- Балам, ақылың әлі алқымыңнан асқан жоқ екен. Білімді мен білімсіздің арасынан алыс жоқ, жаннан тәтті жоқ. Бала қанша жақсы болса да, шығарда адамның өз жанынан тәтті жоқ. Жақында ажал жақын, - депті.
ЖИРЕНШЕ ШЕШЕН
Бір күні хан нөкерлерін ертіп, серуенге аттаныпты. Еріккен ханға ермек керек, қасына Жиреншені шақырып алып, сампылдап әңгімені соғып келеді. Күн желдеу болса керек. Бір адырдан аса бергенде, ханның алдынан жел қуған бір түп қаңбақ домалап, ұшып бара жатады.
- Уа, Жиренше, анау қаңбақ қайдан келеді, қайда барады екен? Сұрап келші! - дейді хан.
Жиренше шауып ала жөнеледі: жетіп барып, қаңбақты қамшымен ұрып тоқтатып, біраз бөгеледі де, аздан кейін қоя беріп, ханға қайтып келеді. Жел қуған қаңбақ бөгелсін бе, домалай жөнеледі.
- Ау, Жиренше, сөйлестің бе, не айтты қаңбақ? Қайдан келеді екен, қайда барады екен дөңгеленіп? – дейді хан.
- Сөйлестім, тақсыр! Сөгіп салды өзімді! – деп жауап береді Жиренше.
- Ал, айт, қаңбақтың не дегенін?
- Тақсыр, соны сұрап не қыласыз. “Желдің өтінен шықтым, ығына қарай ығып барам: желге ұшам, сайға қонам, оның несін сұрайсың? Білмеуші ме едіңдер? Ұшарымды жел біледі, қонарымды сай біледі. Осыны сұрата жіберген хан ақымақ па, сұрай келген сен ақымақ па?” деді де, қаңбақ ұша жөнелді, тақсыр, – дейді Жиренше.
Хан ұялғаннан ешнәрсе дей алмай қалыпты.
* * *
Сырым батыр елден сырғып Хиуа хандығында жүрсе, бір той үстінде мақтанған Хиуа ханы Сырымға:
- Қазақта ас-мас, ет-мет, жігіт-мігіт деген жалғама сөздер көп көрінеді, солардың мәнісі не? – деп сұрайды.
- Сұрауыңызға тойдан кейін жауап берейін, - дейді Сырым батыр.
Тойда Сырымның аты бәйгеден келеді. Жолдасы палуан күресінде жығып, бәйге алады. Тойдың ойын-қызығы бітіп, жұрт тарқар алдында Сырым ханның манағы сұрауына былай деп жауап қайырады:
- Бізде той жасағанда жұртқа қой сойып – құйрық, жылқы сойып – қазы тартады. Сусынға қымыз береді. Соны “ас” дейді. Ал мынадай тастабаққа салып тартқан шөп-шалам мен сусынға берген шайды “мас” дейді. Сәйгүлікті сынайтын жарыста озып келген жүйрікті “ат” дейді, артында қалған тұғырды “мат” дейді. Алқа топтың алдында палуанға түсіп, алып ұрған ерді “жігіт” дейді, жер қауып, жығылған еркекті “мігіт” дейді. Қазақтың “ас-мас”, “ат-мат”, “жігіт-мігіт” дейтін жалғас сөздерінің мағынасы осы, хан.
ҚАРЫЗ БЕН ПАРЫЗ
Кезінде талай адамға жақсылық істеп едім. Не керек, соның бірде-бірінен қайыр-жақсылығымның қарызы қайтпады, - деп налыған бір адамға досы отырып:
- Онда өкінетін ештемең жоқ екен, достым. Өйткені, біреуге қылған қайыр-жақсылық әлдебір алаяқ саудагердің несиеге беретін қарызы емес, адамшылықтың парызы ғой, - депті.
Досының бұл сөзінен ұялған әлгі адам содан былай өзгеге істеген жақсылығы жайында жұмған аузын ашпайтын болыпты.
ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ БАЙ ҚАЗЫНАСЫ
Жұмбақтар
Секунды жоқ
“Тық-тық” еткен,
Есесіне
“Қыт-қыт” еткен,
Қанаты бар,
Сағатым бар.
(Әтеш)
Бір елдің атында,
Бір елдің аты бар тағы да.
(Иордания-Дания)
Ашатын,
Жабатын,
Есігі болмайтын,
Кілтін салатын,
Құлпысын қоймайтын,
Сонда да ел көзінше
Бір қақпа бар қорғайтын.
(Футбол қақпасы)
Логогрифтер
Алдына ап,
Табаққа сап,
Жеді асап,
Палау жасап
Артуға бармас ар,
Көтере алмас нар,
Мейіз, алма, анар,
Қанар-қанар.
Үй иесіне қатаң,
Тапсырып, дедік: “Атаң,
Оятсын атпай таң,
Шығамыз аулап аң”.
Омонимдер
Жеміс өскен бақты,
Күзетіп бақты.
Түс ауа,
Салқындады ауа.
Малға бай,
Бұл бір бай.
Ағарып таң атты,
Суғарып кел, атты.
Ең үлкен ата,
Атын ата.
Анаграммалар
“Б” – дан бастасаң –
Жейтін тамақ,
“Б” –ны алып тастасаң –
Байтақ аймақ.
(Бөлке - өлке)
“Б” – дан бастасаң –
Киім киетін,
“Б” алып тастасаң –
Жеміс теретін.
(Бөрік - өрік)
Метаграммалар
Түп нұсқа –
Лас жер сасық.
Екі шеткі әрпін қысқартсаң –
Қырынан тұрған асық.
(Шалшық – Алшы)
Түп нұсқа –
Мезгіл жарық.
Екі шеткі әрпін қысқартсаң –
Мұхит алып ...
(Күндіз – Үнді)
Омофондар
Сіріңке шағып,
Шамды жағып,
Есікті жауып,
Дем ал жатып.
Үйде Санақ,
Болмай салақ,
Есептеп, санап,
Оқыды сабақ.
Шарадалар
Алғашқы түбір сөз –
Малдың түрі,
Екінші түбір сөз –
Жыл аттарының бірі,
Екеуін қосып оқысаң –
Үй құсы ірі.
(Түйе + тауық =Түйетауық)
Алғашқы түбір сөз –
Қай сан? Тап.
Екінші түбір сөз –
Сұйық зат,
Екеуін қосып оқысаң
Жерге қойған ат.
(Жеті + Су = Жетісу)
Алғашқы буыны –
Ұя ішіне жиған,
Екінші буыны –
Шөпке тұнған,
Екеуін қосып оқысаң –
Илеп, кірпіш құйған.
(Бал + Шық = Балшық)
Әріп жұмбақтар
Санда бар,
Сапада жоқ.
Хаңда бар,
Қарада жоқ.
(Н)
Иекте бар,
Бетте жоқ.
Сүйекте бар,
Етте жоқ.
(К)
Тауда бар,
Таста жоқ.
Жауда бар,
Доста жоқ.
(У)
Тазыда бар,
Итте жоқ.
Қазыда бар,
Сүтте жоқ.
(З)
Жаңылтпаштар
Мына мұнаралар
Мына мұнаралардан
Биік мұнаралар
Мұнараларға шығар жол
Мың бұралар.
Мұнараларды бұлар
Мың аралар.
* * *
Шыңға шынар өскен
Шынар сыңар өскен.
Сыңар шынар-шымыр шынар
Сыңар шынар деме, сынар.
ТІЛ ӨНЕРІ МЕН СӨЗ
ҚҰДІРЕТІ ТУРАЛЫ
/Мақал-мәтелдер/
Өнер алды – қызыл тіл.
Тіл тас жарады,
Тас жармаса, бас жарады.
Ат жүйрігі асқа,
Тіл жүйрігі басқа.
Шешеннің сөзі мерген,
Шебердің көзі мерген.
Бір тәуекел бұзады,
Мың қайғының қаласын.
Бір жақсы сөз бітірер,
Мың көңілдің жарасын.
Тіл буынсыз, ой түпсіз.
Шешеннің тілі,
Шебердің бізі.
Тіземнен сүріндірсең, сүріндір,
Тілімнен сүріндірме.
Тіл қылыштан өткір.
Бас кеспек болса да,
Тіл кеспек жоқ.
Адам көңілінен азады,
Тілінен жазады.
Қотыр қолдан жұғады,
Пәле тілден жұғады.
Ашуың келсе қолың тарт,
Айтпас жерде тілің тарт.
Тіл жүйрік емес,
Шын жүйрік.
Аузы құлып сандықты,
Тіс ашпаса, тіл ашар.
Түйін-түйін сырыңды,
Түбінде келіп шын ашар.
Тілдің майын тамызып,
Сөздің балын ағызып,
Қас шешендер сөз айтар.
От ауызды, орақ тілді.
Адам көңілінен азады,
Тілінен жазады.
Аяққа кісен салуға болар,
Тілге кісен салынбас.
Сөз тапқанға қолқа жоқ.
Ұлт қасиеті – тілінде,
Құс қасиеті – қанатында.
Тіл палуаннан жығылмайды.
Тілі өлген ел – тірі өлген ел.
Тіл байлығы – ақыл байлығы.
Тілдің анасы – халық.
Басы – көсем,
тілі – шешен,
қолы – шебер.
Тіл - алтын қазына.
Тіліңді биіктет,
Өзгеге сүйікті ет.
Барам десең болашаққа,
Тіліңді таза сақта.
ТЫЙЫМ СӨЗДЕР
Қазақ халқының тәрбие құралдарының бірі – тыйым сөздер. Бұл сөздер есі кірген балаларды жаман әдет, жат пиғыл, орынсыз қылық, теріс мінездерден сақтандырып отырған. Тізені құшақтау – жалғыз қалудың, қолды төбеге қою – жұрттан безінудің, үлкеннің жолын кесу - әдепсіздіктің, асты төгу – ысыраптың белгісі деп таныған және ондай ерсі істерге қатаң тыйым салған.
Мұндай тыйым сөздер ел ішінде көп. Оның бәрін қамти алмағанмен, кейбір үлгілерін беруді жөн көрдім.
Дастарханды, тамақты баспа.
Малды, ыдысты, тамақты теппе.
Түнде үй сыпырма, тырнағыңды алма.
Үлкендердің жолын кеспе, сөзін бөлме.
Бүйіріңді таянба, жер таянба, иегіңді таянба.
Бетіңді баспа.
Тізеңді құшақтама.
Өтірік жылама.
Қолыңды қусырма.
Жақын адамға пышақ сыйлама.
Аққуды атпа.
Нанды жерге тастама, үстіне басқа зат қойма.
Мойныңа белбеу жіп салма.
Бейуақытта жылама, ұйықтама.
Адамға қарап түкірме, есінеме.
Нанды бір қолыңмен үзбе.
Тамақты сораптап ішпе.
Қолыңды төбеңе, желкеңе қойма.
Өтірік күлме, өтірік ауырма, өтірік сөйлеме.
Түрегеп тұрып немесе жатып тамақ ішпе.
Көп ішінде қатты сөйлеме, қатты күлме.
Жұрт алдында құлағыңды, мұрныңды шұқыма.
Мақтаншақ болма, тәкәппар болма.
Әйелге күш көрсетпе.
Тәңертеңгі асты тастама.
Бала бетіне үрлеме.
Тырнағыңды тістеме.
Пышақты шалқасынан қойма.
Таңдайыңды қақпа, басыңды шайқама.
Көп сөйлеме.
Ата-анаңа қарсы келме.
Дініңді сатпа, ұлтыңды сатпа, арыңды сатпа.
Ұрлық қылма, зорлық қылма.
Әдепсіз сөзді айтпа, өтірік айтпа.
Кісі төсегіне отырма.
Шақырмаған жерге барма.
Саусағыңды аузыңа салма.
Үлкеннен бұрын отырма, жатпа.
Жұлдызды, адамды санама.
ӘН-ЖЫР ШАШУ
АНА ТІЛІ
Сөзі Т.Молдағалиевтікі
Әні Қадырбай Аманжоловтікі
Бір ауыз сөз үйреніпсің бүгін де,
Менің ана тілімде.
Қазақ болып туғаннан соң, бөбегім,
Қазақ болып өлген жақсы түбінде.
Барлық тілді үйренесің сен әлі,
Жігіт болып саналы.
Қайда жүрсең өз еліңді ұмытпа,
Өз еліңнің туын көтер жоғары.
Мен анамды ұғындым деп мақтанам,
Тілін білдім, жырын білдім сақтаған.
Өз анасын сыйламаған пақырлар
Отанын да сыйлап көрген жоқ, балам.
Ұлым менің, бұл сөзіме бағарсың,
Жанар кезде өзің де от боп жанарсың.
Менің қазақ жүрегімді ал, тілімді ұқ,
Ал басқасын өзің тауып аларсың.
ҚАЗАҚ ТІЛІ – ҒАЖАП ТІЛ!
Сөзі: Сайлаубай Тойлыбаевтікі
Әні:Гүлмира Қаналиеванікі
Жанымды, әттең, қажап тұр
Көңіл бөл, тілге аз-ақ бір
Жүрекпен ұғып, тыңдасаң
Қазақтың тілі – ғажап тіл.
Қайырмасы
Әуені қандай “саз” мұңды
Түсіреді еске наз күнді.
Атадан қалған қазақтың
Мақалы қандай мазмұнды.
Өткір тіл, отты жалынды
Тербетер мынау жаныңды
Қазақтың шешен сөздері-ай
Қозғайтын жүрек, қаныңды!
Қайырмасы
Көкейге нақыл ілінген
Іздеймін терең білімнен
Қазақтың даңқын көтерген
Айналдым қазақ тілімнен.
АНАМНЫҢ ТІЛІ – АЯУЛЫ ҮНІ
Сөзі Шона Смаханұлынікі
Өмірге келдім,
Анамды көрдім,
Деді ол: “Жаным”,
Арайлы таңым.
Самал боп желпіп,
Жырымен ертіп,
Үйретті тынбай,
Сол тілін, әнін
Қайырмасы:
Анамның тілі – Айбыным менің,
Анамның тілі – Ай, Күнім менің.
Сүйемін байтақ елімді туған,
Сүйемін мәңгі өмірді думан.
Мектепке келдім,
Ұстазды көрдім.
Тыңдадым сөзін,
Табынып, сүйіп.
Анамның тілі –
Аяулы үні.
Жүрекке нұрын
Жіберді құйып.
Қайырмасы:
Көңілге көрік,
Өмірге серік.
Әсем ән-жыр,
Қайрат, қуатым.
Сөйлесем мыңға,
Өрлесем шыңға.
Анамның тілі-
Асыл мұратым.
СҮЙЕМ ӨЗ ТІЛІМДІ
Сүйсем өз тілімді,
Боламын білімді:
Өз тілім үйретер,
Өнерді, ғылымды.
Сүйем өз тілімді.
Әдібай Табылды
АНА ТІЛІ САБАҒЫНДА
-Ана тілі тым оңай!
Деп Күлдірген тыңдамай
Терезеге қарады,
Теректерді санады.
Оны көріп мұғалім,
Қойды кенет сұрағын:
-Айтшы, тұрып сен енді
Анықтауыш дегенді.
-Анықтауыш ... Әрине ...
Анықтайды бәрін де ...
Күбір сөзі ұзарып,
Күлдірген тұр қызарып.
