Байланысты: Изтелеу Жаннааа-Науырызым мемлекеттік табиғи қорығы
5. Ғылыми және басқа жұмыстар.
Наурызым қорығының қызметкерлері далалық аймақтық топырағын, флорасын көлдердің гидрологиялық режимін, ормандарды қалпына келтірумен халықшаруашылығына маңызы бар кейбір проблемалық мәселелерді және зерттеу жұмыстарын көп жылдан бері жоспарлы түрде жүргізіп келеді. 1976 жылға дейін корықтың ғылыми бөлімінде жеті адам жұмыс істесе, 1977 жылдан бастап бұл бөлімнің штаты қосымша екі орынмен толықтырылды.
1971-1975 жылдары ғылыми-зерттеу жұмыстары жеті тақырыпта жүргізілсе, соның төртеуі орманды қалпына келтіру мәселесіне тікелей қатысты болды. Ғылыми бөлімнің меңгерушісі Н. Г. Сметана «Кәдімгі қарағайдың қолайсыз метеоэдафогендік факторға тұрақтылығы» деген тақырыпта зерттеу жүргізіп келеді. Мұнда қарағайдың өсуіне су режимі және ілеспелі метеорологиялық факторлардын тигізетін әсері зерттелген. Осындай зерттеулерге сүйене отырып, отырғызылған карағайларға өте қолайсыз әсер ететін факторлардың біріне топырактың сортаңдығы және жер қыртысы астындағы сулар жататыны анықталған. Орман маманы, Қостанай орман-тәжірибе станциясының аға ғылыми қызметкері В.Г. Завьялов «Наурызым жағдайындағы қарағай орманыың типтері және агротехникасы» деген тақырыппен шұғылданады. Сондай-ақ «Құмды топырақты жерлерде қарағайдың мәдени агротехникамен өсіру» деген тақырыпта жұмыстар жүргізген. Бұл жұмыстар әлі де жалғастырылып келеді. Шын мағынасында, Наурызым қарағайлы орманын қалпына келтіру эксперименттік және кешен дік зерттеулерді керек етеді. Ол үшін әр түрлі мамандардың (орман және топырақ зерттеушілері, гидролог, энтомолог) бірігіп жұмыс жүргізулері қажет. Сонымен қатар, бұл жылдары кіші ғылыми қызметкерлер Н. М. Сметана «Наурызым қарағайлы орманында ұялайтын орман құстарының биологиясы», Н. С. Гордиенко «Наурызым көлдеріндегі жалпақтұмсық құстардың санының өзгеруі» деген такырыптарда жұмыстар жүргізді. Н. С. Сметана бес жыл жүргізген бақылауларының нәтижесінде орман құстарының мекендер бойынша таралуының заңдылықтарын, түрлі құстар түрінің бір-бірімен қатысын және олардың өсімталдығын анықтады. Сонымен бірге ол орман құстарының экологиясын зерттеу арқылы олардың орманның биоценозы ролін дәлелдеді. Ал Н. С. Гордиенко жалпақтұмсық кұстардың көктемгі және күзгі ұшу жолдарын, олардың түрлерін, ұялайтын құстардың саны және басқа биологиялық ерекшеліктерін баяндады. Ол жинаған мәліметтеріне сүйене отырып Наурызым қорығындағы көлдерде әр түрлі маусымдарда мекендейтін, паналайтын, ұялайтын жалпақтұмсық құстарға қолайлы жағдайлар жасаудың шараларын ұсынған.
Соңғы жеті жылдың ішінде қорықтың ғылыми қызметкерлерінің 30-дан аса ғылыми еңбектері жарық көрді.
Наурызым қорығының оныншы жоспарлаған ғылыми-зерттеу жұмыстары негізгі үш проблемадан тұрады:
1.Наурызым қарағайлы орманын қалпына келтірудің, орман ағашын өсірудің экологиялық және агротехникалық ерекшеліктері.
2. Табиғат комплекстерін және көлдердің кұстар фаунасын сақтау мақсатында Наурызым қорығындағы көлдердің тұзды су режимін реттеу.
3.Наурызым қорығындағы дала өсімдіктерінің жиынтығын (фитоценоз) сақтау және қалпына келтіру.
Бұл жұмыстардың біразын Наурызым мемлекеттік қорығы мен Қазақстан Үкіметінін орман шаруашылығы жөніндегі мемлекеттік комитеті Қостанай орман-тәжірибе станциясымен, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының география секторымен және Қазақстан «Гидрометслужба» басқармасымен келісім-шарт бойынша орындайды. Осы проблемалардың әрқайсысы екі-үш тақырыптан құралады. Қазіргі кезде орнитолог И. А. Брагин «Орман биоценозындағы жыртқыш құстардың ролі» және кіші ғылыми қызметкер Т. М. Брагина «Қорықтағы кейбір сүт қоректілердің экологиялық ерекшеліктері және олардың биоценоздағы маңызы» деген тақырыптарда зерттеу жүргізіп келеді. Ал басқа ғылыми жұмыстар орман жөніндегі мәселелерге арналған.
Қорық қызметкерлері орманды қалпына келтіру, жаңадан орман ағаштарын отырғызу және отырғызылған ағаштардың ерекшеліктерін зерттеу жөнінде де көптеген жұмыстар жүргізуде. 1960 жылдан 1975 жылға дейінгі аралықта қорық аймағына барлығы 1077 гектарға орман ағаштары отырғызылса, соның 695 (64,5%) гектары қылқан жапырақты ағаштар болып саналады. Әсіресе, мұнда орман ағаштарын отырғызу жұмыстары соңғы жылдары жақсы жүргізіліп келеді.
Мәселен, 1969—1975 жылдарда Наурызым қорығы Қостанай орман-тәжірибе станциясымен тығыз байланыс жасап, бірлесе отырып, қорықтың төңірегіне көлемі 707 гектар-ды қамтитын орман ағаштарын отырғызды. Әрине, мұндай игілікті жұмыстар келешекте де осы қарқынмен жүргізіле берсе, нұр үстіне нұр. Міне, сонда ғана қорықтың жасыл орманын бұрынғы қалпына келтіруге толық жағдай жасалатыны сөзсіз. Сондай-ақ, мұнда басқа да ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Қорық территориясының фаунасы мен флорасы жыл сайын есепке алынады. Егер Қазақстандағы басқа қорықтарда «Табиғат шежіресі» күнделігі жыл сайын жасалып отырca, Наурызым қорығында мұндай күнделік «кітабы» бес жылда бір-ақ рет жасалады.
Бұл қорықтың ғылым үшін маңызы орасан зор. Басқаны айтпағанда, Ломоносов атындағы Москва мемлекеттік университетінің көптеген ғалымдары Наурызымда қорық алғашқы ұйымдастырылған жылдарда-ақ ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген және сан алуан еңбектер жазған. Мәселен, 1937—1949 жылдарда осы ғалымдар Наурызым қорығына арналған екі томдық ғылыми еңбек шығарды. Мұнда қорықтың жануарлар мен өсімдіктер дүниесі және оның топырағы жайында көптеген қызықты материалдар бар. Қазірде қорықтың ғылыми қызметкерлері Москва, Санк-Петербург, Алматы қалаларымен тығыз ғылыми байланыстар жасап тұрады.
Сондай-ақ олар конференцияларға, симпозиумдарға қатысып отырады. Қорықтың ғылыми қызметкерлері, әсіресе Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының Зоология және басқа да институттарымен, Қазактың орман ғылыми-зерттеу институтымен тығыз байланыста. Қорық жерінде ұзақ уақыт бойы әр түрлі ғылыми экспедициялар жұмыс істеді. Ал қорықтын өзі Одақтағы ең ірі оқу орны Москва университетінің ғалымдары мен биолог-студенттерінің оқу-тәжірибе өткізуіне тұрақты база болып келді. Бұл жұмыс, әсіресе 1950 жылға дейін, яғни қорықтың алғашқы жабылуына дейін ойдағыдай жүргізілді.
Қорықта «Табиғат музейі» жұмыс істейді. Мұнда кұстардың және аңдардың 120 түрі арнайы стендiлерде және «Көлдердің фаунасы» деген диаграммада қойылған... Қазіргі кезде бұл музейге жыл сайын 600-ден аса адамдар, көптеген оқушылар келіп тұрады. Қорық қызметкерлері табиғатты қорғау мәселесі жөнінде жергілікті тұрғындармен әңгіме өткізеді. Әңгіме, лекциялар өткізілгенде табиғат музейінің экспонаттары қосымша құралдар ретінде кеңінен қолданылады. Табиғат қорғау мәселесін қорық қызметкерлері баспасөз беттерінде де насихаттап келеді. Мәселен, облыстық және аудандық газеттерде қорық қызметкерлерінің жыл сайын жиырма-отыздай мақалалары шығып тұрады.
Қорықтағы жасыл ормандар және бағалы хайуанаттар дүниесін қорғау жұмыстарын негізінен бақылаушылар атқарады. Мұнда 19 бақылаушы жұмыс істейді, әрине, бұл қорықтың негізгі мақсаты орманды қорғау болғандықтан, бақылаушылар оны өрттен сақтау ісіне айрықша көңіл бөліп отырады. Олар орманда өрт болдырмауға жан-жақты шаралар қолданады. Қазіргі кезде қорықта орманды өрттен қорғау мәселесі жақсы жолға қойылған. Мұнда өртке қарсы қолданылатын техника мен құралдар толығымен бар. Сондай-ақ, бақылаушылар арнайы киімдермен қамтамасыз етілген.
Қорықта браконьерлерге карсы күресу жұмысы жақсы жолға қойылған. Сондықтан да мұнда қорықтың режимін, тәртібін бұзатын браконьерлер онша көп байкалмайды.
Қорық қызметкерлерінің жұмыс істеуіне барлық қамқорлық жасалған. Қорықтың әкімшілік орталығына арналып жаңадан әсем үй салынып берілген. Мұнда табиғат музейі, кітапхана, химиялық лаборатория орналасқан. Қорықтың лабораториялары кұралдармен жеткілікті жабдықталған. Сөйтіп, Наурызым қорығында көптеген ғылыми-зерттеу және басқа да жұмыстар жүргізіліп келеді және ол одан әрі жалғаса беретіні даусыз.