1. Ағартушылық дәуірге тән сипаттар. ХV-ХVІІ ғғ. Батыс Европа тарихында Қайта өркендеу дәуірі деп аталады. Міне, осы дәуір қойнауында жаңа дәуірдің қоғамдық қатынастар және мәдениет жүйесінің негізі қаланды, буржуазиялық қоғамдық қатынастардың алғышарттары пайда болды, шіркеу мен мемлекет арасындағы қатынас өзгеріп, жаңа секулярлық сана – гуманистік көзқарас қалыптасты.
ХVІІІ ғ. бұл үрдіс әрі жалғасып, Батыс Европада буржуазиялық қатынастардың орнығуымен аяқталды. Бұл, әрине, дәуірдің маңызды әлеуметтік-экономикалық мазмұны, бірақ бұнымен қатар өркениеттің тұтас құрылымын өзгерткен іргелі құбылыстар болды: ол Европалық өркениеттің дәстүрлік негіздерін қиратқан және жаңа дәуірді бастап берген модернизациялық (жаңғыру) өзгерістер болатын.
Модернизация – көп жақты үрдіс. Өндіріс саласында – индустрилазия, машиналарды қолдану. Әлеуметтік салада – урбанизация, яғни қалалардың гүлденіп, маңызының артуы. Саяси салада – азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекеттің негіздері қаланып, саяси құрылымдардың демократизациялануы.
Рухани салада діни институттар ықпалы әлсіреп, сауаттылықтың, білімнің, ғылымның дамуы.
Тұтастай алғанда жаңа дәуір жаңа адамды қалыптастырды.
Жаңа дәуірдегі қоғамдық өмірді модернизациялаудың идеялық негізі Ағартушылық идеологиясы болды. Ағартушылық дәуірдің қайраткерлері философияда, ғылымда, искусствада, әдебиетте, саясатта терең із қалдырып, жаңа көзқарасты қалыптастырып, адамзат ойын ортағасырлық провиденциалистік шеңберден шығарды.
Ағартушылық дәуірдің философиялық негізі рационализм болды. Қалыптасып келе жатқан буржуазия мүдделерін қорғаған ААғартушылық идеологтары – адам қабылеті мен, ақыл ойын бірінші орынға қояды, қабылеті мен қасиетін еркін қолдана алатын адам ғана қоғамда қайта құра алады.
Ф. Энгельс Ағартушылық дәуір идеологтары туралы былай дейді:
«Дін, табиғатты тану, мемлекеттік құрылыс - барлығы адам ақыл-ойы алдында тізе бүгіп, ақыл-ой бүкіл болмыстың бірден-бір өлшеміне айналды». (Маркс К, Энгельс Ф, Соч., т.20.с16). Ағартушылық идеологиясы – классикалық үлгіде ХVІІІ ғ. Францияда орнықты. Француз әдебиеті, тілі бүкіл Европаға тарап, Франция Европалық интелектуалдық тұрмыстың орталығына айналды.
Француз Ағартушылық ойының ірі өкілдері: Вольтер (Франсуа Мари Аруэ), Ж..Ж. Руссо, Ш. Монтескье, П.А. Гольбах, К.А. Гельвеций, Д.Дидро.
Саяси биліктің қанаттары – атқарушы, заңшығарушы, сот туралы идеяның негізін салушы Ш.Монтескье. Қоғамда заңдылықты берік орнықтыру «билік тармақтарын бөлу» арқылы жүзеге асады.
Вольтер творчествасында тарихи еңбектер өте көп: «Карл ХІІ тарихы», (1731), «Людовик ХІV ғасыры» (1751), «Ұлы Петр кезеңіндегі Россия» (1759). «Халықтардың парасаты мен рухы тәжірибесі» деген еңбегінде Вольтер «Әрбір адам өз ғасырымен қалыптасады, алайда өз заманының рухынан озған адамдар болады»деді.
Жан-Жак Руссо (1712-1778) «Қоғамдық келісім...» (1762) деген трактатында халықтың абсолютизмді құлату құқығы туралы айтады. Ол: «Халық бекітпеген заң - заңсыздық».
Ағартушылық қозғалыс Англида да дамыды. Ағылшын Ағартушылығының саяси бағдарламасының негізгі белгілерін философ материалист Джон Локк (1632-1704) анықтап либералдық ілімнің идеялық – саяси негізін салды.
Европалық Ағартушылық тарихында экономист Адам Смит (1723-1790) үлкен орын алады. Қоғам орасан зор манфактура, «қоғам байлығы» қоғам мүшелері арасындағы еңбек бөлінісі жолымен жасалады.
Германиядағы Ағартушылық елдің саяси бытыраңқылығына байланысты өте күрделі қарама-қайшы құбылысқа айналды.
Неміс Ағартушылығының негізін салушы Иммануил Кант (1724-1804), Кенигсберг университетінің профессоры, (1794) Петербург ғылым Академиясының құрметті мүшесі. Кант құқықтық мемлекет туралы концепция қорына мол үлес қосты. Мемлекет қоғам мүшелері арасындағы сыйластықты қамтамасыз ету керек. Адамдардың, ұлттардың, халықтардың, әртүрлі қоғамдық жүйелердің бірін-бірі сыйлап, бірінің бірі құқықтарын мойындап, өзара бейбіт өмір сүруі керек деген Кант идеясы тек ХХ ғасырдың ортасында санамызға сіңе бастады. Көптеген ойшылдар сияқты Кант – утопист, бірақ ол бізге сол утопиясымен қымбат, жақын.
(Кант И. Трактаты и письма. М. 1980, С. 355).
Германияның саяси-тарихи даму ерекшелігі неміс Ағартушылық идеясына өзіндік өң берді. Бостандық, жеке бас қадірі, деспотизмді сынау идеялары жалпылама ғана сипат алды. Тек қана Лессинг еңбектерінде және Шиллер драмаларында олар нақтылана түсті.
Сонымен Ағартушылық заманы адамзат ойының ерекше бір лабораториясы болды, ХІХ – ХХ ғғ әлемдік дамуға әсер еткен либерализм, социолизм және коммунизм идеяларының жасыл өзектері, тамырлары осы заманда жатыр.
ХVІІІ ғ. тарихқа Ағартушылық абсолютизмі ғасыры болып енді. Инквизицияны жою, шіркеу жерлерін секуляризациялау, дворяндардың сословьелік артықшылықтарын жою осы саясат мазмұнына айналды. Алайда ағартушылық абсолютизм саясатының ең басты белгісі «барлығына бірдей құқық»принципін жариялап, азаматтық құқық негізін салу болды.
Ағартушылық абсолютизм саясаты Австрия, Пруссия, Португалия және Ресейде кең арнада жүзеге асты, басқа елдерде тек кейбір белгілері байқалады. Бұл саясаттың жүргізілуі қоғамдағы саяси қайшылықты жоймайды. Абсолютизм - өлі форма. Абсолютизмді жетілдіруге, жаңғыртуға болмайды. Олай бола қалған жағдайда бұл саясат өмір сүруін тоқтатады.