С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университети
Реферат
Тақырыбы : М.Дулатовтың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі
Орындаған: Мұратжан Ақниет
Тексерген : Абишева Ж.Р.
Міржақып Дулатұлы (1885—1935) — қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы, жалынды көсемсөз шебері, либералды-демократияшыл зиялылардың бірі.
Туған жері — Торғай уезінің, Сарықопа облысының бірінші ауылы(қaзipri Қостанай облысының Жанкелді ауданына қарасты "Қызбел" ауылы). Әкесі — Дулат аймағына аты шыққан шебер кісі болған, ер тұрман жасап, етік, мәсі тіккен. Шешесі — Дәмеш ойын тойдың базары, әнші кісі болған. Әкесі балаларын жастайынан оқуға береді. Алғашқыда бала Міржақып ауыл молдасынан оқып, хат таниды. Молдадан екі жыл оқығаннан кейін, 1897-1902 жылдары, ауыл мектебінде орысша оқытатын Мұқан мұғалімнен дәріс алады. Бұл мектеп Міржақыптың білімін толықтырумен қатар, азамат ретінде қалыптасуына да аса зор ықпал жасайды, Мұқан мұғалім ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин іргетасын қалаған оқу орнының, дәлірек айтқанда, Торғай қаласындағы уездік орыс-қазақ мектебінің түлегі болатын. Өз шәкірттеріне де ол осы рухта тәлім-тәрбие, терең білім береді.
Міржақып анасынан екі жасында, әкесінен он екі жасында айырылып, ағасы Асқардың қолында тәрбиеленеді. Асқар әкесі Дулаттың Міржақыптың оқып, білімді азамат болып, өсуін армандаған тілегіне сай, інісінің оқуын әрі жалғап, білім алуына ерекше көңіл бөледі. Ауылда туып, ауылда өскен, ауылда оқып, ауылда қызмет етіп, «ауыл мұғалімі» атанған зерделі жас ауыл тұрғындарының ауыр тұрмысын, теңдігі жоқ аянышты хәлін көріп, түңіле түршігіп, тебірене толқиды.
Бұл кезең патша өкіметінің отаршылдықты қазақ даласында күрт күшейтіп, қалың елге тізесін қатты батырып тұрған шағы болатын. Бұл жағдай сол кездегі қазақтың көзі ашық, оқыған, зиялы азаматтарына қозғау салды. Наразылық туды. Күресудің жолдары қарастырылып жатты. Оның негізгі жолы ретінде оқуға, білім алуға ұмтылыс күшейді. Бірте-бірте халық саяси құбылысқа айналып, ел ішінде отаршыл саясатқа қарсы ұлт-азаттық идеялары туындады. Патшалық Ресей де бірінші буржуазиялық-демократиялық дүмпудің қарсаңында болатын.
Езілген еліне ес болуға, жоғын жоқтап, мұңын мұңдауға серт байлайды. Халық ісіне бар болмысымен бүтіндей беріліп, «Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі, Пайдалан шаруаңа жараса, алаш!» деп бар даусымен жар салады.
Өз бетінше талпынып, білім жинап, орыс тілін жетік меңгерген Міржақып орыстың озық ойлы азаматтарының еңбектерімен танысуы арқасында замана тозаңын суырып, дүниені дүр сілкіндірер дауылды күндердің тақап келе жатқанын өзгелерден бұрын сезеді.
Міне, осындай күрделі кезеңде, 1904 жылы Міржақып Омбы қаласына келеді. Осында ұлт зиялыларының ұстазы Ахмет Байтұрсынұлымен кездеседі. Бұдан кейінгі уақытта біpi — ұстаз, бipi — ізбасары ретінде жұптарын жазбайды. 1905 жылы Міржақып Ахмет Байтұрсынұлымен бipre Қарқаралыдағы саяси-бұқаралық жұмыстарға қатысады. 1905 жылы патша өкіметіне қазақ халкының атынан петиция жазушылардың қатарында болады.
