Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министірлігі
М.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН УНИВЕРСИТЕТ
" Химия және химиялық технологиялар негіздері" кафедрасы
Реферат
Тақырыбы:Химияны оқыту құралының функциясы
Орындаған:Умирбек Әсем
Қабылдаған:Куляш Байжігітова
Тобы:ХТ-19-10К2
Химияны оқыту құралының функциясы
Методикалық әдебиеттерде оқыту құралдарына табиғи объектілер және олардың алуан түрлі бейнелері, оқу жоспары, бағдарламалар, оқулықтар мен оқу құралдары, мұғалімге арналған методикалық әдебиеттер жатқызылады. Осылардың соңғылары химияның тілімен жазылады да, алғашқылары тіл арқылы білім көзіне айналды.
Химияның ғылыми тілі дегеніміз не, оның кәдімгі ұлттық немесе табиғи тілге қатынасы қандай? – деген заңды сұрақ туады. Таным мен қатынас құралы ретінде пайдалынылатын табиғи тіл көп құрылымды болып келеді, атқаратын қызметі де сан алуан. Кез келген хабармен әр ғылым өзінің бір құрылымды ғылыми тілін жасауға тырысады. Оларды жасанды тіл деп атайды, химияның тілі де арнайы қызмет атқаратын жасанды тілдерінің бірі.
Кейде химия тілін химия ғылымының бір бөлігі деп қарайды. Әр ғылымның зерттейтін объектісі (ақиқатты болмыс), зерттеу нәтижесінде алынған білім жүйесі (қоғамдық сананың бір түрі), оны тіркеп, заттандыратын таңбалар жүйесі (ғылыми тілі) болады.
Әдетте, тар мағынадағы түсініп осы үшеуінің ішінде білім жүйесін ғана ғылымға жатқызады, солай екені де рас. Білім – сананың қызметі, ол бақыланатын, зерттелетін объектіге айналу үшін тіл арқылы берілуі керек. Сонымен, химиялық тіл дегеніміз химиялық білімді тіркейтін, сақтайтын, бірден-бірге жеткізетін арнайы таңбалар жүйесі.
Табиғи тіл де таңбалар жүйесі. Ғылыми тіл табиғи тілдің негізінде жасалады, онымен бірге қолданылады. Бірақ ғылыми тілдің құрамында тілден оқшау тұратын өзіне ғана тиесілі тілдік құралдары – таңбалары болады.
Химия тілінің бір-бірімен тығыз байланысты үш бөлігі – ғылыми терминологиясы, жеке терминдер мен терминдер жүйесінен тұрады. Химиялық терминдер – ғылыми ұғымдардың атаулары. Химиялық элемент, атом, зат және химиялық реакция ұғымдары анықталғаннан кейін ғана химия ғылым ретінде қалыптасты. Химияның ғылыми ұғымдары молайған сайын оларды бейнелейтін терминдер жүйесі байып, толыса түседі. Мәселен, затпен байланысты заттың «қасиеттері», «құрамы», «құрылысы», «жіктелуі», «алынуы», «қолданылуы» және басқа толып жатқан терминдер қалыптасты. Әдетте бір ұғым бір ғана терминмен беріледі, мағынасы шектеулі келеді, теориялық тұжырымдамаларға тәуелді түрде өзгереді.
Химиялық тілдің екінші бөлігі – химиялық номенклатура, заттарды атаудың белгілі негізге сүйенетін арнайы жүйесі. Ол кәдімгі және жүйелік, ұлттық және халықаралық, номенклатура деп жіктеледі. Жүйелік және халықаралық номенклатура химиялық символикаға негізделеді.
Химиялық тілдің үшінші бөлігі – химиялық символика, химиялық таңба, формула және теңдеуден құралады. Оқулықтарда, кейбір методикалық әдебиеттерде химиялық тілге символика ғана жатқызылып келеді. Химиялық символика – халықаралық шартты тіл, заттар мен құбылыстарды белгілеудің ең қысқа және тиімді құралы. Жүйелік номенклатура және химиялық символика ұлттық тілдің құрамына кірмейді, өзінше дербес қолданылады.
Химиялық терминология, номенклатура, символика және оларды сөйлемге, текстке біріктіретін, ұлттық тілдің сөздері арқылы оқушыларға білім беріледі. Білім химия тілінің мағыналық жағы.
Химиялық тіл мектептегі химияны оқыту барысында жан-жақты дидактикалық қызмет атқарады. Химиялық тіл арқылы оқушыларға жаңа білім беріледі. Ол жаңа материалды дәріс түрінде айту үшін, әңгімелеу үшін пайдаланылады, зертханалық тәжірибелер жасау, тәжірибелер мен көрнекі құралдарды көрнекі көрсету кезінде оқушылардың бақылауын, зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруға және олардың нәтижесін қорытындылауға негіз болады. Сондықтан болу керек, химиялық тіл химияны оқыту әдісіне жатқызылады. Химиялық тіл арқылы оқушылардың алған білімі бір жүйеге келтіріледі, қорытындыланады, есепке алынады және бағаланады.
