Қазақстан Республикасы электр энергиясының көтерме сауда нарығының функционалдық құрылымы мыналарды қамтиды:
электр энергиясының орталықсыздандырылған сатып алу-сату нарығы (электр энергиясын сатып алу-сатудың екіжақты шарты);
электр энергиясын қысқа мерзімді (спот-сауда), орта мерзімді (апта, ай) және ұзақ мерзімді (тоқсан, жыл) негізінде сатып алу-сату мәмілесін жүзеге асыратын электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығы;
Қазақстан Республикасы БЭЖ-інде электр энергиясын өндіру-тұтынудың нақты және шартты мөлшері арасында операциялық тәулікте туындайтын сағаттық теңгерімсіздіктерді табиғи және кейіннен қаржылық реттеу мақсатында жұмыс істейтін нақты уақыт режимінде теңгерімдеуші нарық;
мемлекеттік стандарттармен белгіленген ҚР БЭЖ жұмысының сенімділігін және электр энергиясының сапасын қамтамасыз ету үшін ҚР БЭЖ Жүйелік операторы жүйелік қызметтер көрсетуді және Қазақстан Республикасы электр энергиясы нарығының субъектілерінен қосалқы қызметтерін сатып алуды жүзеге асыратын жүйелік және қосалқы қызметтер нарығы.
Қазақстан Республикасы электр қуатының нарығы. Қазақстан Республикасы электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектілері арасында туындайтын қатынастар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасымен, Қазақстан Республикасының электр энергиясы көтерме сауда нарығын ұйымдастыру және жұмыс істеу қағидаларымен, басқа да нормативтік құқықтық актілерімен және электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектілерінің арасындағы шарттармен реттеледі.
Энергия өндіруші ұйымдар Қазақстан Республикасы электр энергиясының көтерме сауда нарығында электр энергиясын өндіру және сату бойынша қызметті мына талаптар орындалған жағдайда жүзеге асырады:
Қазақстан Республикасы заңнамасымен қарастырылған тәртіпте лицензиясының болуы;
ұлттық және (немесе) өңірлік электр желісіне қолжетімділіктің болуы;
электр энергиясының көтерме нарығына кем дегенде 1 мегаватт (бұдан әрі - МВт) көлемінде орташа тәуліктік қуатын жеткізу және олардың біріздендіруін Жүйелік операторда орнатылған жүйелермен қамтамасыз ететін коммерциялық есептеу, телекоммуникация жүйелерінің болуы.