деп жолаушылар жүріп кетеді.
Кісілер кетісімен сүтті сабасына құйса, көнектің түбіндегі қара тас төрт бөлінген екен. “Адам тілі тас жарады, тас жармаса, бас жарады” деген содан қалған екен. Егер ол тасты салмаса, биеге кәрін салады екен.
СӨЗ ҚАДІРІ
Өте ертеде бір қадірлі шешен қария келте дүниеден көз жұмарында қасына ұлын шақырып алып:
- Балам, мен ұзамай дүние саламын. Әкем қазына қалдырмады деп қамықпа. Ел ішінде қалдырып бара жатқан асыл мұрам бар. Соны іздеп тап, қадірле, қастерле, - дейді. Мұны естіген бала әке мұрасын іздеймін деп табанынан таусылып, ел кезеді, таба алмайды. Ойы он саққа кеткен бала бір күні ел ішіндегі абзал қарияға келеді.
- Әкеңнің сөзі рас, балам. Оның саған қалдырған мұрасы – тіл. Ол шешен адам еді ғой... Бәріміз сөйлеуді сенің әкеңнен үйрендік. Тілден қымбат қазына жоқ, - деп аталы сөздің шешуін айтыпты.
БАСҚА ПӘЛЕ ТІЛДЕН
Ертеде бір данышпан өмір сүріп, оның үш ұлы, бір қызы болыпты. Қызы да, ұлдары да ақылды болып, ер жетіпті. Айдан ай, жылдан жыл өтеді. Әкесі әбден қартаяды. Күндердің бір күнінде шал ұйықтай алмай, дөңбекши береді. Мұны сезген кемпірі мен қызы:
- Сізге не болды, бір жеріңіз ауырып жүр ме, жоқ әлде алыс жүрген балаларыңызды сағынып жүрсіз бе? – дейді.
- Иә, сағындым. Оның үстіне бір арманым ішімде кетіп барады.
Сонда қызы әкесінің алдына келіп:
- Арманыңызды айтыңыз, мүмкін көмегіміз тиіп қалар, - дейді. Шал айтады:
- Ешқандай құпия жоқ. Менің үш ұлымның үшеуі де ақылды. Сонда да біреуінің ақылы артығырақ болуға тиісті. Соны білу - менің арманым.
Қызы ойланып:
- Ой, ата, осыған да қиналасыз ба? Қыдырып барып балаларыңызды сынап келіңіз, - деп қыз бен кемпір жол қамына кіріседі. Азығын, сусынын дайындап, атын ерттеп беріп, жолға салып жібереді. Аз жүрді ме, көп жүрді ме, кім білсін. Бір күні үлкен ұлына жетеді. Баласы зор құрметпен қарсы алып, қолынан келгенінше сыйлайды. Екі-үш күн жатып мауқын басып, төртінші күні қайтпақшы болады. Баласы тағы да қой алдырып сойғызады. Тамақ піседі, етін қазаннан түсіріп қойып, нанын салып жатқанда, шал баласына қарап:
- Қарағым, ана етіңнің жақсы жерінен бір кесіп берші, - дейді. Ұлы жақсы жері дәуде болса, санның еті шығар деп, сан етінен кесіп береді. Шал аздап ауыз тиіп, қойып қояды.
- Балам, енді жаман жерінен бір кесіп берші, - дейді. “Еттің де жаман жері бола ма?” – деп ұлы сәл ойланып тұрып, жаман жері дегені тіс өтпейтін сіңір шығар деп сіңірден кесіп береді. Сіңірді алып, аздап ауыз тиеді. Артынша тамақ та келеді. Тамағын жеп, сыйына риза болып, ел-жұртпен, баласымен қоштасып қайтады.
Данышпан жүріп отырып, екінші ұлына келеді. Екінші ұлы да зор құрметпен қарсы алып сыйлайды. Әкесі қайтар күні бірінші ұлына қойған сауалын қояды. Екінші ұлы да бірінші ұлының істегенін қайталайды. Ол енді үшінші ұлына келеді. Үшінші ұлы да зор құрметпен қарсы алып, сыйлайды. Қайтар күні екі ұлына қойған сауалын кіші ұлына да қояды. Сонда кіші ұлы мұнда бір сыр бар шығар деп ойлайды. Сосын бастың тілінен кесіп береді.
- Балам, енді жаман жерінен бір кесіп берші, – дейді. Баласы тағы да тілден кесіп береді. Сонда әкесі:
- Балам, мұның қалай, жақсы жерінен кесіп бер десем, тілінен кесіп бердің, жаман жерінен кесіп бер десем тағы да тіл бердің, - дейді. Баласы:
- Ой, ата-ай, сіздің сынап отырғаныңызды біліп тұрмын. Жақсы да, жаман да, ұрыс та, керіс те, өсек те, бәрі де осы тілден шығады. Екі елі ауызға төрт елі қақпақ дегендей, әр адам өз тіліне сақ болса, еш уақытта ұрыс-керіс болмас еді. Басқа пәле тілден, - деген екен. Қарт үшінші ұлының ақылдылығына өте риза болып қайтады.
СӨЗ ҚҰДІРЕТІ
Елкей ханның әмірі жүріп тұрған заманда Оңғар деген әрі ақын, әрі жыршы кісі өмір сүріпті. Менмен хан бір жиында Оңғарды атымды тұсап кел деп жұмсайды. Оңғар “бармаймын” деуге қатыгез ханнан қорқады. Атты тұсап болып, жоғары қарағанында қарақұстың ұясына көзі түседі. Ұядағы бір балапанды қойнына тығып ала қайтады.
Қайтып келіп:
Ханеке, атыңызды тұсап келдім,
Бүгін бір мал баққанға ұқсап келдім.