Химиялық тіл – оқушыларға тәрбие берудің және оларды дамытудың ең тиімді құралы. Заттар мен құбылыстардың шарттастығын, олардың арасындағы себеп-салдар байланысын ашу, тікелей көзге түспейтін мәнін түсіндіру арқылы химиялық тіл оқушыларға ғылыми көзқарас қалыптастырады. Химияның қоғам өміріндегі маңызын, экологиялық мәнін түсінуге мүмкіндік береді.
Химиялық символика заттың құрамы мен құрылысы жөнінде көптеген мағлұматтар береді, олар заттың қасиетін, реакцияласу қабілетін және реакциялардың жүру бағыттарын болжауға мүмкіндік береді, оқушылардың ақыл-ойын дамытады.
Химияны оқыту құралдары арасындағы байланыстарды шартты түрде сызбанұсқа арқылы көрсетуге болады.
Химияны оқыту құралдары
тіл – қисындық құралдар ↔ бағдарлама, оқулық,
оқу құралдары, басқа кітаптар
↕ ↕
химиялық эксперимент ↔ көрнекі құралдар, техникалық құралдар
Сызбанұсқада келтірілген оқу құралдары тікелей немесе жанама түрде химияның тілімен байланысады. Тіл – қисындық құралдарға құрылым формулалары, терминдер, символдар және номеклатуралық атаулардың қатысуымен жасалған құрылым – қисындық сызбанұсқалар жатады. Химияның VІІІ классқа арналған соңғы оқулығында осындай жиырма екі сызбанұсқа берілген.
Химияның бағдарламалары, оқулықтары, оқу құралдары, мұғалімдер мен оқушыларға арналған басқа кітаптар ғылыми тір арқылы жазулған. Химияның өзіндік тілімен қолданыстағы тілін (ауызша және жазбаша сөйлеу тілін) ажыратып, айырмасын түсіне білген жөн.
Ғылымның тілдік құралдары пайдаланылғанымен оқулық тілінің өзіндік ерекшеліктері бар. Химия оқулығының тексттері және кейбір тексттен тыс бөліктерінің тілі: а) табиғи тілдің сөздерінен; ә) ғылымаралық терминдер мен таңбалардан; б) химиялық терминдерден; в) номенклатуралық атаулардан – номендерден; д) символдар жүйесінен тұрады. Бұлардың алғашқы төртеуі сөйлем және текст құруға қатысады, заттар мен химиялық құбылыстар туралы білімді тасымалдаушы қызметін атқарады. Химиялық символика тексттен бөлек жазылады, табиғи тілдің заңдылықтарына бағынбайды. Оқулықтың тілі оқушылардың таным әрекетін бағыттайды, ұйымдастырады, бақылайды және бағалайды.
Көрнекі құралдардың, мәселен кестелердің, диаграммалардың, суреттердің, фильмдердің және т.б. түсініктемелері ғылымның тілі арқылы жазылады. Олардың әрқайсысынан алынатын ғылыми ақпарат тілдік құралдар арқылы жүйеге келтіріледі.
Мәселен, Ю.В.Ходаков және т.б. оқулығының 18-бетінде берілген 11 кестеден алынатын ақпарат: 1) галогендерген фтор, хлор, бром және йод химиялық элементтері жатады; 2) бұлардың салыстырмалы атомдық массалары 19-дан 127 дейін артады; 3) молекулалары екі атомнан тұратын жай заттар түзеді; жай заттардың екеуі газ (фтор, хлор), біреуі сұйық (бром), біреуі қатты (йод); 5) жай заттарының түсі ашық жасылдан қоңыр күлгінге дейін қоюланады; б) қайнау температуралары артады; 7) тығыздығы артады.
Химиялық эксперимент өзінің оқу-тәрбиелік міндеттерін сөзбен ұштастыру арқылы ған ойдағыдай атқарады. Көрнекі көрсетілетін тәжірибелерді қойғанда берілетін нұсқау – тапсырма; 1) тәжірибенің мақсаты; 2) тәжірибеге қандай заттар алынды, олардың қасиеттері; 3) құралдың құрылысы және жеке бөліктерінің қызметі; 4) ескерілетін сақтық шаралары; 5) байқалатын құбылыстар, олардың мәні; 6) байқалған құбылыстарды түсіндіру; 7) реакция теңдеуін жазу және қорытынды жасау ғылыми тіл арқылы жүзеге асады.