Ана тілін білмесең,
Аһ ұрасың күнде сен.
Әдібай Табылды
АНА ТІЛІҢ – АРЫҢ БҰЛ
Ана тілің біліп қой,
Еркіндігің, теңдігің.
Ана тілің біліп қой,
Мақтанышың, елдігің.
Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте!
Қ.Мырзалиев
АНА ТІЛІНЕ ТАҒЗЫМ
Ана тілі – біздің туған анамыз!
Анамыздай сыйлап, бағып-қағамыз.
Ана тілін бағаласақ, қалай біз
Өзіміздің сондай болмақ бағамыз.
Ана тілін кім аялай білмесе,
“Анасынан безген ұл!” – деп қараңыз.
М.Әлімбаев
АНА ТІЛІ
Ақыл-ойын адамның
Ана тілден аламын.
Ана тілім ардақты,
Ақ сүтіндей анамның.
Өсірген ой білімді,
Сүйем туған тілімді.
Мақсат етем әр сөздің
Мәнін терең білуді.
Ә.Табылды
АНА ТІЛІМ
Ана тілім – ұраным,
Ана тілім – құралым,
Ана тілім – болмаса
Мықты болмас тұрағым.
Ана тілім – елдігім,
Ана тілім – ерлігім.
Ана тілім – болмаса
Бүтінделмес кемдігім.
С.Кәттебайұлы
АНА ТІЛІ
Мейірі мол балаға
Барлық, барлық анаға,
Басымызды иеміз,
Бабамыздың тілі деп.
Даламыздың үні деп,
Ана тілін,
Ана тілін,
Ана тілін сүйеміз.
Ш.Сариев
Туған тілім – бабам тілі - өз тілім.
Туған тілім – анам тілі - өз тілім.
Туған тілім – далам тілі - өз тілім.
Туған тілім – адам тілі - өз тілім.
Д.Әбілев
АХМЕТ БАЙТҰРСЫНОВ РУХЫНА
Қасиет атаулының барлығы да
Халықтың кірігеді нарлығына ...
Өзіңді ұйпаса да өрттей тағдыр,
Артыңда тот шалмайтын қалды мұра.
Ана тіл ғылымының Абайысың,
Туғандай ұрпақтардың талайы үшін.
Сақтаған жүрегінің күмбезінде
Туған ел сені өлімге қалай қисын?!
Ғұлама, халық жанды ғазиз бабам!
Халқыңнан бір сәтің жоқ ажыраған.
Келесің өлмей жасап, шырақшы боп,
Ана тілі – асыл жиған қазынаға.
Алуан алыс-жақын көршіміз де
Сыйлаған, қызыққан да өршіл ізге:
Сен – Адам-Академия! Сахарада
Тарихтың бұйырғаны еншімізге!
Аққудай қайта қондың Ақкөліңе,
Қазақтың қайта отырсың қақ төрінде!
Бірінші кластықтар жазып жатыр:
“Әділдік”, “Ақиқат” деп дәптеріне!
М.Әлімбаев
АНА ТІЛІМ, КҮМБІРЛЕ САРАЙЫМДА!
Тілін білген Абылай, Абайым да,
Құдырет берген ана тіл талай ұлға.
Қасиетті сол тілдің арқасында
Ерікті ел боп алысқа қарайын да.
Ана тілім, күмбірле сарайымда!
Тағдырым, даралама тілден мені,
Тіл – елмен қауыштырар іргемдегі.
Тіл – елмен табыстырар алыстағы,
Аспандатар жердегі жүрген мені.
Тілмен өрлер мерейім өрлесе де,
Тілсіз бақытын басынан ел кешер ме?
Тілер едім таусылса ақтық демім,
Жерлеңдер деп тілменен жерлесең де...
Ерекше бір сән беріп көшке бүгін,
Келе жатыр жаңғырып өшкен үнім.
Ана тілім рухымды көтереді,
Самал тербеп тұрғандай текше гүлін.
