Тынысалудың реттелуі.Тынысалудың жиілігі, тереңдігі оттегінің адамға қажет мөлшеріне және қандағы көмір қышқыл газ деңгейіне сәйкес өзгеріп отырады. Бұл сәйкестілік жүйке жүйесі арқылы реттеледі.
Демді ішке алу, шығару, тынысалу еттерінің жиырылуы арқылы іске асырылатыны белгілі. Тынысалу еттерін жиырылтатын жүйке нейрондары жұлын мен ми құрамына кіреді: диафрагмалық жүйке нейрондары жұлынның ІІІ-IV мойын сегментінің алдыңғы ашасында, ал қабырғааралық еттердің жүйке жасушалары жұлынның көкірек сегменттерінде орналасқан. Егер жұлын мен мидың түйіскен жерін кесіп тастаса, тынысалу тоқтайды. Ал жұлынның сопақша мимен байланысын бұзбай, оны мойын бөлімі мен көкірек бөлімінің түйіскен жерінен көлденең кессе, диафрагма еттері бұрынғысынша жиырыла береді, мұның арқасында тынысалу тоқтамайды, бірақ қабырғааралық еттер тынысалу үрдісіне қатыспайды. Демек, бұл тәжірибелер тынысалу ми мен жұлын арқылы реттелетінін көрсетеді.