Зертханалық тәжірибелер де ауызша немесе жазбаша түрде берілетін нұсқаулар арқылы жасалады. Сарамандық жұмыстардың кіріспесі, ұйымдастырылуы және қортыныдысын шығару тіл арқылы жүзеге асырылады.
Кейінгі кезде мектеп сарамандығында тірек хабарлары деп аталатын құралдары жиі қолданыла бастады. Олар тілдік құралдарды, суреттерді, әр түрлі басқа таңбаларды материалдың мазмұнына сәйкес жүйемен орналастыру арқылы жасалады. Ол үшін оқу материалының тақырыбы жан-жақты талданады. Негізгі ұғымдары іріктеліп, арасындағы байланыс блок-сызбанұсқа түрінде көрсетіледі. Әр ұғым, зат, аспап, арнайы символ, сурет немесе әріп арқылы шартты түрде белгіленеді, олардың орналасуы ұғымдар арасындағы байланыс пен тәуелділікті нақтылы көрсететін болуы керек. Сонымен бірге әр блоктың көлеміне, пішініне және түсіне көңіл аударылады. Бұл тақырып бойынша жасалған жеке блок сызбанұсқалар қорытындылау кезінде біріктіріліп бір тұтас білім жүйесінің қалыптасуына жәрдемдеседі.
Жалпы ғылыми тілдің, оның ішінде химия тілінің әр жақты түсінігі бар. Философиялық жағынан алғанда, ғылыми тіл – ғылыми білімнің біліну түрі, білім – мазмұнға, тіл – түрге жатады. Мазмұн мен түр арасында диалектикалық байланыс бар. Білім үздіксіз өсіп молайып отырады, тіл жеке бөлікті тұрақты қалпында қалады.
Таңбалар туралы ілім – семиотика химиялық тілдің таңбаларын үш жағынан қарастырады.
Біріншісі – химиялық тілдің сөз мәні, таңбаны бейнелейтін объектіге қатынасын көрсетеді. Химиялық символикада таңбамен атом, формуламен заттың құрамы, теңдеумен химиялық реакция белгіленеді. Олардың әрқайсысы өздері бейнелейтін объектілері жөнінде көптеген ғылыми мағлұматтар береді. Химиялық кәдімгі номенклатураның негізіне заттың белгісі, мәселен, кездесетін жері, қолданылуы, ашылу кезіндебайқалған қасиеттері, ағзаға әсері, ғалымның аты, алыну тәсілі т.б. байланысты кездейсоқ оқиғалар алынуы мүмкін. Осыдан тарихи қалыптасқан пайдалануға тиімсіз атаулар келіп шығады. Жүйелік номенклатура жасау арқылы мұндай көп негізді кездейсоқ атаулардан құтылуға болады. Жүйелік номенклатура белгілейтін объектілері заттардың өзі емес, құрылымдық формулалардың графикалық модельдері, демек олар химиялық символикаға негізделеді.
Химиялық тілдің екінші жағы – прагматика, таңбаның таным барысындағы пайдасын зерттейді. Химия саласында жинақталған қоғамдық тәжірибенің ұрпақтан ұрпаққа берілуіндегі таңбалар жұйесінің мәнін қалыптастырады. Химиялық тілдің оқыту барысындағы пайдалануы да осы салаға жатады.
Химиялық тілдің үшінші жағы – синтаксисі, таңбалардың құрылысын және бірігу ережелерін қарастырады. Химиялық терминдердің жасалу моделдері, химиялық формулалар мен теңдеулерді құрастыру, химиялық теңдеулерге коэффициенттер қою, жүйелік номенклатураның негіздерін анықтау химиялық тіл синтаксисінің міндеттеріне жатады.
Әр таңба өзінің мағынасы арқылы әсер етеді, мағынасыз таңба болуы мүмкін емес. Таңбаның мағынасы дегеніміз – денотаты жөнінде білдіретін ақпараты. Ақпарат – күрделі ұғым. Біз ақпараттың қандай болмасын бір нәрсе немесе құбылыс жөнінде хабар, ақпар немесе мәлімет деген анықтамасын пайдаланамыз.
Әдетте, терминнің мағынасы шектеулі, ол ғылыми анықтама арұылы ізделеді деген пікір берік қалыптасқан. Дегенмен, ғылымның теориясы ауысқанда терминге берілетін анықтама да өзгереді, бұған химияның тарихынан мысалдар келтіріп, көз жеткізу қиын емес. ХVІІІ ғасырда А.Лавуазье қышқылдардың оттектік теориясын ұсынып, қышқылдық қасиетті тудырушы оттегі деген пікір айтты. Келесі ғасырда кейбір қышқылдар құрамынан оттегі табылмаған соң қышқыл термині сутегі арқылы анықталады. Тәжірибе құрамында сутегі бар заттардың бәрі қышқылдық қасиет білдірмейтіні белгілі болды. Осыдан барып, Аррениус теориясы бойынша, қышқыл терминіне сутегі катиондарын бөліп шығаратын электролит деген анықтама берілді. Бұдан соң ХХ ғасырда протолиттік теория тұрғысынан протонды бөле алуына қарай анықталды. Химияның одан әрі дамуы барысында қышқыл термині сольваттық, электрондық, жатымды-жатымсыздық теориялары тұрғысынан шектелді. Әр анықманың мазмұнына сәйкес қышқылдар класының құрамына кіретін заттар саны, яғни ұғымының көлемі үздіксіз өзгеріп отырды.
Химияның орта мектепке арналған бағдарламасының мазмұнын анықтағанда осы өзгерістер, яғни тарихи негіз ескеріледі. Қазіргі жаңа бағдарламада қышқылдар мен негіздерді анықтаудың үш теориясы: сутектік, электролиттік диссоциациялану және электрондық теориясы көрініс тапты.
Мектептегі химия курсының теориялық деңгейі көтерілген кезде терминдердің, химиялық символиканың мағынасы тереңдейді, заттарды атаудың негіздері дамиды.
Химиялық тілдің оқыту барысындағы мәні педагогикалық және методикалық жағынан әлі де негіздей түсуді қажет етеді. Химиялық тіл оқыту барысында қолданылмайтын сала жоқ десе де болады. Жоғарыда келтірілген химияны оқыту барысының сызбанұсқасына қарасақ, оқытудың мақсаты мен міндеттері, мазмұны тіл арқылы мемлекеттік құжаттарда тіркеледі және баяндалады. Химиялық тіл оқыту құралдарына жатады, өзінен басқа оқу құралдарын жасауға пайдаланылады. Оқыту әдістері де тілді қолдануға негізделген. Оқытудың ұйымдастыру формалары және нәтижесін шығару да тіл арқылы жүзеге асады.,
Жаңа бағдарламада оқушылардың жеке кластарда алуға тиісті білімі мен біліктеріне қойылатын негізгі талаптар бес салаға топтастырылатыны айтылды. Соның бірі – химиялық тілді игеруге қойылатын талаптар, негізінен химиялық символиканы қамтиды. VІІІ кластағы химиялық тілді игеруге қойылатын талаптарға түсініктеме беріп, оларды жүзеге асырудың методикалық мәселелеріне көңіл аударамыз.
1-талап. Оқушылар элементтердің химиялық символдарын (20-дан кем емес) білуі керек. Оқушылар символдың жасалу тарихы, мағынасы және пайдаланылуы туралы мағлұмат алады. Химиялық символ элементті, атомдар молін және бір атомды таңбалайды, олар туралы көптеген сапалық және сандық мәліметтер береді. Бұл мәліметтерді жинақтап, кесте түрінде көрсетейік.
1 – кесте. Химиялық таңба арқылы білуге болатын ақпарат
№
|
Символ туралы мағлұматтар
|
Жазылу тәртібі
|
1
|
Химиялық элемент атомы
|
О
|
2
|
Изотоптары
|
16О, 17О, 18О
|
3
|
Салыстырмалы атомдық массасы
|
Аr/O/ = 16
|
4
|
Элементтік реттік нөмірі
|
80
|
5
|
Атом ядросының заряды
|
Z/O/ = 8
|
6
|
Атомдағы электрондардың жалпы саны
|
ne= 8
|
7
|
Сыртқы қабаттағы электрондар саны
|
:O:
|
8
|
Валенттілігі
|
:O
|
9
|
Тотығу дәрежелері
|
O-2, O-1, O0, O+2
|
10
|
Ион заряды
|
O-2
|
11
|
Атом молі
|
/O/
|
12
|
Мольдік массасы
|
M/O/ =16 г/моль
|
13
|
Мольдегі атом саны
|
NA = 6,02.1023
|
14
|
Молекуладағы атом саны
|
O2
|
Мәліметтерді ажыратып тану үшін химиялық символдыдың төңірегіне сан, әріп және басқа айырым таңбалары қойылады. Оқушылар әр таңбаның жазылуын, оқылуын, мағынасын білуі және таңбадан атына, атынан таңбасына ауыса білуі керек.
2 – талап. Оқушылар химиялық формулалар мен теңдеулердің мағынасын түсіндіре білуі керек.
Химиялық формула заттың құрамын белгілейді, ол зат туралы мынадай мәліметтер береді.