Кең даласында алаңсыз өмір сүріп, мал бағып жатқан бейқам халқын: «Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты, Өткізбей қараңғыда бекер жасты» деп жырымен жұлқылап оятып, оларды білімге, ел үшін пайдалы іс әрекетке шақырады. Бүкіл халықтың еркіндікке жетуінің басты шарты түнек болып торлаған қараңғылық ұйқысынан ояну, дүр сілкініп, надандықтан арылу деп білген ол: «Оян, қазақ!» деп ұрандаудан танған жоқ. Сондықтан да оның үні қалың ұйқыдағы қазағын құлағының түбінен «маса» болып, маза бермей ызыңдап оятуды мұрат тұтқан өзінен он екі жас үлкен рухани ағасы Ахмет Байтұрсынұлының үнімен қатар естіліп, қазақ даласын қатар шарлады. Сол егіз үн тарих мінбесінен қатар көрінген екі алыптың қашан соңғы демдері таусылғанша, тағдыр талқысымен екеуі екі жақта жүрсе де, қуғынға түсіп, қамауға алынса да үзілмей, қатар естіліп тұрды. Ол екеуі екі атадан туса да, бір туған бауыр еді, екі баспен ойласа да, қорытар ойы бір еді, екі ауызбен сөйлесе де, шығар сөзі бір еді. Өйткені оларды туыстырған халқының мүддесі, ойландырған халқының қамы, сөйлеткен халқының мұң зары болатын. Сондықтан да халқы оларды жанашыр жақыным деп білді, олардың жұбын жазбай, «Ахаң, Жахаң» деп бірге атады. Пенделік бар қазақтан бас тартап, халқының бақыты үшін күрескен есіл ерлерді өз халқының жауы атандырып, кешегі күні Қызылдың қызылкөз жендеттері екеуін еріксіз айырып, екі жерде атып өлтіріп, атын өшіреміз дегенде де халқы олардың асыл есімдерін есінен шығарған жоқ, аялап жүрегінде сақтады, ардақ тұтты.
1906 жылы Петербургке барып қайтады. Бұл сапарынан ол саяси күрескер ғана емес, шабытты ақын болып оралады. 1907 жылы Петербургте шыққан "Серке" газетіне “Жастарға" деген өлеңін, бүркенпік атпен "Біздің мақсатымыз" деген мақала жариялайды. Мақалада Міржақып қазақ халқының басындағы қиын жағдайдың анық себептерін саралап, отарлық саясатты әшкерелейді. Патша өкіметі мақала авторын тұтқындамақ болғанмен, бүркеншік аттың иесін таба алмайды. 1909 жылы Петербургте М. Дулатұлының "Оян, қазақ!" атты өлеңдер жинағы жарық көреді. Бұл кітап та патша әкімшілігінің қуғындауына ұшырайды.
1913 жылы ол Ахмет Байтұрсынұлымен бipre "Қазақ" газетін шығарып, басылымның бұдан кейінгі жұмысына белсене араласады. 1920 жылы Ташкентке келіп, сондағы “Ақ жол" газетінде қызмет атқарады. 1922 жылы жазықсыз қамауға алынады. Түрмеден шыққан соң, 1922-1926 жылы Орынбордағы ағарту институтында оқытушы болады. 1928 жылдың аяғында бip топ қазақ зиялыларымен бipre қамауға алынады да, он жылға сотталып, 1935 жылы тұтқында қайтыс болады.
Міржақып Дулатұлы — әдебиеттің әр түрлі жанрына қалам тартқан қаламгер. Алғашқы кітабы — "Оян, қазақ!" деген атпен Петербург қаласындағы жарық көрген өлең жинағы. Одан кейін 1913 жылы Орьнборда "Азамат", ал 1915 жылы "Терме" атты өлеңдер кітаптары басылып шығады. Ақын өлеңдерінің басты такырыбы—ел тағдыры болды. Алғашқы кітабы "Оян, қазақ!" жұртшылық арасында ауыздан-ауызға, қолдан-қолға тез тарап кетеді. Қайта басылады. Кітаптың нeriзгi мазмұны халықты оятуға, әділетсіздікпен күресуге шақырған өлеңдер құрады. Сол себепті де кітап тұтқындалып, авторы қуғынға ұшырайды.
Өзінің шығармашылық жолын ә дегеннен өлеңнен бастаған Міржақып проза жанрына да қалам сілтейді. 1910 жылы оның осы жанрдағы туындысы "Бақытсыз Жамал" романы Қазан қаласында басылып шықты. Бұл - қазақ әдебиетіндегі таза көркем проза үлгісінде туған тұңғыш роман еді. Кітап 1914 жылы екінші peт басылды.
Бұл жылдары Міржақып бірқатар мақалалар мен фельетондар жазады. 1922 жылы Ташкентте екі бөлімнен тұратын "Есеп кұралы" оқулығын бастырады. "Балқия" пьесасын жазады.
М. Дулатұлының шығармалары қазақ елінің тәуелсіздік алған кезінен бастап кеңінен жариялана бастады. 1991 жылы шығармаларының бip томдық, ал 1996-1997 жылдары екі томдық жинақтары жарык көрді. М. Дулатұлы шығармашылығы жөнінде ғылыми зерттеулер жүргізіліп, бірқатар кітаптар мен мақалалар жарияланды.
Ұлтқа деген адалдықдың үлгісін көрсеткен Алаш ардақтыларының бірі – Міржақып Дулатұлы (1885-1935 жж). Пәлсапалық таным, саяси көзқарас және қоғамдық өмірдегі іс-әрекеттері тұрғысынан Міржақыптың табиғаты Махатму Гандидің тұлғалық болмысына жақын дейді көптеген зерттеушілер. Өзінің бүкіл саналы ғұмырында Міржақып «ізгілік философиясын» насихаттап өткен. М.Дулатұлының қабілет-қарымының жан-жақтылығы адамды таң қалдырады. Ол – журналист, жазушы, публицист, тарихшы, лингвист, түріктанушы, филиолог, географ, педагог, ақын, композитор, мемлекет қайраткері, ойшыл... Ол – қазақ халқының Әнұранының авторы. Карелияда айдауда жүрген жылдары дәрігер мамандығын игерген. Сөйтіп, Міржақып халықтың рухани жан жарасын ғана емес, тән жарасын да емдеп жазуға тырысқан. Ол математика пәні бойынша оқулық жазып шыққан. Қазақша айтқанда, нағыз жетпіс жеті қырлы, бір сырлы асып туған ер. 1935 жылы Соловецк лагерінде тұтқында жүріп қаза тапты.
Бүгінде Шығыстан шыққан кемеңгердің тұлғалық болмысы Қазақстанның аумағынан асып, әлемдік маңызға иә болып отыр. Токио университетінің ғалымы Уямо Томихиконың Міржақыпты зерттеуін оның бір дәлелі ретінде айта кетуге болады. Жапондық ғалымның ғылыми диссертациясының тақырыбы – «ХХ ғасыр басындағы қазақ интеллигенциясының дүниетанымы: Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ» кітабы».
Жапондық ғалым аталмыш тақырыпты зерттеу барысында негізінен екі түрлі тезисті жетекшілікке алыпты. Біріншіден, Орта Азия мен Қазақстан бұрынғы патшалық Ресей мен кейінгі Кеңестер Одағының шеткі өлкесі ғана емес, бұл тұс үш «әлемді» – Орталық Еуразия, мұсылмандық және ресейлік кеңестік құрылысты тоғыстырып отырған аймақ деп атаған. Ал, енді, осы «үш әлем» үздіксіз өзара қарым-қатынас жасап, бір-бірімен және басқа әлеммен ықпалдасып, ұдайы өзгеріске түсіп отыратындықтан, ол міндетті түрде зерттелуі тиіс. Екіншіден, Орта Азия мен Қазақстан көпшілік шетелдік ғалымдар ойлағандай мономазмұнды субстанса емес. Керсінше, мұнда көптеген ұлттар мен ұлыстар тұрады, әртүрлі саяси күштер мен әлеуметтік топтар өмір сүреді. Бұл өлкенің маңыздылығы да, күрделілігі де нақ осында жатыр.
Осы негізгі екі қағида бойынша, Уямо Томихико М. Дулатұлының «Оян, қазақ», «Бақытсыз Жамал», т.б шығармаларын түбегейлі зерттеуге кіріседі. Оның таңдап алған тәсіл ғалымға ХХ ғасыр басында қазақ интеллигенциясының дүниетанымы, саяси көзқарасы және қоғамдық ой-сана қандай болғанын анықтауға мүмкіндік береді.
Енді ғалымның зерттеу тұжырымдарынан бірер мысалдар кетсек, артық болмас. «Дулатов өзінің мұсылмандық түсінігі бойынша жадидизм идеясына жақын. Ол панисламдық, пантүркілік көзқарастан ада».
«Дулатов патшалық отарлықты қатал сынады, бірақ орыс халқымен жаулық қатынаста болған жоқ. Ол қазақтардың Ресей арқылы әлемдік өркениетке қол жеткізе алатынына сенімді болды». «Дулатов туған халқының тағдыры мен болашағын ғылым мен техниканың жетістіктерімен байланыстырды. Ұлт интеллигенциясының қалың бұқараны білім мен ғылымға жетелей алатын маңызын ескере отырып, оларды осы бағыттарда тыңбай еңбектенуге үндеді. Ол жастарға ерекше үміт артты, жастарға уақытты босқа кетірмеуге шақырды». « Дулатов, біріншіден, өзін қазақпын деді, содан кейін ғана барып, екіншіден – мұсылманмын, үшіншіден, Ресей азаматымын деп таныды. Қазақ қоғамының жаңғыруын ол ең алдымен еуропалық өркениеттен, сосын мұсылмандықтан іздеді»...
Токио университетінің ғалымы Уямо Томихиконың Алаш арысы туралы айтқан ғылыми тұжырымдарының бір парасы осындай. Ол Міржақып Дулатұлыны осылай деп танып білген екен.
Достарыңызбен бөлісу: |