2.5. Артикуляциялық аппараты мен қолдың ұсақ бұлшық ет қимылдарын дамыту
Арнайы мектеп оқушыларының көпшілігінде мүшелерінің, қимылы жеткілікті түрде дамымаған болып келеді. Балалардың бұл ерекшеліктері арнаулы мектеп бағдарламасында ескеріліп, оларды дамытуға әр түрлі талаптар қойылған. Сондықтан, әсіресе әліппеге дейінгі кезеңде, артикуляциялық жаттығуларға көп көңіл бөлінеді. Жақ,тіл, ерін бүлшық еттерін дамытатын төмендегі жаттығуларды күнделікті жүргізіп отыру қажет. Ерін бұлшықеттерін дамытуға арналған жаттығулар:
1.Төменгі, жоғарғы тістер түгел көрінетіндей етіп, ерінді күлгендегідей кереді. Осы қалыпта біраз уақыт ұстап тұруға үйретеді.
2. Ерінді дөңгелектеп алға қарай шығара ұстау.
Тіл бұлшықеттерін дамыту үшін:
Тілді алға жылжытып жалпақ күйінде ұстау, содан кейін жіңішкерту.
«Кімнің тісі таза?» деген жаттығуда балалар алдымен тілінің ұшымен жоғарғы тістерін, содан кейін төменгі тістерін тазалайды.
«Барабаншылар» жаттығуы былай жүргізіледі. Ауызды кең ашып тұрып жоғарғы тістің астын соғу керек: «д-д-д».
«Сылақшы» жаттығуында балалар аузын кең ашып, тілінің ұшын тандайға тірей отырып, артқа қозғайды.
«Сағат» ойынында балалар тілін алға шығарып оңға, солға қозғалтып жаттығады.
Тілін жалпақ ұстап жоғарғы, астыңғы ерінді жалау.
Ауызды кең ашып, таңдай қағу.
Жоғарыда айтылған артикуляциялық жаттығуларды орындаған кезде есте сақтайтын жағдайлар:
1) Балалардың ынтасын арттыру үшін жаттығуларды ойын түрінде, ойын элементтерімен жүргізген жөн.
2)Сөйлеу мүшелерінің қимылын дұрыс сезіне, қадағалай білу үшін жаттығуларды айна алдында жүргізу керек. Тіпті кейбір жаттығу жұмыстары кезінде мүғалімнің сан санап тұруы пайдалы болады.
Зияты зақымдалған балалардың көп ерекшеліктерінің бірі - жалпы қимылы, оның ішінде саусақтың бұлшық ет қимылдары дамымаған. Ондай балалардың көпшілігі қалам, қарындашты дұрыс ұстай алмайды. Әсіресе, дәптер жолын сақтай отырып сызықшалар сызу оларға қиынға соғады. Сондықтан, әліппеге дейінгі кезеңде жүргізілетін жұмыстардың қажетті түрлерінің бірі - қолдың ұсақ бұлшық еттерін жетілдіру. Ол үшін сурет, қол еңбек, жазу сабақтарында міндетті түрде арнайы жаттығулар өткізілуі қажет және олар төмендегідей ретпен жүргізіледі:
Қолдың ұсақ бұлшық еттерін жетілдіруге арналған жаттығулар.
Трафарет, контурлармен жұмыс жасау, Дәптер жолынан шықпай түзу, сынық сызықтардан тұратын оюлар салу.
Әріп белгілеріне ұқсас заттар салу.
Әріп элементтерін сызу.
Жаттығулардың кейбір түрлеріне тоқталайық. Қолдың ұсақ бұлшықетін жетілдіруде халық арасында кеңінен тараған сөздік ойындарды пайдалануға болады. Мысалы:
Қуырмаш
Қуыр-қуыр қуырмаш,
Тауықтарға бидай шаш,
Бас бармақ,
Балаңүйрек,
Ортан терек,
Шылдыр шүмек,
Кішкене бөбек, -
деп санай отырып, қолдың саусақтарын бүктіреді.
Сен, жүр, қозыңа бар,
Сен, жүр, сиырға бар,
Сен, жүр, жылқыңа бар, -
деп саусақтарын ашады.
Сонымен қатар, әртүрлі дидактикалық арнайы ойындарды кең қолданған жөн. Мысалы, «Саусақтар сәлемдеседі», «Кім пирамиданы тез жинайды?», «Сиқырлы дорба», «Түрлі-түсті шар», «Кім жылдам?» (шашылған ұсақ заттарды жинау). «Кесілген суреттерді құрастыру» ойыны 3-4 бөлшектен тұратын суреттерден басталады. Алғаш бұл тапсырма берілгенде балаларға сурет-үлгі беріледі, кейіннен үлгісіз құрастыруға жаттығады. Бұл ойын барысында балалар саусақтарын жаттықтырумен қатар ойлау, сөйлеу қабілетін де дамытады. [52-56]
Достарыңызбен бөлісу: |