4 – кесте. Химиялық формула арқылы білуге болатын ақпарат
№
|
Берілетін мәліметтер
|
Белгісі
|
1
|
Заттың сапалық құрамы
|
SO
|
2
|
Заттың атомдық құрамы
|
SO2
|
3
|
Салыстырмалы молекулалық массасы
|
Mr /SO2/ = 64
|
4
|
Элементтердің масса қатынасы
|
m/s/ : m/O/ = 32 : 32
|
5
|
Молекула молі
|
V/SO2/
|
6
|
Молекуланың мольдік массасы
|
M /SO2/ = 64 г/моль
|
7
|
Мольдегі молекула саны
|
NA (O2) = 6,02 * 1023
|
8
|
Мольдік көлемі (газ)
|
Vm /SO2/ = 22,4 л/моль
|
9
|
Атомдар байланысының реті
|
O = S =O
|
10
|
Байланыстың сипаты
|
O = S =O
|
11
|
Құрамы бойынша аталуы
|
Күкірт /IV/ оксиді
|
Химиялық формулалар кәдімгі (эмпирикалық), электронды ж»не құрылымдық формулалар деп жіктеледі. Құрылымдық формулалар молекулалық құрылысы және ковалентті байланысы бар заттар, көбінесе, органикалық қосылыстар үшін жазылады.
Химиялық символдар және формулалардың жәрдемімен химиялық теңдеулер жазылады. Әр химиялық теңдеулер жөнінде оқушалар мыналарды білу керек: 1) реакцияға кіріскен және реакциядан шығатын заттардың құрамын белгілейді; 2) реакцияға қатысқан және шыққан затардың мөлшерін, масса және көлем қатынастарын, жылу эффектісін көрсетеді; 3) осы мәліметтерге сүйеніп химиялық теңдеулерді әр түрлі есептеулер жасау үшін пайдаланады.
3 – талап. Валенттілікке сүйеніп, екі элементтен тұратын қосылыстардың формулаларын құрастыра білу. Бұл талап оқулықта және методикалық әдебиеттерде жеткілікті баяндалған дәстүрлі тәсілдермен жүзеге асырылады.
4 – талап. Металлдардың және қышқыл қалдықтарының валенттіліктері бойынша негіздердің және тұздардың химиялық формулаларын құрастыру білу. Мұнда гидроксотоптың бір валентті, қышқыл қалдығының валенттілігі металмен орын алмастыратын сутегіне тәуелді екенін есте ұстау жеткілікті.
5- талап. Оксидтер, негіздер, қышқылдар және тұздарды атай білу. Оқушыларды әр класқа жататын қосылыстарды атаудың мынадай жалпы негіздерін біліп алуы керек: 1) кез келген химиялық қосылыстыі аты екі сөзден тұрады; 2) қосылыстың аты құрамына сәйкес берілетіндіктен әр зат екі бөліктен тұрады деп есептеледі; 3) заттың құрамы химиялық формула арқылы белгіленеді, ол номенклатураға негіз болады; 4) химиялық номенклатура үшін элементтің латынша атының түбірі пайдаланылады; 5) түбірге -ид, - ит, - ат жұрнақтары жалғанады. Олардың қайсысы жалғанатыны қосылыстың класына, қосылыс түзетін элементтің валенттілігіне байланысты; 6) екі элементтерден тұратын қосылыстардағы бейметалдың атына – ид жұрнағы жалғанды. Қышқыл қалдықтарындағы қышқыл түзуші элементтің атына – ит (төмеңгі валенттілігінде) немесе – ат (жоғары валенттілігінде) жұрнақтары тіркеледі. Оқушыларға элементтің латынша атының түбірге жалғанатын халықаралық қосымшаны түсіндіру керек.
6 – талап. Электрон қабаттарындағы электрон сандарын көрсетіп, том құрылысының сызбанұсқасын сыза білу. Оқушылар VІІІ класта: 1) әр қабатта орналасуы мүмкін электрондар санын (біріншіде – 2, екіншіде – 8, үшіншіде -18, төртіншіде – 32, т.б.); 2) сыртқы қабатта электрондар санын; 3) s және p электрон бұлттарының пішінін және кеңістікте орналасуын; 4) аяқталған және аяқталмаған қабаттар туралы білуі керек.
7- талап. Қосылыстың формуласы бойынша элементтің тотығу дәрежесін анықтай білу. Тотығу дәрежесін валенттілікпен қатар қолданылатын ұғым. Ол теріс электрлік ұғыммен тығыз байланысты. Тотығу дәрежесі кез келген қосылысты шартты түрде иондардан тұрады деп есептегенде әр атомға тиесілі заряд шамасымен анықталады. Бос күйіндегі және жай зат құрамындағы атомның тотығу дәрежесі нөлге, иондық қосылыстарда иондар зарядына тең болады. Демек, тотығу дәрежесінің оң, теріс немесе нөл болуы мүмкін. Элемент атомының тотығу дәрежесі мен валенттілігінің сан мәндері сәйкес келуі де, келмеуі де мүмкін.
