Рымғали Нұрғали СӨЗ Өнерінің эстетикасы а ң д а т у



бет42/47
Дата22.12.2021
өлшемі5,7 Mb.
#305
1   ...   39   40   41   42   43   44   45   46   47
Қазық – жұмыс, қазық – үйге байланып,

Жүрегім де майланып

Бара жатыр менің жаным күн сайын

Қалыңдыққа айналып, -
бұл сөздерде шындық жоқ деп кім айтады?

Ақынның беріліп, шабытпен, аса құмарта кең көсіліп жырлаған табысты тақырыбы – махаббат, сүйспеншілік. Қалыптасқан үлгідегі жырлар алғашқы сезімді, құмарту, елту, құлап жығылу сәттерін бейнелейді. Көбінесе қызыл-жасыл бояу, алабұртқан ағыстар басым жататын өлеңдерге ет үйренген. Ал мұнда бүгінгі адамның басындағы небір қиюы қашқан шақтар, біреу сүйіп, екіншісі сүймеген, біреу адал, екіншісі опасыз, мансапқор, дәулет абыройға жетсе де, жүрегі жылу таппаған, сарыла тосып күтумен ғұмыр өткізген жандардың тартысты, драмалы көңіл-күйі, трагедиялық ситуациялар бейнеленеді. Сондай кейде көзіңе жас үйірілтер мұңлы, кейде ұнжырғаңды түсірер қайғылы, кейде өзегіңді өртердей ащы, кейде селт еткізер жігерлі, сан алуан қияпатты жырлар алдыңнан шығады. Сезімін бүркемелеп, шымылдықтың аржағында ұстаған жіңішке жолды қыздарымыздың бүгінгі сезім әлеміндегі байлық, рухани терең толғаныс, сұлулық, әсемдік, келісім мұраттары, адамгершілік нысана биіктігі көңіл тоғайтады. Өткінші тіршілікті қызықтап қалу, дырду рақаты емес, мәңгілік адалдық, тазалық рухы, сүйіспеншілік қадыры деген парасат әуендері негізгі сарынға, басты әуезге айналады. Лирикалық әйел кейіпкер, түптің түбінде, ошақ басынан, шаңырақ астынан опа табады, әлеуметтік іске көңілі толады, сөйтіп бақыт-рақат барлығына иланады.


Туса да қилы-қилы басыма күн,

Осында сан қуанып, тасығаным.

Әйтеуір бір рақат күтетіндей

Мен ылғи ошағыма асығамын, -
деп тоқтайды. Саяси-әлеуметтік тақырыптарды әуелде публицистикалық толғау үлгісі арқылы игерген ақын бірте-бірте философиялық, психологиялық монолог формаларына ауысты. Туған жер, Отан, ел-жұртты нақты сурет, бейнелі тіл, көркем тәсілмен суреттейтін болды. Өлең шоғыры, тұтас цикл, фрагменттер – осы алуандас поэтикалық формалар мүмкіндігі, жаңа өрістер кәдеге асты. Алғашқыда жыр өзегі Атырау өңірі, Маңқыстау түбегі ғана болса, бірте-бірте Қазақстан атырабы тұтас, түгел сөйлей бастады: Қостанай, Көкшетау, Арал, Жетісу.

Ақын поэзиясының интернационалдық рухын оның өз көзімен көрген шетелдерге арналған татымды шығармалары көтере түсті.

Қазіргі замандас, әсіресе балықшылар, мұнайшылар, егіншілер, бір сөзбен, еңбек адамдарын, оның ішінде жастарды жырлаған “Үйім – менің Отаным”, “Революция және мен” циклдері ақынның шығармашылық белесі болып табылады. Осы еңбегі үшін оған Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығы берілді. Әлеуметтік пафос, партиялық, таптық мұраттың анықтығы, көркемдік сипаттар көзге түседі.
Жайнайды дала – алыбым,

Жанары – жарқын, жаны – Күн!

Ызғары кетпес әлемге дала

Таратып жатыр бойынан

Жылуы менен жарығын! –
деген тапқыр жолдар бар.