Өмір кешіп басынан ала құйын,
Жат жерінде күңіренткен дара күйін;
Атамекен,
Аңсаған Ана тілін,
Арманда өткен Мысырда Фарабиім!..
Көме түсіп көкірекке кекті мұңын,
Жетпіс жылды өңгеріп өтті күнім.
Ана тілмен жазған ғой Мұса Жалил
Түн – түрмеде отырып отты жырын...
Ана тілсіз тарих та жасалмайды,
Ана тілсіз іс өрге баса алмайды.
Желмаяның үстінде желіп жүріп,
Күңіренбеген тектен –тек Асан Қайғы
Тілін білген Абылай, Абайым да,
Құдірет берген Ана тіл талай ұлға.
Қасиетті тілімнің арқасында
Ерікті ел боп алысқа қарайын да.
Ана тілім, күмбірле сарайымда!..
* * *
Бәлкім, дарыр жаныңа сенің де өнер,
Сонда ғана бір жүгім жеңілденер.
Қара бұлттар айығып аспанымнан,
Күңгірт тартқан жан дүнием көңілденер.
Ана тілмен сомдалар тыныстағы үн,
Ана тілді мен дәйім пір ұстадым.
Ана тілдің жолында ұғын, балам,
Садақа ғой
Даңқ пен күміс тағың!..
М.Айтхожина
АХМЕТ ЖӘНЕ АНА ТІЛІ
Қазақтың әсте елеңдер
Аз емес лағыл-жақұты ...
Ахмет, ақаң, кемеңгер –
Ана тілінің бақыты.
Ұрпағын ақын мінесе,
Ұға ма мәңгүрт,
Мақаулар?!
Алтындай қымбат мың есе
Ахмет тапқан атаулар.
Жылына емес,
Күніне
Жүз мәрте кіріп майданға,
Құдыреті бар тіліне
Құдырет қосқан пайғамбар.
Ұйқылы-ояу өмірде
Оятты ол неше жұртымды,
Сезінбес бұлай Тәңір де
Өзі жаратқан бір тілді!
Біліңіз!
Жақсы біліңіз!
Ұстаңыз есте ұдайы:
Қашан да
Ана тіліміз –
Қазақтың басты құдайы.
Қ. Мырза-Әли
АРДАҚТА, АНА ТІЛІҢДІ!
(Ахмет Байтұрсынұлы монологы)
Балғын ұрпақ, жолыңа нұр тіледім,
Аулақ болғай сендерден мұң сілемі.
Ана тілін қорсынар кейбіріңнен
Жәбірленіп, жаныммен түршігемін.
Көшкен елмен өмірдің күн шуағын,
Кейде ауыр ойлардан тұншығамын.
Ана тілім – қасиетім жырымдағы,
Тілім бітсе, халқымның құрығаны.
Сәлем саған, жас буын жалғастарым,
Болашақта сендермен жалғасамын.
Тек жалғасам қазақтың тілі арқылы,
Ана тілін ауадай ардақтағын!
Сақтар болсаң халқыңды – тілді сақта,
Баға жетпес мұра жоқ тілден басқа!
Тілден өзге жиһаздың бәрін түгел,
Базарлайсың қалтаңда ақшаң жатса!
Ә.Сәрсенбаев
СОЛ ТІЛМЕНЕН ДҮНИЕНІ АТТАДЫМ
Сол тілменен дүниені аттадым,
Таптым бүкіл тіршіліктің атауын.
Жатты онда уыз сүті ананың,
Жатты онда аманаты атаның.
Сол тілменен махаббатқа тіл қаттым,
Сол тілменен талай гүлді жырлаттым.
Сол тілменен сәбилерді сөйлетіп,
Талайлардың көз жастарын құрғаттым.
Сол тілменен аспан көрдім, жер көрдім
Сол тілменен көгершінге жем бердім.
Сол тілменен дүниеден кетемін,
Сол тілменен дүниеге мен келдім.