8 – талап. Өтілген тотығу-тотықсыздану реакцияларының негізінде электрон балансын жазып, химиялық теңдеу құру. Оқушылар атомдардың электрон беру және қосып алу мүмкіндігін дәл басып анықтап, тотықтырғыш, тотықсыздандырғыш, тотығу әрекеті және тотықсыздану әрекеті ұғымдарын жете меңгертіп, тотығу дәрежесі ұғымын пайдалана білу керек.
9 – талап. Келтірілген талаптарға сәйкес оқушылардың химиялық тіл туралы алған білімі ІХ класта нығаяды. Бұл класта жаңадан қосылатын талап қышқылдардың, сілтілердің және тұздардың диссоциациялану теңдеулерін, өтілген жәнесоларға ұқсас реакциялардың толық және қысқартылған иондық теңдеулерін құра білу.
Орта мектептегі химияның мазмұны тіл арқылы баяндалып, оқыту құралдары мен әдістері тілге негізделетіндіктен,оқыту барысында мұғалім мен оқушы еңбегінің үйлесуін тіл мен сөйлеу арқылы көрсетуге болады.
Оқыту барысында тілдің қолданылуы
Х имия тілі
Мұ ғалімнің қызметі Сөйлеу Оқушының таным әрекеті
Заттар мен химиялық әрекеттер
Әлеуметтік тәжірибе болып табылатын білім мұғалімнен оқушыға заттар мен құбылыстар және сөйлеу арқылы беріледі. Бұл әрекет бірімен-бір тығыз байланысты жүреді, сондықтан оқушылар химиялық тілді меңгереді, содан соң химия тілі арқылы заттар мен құбылыстар жөніндегі білімді игереді деп шартты түрде ғана айтуға болады.
Мектеп тәжірибесінде химия тілінің құрылу тәсілдеріне көбірек көңіл бөлінеді де, мағынасы ескерусіз қалады. Осыдан барып оқушылар тіл таңбалары арқылы беріліп отырған шындықтың өзін елестете алмайды, білімі саяз болып қалады.
Бұл кемістікті болдырмау үшін оқушылардың таным барысы сызбанұсқада көрсетілген бірінші қадамнан – тәжірибеден басталып, тіл мен сөйлеу арқылы оқушының санасынан өткен соң қайтадан тәжірибеде сыналу керек.
Оқыту барысындағы тілдің қызметін асыра бағалауға жол берілмеуі тиіс, сонымен бірге тілді саналы игерудің қажеттілігін оқушылар мойындауы қажет. Ол үшін мұғалім мына мәселелерге көңіл аударады.
Химиялық символика мен номенклатура жөніндегі білім оқушылардың химиядан жалпы дайындығына қарай біртіндеп өтіледі. Осыған орай мұғалім әр кезеңде берілетін білім мен бірліктің көлемін бағдарламаның талаптарына сәйкес дұрыс анықтап, оқушыларға жеткізудің тиімді әдістерін таңдап ала білуі керек.
Әр кластағы химия курсының теориялық негізін құрайтын маңызды материалдарды өткенде химиялықтіл жаңа сатыға көтеріліп, мағынасы жағынан толыса түседі. Демек, жаңа теориялық материалдарды өтуге байланысты химиялық тілге енетін өзгерістерге оқушылардың назарын үнемі аударып отырған жөн.
Химиялық символиканың кейбір белгілі мәселелері және жүйелік номенклатураның негізі оқулықта өте қысқа баяндалады. Солардың мазмұнын ашып көрсету методикасына жете көңіл бөлу керек.
Химиялық тілді оқытуда пәнаралық байланысты жүзеге асыру – маңызды міндеттердің бірі. Химияда физиканың, математиканың символдары және өзге жаратылыстану ғылымының ұғымдары мен зат атаулары жиі пайдаланылады. Солардың арасында үйлеспеушілік тумауын бақылап отырған дұрыс.
Химияда төрт таңбалар жүйесі қолданылады: заттар мен құбылыстардың сыртқы белгілері, сөзтаңбалар, символдар жүйесә және номенклатуралық таңбалар. Тұрақты ғылыми ақпарат осы жүйелердің бірнен екіншісіне ауысып отырады. Оның ауысу бағыты оқыту барысында таңбалардың қолданылу ретіне байланысты. Оқыту тиімді болу үшін әр нақтылы жағдайда мұғалім таңбаларды пайдалану ретін дәл анықтауы керек.