Қазіргі адамның көңіл-күйі, сезім әлемі, ішкі дүниесі қат-қабат, шытырман да күрделі. Жүрек жылуы азайып, алыс-беріс, жүріс-тұрыс есеп-шотқа түскен кездерде жатсырау, суыну, тас бауырлық белең алмақ. Сағыныш, мұң молайып, көзге жас іркілетін, кешегі жастық, балалық аусар күндерді аңсайтын сәттерде оқығың келетін жырлар болады. Атаңа, әжеңе еркелеген кездер, жаздың жылы жаңбыры, қыстың алай-түлей бораны, осыларға ұқсас суреттер еске түседі. Жылауық, боркемік өлең мұндайда саған серік емес. Тіпті қайғы-қасіреттің өзін ширақ, қатқыл, суық жеткізетін тірі сөзді аңсайсың.

Бүгінгі поэзияның көркемдік құралдары, стильдік өрнектері, сөз байлығы, тіл кестесі адам жанының небір шетін де нәзік, қараңғы да үрейлі, қажырлы да қайсар рухын дәл, шебер суреттеп көрсетіп беруге мүмкіндік береді ғой. Өлең толқынының беткі қабатында жататын дидактикалық, публицистикалық, моральдық иірімдер көзге оңай шалынбақ; ал көңілге шоқ боп түсіп, ұзақ маздайтын әр кезде жан жүйеңді қозғайтын бейнелі суретпен жасалған көркем эстетикалық ой, сиқырлы киелі сөз сирек.

Балалық шағының жапырағын сұрапыл соғыс өртеп кеткен, біреуі жесір әйел, екіншісі жетім шалдың бауырында өскен буынның өксігі әлі басылған жоқ. Бұл ұрпақтың алдыңғы толқыны өздері немере сүйе бастаса да, ұшқан ұя, туған топыраққа деген махаббат бір мысқал әлсіремейді.


Қырға кеткім келіп тұр бүгін менің,

Жүрек - әлсіз, жүйке – қыл, түрімде – мұң.

Бір емдесе емдейді жанымды тек

Саумал сүттің иісі бар іңірлерім,

Сонда ғана дертіме дауа тауып,

Ашылардай сарайым – үнім, демім, -
деп толқыған монологтың күшейе барып:
Қырға барсам арылып мың күнәдан

Сағыныштың шықтарын іркіп алам –

Жермен бірге мәңгілік қалатындай

Қаным таза, тілім мен жұртым аман

Сарайымды ашшы бір іңірлерім

Тезек исі, жылқы исі бұрқыраған, -
деп аяқталуы әбден заңды.

Тарихи, белгілі тұлғаларға өмірін арқау етіп шығарма тудырудың қалыптасып қалған, тіпті сарыжұртқа айналған бір үйреншікті тәсілі – ғұмырнама ізімен, оқиғаларды қуалай баяндай отырып, жөргемдей суреттеу, шола қамтумен нәрлі дүние жасау мүмкіндігі жойылғанын ескермей, тәуекел қайығына мініп, тартып кету қазіргі өнерпаз үшін соқырсүрлеу екенін жақсы ұғынған ақын жаңа тәжірибе жасайды, әр түрлі ізденістерге барады, шарттылық құралдары, соны поэтикалық формалар мүмкіндігін пайдаланады. Бір ауыл, бір атырап қана білер-білмес есімдер емес, қазақ тарихындағы биік тұлғалар, дара тағдырлар бейнесін суреттеуде ұзын сонар дастан, сылбыр созалаң поэма санатындағы көлем қуалаған, етек-жеңі жиылмай қалатын, ақындық қуаты аз кебежеқарын көкжасық дүниелерге бой ұрып кетпей, шымыр формалы, өткір идеялы, сұсты ойлы ықшам, лаконизм талаптарынан шыққан туындылар шоғырын ақынның берекелі олжалары деп білеміз.

Бұл қатарда “Сайраған Жетісудің бұлбұлымын”, “Ақан сері аңыздары”, “Поэзия. Махамбет аудармашысымен әңгіме”, “Тартады бозбаланы магнитім” секілді шығармаларды бөліп, даралап айтуымыз керек. Сара, Ақан сері, Махамбет, Майра бейнелері жаңа қырынан, тың ракурста көрінеді. Тарихи тұлғаның жарқ ете түскен бір сәті, сезім күйі, ой толғауы, шыншыл сипаты бар. Әсіресе бұрын әркім барып көрген қастерлі тақырып - Әлия мен Мәншүктің трагедиялық әрі ғажайып тағдырына арналған “Тыңдаңдар, тірі адамдар” сюжетсіз поэмасында еркін көркемдік форма, шарттылық тәсілімен қос боздақтың рухын сөйлету, қазіргі ұрпақпен тілдестіру арқылы жаңа эсетиткалық игілік жасалған.