С.Мәуленов
ҚАЗАҚ ТІЛІ
Күш кеміді, айбынды ту құлады;
Кеше батыр – бүгін қорқақ, бұғады.
Ерікке ұмтылған ұшқыр жаны кісенде,
Қан суынған, жүрек солғын соғады.
Қыран құстың қос қанаты қырқылды,
Күндей күшті, күркіреген ел тынды.
Асқар Алтай – алтын ана есте жоқ,
Батыр, хандар – асқан жандар ұмытылды!
Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың,
Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың ...
Алтын Күннен бағасыз бір белгі боп,
Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың!
Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен – тілім,
Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім.
Тарап кеткен балаларыңды бауырыңа
Ақ қолыңмен тарта аларсың сен, тілім!
М.Жұмабаев
АНА ТІЛІМ
Ана тілім –
Анам тілі болғаннан,
Ана тілім -
Бабам тілі болғаннан,
Далам тілі,
Балам тілі болғаннан,
Арғы-бергі Заман тілі болғаннан ...
Темірқазық жұлдызым деп ұқтым мен,
Жаза басып,
Жаңылыссам жолдардан,
Бағыт сілтеп,
Бағдарымды оңғарған!
Тірлігімнің,
Бірлігімнің нәрін мен
Жұтар ауам,
Ішер суым, дәміммен –
Тіл деп ұқтым,
Тіл деп ұқтым бәрін мен
Құдыретті тәңірден!
Жара түссе жазатайым жаныма
“Айналайын!” деген сөзден табылды ем.
“Тіл өлгеннен - өлмейді адам”, - дегенді
Көп естідім,
Бірақ оған мен енді
сенген жоқпын,
Тілсіз, ділсіз адамдар
көкірегі – көр, сезімі – тас керең-ді,
Көре алмайтын Биіктікті,
Ұға алмайтын Тереңді!
Сусыз, нұрсыз өспейтіндей гүл,
Тілсіз, жырсыз тіршілік те тұншығар.
Аспан, Жердің амандығын апаттан
Сақтап тұрған қасиетті Тіл шығар,
Тіл болмаса үнсіздікке кім шыдар?
Жалғасқанда жақсылықтың жолы әман,
Дүние – думан,
Шалқып – толқып толар ән.
Сырым – жырым,
Әнім – күйім,
Зар – мұңым,
Қуанышым – бұла күшім,
Таң нұрым –
Бабам тілі,
Анам тілі, бол аман!
Е.Зікібаев
ҚАЗАҚ ТІЛІ
Орта жолда бүріп тастап оқ құзғын,
Құлап жаттым құшағында көк мұздың.
Қасіретімді қазақ тілін қанат қып,
Төрт бұрышты дүниеге жеткіздім.
Көкірегінен атылса да оқ күздің,
Жаз етіп мен күздің өзін өткіздім.
Шаттығымды қазақ тілін қанат қып,
Төрт бұрышты дүниеге жеткіздім.
С.Мәуленов
* * *
Ей, туған тіл! Ата-анамның бал тілі!
Көп нәрсе ұқтым дүниеден туған тілім арқылы.
Анам алғаш осы тілде бесік жырын жырлаған,
Ұзақ түндер анам айтқан ертегілер тыңдағам.
Ей, туған тіл! Ертелі-кеш қуатыңмен өзіңнің,
Қаршадайдан шаттығымды, қайғымды да сезіндім.
Ей, туған тіл! Туған тілде тілек айттым мың рет,
Ата-анамды, мен пақырды жарылқа деп, құдірет!
Ғ.Тоқай.
ТУҒАН ТІЛ ТУРАЛЫ ТӨРТТАҒАНДАР
Уақыттың желі аңызақ, күні небір,
Заманның болмай тұр ғой мұңы жеңіл.
Күн-көрік, ай-шырайлы Ана тілім!
Айнаңды сүрткім келер күніге бір.
* * *
Бұл кімнің қайдан шыққан бүлігі еді:
“Қазақ тілі – көшпенді тілі” деді.
Аристотель қазақша сөйлеп кетсе
Грекшесі пәс шығар ... кім біледі?!
* * *
Қазақ тілі – парасат тілі нағыз;
Төле - толғау ...Абай – ой... шырын – аңыз...
Сайратып қойып Әбіш, Ақселеуді,
Сабырмен тыңдай берсек, тынығамыз.
* * *
Тіл арқылы асқақтар мінбе кейде,
Ғасырларда қорланар тілде бейне.
Күй сазындай күмбірлеп, әндей ескен
Алты жүз эпосы бар тіл кедей ме?!
* * *
Қадырын сұлу білмес өз көркінің,
Ару тіл жайлап жаяр саз толқынын,
Шәкірт курд... тілші жапон ... елші венгр...
Сұрайды қазақшалап сөз төркінін.
* * *
Алаңсыз серуен күнге, думан түнге,
Халқымды, - деп іздедім, - қуанту не?
Түбі бір түркі тілдер кенішінен
Қазына қанша әкелдім туған тілге?!
* * *
“Ана!” десем ана тілі ойға оралар.
Баладай қуанарсың тойға барар.
Тыңдасаң көне аңыздан көркем нақыл
Олжам да қанжығама байлап алар.
* * *
Тере білсек бір – бір ауыз қара өлең,
Неше миллион інжу-маржан шамамен?!
Қанша гүлден “қазақ тілі бақшасы,
Қандай дана өлшер қандай бағамен?!”
* * *
Ерке тіл, еркелеткіш тілім – кенім:
“Еркежан, айналайын, күнім менің,
Ақ ботам, қоңыр қозым, алтын айым”,
Қанша рет жүрек толқып, сүйінгенің!
* * *
Ана тілім ырысты ма, кұнды ма?
Деп сұрамас, тегін білген сұңғыла.
Туған тілде ас қайырған сайын да,
Оқығандай серпіліп қал бір дұға.
* * *
Шұлғытар орыс тілді Олжастарды,
Жарқырат қазақ тілі алмастарын.
Халқына олжа салған айта алады,
Кім қосты сандығыңа мен қосқанды?!
* * *
Жұпарлы қырда алуан гүлдер таптым,
Өміршең өзіміздің тілден таптым.
Тіл екен жемістісі, жұпарлысы,
Аялап халық баққан гүл мен бақтың.
М.Әлімбай
АРТЫҚ БОЛМАС БІЛГЕНІҢ...
ТІЛ СЫРЫНА САЯХАТ
Дүние жүзінде халық та, соған орай тіл де көп. Ғалымдар соңғы кездерге дейін дүние жүзінде екі мыңнан астам немесе үш мыңға жуық тіл бар деп келген еді.
1980 жылы Герман Федерациялық Республикасында жарияланған мағлұматтарға қарағанда 5661 тіл бар екен.
Қазір дүниеде 2796 түрлі тіл қолданылады. Қолданатын жан саны 50 миллионнан асатын тіл – 13. Егер бұл тілдерді қолданатын жан санының аз-көптігіне қарай тізсек, реті мынандай болады: қытай тілі, һинді-ордо тілі, ағылшын тілі, испан тілі, итальян тілі. Бұл тілдер 65 мемлекетте мемлекеттік тіл ретінде қолданылады.
Дүние жүзінде ресми тіл саны алтау: қытай тілі, ағылшын тілі, орыс тілі, испан тілі, француз тілі, араб тілі.
Дүниедегі барлық аударма шығармалардың 33% ағылшын тілінен аударылса, 15 % - француз тілінен, ал 1% неміс тілінен аударылады.
Жалпы 6 мыңға жуық тілдің 100-і ғана мемлекеттік деген статусқа ие болған. 1989 жылы «Тіл туралы» Заң қабылданғаннан бері қазақ тілі де осы мемлекеттердің қатарына кіргеніне қуаныштымыз.
Достарыңызбен бөлісу: |