Плевралық қуыс қысымы.Плевралық қуыс қысымын өлшеу үшін қатар орналасқан қабырға аралығына жуан имек ине тығып, оның сыртқы ұшын "U" тәрізді манометрмен жалғастырады. Плевралық қуыстағы қысым сырттағы ауа қысымынан төмен болады, сондықтан онымен жалғасқан сынап бағанасы жоғары қарай көтеріледі, ал атмосфералық ауамен жалғасқан сынап бағанасы төмен түседі. Демшығару кезінде, плевра жапырақтары аралығындағы қысым атмосфералық қысымнан 3 мм төмендейді. Атмосфералық ауа қысымы сынап бағанасы бойынша 760 мм-ге тең болса, плевралық қуыстағы қысым 3 мм кем болғандықтан, ол 760-3 757 мм-ге тең болғаны, бұл қысым "-3" мм деп белгіленеді.
Демалуда көкірек қуысы кеңейеді де, плевралық қуыс қысымы одан әрі төмендеп - 6 мм-ге теңеледі. Терең дем алған кезде - 9-15 мм-ге дейін төмендейді. Сонымен плевралық қуыс қысымы әр уақытта атмосфера қысымынан төмен және өкпе неғұрлым қатты созылса, соғұрлым төмен болмақ. Демек, плевралық қуыс қысымын теріс қысым деп тану керек. Тыныс тереңдеген сайын плевра қуысында теріс қысым мөлшері арта түседі.
Теріс қысым ауаның өкпеге кіруін, яғни демалуды жеңілдетеді, венадағы қанның жүрекке қайтып оралуын қамтамасыз етеді: плевра жапырақшалары аралығындағы қысымның төмендеуіне байланысты көкірек қуысындағы үлкен веналар мен жүрекше кеңейіп қанды жүрекке қарай тартады.
Өкпенің серпімділігі.Өкпеде серпімді тіндер көп. Сондықтан да ол созылып қайта тартылып алғашқы қалпына келе алады. Өкпе ширығуы мен созылуы тығыз байланысты. Созылған өкпе тінін бұрынғы қалпына келтіретін күш серпін күші деп аталады. Өкпе неғұрлым созылғыш келсе, оның серпімділігі де соғұрлым жоғары болады.
Жасы келген адамда өкпенің созылу дәрежесі су бағанасы бойынша 200 мл/см-ге тең, ал жасқа толмаған балада 5-10 мл/см. Өкпе ауруларын анықтауда бұл көрсеткіштерді пайдалануға болады.
Өкпенің жалпы сыйымдылығы .Тынысалу барысында ауа тыныс жолы арқылы өкпеге кіріп, оттегін берген соң сыртқа шығып отырады. Өкпеге дейін кіріп-шығатын ауаның мөлшері демалу мен демшығарудың тереңдігіне байланысты. Біркелкі тыныштық жағдайда демді ішке жәй тартып сыртқа шығарса өкпеге дейін кіріп-шығатын ауаның мөлшері адамда 500 мл-дей болады. Осы жәй дем алғанда тыныс ағзаларына еніп қайта шығатын ауаның мөлшерін (көлемін) қалыпты тыныс ауасы (ҚТА) деп атайды. ҚТА тұтасынан өкпе көпіршігіне барып жетпейді, оның 150 мл-і тыныс жолын толтырады да, газ алмасу үрдісіне қатыспайды. Сондықтан тыныс жолын толтырған ауаны "өлі" кеңістік ауасы деп атайды. Сөйтіп сырттан келіп түскен ауаның 350 мл-і ғана өкпеге барып газ алмасу үрдісіне қатысады.
Демді әдеттегідей жай ғана ішке тартып қоймай, одан әрі демді әлі келгенше тереңдете түссе, адам ҚТА-сына қосымша 1500 - 2000 мл ауаны жұта алады. Осылайша қатты дем алғанда ҚТА-сына қосымша жұтылатын ауа көлемін резервтік (қосымша) демалу ауасы (РДАА) дейді.
Қалыпты тынысалу кезінде әдеттегідей дем шығарып, дем алмастан күшпен дем шығарса, тағы да сыртқа 1000-1500 мл ауа шығаруға болады. Мұны резервтік (қосалқы) демшығару ауасы (РДША) дейді. Бұл ауа қалыпты жағдайда өкпеде сақталады, тек демді қатты шығарғанда сыртқа шығады, сондықтан бұл қор ауа деп те аталады. Сонымен үш түрлі ауа қалыпты тыныс ауасы, резервтік демалу ауасы және резервтік демшығару ауасы бірігіп өкпенің тіршілік сыйымдылығын (ӨТС) құрады. ӨТС = ҚТА+РДАА+РДША
ӨТС = 500 мл + 2000 мл + 1500 мл = 4000 мл.
Былайша айтқанда ӨТС дегеніміз - терең дем алып, іле-шала терең дем шығарған кезде сыртқа шығатын ауаның көлемі. ӨТС ересек адамда 3500-5500 мл. ӨТС адамның жасына, жынысына, бойына, дене еттерінің (оның ішінде тыныс еттерінің) күшіне (ширақтығына) байланысты болады.