Жарлыда жарылқайтын ештеңе жоқ,
Мінеки, балаңызға құс ап келдім, -
деп қойнындағы балапанды ханға ұсыныпты. Сөзден жеңілген хан ақыннан ат-шапан айып беріп құтылыпты.
СӨЗ АНАСЫ НЕ?
Сырым Үргеніштің ханына барып жүз көріс қылған. Хан Сырымның атағына сырттай қанық: “Қазақтың өзі шешен, өзі батыр кісісі”, - деп естиді екен. Хан Үргеніш шешені мен Сырымды айтыстырыпты:
Үргеніш шешені:
- Сөз анасы не?
Су анасы не?
Жол анасы не? – деп сұрайды.
Сырым батыр:
- Сөз анасы – құлақ,
Су анасы – бұлақ,
Жол анасы – тұяқ! – деп жауап береді.
ҚОНАҚ НЕШЕ ТҮРЛІ БОЛАДЫ?
Есентемір Бөленді Асау шешен қонаққа шақырып отырып:
- Е, Бөлен! Сізден бір-екі ауыз сөз сұрайын, рұқсат па? – депті.
- Е-е, шырағым, сұра! – депті Бөлен.
- Құдайдың бергені, үйден қонақ кетпейді. Бірі кетсе, бірі келеді. Біреулері бір келмейді, бірнеше келеді. Осыларды келініңіз көріп: “Мынау тағы келе жатыр ма?” – дейді. Бұл неткені? – депті Асау.
- Ол келіннің ырысы кеткені, - дейді Бөлен.
- Ауылдың жас балалары кәрі қонақты жақтырмайды, соны күтуден ерінеді. “Осы шалдарға не жоқ, қыдырды, жеді, бірсыпыра қызықты көрді, енді үйлерінде жатса қайтеді?” - дейді. Бұл неткені?
- Ол балалардан ерік кеткені.
- Бөлен! “Қонақ-қоңсы” дейді қазақ. Қонақ деген кім, қоңсы деген кім?
- Қонақ деген мына мен, жылына бір рет шақырумен келемін. Қоңсы деген мыналар, - деп айналадағы кісілерді көрсетеді. Пәленнің үйіне келіпті, барып амандасайық деп келеді.
- Ал, Бөлен! Қонақ неше түрлі болады?
- Қонақ төрт түрлі болады:
Арнайы қонақ,
Құдайы қонақ,
Қыдырма қонақ,
Қылғыма қонақ.
Енді Бөлен Асаудан:
- Жігіттің неше жұрты бар? – деп сұрайды.
- Жігіттің үш жұрты бар деп ойлаймын, - дейді Асау.
Қайын жұрты – міншіл,
Өз жұрты – күншіл,
Нағашы жұрты – сыншыл.
Сонда Бөлен:
- Жігіттің төрт жұрты болатын еді, біреуін тастап кеттіңіз. Ол – елінің азаматы. Бәрінен де артық сол еді-ау! – депті.
БАЛДАН ТӘТТІ НЕ БАР?
Бауадат дейтін жігіттің сұрақтарына Назым деген қыздың берген жауаптары:
- Балдан тәтті не бар, қылыштан өткір не бар?
- Балдан тәтті бала бар, қылыштан өткір тіл бар. Удан ащы - әдепсіз адамның аузынан шыққан сөз бар.
АТА ТҰРЫП ҰЛ СӨЙЛЕСЕ ЕРЖЕТКЕНІ БОЛАР
Сырым жиырма алты жасында бір жолдасымен Нұралы ханның үйіне барса, хан Қараман тана Малайсарымен сөйлесіп отыр екен.
- Балалар, аман ба? – депті де, елемей өздері сөйлесе беріпті. Сырым жолдасына дауыстап:
- Жүр, кетейік, бұлар бізді адам деп отырған жоқ қой! – дейді.
Малайсары жалт қарап:
- Ата тұрып ұл сөйлегеннен без,
Ана тұрып қыз сөйлегеннен без.
Сырнайдай сарнаған мына бала кім еді? – дейді.
- Ата тұрып ұл сөйлесе, ер жеткені болар,
Ана тұрып қыз сөйлесе, бойжеткені болар, - дейді Сырым.
- Сен толған екенсің, мен тозған екенмін, - деп Малайсары сонда Сырымды қасына шақырған екен.
АЛЫСТА НЕ АЛЫС?
Байдалы қартайып үйден шықпай, күндіз-түні төсекте жататын болды дегенді естіп Мұса мырза іздеп келіпті. Байдалы шешен қараша үйінде бөстекке оранып жатыр екен. Мұсаның қолын алып, жөнін сұрап амандасыпты да, кәріліктің жайын айта беріпті.
- Ой, кәрілік-ай, сөздің өзі бала, тербетсе оянады, тербетпесе оянбайды, заманым өтті ғой! – дей беріпті.
Мұса қонып, қонақасын жеп, таңертең жүрмек болады.
- Е, шырағым, еліңе не айтып барасың? – депті Байдалы.
- Мен не айтайын, ел ағасы болған Байдалы еді, енді кәрілікпен алысып жатыр екен деймін-дағы, - депті Мұса.
- Шырағым, оның рас. Үш ауыз сөз сұрайын, соны шешіп беріп кетші! – дейді қарт. Мұса “айтыңыз” деп тыңдайды. Байдалы қарт сонда:
- Алыста не алыс?
Жақында не жақын?
Тәтті де не тәтті? – дейді.
Мұса ойланып:
- Жер мен көктің арасы алыс,
Кісіге туыс жақын,
Бала тәтті, - депті.
Сонда Байдалы қарт басын көтеріп:
Достарыңызбен бөлісу: |