Қазақ мектептерінде химияны оқыту ғылыми тіл арқылы ерекшеленеді. Бұл тіл химия оқулықтарын, оқу-методикалық әдебиеттерін орыс тілінен аудару және қолтума еңбектер жазу үстінде қалыптасты. Химия тілінің негізгі бөлігі – қазақша химиялық терминдері қазіргі дәрежесіне жекткенге дейін бірнеше кезеңнен өтті.
1920-1930 жылдарда С.Т. Сазонов, В.Н.Верховский және П.П.Лебедов жазған оқу құралдарын қазақ тіліне аударған жеті жылдық мектеп көлеміндегі химия терминдері қалыптасты. Бұл оқу құралдардың аудармасын талдай келіп, химияның тұңғыш терминдерін жасау үшін ана тіліміздің бай мүмкіншіліктері толық пайдаланылғанына көз жеткіземіз. Сол кезде қалыптасқан негіз, қышқыл, сутегі, көміртегі, көмірсутек, оттегі және осылардан туындайтын сан алуан терминдер әдеби тіліміздің ажырамас бөлгіне айналды. Бұлар тілімізге орысшадан сөзбе сөз немесе мағыналық аудару арқылы келді. Кейбір терминдердің аудармалық көшірмесін жасауда орысша нұсқасына өзгерістер енгізіліп, бір адым ілгері басқанымыз байқалады. Мәселен, латынша «оксогениум» орысша «кислород» терминінің қазақша нақ көшірмесі «қышқылтегі» болу керек еді. Бастапқыда химияға француз ғалымы А.Лавуазье енгізген оксигениум – оттегінің қасиеті жөнінде сыңаржақ ұғым беретін сәтсіз термин. Оттегі қышқыл ғана емес негіз де түзеді, оның үстіне құрамында оттегі болмайтын бірсыпыра қышқылдар белгілі. Сондықтан «қышқылтегінің» орнына «оттегінің» алынуы бұл терминді мағынасы жағынан жетілдіріп, оттегінің жануды қуаттайтын және жануға қатысатын негізгі қасиетін білдіріп тұр. Бұл кезеңде осындай сәтті бастамаларымызбен бірге халықаралық терминдерді жаппай қазақшалау сияқты асыра жол сілтеушілікке жол берілді. Элемент – тек, реакция – айқасу,тектесу, гидрат – суаң, андидрид – қуаң, валенттілік – іліктестік деп аударылды. Аударусыз тікелей терминдерді тілімізге үйлестіреміз деген сылтаумен фонетикалық жағынан өзгерткендіктен, олар түпнұсқа,а ұқсамайтын болып шықты, мысалы: сурик – жүйрік, карборунд – гарбураннт, купорос – кіпіраз, селитра – кәлісті сілтір.
1930 – 1950 жылдарда В.Н.Верховский мен Л.А.Сморгонский жазған химияның тұрақты оқулықтарында бірсыпыра теориялық және технологиялық тың материалдар енгізіліп, терминдер саны бұрынғыдан анағұрлым артты. Бұларды аударудағы өткен кезеңдегі тәжірибе пайдаланылды, айтылып өткен қателіктер түзетілді. Қазақ сөздерінен баламасы табылмаған интенационалдық терминдер орыс тілінде жазылуы мен айтылуын сақтап қабылданды. Көптеген жаңа нақ көшірмелер жасалып, қазақтың байырғы төл сөздері терминдік мағынаға ие болды. Жаңа терминдер тудыру үшін сөз қосымшалары кеңінен пайдаланылды,мысалы: қос-па, қос-ылыс, қос-ынды, НС1О4 хлор қышқылы, НС1О хлорлы-лау қышқыл. Бұл кезеңде химиялық терминдерді сұрыптау әдеби тілдің ғылыми терминогиясын жасаудың жалпы негізіне сай жүргізілді. Өзге жаратылыстану ғылымдарының саласындағы терминдер қабылдау тәжірибесі ескерілді.
1950-1990 жылдарда химия мен химияны оқыту методикасынан орта және жоғары оқу орындарына арналған бірнеше оқулықтар мен оқу құралдары, химияныі орысша-қазақша сөздіктері басылып шықты, химия тілінің зерттеу жұмыстарының нәтижесі жарық көрді. Химия терминдерінің саны мен сапасы артып жоғары білімнің ауқымын қамтитын дәрежеге жетті.
Химия терминдерінің молаюы мен жетілуіне Б.А.Бірімжанов, Н.Н.Нұрахметов, Х.Д.Молдағалиев, Қ.Аханбаев жолдастарының баспадан шыққан қазақ тіліндегі химия оқулықтарының зор ықпалы тиді.
Бұл мерзімде терминдерін қабылдау негіздері қолданылып жүрген терминдерді жетілдіру мәселелері ғылыми тұрғыдан шешімін тапты. Соңғы уақытқа дейін химия оқулықтарында кейбір әр түрлі категориядағы ұқсас ұғымдар бір ғана терминмен аударылды. Мәселен, предмет және вещество – зат, окисел және окись – тотық, смесь және примесь – қоспа, измение және превращение вещества – заттың өзгерісі, разделение вещества және распознавание вещества- затты ажырату. Осының салдарынан зат заттардан тұрады, негіздік тотықтарды тотықтыру деп атайды, қоспаның ішінде қоспа бар деген таптауырын қайталаулар жасалды. Химия пәні, зат, физикалық дене, негіздік тотық, қоспа, қоспаны бөлу, заттарды қасиетіне қарай тану ұғымдарының мазмұны, физикалық және химиялық құбылыстардың мәні оқушыға нақтылы жетпеді. Сондықтан соңғы оқулықтар аудармасында предмет – нәрсе, вещество – зат,окисел – оксид, окись – тотық, смесь- қоспа, примесь – қосымша, изменение – өзгеріс, превращение – айналу, разделение – бөлу, распознавание – ажыратып тану болып алынды. Физикалық дене мен нәрсе мәндес ұғым, екеуі де заттардан жасалады. Заттардың өзгерісі жаңазат түзе жүретін өзгеріс. Қоспа ең кемі екі заттан тұрады, қосымша - сол екеуінің аз мөлшеріндегісі. Оксид – элементтерінің оттегімен қосылыстарының жалпы аты, тотық – жеке біреуінің ғана аты. Азоттың бес оксиді бар, NО ғана тотық деп аталады.
Оқушылардың химиялық терминдермен таныстырғанда этимологиялық талдау әдісі жиі қолданылады. Химиялық терминдердің жартысына жуығы – орыс тілі арқылы кірген халықаралық терминдер. Олар тілімізге әбден сіңісіп, қазақтың төл сөзіне ұқсап кеткен. Фтор, бром, хлор, пирит және соларға ұқсас терминдердің бөтендігі бадырайып білініп тұрмайды. Оқушылар олардың бастапқы мағынасына ден қоймай қабылдауынан ірі қателіктер жібереді. Кейде оқушылардан «хлор-түссіз газ», «бром – иісі жоқ сұйықтық» деген жауаптарды естиміз. Бром терминінің қазақша мағынасы сасық, хлордікі – жасыл екенін білетін оқушылар бұлай айтпаған болар еді.
Әдетте, ат қойғанда заттың басты бір қасиетін, ұғымның мазмұнын ескеруге тырысады. Мәселен, 40-тан астам химиялық элементтің аты аса маңызды қасиеттерінен хабар береді. Азот – тіршілікке жарамсыз, фосфор – жарық тасушы, барий – ауыр, калий – күйдіргіш сілті, берилий – тәтті, фтор – бүлдіргіш, иод – күлгін деген мағынаны білдіреді. Сондықтан этимологиялық (шығу төркінін) талдау әдісін қолдану оқушылардың химиялық терминдерді саналы қабылдауын қамтамасыз етеді. Әсіресе этимологиялық талдауды элементтің ашылу тарихымен және химиялық экспериментпен ұштастыра жүргізу тиімді. Иод термині қазақша күлгін деген мағынаны білдіретін иодтық булану тәжірибесін көрсетумен бірге түсіндірсе, оқушылардың есінде нық қалады. Оның үстіне иодтың ашылуына оның түсі мен мысық себепші болғаны жөніндегі аңыз әңгімені оқушылар ұйып тыңдайды, ұзақ естерінде сақтайды.
Оқушылар химия терминдерін сөз ретінде емес заттар мен құбылыстарға байланысты объективті болмыстың кең ақпаратты хабар есебінде қабылдауы тиіс. Олар терминмен қоса, ол арқылы белгіленіп отырған заттың басты-басты қасиеттерін, құбылыстың үшкі мәнін, ұғымның негізгі белгілерін біліп алуы қажет.
Оқушылар химиялық терминдерді өздеріне таныс теориялардың тұрғысынан химиялық символикамен ұштастыра меңгеруі керек. Өйткені химиялық ұғымның анықтамасын, заттың құрылысы мен қасиеттерінің сипаттамасы оқушылардың теориялық дайындығының дәрежесіне қарай өзгеріп, дамытылып отырады. Жеке зат туралы ұғым нақтылы болу үшін басқа заттарға әсері тәжірибе жүзінде сыналады.
Химия саласындағы ғылыми ақпараттың қаулап өсуіне байланысты химия тілін ұдайы жетілдіру және оны оқытудың тиімді әдістерін іздестіру күн тәртібінен түспейтін күрделі мәселе.
Достарыңызбен бөлісу: |