Қазіргі қазақ поэзиясындағы идеялық-көркемдік ізденістердің өрісі ұлттық дәстүрлерді ғана шиырлап отырған жоқ, барлау барысында зерттей оқып, үйреніп сан алуан интернационалдық мектептерден тәлім алған тақуа ақындарымыздың үдете өсірген үлгілері шабыт дүкенінен балқып шыққан мағыналы, құнарлы туындылары туған әдебиетімізді, сөз жоқ, байытып жатыр.

Жеті жұрттың тілін, қыртысын айналдырып біліп алмағанмен, аударма негізінде қазақ қаламгерлері әлемдік поэзияның көне, классикалық нұсқаларымен, барлық дәуірдегі барлық елдердің ұлы ақындарының мұрасымен, бүгінгі әдебиеттердегі арналы ізденістер, озық табыстармен түгел танысты десек, артық айтқандық емес. Ұлттық және интернационалдық ағыстар тоғысуы идеялық, эстетикалық, структуралық сан алуан әуездер, бояулар, сөздер шұғыласын жаратты.

Бұл ретте біздің өлең аудару мәдениетіміздің аса өрлеп өскенін рухани өміріміздегі маңызды бір құбылыс екенін атап айту дұрыс. Расында, негізгі оқиға жүйесін сақтай отырып, көбінесе мазмұнды еркін өрбітетін шығыстың аңыздау – нәзира бағытынан бас тартып, дәлме-дәл, балама, реалистік аударма мектебінің негізін Гете, Байрон, Пушкин, Лермонтов, Крылов, Бунин шығармаларын қазақша сөйлету арқылы салып берген Абай үлгісі терең тамыр жайып отыр. Қатардағы қара-жаяу өлеңшілерді айтпай-ақ қояйық, санатта бар жақсы ақындарымыздың бәрі де поэтикалық аударма мектебінен өтті, жасырмау керек, осы тұста еліктеу ағысына түсіп кеткен, әр түрлі көлеңке, әр түрлі сарындарды көшіре қайталап өз үнінен айрылып қалғандар да болды. Ал интернационалдық дәстүрден байып, толығып, ақындық нәрлі құнар, көркем игілік тауып, жарыса өсіп, өзін-өзі қамшылап, жаңаша түлеп, биіктей самғаудың үлгісі деп “Омар һаяммен әңгіме”, “Шекспир шындығы”, “Вийонның азасы”, “Нерудағы наразылық” секілді шығармаларды айтуға болады.

Кемел шақта адамның басқан ізге қайта бір көз тастауы, туған ошаққа оралуы болмақ. Сондай тұста ақын қаламынан “Киіз үй”, “Оюлар”, “Жаулықтар”, “Жер ошақ” секілді жүрек сыздадатын өлеңдер туған.
Дала – менің қазынам, жыр сандығым,

Жыр нәрімен жер балқып, бусанды құм.

Сортаң жердің тұзы бар тамырында

Ашқылтымдау сондықтан жусан – жырым, -
деген жолдарда ағынан жарылған сезім мөлдіреп тұр емес пе?

Қазақ халқының қыз балаға деген құрметінде шек бар ма? – Жоқ. Қалыңмалмен маталып жүрген күндерде де қазақ қызы күңдікте болды ма? – Болған емес, паранжа киді ме? – Кимеді; қолынан домбырасы түсті ме? – Түскен жоқ; сөз таластырып дауға барды ма? – Барды; қару ұстап жауға шапты ма? – Шапты; би болып ел биледі ме? – Биледі. Осындай әлеуметтік мағыналы өмір кешкен қазақ қыздары тудырған тамыры терең, өрісі кең поэтикалық туындылардан тұтас антология құрастыруға болар еді. Сол арналы дәстүрдің бүгінгі жалғасы, сапалы да құнарлы көрінісі Фариза Оңғарсынованың ер мінезді жырлары.






Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   39   40   41   42   43   44   45   46   47




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет