Рымғали Нұрғали СӨЗ Өнерінің эстетикасы а ң д а т у



бет14/47
Дата22.12.2021
өлшемі5,7 Mb.
#305
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   47
Сөйтіп зауал жетіпті,

Ел іргесін сөгіпті.

Қыл өтпейтін арадан

Қара ниет өтіпті.

Қойт-қойтынан табғаштың

Ағайындар көкіпті.

Берік тізгін босаңсып,

Ата жауы бекіпті.

Бұдан дұшпан, әрине,

Бір ұтпады, екі ұтты,

Сөйтіп түркі тұқымы

Тоз-тоз болып кетіпті

Құрту қиын алыпты,

Жұрты босқа налыпты.

Қол жеті жүз болған соң

Қаһан ойын танытты.

Атағынан әйгілі

Айрылған халықты,

Қанатынан кәдімгі

Қайырылған халықты,

Құрыш болат қылыш қып

Намысына жаныпты.

Жау қанына суарып,

Күн нұрына малыпты.
(“Жұлдыз”, 1970, № 3.

Аударған Қ.Мырзалиев).
Рух қандай, идея қандай!

Өзі өмір сүріп отырған кезеңдегі өнер туындыларын дер кезінде дәл басып, дөп бағалау екінің бірі жасай алатын, оңай шаруа емес. Белинский ұлылығы Лермонтов даналығын көре білуінде болса, Айтматов жөніндегі Әуезов қамқорлығын да осы орайда ұқсақ керек.

Сыншыл ойдың жітілігі, ғалымдық, парасаттылық, біліктілік күнбе-күн әдеби құбылыстағы кездейсоқтықтан заңдылықты, жазымпаздықтан таланттылықты ажырата білуде, бірін жерлеп мансұқ етіп, екіншісін мәпелей, өсіре білуде жатқаны хақ. Әйтпесе көңіл жықпастықпен яки бір бұлақтың суын іштік деген пендешілікпен яки ойсыз талғамсыздықпен дүмбілез дүниені қорғау - өнерге жасалған қиянат.

Зерттеудің ең көлемді тарауы қазіргі дәуір әдебиетіне арналған, мұнда 1956-1966 жылдар аралығы қамтылып, көптеген шығармалар туралы пікір айтылады. Артық-кем байламдар туындылардың таяу арада жазылғандығынан, оларға уақыт бағасы әлі берілмегендіктен деп түйсек, әдебиет тарихы мойнындағы жүкті жеңілдетіп жіберер едік. Соңғы жылдары туған роман саны 100 қаралы болыпты. Осылардың бәрі шын талант қолынан шыққан нағыз өнер дүниелері ме? Жоқ! Күлді-көмеш, піспеген, қайнамаған нәрселер толып жатыр. Совхоздың жоспарын қалай орындағаны жайлы бірер мақала жаза сала, повеске ауыз салушылар, көркемдіктің әліп-биін үйренбей жатып, бұрқ-бұрқ роман берушілер көбейіп кетті. Дуалы шалдар - Әуезовтің, Мұқановтың, Мұстафиннің, Мүсіреповтің анау жылдары одақты дүркіреткен күрделі шығармаларының өкшесін баса шыққан жаңағы қырықтар мен жүздердің ішінен өзге жұртқа ұялмай ұсынуға қайсысы шыдар екен?

Бүгінгі әдебиетіміздің хал-жағдайын баян ететін тарауда сұрқай, нашар шығармаларды сынай қамшылап, олардың тақырыбын желеу ете сөйлеу етек алған. Автор өзі бастан кешкен өмірлік, шындық фактілерді қаламгерлік қиялмен тербеп, мәдениетті суреткерлікпен жазған, соғыс өмірін реалистікпен бейнелеген “Қаһарлы күндер” сияқты шығарманың сөз арасында ғана ауызға алынуы дұрыс емес. Жетістігі қайда, кемшілігі қайда – талдау керек еді.

Қазіргі қазақ поэзиясының белді өкілдері шығармаларындағы негізгі тенденциялар дәлелді айтылады. Драматургияның, сынның актуалды мәселелері орайында бірқыдыру топшылау бар.

Монографиялық портреттер әр түрлі стильдік ыңғайда жазылған: Мүсіреповтің шеберлігі көбірек сөз болады; Мұстафиннің күрделі шығармалары ойлы сарапқа түседі, Аманжолов поэзиясы жайлы ақын тебіренісі бар; Жароковтың өлең өрнектері зерттеледі; Тәжібаев, Орманов, Тоқмағамбетов шығармалары талданады.

Үлкен ғылыми еңбекте жаңсақ байламдар, орынсыз топшылаулар, орашолақ сөйлемдердің жиі кездесуі қынжылтады. Бірер мысал. “Ал түбі өсетін өренге айналар ақын алғашқы шақтағы жылт еткен шоқтарын кем-кемдеп үрлей береді де, ұзамай өз ошағынан маздап көрінер отқа айналдырады” (І кітап, 387-бет). Не түсіндіңіз? “С.Жүнісовтің “Жапандағы жалғыз үй” атты романының да композициялық бітімінде жаңаша көркемдік жүрістер бар” (ІІ кітап, 108-бет). Көркемдік жүрістер? “Терең зерттеген”, “Үлкен суреткер”, “Үлкен шабытпен жазылған үлкен табыс”, “Көрнекті шығарма”, “Көшті жетектеген”, “Алтын қорына қосылған” деп келетін сөздерді орынсыз, бей-берекет, жауапсыз қолдану, қажетсіз қолпаштау сарыны да әр жерде шаң беріп қалған.

Тұтастай алғанда, екі кітапта туған әдебиетіміздің жарты ғасырлық жолы, ұлылы-кішілі суреткерлердің өнерпаздық тағдыры кеңінен баяндалып, кезеңдік, дәуірлік құбылыстарға, жеке жазушылар шығармашылығына объективті баға берілген. Ғалым-сыншыларымыздың бір тобы, Әдебиет және өнер институтының ұжымы бағалы зерттеу жұмысын тәмамдаған.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   47




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет