Рымғали Нұрғали СӨЗ Өнерінің эстетикасы а ң д а т у



бет43/47
Дата22.12.2021
өлшемі5,7 Mb.
#305
1   ...   39   40   41   42   43   44   45   46   47
Ү тарау
ӘДЕБИ ҚОЗҒАЛЫС
Прозадағы драматизм, әлеуметтік –

эстетикалық салмақ
І
Драматизм эстетикалық категория ретінде өнердің барлық саласына, әдебиеттің күллі жанрларына қатысты, жалпылық, жинақтаушылық сипаты бар ұғымдардың қатарына жатады.

Қазақ прозасының қалыптасуы, жеке қаламгерлердің шығармалары жөнінде жазылған белгілі еңбектерде тиянақталған тұжырымдарды бағалай отырып, зерттеудің жаңа объектілеріне ерекше көңіл бөлу шарт.

Осы тұрғыдан қарағанда, прозадағы драматизм проблемасын зерттеу – жанрлардың өзара тоғысу, бір-бірін байыту құбылыстарын, өнердің қазіргі тенденцияларын ашып беруге мүмкіндік тудырады.

Теориялық тұжырымда жанр тазалығы шарт етіліп қойылғанымен, көркем тәжірибеде, әсіресе бүгінгі әдеби ағымда бір жанрға екінші жанрдың жасаған ықпалын, осыдан туған өзгерістерді көреміз.

Ғылыми-техникалық революция нәтижесінде қоғамдық өмірдің әр саласына қауырт енген интернационалдану процесінің өнердегі көрінісі - әлем әдебиетіндегі басты құбылыстардың ұлт топырағында жаңғыруы.

Қазір прозаның Шыңғыс Айтматов, Ион Друцэ, Василь Быков секілді белгілі шеберлерінің шығармашылығында мол көлемді, хронологиялық түрде жазылған, көп жылдарды қамтитын, қалың кейіпкерлі еңбектерден гөрі ықшам, шағын, бірер қаһарманы бар туындылар көбірек орын алады. “Ақ кеме”, “Өз ошағына оралу”, “Таң атқанша тірі бол” хикаяттарының ең негізгі қасиеті, басты сапасы, біздің ойымызша – драматизм.

Сондықтан да осы шығармалар басылып шығысымен, дереу сахналық варианттар жасалды, экранға жол тартты. Әділіне келгенде, бүгін театрда таза драма үлгілерімен қоса, прозалық шығармалар негізінде жасалған спектакльдер қатар өмір сүріп жатыр.

Әлем өнеріндегі, одақ көлеміндегі тәжірибелерді қоя тұрып, туған әдебиетіміздегі мысалдардың өзін ондап санауға болады: “Абай”, “Қан мен тер” романдары бойынша жасалған спектакльдерге СССР Мемлекеттік сыйлығы берілді. Әрине, бұл ретте режиссер тапқырлығын, актер шеберлігін мойындай отырып, ең алдымен роман материалындағы сом характерлерді, психологиялық тартыстарды, терең драматизмді айту керек.

Бүгінгі таңдағы әдебиетке, оның қай жанрына болсын қойылатын биік талаптардың бірі – драматизм.

Бұл жолы осы күрделі проблеманың бір тармақ мәселесін – қазіргі қазақ прозасының кейбір үлгілеріндегі драматизм деңгейі қай дәрежеде деген мәселені ғана қарастырмақпыз.

Қазақ әдебиетінің соңғы жиырма жылдағы көркемдік деңгейінің өскендігін, реалистік қуатының күшейгендігін, драматизмнің артқандығын, бір сөзбен, профессионалдық мәдениетінің көтерілуін айтқан кезде тиянақ болар дәлелдің бірі – белгілі қаламгер Бердібек Соқпақбаевтың шығармашылығы. Бұл қаламгердің, ең алдымен, өмір шындығын пір тұтуы, көрген, сезген, бойына етене объектіні ғана туындысына арқау етуі, адам мінездерін даралап алуы, әсіресе баланы, жас өспірімнің психологиясын жетік білуі, көркемдік құралдарды пайдаланудағы өзіне ғана тін шеберлігі – оның шығармаларын басқа ұлт оқырмандарына да қымбат етіп отыр. Мұның дәлелі – “Балалық шаққа саяхат”, “Менің атым - Қожа”.

Біреу тез жазады, біреу ұзақ жазады. Шығарма қуаты онымен өлшенбейтіні әркімге аян. Дегенмен асығыстың түбі – қашан да ақаулық. Он-он бес жыл уақыт жұмсаған еңбектің енді тынғанын көріп отырамыз.



Ол - Б.Соқпақбаевтың “Өлгендер қайтып келмейді” романы. Кітап үш бөлімнен тұрады: автор әрқайсысын бірінші дәптер, екінші дәптер, үшінші дәптер деп саралаған. Шығарманың композициясы жинақты, жұмыр. Әр дәптер өз ішінен шағын-шағын көріністерге бөлінген. Жалпы Б.Соқпақбаев стиліне тән ықшамдылық, жинақылық сипаттарын бұл туындыдан да айқын аңғаруға болады.

Романда кейіпкерлер саны көп емес. Қат-қабат қалың тартыс оқиғалар жүйесі де жоқ. Автор бір ауыл адамдарының тіршілігі, оның ішінде бір үйдің, тіпті бір адамның тағдыры арқылы ауыр кезеңдегі өмір шындығын танытуды мақсат еткен.

Дәстүр бойынша келер болсақ, шығарманың негізгі, басты қаһарманы – Еркін Мамырбаев дер едік. Онымен бірінші дәптерде 15-16 жасында танысамыз да, үшінші дәптердің соңында отызға шыққан кезінде қоштасамыз. Барлық оқиға Еркін атынан баяндалады. Жақсылық, жамандық атаулыға Еркін көзімен баға беріледі. Дәлірек айтқанда, роман өзегі – Еркіннің бастан кешкендері, қалыптасып жетілу жолдары. “Өлгендер қайтып келмейді” – жастық дәурені соғыс жылдарымен қабаттас болған ұрпақтың өмірі, тағдыры жайлы роман.

Алғашқы бөлімдегі Еркін – қазақтың көп қара домалақ ұлдарының бірі. Еті тірі, намысқой, пысық: шеше бауырында, аға аясында өсіп келе жатқан. Осы кезде соғыс оты лап етіп, ер-азаматты майданға ала бастайды. Еркіннің ағасы Сәрсебек енді ғана қосылған келіншегінің көзін жаудыратып, әскерге аттанды. Сол күннен бастап үй-ішінің ауыртпалығы, жеңгесін жат көзден, пәле-жаладан сақтау Еркін мойнына түскен салмақ.

Соғыс деген майдан шебіндегі қиян-кескі, ұрыс, өлім, өлтіру, окоп, мылтық, батырлық, жауыздық қана емес, бүкіл елдегі көп қарым-қатынастарды өзгерткен, неше түрлі қиыншылық, ауыртпалық тудырған алапат. Таршылық, тұрмыстағы жетіспеушілік үстіне сан алуан психологиялық проблемалар, моральдық қиын түйіндер пайда болған.

Өмірдегі осындай күрделі процестер Еркін секілді бала, жас өспірімнің жас тірлігіне ай-шайға қаратпастан, аяқ астынан килігеді. Бұл ұйпап-тұйпап келген соғыс жылдарының қаһарлы дауылы жазушы Қазақстан жағдайында жиі кездескен келеңсіз көріністің біразын Нұралы бейнесі арқылы шенейді. Жас жігіттер, ортан қолдай азаматтардың майданға кеткенін пайдаланып, жетім-жесірлерге көз алартқан, оп-оңай төсек жаңғыртып, дәулет жинаған, тіпті байып алғандар болғаны бекер емес. Романшы өмірлік материалды сұрыптай отырып, қызықты көркем бейне жасаған. Нұралының дегеніне көніп, айдауына жүрмейтін, бетінен алып, беделін түсіретін Еркін секілді жігітті елден кетіріп, ФЗО-ға жіберуі – кейін осы екеуінің арасында ұзақ жылдарға созылған тартыстың басы.

Бұрын ауыл ішінен алысқа шығып көрмеген Еркін үшін енді ауыр, шырғалаңды жолдар басталады. Табиғатынан адал, ақ, шыншыл жігіттің әр түрлі қиын жағдайларға тап болуы соғыс кесірінен, ауыр кезең зардабынан екендігін жазушы сенімді бейнелейді. Соғыс кезеңіндегі ауыл тұрмысының көптеген қою суреттері Еркіннің көзімен беріледі. Майдан үшін күн-түн демей, жан аямай еңбек еткен жандардың ішінде Еркін де жүр.

Тағы да Нұралымен арадағы тартыс салдарынан Еркін жұмыстан шығып қалады.

Екінші дәптерде Еркін басынан бірқыдыру оқиғалар өтеді. Денсаулығына байланысты майданға жөнелтуге жарамаған Еркін енді шалғайдағы Сарыбел ауылына барып мұғалім болады. Бұл жерде де тіршіліктің, соғыс кезіндегі ауыр өмірдің бірталай тәлімін алған.

Жас көңіл, балалық тазалықпен сүйген қызы Ғалиямен арадағы қатынас үзілгендей кезде, Еркін – Алтын қарым-қатынастары пайда болады. Кейбір сипаттары жөнінен қоймашы Сегізбай колхоз бастығы Нұралымен ұқсас. Екеуі ауыр уақытта қара бастарының қамын ойлаған адамдар. Екеуі де ретін, есебін тауып, төсек жаңғыртқандар. Сегізбайда айла, есеп молырақ. Еркін – Сегізбай – Алтын араларындағы қатынаста реалистік дәлдік, психологиялық сенімділік жақсы ескерілген.

Дәмді тамақ, тәуір киім, жақсы тұрмыс үшін шалға тие салған жас, сұлу, қызулы келіншек пен басы бос бойдақ, сезімі бастықпаған жігіт драмасы – соғыс жылдарының драмасы болып суреттеледі.

“Өлгендер қайтып келмейді” романының сюжеті, негізінен, Еркін Мамырбаевтың өмір жолының ізімен өрбіп отырады. Барлық әрекет Еркін төңірегінде жүріп жатады. Бұл жайлар шығармаға тізбектеме - өмірбаяндық сипат берген.



Үнемі осылай болу кейбір кемшіліктерді тудырып, роман композициясында бірсарындылық пайда болған.

Студент Еркіннің өмірі – соғыстан кейінгі ауыр жылдардағы студенттер өмірі. Оқуға қабылдауда, оқытуда, тұрмыс-тіршілікте күлкілі жайлар мол. Адамды ойлантатын, еріксіз күрсіндіретін халдерді жазушы көз алдыңызға әкеледі.

Жазушы пародия, гротеск, иронияны шебер пайдаланады. Астар, емеурін мол.

Елуінші жылдардағы мектеп тұрмысы романның үшінші дәптерінде жан-жақты суреттелген. Институт бітірген маман Еркін мен оның әйелі Зағипа Қазақстанның орталықтан шалғай аудандарының біріне мұғалімдік жұмысқа келген. Олар әр түрлі жағдайларға тап болады.

Автор негізгі оқиғаға қатысы жоқ жанама кейіпкерлердің бейнесін қызықты жасаған. Басқа жақтан келгендерді жақтырмайтын, поезда кездескен кемпір, ру сұрайтын мектеп директоры, ленинградтық Маша мен Саша – бұларды ұмытуыңыз қиын.

Аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің, оқу бөлімінің меңгерушілері Еркін мен Зағипаға барғаннан көмектессе, Жақыбаев, Ілиясовтар ертең білімді мамандар орнымызға тұрып алады деп қарсы болады.

Еркін мен Зағипаның ерлі-зайыпты өмірлерінің алғашқы қуаныш-күйініштері бар.

Тірліктен көп таяқ жеп, ерте есейген, өткен-кеткенге, ақ пен қараға ойлана қарайтын, өзінше таразыға салып баға беретін қабілетті, табиғатынан әңгімеге өлеңге құштар Еркіннің жазушылық өнерге ден қоюы – оқырман үшін сенімді нәрсе.

Үшінші бөлімнің бірталай беттері Еркіннің шығармашылық барлау кезеңіне, әдеби ортадағы алғашқы қадамдарына арналған. Редакцияның күнделікті жұмысына, киностудия қызметіне байланысты дәл табылған детальдар, қызықты суреттер, сәтті персонаждар бар.

Көркемдік заңдарын ескеріп жазған романда автор кейбір өмірде болған адамдардың аттарын өз қалпында алмай, өзгертіп бергені дұрыс болатын еді. Еркіннің жазушылар ортасында түскен соң ішуі, бос жүруі тым көбейіп кетеді.

Жазушы қиындық, ауыртпалықтарды жеңіп, тіршіліктің кең жолына түскен жағымды қаһарман бейнесін жасаған.

Қызықты бейнелері бар, тілі шебер, стилі ширақ роман жазушының қабырғалы қаламгер екендігін көрсетіп отыр: оның қаламынан туған көп қырлы, мол сырлы “Өлгендер қайтып келмейді” – қазақ прозасының елеулі туындысы.

Халық тарихында терең із қалдырған әйгілі, даңқты адамдар өмірін көрсететін шығармалардың жастар тәрбиесінде алатын орны зор екендігіне күмән жоқ. Қазақ әдебиетінің бұл саладағы ізденістері сан алуан: барлық жанрда ғұмырнамалық шығармалар көптеп туып жатыр.

Қазақ халқының өткен өмірін зерттеп танымақ болған кезде ғалымдар үшін де, жазушылар үшін де көп үңіліп, терең толғайтын әлі сырын түгел ашып болмаған бір ғажап құбылыс, күрделі нысан бар. Ол – Шоқан Уәлиханов, оның тіршілігі, ғылыми еңбегі, тарихи миссиясы.

Сахара тарихындағы данышпан – Шоқан туралы Сәбит Мұқанов көп салалы, кең тынысты, мол көлемді эпопеясының алғашқы кітаптарын ғана жазды. Кейбіреуіміздің шолақ кесіп, келте қайырып жүргеніміздей, бұл шығармалар қатардағы, күнде басылып жатқан еңбектердің бірі емес. Мұқановтың “Аққан жұлдызындағы” аса бай этнографиялық, шежірелік, тарихи, тұрмыстық фактілерді ой көзімен қорытып, бойға сіңіру кімге болса да пайдалы нәрсе.

Шоқан туралы жазылған С.Бегалин, С.Марков хикаяттары көпке мәлім. Белгілі жазушы Сәуірбек Бақбергенов Шоқан тақырыбына бұрын “Қоянкөзге құлаған жұлдыз” атты хикаят арнаса, енді жаңа туынды беріп отыр. “Мен сізді сүйемін”. Бұл Достоевскийдің Шоқанға жазған әйгілі хатындағы сөзі.

Ана бір жылы қазақ драматургы Достоевскийдің тойы қарсаңында өтімді етіп пьеса жазып, оның атын “Дала тұтқыны” қойып, сахнаға шығарғанда, дау айтқанымыз бар еді. Шындығында Достоевский басындағы трагедияға, оның түрме азабын көруіне, қаламнан қол үзуіне айыпкер дала емес, патша самодержавиесі және Достоевскийдің қазақ даласындағы, оның ішінде Семей қаласындағы өмірін суреттемек болған қаламгердің Шоқан Уәлихановты айтпай кетуі тарихи шындықтан алшақтау, қажетті объектіні дөп баспау еді.

Достоевский мен Шоқанның Семей қаласында түскен, тарихи тұрғыдан ерекше, қымбат, баршаға белгілі суреттері бар. Шоқан қолында кездік. Осы детальды С.Бақбергенов шығармада жақсы пайдаланған Достоевский мен Шоқан арасындағы рухани туыстық, достық, тазалық, қимастық сезімдері, орыс-қазақ елдері арасындағы бауырластық, Достоевский тарапынан берілген кездік, Шоқан тарапынан берілген сандық арқылы сенімді көрсетілген.

Әдебиетіміздегі үлкен олқылықтың бірі – жанр заңдылықтарын ескермеу. Өмірлік материал қандай жанрға лайық - әңгімеге ме, хикаятқа ма, романға ма – мұны терең ойлап, толғап шешпеу кімді болмасын сүріндіреді. “Мен сізді сүйемін” хикаятында С.Бақбергенов осындай кедергіге кездескен. Сәтімен табылған кездік, сандық оқиғасына байланысты детальдардан қол үзген соң, жазушы қара-дүрсін баяндалуға түсіп кетеді. Достоевский, Шоқан араларындағы диалогтарда даралық жоқ. Олардың сөздері бір-біріне ұқсас. Әлем әдебиетінің данышпаны Достоевскийдің интелектісі, қысылып, езіліп жүргендегі мұңы, ширығуы қайда? Шоқанның жалыны, замандастарын таң қалдырған өткірлігі кәні?

Мұндай талаптардың болатынын жазушы өзі де сезсе керек, көбінесе екі алыптың сырласу сәтін нақты, дәл бейнелеу орнына, хабарлап айтып кетеді.

Біздің ойымызша, Шоқанның Петербургта болған кезі, Сырымбетке келуі, одан Черняев отрядына қосылуы – терең психологиялық сараптарды қажет ететін айрықша кезеңдер – С.Бақбергенов туындысының кемшіліктері. Қазір біз шығармадан бір шығармаға көшіп жүретін идеялар, мотивтер, сарындарды былай қойғанда, тұтас детальдар, образдар, оқиғалар бірін-бірі қайталайды.

І.Есенберлиннің “Қаһар” романында Абылайдың әйгілі түсін Бұхар жырау жориды. Осы түс дәл сол қалпында “Мен сізді сүйеміннің” ішінде жүр. Әуелде бұл “Айқап” журналында басылған материал. С.Бегалиннің “Тайатқан тауынан табылыпты”, “Алданған жолбарыс” атты әңгімелерінде қазақ аңшыларының жолбарысты қалай аулағаны көрсетіледі. Осы детальдар “Мен сізді сүйемінде” қайталанады.

Қандай шығармада да объектіні дәл білу – шарт, ал тарихи-ғұмырнама туындыда бұл талап күшейе түспек. С.Бақбергенов Достоевскийдің көзін бір жерде сұр, бір жерде сарғыш, бір жерде шегір дейді. Үнемі бояуын өзгертіп тұратын бұл не қылған көз? “Семейден шыға сала Шоқандар Шыңғыстың қызыл шоқысы мен Бөрлісін көрді” дейді. Бұл да дұрыс емес. Аттылы адам шауып отырғанның өзінде ол жерлерге жуыр маңда жетуі қиын. Шоқан көшеде Тургеневті қағып кетеді, ол оңай Парижге барып келеді – осының баршасы жазушы жүрегін тебірентпей, асығыс, жауапсыз жазылған беттер.

Проза, драматургия жанрларында қатар қалам тарта бастаған Оралхан Бөкеев, сөз жоқ, әлі талай белден асатын жігіт. Оның “Мұзтау” кітабында бұрынғы сарындар ұлғайып, ойлар тереңдеп, көркемдік олжа молая түскен. Цикл әңгімелер, қара сөзбен жазылған өлең, эссе – бұл бағытта әлі де ізденуді қажет ететіні сөзсіз. Жазушының туған жері – Алтайға әбден бауыр басуы, кейіпкерлерін, тақырыбын сол аймақтан табуы, объектісіне деген құштарлық қуантарлық жәйт.

Көптеген оқиға, кейбір этнографиялық ерекшелік, оқыс мінездер, тосын реалдар “Мұзтау” хикаятында айқын көрінеді. Автордың қажетсіз тарихи аңыздарға, тым әсіре қызыл жолдарға кетіп қалуы – негізінен салмақты жазылған шығарманы әлсіреткен. Қаламгер ретінде танылған, бірнеше кітап шығарған, өз алтын өзегін тапқан Оралхан Бөкеевтің ала қаша жөнелетін стильден мүлде арылып, реалистік, психологиялық прозаға тән арнаға түсетін мезгілі жетті.

Әдебиетімізде қазір қаламгері көп сала – проза. Басқа жанрларда бірқыдыру еңбек етіп, танылып, белгілі болған жазушылар прозаға келе бастады.

Арғы уақыттарда айтпағанда, соңғы жылдардың ішінде поэзияның бел баласы болып жүрген Ғафу Қайырбеков, Жұмекен Нәжімеденов қара сөзге ауысты. Әдебиетші-ғалымдар Мұхтар Мағауин, Мырзабек Дүйсенов прозаға әбден ден қоя бастады. Тілші, ғылым докторы Әзиза Нұрмаханова – екі хикаяттың авторы. Белгілі прозаиктер әдебиеттану саласына көбірек зер салады. Ақындар Аманжол Шамкенов, Қуандық Шаңғытбаев қазіргі белгілі драматургтар. Сыншы Хасен Әдібаев “Таңбалы адам” деген проза кітабын шығарды. Бұған журналистер әулетінен прозаға келіп кірген, тегеурінді қалың топты қосу керек. Алғашқы буыннан Ғайса Сармұрзин, Жүсіп Алтайбаев, Зейтін Ақышев, орта буыннан Әзілхан Нұршайықов, Жекен Жұмақанов, Шерхан Мұртазаев, Кәкімжан Қазыбаев, Сейдахмет Бердіқұлов, оларды өкшелей шыққан Қалдарбек Найманбаев, Ахат Жақсыбаев, Кәрібай Ахметбеков, Ақселеу Сейдімбеков бар...

Әрине, ешкімнің біржолата еншілеп, құлағын тесіп, сырға тағып қойған меншікті жанры жоқ, бірақ, мамандану, профессионализм талап-шарттарын да ұмытуға болмайды. Журналистикадан келіп, проза жазып жатқандар шығармашылығында тым бел алып, көзге ұрып тұратын журналистиканың артық элементтері жоқ па? Ұтымды тақырыптардың желеуімен көркемдігі солғын нәрселер басылып кетпей ме? Осындай проблемалық сұрақтар көптің көкейінде жүрсе керек.

Қазір қабілеттілер қатарында есімі айтылып жүрген Ахат Жақсыбаев “Қайырлы таң”, “Боз арал” хикаяттарымен таныла бастаған еді. Соңғы кезде “Егес” атты кітабы шықты. Роман. Жұмысшылар өмірі.

Бүгінгі күннің ең зәру тақырыптарына, әсіресе жас қаламгерлер бара бермейді. Балалық, ауыл суреттері, студенттік шақ, алғашқы қызмет, ескі өмірдің кейбір көріністері – талайлар осы төңіректерді айналсоқтап жүр. Жұмысшы ортасын көрсету үшін суреткерлік қабілеттің үстіне арнаулы мамандықтан хабардар болу, ғылыми техникалық сауаттылық, бүгінгі өндірісті жете білу әбден қажет. Бұл орайда тақырыпқа келудің екі түрлі жолы бар: бірі – жағдайды бес саусақтай білетін, өзі жұмысшылар ортасында еңбек еткен адамның қалам тартуы, екіншісі – алған арнайы мақсат қойып, объектіні зерттеп біліп алып жазуға отыру.

Ахат Жақсыбаев осы екі жолды да өткен жігіт. Ол орта мектепті бітіргеннен кейін Екібастұзда шахтада істеген, жылдар бойы өндірістегі достарынан қол үзген жоқ.

Осы жағынан автордың маңызды тақырыпқа келуінде асығыстық, жауапсыздық бар дей алмаймыз, қайта заңды, қажетті қадамды көреміз.

Айтылмыш шығарманың жалпы бітімінде ықшамдылық, жинақылық бар. Үш тарау, оның жеке бөлімдері келісті жымдасқан. Көп сөзділік, шашырандылық, бірді айтып, бірге кету секілді олқылыққа жазушы бой алдырмаған. Негізгі оқиға, барлық әрекет орталық кейіпкер Батырбектің төңірегіне топтастырылғандығы – жазушы нысанысының айқындылығын танытады.

Бұл отызға енді шыға бастаған, мезгілімен орта мектепті бітіріп, мезгілімен инженер дипломын алған, мезгілімен еңбекке араласқан, қазіргі қазақтың техникалық интеллигенциясының ортан қолдай бір өкілі.

Алғашқы тарауда Батырбектің Қарағандыда шахтада инженер болып істегені, жақсы санатта жүргені, қызу мінезділігі, Қадырхан деген бастықпен сиыса алмай, өзі арыз беріп, жұмыстан шығып, институтқа түсер алдында екі жыл кенші болған жері – Қаратасқа оралуы айтылады.

Қаратас – бұрынғы Қаратас емес, көп өзгеріс бар. Байырғы кеншілер демалысқа кеткен. Жаңа адамдар келген. Батырбектің разьезге мастер болып алынуы қиындыққа түспейді. Институтта бірге оқыған Байтас үлкен мақсатты жиып қойып, жан тыныштықты ойлауға кіріседі, өндірісте шаруасы аз, кеңсе қызметіндегі, қағаз жазу маңындағы инженер. Автор Батырбек – Байтас арасындағы рухани алшақтық, көзқарас қайшылықтарын өрбітіп суреттегенде ұтатын еді.

Жазушының негізгі қаһарманы Батырбекті әр нәрсеге ой көзімен қарайтын, үнемі өзіне өзі есеп беріп отыратын есті, сезімтал жігіт етіп суреттеу талабын бекерге шығаруға болмайды. Қарағандыда істеген жас, тұяғына тас тимеген, асау Батырбек пен тіс қақты, жол көріп қалған Батырбектің іштей арбасуы психологиялық жағынан сенімді берілген.

Қазір бірқыдыру шығармаларда әйел опасыздығын, еркек тұрақсыздығын ақтайтын сарындардың барлығын оқып, біліп жүрміз. Ұзақ уақытқа созылған сезім шырғалаңдары, сағыныш, түңілу, мұң, қайғы, қуаныш сәттерін шөп-шалаң қоспай реалистік күйінде, мөлдіретіп бейнелеу қолдан келмей жүрген шаруа.

Жас жесір Зағираш пен әйелі қасында жоқ Батырбек арасындағы қарым-қатынасты жазушы жап-жақсы өріп шығарады. Қонақ күту, тамадалық, кеш қайту, келіншектің үйінде жатып қалуы – бұл ситуацияларда сенімді штрихтар, дәл табылған диалогтар, суреттер бар. Зағираш – Батырбек арасының достық сыйластық ауқымында қалуын сенімді бейнелеген тұстар шығарманың сәтті беттері.

Талайлардың аяғы жетпей, тісі батпай жүрген маңызды да актуальды объекті – жұмысшылар, техникалық интеллигенция, кеншілер тақырыбына барлау жасаған А.Жақсыбаевтың тұңғыш алымды талабын әбден құптау керек. Пышақ сызып кеткендей жеңіл-желпі тыз етпе ілініс, қойылған талаптар бигінен шыға алмау секілді “Егесте” кеткен олқылықтар жазушыны бұдан былайғы қаламгерлік сапарда ойландырады, сабақ болады деп есептейміз.

Іс басындағы адамдар жайында жазылған шығармалардың көбеюі бәрімізді де қуантса керек. Бірақ завод, совхоздағы кәсіби қарым-қатынастар ғана емес, ең алдымен адамдардың ішкі әлемі көрінуі басты шарт.

Оқырмандарға “Көрші келіншек”, “Шарапатты жан” кітаптарымен таныла бастаған жазушы Төлек Тілеухановтың негізгі тақырыптық объектісі – ауыл адамдары, жастар, педагогтар ортасы болатын. Стиліндегі ықшамдылық, шығарманың бас-аяғын жұмырлап жасау, форманың бүгінгі түрлеріне ден қою секілді жақсы нышандар қаламгердің болашағынан көп үміт күттірген еді.

Жаңа шығарма – “Өзгенің бақыты үшін” хикаятында автор ізденістерінің тақырыптық-эстетикалық, идеялық-бейнелік тұрғыдан тереңдеп, толыға түскендігі жақсы аңғарылады. Жазушы енді эпикалық жанрдың мүмкіндігін кең пайдалануды ойлап, адамдардың психологиясын ашуды, мінездерді көрсетуді, тартыстарды бейнелеуді мақсат еткен.

Хикаяттағы кейіпкерлер саны көп емес. Автор бұл жағдайға әдейі, саналы барғандығы көрініп тұр.

Шығарманың басты тұлғасы – Манарбек. Өмірдің көп талқысын бастан өткерген, ыстық-суықты түгел көрген, қадари-халінше еңбек еткен, енді жасы ұлғайып пенсияға шыққан адам. Оның бойында қызық мінездер, кеудесінде түрлі күй бар. Автор сыр шертудің оңтайлы жолы ретінде ой ағымы әдісін пайдаланған.

Бұл орайда қазақ әдебиетінің тәжірибесін, оның ішінде, әсіресе прозада орнығып келе жатқан ой ағымы әдісінің кейбір үлгілерін Зейін Шашкин, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Ілияс Есенберлин, Тахауи Ахтанов романдарынан табамыз.

Кейінгі уақыттарда прозаның шағын формалық түрлеріне ой ағымы әдісі кіре бастады. Кейіпкерлердің ішкі әлемін, сезім дүниесін ашуда, психологиялық құбылыстарды тиянақтауда бұл көркемдік тәсілдің мүмкіндіктері мол. Совет әдебиетінің соңғы табысты шығармаларында: әңгімелерде, повестерде, романдарда ой ағымы әдісінің шебер пайдаланылуы көп ойларға мегзейді.

Сонымен, Төлек Тілеухановтың “Өзгенің бақыты үшін” хикаятының сюжеті хронологиялық жағынан сабақтас оқиғалар жүйесі емес, басты, орталық кейіпкердің еске түсіруі, ойға алуы арқылы берілген өмір көріністері.

Пенсияға шыққан, енді тып-тыныш өмір сүретін адам болар деп қараған Манарбектің тіршілікке көзқарасы, жамандық-жақсылық туралы толғамдары бірте-бірте ашыла бастайды.

Алыстағы малды аудандардың экономикасы әлі табиғат райына бағынбай, жүйелі түрде дамитын жағдайға түсіп болған жоқ. Әсіресе шопан еңбегін ұйымдастыруда көптеген шешіліп бітпеген проблемалар бар. Табиғат стихиясымен күрес кезінде, боран-шашында талай адамдардың жан дүниесі, рухани әлемі сыналмақ. Жуан жіңішкермек, жіңішке үзілмек.

Қазақ әдебиетінде боранды фон етіп ала отырып, шопандар, жылқышылар, жалпы ауыл адамдарының қаһармандығын бейнелеген шығармалар көп. М.Әуезовтің соңғы романы “Өскен өркенді”, Т.Ахтановтың “Боранын”, С.Бегалиннің көптеген әңгімелерін, Т.Жармағамбетовтың “Отамалы” әңгімесін еске түсірсек те болады.

Төлек Тілеухановтың осындай қалыпқа түскен, арнасы бар сюжеттің жаңа қырларын ашуы, өзіндік із салуы – көркемдік олжа.

Қыс қаһарына байланысты шаруашылық қысылған кезде Манарбектің үйде отырып қалмай, тұрғылас шалдарға бас болып, шопандардың ежелгі дәстүрімен құмға тарту сапары – повестің арқауын құраған.

Коллективтендіру кезеңінің аласапыран оқиғалары, Отан соғысы уақытындағы ауылдың ауыр тұрмысы тудырған адамдар арасындағы қарым-қатынастар, әр түрлі тағдырлар Манарбектің көзімен беріледі.

Қазақ ауылының шындығына лайық әр түрлі суреттер бар. Төлеутай, Бағдат, Рақымбай, Рымбек – алуан мінездің, қилы ортаның өкілдері. Осылардың ішінде тұрпаты жөнінен кесек – Төлеутай. Аумалы-төкпелі заманда туған, не жақсы, не жаманды терең аңғармай, баянсыз, берекесіз дүниелерді қуып кеткен, өзгеге көп қиянат көрсеткен, зорлықшыл адам. Төлеутайдың рухани күйреуі, сезімдік әлемінің азуы бірсыдырғы сенімді бейнеленген.

Хикаяттағы ең жүйелі арна Манарбек пен Айтолқын арасындағы махаббат тарихы. Бұл жас жігіттің, қыз-келіншектің аз күнгі сезімі емес, қиын мезгілде табысқан, азғантай ғана бірге өмір сүрген көкірегі таза сұлу адамдардың азапты, мұңды, ауыр махаббатының хикаясы десе сиятындай.

Кейінгі кезде кейбір авторларымыз сүйіспеншілік сезімдерін бейнелеуді желеу етіп, тым жалаңаш жағдайларға ұрынып жүр. Қазақ әйеліне тән сезім ұстамдылығы, жарға адалдық орнына, қайдағы бір жеңіл жүрісті, жылтың көздер көбейіп кетті. Сағыныш, мұң, еркелік, наз былай қалды.

Айтолқын – жазушы Төлек Тілеухановтың сәтімен тапқан, әдемі бейнелеген кейіпкері. Оның басында бір әйелге жетерлік қайғы да, қуаныш та бар. Бұрынғы сүйген жігітті, майданда опат болған ердің ізін өшірмей, фамилиясын сақтау үшін, жаңа туған сәбиді алып, басқа жаққа көшіп кетуі – көкейге қонады. Төлек Тілеухановтың “Өзгенің бақыты үшін” хикаяты сәтті жасалған кейіпкерлері бар, идеялық-тақырыптық мұраты мәнді шығарма.

Көне грек эстетикасында “катарис” деген термин бар. Бұл сөз әр түрлі түсіндірілгенімен, негізгі мағына бір арнаға саяды: қайғылы жағдайларды көрсету арқылы суреткер көпшілікті шошытқандай күйге түсіре отырып тәрбиелейді, басқалардың өлімі, зор қаза, мұң-шері сенің басыңа келгендей сәттерде қоса егіліп, қоса жылайсың, ойланасың, алды-артыңды қарайсың, ішіңе үңілесің. Тазарасың.

Шекспирдің әйгілі трагедияларының мәңгілік өлмеу сыры қат-қабат адам тағдырларын сахнаға шығаруда жатқан сияқты.

Совет әдебиетінің жалпы даму тенденциясына назар аударғанда трагедиялық мотивтердің әр кезде өнерімізден терең орын алғандығын көреміз. Баршаға аян А.Фадеевтің “Тас талқан”, М.Шолоховтың “Тынық Дон”, “Көтерілген тың”, Ә.Нұрпейісовтың “Қан мен тер” романдарының финалын былай қойғанда, Шыңғыс Айтматовтың соңғы шығармаларындағы негізгі сарынға көңіл бөліп көрейік. “Қош-Гүлсары”, “Ақ кеме”, “Ерте қайтқан тырналар”, “Ғасырға тете күн” – баршасында үлкен гуманистік, адамгершілік идеялар трагедиялық ситуациялар арқылы беріледі және қолдан жасалған, ойдан шығарылған нәрселер емес, типтік құбылыстар тудырған типтік жағдайлар бар. Өлім мен өмір айқасы.

Әлем әдебиетінің терең арналы дәстүрінің кейбір нышандарының бүгінгі қазақ прозасында, әсіресе жастар творчествосында белгі бере бастауы сапалы көркемдік құбылыс ретінде қуантады. Осы орайда өзгелермен бірге Дулат Исабеков есімін атасақ, қателеспейміз деп ойлаймыз. “Тіршілік” атты кітап оның шығармашылық сапарындағы елеулі туынды екендігіне де сеніміміз кәміл. Бұл жинаққа енген шығармалардың негізгі пафосы – трагизм.

Аяқ астынан азамат ұлы өліп, бақытсыздыққа ұшыраған Тоқсанбай шал көздің жасын көлдетіп, езіліп кетпей, тырбанып тірлік жасауға кіріседі. Қасында – кішкентай немересі Ергешбай. Өзгелер секілді бұлар да дермене шауып, оны дайындау пунктіне өткізіп, мол ақша таппақ.

Алғашқы кедергі бала көңіліне де, шал көңіліне де дық салады. Серіктестері еңбекті бірдей істегенмен, Ергешбайға жартылай төлейтіндігін күні бұрын ескертеді. Онысына да рақмет. Естері барда аталы-немерелі екеуі жеке қос болып бөлініп шығады. Бұларға енді Омаш деген оспадар, ұр да жық жігіт қосылады. Оның қаһарынан қорыққан Тоқсанбай мен Ергешбай еріксіз басқалар дайындаған дерменені түнделетіп ұрлайды.

Ар азабы осылай басталады. Әсіресе, Тоқсанбайдың қиналыс сәттері тәп-тәуір көрсетілген. Жазушы Ергешбайдың ішкі әлеміне көңіл бөлмеген. Осындай қысталаң шақтағы бала мінезіндегі өзгерістерді, қызықты құбылыстарды көрсету мүмкіндігін пайдалану керек еді. Классикалық әдебиеттегі белгілі үлгілер еске түседі. Максим Горькийдің “Архип атай мен Ленька” әңгімесі, Э.Хемингуэйдің “Шал мен теңіз”, Ш.Айтматовтың “Ақ кеме” хикаяттарындағы шал – бала линияларының кейбір символдық сипаттарын пайдаланудың өрескелдігі жоқ.

Ақыры қу мүйіз Омаштың жетпістегі панасыз шал мен қаршадай жетім баланың еңбегін пайдаланып кетуі адамның зығырданын қайнатады. Өзің алданғандай, өз әкеңді біреу алдап кеткендей, өз балаң жылап қалғандай ауыр күйде қаласың. Шығарма әсер етсе, ойлантса, қайғыртса, әйтеуір оқырманды бейжай қалдырмаса – жазушы мұратының орындалғаны емес пе?

Қазақ халқының бұрынғы, ескі өмірінде әлі қалам тартылмаған талай тағдырлар бар. Жазба әдебиетінің, оның ішінде реалистік прозаның кенжелеп дамуы ұлттық тарихымыздың әр түрлі кезеңіне қарайлай беруіміздің бір себебі секілді. Оның ішінде атағы жер жарған тарихи тұлғалар ғана емес, қарапайым, қатардағы қоңырқай жандар тірлігі қаламгерлер қиялын тербете бастады.

Кеше Толстойы, Достоевскийі болмаған әдебиет бүгінгі тәуелсіздік таңына жете алмай кеткендер сырын шыншылдықпен, биік идеал, үлкен мұрат тұрғысынан бейнелеп берсе, бұл да рухани қазынамызға қосылған байлық болмақ. Д.Исабековтың “Сүйекші” хикаятында сонау апақ-сапақ, қат-қабат, тар кезеңде тірлік еткен пұшайман бір сорлының өмір жолы, аянышты халі, ауыр тағдыры баяндалады. Тұңғыш – Аманат – Кеңкелес – Сүйекші – осының бәрі соры қайнап, сорпасы төгілген бейшараның есімі. Ру арасы жұлқысының кесепат-кеселі, таптық езгінің жаншуы есеңгіретіп жіберген байғұс ақыры өмір жолын бейіт қазумен тамамдайды. Бұл повестегі оқиғалар, негізінен, ой ағамы арқылы беріледі. Кездейсоқтық, шарттылық элементтері де бар. Бай баласының құдыққа құлап өлуі, Сүйекші шешесінің суықта қатып қалуы – жазушының осы секілді шамадан асып кеткен, дәлел-дәйексіз үрейлі, қорқынышты ситуацияларға тым әуестігін құптауға болмайды.

Бұл айтылған олқылық тұтастай алғанда жақсы әсер қалдыратын “Тіршілік” хикаятында тіпті айқын көрінеді. Трагедияны бермек болған автор әсте әлеуметтік жағдайды, тарихи шындықты аттап кете алмайды. Хикаяттың басты кейіпкерінің бірі – Қыжымкүлді қыз кезінде, оң жақта отырғанда біреу ұрлап алып қашып, зорлық жасайды. Бұл зорлықшы кім, зорлықты не үшін жасады – ешқандай жауап жоқ. Ал қыз ағасы қарындасымның осы масқарасына сен кінәлісің деп әйелін асып өлтіреді. Іздеуші қайда, кісі өмірі сондай арзан ба еді? Бұған да жауап жоқ.

Үрей, қорқыныш фильмдерінің қазақтың бүгінгі реалистік әдебиетіне жаман салқынын тигізер ешбір жөні болмаса керек. Пұшаймандар, бейшаралар өмірін бейнелегенде трагедияны жазмыш туа сала маңдайға жазылған сор ретінде көрсетуге мүлде қарсымыз. Орыс әдебиетінен Достоевский үлгісіне, қазақ әдебиетінен Әуезов сабағына ден қойсақ, себепсіз, оның ішінде әлеуметтік-тарихи, психологиялық-моральдық дәйексіз көрсетілетін бір де бір өлім, ауыр оқиға жоқ: “Қылмыс пен жаза”, “Ағайынды Карамазовтар”, “Қараш-Қараш оқиғасы”, “Қорғансыздың күні” тағы бір еске түсірейік. Өз үнін, өз ырғағын енді тауып, кең жолға шыға бастаған қабілетті жазушылардың мекен-тұрағы, мезгіл-уақыты буалдыр объектілерден, абстракциялық гуманизм, тұманды идеялардан бойын аулақ ұстап, реалистік әдісті меңгеруге мол күш, көп қажыр жұмсауын тілек етер едік. Тағы бір айрықша ескеретін нәрсе негізгі нысана қараңғы түпкірлер, елеусіз пұшпақтар емес, жаншылған, езілгендер тағдыры емес, ер, қажырлы, жігерлі адамдар өмірі, әсіресе өз замандастарымыздың тіршілігі, характер – мінезін бейнелеу мақсатына бағытталуы шарт.

Белгілі бір ортаны, мамандықты жете білу, осы атыраптағы адамдардың мінезін, тұрмыс-салтын, әдет-ғұрпын ойда сақтап ұмытпау олардан үнемі қол үзбей жүру – жазушы үшін қашанда үлкен байлық, кең өріс. Объектіні алға мақсат қойып, іздеп, тауып, танудан гөрі, өзіңе етене, өміріңмен, тағдырыңмен тамырлас тақырыпты көрсетудің суреткерге берер олжасы мол. Жастар ішінде бұл ретте Тынымбай Нұрмағамбетовте байсалды тұрақтылық бар. Оның негізгі кейіпкерлері – сырт қарағанда көзге ұрып, алып-ұшып тұрған сипаттары жоқ, қарабайыр қоңырқайлар өкілі. Бұйығы, самарқау көрінетін тірлік иелерінің ішкі өмірі, қуанышы, қайғысы, ойы-сезімі.

Жазушының негізгі құралдары, көркемдік ойлау тәсілі, идеялық мұраты, стильдік мақамы “Қарлығаштың ұясы” атты кітапқа енген әңгіме-хикаяттардан айқын көрінеді. Автор көп кейіпкерлі, мол оқиғалы шығармаға әуес емес, кең көсіліп, жайылып, шашылып кеткенше тар ойып, терең қазғанды артық санайды. Автордың бала психологиясын жақсы білетіндігінің куәсы – “Қарлығаштың ұясы” хикаяты. Әрине әлі мектепке бармаған Шорманды әке-шешесінің бірдей тастап кетуі, әжесінің аяқ астынан сырқаттануы, жамағайындарға жіберілуі – дүниені тым тарылтып жіберетін, жасанды ситуациялар. Шабарқұл мен Қиянабектің қолына келген Шорманның мінезі айқын ашыла бастайды. Әсіресе, қарлығаштың ұясына байланысты оқиғалар бала санасына лайықты бояулармен берілген. Көркемдік бір тәсіл ретінде әже аузымен айтылған ертегіні пайдалану арқылы бала қиялы, бала ойы баяндалады. Шорманның әжесінің өлімін білмей қалуы сенімсіз нәрсе, ауылда ондай хабар жатпайды ғой. Баланың мінезін, қиял дүниесін, табиғатқа деген махаббатын сәтті суреттеген “Қарлығаштың ұясы” повесінде биязылық, лирикалық әуен бар.

Қаламгерлік жолы үнемі біркелкі болуы, кілең сәтті туындылардың жасала беруі мүмкін емес. Дегенмен, күш-қажыр бар кезде суреткер өзі шыққан көркемдік деңгейден төмендеп кетсе – таланттың жүдегені, талаптың азайғандығы. ТүНұрмағамбетовтың айтылмыш жинақтағы төрт хикаятының көркемдік бітімі төрт түрлі. Тіпті төртеуін төрт адам жазған секілді. Балалар өмірін, мектеп тұрмысын жақсы білетін қаламгердің “3-кластың жетекшісі” хикаятының сәтсіз шығуының бірнеше себебі бар. Ең алдымен, шығарманың бас-аяғын тұтастырып тұрған не арналы оқиға, сюжет, не лирикалық ыңғайда алынған ой, идея тұтастығы жоқ. Боркемік, сүлесоқ, әлжуаз дүние. Институтта сырттай оқитын жас жігіт, 3-кластың мұғалімі Жүрекбайдың алыс ауылда басынан кешкен болымсыз істері – елеусіз суреттер. Атүсті айтылатын Түлкібас, Жамбыл секілді балалардың мінезі ашылмайды, олар есте қалатын кейіпкерлер емес. Қырықбай мұғалімнің мас болған кездегі сөздерінде шындықтың ұшқыны бар. Жүрекбай – Шолпан арасындағы махаббат әңгімелері тиянақталмай қалған.

Тілге сақтық, лексика кедейлігі, бірді айтып, бірге кету секілді олқылықтар “Көгілдір аспан” хикаятында да бар.

Университет бітірген жас журналист Зәуірдің облыстық газеттегі алғашқы еңбек жолы кедергілерден басталады. Үлкен біреулердің көмегімен жұмысқа әрең орналасқан. Пәтер сұрап қалалық Советтің бастығының есігін бірнеше рет қағады.

Бірақ сол күндердің өзіне тән тамаша романтикасы, қызығы, рахаты болатын. Т.Нұрмағамбетов оның ешқайсысын көрсетпей, қайдағы бір қисық жолға түсіп кетеді. Журналист Зәуір ауылға командировкаға шығып, боранда адасады, суық тиіп, ауруханаға түседі, ақыры өледі. Осындай сюжетте қандай көркемдік мән, идеялық салмақ, авторлық мақсат бар? Мағынасыз өлім әсте ешкімнің қабырғасын қайыстырмаса керек.

Облыстық газеттің редакторы Әлкей Әлменов пен Зәуір арасындағы түсінбеушіліктен түйін жасау қиын. Сауыншы Ғалияның үйінде отырып босанып қалу оқиғасын үдете көрсетіп, осыған Зәуірдің араласуын тереңдету линиясын автор ескермеген.

Шығармаға ат болған көгілдір аспан сарыны Болконскийдің жараланып жатып, зеңгір көкке қарап ойланатын мотивінің нашар қайталануы. Осындай солғын, көркемдік детальдары жоқ, адам мінездері көрінбейтін туындыдан кейін “Түкпірдегі ауыл” хикаятын оқығанда, басқа ойға қаласың.

Темір жолдан шалғай түкпірдегі ауыл. Бір кезде тіпті совхоз орталығы бола жаздапты. Осы ауылдың әр түрлі мінезі бар, қилы тағдырлы төрт адамы алынған, олар: Әлібек бригадир, Қиғашбек шофер, Нәзила келіншек, Тәукебай шал. Әр бөлімде әрқайсысының сыры бар. Жазушы көзге елеусіз жандардың ішкі дүниесін бірсыдырғы суреттейді. Тұрмыс детальдары қолмен қойғандай. Жастар, шалдар, кемпірлер дараланған, өздеріне лайық стильде сөйлейді. Диалогтарда келетін Сыр бойы қазақтары тіліндегі лексикалық, граммтикалық, интонациялық кейбір ерекшеліктердің сөкеттігі жоқ, қайта колорит беріп тұр. Т.Нұрмағамбетов суреттеуінде бүгінгі ауыл адамдары сонау, 20-30 жылдардағы Б.Майлин шығармаларындағы Айранбайларға тым ұқсап кетеді. Дәл қазір екі этажды үйді көрмеген, балконға таңырқайтын қазақтар бар деп ешкімді де сендіре алмайсың. Жалпы Тынымбай Нұрмағамбетов - өнерлі жігіт, бірақ ұсақ-түйекті қазбалау, от-басы, ошақ қасын ғана түрткілеу, сөз байламына, сөйлем құрылысына мән бермеу, бір-ақ жазып тастау, ширату, пісіруге көңіл бөлмеу секілді олқылықтар жазушының келешек шығармашылық тағдыры туралы көп қауіп ойлатады. Ең бастысы, бұл төңіректе жазушының өзі ойлануы керек шығар.

Қазақ прозасының ішкі структурасы, жанрлық формалардың дамуы, өзгеруі, жаңғыруы туралы әлі айтылмаған тұжырымдар көп. Халық фольклоры мен проза арасындағы байланыстың өзі қат-қабат. Бір қарағанда, көзге шалынатын фольклордағы қалыптасқан сөйлем жүйелерін, тұрақты сөз тіркестерін, мақал-мәтелдерді, оралымдарды пайдалану, дайын сюжеттік арналарды, бейне қалыптарын алу өз алдына, бүгінгі әдебиеттің ішкі тынысына әсер етіп отырған іргелі факторлар да бар. Қазіргі қазақ тарихы романының жанрлық формасын әдеттегі европалық канондармен танып білу, бағалау қиын, оларды деректі тарихи роман, роман – хроника дегеннен гөрі ұлттық әдебиеттегі жаңа жанрлық форма роман – шежіре деп тану ақиқатқа жақын келеді.

Әдебиетіміз Қазақстан аумағын мекендейтін қазақтардың ғана емес, басқа мемлекеттерде де тұратын қандастарымыздың тағдырын суреттейтін болды, халықаралық тақырыптарға да бара бастады. Осы орайда айтылатын бір туынды – “Соңғы көш” романы.

Қазақ прозасына Қабдеш Жұмаділов “Қаздар қайтып барады” әңгімелер жинағы, “Көкейкесті” романымен келген қаламгер.

Жазушының тырнақалды прозалық кітабынан сезімге ден қою, тілді жақсы білу, өмір құбылыстарына байыпты қарау секілді сипаттар аңғарылған.

Жастар өмірін суреттеуге арналған “Көкейкесті” романында автор сары жұрт, таптауырын схема, бұрыннан белгілі сюжет жүйелерінің ізін қуып кетпей, жаңа сырлар айтуға күш салған. Орыс тіліне аударылған бұл кітапқа баспасөзде әр түрлі пікір айтылды.

Көлемді дүние – “Соңғы күш” атты романды автордың ұзақ уақыт зерттеп, тексеріп, сұрыптап алған материалдарының негізінде жазғандығы байқалады.

Шығармаға арқау болатын тіршілік көріністерін тарихи деректерден, архив қазыналарынан, газет-журнал беттерінен, ескі көз, кәрі құлақ естеліктерінен алу бір арна болса, өзі басынан кешкен, көрген, жақсы білетін жайларды қағазға түсіру – екінші арна.

Автор романға өзек етіп алған өмір құбылыстарын сырттай бақылап, жадағай суреттеуші емес, анық, жақсы білетін жағдайларды, бастан кешкен, көзбен көріп, қолмен ұстаған дүниелерді жазған.

Шығармада қазақ әдебиетінде бұрын шет пұшпақтап қана айтылған қиын, әрі тың тақырып көтеріліп отыр. Мұнда Шығыс Түркістан аталатын аймақты мекендеген қазақтардың тағдыры бейнеленеді. Автор арғы, көне замандар оқиғасын қозғамайды, шығарма өзегі – осы ғасырдың елуінші жылдарының шындығы.

Жазушы Шығыс Түркістан ежелден ұйғыр, қазақ, қалмақ, дұнған секілді халықтардың ата-мекені, бұлар ешқандай қашып, ауып келген жоқ деген ойды айтады. Осы халықтардың тілінде қойылған қала, қыстақ, тау-тас, өзен-көл, жер-су аттары, ғасырлар бойы сақталып келе жатқан ата-баба бейіттері, тарихи документтер, көне ескерткіштер – мұның бәрі қашан болса да, кім үшін болса да бұлтартпас дәлелдер.

Роман басталғанда Қытай мемлекетіне қарайтын Тарбағатай аймағындағы қазақтың Найман елінің бір тармағы Төртуыл ішіндегі ру таласынан туған жұлыс-тартыстың үстінен түсеміз. Үлкен мақсатқа, ұлттық тұғырға әлі жетпеген жандардың берекесіз, мәнсіз тайталасы. Екі рулы елдің әңкі-тәңкісін шығарып, өртке от қойған болымсыз, бір кішкентай оқиға. Қожанасыр мінезді, зуылдаған сөзшең Ұзақ арық суын ағызам деп жүріп, Қараменде мен Жұмықтоғас руларын атыстырып-шабыстырып қойғанын өзі де сезбей қалады. Екі атаның жігіттерінің түкке тұрмайтын, майда-шүйде нәрсе үшін бір-бірімен жауласуын автор мысқылдай суреттейді.

Бұл кезде бүкіл Қытайда дүние жүзілік мәні бар тарихи оқиғалар жүріп жатқан. Гоминданшылар жеңіліп, жер-жерде өкімет басына басқалар келген. Осы өзгерістердің дүмпуі қиян шеттегі аймақтық қала Шәуешекке де жетіпті.

Жазушы көп жағдайларды гимназия студенті, Тарбағатай аймағына атағы жайылған белгілі кісі Қанағат бидің ұлы Естайдың көзімен береді. Тұрмыстық детальдар, этнографиялық жәйттер кеңінен қамтылған.

Шәуешек қаласына қытай әскерінің кіруі – “Қарсаңда” деп аталатын бірінші бөлімнің орталық оқиғасы.

Ұлт-азаттық көтерілісінің нәтижесінде Шығыс Түркістанды мекендейтін ұйғыр, қазақ, дұнған, қалмақ секілді халықтардың гоминданшыларды қуып шығып, қырқыншы жылдардың аяғында билікті өз қолдарына алғаны белгілі. Бұл тарихи жеңіске Октябрь идеяларының ерекше қызмет атқарғанын автор айқын жазады.

Гимназияның мұғалімдері Тұрсын, Нұрбек секілді көзі ашық, оқыған адамдардың өзі қаладағы өзгерістерді бірден түсіне алмайды. Жаңа басшылардың келуіне байланысты ашылған жиналыс үстінде мінездік жағынан сәтті табылған бейне – Нартаймен танысамыз. Бұл кешегі ұлт-азаттық төңкерісі кезінде батырлығымен қалың жұртқа танылған ел еркесі. Сөзі мен ісінің арасында айырмашылық жоқ, шойыннан құйылғандай тұтас тұлға. Саяси білім, әлеуметтік тартысты ұғынуы әлі терең адам емес екені де рас. Гоминданшылар тізесі көп батқандықтан шығар, қытай атаулыға сенімсіздікпен қарайды.

Бірін-бірі қырып-жоймақ болып, арыз айта келген Қараменде, Жұмықтоғас рулары қалаға кіріп жатқан қалың әскерді көргенде, ұсақ-түйек өкпені қойып, құшақтасып татуласуын автор сенімді бейнелеген.

Кітапта қазақтың шешендік өнерінің кейбір өрнектері қолданылады. Романда әр тұста беріліп отыратын билер сөзінен фольклор дәстүрінің жақсы сабақтарын, халық айшықтарын аңғарамыз. Жазушы мақал-мәселдерді, тұрақты сөз тіркестерін, қанатты оралымдарды кең пайдаланған. Бұл авторлық баяндауда да, кейіпкерлердің диалогтарынан да көрініп тұрады.

Назар салған адам екінші бөлім композициялық жағынан басқа бөлімдерге қарағанда өзгеше ыңғайда екенін байқайды. Кейіпкерлердің өткенді есіне түсіруі ой ағымы арқылы берілетін эпизодтарда Шығыс Түркістан тарихына байланысты бірқыдыру жағдайлар, қызықты деректер, тартымды фактілер бар. Ең бастысы әр түрлі тіршілік суреттері көз алдымыздан өтеді.

Гимназия директоры Нұрбек тағдырында жаралы жылдар ізі жатты. Азамат соғысы кезіндегі аласапыранда, колхоздастыру дүрбелеңінде ұйыған халықтың іргесі сөгіліп, шетелге көп қашты. Жауласып, мылтық алып, қылыш суырып кеткендер қанша? Адасып, бекер сандалғандар да аз болмаған. Нұрбектің әкесі осындай адасқандардың бірі. Автор Қытайға қашып барғандардың трагедиясын бірер көрініспен ғана бейнелемей, тереңдеп, жан-жақты суреттегенде дұрыс болатын еді. Ес білмейтін бала кезде елден кеткен Нұрбек кейін жігіт болғанда Ташкент университетінде оқып білім алады. Ол өзінің педагогтық практикасында, ғылыми зерттеуінде Совет Одағының тарихи прогрестік миссиясын үнемі ауыздан тастамай айтып отырады.

Тау жайлаған көшпелі қазақ ауылдарының тұрмысымен, әр түрлі адамдармен үшінші бөлімде етене танысамыз. Автор негізінен Қанағат ауылының төңірегін бейнелейді. Қарақатқа бару, алтыбақан, көш салтанаты – бұларды жазушы көзге елестетіп, есте қалатын жақсы суреттермен берген.

Саяси мәнді оқиғалар Шәуешек қаласына келген жаңа үкімет ықпалымен туа бастайды.

Автор бейнелеген Қытай коммунистері Ли-хұң мен Лан-ке бір-біріне түр-түс жағынан да, мінез-характер жағынан да ұқсамайтын адамдар.

Аймақтық партия комитетінің хатшысы Ли-хұң марксизм-ленинизм жолына адал берілген коммунист, профессионал революционер, интернационалист. Ол былай дейді: “Біз болашақ билікке бір-ақ жолмен ғана қол жеткізе аламыз. Ол – Совет Одағында сыннан өткен халықтар достығы, таптық туысқандық”. Ли-хұң қырды аралауға шыққанда өзіне таныс емес әдет-ғұрыптарға осқырына қарамайды, ұғынсам, түсінсем дейді. Бұл қытай халқының жақсы қасиеттерін бойына жинаған кісі.

Лан-ке шовинизм ауруына шалдыққан кесір, жер жүзіне қытай билігін орнату – оның көкейін тескен арман. Қытайда кейін хунвейбиншілікке, басқа да толып жатқан теріс жолдарға апарған ағымдардың қалай басталғанын айтылмыш романнан аңғаруға болады. Халықтың бұларға алғашқы қарсылығы батыр Нартай әрекеттері арқылы берілген.

Қара бастың қамын ғана ойлайтын, ел-жұрт мүддесін сатқан офицер Ермек Лан-кенің қолтығына кіріп алған. Бұл екеуі талай жазықсыз жандарды шырылдатарында сөз жоқ. Заман ағымын аңғарған бай Нұғыман қырдағы малды шығындап, Шәуешектен үй салып алып, ақша жасай бастаған. Халық батыры Нартайды ұстап беруші – осы опасыз Нұғыман. Жаңадан тапқан кәсібі – тыңшылық.

Балжан, Сақыпжамал, Ғалия, Зипа, Дүрия секілді әр түрлі тағдырлары бар әйелдер, Естай, Жолбарыс секілді жастар, Ережеп, Қожан секілді журналистер, Қанағат, Жақып, Төлеубай секілді билер, Тұрсын, Нұрбек, секілді оқығандар – романда осындай әр түрлі персонаждар бар.

Автор қысқа ықшам қайыратын тұстарда көп сөзділік кемшілігіне ұрынған. Ақтардың босқыны, Тимофейге байланысты әңгімелер негізгі сюжеттен бөлектеніп тұр. Кейіпкерлер сөзімен айтылатын жайттар кейде ұзақ, созалаң, мінезді аша алмайтын қызыл сөз болып кетеді. Қ.Жұмаділовтің саяси-әлеуметтік мәні үлкен тақырыпқа реалист жазушының тұрғысынан, идеялық принциппен келгенін ашып айту керек.

Ауыл арасының әңгімесі емес, басқа мемлекеттің, оның ішінде бүгін қиян-кескі оқиғалар болып жатқан Қытай елінің өмірінен алынып жазылған “Соңғы көш” романы – актуальды туынды.

Тағы бір құбылыс – ұлттың ауызша әңгімелеу дәстүрінің прозаға жасаған ықпалы дер едік. Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин туындылары классикалық тәжірибеге сүйену негізінде жасалса, Сәбит Мұқановтың көптеген романдарындағы сюжет – халықтың ауызша әңгімелеу поэтикасына өте жақын тұр. Жеке тараулардың оқиғалылығы, фабулалардың біршама тиянақтылық сипаты, психологиялық анализден гөрі, сюжет қызықтығы – етене белгілер.

Ұлттық прозадағы осы үлгі-дәстүрдің әлі өмір сүріп, дами беретіндігінің бір айғағын – Жаппар Өмірбековтың “Қызыл су” атты көлемді хикаятынан көруге болады. Шығарманың бірінші тарауында 17, екінші тарауында 10 шағын бөлім бар. Әрқайсысында дәл табылып ат қойылған, әрқайсысының оқиғасы, құрылысы аяқталған әңгіме сипатында. Үйірім-үйірім сюжет кітаптың тез оқылуына ықпал жасаған.

Хикаятқа соғыс кезіндегі ауыл өмірі, мектеп тұрмысы, әскерге денсаулығына байланысты алынбай қалған жас мұғалімнің тағдыры, жесірлер, әкесіз балалар өмірі суреттеледі. Белгілі ақынның тұңғыш хикаятында суреттілік, тіл байлығы бірсыдырғы жақсы көрінеді. Ақынның кең тынысты прозаға қабілеті барлығы қуантады.

Сөйте тұра, авторға дау да бар. Соғыс кезіндегі ауыртпалық, әсіресе балалардың, қарттардың, әйелдердің ерлікке парапар еңбегі, қажыры солғындау бейнеленген. Итмұрын теру, бақша салу, боранда адасқандарды іздеу, отын тасу – қаһарлы жылдар сырын ашу үшін мұндай эпизодтар жеткіліксіз. Колхоз бастығы Қанқожаның айтқаныма көнбедің деп Зейнекүлді сабап өлтіруі, оқушы қыз Кәматайдың жылан шаққаннан өлуі секілді дәйексіз оқиғаларды шығармаға ендіріп қажеті де жоқ еді.

Бүгінгі орыс жазушылары коллективтендіру кезіне байланысты “Мәңгі ұран”, “Ащы сай”, “Комиссия” секілді әлеуметтік-психологиялық шығармалар жазу үстінде, тарихи-архивтік материалдарды, жеке тағдырларды ұзақ уақыт сарылып зерттеген.

Біз неге ізденбейміз? Маңызды тақырыптарға, күрделі жанрларға барғанда неге ойланбаймыз?


ІІ
Кезінде Міржақып Дулатовтың “Бақытсыз Жамалы” мен Спандияр Көбеевтің “Қалың малы” күллі қазақ өнеріндегі оқиға болса, бүгін жылына 15-ке тарта роман жариялау - әдебиетіміздегі үйреншікті құбылыстардың бірі.

Бір ғана 1978 жылы: Есенберлиннің, Әлімқұловтың, Ақышевтің, Мұртазаевтың, Исабаевтың, Молдағалиев Жайсаңбектің, Сүндетовтің, Еділбаевтың, Досановтың, Әбдіхалықовтың, Сматаевтың, Өтесіновтің романдары жарияланған.

Тарихи, тарихи-ғұмырнамалық тақырыпқа арналған шығармалар жайлы пікір айтқанда, ең алдымен сарапқа түсетін проблеманың бірі - өмірлік материал мен көркемдік идеалдың диалектикасы, осы екі ортадағы органикалық бірлік мәселесі. Тұтастай автор фантазиясынан туған прототиптері болған күннің өзінде кісі танымастай етіп өзгертілген туындыларға қарағанда, дәлді, деректі негізі бар, кейіпкерлері ерекше белгілі болған, даңқты адамдар жөнінде жазылған шығармаларда жазушы аса сақ қарайтын жағдайлар өте көп.

Белгілі прозашы, көптеген кітаптардың авторы Жайсаңбек Молдағалиев замандастарымыз туралы әңгіме, хикаят, романдар жаза жүріп, ұзақ жылдар бойы халқымыздың ұлы перзенттердің бірі – Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығын, тарихи қызметі мен тағдырын зерттеп, ескі қағаздар бетіне үңілді, архивтерге барды, көп кітап ақтарды. Солардың негізінде Алтынсарин өмірінен шығарма жаза бастады. Үзінділер бұрын жарияланған. Енді қолымызда “Алғашқы қоңырау” атты роман.

Шығарманың салған жерден көзге түсетін сапалы ерекшелігі – ықшамдылығында, прозада көп сөзділік, әсіресе, өмірбаяндық туындылардағы көр-жерді тізе берушілік есебінен көлем өсіру секілді кемшіліктен жазушы бойын аулақ салған. Суретке, детальға мән берген тұстарда автор ұтып кетіп отырады; юморға, әзіл-қалжыңға бейімділік бар.

Көз алдымызда отыздың үстіндегі Ыбырай, желкенін көтеріп, айдынға шығып, сахарада бұрын болмаған тың іс бастаған. Осы тұстағы әрекеттер, ерлікке пара-пар қимылдар расында да кең тынысты, мол оқиғалы, психологиялық-әлеуметтік шығарма арқауы болуға әбден лайық.

Ыбырайдың патша әкімдері, жергілікті жуандар, халық өкілдерімен қарым-қатынасын бейнелейтін бірнеше сюжет арналары бар. Рас, бұған дін иелері, әскери адамдармен қарым-қатынасты да қосуға болады. Әділін айту керек, төселген жазушы оқиға жүйелерін шашыратпай, тізгінді қатқыл тартып отырады. Әсіресе Тұрсынбай, Жанахмет әрекеттерін көрсететін тұстарда дара стильдік ерекшелікті көруге болады. Ықшамдау талаптары ерекше ескерілгендіктен болар, негізгі әрекеттер бекіністе, Ыбырай төңірегінде өтіп жатады.

Жинақы, жақсы ықыласпен жазылған туындыны оқып біткен соң, көңілде көп сұрақ, мол түйткіл қалады. Оның ең басты себебі – тарихтан белгілі ұлы Ыбырай бейнесін іздейсің. Қимылын, жүріс-тұрысын көргің келіп еді. Мінезіне, ішкі сырына назар салғың келіп еді. Сөйлеу тәсіліне, ойлау машығына қанықпақ болғансың.

Осылар кітапта бар ма? Егер қателессек жақсы-ақ болар еді, бірақ романда тарихи Ыбыраймен иықтас, деңгейлес тұратын әдеби бейне – Ыбырай образы жоқ. Өз тарапынан, автор атынан оқиғаларды баяндаған тұста, қатардағы персонаждарды суреттеуде жорғалап кететін жазушы, Ыбырай портретін сала бастағанда тосырқайды, тіпті шатқаяқтап кететін тұстары да мол. Жазушы, әсіресе, Ыбырайдың күрделі толғауларын беретін кезде олқылыққа ұрынады. Бұларды толғаулар – монологтар деу әділдікке жатпайды, асылы, ұзын-сонар сөздер десе, дәлірек. Ыбырайдың өз заманындағы зор эрудицияның адамы екендігі оның көптеген еңбектерінен, әсіресе зерттеулерінен көрініп тұрады. Осыны көркем шығармада қалай көрсету керек? Бұл ретте суреткерлік, шеберлік алға шықпақ. Өкінішке орай, Жайсаңбек Ыбырай сөздерін ұзақ-сонар лекцияға, ғылыми кітаптардан алынған цитаталарға айналдырып жібереді. Кейде тарихи дәлдік сақталмайды, бүгінгі оқымыстылар айтып жүрген, қазір белгілі болған жәйттер немесе арзан, оп-оңай, әркім білетін нәрселер үлкен шындық ретінде ұлы ағартушының аузына салынады (150-153-беттердегі Мұхаммед пайғамбардың, қазақтардың қайдан шыққандығы жөніндегі әңгімелер). Күні кеше ғана “Алдаспан” жинағында жарияланған өлеңді Ыбырай жатқа соғып тұр.

Отец Иоахим, Кривонос Пепельница, Фатен секілді кейіпкерлерді шұқшия суреттегеннен гөрі автор романның түп қазық қаһарманына басты назар аударғаны дұрыс еді. Шығарманың жалғасын жазар тұста біз айтқан пікірлер кәдеге асса, сөзіміздің өлмегені деп білер едік.

Әдебиетімізде қазір өнімді туындылар беріп жүрген қаламгерлердің шығармашылық тағдыры әр түрлі: біреулер жас күнінен қағазға шұқшиған, екіншілер өмірдің көптеген өткелін артқа тастап, жер ортасына келгенде, тіпті тоқтасқан шақта дертпен тең тіл өнерінің азабын мойындаған.

Рас, бәз біреулердің жазып жүргені өзі көрген, ішінде болған, ұзаса, естіген дүниелерді жамап-жасқап құрастырған естелік деңгейіндегі нәрселер. Прозаға соңғы он-он бес жылда араласқан бірнеше кітаптың авторы Зейтін Ақышев туындылары осы қатарда десек, әрине қиянат болар еді. Жазушының қазіргі ең күрделі, көлемді туындысы “Жаяу Мұса” романы. Осы аттас драмасы театрлар сахнасында талай рет қойылған болатын. Бір объектіні көп зерттеп, тиянақты туынды беру талабын қолдау керек.

Роман әрқайсысына жеке-жеке ат қойылған, он үш тараудан тұрады. Көлемді туындыдағы сюжет түзілісі негізінен, бір оқиғадан соң екінші оқиғаны қаузап отыратын хроникалық ретті сақтайды. Екінші сөзбен айтқанда, шығарма оқиғасы 94 жыл жасаған Жаяу Мұса өмірінің арнасымен дамиды. Осы қалып роман композициясын бір сарынды етіп шығарған. Шығармада ұзақ мерзім, әр түрлі тақырыптар, сан-аулан орталар, түрлі ұлттың өкілдері қамтылған, бірақ бұлар бір-бірімен күрделі байланыста емес; әр жерде, әр тұста жылт етіп көрініп отырады. Жаяу Мұсаның туған, өскен жері, аяғы басқан, көзі көрген атыраптар кітапта түгел қамтылған. Баянауыл, Қызылжар, Омбы, Түмен, Петербург, Польша, Алматы, Әулиеата, Шымкент – бәрі бар.

Қазақтың ХІХ ғасырдағы әлеуметтік өміріне, Ресеймен арадағы қарым-қатынасқа байланысты бұрынғы ұғымдарды кеңейте түсетін бірқыдыру суреттер, ел тұрмысына, этнографияға, әкімшілік-билеу тарихына қатысты мол мағлұматтар, қызықты деректер кездеседі.

Шығарманың басты кейіпкері Жаяу Мұса өмірі – дәл ХІХ ғасырда ешбір қазақ баласы бастан өткермеген сан алуан оқиғаларға, неше түрлі қиянаттарға толы, әрі ауыр, трагедиялық, әрі сұлу романтикалық өмір.

Жазушы сегіз қырлы, бір сырлы, бесаспап өнерпаздың тұлғасын, әдеби бейнесін жасауға көп күш жұмсағанын жоққа шығаруға болмайды. Әсіресе, басты кейіпкерді әлеуметтік тартыста, қат-қабат орталарда бейнелеу талаптары ескерілген кезде, көркемдік олжалар бар. Психологиялық суреттен қол үзіп, жадағай оқиға қуып, құрғақ, тұтқыр баяндауға түсіп кеткен кездерде шығарма әлсіреп қоя береді.

Жаяу Мұса – ең алдымен өнер адамы, халқының тарихына сұлу, сырлы, жігерлі, асқақ әндерімен кірген тұлға. Сондықтан, романда өнер психологиясына терең мән берілмегендігі, махаббат сырларының шолақ қайырылғандығы қынжылтады.

Баршаға аян бір фактіні тағы қайталайық. Абай Құнанбаев некесін қидырып үш әйел алған адам, соңғы қосағы – Оспанның жесірі – Еркежан. Осы жағдай әйгілі эпопеяда жоқ. Назар аударып қарай бастасаңыз, Әуезов романында өмірде болған көптеген оқиғалардың өзгертілгендігін, кісі аттарының алмастырылғанын, біреудің басынан өткен нәрсенің екінші біреуге көшірілгендігін, қысқасы, автор тұрғысынан өмірлік материалдың екшелгендігін, сұрыпталғандығын көреміз. Өнерде қатал билік жүргізетін типтендіру заңы бар бұл жерде, эстетикалық идеал, дүниетаным талаптарын да осыған қосыңыз. Себебі, әрқашанда да натуралистік, фактографиялық дәлдіктен гөрі, реалистік, көркемдік шындық жоғары тұрмақ, - бұл өнерге етене құбылыс.

Шығарма идеясына, эстетикалық нысанаға әбден қажет болып әкетіп бара жатса, мұндай түйткілдерді “Оянған өлкедегідей” астарлап, ишарамен де жеткізуге болатын еді ғой.

Жалпы ұлттық деңгейге көтерілген ерлерге дау жоқ, оларды пышақ үстінен бөліскендей етіп, әркім иемденіп, сырға тағып қойғандықтан, әйтеуір оңай жол осы-ау дегендей, әрбір ауылдың пәленшекең-түгеншекеңдерінің ғұмырын түрткінектей бастағандар да бар.

Әділі керек, Шерхан Мұртазаевтың “Қызыл жебе” романын күдікпен қолға алдық. Әуелгі күдік – шығарма объектісіне байланысты туған. Мұхтар Әуезовтің “Қараш-қараш оқиғасы” хикаятының өмірлік материалын берген адам белгілі мемлекет қайраткері – Тұрар Рысқұловтың өзі екендігі көпшілікке жақсы мәлім факті. Өткен уақиғалар әлі де елдің санасынан кете қоймағандықтан тартысқа қатысқан адамдар, олардың ұрпақтары тірі болғандықтан, ең бастысы, деректі дүниелердің шырмауында қалып қоймай, суреткерлік қиялға еркіндік беру үшін көркем бейнелердің сомдап шығару, эстетикалық әсерді молайту мақсатымен Әуезов көп нәрселерді саналы түрде өзгерткен ғой, содан барып Рысқұл – Бақтығұл, Саймасай – Жарасбай делініп, Түрген болысы – Бүрген болысы делініп алынған. Қырғыз режиссері Болат Шамшиев хикаят негізінде қызықты фильм түсірді, қазақ жазушысы Қалихан Ысқақов хикаят негізінде тартымды пьеса жазды.

Енді тағы бір қазақ жазушысы бұрын Әуезов қалам тартқан тақырыпқа барып, роман жазып отыр. Күдіктенбегенде қайтерсің.

Әуезов хикаяты: “Оқуға ұғымды, ерекше талапты момын қара бала болашақ заманның белгісіз бір жарығына осы абақты ішінде сенген көңілмен күн санап ержетіп келе жатты”, - деген жолдармен аяқталса, Мұртазаев романы:

“Түрме әкімшілігі айламызды асырдық деп ойлайды” деген жолдармен басталады. Камерадағы қазақ Рысқұл, екінші тұтқын орыс Александр Бронников. Абақты басшылары бұл екеуі бірін-бірі түтіп жеп қояды деп есептеген.

Роман оқиғасы осындай ұтымды, психологиялық ситуациядан сабақталған. Камерада үшінші адам және бар, күндіз ат айдап, кешке абақтыға келіп жататын сорлы бала – Тұрар.

Шығарманың композициялық құрылымында оқырман назарын суытпай тартып отыру үшін сәтімен алынған жүйе бар: түрме сценаларымен, Рысқұлдың Бронниковке немесе Тұрарға айтқан әңгімесі ретінде берілетін сценалар кезектесіп отырады; 13 тараудың әрқайсысы іштей шағын көріністерге жіктелген. Романның жалпы материалындағы деректілікпен қоса, өзгеріссіз алынған сот, түрме архивтерінде сақталған документтер: арыздар, қатынастар, тұтқын кескіндемесі – осылардың барлығы көркем детальдің қызметін атқарып тұр.

Әуезов дәстүрі, Әуезов хикаятының идеялық-эстетикалық жалпы ықпалымен қоса, романның тіл кестесінен, стиль ерекшелігінен “Қараш-қараш оқиғасының” сарынын байқау қиын емес. Рысқұл – Саймасай желісі Бақтығұл – Жарасбай желісінің жаңа бір варианты. Мұртазаев тыңнан тапқан, сәтті олжа – “Қызыл жебе” деп аталатын бәйге аттың желісі. Дұшпанын мұқату үшін Саймасай осы жүйрікті Рысқұлға ұрлатып әкеп, бауыздап тастайды. Осы тұстағы Рысқұл сезімдері реалистікпен бейнеленген. Рысқұл – Дауылбай арасындағы тартыс әйгілі хикаятта жоқ, тыңнан қосылған, сәтімен бейнеленген, әлеуметтік астары қалың сюжет.

Романның көркемдік қуатын өсіріп тұрған компоненттер ретінде пейзаж, образ-символ, деталь, ой ағымы екендігін айту дұрыс. Елес, түс сценалары да реалистік мақсат үшін қолданылған.

Бірінші кітапта есте қалардай қайрат-қажырымен, қиын тағдырымен көрінген басты кейіпкер, сөз жоқ, Рысқұл. Бала Тұрар өсіп келе жатыр, кекпен, намыспен суарылған Рысқұлға ықпал еткен, Тұрардың сауатын ашқан социал-демократ Бронников бейнесі жанды, әсерлі тұлғадан гөрі схемаға, штампқа жақын. Оның сөздерінде түрмеде жатқан, ширыққан күрескердің лебізі аз, жеңіл үгіт, саяси хабарлама секілді. Сурет, бейне талаптарын ұмытқан шақта, роман әсері солғындап кетеді. Приходько отбасы да тап басып, дәл суреттеліп отырған жоқ.

Келте қайырып, шолақ түю дағдысы да әр жерден қылаң береді.

Тарихи тақырыпқа арналған – қалайда тоқталмай, назар аудармай өтуге болмайтын шығарманың бірі – Софы Сматаевтың “Елім-ай” романы.

Бұл – бір тарихи адам, үлкен қайраткер, өнерпаз қолбасшы туралы емес, халық тарихында “Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама” деген атпен, қаралы, қанды оқиғалармен белгілі болған кезең туралы шығарма.

Құптарлық қадам, автор тарихи оқиғалар өткен жерлерді түгел аралап көрген: объектіге қатысы бар еңбектерді, архив материалдарын мүмкіндігінше қалдырмай зерттеген: фольклордағы, эпостағы сарындар, идеялар, материалдар кәдеге асқан.

Сонымен, бірінші ескеретін нәрсе “Елім-ай” романының тарихи негіздері хроникаларға, қазақ шежірелеріне, ғылымның беделді зерттеулеріне сүйеніп жазылған. Оқиға ұзақ мерзімді, кең атырапты қамтитын болғандықтан сюжет құрылысында панорамалық, мозаикалық сипат бар. Осы ерекшелік кемшілікке де ұрындырады: жеке эпизодтардың басы бірікпей, ыдырап, жан-жаққа тартып тұрған жерлері мол. Әдебиетімізде эпостан бастап қалыптасқан қалмақтарды жағымсыз сипатта бейнелеу дәстүрін Сматаев бұзған. Орталық Азияны ежелден мекен еткен қалмақтар дегеніміз кім, дәстүрлері қандай, әлеуметтік құрылымның ерекшеліктері, билік үшін болып жатқан шайқастар, қазақ даласына селдей қаптап құйылудың объективті, субъективті себептері – осының баршасын әділдікпен, бұрмаламай интернационалдық рухта бейнелеп беруді жазушының табысы санаймыз.

Романда, негізінен, лексикасы бай, оралымды, шұрайлы тіл бар: фольклор әсері, жыраулар, билер поэтикасының ықпалы сезіледі. Жазушыны сақтандыратын нәрсе ол әсіре қызылға, дыбыс, әуез қуушылыққа тіпті құмар. Проза үшін басты шарттардың бірі – деталь, көріктілік қой, бейнелеу орнына – баяндау, суреттеу орнына – сөз сапыртып қою секілді көркемдік олқылықтар көп.

Рас, билер, шешендер, хандар, батырлардың сөздік сипаттамаларынан дәуір тынысы сезіледі. Сөздік қорда, толғау – биліктің құрылысында, логика – жүйеде айырмашылық жоқ.

Жоңғар шапқыншылығы кезінде жасалған жауыздықтарды бейнелеуде автор трагизм категориясын терең байыптамай натуралистік, жалаңаш суреттерді көбейтіп жібереді.

Жас ұрпақты патриотизм, интернационализм рухында тәрбиелеуге ықпал ететін, халықтың өткен тарихынан көп мағлұмат беретін күрделі роман жазуға талпынған қаламгер қадамын құптай отырып, біз оның алдына биік идеялық-эстетикалық, көркемдік-бейнелік қатал талаптар қоюымыз керек.

Қазіргі әлем әдебиетіндегі көптің аузына ілінген “Отель”, “Аэропорт” секілді романдардың басты ерекшелігі – жазушының алған нысанын бүге-шігесіне дейін, қарынның қырындысына дейін білуі. Артур Хейли баяғы Эмиль Золя салған жолмен жаңа шығарма жазарда болашақ кейіпкерлер істейтін өндірістің технологиясын, кәсіптің ерекшеліктерін бел шешіп, білек сыбанып зерттейді екен. “Аумақ”, “Оңтүстік Америка варианты” романдарын жазған орыс жазушылары Олег Куваев, Сергей Залыгиндер көп уақыттары өндірісте өткен инженерлер.

Бізде инженер дипломы бар жазушы жігіттеріміз болғанымен, олардың өндірісте ұзақ жыл тұрақтағаны, жұмысшы тақырыбын қаламына үзілмес арқау еткендері жоқтың қасы.

Жеке басы, тағдырының өзі айрықша қызық, кезінде белгілі мұнайшы болған, әсіресе, “Сынақ” атты телефильмнен кейін даңқы жайылған қайратты адам Рахмет Өтесінов жұмысшылар өмірінен роман жазады деп кім ойлаған.

Бұрын көркем әдебиетте есімі белгісіз адамның тырнақ алдысында қандай сапа, қандай ерекшеліктер, қандай қасиеттер бар?

Бірден айтқан жөн болады, бұл естелік, эскиз үлгісінде емес, прозаның жанрлық талаптарын ескеріп жазылған шығарма, әрине, материалдың ғұмырнамалық негізі, документтік астары сезіліп отырады. Мұны оқиғаны хронологиялық ретпен баяндайтын сюжет түзілісінің өзі көрсетіп тұр. Әрқайсысына ат берілген жеке тараулар да шағын – қайырылатын шоғыр оқиға, әрекет бар. Әрине, жанрды хикаят деп көрсетсе де болатын еді.

Автор өндіріс технологиясын, нақты кәсіптік істерді жақсы білумен бірге персонаждарды іріктеп алған. Әкелі-балалы Далабай мен Кенбай – екеуі бірдей мұнайшы. Әке – кәнігі, байырғы жұмысшы, ұлы – Москвада мұнай институтын бітіріп келген инженер. Далабай мінезі табиғи, оның сөздерінен өмірдің көп белесінен өткен, көшелі адамның тұлғасы танылады.

Мұнай кәсіпшілігінің өзіне тән құбылыстар, өндірістік тартыстар шығармада сенімді көрсетіледі, өндіріске байланысты терминдердің қолданылуын жатырқауға болмайды, солардың бірқыдыруына түсінік бере кету керек еді. Өндірісте алғашқы адымы сәтті болған Кенбай енді Маңқыстау мұнайын барлаушылар қатарына аттанады. Шығармада Айбибі мен Кенбай арасындағы махаббат хикаясы солғын баяндалған, кітаптың “Айтылмаған ән” аты да шығарма болмысынан шығып тұрған жоқ.

Халқымыздың рухани дәулетіне эстетикалық жаңа байлық, мол қазына қосып, елінің махаббатына бөленіп, көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналып, туындылары тұғырға көтерілген қазақ әдебиетіндегі ардақты есімдердің бірі – Ілияс Есенберлин екендігі қазір көпшілікке аян шындық.

ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетіне тән айрықша құбылыстың бірі талантты жазушыларымыз алғашқы шығармаларымен-ақ тез танылып кетті: Мағжан, Жүсіпбек, Сәкен, Бейімбет, Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Саттар, Әбділда, Мұқаметжан, Қасым отызға жетпей күллі қазаққа мәшһүр болды, Әбдіжәміл, Тахауй, Сафуан, Зейнолла қырыққа дейін,, Қалихан, Сайын отызында прозашы ретінде мойындалды.

Ілияс Есенберлиннің әдеби тағдыры бұралаң еді. Көптеген қазақ жазушылары филологиялық журналистік білім алып, баспасөзде және жеке шығармашылықта қатар қалам тартатын.

Әке-шешеден ерте айырылып, жетімдік тауқыметін кешіп, балалар үйінде тәрбиеленіп, тау-кен институтын бітіріп, инженер болған маман қатты жараланып, соғыстан ерте оралған. Орталық партия комитетінде, филармонияда, шахтада істеген. 1951-53 жылдары сотталып, түрмеге қамалған. Бір жазушы естелігінде Есенберлиннің сотталғанын кекесінмен, табалағандай сыңайда сөз етті. Жасырын ештеңе де жоқ, филармония директоры қызметінде жүргенде қаржыны орынсыз жұмсағаны үшін деген айыппен сотталған. Бұл - әрине сылтау. Сол кезде Қазақстанда тағы репрессия бас көтеріп: Е.Бекмаханов, Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, Қ.Мұхаметханов, Б.Сүлейменов сотталған; М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Б.Кенжебаев жұмыстан шығарылып қудаланған. Есенберлиннің сотталуын да осы науқанның кесепаты деп түсіну керек. Түрмеден қайтып келген соң барар жер, басар тау таба алмай, қиналып, түңілген, бала-шағасының шәй-суына бес-он тиын таба алмай, жоқшылық көрген кездері де болған, кейін киностудияда, баспада, Жазушылар Одағында қызмет етті.

Поэзия саласындағы «Сұлтан», «Айша», «Адамгершілік туралы жыр», «Біржан сал трагедиясы», «Большевик туралы поэма» сияқты шығармалары әдебиетте жаңа сөз айта алған жоқ. Прозадағы «Өзен жағасында», «Толқиды Есіл», «Адам туралы ән» секілді ізденістерді де қатардағы шығармалардың бірі еді. Пьеса да, сценарий де жазған. Бәрібір көптің бірі болып қала берді. Жиналыс, пленум, құрылтайда біреу сыналса, Есенберлин сыналатын. Сөйтіп жүріп жер орта жасқа келген.

Елуден аса бере нағыз Есенберлин басталды. Роман артынан роман. Бірін-бірі қайталамайды. Жаңа сюжет, жаңа композиция, жаңа идея. Бәрі жаңа. Оқырман ықыласы көл-көсір. Бірақ жазушылар тарапынан мойындалу оңайға түскен жоқ. Алдымен Сәбиттен басқасы саусақпен санардай ғана күрделі шығарма жазып, классик атанған ағалары жандарына жақындатпады, бірді-екілі туындымен даңқтары шыққан құрдастары, соғысқа барып келген тағдырластары қолдау былай тұрсын, күндестікпен уланып, аяғынан шалып, зиян келтіріп, мүлде дұшпан болып кетті; тек кейінгі буын, өзінен бір мүшел, екі мүшел кішілерден жақсылық көрді, олар шығармаларға материал жинауға көмектесті, қолжазбаларын редакциялауға қатысты, талқылауларда қолдады, кітаптарын насихаттады, әділ бағасын берді.

Сырттай жұпыны, шашы ерте ағарған, жүріс-тұрысы сылбыр, мінбеге шықса, ел-жұртты аузына қарататын шешен де емес, мойылдай қап-қара екі көзі ерекше есте қалады. Өмірдің көп өткелегінде алла берген асыл қуат, зор рухты жоғалтпай, елудің белінде қайратына мінген Ілияс кезекті шығармасын жазу үстінде жан алып, жан берді. Оны жариялау үшін аянбай күресті. Өзіне дұшпандық жасағандарды да аяған жоқ, қажет болса, олардың жолына кесе көлденең жатып алды. Жақсылық істегендердің еңбегін еселеп қайтарды. Әсіресе жас қаламгерлерді демеді, үй алуға көмектесті, кітабын шығарды, қызметке орналастырды. Достыққа адалдығының мысалы ретінде Қапан Сатыбалдиннің 4 томдығын бастыруы, Әзілхан Нұршайықов романының орысша аудармасына көмектесуін айтуға болады. Ілияс адамдарды екі топқа бөліп қарайтын, олар – қазаққа қызмет ететіндер және қазаққа қызмет етпейтіндер. Бөлудің басқа түрін қабылдаған жоқ.

Сөйтіп, елуден асқан кезден бастап, он бес жылдай уақыт ішінде қауырт та өнімді еңбек еткен Ілияс Есенберлин қазақ әдебиетінің тарихындағы талантты романдар шоғырының авторы болып қалды.

Өз қолында үлкен билік болған күндердің өзінде (Баспа директоры, Жазушылар Одағының екінші хатшысы) Ілияс романдарының бірде-біреуі айтыс-талқысыз, дау-дамайсыз, кедергі-бөгетсіз, тиым-тоқтаусыз шығып көрген емес. Сары тіс ағалары, үзеңгілес қатарластары, бота тірсек інілерінің жазылмаған кітаптарының жоспары мақталып, бүгін біткен қолжазба, ертең шығып жатқанда, мұның жаңа дүниесі ең алдымен Жазушылар Одағының әртүрлі пиғылдағы, сан алуан талғам иелерінің ортасына салынып, орынды-орынсыз пікір айтылып, әр тарт, бері тарт тәжікеден кейін қайтадан Баспасөз комитеті, Орталық партия комитеті, Қауіпсіздік комитеті дегендердің қысымына түсіп, одан Мәскеу шешімін күтіп, ақырында жасырын сарапшылар айтқан талаптарды орындап болғаннан кейін ғана басылуға мүмкіндік алатын. Алғашқы талқы, тартыс додасына қатыса алмай қалған коммунистік мұраттар мен кеңестік идеология талаптарына өздерін адал қызметші санайтын кейбір ғалымдар (олардың ішінде академиктер мен профессорлар бар), белгілі қаламгерлер (олардың ішінде лауреаттармен, халық жазушылары бар), Ілиястың жаңа романындағы ұлтшылдық, қазақ тарихын мадақтау, эротизм, тың игеруге қарсылық, алаш қозғалысын дәріптеу секілді жат идеялар бар екенін айтып, шығарманы бастырған мекемені айыптап, кітапқа тиым салып, жинап алып жойып жіберу қажет деген талап қойған кездер аз емес.

Мұндай айыптау мен қаралаудың ашық баспасөз бетіне шыққан күндері де бар.

Бір шығарма тұсында ғана емес, барлық жаңа шығармасын бастыру үшін жазушы көрген қиындық оларды орысшаға аудару, жариялау кезінде тағы қайталанатын. Адам көтеруі қиын мұндай рухани дерттен оқырман махаббаты ғана емдеуші еді. Әр нәрсенің шегі бар. Талант қайраты қожырамаған, бірнеше романдар циклін ойластырып қойған қаламгердің жүрегіне жетімдіктен, соғыстан, түрмеден, әр шығармасын жазу, бастырту, аударту кезіндегі қиындықтан түскен жан жарасы оны алпыс сегіз жасында дүниеден оқыстан алып кетті.

"Алмас қылыш" романы – Ілияс Есенберлиннің әйгілі "Көшпенділер" тарихи трилогиясының бір бөлімі. ХІV-ХV ғасырдағы оқиғалар, әлеуметтік қақтығыстар, жаугершілік, қазақ хандығының құрылуы суреттеледі.

Бұл шығарманы тұңғыш рет 1971 жылы "Жазушы" баспасы басып шығарды. Халық өмірінің терең шындығын дәлді деректер, шежіре, аңыз, эпос материалдарына, белгілі қайраткерлер, батырлар, билер өміріне сүйене отырып, көркем бейнелер арқылы ашқан күрделі туындыны қалың оқырман жақсы қабылдады. Роман туралы баспасөзде көптеген пікірлер айтылды, ондаған рецензилар, мақалалар жазылды. (Роман қаһарманы – халық. Семей таңы. 1976, 26.02; Тарихи роман және "Алмас қылыш", Қазақ әдебиеті, 1971, 19.ХІ; Тарихи шындық бұрмаланбасын. Социалистік Қазақстан, 1972, 16.04; "Алмас қылыш". Коммунизм нұры, 1971, 11ХІІ т.б.)

Екінші рет "Алмас қылыш" романы "Көшпенділер" трилогиясының бірінші кітабы ретінде "Жазушы" баспасынан 1976 жылы алпыс мың дана болып баслып шықты.

"Алмас қылыш" романы "Заговоренный меч" деген атпен Москваның "Молодая гвардия" баспасы жүз мың дана етіп, 1974 жылы жариялады. Аударған жазушы Морис Симашко, алғы сөзін жазған академик Әлкей Марғұлан.

Екінші рет "Алмас қылыш" романы "Кочевники" деген атпен "Советский писатель" баспасынан жүз мың дана болып 1978 жылы орыс тілінде жарияланған тарихи трилогияның бірінші кітабы ретінде "Алмас қылыш" романы Москвада үшінші рет басылды. Алғы сөзін жазушы Әнуар Әлімжанов, соңғы сөзін академик Әлкей Марғұлан жазған.

"Жанталас" романы – "Көшпенділер" тарихи трилогиясының екінші бөлімі. Негізінен ХVІІІ ғ. Қазақстандағы әлеуметтік-қоғамдық тартыстар, халық басынан өткен сан алуан оқиғалар бейнеленеді. Абылай хан, Бұқар жырау тектес тарихи қайраткерлер образы жасалған. Роман тұңғыш рет 1974 жылы "Жазушы" баспасынан шықты. Шығарма туралы мерзімді баспасөз бетінде көптеген материалдар жарияланды. (Халықтың көркем тарихы. Қазақ әдебиеті, 1974, 12.ІV; "Жанталас". Көкшетау правдасы. 1974, 21.ІІІ; Тарих және тарихи шығарма. Коммунизм нұры, 1974, 14. VІ; "Жанталас" жайлы сыр, Орталық Қазақстан, 1978, 16.ІІ., ІІ т.б.).

Роман орыс тілінде тұңғыш рет "Простор" журналының 1973 жылғы 7, 8, 10 сандарында "Отчаяние" деген атпен басылды. Аударған жазушы Морис Симашко. Москваның "Известия" баспасы "Дружба народов" кітапханасы сериясымен "Жанталас" романын 1974 жылы шығарды.

"Жанталас" романы тарихи трилогияның бір бөлімі ретінде "Кочевники" деген атпен басылған кітаптың құрамында 1978 жылы "Советский писатель", 1983 жылы "Художественная литература"баспасынан шықты.

"Алмас қылыш", "Жанталас" романдары "Көшпенділер" трилогиясының құрамында 1983 жылы Польшаның "Чительник" баспасынан поляк тілінде басылды. "Көшпенділер" трилогиясы Венгрияның "Европа! баспасынан шықты.

"Қаһар романы" – "Көшпенділер" трилогиясының үшінші кітабы болғанмен, циклдің ішінде бірінші болып жазылған шығарма. Тұңғыш рет "Жазушы" баспасы 1969 жылы басып шығарды. Орыс тілінде алғаш "Простор" журналының 1970 жылғы бесінші, алтыншы сандарында "Хан Кене" деген атпен жарияланды. Аударған жазушы Морис Симашко. Москваның "Советский писатель" баспасы 1971 жылы "Хан Кене" деген атпен жариялады. "Көшпенділер" трилогиясының үшінші кітабы ретінде "Советский писатель" баспасынан 1978 жылы, "Художественная литература" баспасынан 1983 жылы шықты.

"Көшпенділер" трилогиясының құрамында 1983 жылы Польшаның "Шительник" баспасынан поляк тілінде шықты. Венгрияның "Европа" баспасы 1986 жылы шығарды.

"Қаһар" романы туралы жазылған қазақ әдебиетшілері Ә. Марғұлан, Ә. Әлімжанов, Р. Бердібаев, Х. Әбдібаев, М. Қаратаев, Ш. Елеукенов, орыс сыншылары Н. Ровенский, П. Косенко белгілі әдебиетшілер Г. Ломидзе, В. Оскоцкий т.б. мақалаларында бұл шығарма тарихи романтиканың үздік табысы, реализм әдебиетінің шоқтығы биік туындысы ретінде бағаланады. Расында "Қаһар" романы әдебиет тарихында құбылыс болған, қалың оқырмандардың махаббатына бөленген, ел тағдырын шыншылдықпен бейнелеген халықтық көркем шығарма.

Көптеген архив материалдарын, әр түрлі деректерді, ғылыми зерттеулерді, трилогияның "Алтын Орда" аталуы тегін емес. Шығармадағы оқиғалар ертіс, Еділ бойларында, қазақ даласында, Орта Азияда, Қырым мен Кавказда, Русь жерлерінде өтеді. Жазушы қырғын соғыстардың, опатты өлімдердің негізгі әлеуметтік-таптық себептерін ашады; тарихи тұлғалардың, хандардың, билердің, батырлардың сенімді тұлғаларын жасайды, елмен ел, халықпен халық арасындағы достық тамырларын бейнелейді; азаттық, еркіндік үшін болған күресті суреттейді.

Романның бірінші кітабы алғаш рет 1979 жылы "Жұлдыз" журналының 8-9 сандарында басылды. 1982 жылы "Жазушы" баспасынан жеке кітап болып шықты. Жазушының екінші тарихи трилогиясы туралы профессорлар Ә. Қоңыратбаев, Р. Бердібаев, Н. Ғабдуллин, Т. Кәкішев т.б. баспасөз бетінде толымды пікірлер айтты ("Қазақ әдебиеті", 1980, 1.ІІ; "Жұлдыз", 1984, 10; "Социалистік Қазақстан", 1985, 19.Х; "Казахстанская правда", 1985, 20.Х т.б.). Ұлан-асыр кең территорияда білектің күші, найзаның ұшы, қылыштың жүзімен құрылған зор империя – Алтын Орданың қоғамдық-әлеуметтік құрылысы, этникалық-елдік тұрмыс-тіршілігі, сан алуан күрестер,билік үшін шайқастар суреттелген. Әр түрлі тарихи жағдайларды, өмірде болған тұлғаларды бейнелегенде жазушы реализм принциптерін берік ұстанып, диалектикалық қайшылықтарды ашады; өмірлік материал мен қаламгерлік қиял, шындық пен фантазия тізгінін тең ұстайды.

Алтын Орда мемлекетінің негізгі қайшылықтары, оның құлау себептері, халық тағдыры мен жеке адам тағдырысан-сан оқиға, сала-сала сюжет арқылы ашылады. Трилогияда аңыздар, мысалдар, тәмсілдер (притча), эпос сарындары кең де шебер қолданылған. Романның екінші кітабы алғаш "Жұлдыз" журналының 1983 жылғы 4-5, 7-8, ал үшінші кітабы "Жұлдыз" журналының 1983 жылғы 4-5 сандарында жарияланды. Екі кітап бірге қосылып тұңғыш рет 1983 жылы "Жазушы" баспасында шықты.

"Алтын Орда" тарихи трилогиясымен орыс оқырмандарын алғаш толық таныстырған "Простор" журналы ("Простор", 1982, 8; 1983, 2,3; 1984, 1, 2, 3).

1985 жылы Москвадағы "Советский писатель" баспасы "Алтын Орда" трилогиясын В. Мироглов аудармасымен басып шығарды.

Бес поэма, төрт пьеса, үш киносценарий, он алты роман жазған қаламгердің берекелі таланты қазақ халқы өмірінің ғасырлар панорамасын көрсетіп берді. Көп ғасырлық тарих, ұлтық интеллигенцияның қалыптасу кезеңіндегі трагедиялар, колхоздастыру дәуірінің шындығы, Ұлы Отан Соғысына қазақтардың қатысы, тың игеру жылдарының хикаясы, Маңғыстау майданы, геологтар, мүсіншілер, артистер, жазушылар тағдыры – Ілияс Есенберлиннің романдар сериясындағы өзекті тақырыптар осылар. Қазақ әдебитінде бір тақырыпқа арналған шығармалар шоғырын, үйірлі туындылар жасау дәстүрін қалыптастырған Мұхтар Әуезов сабақтарын терең игеріп, жемісті арнаны кеңейткен, өз тарапынан жаңа үлгілер тудырған қаламгердің тарихи прозадағы күрделі көркемдік-эстетикалық олжаларын айрықша бағалау шарт.

Ұлттық тарихымыздың терең қойнауларында қалған көп оқиғалардың елесі, өзгерген, бұрмаланған деректер, әр түрлі тілдерде жазылған, сан алуан қолға түспейтін сирек кітаптарда, архив қазыналарында, оқылуы қиын қолжазбаларда, әр жердежүйесіз шашылып жатқан материалдарды тауып, оқып, қорытып шығу үшін кеткен уақыт, жұмсалған қайрат, жасалған еңбектің өзі бір адамның ұзақ ғұмырына жетіп артылар шаруа.

Жазушының алты романнан тұратын "Көшпенділер" және "Алтын Орда" трилогиялары – қазақ халқының жеті жүз жылдық өмірін тарихилық принцип тұрғысынан шындықпен, көркем, сенімді әрі терең бейнелеген қазақ әдебиетінің көрнекті шығармаларының қатарына жатады.

Оқиғалық жағынан біріне-бірі жалғас, сабақтас, идеялық-көркемдік нысанасы әуездес, сарындас, құрылым-түзіліс кескіні ұялас болып келетін бұл романдар циклының тұтастығын айта отрып, олардың қазақ әдебиетіне енгізген эстетикалық жаңалықтарын көрсету қажет. Ең алдымен, осы екі трилогиядан қоғамға, тарихи дамуға, әлеуметтік жағдайға деген жазушының әлеуметтік, партиялық, халықтық айқын көзқарасын, ғылыми объективті позициясын көреміз. Бұл шығармаларда уақыт пен кеңістік мейлінше мол әрі орасан кең ауқымда бейнеленеді: бір атырап, бір тайпа, бір жүз тіршілігі емес, қазақ халқының тағдыры көптеген басқа елдермен қарым-қатынас контексінде, дүниежүзілік дамудың арнасымен терең сабақтастықта алынады. Құжаттар мен тарихи деректерді сұрыптауда озық әдебиеттер дәстүрін негізге ала отыратын жазушы ежелгі аңыздарды ауызекі әңгімелерді, халықтық мифологияны көркем шығармада пайдалану барысында көп жаңалықтар, соны өрістер ашты. Сөйтіп, тарихи романның жаңа бір ұлттық, жанрлық – роман-шежіре үлгісін тудырды деп айтуға әбден болады.

Халқымыздың басынан кешкен қилы жол, тайғақ кешу, тас босаға, тар өткелдердің трагедиялық оқиғалары, ел қамын жеген, ойшыл даналар, жұртын сүйген, жүректі батырлар образдары, әр дәуірде әлеуметтік күрес сахнасына шыққан хандардың, айыркөмей, жезтаңдай билердің, қилы-қилы таптар өкілдерінің бейнелері, халықтық бірлік, елдік ұйытқы, отансүгіштік, патриотизм, интернационализм сарындары – осылардың бәрі жанды түрде тұтаса келіп, Ілияс Есенберлин тарихи романдарының идеялық-эстетикалық сапасын, поэтикалық-жанрлық қасиеттерін құрап, олардың әдебиетіміздің төріндегі орнын белгілесе керек.

Кезінде Мұхтар Әуезов қазақ интеллигенциясының алғашқы буынының Қазан төңкерісіне келу жолын көрсететін роман жоспарлаған, бірақ оны жазбай, "Өскен өркенге" отырған. Бел ортасында жүрген өмірдің қаһарлы жүзін қайта көру, бастан кешкен күлер ауыртпалығын қайта тарту шошытты ма, кім білсін, ұрпақ үшін шертер сырларын ұлы жазушы о дүниеге алып кетті.

Дәл осы объектіге Ілияс Есенберлин барар деп ешкім ойламаған: "Қатерлі өткел" романы туды. Одан кейін "Ғашықтар" жазылды. Қазақ әдебиетінде оқиға болған, суреткер белсенділігінің, жазушы батылдығының куәсі, халықтық принципті берік ұстанып жазған "Қаһар" романы Ілияс Есенберлин есімін оқырман махаббатына бөлеп, әдеби сын назарын оның шығармашылығына күрт аударды. "Алтын құс" романы республиканың торқалы тойына арналған конкурста бәйге алды. Тарихи тақырыпты көтерген "Алмас қылыш", "Жанталас" романдары; "Қатерлі өткел" алдымен "Дружба народовта" жарияланды да, "Советский писатель" баспасынан кітап боп шықты. "Молодая гвардия", "Ғашықтарды" басты, "Көшпенділер" трилогиясы Москвада жарияланды. "Көлеңкеңмен қорғай жүр" – тың игерушілер жайлы роман. Кітаптардың бәрі де сынның, оқырманның талқысына түсіп жатыр, шет елдерде аударылып жатыр.

Қазан төңкерісі және қазақ интеллигенциясы деген проблема аракідік сөз етілгенмен, үлкен шығарманың өзегі болған емес-ті. Белгілі жәйттерді қайта айтатын нәрсе емес, қиын психологиялық шығармаларды, санадағы эволюцияны, ауыр трагедияны, тарихи оптимизмді бейнелейтін туынды қажет. Суреткерлік позиция, авторлық мұрат айқын болмаса, қаңғыртып жіберетін, соқыр сүрлеуге түсіретін қиын объектінің Ілияс Есенберлин оңтайлы бір қырынан келген.

Әлеуметтік әр түрлі топтарды қамтитын көп салалы, тоқсан тоғыз тараулы роман емес, кейіпкерлері аз, тартысы жинақы, өткір идеялы шығарма жасау мақсаты алға қойылған.

Басқа адасса бір сәрі, шіріген жұмыртқа – садақа деп лақтырып жүре береді тарих, ал халықтың ары, жаны – суреткер адасса – трагедия. Қоғам дамуының жаңа тенденцияларымен, жаңа сарындармен бауырласа алмаған жазушы қашанда қайғылы халге ұшырамақ. "Қатерлі өткел" романының алғашқы беттерінде үш ақынмен танысамыз. Үш ақын – үш әлем.

Романист Ақан өмірін суреттеуге көп орын бермеген. "Терезе алдында тұрған аққұба, ашық жүзді, қошқар тұмсықты, үлкен қоңыр, қой көзді, кең кеуделі, ұзын бойлы адамның жасы отыз бестер шамасында" деген штрихтың өзінде ызғар, сыз бар. Ол қандай іс тындырған, өткенінде не жатыр – бұл жағы бимәлім: Ал жүрегінің түбінен құмығып шыққан, көзінен қанды жасын ағызған сыр-зарына бақсақ, екіұдай, қайғыға бөккен жанды көресің. Ол қазақ халқының қуанышты, шат-шадыман, еркін күндері өткен, келешекте құрып кету, жер бетінен жойылу тосып тұр деп есептейді. Ұлттар достығы деген көптің азды, күштінің әлсізді алдап түсіруі үшін ойлап шығарылған жалған ұран деп санайды. Ақын сенімінде әр түрлі жұрттардың басын біріктірген одақ әсте ұзақ ғұмыр сүре алмаса керек. Екінің бірі – не азшылық жұтылады, не империя қаусайды.

Саналы күрес жолына енді ғана түскен жас ақын Бүркіттің шеттігіне жеткізе, бар ниетпен беріле айтқан ұстазының осынау сөздеріне қарсы қояр дерегі, бөгеу болар дәлелі жоқ. Әлеуметтік орта дайындамаса, кез келген адам революция мәнін бірден түсініп, күрескерлер санына қосылып кете алмасы хақ.

Тірлік тартысын аяқтаған, тұз-дәмі таусылған Ақан ақынның балконнан құлап өлуі кездейсоқ нәрсе, үрей салдары емес. Бұл финалды жазушы оқырманға оқыс әсер ету үшін, сюжетті ширықтыру мақсатымен алмағаны да түсінікті. Ақан өлімі – белгілі бір дүниетанымның өлімі. Ақан өлімі – революцияны түсінбей, жат жолға түскендер өлімі.

Осы ажалдан кейін Бүркіт пен Әқбардың қиямет көпір, тас босағадан өту шырғалаңдары басталады. Бүркіттің жаңа заман сырларын ұғуға бірден бет қоймағанын жазушы психологиялық тебіреністер арқылы бейнелейді.

Қоғамдық күрестен тысқары тұрған шақтарда суреткер басындағы әр түрлі толқу сәттері авторлық идеалды көмескілендіріп, өмір жүзін буалдыр тұманмен бүркеп сағым дүниесіне жетелеп жөнелер орайы болады. Сонда біреулер ескі тарих, көне заман қойнын ақтарып, аруақтармен сырласып кетсе, біреулер өзі қолдан жасап алған қиял әлемін шарламақ. Рас, саф талант бұл өңірлерде де бедеу қалмақ емес, бірақ мың азапқа салып, әрең келген олжа да сирек.

Жастайынан оқу ізіне түскен, әуелі медреседен тіл сындырып, артынан орыс мектептерінен білім алған бүркіттің ұзақ уақыт дүниені тек қағаз жүзімен, кітап арқылы тануы, өмірдің өзімен бетпе-бет келмеуі, шын айқасты көрмеуі – мол михнатқа салған себептердің бірі. Үлкен арнадан бөлініп қалған, көп тұрып иістене бастаған шалшық секілді күйге жас ақын рухы көнгісі келмейді. Ұшпақ, жүзбек. Көгі қайда жарқыраған? Айдыны кәне шалқыған? Аспанды бұлт торлап, көлді балдыр басқандай.

Тарихтың жабылып кеткен беттерімен қоса жоғалған ақын трагедиясы – Ақан өлімі екінші бір сұлу өнер иесінің жанын түршіктіріп қоймайды, асау толқынды арпалыстан өткел іздетеді. Қазақ топырағындағы тап күресі, сана эволюциясы ақын Бүркіттің ой-сезімі, көңіл-күйі арқылы көрінеді.

Шаһар өмірі, ішкі тартыс әбден титығына жеткен Бүркіт әйелін ертіп сахараға келгеннен кейін, аз уақыт ішінде ауыр заманның сұсты кейпін көріп, көп құбылысқа жаңа тұрғыдан, өзге қырынан қарап, басқаша баға береді. Тірегім, арқалығым деген жандарының, үлгі өнеге тұтқан адамдарының бопсаға шыдамай оңғақ тартқаны ойлантады. Құтпаным, берекем деп журген кісілері қарақан бастың қамын ғана жейтін қу мүйіз боп шығады. Қаны сорғалаған жауыздық мынау, шідер үзген Нұржамал мен Еркебұланды бай Жабағы түбекке тығылған жерлерінде өртеп жібереді.

Бүркіт санасына ықпал жасап, көп нәрсені өзгертуші - әлеуметтік жағдай, өмір талқысы. Теміржолшылар ортасы асығыс суреттелген, күн ілгері жасалған қалып бойынша берілген. Кең өрісті бірден тапқан ақын бейнесінде алынған Хасен тұлғасының мүсінделуінде схемадан туған олқылық бар. Оның аяқ астынан опат болуы – трагедиялық сцена. Бұл – қандықол Әкбардың ісі, Ақан өлімінен соң, Бүркіт бір тарау жолға, Әкбар екінші тарау жолға тускен. Алғашқысы – халық көші қайда бұрылса, сонда тартатын бағдар, соңғысы – жеке бастың кегін қуып, қара қанжар асыну.

Өнер майданында мардымды іс тындыра алмаған Әкбар бұрынғы өлеңшілігі бос далбаса екендігін ұққан, бұған қайғырмаған да ішіне шемен боп қатқан басқа жара. Әкесін шетке қашырған, бауырындағы малын, басындағы құтынан айырған мынау жаңа заман тәртібі ұнамайды. Өзге жеген таяғы аздай, сұм жазмыш туған қарындас күйігін және тарттырды. Еркешора өскен Ханшайым қас дұшпаны, ата жауына айналған Хасеннің құшағына енді. Туласа, Әкбар туласын. Бірақ өз қарындасын күйеуімен қосып бауыздап өлтірер деп күтпеген оқырман сұмдық жауыздықтан қатты түршігеді.

Идеялық жүк арқалаған, белгілі топтың моралін, ұстаған бағытын аңғаратын кейіпкер – Қаражан бейнесіндегі кейбір сипаттардың болған адамдар басынан алынғандығы күдік тудырмайды. Әуелден-ақ жүрегі халық деп соққан жазушылардың революция кезінде адасқан сәттерін пайдаланған осы Қаражан секілділер өздерімен қоса талай таланттарды да құртқан. Жазушы осы өмірлік материалды көркем шығармада сәтімен пайдаланған.

Аума-төкпе бір кезеңде жойқын айдынға шығып, желкенін енді көтерген Бүркіт басына Қаражан тағы қара бұлт үйірілтеді. Бұл тұстағы ауыр күйлер, тығырық жағдайлар шағын көріністермен елес береді.

Романның алғашқы баслымында Отан соғысының Бүркіт көрген сценасы жасанды екендігі сезіліп тұратын. Жазушы шығарманың орыс тілінде жарияланған нұсқасында орынды, нанымды шешім тапқан. Бұрын ұшты-күйлі жоғалатын Әкбар енді шет елге өтіп, фашистер ордасын паналаған. Тергеуші Гаврилов алғашқы басылымда жәбір шексе, орысша нұсқада генерал шенін алған қолбасшы. Өлім, өмір айқасында, соғыс шебінде үш адам, үш тағдыр тағы кездесті: ақын Бүркіт, генерал Гаврилов, қашқын Халықтан, тарих көшінен үзіліп қалған адам не Ақанның, не Әкбардың кебін кимек деген сарын бар.

"Қатерлі өткел" романы арқылы Ілияс Есенберлин ұлттық интеллигенция басынан өткізген шытырман күйлерді, ауыр сапар, қиын жолды бейнелеп берді. Бұл шығарма бүгінгі қазақ әдебиетінің туған халқымыз жайлы небір ауыр шындықтарды тарихи дәлдікпен, көркем кестемен суреттей алатын марқайған мінезін танытады.

Неғұрлым түр ықшамдылығына ұмтылу көркемдік талаптарынан туған шарт екндігіне Ілияс Есенберлиннің "Ғашықтар" романын оқу үстінде тағы да көз жеткізуге болады. Негізгі, арналы тартысқа қатыспайтын қосалқы персонаждарды есептегеннің өзінде кейіпкер саны он шақты адам. Материалды шағындап алу арқылы жазушы әрекет сферасын әдейі тарылтқан. Кең аумаққа шашылып, жайылғаннан гөрі, тар шеңберде терең бойлауды мақсұт тұтқан.

"Ғашықтар" романының аты көп көп сырдың кілті секілді. Расында да, бұл ғашықтық туралы, ғашықтар жайлы роман. Оқиғаның, әрекеттің жазушы тарапынан емес, негізгі қаһарман – Жантас атынан баяндалуы шығармаға қолайлы стильдік рең, өзгеше әуез берген.

Жас көңіл – аңқылдақ, сезгіш. Жас көңіл бетке жылтырап, тілге бал жағып мақтап алып, бұрыла беріп, жұдырық түйетін пәлені білмейді. Жақыннан жау іздеп, көлеңкеден қорқып, аузындағысын әлдекім тартып әкетердей сескенгіш кейіппен екі қарап, бір шоқитын сауысқан мінез әзір бітпеген бойына. Ешкіні апа, текені жезде деп жүріп шыққан төбесіне басқалар қызығатындай сыңай танытты деп шошып, беталды қуыстанып, адал жандардың іргесін қаза бастайтын сұмдықпен былғанбас жас көңіл. Табиғаттың асыл сыйы -– қабілет ұшқынын өлтіріп алмай, мезгілімен мәпелеп, тәрбиелеп өсіре бастаған жас өнерпаздың өнер жолындағы алғашқы қадамы көп рақат, көп азапқа толы – тамаша өмір-ау.

Күлсе, ағынан жарылатын, қуанса, төбесі көкке жеткенше мәз болатын жастық мінезі дарақылық емес, дарқандық. Бақай есеп, жебір құрт жыбырлақтан аулақ, қиял ауылында күніне сан рет көкпар тартқан заман ғой ол.

Осындай бір көкірегі толық, ойлы жігіт – Жантас аз уақыт ішінде бастан кешкен күйлерін сыр етіп шертеді. Не көрді, не ұқты, не сезді, не түйді -–бәрін қалтықсыз көңілмен алдыңа жаяды. Жәй әуесқой емес, Жантас - өмірлік мақсатын өнерде ғана деп білетін мүсінші. Ленинград институтын бітірген. Оның көп қылығынан, білім дәрежесі, интеллект шамасы, эрудициясынан қазақтың бүгіггі жасының мінез қырларын сипаттайтын қасиеттер аңғарылып тұрады.

Қарындасы Базаргүлдің ұзатылу тойы үстінде Жантас көп жәйттен хабар береді. Айналасына үнемі бақылағыш көзбен қарайтын мүсінші еш нәрсені қалт жібермейді. Тез, шұғыл, оғаш кетседе, бәріне бағасы даяр. Мамандық машығынан шығып жатқан, шындыққа үнемі апара алмайтын соқпақтарға да түсіп кетеді. Сырт кескіннен, сүйек бітімнен ылғи мағына іздеп, ішкі сарайды сонымен астастыруға болмайтындығын өзі де білсе керек.

Үлкен қақтығыстан, өмір талқысынан, оқиғалар соқтығысынан, қат-қабат тартыстардан жазушы бойын аулақ салса, тірліктің терең мәнін, адамдар жүрегіндегі жұмбақ сырларды аша алмас еді. Көп шығармалардың кемшілігі психологиялық схемаларды, дайын қалыптарды қуып кету салдарынан туады. Аты, қызметі бөлек демесе, заты, сипаты ұқсас персонаждар кітаптан кітапқа көшіп жүреді. Бояуы тозып, сыры кеткен, жадыңда қалмас ескі сурет секілді.

Әсіресе жағымды ыңғайда алынған кейіпкерлер халі мүшкіл. Шынының ар жағында жымиып қарап тұратын манекендер бар еді ғой: әдемі шаш, әдемі костюм, әдемі шалбар, әдемі туфли – мұндай кіршіксіз тас мүсін кімге керек?

Аузына шылым салмайтын, мереке кезінің өзінде тәтті су ішетін, біреуге сен деп көрмеген, әйел баласының көзіне тура қарай алмайтын қуыршақ персонажбен кімді иландыруға болады? Реализм талаптарымен жүз қайнаса сорпасы қосылмайтын қайдағы бір жалған, жылымшы патетикадан туған мұндай дүниелердің барынан – жоғы.

Салған жерден "Ғашықтар" романы оқыс ситуациямен оқырман ықыласын баурап алды. Сұлу қыздың соңынан жиырма бестегі жігіт еріп жүре берсе, несі ерсі? Бұл өмірде кездеспейтін яки моральға қисық келетін қылық па? Арғы тарихқа бақсақ, Татьяна Онегинге хат жазған, Еңлік Кебекті оятқан. Бүгін, көп дәстүр өзгерген заманда, қыз үйіне келіп, жігіт қонып қалса қайтеді екен? Сенімсіз қолдан жасалған оқиға деп ешкім де жазушыны кінәлай алмайды.

Гәп мұндай жағдайдың құр оқиға, құр фабула күйінде алынуында емес, ситуацияға лайық, сенімді психологиялық сәттердің бейнеленуінде, осыдан туатын адам мінезіндегі құбылыстарды, кейінгі өзгерістерді аңғартуда.

Пішін арқылы, дене бітімінің ерекшеліктерімен әсемдік сырларын танытатын мүсінші Жантас Ұлбосын сұлулығына бірден ынтық болған. Нәпсі тілегі емес, жас жүрек тебіренісінен ұшқындаған сезім. Бұған тез тұтанып, лап еткен суреткер шабыты қосылған. Ұлбосынның жалаңаш денесінен Жантас үлкен шығармашылық ойға әр, құштар боп жүрген идеясына өрнек табады.

Ерекше жағдайды басынан кешкен, ләззаты түнде рақат тапқан жастардың ойға қалуы, сезімді саралауы артынан. Ауыр, аянышты тағдыры бар Ұлбосын өмірі мынау.

Әлпештеген ұяда ерке, тентек өскен қыз рухани жетілуден бұрын, сезім қызықтарын ертерек тартқан. Ойлы, салмақты мінез қалыбы емес, әсіреқызыл әуесқой көзбен дүниеге енді аяқ басқан шағында оның лүп-лүп соққан жүрегі тізгінді қатқыл ұстаған екінің бірінің билігінде кете барғаны анық. Ләззат рақаты неғұрлым тәтті болса, өкініш зары удай ащы. Жса профессор, атақты хирург, жасырын жалғасулар, ыстық кештер – мұның егжей-тегжейін жазушы тәптіштеп жатпайды. Емеуріннен, сөз ұшығынан көп сыр белгілі. Жалын сезімнен бітсе де, дүниеге келуі қылмыс саналған іштегі бала Ұлбосын қайғысына айналған. Жазымыш-ай, біреулер өмір бақи перзент көруге зар, біреулер бойындағыдан қайтсе де құтылмақ!

Жантас құшағындағы Ұлбосын сырын оп-оңай біліп алған жоқ. Мыстаудағы бірінші маман, профессор, хирург Шерубай Ұлбосынның алғашқы қуанышы, зор қайғысының себепшісі екен-ау. Алматыдағы атақ-даңқты, мәртебелі-мансапты тәрк етіп, Ұлбосын соңынан қиыр шеттегі жас қала – Мыстауға тартып кеткен. Әуелде неге қосылмаған? Әуелде жас қызды неге аямаған? Әуелде сезімін тежесе нетті? Көш белден асқан соң, атқа мінгені қалай?

Алуан сұрақ тудырған түйін шешімі шығармаға деген оқырман пейілін арттырады. Кей кітаптарды оқи бастағанда, батпаққа түскендей кездерің болады. Бірер бетінен соң жалығып, қоясың. Психологизм жоқ, әсем өрнек жоқ, ой толғам жоқ. Фотоаппаратпен түсіргендей, әр нәрседен жасалған монтаж, суреткер тенденциясы, белгілі концепция жоқтығынан әсер ете алмайды.

Тегінде оқырман кейіпкермен бәсекелес отырмақ. "Сен кімсің?", "Мен кіммін?" деген тәжіке бар екі ортада. Шығарманың эстетикалық ықпалы, әлеуметтік қуаты оқырманның интеллектуалдық өресімен функциялық байланыста көрінеді. Қазақ әдебиетіндегі үздік тип – абай бейнесінің ерекшелігі ол қашанда сенен биік. Сені тазартатындай, кеудеңе нұр құятындай бір сиқыры бар. Қасына тұра қалсаң, әлсіздігіңді, қораштығыңды сезініп, қысыласың. Абайға баруың - әсемдікке баруың, даналыққа баруың. Ал көрбілте нәрсені көңірсітіп отырған жаннан қашпағанда, қайтесің.

"Ғашықтар" романындағы Жантас – кейінгі төлдің дүниеге көзқарасы, махаббатқа, сұлулыққа қарым-қатынасын білдіре алатын жігіт. Онымен сырласу іш пыстырмайды. Өнер жарысына көзді жұмып, белді буып күмп берген ақкөз емес, қабілет, білім тізгінін қатар ұстаған мүсінші шығармашылық мақсатын жасырмайды. Өмірге шығарма қалай келеді, әуелгі ниет, іздену азаптары, шабыт рақаты – осылардың куәсі болғандаймыз.

Жазушы жас мүсіншінің суреткерлік талпыныстары мен сезім бұрқақтарын екі бөліп алмай, қатар өрбіткен. Бірін-бірі байытқан, табыса келіп, үлкен арнаға айналған, қатар аққан қос бұлақ. Жантас, Ұлбосын арасында ыстық сүйісті түндер ғана емес, ауыр психологиялық күйлер бар. Аз уақыт лаулап жанған сексеуіл отындай сезім. Жантасқа көп сыр ашқан, әйел рухын түсіндірген сәттер Ұлбосын үшін соңғы серпіліс, ақырғы ән секілді.

Екінші қырда – профессор, хирург Шерубай тұр. Бір басына жеткілікті қайғысы бар. Әйелі мен баласы машина қақтығысында опат болады. Ал анау кезде, әйелін, баласын тастап Ұлбосынға үйленге күші жетпеген. Қызметіне, мансабына зиян тиер деп, жұрт көзіде құным түсер деп қорыққан, аяншақ жүрек махаббатты, рақатты, боранды тірліктен тыныш, тоқ, бұйығы тірлікті артық санап, тынған шығар. Бұл орайдағы шырғалаңдарға жазушы тоқтамайды. Егер тиянақтаса, мұның өзі үлкен бір роман, еркек трагедиясы ғой. Тебіренген жүрек сезім дариясын толқытса, тау толқындар пендені қайда лақтырмайды? Мұндай шақта сенің мансабың, байлығың, жасың – бірде-бірі сөз емес. Шерубай Ұлбосын соңынан Мыстауға келген. Тіршіліктің ендігі мәні бір кезде өзі бақытсыз еткен Ұлбосынға қосылу секілді, бірақ оған қарайтын қыз жоқ.

Жағдайды Жантас бұрынғыдан да асқындырып жіберген. Дәрігерге қаралып қайтқан Ұлбосын сұмдық байламға бекініп келгенін ешкім де сезбейді. Бейдауа, жазылмас дерт – ракқа шалдыққанын анық білген соң, түбі азаппен бұралып өлерін ұққан сорлы қыз сұмдық жолды таңдайды. Маңайындағыларды да, өзін де қинағысы келмей, дәрі ішіп өледі.

Трагедиялық финалға, қайғылы халге қан жылаған қос жүрек бар. Бірі – Жантас, екіншісі – Шерубай.

Сырт көз, басқа жандар жап-жас сұлудың өмірден бұлай кетуін айыптауы мүмкін. Жазушы тоқ етер бір ауыз жауап беру жағында емес. Ол Ұлбосынды осындай халге жеткізген, масқара қадамға итеріп әкелген жағдайларды айыптап, жел сезімге толы, басы қатты жүрекке ие бол деген адамгершілік идея айтады.

Классикалық әдебиетте суреткер тағдырына ерекше әсер етер, рухани тірлігінде бедерлі із қалдырар қасиетті күш бейнесінде әйел образын алу - өнімді, көп тармақты дәстүр.. Эмиль Золяның "Творчество", Ромен Ролланның "Жан Кристоф", Джек Лондонның "Мартин Иден" романдарында, Эрнест Хемингуэйдің "Килиманджаро қары" әңгімесінде осы сарынның сан алуан ырғақ тапқан әуезі бар.

Мүсінші Жантас әлі үлкен тартыстардың қиын додасына түспесе де, махаббат, сүйіспеншілік жолында көп тебіреніп, осы арнадан жанына мол нәр алып, рухани марқайып, кемелдене бастаған. Өнердегі әсемдікті табу, тану, бағалау мен өмірдегі ізденістер астасып кеткен.

Жазушы кейіпкер өресін аңғарту мақсатын көздеп қолданған кейбір әдістер олқы соғып жатыр. Бұл әсіресе ділмарлық пен білімдарлық басыңқырап кететін, көркем суретке қабыспай тұратын солғын байламдарға, әртүрлі тұжырымдарға қатысты сөз биязы мінезімен, сұлу қылығымен жантас жүрегін жаулаған аяу жанның аяқ астынан ғаріп болып қалуында жасандылық ізі бар. Жас жүректің ыстық махабатынан гөрі аяушылық, мүсіркеушілік бел алған. Басқа ретте, өзге амалмен де Жантас рухын сынауға болатын еді.

Романның орыс тілінде шыққан аудармасында бұл жағдай ескерілгендігі финалдық басқаша аяқталуынан көрінеді. Жазушының шағын ортаны алып, әр тағдырлы кейіпкерлер мен таныстыруы, қызық ойлар айтуы, өмір тынысын дәл бейнелеуі қуантады. Шығармадағы баяндау, суреттеу, тәселдеріне қаламгер ешқашан селқос қарай алмайды. Өйткені, түптеп келгенде, автор мұраты, идеялық нысана құр ниетпен, салқын ақылмен айтылмақ емес, мазсұнды ашатын оңтайлы пішін, сәтті табылған түр екендігі хақ. Суреткер әр туынды тұсында қайта толғанысқа түсіп, шарқ ұрып ізденіп, жаңа жол табуға тер төкпек.

"Алтын құс" романында І. Есенберлин бұрынғы шығармаларында форманы пайдаланған: сюжет ой ағымымен берілген.

Бұл орайда бірнеше жайтті ескеру қажет. Жазушы өз суқаны сүймейтін, әшкере етпек персонаждың атынан әңгіме шертуі мүмкін. Жағымды ыңғайда алынған кейіпкер аузымен айтылған оқиғаның өзін автордың субъективті қара басындағы күйлерімен, оның жеке тірлігіндегі халдерімен шатастыру әбестік болар еді.

Бір әрекетте екінші әрекет туып, оқиға желісі тізбектеліп отыратын сюжет қазақ әдебиетінде талай шығарма тудырған. Ал, қазіргі прозада кең таралып, бел ала бастаған арна - сюжетті ой ағым арқылы өрбіту біздің топырағымызда әлі сіңісіп кетпеген тәсіл.

Кейіпкер өміріндегі ұсақ-түйекті, майда-шүйдені жіпке тізе бермей, іріктеп, сұрыптап алуға мүмкіндік туады. Үйірім оқиғалар арасында себептік байланыстың қатаң талаптарын, кейде ескермеуге болады. Бұл композицияның қалыптасқан, канонға айналған схемаларын бұзуға, материалды қажетке қарай пайдалануға еркіндік бермек. Қазіргі мен өткенді аралас бейнелеу, эпизодтардың біршама аяқталған даралық сипаты шығарманың тұтастық шеңберін әлсіретеді.

Осындай форма мүмкіндіктері мен кемшіліктері "Алтын құс" романынан қатар көрінеді.

Задында жас ұлғайған сайын адам екі түрлі күйге түсуі ықтимал. Біреулер көргенінен, татқанынан ой-түйіп, байлам жасап, кемелденіп, байып, марқайып, рухани кәселетке ие болса, біреулер тұрмыс соққысынан ашынып, арып-тозып, тоналып, тірі өлікке айналмақ. Біріншілер – құт, екіншілер – сор. Біріншілер өзі құлаған жерде опық жеп, бармақ шайнаған тұста басқалар аман қалса дейді, екіншілер өзі жүдеген кезеңде басқалар аштан бұралса, өзі сүрінген асуда екіншілер омақасса екен дейді. Біріншілер үміті – болашақ, кейінгі ұрпақ, екіншілері қамы - өз пешенесі; бүгінгі дүние ғана. Екі пиғыл, екі мораль.

Елуді еңсерген атақты кенші ауруханада жатыр. Кешу айтысқандай, қауыммен сырласқандай халі бар. Созылып келген ажал тырнағынан амал қалып, өмір жүзіне қайта қарау, өз ішіне үңілу, өткен-кеткенді еске алу – төсекте шалқасынан тырп етпей, апталап сарылған адамға бұл да – бір ғанибет. Еріккеннен яки мылжыңдықтан шығатын езбе сөз болады. Өлі мен тірі арасында жатқан кенші сырында бұлардың көлеңкесі де жоқ.

Қазақ романының психологиялық шытырмандар тереңіне түптеп бойламағандығынан шығар, сүйіспеншілік бейнеленгенде көбіне жастар арасындағы қызу-жалынды сезім суреттеледі. Мұнда да белгілі күйлер, романтикалық әуендегі ырғақтар бар. Тіршіліктің темір қақпанына түскен шақтағы махаббат, жас шамалары алшақ жандар арасындағы жұмбақ, бір шаңырақта тұрып, басқа құшақтан ләззат табу секілді құбылыстар жазушылар сарабына сирек ілінеді.

Алғаш оқи бастағанда "Алтын құс" романының бірінші көрінісінен тіксініп қаласың. Қазақ прозасындағы портрет жасауда көз, мұрын, шаш төңірегіндегі бояуларды ғана қамтитын дағды бұзылып, сұлу тән жалаңаштана бастайды. Натуралистік детальдар-ау деген күдік кішкенеден кейін сейіліп, көңіл орнығады.

Оқыс жағдай оқырман ықыласын бірден тартып алған. Бірақ, жазушы барлық түйінді қолма-қол шешіп тастамақ емес. Кенші қиялы өткенді кезіп, саналы өмірі басталған сонау отызыншы жылдары аяғындағы Мысқазған қаласына бізді де алып келеді. Сабыр Шәкіровтың Атбасардан екендігі, кәрі әке-шешесі, шахтада кен қопарушы боп істейтінгі аян болады. Мұның бәрі өз аузымен сөз арасында айтылған.

Ай астында оңаша кездескен екі жас Сабыр, Ақбаянның ләззатты сәті ұзаққа созылмай үзіледі. Көрсеқызар қыз көңілі сұлу, сұсты, үлкен мансабы бар жігітке бірден ауғанын жасыра алмайды. Сабыр қызғаныш, намыстан өртенсе де, қылар қайраны, жасар амалы жоқ. Соғыс басталып, көп боздақтың бірі болып, қызыл вагон ішінде кете барады. Ақбаян қоштасуға келмеген. еТін жас тілген, жүрегінен қан аққан Сабыр майданға кірген бойда дұшпанды оп-оңай қырып-жойып жібермейді.

Жазушы соғыс сценаларын баяндауға көп орын бермеген. Қысыл-таяң жағдайда тұтқынға түскен жауынгерлердің басындағы ауыр хал, фашистердің айуандығы суреттелген. Автор бірер адамның тағдырын көрсету арқылы соғыс кезіндегі психологияны дөп басады.

Жұрт көзіне әдейі пәруайсыз көрініп жүрген Андрей жасырын ұйым құрып, жау шахтасының іргесін қаза бастаған. Қырдың құланындай мүсінді жігіт Садық мойнына полковник әйелінің құрығы түскен. Бір қарағанда Садық рақатта жүрген адам: дырдай азаматқа, оның үстіне сахара қазағына ат жайғап, делбе ұстау да сөз бе екен? Жеті қат жер астында, тізеден су кешіп кешіп жүріп итшілеп көмір қазғандар жанары сөніп бара жатып мұны неге ұнатсын. Әсіресе, досы Сабыр ызалы. Фашист ордасын талқандап қашу қамында жүргенде шіріген жұмыртқа секілді боп көрінген қандасы, жерлесі ызасын келтіреді.

Сырт көзге, басқа тұтқындарға солай секілді, тоқ тірліктің астында азап, қорлық тудырған ыза, өртше лаулаған намыс бартын.

Құр сықақтаумен, карикатурамен адам характері көрінбейді. Дұшпан ортасын өмір шындығынан алшақ сипатта бейнелеу, ішкі дүниеге үңілу орнына, жадағай жәйттерді адақтап кету көркемдік шарттарына нұқсан келтіріп, шығарманы жайдақ үгітшілік, жалаң ділмар-су өзегіне түсіріп жібереді. Осы қауіпті ескерген "Алтын құстың" авторы тұтқын солдат пен бай әйел арасындағы қарым-қатынасты суреттеу үстінде достық-дұшпандық, патриоттық-фашизм шарпысуын көрсетпек болған.

Характерлік ерекшелігі Әуезов Жүзтайлағын еске түсіретін Хауассияның өзінен айырылып қалам ба деп қорқады. Қонақтар келгенде мазаны алған тентек ұл подвалға қамалады. Құйқа шымырлатар сұмдық: аш тышқандар күнәсіз сәбиді жеп қойған!

Табаныма шөгір кірді деп, соның бодауы үшін бәрін тәрк ететін, дүние өртеніп жатса, қыңқ етпес тас бауырлар болады. Хауассия сондай пенде. Баладан айырылған трагедиядан кейін аспаннан қан жауып жатса, міз бақпас мұз жүрек болып қалған.

Рас, жазушы Хауассия мен Садықтың оңаша сәттерін, сол кездегі психологиялық күйлерді көрсетпей тастап кетеді. Сірә, көркемдік жібін сетінетіп алам ба деп сескенген секілді. Екеуінің арасындағы қарым-қатынастың жалпы бағдары, жөн-жосағы айтылады. Соның өзінен-ақ лебі суық сырлар сезіледі.

Тегінде байлыққа бөккен, еріккен, дені сау, үлкен іске жетілмеген адамның жалаңаш нәпсіге бойұсынып жүре беретін шағы аз емес-ті. Ал күйеуіне ызалы әйел оның көзіне шөп салам десе, тоқсан тоғыз күзетті бұзып кете бермек.

Соғымды жемдеп семірткендей, Садықты торлатып алған Хауассия шарап буымен бал-бұл жанып, қыр бүркітінің бауырына өзі келіп құлаған.

Романист сахара перзентінің жүрек тазалығын, адамшылығын жақсы жеткізген. Садық тұтқындардың жасырын ұйымы үшін басын қатерге тігіп, тіленіп шахта астына түседі. Мақсат – қайткен күнде қопрғыш табу, Хауассияның көңілдегісін болдырғанда Садық осы арғы ниетті көздеген.

Айлалы жаудың құрған торы бір жерден үзілгенмен, көп қақпанды темір қоршау Отан деп соққан ыстық жүрек, туған жерге ұмтылған қанатты арман, дұшпанға деген өшпенділік қана бұзатын қамал.

Жарылғышты шахтаға апарып тыққан Садықты ұстап алған фашистер тұтқындарды аяғынан тік тұрғызады. Сұмдық-ай, кешегі көңілдесі Садықты безер Хауассия жендет қолы дір етпей өзі атып тастайды.

Бұл ұзын сонар оқиғалар ой ағымы арқылы берілген. Жүрек ауруының салдарынан төсекке құлаған егде кенші – Сабыр өзі басынан кешкен, бел ортасында болған хикаяларға қайта үңіліп байлам жасайды. Сонда үнемі бір бүйрегінде алтын жамбыдай боп жатқан асыл бар, ол – Ақбаян. Шығармадағы әр түрлі жүлгелер басын қосып, тұтастырып тұрған – Сабырдың ойынан кетпейтін арман.

Жүзіктің көзінен өткендей хас сұлу Сабыр жүрегінен өшпейді. Қияметтің қыл көпірінен өтіп, тозақ отынан тірі қайтқан Сабыр Қарағанды ауруханасында Ақбаянның өзімен емес, хатымен кездеседі. Жылуы, сезімі аз, суық хат.

Әңгімелердің көбін Сабыр кенші өзімен-өзі күбірлеп, сырласқандай болып шертсе, біразын ауруханадағы күтуші дәрәгер Бәтимаға айтады. Сондықтан ситуациялар бірде Сабырдың өз пайымдауында, бірде Бәтиманың сезім-күйіне орайлас қалыпта келеді.

Бәтиманың Сабырды жаны қалмай күтуі оның еңбектегі ерлігін ғана сыйлау емес, өз басындағы сырлармен сабақтас. Дүниенің басқа рақатын түгел ұмытып, махаббат жолына берілген жас жүрек бірінші қадамда-ақ аямастай таяқ жесе, жаны шоши түңілсе, екінші рет оңалуы неғайбыл. Басқа айдыннан өзге жайлаудан бақыт іздеп кетуі бар, бірақ енді көзді жұмып сүйіспеншілік ауылына аттың басын әсте тіремес-ау. Қорланған, тапталған жүрек аяншақ.

Осындай халді басынан кешірген Бәтима отызға жетер-жетпестен тірлікке салқын қабақпен қарап қалған. Бір кезде мұңдасқан, іштегіні жасырмай айтқан аяулы адамы – мына Сабырдың әйелі Татьяна қазір қара жер құшағында. Өмір бойы Сабырдың санасынан өшпеген сәуле, жүрегінен кетпеген нұр болса, ол – Ақбаян. Бүл да Бәтиманың білетін адамы. Ендеше арғы тарих, өзіне бимәлім жәйттар түйіні шешіліп жатқанда, Бәтима құлағын түрмей қайтсін.

Мысқазғанға аман оралып, кеншілер ортасына, достар арасына қайтып келген Сабырдың бастығы – Ақбаянның күйеуі - Әлжан. Ерте оқып, отызыншы жылдарда инженер болған оның соғыс кезінде талай еңбек еткені де рас. Көпшілік арқалаған көп салмақты иемденіп, өзім істедім, өзім тындырдым деуі де рас. Жанында айдай сұлу – Ақбаян, қолында Мысқазған тұтқасы, төрт құбыласы түгел, тал бойында бір міні жоқ, бұл дүниенің бақыттысы, жігіттің дүлділі секілді сырт көзге.

Жаңа қабаттарды барлау ниетімен шахтаға түскенле, үш кеншімен бұл да қапылыста тас қапшық қамауында қалып қояды.

Төрт адам. Жер астының сырын, табиғаттың дүлей мінезін бес саусағындай біліп алған Ақшалов салқын төзіммен ауыр бейнетке көндіккен. Жүріс-тұрыс, еңбегі басқаларға үлгі. Жүрген жері думан. Ақынжанды. Кезі келгенде кемшілікті бетің бар, жүзің бар демей, тізіп, кесіп айтады. Ажал қазанында, соғыс өртінде күйіп-піскен Сабыр бейбіт өмір рақатын енді көрем бе дегенде мынадай күйге ұшырап отыр.

Төбе құлап, шығар жолдың бәрі бітеліп қалған. Оның үстіне су деңгейі көтеріліп барады. Сырттан көмек келмесе, бұл төртеудің қылар қайраны жоқ. Ақырын-ақырын қыбырлап, арадай аузын ашып өлім келе жатыр. Қатерлі сын - өлім алдындағы сында жұрт көзіне бола жамылып жүрген Әлжанның пердесі ашылып, шын сыры ақтарылып қалады. Қорқақ көкірек күзгі жапырақтай дірілдеп, тоғышар көңілдің сорлы, пұшайман сиқын енді жасыра алмады.

Осындай жанмен зайыптық тірлік кешкен Ақбаян бейнесі психологиялық жағынан күрделі қалыпта көрінеді. Сұлулығын, артықшылығын сезінетін кербез паңдығы, үй тауқыметі көтермеген, бала азабын тартпаған қырықтың үстіндегі әйел көңілінің желігі, әлі де базарым тарқамады деп есептейтін көкірек – Ақбаян мінезінің қырларын аңғартады.

Еңбек торы, әйгілі кенші, кемеліне келген егде адам Сабырдың Ақбаянға деген сүйіспеншілік сезімінің ұзақ жылдар сөнбеуін жазушы сенімді бейнелейді. Аяқ астына, терең тебіреністен талып құлаған Сабырды жедел көмектің үйден емес, есік алдынан әкетуі әуелде жұмбақ секілді. Артынан бәріне көзі жеткен. Өліп кетсе кеселі тиер деп шошынған Ақбаянның Сабырды далаға шығарып тастауға дәті шыдаған. Болды – болды. Сабыр жүрегіндегі соңғы сәуле сөнді енді. Жүдеген көңілдің, шаршаған дімкес жанның бір емшісі болса, ол Бәтима шығар.

Жазушы көп талқыдан өткен, ыстық-суықтың бәрін көрген, байсалды, байыпты адам хикаясын шерткен. Халқының кешегі тарихына, бүгінгі болмысына, ертеңгі келешегіне ет жүрегі өртенген, тілдің, мәдениеттің тағдырына азаматтық тұрғыдан қарайтын Сабыр Шәкіров жақсы сыйласыңа айналып кетеді. Үлкен азаматтық борышты ұмытқан, тәуір тұрмыс, тоқ тірлікке мәз болған, сөмке сүйреткен оқымысты санатындағыларды шеңеуге әбден хақы бар оның, Сабыр Шәкіровтың ауруханадан шығатынына, әлі де көп тірлік кешетініне сенімің кәміл. Мұндай адамдар ажал тырнағына оп-оңай түспеуі керек.

Қысқасы, ондаған романдармен халқымыздың өміріндегі әр түрлі кезеңдерді шынайы бейнелеген Ілияс Есенберлин қазақ әдебиетінің белді қаламгері болып, оқырманның қалаулы жазушысына айналды.

Әзірге ең көп роман жазған қазақ жазушысы – Ілияс Есенберлин. Кітап артынан кітап шығып жатыр, олар орыс тіліне, басқа тілдерге аударылған. Ұлттық әдебиет тәжірибесінде жоқ болғандықтан көп көрінеді, әйтпесе Дюмалар, Жорж Сименон, Агата Кристи туындыларының санымен салыстырғанда болымсыз ғана цифр.

Бұрын "Айқас", "Алтын құс" шығармаларында геологтар, шахтерлер өмірін бейнелеген жазушы "Маңқыстау майданы" романында мұнайшылар тақырыбын қолға алған. Жалпы Есенберлиннің тарихи туындылары болсын, жаңа тұрмысты көрсететін шығармалары болсын, бәріне тән ортақ қасиеттің бірі - әлеуметтік, социологиялық күрделі проблеманы қозғауы; тартыс кесектігі, осыда келіп туатын мінездер даралығы; бұған қызықты , тартымды сюжет түзілісін қосу керек.

Осы ерекшеліктер "Маңқыстау майданында" да бар. Қазіргі Қазақстанның техникалық интеллигенциясы, маман жұмысшы кадрлары, одақтық мәні бар, мұнай ордасының ашылуы, игерілуі жөнінде көп сырлар шертіледі. Ағайынды Халел, Жәлел Бестібаевтар тағдыры арқылы үлкен өндірістің тынысы, ондағы әр түрлі адамдар, өзгенің еңбегі есесімен атаққа ие болып жүрген Ерден сабырлы сырбаз адам Жандос бейнелері көрсетіледі.Заманында кәмпескеге ілінген, жер аударылған жануардың ұрпағы Алан-Алешка салған ылаң, Жәлелдің мерт болуы – бұл сюжеттерде детективтік сипат басым.

Автор Маңқыстау түбегінің өткен тарихын, зерттелу, игерілу мәселесін, табиғат жағдайын жақсы біледі. Бірақ көркемдік шарттары ұмытылып, таза информациялық материалдар орынсыз тықпалана бастаған кезде, тұтқырлық, қарадүрсіндік пайда болады: стиль, тазалығын сақтамағандықтан, кейбір фактілер шығармаға кірікпей, жамау-жасқау секілденіп, бөлектеніп тұр.

Шеберлікпен қолданса, көркемдікке қызмет етсе, деректердің, фактілердің айрықша мәнге ие болатындығын осы автордың өз шығармашылығынан, "Аманат" романынан аңғарасың. Шығарма арқауы – археолог ғалымдар өмірі. Орталық кейіпкер, көпті көрген, білімді, қажырлы, ойшыл ғалым Күнтуар Құдайбергенов монологтарындағы тарихи фактілер, ғылыми тұжырымдар жарасымды беріліп отырады. Жазушы оқиғаға, кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынасқа орынсыз араласпайды: сюжеттің табиғи дамуына ерік берген.

Ғылыми ізденістер психологиясы, зерттеудің зейнеті мен бейнеті жанды образдар арқылы суреттелген. Маңдайдан тер ағызған еңбек емес, қулық-сұмдық, айла-шарғы, пысықтық, екіжүзділік арқылы ғылыми атақ алып, әр түрлі мансапқа жеткен Ерғазы Аюпов, Пейілжан Сұрықбаев характерлерін ашуда жазушы сатиралық көркемдік тәсілдерді қолданған. Жастары алшақ, ғылымға әр кезде келген бұл екеуінің тіршілік тәсілі, өмір сүру айласы ұқсас: көп нәрсені айырбасқа, саудаға құрады. Әншейінде ауыз жаласып жүріп, академияға сайлау кезінде өзара атарға от таппай, қас-дұшпан боп шыға келеді қос сабаз. Тұтас алғанда, "Аманат" романы ғалымдар ортасының көп сырларын ашатын, мещандықты, эгоизмді, алаяқтықты сынайтын, бір күндік атақ, құбылмалы мансап үшін емес, зор халықтық тілектер, биік мақсаттар жолында талант-қайратын, білім-қуатын жұмсаған оқымысты образын жасаған, шыншыл шығарма деп тұжырымдауға әбден болады.

Әдетте, жазушы Ілияс Есенберлин есімі аталғанда, ең алдымен, оның алты романнан тұратын тарихи шығармалар циклы еске түседі. Сол туындыларына қарап, қаламгер өнерпаздығына баға беріледі. Асылында, осы бір өнімді, берекелі талант иесі қазіргі өмір шындығын көрсетуге, ескілікпен, таптық-әлеуметтік қайшылықтармен күрес үстінде қалыптасқан, кемелденген қоғамдық қарым-қатынастардың орнығуын, сол процестердің адам психологиясындағы көріністерін жан-жақты бейнелеуге он екі роман арнаған екен. Бұл шығармалар топтап айтқан кезде мынадай тақырыптарды қамтиды: ұлттық көркем интеллигенциясының қиындыққа толы қалыптасу жолдары, инженерлер өмірінің қат-қабат тартысты шындығы, ҰЛЫ Отан соғысының оқиғалары, тың игеру барысындағы республикамыздағы экономикалық, демографиялық өзгерістер әсерінен туған психологиялық жаңа құбылыстар, Маңқыстау байлығын ашу үстіндегі күрес, мемлекет қайраткерлерінің, ғалымдардың, өнер адамдарының тағдыры. Оқиға өтетін ортаны автор кейде Алматы, Тың өлкесі, Жезқазған, Маңқыстау деп дәл көрсетіп отырса, кейде мекен-жай, қала аттарына өзі ойдан шығарған, бірақ нақты географиялық ортаны еске түсіретін ат беретін кездері де бар.

Оқиғаның болған уақытын, өткен жерін дәлді көрсетіп жазған автордың соңғы шығармаларының бірі – "Махаббат мейрамы" романы. Туынды алғаш рет "Жұлдыз" журналының 1981 жылғы он бірінші, он екінші сандарында басылған, жеке кітап болып 1984 жылы "Жалын" баспасынан шықты.

Романда қазіргі уақыттағы, дәлірек айтқанда, жетпісінші жылдардағы Алматы қаласы көрсетіледі; белгілі көшелер алаңдар, бульварлар суреттеледі; көзге таныс шаһардың кескінін жазушы ықшам боялармен салады. Негізгі кейіпкерлері – алпыстан енді асқан белгілі ақын асығат, оның әйелі Қырмызы, ұлы Еркебұлан. Урбанизацияның демографиялық әсері қазақ семьяларынан да анық көріне бастағаны ешкімнен жасырын емес, қала жағдайында бір баланың, асса екі баланың бетіне қарап, барлық үміттерін соларға ғана артып отырған шаңырақтар аз ба? Жалғыз-жарым өскендіктен беттерінен қағылмаған, не ішем, не жеймін, не кием дегенді білмеген ерке-шолжаң, өзімшіл болып қалыптасқан мұндай ерке-тотайлар бейнесі әдебиетіміздің әр түрлі жанрларында (әсіресе драматургия) талай рет көрінген. Мұндай персонаждардың қалыптасқан пішіні бар: ана тілін шала-шарпы біледі, рухани байлықтан гөрі киім-кешек жағын көбірек құнттайды, белгілі мамандық кәсібі жоқ, әр шөптің басын бір шалған, не қызметтен, не семьядан пәтуә таппай, әке-шеше мойнында отырған масыл. Жазушы І. Есенберлин мұндай схемамен кетіп қалмай, қала жағдайында жақсы білім алған, үйде үлгілі тәрбие көрген, ойлы, сезімді жас жігіттің бейнесін көз алдымызға алып келеді. Әкесінің белгілі ақын екендігін, үй-ішінде жалғыз бала болыпөсіп, еш нәрседен тарлық көрмей өсуі, кейін Москваның сәулет өнері институтын бітіруі Еркебұланды теріс жолға түсіретін факторлар ретінде емес, қайта оның жан-жақты дамыған, қазіргі заман деңгейіндегі талаптарға толық жауап беретін зиялы, білімпаз, ізденгіш сәулетші қатарына көтерілуіне жәрдемші жағдайлар болғандығын жазушы анық ұқтырады.

Шығарманың барлық тартыс арналары, композициялық бөлімдерін тұтастырып ұстап тұрған орталық қаһарман, басты кейіпкер қала перзенті – еркебұлан басындағы шырғалаң, оның тәрбиесіндегі, өскен ортасындағы кемшіліктерден емес, қайта рухани тазалық, дүниетанымындағы асқақ мұраттарды таптап басып кете алмаған адамгершілік пәктігінен туғанын көреміз.

Ардақты әке, ана жалғыз ұлдарын сұлулық, көркемдік үлгісімен тәрбиелеп, әділет, шындық, махаббат идеалдарына адал болу, сол жолда күресу керек деп үйреткен. Сондай ортада өсіп шыққан тәрбиелі, кітаби ұғымдағы еркебұланның сұсты келбетті өмірдің ащы шындығымен бетпе-бет келгенде, тайғанақ тартып, таяқ жеуі заңды болатын.

Жазушы бұл романда өміде сирек кездесетін, әсіре детективтік сипаты бар оқиғалар жүйесін аса ширатып алған деуіміз керек. Тіпті кей тұстарда жасандылық элементтері де көрініп қалады. Асығат пен Қырмызының бауырларына қыз салуы, одан айырылып қалып, дұшпандары тастап кеткен сәбиді өсіруі, кейін бұлар ер жетіп, бір-біріне ғашық қыз бен жігіт – Жұлдыз бен еркебұлан болып шығуы – оқырманды жетектеп отыратын, қызықты, шытырманды оқиғалар. Бұларға қаражан секілді бұзықтың сергелдеңдері, төбелес сценалары, өлім сияқты көріністер қосылады.

Өзіне қарамай, ақынға шыққан Қырмызының баласын ұрлап әкетіп, оны мәңгі бақытсыз еттім деп ойлаған Қаражан Жұлдызға соңғы рет сотталып бара жатқанында алматыда, туған әкең мен шешең бар деген жылдар бойы жасырып келген ішіндегі сырын айтып кеткен.

Махаббат қуанышында жүрген Еркебұлан сүйген қызы Жұлдызды үйіне әкелген сәттен бастап трагедиялық оқиғалар өрбиді. Асығат пен Қырмызының көп жағдайы Жұлдыз үшін Қаражан айтқан әке-шешесінің белгілерімен бірдей болып шығады, ендеше Еркебұлан – туған ағасы! Мұндай масқара жағдайға түсем деп үш ұйықтаса түсіне кірмеген сезімді, ұятты қыз оқуын тастап, Алматыдан мүлде қашып, Сібірдің бір қаласына тартады. Жігітіне жалғыз ауыз сөз де айтпайды.

Бұдан кейін махаббат дертіне шалдыққан жас жігіттің азаптары басталады. Ұйқысыз түндер, шер тарқатам деп ішкен арақ-шарап, ақыры оны психатриялық емханаға түсіреді.

Романдағы сюжет еске түсіру арқылы, бірде ағымдағы оқиғаларды суреттеу арқылы, негізінен, Еркебұлан басындағы халдердің фонындағы жәйттерді көрсетеді.

Талант пен дарынсыздық тартысын жазушы Еркебұланмен қатар өскен, қатар оқыған, қатар қызмет істей бастаған екіші бір сәулетші Қайназар қылықтары арқылы ашады. Арамдық, қулық-сұмдық сабақтарын алыстан емес, өз әкесі Серәліден алып отыратын Қайназардың есіл-дерті мансап сатысымен жоғары өрлеу, бұл жолдағы кедергі атаулыны ол аямайды, кім болса, ол болсын, құрту керек. Сол кедергінің үлкені сәулетшілік табиғи дарыны күшті, қиялы жүйрік Еркебұлан. Сондықтан мынадай екіталай уақытта, махаббат дертіне мең-зең болып жүрген Еркебұланды мүлде ішкізіп жіберуге бел буған.

Ата-анасының әбден азапты кейіптерін көрген еркебұланның ішімдіктен күрт тиылуы сенімді бейнеленген. Енді есін жия бастағанда, бұзықтар ортасына түсіп, таяқ жеп жатқан Қайназарды арашалаймын деп жүріп, еріксіз төбелескен, қорғану үстінде, өзін өлтіруге ұмтылған қарулы тентекті мерт қылған еркебұлан абақтыға қамалады. Бұл тұста Қайназар тағы опасыздық жасап, өзінің кім екенін анық ашып береді.

Роман Жұлдыздың анық кімнің баласы екенін біліп, Алматыға қайтуымен, Еркебұланның қорғаныс үстінде жасаған әрекеті үшін жазаланбай, ақталуымен, сөйтіп екі ғашықтың табысуымен аяқталады. Әділінде, шығармада махаббат мейрамы емес, шын махаббатқа келер жолдағы қиыншылықтарды жеңу, азаптар мен талқыларды өту суреттеледі. Алматы қаласының сәулетті, шаһардың болашақ өсу өрістері жөніндегі жазушының көкейіндегі ойлары, ізгілікті армандары сәулетшілер аузымен айтылатын диалог, монологтарда айқын ашылады. Сюжет құруда трагедиялық қателік, адасу принциптерін қолданып, көркемдік барлау жасаған жазушы ізденісі негізінен сәтті шыққанын айту керек.

Өнер интеллигенциясының тағдырына І. Есенберлин бірнеше роман арнады. "Қатерлі өткелде" заман көшіне ілесе алмаған ақын трагедиясы көрсетіледі. "Ғашықтарда" өмірдегі және өнердегі сұлулықты бірдей құшқан суретші ізденістері бейнеленеді. Ал автордың көзі тірісінде "Жұлдыз" журналына, "Жазушы" баспасына қолжазбасын тапсырып, бірақ жарияланғанын көре алмай кеткен шығармасы – "Аққу құстар қуанышы" романы. Бұл шығарманың да негізгі тақырыптық объектісі өнер адамдарының ортасы, оның ішінде әншілер, композиторлар, актерлер әлемі.

Қазақ прозасында шын мағынасындағы қалалық романдар сирек, шығармаларымыздың басым көпшілігіндегі оқиғалар ауылда, шырқағанда аудан орталығында өтеді. І. Есенберлиннің бүгінгі тұрмысымыздағы бейнелейтін соңғы романдарының бір ерекшелігі бұлардағы әрекет қалада, дәлірек айтқанда, республика астанасы – Алматыда өтеді. Соғыстан кейінгі Алматы көрінісі, қаланың сол тұстағы архитектуралық бітімі, табиғат жағдайлары романның алғашқы тарауларында дәл қалпында, нақты, сенімді суреттер арқылы беріледі. Романның оқиға жүйесінде деректі, белгілі өмірлік ситуациялар мен жағдайлар жатқанын көру қиынға соқпайды.

Тегінде Ілияс Есенберлин бір тақырыпқа шығарма жазар алдында арнаулы дайындық жасаған, объектіні жан-жақты зерттеп алып барып қалам тартқан қаламгер екендігін оның негізгі романдарының творчестволық тарихы айқын байқатады.

Кезінде филормония директоры қызметінде болған, көптеген ән текстерін жазған, қызмет бабында артистермен, композиторлармен, әншілермен қоян-қолтық араласып, олардың өнерпаздық сырына қанған, тұрмыстағы қиындықтарын көзімен көрген автордың қыруар роман тудырып, ысылған шағында, өзі дәл де терең білетін адамдардың тіршілігіне шығарма арнауы заңды әрі орынды әрекет еді.

Романда кейіпкерлер саны онша көп емес, негізгі әрекетке қатынасатындар: композитор Ержан, әншілер – Алмагүл, Бірлән, Сырым, Ханшайым. Шығармада бірнеше сюжеттік буын қатар өріледі. Олар бірін-бірі толықтырып, кейде тереңдетіп отырады; әр түрлі сарын-әуездер, түптеп келгенде, негізгі ырғаққа бағынады. Негізгі кейіпкерлерді оқырманға алғаш таныстырғанда автор оларға психологиялық мінездеме береді. Орнымен, сәтімен қолданылған бұл жазушылық тәсіл романның композициясын ширата түскен. Басты кейіпкердің бірі – композитор Ержан Есентаев жақсы шығармаларымен танылып, енді атағы шыға бастаған тұста өмірдің жаңа сынына түседі. Нұрғазы, Ерғазы есімді егіз ұлын бағып, мұның тілеуін тілеп өмір сүріп отырған момын әйелі Жәмиладан суынған композитор жас сұлу, әнші алмагүлге ғашық болады. Жазушы бұл ситуацияда қазақтың дәстүрін ұстанған, шаңырақтың есендігі, босағаның бүтіндігі үшін, бала-шағаның қамы жолында жастығын, жар қызығын, тіпті өзін түгелдей құрбандыққа беретін байсалды, шыдамды, көнтерлі аналардың бейнесін еске түсіретін, ашуды ақылға, сезімді сабырға жеңдірген қазіргі қазақ әйелінің ұстамды образын жасайды. Ерінің басқа әйелмен курортқа кетіп бара жатқанын көре тұра, арадағы қызылкөздер түртпектеп, сөз жүргізгеніне, әр түрлі мекемелерге барып арыз айту жөнінде емеурін білдіргеніне қарамастан, былқ етпеген Жәмиланы сезімсіз, қытықсыз, намыссыз адам деп айтуға аузымыз бармайды. Естілігіне, мінез байлығына разы болсын. Адалынан беріліп, күйеуі жолында өзін құрбан еткен әйелдің опасыздық көрген кездегі трагедиялық жағдайы бейнеленеді. Тұңғиық көздері тұнжырап, қайғысын сыртқа білдірмей, егіз ұлды тәрбиелеп өсіруге қалған ғұмырын арнағандай ішкі серті бар.

Жас әнші, сұлу келіншек ғашық болып қосылған талантты композитор талай уақытқа дейін жарсыз қалған әйел, әкесіз қалған баланың панасыз халін, жетім күйін, жүдеген көңілін ойдан мүлде шығарып, ләззат рахатына бөленеді; осындай көтеріңкі көңілмен жүргенде, қуаныш, махаббат, жастық туралы әндердің бірінің артынан бірі туып жатуы заңды еді. Арада жылдар өтеді. Алмагүлден бала көрмеген Ержан Жәмиладан туған ұлдарын сағынады. Жастай тастап кеткен әкеге егіз ұл тез суынған, өкпе емес, ашу, ыза секілді қабақ танытады. Тек өзін, атақ-даңқын күйттеген тәкаппар әнші Алмагүл кемшіліктері бұрынғыдан да асқынған; өнерпаздық дағдарыста жүрген, жаны күйзелген композитор күйеуіне қол ұшын беріп, тығырықтан құтқарар, жан бұл емес. Талғамы шамалы топтың көңілінен шығатын желкілдеген, ырғақ билеген, эстрадалық аз күндік ғұмыры бар әндер айтып, қол шапалақтау естігеніне мәз. Әйелінің репертуарына ғана арналған жеңіл-желпі ән шығарудан аса алмай қалған композитор ержан қиналады, жаңа өрістерді таба алмай творчестволық азапқа түседі.

Мұндай қиналыстар екінші бір кейіпкер – опера әншісі бірлән басында да бар. Бірақ оның тағдыры жылы ұя, сүйген жарын тастап, жаңа рахат таппақ болып адасқан Ержан тағдырынан күрделірек, дәлірек айтқанда, аянышты , қайғылы.

Жазушы Бәрлән образы арқылы тұрмыстың небір соққылыларын көрсе де мойымаған, қандай қиын жағдай болса да, өнерді бірінші қатарға қойып, табиғат берген асыл сый – талант, қабілет, дарын атты қасиетті аяқ асты етпей, халық игілігіне жаратуға күш салған, қажырлы, табанды адамның, үлкен жүректі, зор сезімді әйелдің бейнесін жасау талабын іске асырған.

Бала күннен бірге өсіп, біте қайнаған, жастай қосылған алғашқы күйеуі сақа қоңыр төбел адам болғанмен, келе-келе Бірләнді өнерге қимай әр түрлі спектакльдерде жұптасып ойнайтын еркек актерлерге дәлелсіз теліп, ақыры жан-дүниесін қызғаныштың қызыл оты өртеп, адамгершіліктен кетеді де, айқай-шу, дау-жанжал шығаруды бастаған, оның аяғы ұрыс-керіске, тіпті ұрып-соғуға, күнәсіз жәбірлеуге ұласқан. Осындай азапта жүрген Бірләннің сұлу жігіт, талантты әнші атағы енді көтеріле бастаған жас пері Сырым Ивановпен танысу, жақындасу, табысу сәттерін жазушы психологиялық тұрғыдан сенімді бейнелейді. Бұл қатынастар бойдақ сырым үшін еш нәрсеге міндеттемейтін, өз жайлауын табу жолындағы бір қоналқы бекет секілді ғана, ал Бірлән үшін сынған ерді жамайтын, жаралы жүректі емдейтін, бұзылған ұяны бүтіндейтін – үйленуге апаратын жол секілді.

Автор дарындылық пен дарынсыздық шарпысуын, Моцарт пен Сальери мотивін: таланттың жүдеу, азу себептерін, өнердің көркею шарттарын нақты тағдырлар, жеке адамдардың бейнелері арқылы көрсетпек болған. Осы реттен келгенде, талай өнерпаздарды мезгілсіз құрқан, тіпті олардың түбіне жетер кесірдің бірі - ішімдікке салыну кесапатын жазушы Сырым образы арқылы ашады. Табиғат сұлу мүсін, әдемі көрік, әуезді әсем дауыс берген Сырым өз бойындағы талантын таза сақтап, күте білетін адам емес, әр түрлі нәрсеге еліктеген, басқалардың ықпалына оңай түсетін, жеңіл мінезді жігіт.Суйіспеншілік сезімге де жауапты қарамайды, әйелдермен қалай оңай танысып, табысса, солай оңай ажырасады. Ол үшін қайғырып та жатқан жоқ. Сабырлы, ақылды әнші қыз Ханшайым Сырымға күйеуге шыққан күннен бастап азапты дерт – ішкілікпен күреседі. Шығарманың бұл жәйттерді бейнелейтін тұстарында автордың этикалық, адамгершілік мұраттары айқын көрінеді; жарына шын берілген әйелдің қандай ауыр қорлыққа , мазаққа шыдайтыны суреттеледі, түбінде зілді сырқатты жылы жүрек, аялы алақан жеңетінін уағыздайды.

Тұрмыс соққысынан, семья талқысынан, ішкілік кесапатынан арылып, қайтадан түлеп, жаңғырып, өрлеп өскен үш өнерпаз – композитор Ержан, опера әншілері Бірлан мен Сырымның үлкен дарынының күшімен көрерменді тебіренткен "Арман" операсының тууын, дайындалуын, сахнада қойылуын жазушы шабытпен жазады. Өмірлік шындық пен көркемдік шындықтың қабысуы тиянақты бейнеленеді. Аңқау жас Бибішті қолына түсірген әккі махмұдтың тас жүректігі, адам аямас қаталдығы кісі шошытады. Бұрын қазақ ортасында кездеспеген көз көріп, құлақ естімеген жайтқа баруы, өгей де болса асырап, бағып-қағып өсірген шешесі – Бірләнмен көңіл қосып жүруі, ақыры қызы Бибішке үйленіп, басқа қалаға көшіп кетуі – адамгершілік нормаларды аттап кеткен, рухани азғынның кескінін танытады. Бұл ситуацияға біреулер иланса, екінші біреулер сенбеуі мүмкін. Әрине, автор, көзі тірі болса, әр түрлі үлкенді-кішілі өзгерістер жасау, редакциялау жөнінде пікір айтуға болар еді. Өкінішке қарай, әдебиетіміздің қара нары, еңбек торысы қазір ортамызда жоқ.

1982 жылы қаңтар айының ішінде Мәскеу түбіндегі Малеевка деген жердегі Жазушылардың шығармашылық үйінде әдебиетші Сейіт Қасқабасов екеуміз бір жағынан демалып, шаңғы теуіп, екінші жағынан түртінектеп бірдеңе жазған болып жатыр едік. Бір күні асханада кешкі тамақ үстінде:

- Жаман қазақтар, халдарың қалай? – деп бір жүзі таныс адам біздің столға келді. Енді таныдым – башқұрттың әйгілі ақыны – Мұстай Кәрім. Қолма-қол жауап та айтылып қалды.

- Шүкір, жаман башқұрт аға, - дедім. Мұстай күліп жіберді.

- Менің жаман қазақ деуімнің себебі бар. Ал сен неге башқұртты жаман дейсің?

- Барымтаға қарымта жасағанымыз ғой.

- Ә, солай ма? Мен Мәскеуден өте қатты ренжіп қайттым, - деп түсін суыта бастады. – Сендерге айтпасам болмас, ішіме сиятын емес. Мен қазақтарды, Қазақстанды ерекше сүйемін. Түрік әлемінде кеңдікті, молдықты, бұрынғыны сақтап қалған алтын бесік деп қадірлеймін. Көптеген ақын достарым бар: Сырбай, Жұбан. Алматыда да талай рет болдым. Хош. Осы күндерде мен қазақтардан бұрын күтпеген бір мінез көріп шошыдым. Лениндік сыйлықтар комитетінде мен мүшемін. Соның соңғы талқылауына грузин Нодар Думбадзе мен қазақ Ілияс Есенберлин романдары түсті. Екеуін де оқыдым. Нодардікі – бүгінгі заманды айтқан жұқалтаяң шығарма, Ілиястікі – мыңжылдық халық тарихын толғаған туынды. Нодарды жақтап Грузиядан бір вагон қолдау келді; Ілиясты қаралап Қазақстаннан бір вагон балағат келді. Ең соңында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеологиялық хатшысы қол қойған "Есенберлин шығармаларында халықтар достығына, советтік идеяға қарсы сарындар бар" деген хат бәрін құртты. Лениндік сыйлықты алып тұрған жерінен Ілияс Есенберлинді қазақтар жабылып құлатты. Менің осыған ішім күйіп кетті. Жігіттер, қазақ жаман дегенім сол үшін еді. Қайтып алдым ол сөзді. Бірақ айтыңдаршы, Ілияс қазаққа не қиянат жасап еді?

Башқұрт ақыны Мұстай Кәрімнің сол сәттегі жан ашуына медет боларлық сөз таба алмай, Сейіт екеуміз жерге қарадық.

Кейін дастарқан басында, сейілде жүргенде ауыр сұрақтың жауабын беруге тырысқан едік.

Ілияс Есенберлин - әдебиетке соғыстан кейін келген буынның өкілі. Оның алғашқы 15-20 жыл ішінде, шығармашылық сапардың бастапқы кезінде жазған поэмалары, сценарийлері, драмалары, прозалық туындылары лайықты бағасын алған жоқ. Ол қатарлас қаламгерлер бірді-екілі шығармамен санатқа кіріп, тіпті кейбіреулері атақ-даңққа ие болып, кеуде тұстан орын алса, жиналыстарда, пленумдарда, съездерде, баспасөзде біреу сналса, Ілияс сыналатын, "кім жаман – Ілияс жаман", "кім халтурщик – Ілияс халтурщик" дегенді қатардағы қалам иесінен бастап, Орталық Комитеттің хатшысына дейін айтқандығы өтірік пе еді?" Сөйтіп ешкім көзге ілмей жүрген, можантопай жазушының "Айқас" деген романын жазып, оған аяқ астынан Мемлекеттік сыйлық алуы әуелде кездейсоқтық көрінді. Жоқ, кездейсоқтық емес екен. Қазіргі заман және тарихи тақырыпты тең , қатар арнада терең бейнелеген романдар түйдегі туа бастады. Зәру, күрделі проблемаларды толғаған қазақ әдебиетінде бұрын көтерілмеген реалистік, қуатты шығармалар оқырмандар арасында Ілияс есімін кең жайып жіберді. Ал "Қаһар" секілді роман халық санасында патриоттық төңкеріс жасады. Жалған схоластикалық талаптар мен догматтық мақсаттардың шылауында кетіп, жеке сөз бен сөйлем сұлулығы үшін бар қабілетін тауысып, бір жазғанын мың жазатын әурешілікке түспей адам тағдыры мен халық тарихын биік нысана еткен Ілияс романдары басқа тілдерге тез аударылып, өзге жұрттардың да ықылас-махаббатына бөленді.

Бұл жазушының өзін, тілектес достарын, ең бастысы, қалың оқырман қауымды қуантқанымен, кеше ғана қаламгер қауымның босағасында жүргендей автордың әдебиет төріне шығып кеткендей болғанын дырдай жазушылар көтере алмады. Жасыратын не бар, өзгелерді айтпағанда, көзі тірі классик – Ғабит Мүсіреповтің өзі "Қаһар" сияқты қуатты шығарманы мойындамады, тіпті қарсы шықты. Бірақ күн санап Ілияс феномені жалғаса берді. Роман артынан – роман. Даңқ үстіне – даңқ. Өсек-аян да ат-көпір: "Қайын атасы Хамза Жүсіпбековтен, алаш орда өкілдерінен қалған көп мұра бар екен, соны пайдаланатын көрінеді". "Әдеби негрлер – пәленшеке-түгеншеке жазып береді екен".

Осының бәрі - өтірік, бәрі – ғайбат, бәрі – жала!

Мен Ілияс Есенберлиннің он томдық шығармалар жинағын баспаға әзірлеу үстінде оның қаламгерлік лабораториясымен толық танысуға мүмкіндік алдым. Жазушы барлық шығармаларын өзі, қолымен жазып шыққан. Оны айтасыз, романдарының сөзбе-сөз (подстрочник) аудармасын түгелге жуық ерінбей-жалықпай, өзі жасаған. Олардың да қолжазбалары сақтаулы.

Ілияс Есенберлин ауызекі сөзге шорқақ, жүріс-тұрысы сылбыр көрінгенмен, мінезі берік, алған бетінен қайтпайтын, мақсат жолынан айнымайтын, ең бастысы ұлты үшін жанын шүберекке түйген, қалам қайратымен қазақ халқының бостандығы үшін арпалысқан, арыстан жүректі суреткер еді.

Мұстай Кәріммен қазір кездессем де, Ілияс Есенберлин туралы бұрын айтылған жауапты тағы қайталар едім деп ойлаймын.

Прозадағы қадамын “Ақбоз ат” романымен бастаған Тәкен Әлімқұлов қайтып эпикалық үлкен жанрға соқпап еді. Қарасөздегі оның негізгі тиянақтағаны - әңгіме, хикаят. Осы салада жазушы қазақ тұрмысын терең білетін, халық рухын шыншылдықпен бейнелейтін құнарлы, көркем, сұлу дүниелер жазды; шағын форманың белгілі шебері боп танылды; мұның үстіне сын-зерттеу саласындағы олжалары бір төбе.

Автордың екінші романы пышақ сыртындай ғана, “Ел мен жер” аталады. Жазушы жоспарында кең тынысты, көп кейіпкерлер, ұзақ уақыттарды, бірнеше буынның өмірін қамтитын күрделі, көлемді шығарма жасау мақсаты бар екендігін ұғу қиынға соқпайды.

Оқиға өтетін атырап – негізінен, Қаратау, Шу, Сарыарқаның оңтүстік аймақтары. Кеңес өкіметі орнаған, бірақ әлі кәмпеске болмаған, аумалы-төкпелі замандағы, ойпыл-тойпыл кезеңнің адамдарымен танысамыз. Негізгі тартыс, күрделі оқиғаға араласпағанмен, бірер эпизодта Сәкен Сейфуллин, ақын Шәді төре, күйші Сүгір Әлиев көрінеді.

Алғашқы кеңестік болыс Ноғайқұл Тораңғұлов мінезінде бұрынғы ауыл қазағының көптеген қылықтары бар, жаңа өзгерістер там-тұмдап кіре бастаған, әлі мойнына құрық түспеген бай Әріп, екі әйел алып басы пәлеге ұшыраған Зейнел-Нәби, милиция Тұрсынбай – бұлардың бір-бірінен кереғар айырмалары жоқ, әуелі тентек бала, әкесінен айырылған соң, қолма-қол ес кіре бастаған Шәукен шығарманың бұдан кейінгі салмағын арқалайтын басты тұлғаға айналады деп қарау керек.

Қазіргі күйінді біткен, аяқталған шығарма жоқ, роман енді басталып келеді: тұжырымды ойлар, салмақты пікірлер ең болмағанда, бірқыдыру оқиғалар тиянақталып, сюжет өрбіп, романның үлкен бір бөлімі тұйықталған кезде айтылуы дұрыс.

Қазіргі ауылдың өмірін бейнелеуге арналған Мағзом Сүндетовтың “Қызыл ай” романында кейіпкер мәселесіне ықтиятты қараушылық бар: шамадан тыс, басы артық, әр жерде бір шашылып жүрген қосалқы персонаждар жоқтың қасы. Көлемді шығармада, негізінен әрекет ететін бейнелердің ықшам болуы - әрине, шеберлік белгісі.

Жайық бойындағы “Қызыл ай” совхозының адамдарымен танысамыз. Сұлтан қарт пен Зейнеп шешейдің үш ұлы үш мінезді, тағдырлары да үш түрлі. Бақытжан Алматыда, ғылым кандидаты, сөз арасында айтылғаны болмаса, оқиғаға қатысы аз; Қасым ауылда, механизатор; басқа тіршілікті жинап қойып, қайтсе баюдың амалын қарастырады; әбден дүниеқоңыз болып алған, әйелі Биғайшаның екі тон, бір кілемі артық; әр тұста бұл екеуі қылаң беріп көрініп отырады. Кенже ұлы – Бақтияр ауылда, әке-шеше қолында, шофер, директордың машинасын айдайды.

Совхоз директоры Рақым мен Бақтияр екеуі мектепті бірге оқып бітірген. Осы психологиялық жағдайды автор көп нәрселерді айтуға пайдаланады. Өткен оқиғалар, басқа адамдардың мінез әрекеттері, қазіргі шаруашылық проблемалары, негізінен, шофер жігіттің көзімен беріледі. Әсіресе, совхоз директорының шофері бармайтын, көрмейтін, естімейтін нәрсе ауылда жоқ шығар.

Кезінде Бақтияр ғашықтығын айта алмаған Самал атты қыздың Ақтай деген аспирантқа күйеуге шығуы, енесінің кесірі, түсінбестік, ақыры айырылысуға апарған хикая ұзақ әңгіме болады. Қосағы өліп, өзінен көп кіші адамға үйленген, енді тағдыр “Қызыл ай” совхозына алып келіп, мал дәрігері еткен ғылым кандидаты Толыбай жас әйелін Бақтиярдан қызғанып, әуре сарсаңға түсіп жүр. Кешегі театр актері Нұрбике – бүгін мұғалім.

Осындай әр түрлі тағдырлармен танысамыз. Роман стилінде андағайлап көрінетін олқылықтар байқалмайды. Адамдардың мінезін, ішкі әлемін бейнелеуге ұмтылған талапты көресің. Тым ұсақтап кету, тыраштай тәптіштеу, көр-жерді жіпке түзу – психологизмге апаратын жол емес. Іргелі оқиға, күрделі тартыс, ішкі арпалысулардың болмауы, бояуы қанық характерлердің жасалынбауы “Қызыл ай” романының әлеуметтік, көркемдік салмағын әлсіреткен.

Қазақ романының орбитасына жаңа тақырыптар, бұрын бейнеленбеген объектілер келе бастады. Сәбит Досановтың “Тау жолы” романының басты кейіпкерлері шығармашылық интеллигенция өкілдері – актерлер, суретшілер, мәдениет қызметкерлері, оқымыстылар. Автор бұл ортаның етене ерекшеліктерін, қуаныш-ренішін, қайғы-мұңын бірсыдырғы жақсы білетіндігін, тақырыпты әжептәуір игергендігін танытады. Таланттылар мен қабілетсіздер, дарындылар мен күншілдер тартысы – шығармадағы негізгі мотивтің бірі осы. Өзгенің алдын кесу, жаманшылық жасауға жүйрік актриса Шекер бейнесі, өзгелерге қарағанда дараланып берілген. Құпия әнші мен Құмарбек суретшінің махаббаты суреттелген.

Осы шығармаға бір үлкен дау айтылса, әсіресе тіл, стильге байланысты айтылу керек. Автор нақтылыққа, дәлдікке, детальға мән бермей, көп жерде тиянақсыз қызыл сөзге, артық бояуға түсіп кетеді, суреттілік, бейне, ықшамдылық жетіспейді. Романда бірнеше сала сюжеттің қатар өрбуі заңды нәрсе, бірақ орынсыз қосалқы эпизодтар, көлденең әңгіме композиция талаптарын бұзған; көркемдікке зиян келтірген. Бөлек-салақ, әр текті материалдар, әсіресе үшінші бөлімнің құрандылығы шығарманы ойсыратып тұр.

Сөз жоқ, қазіргі қазақ прозасындағы интернационалдық, ұлттық әдеби дәстүрлерді терең меңгерген, классика тағлымдарынан сабақ алған талантты жазушылардың бірнеше буыны бар. Өзге мысалды былай қойғанда, академик-жазушы Ғабит Мүсіреповтің сексен жастан асқанда қазақ жұмысшы табының қалыптасуын көрсететін, Қарағанды көмір бассейнінің тарихынан шежіре шертетін әлеуметтік-психологиялық үлкен роман жазып бітіріп, жеке кітап етіп жариялауы – аса зор шығармашылық қажырдың, өмірге, өнерге деген сарқылмас күш-қуаттың, талант құдіретінің белгісі.

Бір кезде Сервантес, Гете, Лев Толстой, Федор Достоевский сынды кемел жазушылар жастары ұлғайған шақтарда да ұлы шығармалар тудырғаны әдебиет тарихынан жақсы белгілі жәйттер. Ал қазақ әдебиетінің тәжірибесінде мұндай ерлікке барған бірден-бір қаламгер Ғабит Мүсірепов десе, артық айтқандық болмас деп ойлаймыз.

Елуінші жылдарда жазылып, оқырман арасында кең танылған, ел сүйіспеншілігіне бөленген “Оянған өлке” – халық өмірінің терең де күрделі қабаттарын реалистікпен бейнелеген әлеуметтік-психологиялық роман, сан алуан мінездер галереясын жасаған, қазақ әдебиетінің көркемдік деңгейін жаңа биікке көтерген үздік шығарма екендігі мектеп партасында-ақ санамызға сіңіп, жүрекке ұялаған, көптеген зерттеу еңбектерде тиянақталған, бәріміз мойындаған шындық.

Сондай жауһар туынды жасағаннан кейін де Мүсірепов таланты тоқырап қалған жоқ: қазақ әңгімесін жаңа көркемдік формалармен байытқан, тұрмыстық ситуация, белгілі бір орта ахуалы емес, адам баласына тән мәңгілік тақырыптарға барып, көп сырлы, мол әуезді, терең сарынды шығармалар берді. Біз “Жапон балладалары”, “Қаз-қалпында” циклі, “Кездеспей кеткен бір бейне”, “Өмір жорығы”, “Қыран туралы жыр” жөнінде айтып отырмыз.

Сол тұста да оқырман “Оянған өлкенің” екінші кітабын сұрап, жазушыны мазалайтын. Бірақ өмірге басқа шығарма – бұрынғы көшпелі қазақ өмірінің трагедиясымен бірге сан-алуан романтикасын, мәңгілік махаббат аңсау сарынын шебер бейнелеген “Ұлпан” романы келді.

Жасыратын не бар, бұл тұста оқырман “Оянған өлкенің” екінші кітабынан күдер үзе бастаған-ды. Мүсіреповтің жазушылық сырынан хабардар інілері ғана жыл бойы оның ұйқысын бөліп, жанын мазалап жүрген қаламгерлік арманның не екенін білетін. Міне, бүгін сол мақсат орындалды, - “Жат қолында” романы басылып шығып, оқырманның қолына тиіп отыр. Жазушы бүгінгі әдебиетте белең алған әр түрлі формалық ізденістердің, модаға айналған неше түрлі баяндау әдістерінің ықпалына түсіп кетпей, реалистік романистиканың қалыптасқан дәстүріндегі сюжет түзу заңдылықтарын берік сақтауға күш салады. Уақыт және кеңістік бірлігі бұзылмайды. Романдағы басты әрекеттің, негізгі оқиғалардың өтетін ортасы – Қарағанды, Нілді, Ақбұйрат өнідіріс аймағы. Оқырманға бұрыннан етене таныс Игілік, Байжан, Сүгірәлі, Айғанша, Рязанов секілді кейіпкерлердің қатарына жаңа персонаждар қосылған.

Бұлардың ішіндегі басты кейіпкер – “Оянған өлкеде” Байжан “Әкеңе таяп отыр” деп кекете, намысына тиетін, Күреңкөз қожа мен Игілік ортасында қысылатын Кенжеғара бар еді ғой, сол Кенжеғара.

Басты кейіпкер, орталық қаһарман, автор мұраттарымен сарындас тұлға – осылардың бәрі де Кенжеғараға қатысты айтылғанда қате болмайды.

“Жат қолында” романының композициялық бітімі, тарауларға жіктеу тәсілдері, оқиғалардың даму, өрбу, өсу, тыну логикасы, кейіпкерлерді сомдау принциптері “Оянған өлке” романының эстетикасымен үндес. Мүсіреповке ғана тән юмор, сатира, ирония, метафораның буы бұрқырап тұр. Мұның үстіне, ұзақ ойланып, араға көп жылдар салып жазылған “Жат қолында” романының өз еншісі сапалы, салмақты көркемдік қуаттар, өмір мен өлім жайлы философиялық толғаулар, қазақ халқының тарихына, елдік, ұлттық қасиетіне қатысты тебіреністермен сабақтас жатыр. Бұлар шығарманың бейне-жүйесінен, сөздік кестесінен бөлектеніп тұрған оқшау жәйттер емес, сырлы сөз, жалынды сезім арқылы берілген күйлер.

Жазушының іш тарта суреттейтін толымды қаһарманы өзі де қорланудан, тапталудан шыққан Кенжеғара қазақ халқының жаңа төлінің, оянған буынның, тағдырын жұмысшы табымен сабақтастырған есті, зиялы қауымның өкілі, ол пікірдің, ойдың ғана емес, қолма-қол істің, тұтқиыл әрекеттің, бір сөзбен, қазақ еліндегі жаңа жағдайлар тудырған жаңа типтегі адам, жаңа заманға еміреніп жеткендер тектес жан.

Қарағанды атырабындағы кен-өндіріс орындарының ағылшын-француз капиталының қанды шеңгеліне түсуін, осының салдарынан шыққан кесепаттарды жазушы тарихи-өмірлік шындық аясында, нақты бейнелер, адам тағдырлары, іріктеп алынған ситуациялар, дәлді жағдайлар, оқиғалар байланыстары арқылы әлеуметтік-психологиялық роман жанрының шарттарына лайық, дәлді картиналар, жанды суреткер арқылы көрсетеді.

Қазақ, орыс жұмысшыларының қиындық үстінде ортақ дұшпанмен алысу барысында бірте-бірте тіл табысып, бауырласып, ақыры жұмған жұдырықтай болып, бірігіп кетуін, интернационализмнің Қарағанды аймағында ту тігуін жазушы диалектикалық қайшылықтарды жасырмай, үлкен реалист қаламгерге тән шеберлікпен көрсетеді.

Шетел капиталының қазақ жеріне сұғына кіруі, ауылдағы таптық жіктеліс, қазақ оқығандары арасындағы әр түрлі ағым, жұмысшы ұйымдарының құрыла бастауы, коммунистердің әрекеті – осы алуандас әлеуметтік мәселелер жеке тағдырлар, адам бейнелері арқылы эстетикалық жіктеу, көркемдік талдау табады.

“Жат қолында” романы Ғ.Мүсіреповтің халық алдында берген уәдесін орындаған туындысы, қазақ жұмысшы табының туып, өсіп, кемел шаққа жеткенге дейінгі қиыншылыққа толы тарихи жолын көрсететін роман-дилогиясының сәтімен аяқталған екінші кітабы.

Қазақ әдебиетінде тарихи романистиканың Мұхтар Әуезов қалыптастырған реалистік дәстүрлері соңғы он бес-жиырма жылда жаңа шығармалар тудыру тәжірибесінде жаңғырып, байып келеді. Әсіресе “Көшпенділер”, “Алтын Орда” сияқты алты романнан тұратын екі тарихи трилогия жазған І.Есенберлин тарихи дәлді фактілер, жылнамалар, құжаттармен қоса халық мотивтерін, аңыздарын, шежірені, фольклорды көркем прозада еркін пайдаланудың жаңа мүмкіндіктерін ашып, осы арнада көркемдік олжалар тапты. Қазақ халық өмірінің әр түрлі кезеңдерін бейнелейтін Ә.Әлімжанов (“Ұстаздың оралуы”, ХІ ғ.), М.Мағауин (“Аласапыран”, ХҮ-ХҮІ ғ.ғ.), Д.Досжанов (“Жібек жолы”, ХІІІ ғ.), С.Сматаев (“Елім-ай”, ХҮІІІ ғ.) романдарында тарихтағы жеке адамның ролі, халық тағдыры, соғыс пен бейбітшілік проблемалары көркем бейнелер арқылы ашылады.

Республикадан шет жерлерде де талантты шығармаларымен кеңінен танылған белгілі жазушы Әбіш Кекілбаевтың “Үркер” романында Қазақстанның Россияға бағынуының сан алуан әлеуметтік-экономикалық, психологиялық жағдайларына алғашқы кезеңі суреттелген болатын. Автордың жаңа “Елең-алаң” романы сол шығарманың заңды жалғасы. Қазақ-орыс, қазақ-қалмақ, қазақ-башқұрт қарым-қатынастарын, ХҮІІІ ғасыр шындықтарын жазушы дәлді құжаттар, хроникалардан ала отырып, тарихи адамдар тұлғасын сахнаға шығарады. Сан салалы, әр тармақты оқиғалар жүйесін, бір ел мен екінші ел, әр түрлі қоғамдық күштер арасындағы тартыстарды жазушы хронологиялық жалғастықпен баяндаудан қашады. Тіпті романның екі бөлімі жеке тарауларға да бөлінбей, тұтас берілген.

Әр түрлі оқиғаларды әр кейіпкерлердің ойы арқылы беру принципін жазушы үнемі ұстанады. Шығарманың орталық кейіпкері Әбілқайыр ханның дүниені қабылдауын, адамдарға көзқарасын, мемлекет тұтастығы, ел игілігі туралы ойларын, нақты іс-әрекеттерін жазушы диалектикалық тұтастықта көрсете отырып, бірқыдыру көркемдік олжаларға жетеді. Қазақ өмірінің этнографиялық, тұрмыс-салттық суреттері тарихи шындық аясында көрсетіледі.

Барлық ситуациялардың ой ағымы (поток сознания) арқылы берілуі шығарманы бір әуенге, ұқсас бір сарынға түсіріп жіберген. Автор кең жоспарлы, әр түрлі ырғақтың баяндалуын, стилизацияның мүмкіндіктерін жете пайдаланбаған. Ұсақ-түйек жәйттерді, жеңіл-желпі оқиғаларды созбалай беру жазушыны көп сөзділікке ұрындырған шығарма көлемін рабайсыз өсірген. Романның бір кемшілігі – типтендіру, іріктеу, жинақтау принциптерінен көз жазып қалып, кейде бейнелілік талаптарын ұмытып, қызыл сөзге көбірек беріліп кетуінде жатыр. Ықшам қайырып, шорт түйетін тұстарда Ә.Кекілбаев тізгін тарта алмай қалады.

Қазақ әдебиетінде бірқыдыру жақсы игерілген азамат соғысы тақырыбына арналған Әнес Сараевтың “Алтын Арал” романында бұрын өнерде арнайы қамтылмаған атырап – Астрахань, Атырау өңіріндегі революциялық кезең сипатының маңызды бір қыры бейнеленеді. Автор нақты тарихи фактілер негізінде сюжеттік бояуы қалың, тартымды туынды беруге ұмтылғанын мойындау керек.

В.И.Лениннің осынау қиын-қыстау мезгілде Каспий теңізіндегі шетелдік алпауыттарға жем болған елеусіз ғана “Ракуша” (қазақтар “Шайтанарал” деген) аралын, ондағы мұнай қорын барлап, орталыққа хабарлау жөніндегі тапсырмасы, бұл тәрізді аса жауапты міндетті жүзеге асыру операциясын ойластыруға С.М.Кировтың қатысуы романының деректілік қызметі мен көтерер идеялық-мазмұндық жүгін шамалауға мүмкіндік береді. Астрахань ЧК-сының бастығы Жоғары әскери инспекция 59-комиссиясында төрағамен ақылдаса келіп, бұл қатерлі сапарға сыннан өткен адамдарды аттандырады. Кітапта әдеттегі ұғымдағы бас қаһарман жоқ. Сол сарбаздар – романның шым-шытырық, жүрдек оқиғалар жүйесін тұтастырмақ негізгі кейіпкерлер. Жартылай теңізбен, жартылай құрлықпен екі жарыла жүріп отырған жансыздар сан алуан қиын өткелектен өтіп, не бір ептілікпен қаһармандықтың үлгісін көрсетеді. Ұзақ жолда ұшырасқан әр түрлі қырғын, топан, тұтқын, азап қасіреттерін қайыспай арқалай білетін Ахтан мен Қажығали да, олардың құнды мәліметтерін алып, өлермендік күшпен мықты күзеттегі аралға кіріп, басты мақсатты орындайтын, қауіпті қуғын-сүргіннен соғыса, жаралана құтылатын Ізбасар мен Митрофаныч та дәуір талабына сай өзгеше ерлік істің адамдары. Жамбай ауылындағы майданда ғаламат ержүректігі, қайсарлығымен аты аңызға айналатын Жандос Жаманбаев, үлгілі атты қазақ полкы барлау бөлімінің бастығы Бейсен Жанекешев, ақтық ұғым өзіне арнайтын қайтпас комиссар Кудряшев тұлғалары уақыт рухымен үндес.

Шығарма кейіпкерлерінің жарқ-жұрқ сырт әрекеттері аузының суы құри баяндауға әуес автор, олардың ішкі жан дүниесіндегі терең сезімдік, дүниетанымдық өзгерістерді тап басып көрсетуде келгенде құлықсыз. Қажығалидың аңқаулығы мен мәрттігі, Ахтанның жылпостығы мен кекшілдігі іспетті мінез қырлары жазушының таныстыруымен ғана анықталмаса, мінез сипаты, характердің түлеп, жетілуі тұрғысынан, оқшау іс-қимылдардың психологиялық тиянақтамасы ретімен келгенде, кейіпкерлер табиғаты жұтаң тартып қоя береді.

Шыны керек, кітапта басы артық эпизодтар емес, тұтас тараулар жүр. Романның тілі ауыр, кібіртік, оқилары иір-қиыр. Жазушы кез келген жерден қажетсіз шегініс жасап, оқиғалар мен құбылыстардың логикалық даму барысында тұсау салады. Керексіз тұста көлденең килігетін кейіпкерлердің өзара әңгімесі, ұзын-сонар естелігі, тұтқиылдан қосылатын автордың жанама жағдайларды тәптіштеуі сияқты мәнсіз қосымшалар кітап көлемін өсіріп жіберген. Әсіресе Ахтан мен Қажығалидың Қара-Никита, поручик Егоров қамауында бастан кешкендері, Үйшіктегі конспирациясы тым созалаң, ұзақ, көп сөзбен баяндалады. Басы бірікпей қалған мың-сан оқиғалардың шашыраңқылығы, композициялық селкеулік романның жанрлық шарттарына нұқсан келтіреді. Детективтік сарынның тым көп орын алуы да шығарма кемшіліктерінің бірі.

Қазақ әдебиетінде бүгін көркем-ғұмырнамалық роман деп аталатын жаңа жанрлық форма қалыптасты деген тұжырым айтар болсақ, ауызға алдымен алынар жазушылардың бірі – Шерхан Мұртазаев деп білерміз. Революционер, қоғам қайраткері, ғалым-публицист Тұрар Рысқұлов өмірінен жазылып жүрген көп томдар романының үшінші кітабын “Жұлдызды көпір” атауда көп мән бар.

Шығармада көрсетілген мезгіл Тұрар өміріндегі ең күрделі, ең қайшылықты, ең маңызды кезең – Ташкент дәуірі. Бірден айтқан дұрыс, жазушы, негізінен, тарихи деректер, архив материалдары, құжаттарға сүйенген. Хронологиялық шектерден де ауытқымайды. Кей тұстарда протоколдық дәлдік бар. Бұл жәйттер “Жұлдызды көпірдің” кей тұстарда қасаңдау шығуына себепші болған сияқты. Алғашқы екі кітаптағы еркіндік, бояу байлығы, көркемдік өрнекті таба алмай қаласың, олардың орнын құжатты, деректі биографиялық шығармаларға тән келтелік, кей тұста қарабайырлық басып кетеді. Тез ауысатын оқиғалар тізбегі, эпизодтарда көрінетін персонаждар Тұрар бейнесін жан-жақты сомдап шығаруға мүмкіндік бермеген. Жиналыстар, жаттанды сөздер көбейген. Тебіренген, толқыған, түңілген, қайта түлеген, шарықтаған қыран Тұрардың монологтарын, ой-ағыстарын, толғауларын іздейсің, таба алмайсың. Сөйтіп, оқырман ретінде келесі кітапқа үміт артасың.

Торғай өңірінің кешегісі мен бүгініне қатар шығарма арнап, қаламгерлік назарын түбегейлі бағдарлардан аудармайтын белгілі жазушы Жайсаңбек Молдағалиев халқы үшін, Отанның болашағы үшін бар саналы тірлігінің, қайрат-қажырын арнаған ұлы ағартушы-демократ, ойшыл, ұстаз, ақын Ыбырай Алтынсариннің қараңғы елін ояту жолындағы ізгі азаматтық істері басталатын елеулі кезеңінен ақтық тынысына дейінгі өнегелі өмірін “Таза бұлақ” романында бейнелеуді мақсат еткен. Уездік сот қызметін атқара жүріп, тұңғыш қазақша оқулық шығарып, ұлттық алфавит үлгісін жасау, облыстық мектептер мен қыздар мектебі, қолөнер училищесі, реалдық училище, оқытушылар семинариясын ашуға күш салу, онда қазақ жастарын оқытып, тәрбиелеу ісіне тікелей араласу, облыс инспекторы ретіндегі ерекше еңбегі бағаланып, ордендер алу, осы сапардағы қиын да күрделі тартыстар суреттелген.

Көбіне-көп ауызекі әңгімелер арқылы оқиға, сюжет тармақтарын өрістететін бұл шығармада, өкінішке орай, Н.И.Ильминский, В.В.Григорьев, В.В.Катаринский сияқты Ыбырай өмірінде зор орын алған ірі тарихи тұлғаларды айтпағанда, бас қаһарман бейнесі де сыртқы әрекеттер, сөз бен хаттағы пікірлер бойынша ғана жеңіл-желпі жұтаңдау суреттеледі. Ояз бастығы Яков Петрович Янушев, урядник Денис, Фатен сұлу, Исфахан, Күдері, Айша, Қасқабас, Бегалы, Аю, Тұрсынбай, Үдербай батырлар характерлер ретінде емес, эпизодтық персонаж қалпында ғана көрінеді. Айша бейнесі тым оғаш, ерсі, анайы іс-қылықтарымен психологиялық нанымсыз күйде берілген. Сөзі түйеден түскендей, ер адамды нұқып, түйіп қалумен шектелмей, қолын қайтарып жібереді, құлағын тістеп алады. Қыр қызы қанша ерке-шолжаң өссе де, дәл мұндай өрескелдіктерге бармаса керек еді. Фатен сұлу мен Яков Петровичтің қылтың-сылтыңы көп, өмір бойы ұрлық базынасы, Күдері мен Исфахан әйелі Бибіштің “махаббаты”, оған Исфаханның шыжбалақтай төзуі, отец Иоахимнің әйелі Марфа мен Тұрсынбайдың, Айша мен Елдостың жақындығы, Ақтұмсық болыстың тасқын кезінде ашынасымен бірге көзге түсіп қалуы сияқты натуралистік көріністерді тәптіштей баяндау үлкен мақсатты нысана еткен роман үшін басы артық нәрселер деп білеміз. Тегінде жазушы бұл туындысына қайта оралса, әлі де ширата түсетін тұстар аз емес екен.

Әдетте, жазушы Ілияс Есенберлин есімі аталғанда, ең алдымен, оның алты романнан тұратын тарихи шығармалары циклы еске түседі. Сол туындыларына қарап, қаламгер өнерпаздығына баға беріледі. Асылында, осы бір өнімді, берекелі талант иесі қазіргі заман шындығын көрсетуге, ескілікпен, таптық-әлеуметтік қайшылықтармен күрес үстінде қалыптасқан, кемелденген қоғамдық қарым-қатынастардың орнығуын, сол процестердің адам психологиясындағы көріністерін жан-жақты бейнелеуге он екі роман арнаған екен. Бұл шығармалар топтап айтқан кезде мынадай тақырыптарды қамтиды: ұлттық көркем интеллигенцияның қиындыққа толы қалыптасу жолдары, инженерлер өмірінің қат-қабатты тартысты шындығы, Ұлы Отан соғысының оқиғалары, тың игеру барысындағы республикамыздағы экономикалық, демографиялық өзгерістер әсерінен туған психологиялық жаңа құбылыстар, Маңғыстау байлығын ашу үстіндегі күрес, мемлекет қайраткерлерінің, ғалымдардың, өнер адамдарын тағдыры. Оқиға өтетін ортаны автор кейде Алматы, Тың өлкесі, Жезқазған, Маңғыстау деп дәл көрсетіп отырса, кейде мекен-жай, қала аттарына өзі ойдан шығарған, бірақ нақты географиялық ортаны еске түсіретін ат беретін кездері де бар.

Оқиғаның болған уақытын, өткен жерін дәлді көрсетіп жазған автордың соңғы шығармаларының бірі – “Махаббат мейрамы” романы. Туынды алғаш рет “Жұлдыз” журналының 1981 жылғы 11, 12 сандарында басылған, жеке кітап болып 1984 жылы “Жалын” баспасынан шықты.

Романда қазіргі уақыттағы, дәлірек айтқанда, жетпісінші жылдардағы Алматы қаласы көрсетіледі; белгілі көшелер, алаңдар, бульварлар суреттеледі; көзге таныс шаһардың кескінін жазушы ықшам бояулармен салады. Негізгі кейіпкерлері – алпыстан енді асқан белгілі ақын Асығат, оның әйелі Қырмызы, ұлы Еркебұлан. Урбанизацияның демографиялық әсері қазақ отбасыларынан да анық көріне бастағаны ешкімнен жасырын сыр емес, қала жағдайында бір баланың, асса екі баланың бетіне қарап, барлық үміттерін соларға ғана артып отырған шаңырақтар аз ба? Жалғыз-жарым өскендіктен беттерінен қағылмаған, не ішем, не жеймін, не кием дегенді білмеген ерке-шолжаң, өзімшіл болып қалыптасқан мұндай ерке-тотайлар бейнесі әдебиетіміздің әр түрлі жанрларында (әсіресе, драматургия) талай рет көрінген. Мұндай персонаждардың қалыптасқанын пішіні бар: ана тілін шала-шарпы біледі, рухани байлықтан гөрі киім-кешек жағын көбірек құнттайды, белгілі мамандық кәсібі жоқ, әр шөптің басын бір шалған, не қызметтен, не отбасынан пәтуа таппай, әке-шеше мойнында отырған масыл. Жазушы І.Есенберлин мұндай схемамен кетіп қалмай, қала жағдайында жақсы білім алған, үйде үлгілі тәрбие көрген, ойлы, сезімді жас жігіттің бейнесін көз алдымызға алып келеді. Әкесінің белгілі ақын екендігін, үй-ішінде жалғыз бала болып, ешнәрседен тарлық көрмей өсуі, кейін Москваның Сәулет өнері институтын бітіруі Еркебұланды теріс жолға түсіретін факторлар ретінде емес, қайта оның жан-жақты дамыған, қазіргі заман деңгейіндегі талаптарға толық жауап беретін зиялы, білімпаз, ізденгіш сәулетші қатарына көтерілуіне жәрдемші жағдайлар болғандығын жазушы анық ұқтырады.

Шығарманың барлық тартыс арналары, композициялық бөлімдерін тұтастырып ұстап тұрған орталық қаһарман, басты кейіпкер қала перзенті – Еркебұлан басындағы шырғалаң, оның тәрбиесіндегі, өскен ортасындағы кемшіліктерден емес, қайта рухани тазалық, дүниетанымындағы асқақ мұраттарды таптап басып кете алмаған адамгершілік пәктігінен туғанын көреміз.

Ардақты әке, жалғыз ұлдарын сұлулық, көркемдік үлгісімен тәрбиелеп, әділет, шындық, махаббат идеалдарына адал болу, сол жолда күресу керек деп үйреткен. Сондай ортада өсіп шыққан тәрбиелі, кітаби ұғымдағы Еркебұланның сұсты келбетті өмірдің ащы шындығымен бетпе-бет келгенде, тайғанақ тартып, таяқ жеуі заңды болатын.

Жазушы бұл романында өмірде сирек кездесетін, әсіре детективтік сипаты бар оқиғалар жүйесін аса ширатып алған деуіміз керек. Тіпті кей тұстарда жасандылық элементтері де көрініп қалады. Асығат пен Қырмызының бауырларына қыз салуы, одан айрылып қалып, дұшпандары тастап кеткен сәбиді өсіруі, кейін бұлар ер жетіп, бір-біріне ғашық қыз бен жігіт – Жұлдыз бен Еркебұлан болып шығуы – оқырманды жетектеп отыратын, қызықты, шытырманды оқиғалар. Бұларға Қаражан секілді бұзықтың сергелдеңдері, төбелес сценалары, өлім сияқты көріністер қосылады.

Өзіне қарамай, ақынға шыққан Қырмызының баласын ұрлап әкетіп, оны мәңгі бақытсыз еттім деп ойлаған Қаражан Жұлдызға соңғы рет сотталып бара жатқанында Алматыда, туған әкең мен шешең бар деген жылдар бойы жасырып келген ішіндегі сырын айтып кеткен.

Махаббат қуанышында жүрген Еркебұлан сүйген қызы Жұлдызды үйіне әкелген сәттен бастап трагедиялық оқиғалар өрбиді. Асығат пен Қырмызының көп жағдайы Жұлдыз үшін Қаражан айтқан әке-шешесінің белгілерімен бірдей болып шығады, ендеше Еркебұлан – туған ағасы! Мұндай масқара жағдайға түсем деп үш ұйықтаса түсіне кірмеген сезімді, ұятты қыз оқуын тастап, Алматыдан мүлде қашып, Сібірдің бір қаласына тартады. Жігітіне жалғыз ауыз сөз де айтпайды.

Бұдан кейін махаббат дертіне шалдыққан жас жігіттің азаптары басталады. Ұйқысыз түндер, шер тарқатам деп ішкен арақ-шарап, ақыры оны психиатриялық емханаға түсіреді.

Романдағы сюжет еске түсіру арқылы, бірде ағымдағы оқиғаларды суреттеу арқылы, негізінен, Еркебұлан басындағы халдердің фонындағы жәйттерді көрсетеді.

Талант пен дарынсыздық тартысын жазушы Еркебұланмен қатар өскен, қатар оқыған, қатар қызмет істей бастаған екінші бір сәулетші Қайназар қылықтары арқылы ашады. Арамдық, қулық-сұмдық сабақтарын алыстан емес, өз әкесі Серәліден алып отыратын Қайназардың есіл-дерті мансап сатысымен жоғары өрлеу, бұл жолдағы кедергі атаулыны ол аямайды, кім болса, ол болсын, құрту керек. Сол кедергінің үлкені сәулетшілік табиғи дарыны күшті, қиялы жүйрік Еркебұлан. Сондықтан мынадай екіталай уақытта, махаббат дертінен мең-зең болып жүрген Еркебұланды мүлде ішкізіп жіберуге бел буған.

Ата-анасының әбден азапты кейіптерін көрген Еркебұланның ішімдіктен күрт тиылуы сенімді бейнеленген. Енді есін жия бастағанда, бұзықтар ортасына түсіп, таяқ жеп жатқан Қайназарды арашалаймын деп жүріп, еріксіз төбелескен, қорғану үстінде, өзін өлтіруге ұмтылған қарулы тентекті мерт қылған Еркебұлан абақтыға қамалады. Бұл тұста Қайназар тағы опасыздық жасап, өзінің кім екенін анық ашып береді.

Роман Жұлдыздың анық кімнің баласы екенін біліп, Алматыға қайтуымен, Еркебұланның қорғаныс үстінде жасаған әрекеті үшін жазаланбай, ақталуымен, сөйтіп екі ғашықтың табысуымен аяқталады. Әділінде, шығармада махаббат мейрамы емес, шын махаббатқа келер жолдағы қиыншылықтарды жеңу, азаптар мен талқыларды өту суреттеледі. Алматы қаласының сәулетті, шаһардың болашақ өсу өрістері жөніндегі жазушының көкейіндегі ойлары, ізгілікті армандары сәулетшілер аузымен айтылатын диалог, монологтарда айқын ашылады. Сюжет құруда трагедиялық қателік, адасу принциптерін қолданып, көркемдік барлау жасаған жазушы ізденісі негізінен сәтті шыққанын айту керек.

Өз шығармаларына қала тынысы мен ауыл өмірін бірдей арқау етіп келе жатқан жазушы Қалдарбек Найманбаев жаңа романы “Көктөбеде” осы қос тақырыпты қабат қамтуға, әр арнаны өз ерекшелігімен бейнелеуге ден қойыпты. Сөйтсе де, жаңа романның негізгі өзегі – ауыл өмірі, мақта шаруашылығы, еңбек адамдарының өмірге, қоғамға көзқарастары, бір-бірімен қарым-қатынасы.

Әңгімені алдымен шолып айтып, артынан таратып отыратын дәстүрлі авторлық баяндаудан гөрі қазіргі жаңа прозада жақсы көрінісін тауып жүрген оқиға барысында, кейіпкердің іс-әрекеті мен күллі сыр-сипаты да олардың ісі мен сөзінің айналасынан өрбіту сияқты әдісті жазушы бұл романында оңтайлы қолданыпты.

Романда қат-қабат әрекет те, ығы-жығы кейіпкерлер де аз. “Көктөбе” аталатын шағын бөлімшенің мөлшерлі ғана адамдары бар. Бірақ олар үлкен өмірдің, мол шаруашылықтың көп қауымның жалғасындай танылады. Осындағы шағын тіршілік ұлы дүниеге ұласатынына, сол ұлы дүниенің бір бөлшегі болып кететіне сенесің.

Жазушы өз кейіпкерлерін алқын-жұлқын жұмыс басты етпей, олардың өмірге, іске, қоғамға көзқарастарын, қоғам мен адамның қарым-қатынасын көрсетуді қалаған.

Институтты енді ғана бітірген жас маман Тұрарбек өзі тіленіп, туған ауылына жұмысқа барады. Еңбек алдын, өмір жолын шағын бөлімшенің бригадирлігінен бастамақ. Бұл тілегі – жас адамның желөкпелігі емес, өмір қажетін түсінген жастың қоғам талабын терең сезінгендігі. Әрине, Тұрарбектің бойында жастық жалын, романтикалық құлшыныс тар бар және олары негізсіз емес. Кейіпкер табиғатына сыйымды, жас адамның бойына қонымды жайлар. Автор осыған оқушысын иландырады.

Тұрарбек шалғай жатқан ауыл тіршілігіндегі кереғар керенаулық, қоғам ісіне қырсыздыққа, пайдакүнемдік пен арамзалыққа, керауыз кертартпалар – Жұрынбай сияқтыларға қарсы күреске түседі. Тұрарбек күресінің өзгеше қыры – ол сыртқы ортамен бірге өз көкірегіндегі ішкі қайшылықтарды да жеңе білу қажет. Оның үстіне, қала жағдайында өскен келіншегі Күлжәмиланың күндіз-түні құлақ сарсытқан ызыңы және бар. Жас жігіттің басына жетерлік жүк.

Романда көрсетілетін уақыт мерзімі оншалық ұзақ емес, бірер жаздың айналасы ғана. Сондықтан да жазушы Тұрарбекті әр түрлі соқпақ жолға салып, өмір сабақтарынан суғарып, оқушы алдына шыңдалған бейне ретінде тартып отырған жоқ. Өмірге әлі бастықпаған, артық-кемі қоса жүретін қызба, пендеге тәннің бәрі оған да ортақ. Өзі айта беретін “ортақ істің игілігі” үшін жан-тәнін аямаумен бірге оқыс әрекеттен де қашпайды. Ертеңгі күнкөрісті қауіп қылып, әділет жолында тартынып қалмайды. Әлі піспеген мақтаға трактор салмақ болған агроном Ермекті соққыға жығуы максимализм көрінісі. Тұрарбектің дәл сол арадағы қызба мінезін де, қара күшке жүгінген морттығын да оқушы кінәлай қоймайды. Сәл осалдық танытып, немесе, әліптің артын бақса-ақ бітті – қоғам байлығы ысырапқа түсіп, бөлімше еңбекшілерінің төккен тері бекерге кетер еді. Сондықтан да Тұрарбек әрекетін құп аласың.

Тұрарбектің ісінде де, ойында да даңғаза мақтан, бетке ұстар есепқойлық жоқ. Оның: “Мен бұл ауылға уақытша келген кісі емеспін. Бүкіл өмірім осы ауылмен байланысты болмақ. Ендеше, маған бұл айналаның әр бұтасына дейін қымбат” – деуінде жас адамның өз болашағына сенген жүрек қалауы жатыр.

Жазушы өзі суреттеп отырған ортаның әлеуметтік-психологиялық жағдайын жақсы біледі. Бөлімше бастығы Жұрынбай – жазушы жасаған тұлғалар ішіндегі шүйделісі. Бұл – ескіліктің қарадүрсін адамы. Қулығы мол, қатал, қаһарлы мінезі бар. Айналасындағы адамдардың сөзін де, ісін де есеп пен айланың салдары деп санайды. Өйткені, өзінің басқан-тұрғанының бәрі есеп пен айла.

Жас маман Тұрарбектің негізгі үлкен бөгеті – осы Жұрынбай. Бөлімшедегі мамандар да, еңбекшілер де соның ығымен жүреді. Енді ол осы өктемдігін Тұрарбекке жеткізбек.

Міне, осыдан барып романдағы негізгі тартыс туған. Шығармадағы совхоз директоры Сәткен Қайырбаев іскерлігімен қоса әділетке, адалдыққа жақтығымен, адамға деген қамқорлығымен ерекшеленсе, қатардағы еңбеккер Қауынбай ақкөңіл адалдығымен, еңбексүйгіштігімен көзге түседі.

Кейде күйкі тірліктің күйкі әңгімесін, салмағы аз жалаң диалогты қуалап кету бір тұстарда шығарма жүгін жеңілдетіп жібереді. Психологиялық саралау, көркемдік құралдар жұтаңдығы сезіліп қалатын кездер де бар.

Көлемді романда көңілді көншітіп, көзді сүйсіндірер әйел бейнесі жоқтың қасы. Жалпы автор ниетінде Тұрарбектің таңдауына толымды деп саналған Күлжәмила ескі ауылдың кейбір баяпар әйелдері сияқты ғана әсер қалдырады. Оның үстіне, бүкіл роман бойы осы Күлжәмилаға мамандығына орай жұмыс табылмай-ақ кетті.

Өндіріс тақырыбына жазылған шығармалардың бірі – Жұмабек Еділбаевтың “Тереңдегі тебіреністер” кітабында Кентау кен орнының өмірі суреттеледі. Байыту фабрикасында шикізат жоқ. Кен жетпей жатыр. Шығарма бір комбинаттың екі саласының арасында болған осындай қайшылықтан басталады.

Біраз кеніштерде кен азайып, бар кеннің өзін өндіру шабандап кеткені комбинат директоры Лычагинді де, кенші бастығы Әділбекті де, байырғы кенші Грунинді де, жас жұмыскер Сайлаубекті де алаң қылады. Қалалық партия комитетінің бірінші секретары Тілеуов те көптен толғанып жүрген. Демек, бұл жағдай – бүкіл елдің, ел басшыларының алаңы дегенді автор алдыға тартады. Комбинат мамандары, озат жұмысшылар ғылым жетістігі мен өмір тәжірибесін ұштастырып, пікірлерін ортаға салып, осы қиындықтан шығудың жолын іздейді.

Бай кен көзіне жету, сол кенді тиімді әдіспен шапшаң өндіру шахтаның алдында тұрған келелі міндет. Романда осы міндетті терең сезінген үлкен коллектив мүшелерінің әр түрлі өкілдері көрінеді.

Шығарманың тақырып актуальдығын айта отырып, негізінен, документті, очерктік проза деңгейінде қалған туынды екендігін көреміз.

Қой шаруашылығын өркендетудің көп қиындығы, оның бекерден-бекер екінші тың аталмағаны, ірі комплекс салып, бір орталыққа жинақталған жастар бригадасын құру оқиғалары Сапарғали Ләмбековтің “Әке жолы” шығармасына арқау болған.

Авторға қыр өмірі, ауыл адамдары, жазып отырған тақырыбы етене таныс сияқты. Ол шаруашылық мәселелерін келсін-келмесін шығармасына тықпалай берген. Кітапта толыққанды әдеби бейнелер жоқ, есте қалмай оп-оңай ұмытылатын өткінші персонаждар ғана жүр.

Әдебиетіміздің даму тенденциясының кейбір ерекшеліктерін, ең жаңа құбылыстарды былтыр “Жұлдызда” жарияланған романдар да көрсетсе керек. Журнал алты роман басқан. Оның біреуі тарихи, біреуі революция тақырыбына арналса, қалған төртеуі бүгінгі өмірімізді бейнелейді. Ескеретін нәрсе, үш бірдей романда өндіріс тақырыбы, геологтар, кеншілер, металлургтар тұрмысы суреттеледі. Қазақ жазушыларының ғылыми-техникалық революция дәуірінің қаһарманын батыл бейнелеуге бет бұрғанын көреміз. Төрт романның негізгі оқиғасы индустрия орталықтарында, Теміртауда, Өскеменде, Қаратауда, Алматыда өтуінде мағына бар деп ойлаймыз. Ал енді осы шығармалардың көркемдік-эстетикалық деңгейі қандай дәрежеде? Әдебиет үшін тың бейне, әлеуметтік белсенді тұлға бар ма? Әдебиетте қазіргі өмір құбылыстарын бейнелеуде тапқан эстетикалық игіліктер қаншалықты?

Жазушы өзі жақсы білетін өмір құбылыстарын, етене, белгілі тұрмыстық тетіктерді, әбден зерттеп, екшеп, жинап алған материалдарды шығармаға арқау еткенде, еркін, кең көсілуге мүмкіндік алады. Әрине, қиялдан өтпеген, көркемдік мақсатқа бағынбаған шикізат шығарма тағдырын белгілемек емес. Дегенмен, өнер тәжірибесі өмірлік фактіні, кейіпкерлердің қоршаған ортасын, кәсіптік дағды-әдетін, іс-әрекет машықтарын мамандық ерекшеліктерін терең білудің қаламгер үшін маңызды бір факті екенін көрсетеді.

Облыс орталығында ұзақ жылдар тұратын, кезінде заводта инженер Медеу Сәрсекеев деректі шығармалар әңгіме, повестер, фантастикалық туындылар жаза жүріп, кейінгі жылдары өз тақырыбын, алтын жүлгесін тапқан секілді. Металлургтар өмірінен жазылған “Жаңғырық” романын қазақ сыншылары салқын қабылдағанмен, бұл шығарманың орыс тілінде аударылғаннан кейінгі тағдыры жаман болған жоқ: Москвада басылды, М.Лермонтов атындағы орыс театры сахнасында қойылды.

Осы сәттілікті жақсы сезінген жазушы жаңа “Көмбе” романында (“Жұлдыз”, 1984, № 12) тағы да өндіріс ортасын, жұмысшы тақырыбын, кеншілер, геологтар өмірін бейнелеп отыр. Бір цех, бір завод емес, облыс, тіпті республика деңгейіне көтерілетін мәселелер қозғалады. Жазушы облыстық партия комитетінің секретарлары, геология министрі, академик, Социалистік Еңбек Ерлері, депутаттар секілді кейіпкерлерді бейнелегенде қымсынбай, қуыстанбай, қаламын сенімді ұстайды.

Автордың бұл талпыныстары қазіргі қазақ әдебиетінің әлеуметтік сұранысқа берген жауабы ғана емес, кемелденген өнеріміздің бойына лайық ірілік нышандары деп тану керек.

Шынын айтқанда, жетім шал, жылауық кемпір, жесір қатын төңірегінен шықпайтын, бақайының басына ғана қараған мимырт, қазымыр, әлеуметтік-қоғамдық өрісі тар шығармалар әдебиетіміздің көсегесін көгертпейтіні былай тұрсын, ондай дүниелердің тәлім-тәрбиелік эстетикалық мәнінің өзі шамалы.

Қазақ прозасы геологтар өмірін бейнелеуге бірнеше роман арнаған болатын. Тақырыптық тұрғыдан Медеу Сәрсекеевтің “Көмбесі” сол шоғырдағы шығармалар тобына жатпақ. Негізінен, бұл романда асыл кеннің ұзын өріс, кең қонысын іздеп, аяз жұтып, қар шомып жүрген барлаушылардың қиындыққа да, романтикаға да толы өмірі ғана емес, өндіріс пен геология арасындағы қат-қабат байланыс, осы орайдағы адам характерінің көрінісі суреттеледі.

Автордың көркемдік табысы ретінде Геология бірлестігінің бастығы Ілияс Құдайбергенов пен Ақтас кен комбинатының директоры Қали Жақыпбеков бейнелерін айту дұрыс. Бұл екеуі де күллі саналы өмірлерін тау-кен өндірісіне бағыштаған, осы жолда бақыт, даңқ, атақ, тапқан, техникалық интеллигенцияның көрнекті өкілдері. Бірі геологиялық, екіншісі металлургияның мықтысы, бастары бір қазанға симас екі қошқар. Бұлардың бақталастық, күндестік психологиясын тәп-тәуір ашатын автор оларды шығарма финалында құда ету арқылы оңай татуластырып, сенімсіз ситуацияға барады. Балалар жағдайымен құда болған күнде де ұзақ жылдарға созылған айқастың салқыны, мұз боп қатып қалатын жүректегі шеменді жазушы ескеруі керек еді.

Кен барлаудың жаңа тәсілін ұсынушы профессор Виктор Николаевич Хабаров, геолог Қазыбек Қазтұрғановтарды автор іш тартып отырып суреттейді. Бұл бейнелердің іс-әрекет, ой үстінде көрінуден гөрі, жазушы баяндауындағы айтылуы, қолпаштауы көп. Тұтастай қарағанда, Медеу Сәрсекеев “Көмбеде” техникалық интеллигенция өмірін, кеншілер, геологтар тұрмысын сәтімен бейнелеген.

Өнер интеллигенциясының тағдырына І.Есенберлин бірнеше роман арнады. “Қатерлі өткелде” уақыт көшіне ілесе алмаған ақын трагедиясы көрсетіледі. “Ғашықтарда” өмірдегі және өнердегі сұлулықты бірдей құшқан суретші ізденістері бейнеленеді. Ал автордың көзі тірісінде “Жұлдыз” журналына, “Жазушы” баспасына қолжазбасын тапсырып, бірақ жарияланғанын көре алмай кеткен шығармасы – “Аққу құстар қуанышы” романы. Бұл шығарманың да негізгі тақырыптық объектісі өнер адамдарының ортасы, оның ішінде әншілер, композиторлар, актерлер әлемі.

Қазақ прозасында шын мағынасындағы қалалық романдар сирек, шығармаларымыздың басым көпшілігіндегі оқиғалар ауылда, шырқағанда аудан орталықтарында өтеді. І.Есенберлиннің бүгінгі тұрмысымызды бейнелейтін соңғы романдарының бір ерекшелігі бұлардағы әрекет қалада, дәлірек айтқанда, республика астанасы – Алматыда өтеді. Соғыстан кейінгі Алматы көрінісі, қаланың сол тұстағы архитектуралық бітімі, табиғат жағдайлары романның алғашқы тарауларында дәл қалпында, нақты, сенімді суреттер арқылы беріледі. Романның оқиға жүйесінде деректі, белгілі өмірлік ситуациялар мен жағдайлар жатқанын көру қиынға соқпайды.

Тегінде Ілияс Есенберлин бір тақырыпқа шығарма жазар алдында арнаулы дайындық жасаған, объектіні жан-жақты зерттеп алып барып қалам тартқан қаламгер екендігін оның негізгі романдарының шығармашылық тарихы айқын байқатады.

Кезінде филармония директоры қызметінде болған, көптеген ән текстерін жазған, қызмет бабында артистермен, композиторлармен, әншілермен қоян-қолтық араласып, олардың өнерпаздық сырына қанған, тұрмыстағы қиындықтарын көзімен көрген автордың қыруар роман тудырып, ысылған шағында өзі дәлді де терең білетін адамдардың тіршілігіне шығарма арнауы заңды әрі орынды әрекет еді.

Романда кейіпкерлер саны онша көп емес, негізгі әрекетке қатынасатындар: композитор Ержан, әншілер – Алмагүл, Бірлән, Сырым, Ханшайым. Шығармада бірнеше сюжеттік буын қатар өріледі. Олар бірін-бірі толықтырып, кейде тереңдетіп отырады; әр түрлі сарын-әуездер, түптеп келгенде, негізгі ырғаққа бағынады. Негізгі кейіпкерлерді оқырманға алғаш таныстырғанда автор оларға психологиялық мінездеме береді. Орнымен, сәтімен қолданылған бұл жазушылық тәсіл романның композициясын ширата түскен. Басты кейіпкердің бірі – композитор Ержан Есентаев жақсы шығармаларымен танылып, енді атағы шыға бастаған тұста өмірдің жаңа сынына түседі. Нұрғазы, Ерғазы есімді егіз ұлын бағып, мұның тілеуін тілеп өмір сүріп отырған момын әйелі Жәмиладан суынған композитор жас сұлу, әнші Алмагүлге ғашық болады. Жазушы бұл ситуацияда қазақтың дәстүрін ұстанған, шаңырақтың есендігі, босағанын бүтіндігі үшін, бала-шағаның қамы жолында жастығын, жар қызығын, тіпті өзін түгелдей құрбандыққа беретін байсалды, шыдамды, көнтерлі аналардың бейнесін еске түсіретін, ашуды ақылға, сезімді сабырға жеңдірген қазіргі қазақ әйелінің ұстамды бейнесін жасайды. Ерінің басқа әйелмен курортқа кетіп бара жатқанын көре тұра, арадағы қызылкөздер түртпектеп, сөз жүргізгеніне, әр түрлі мекемелерге барып арыз айту жөнінде емеурін білдіргеніне қарамастан, былқ етпеген Жәмиланы сезімсіз, қытықсыз, намыссыз адам деп айтуға аузымыз бармайды. Естілігіне, мінез байлығына разы боласың. Адалынан беріліп, күйеуі жолында өзін құрбан еткен әйелдің опасыздық көрген кездегі трагедиялық жайдайы бейнеленеді. Тұңғиық көздері тұнжырап, қайғысын сыртқа білдірмей, егіз ұлды тәрбиелеп өсіруге қалған ғұмырын арнағандай ішкі серті бар.

Жан әнші, сұлу келіншекке ғашық болып қосылған талантты композитор талай уақытқа дейін жарсыз қалған әйел, әкесіз қалған баланың панасыз халін, жетім күйін, жүдеген көңілін ойдан мүлде шығарып, ләззат рахатына бөленеді; осындай көтеріңкі көңілмен жүргенде, қуаныш, махаббат, жастық туралы әндердің бірінің артынан бірі туып жатуы заңды еді. Арада жылдар өтеді. Алмагүлден бала көрмеген Ержан Жәмиладан туған ұлдарын сағынады. Жастай тастап кеткен әкеге егіз ұл тез суынған, өкпе емес, ашу, ыза секілді қабақ танытады. Тек өзін, атақ-даңқын күйттеген тәкаппар әнші Алмагүл кемшіліктері бұрынғыдан да асқынған; өнерпаздық дағдырыста жүрген, жаны күйзелген композитор күйеуіне қол ұшын беріп, тығырықтан құтқарар жан бұл емес. Талғамы шамалы топтың көңілінен шығатын желкілдеген, ырғақ билеген, эстрадалық аз күндік ғұмыры бар әндер айтып, қол шапалақтау естігеніне мәз. Әйелінің репертуарына ғана арналған жеңіл-желпі ән шығарудан аса алмай қалған композитор Ержан қиналады, жаңа өрістерді таба алмай азапқа түседі.

Мұндай қиналыстар екінші бір кейіпкер – опера әншісі Бірлән басында да бар. Бірақ оның тағдыры жылы ұя, сүйген жарын тастап, жаңа рақат таппақ болып адасқан Ержан тағдырынан күрделірек, дәлірек айтқанда, аянышты, қайғылы.

Жазушы Бірлән бейнесі арқылы тұрмыстың небір соққыларын көрсе де мойымаған, қандай қиын жағдай болса да, өнерді бірінші қатарға қойып, табиғат берген асыл сый – талант, қабілет, дарын атты қасиетті аяқ асты етпей, халық игілігіне жаратуға күш салған, қажырлы, табанды адамның, үлкен жүректі, зор сезімді - әйелдің бейнесін жасау талабын іске асырған.

Бала күннен бірге өсіп, біте қайнаған, жастай қосылған алғашқы күйеуі Сақан қоңыр төбел адам болғанымен, келе-келе Бірләнді өнерге қимай әр түрлі спектакльдерде жұптасып ойнайтын еркек актерларға дәлелсіз теліп, ақыры жан-дүниесін қызғаныштың қызыл оты өртеп, адамгершіліктен кетеді де, айқай-шу, дау-жанжал шығаруды бастаған, оның аяғы ұрыс-керіске, тіпті ұрып соғуға, күнәсіз жәбірлеуге ұласқан. Осындай азапта жүрген Бірләннің сұлу жігіт, талантты әнші атағы енді көтеріле бастаған жас пері Сырыммен танысу, жақындасу, табысу сәттерін жазушы психологиялық тұрғыдан сенімді бейнелейді. Бұл қатынастар бойдақ Сырым үшін еш нәрсеге міндеттемейтін, өз жайлауын табу жолындағы бір қоналқы бекет секілді ғана, ал Бірлән үшін сынған ерді жамайтын, жаралы жүректі емдейтін, бұзылған ұяны бүтіндейтін – үйленуге апаратын жол секілді.

Автор дарындылық пен дарынсыздық шарпысуын, Моцарт пен Сальери мотивін, таланттың жүдеу, азу себептерін, өнердің көрекю шарттарын нақты тағдырлар, жеке адамдардың бейнелері арқылы көрсетпек болған. Осы реттен келгенде, талай өнерпаздарды мезгілсіз құртқан, тіпті олардың түбіне жетер кесірдің бірі – ішімдікке салыну кесепатын жазушы Сырым бейнесі арқылы ашады. Табиғат сұлу мүсін, әдемі көрік, әуезді әсем дауыс берген Сырым өз бойындағы талантын таза сақтап, күте білетін адам емес, әр түрлі нәрсеге еліктеген басқалардың ықпалына оңай түсетін, жеңіл мінезді жігіт. Сүйіспеншілік сезімге де жауапты қарамайды, әйелдермен қалай оңай танысып, табысса, солай оңай ажырасады. Ол үшін қайғырып та жатқан жоқ. Сабырлы, ақылды әнші қыз Ханшайым Сырымға күйеуге шыққан күннен бастап азапты дерт – ішкілікпен күреседі. Шығарманың бұл жәйттерді бейнелейтін тұстарында автордың этикалық, адамгершілік мұраттары айқын көрінеді; жарына шын берілген әйелдің қандай ауыр қорлыққа, мазаққа шыдайтыны суреттеледі, түбінде зілді сырқатты жылы жүрек, аялы алақан жеңетінін уағыздайды.

Тұрмыс соққысынан, отбасы талқысынан, ішкілік кесепатынан арылып, қайтадан түлеп, жаңғырып, өрлеп өскен үш өнерпаз – композитор Ержан, опера әншілері Бірлән мен Сырымның үлкен дарынының күшімен көрерменді тебіренткен “Арман” операсының тууын, дайындалуын, сахнада қойылуын жазушы шабытпен жазады. Өмірлік шындық пен көркемдік шындықтың қабысуы тиянақты бейнеленеді. Аңқау жас Бибішті қолына түсірген әккі Махмұдтың тас жүректігі, адам аямас қаталдығы кісі шошытады. Бұрын қазақ ортасында кездеспеген көз көріп, құлақ естімеген жайтқа баруы, өгей де болса асырап, бағып-қағып өсірген шешесі – Бірләнмен көңіл қосып жүруі, ақыры қызы Бибішке үйленіп, басқа қалаға көшіп кетуі – адамгершілік нормаларды аттап кеткен, рухани азғынның кескінін танытады. Бұл ситуацияға біреулер иланса, екінші біреулері сенбеуі мүмкін. Әрине, автор, көзі тірі болса, әр түрлі үлкенді-кішілі өзгерістер жасау, редакциялау жөнінде пікір айтуға болар еді. Өкінішке қарай, әдебиетіміздің қара нары, еңбек торысы қазір ортамызда жоқ.

Өткен Ахметовтың “Конвертор” романында оқиға өтетін қала Құрышкент деп көрсетілгенмен, мұның әйгілі Теміртау қаласы екенін оқырман бірден байқайды. Бұл қалада орналасқан әйгілі металлургия комбинатының өмір тіршілігі бұрын З.Шашкин романында, Р.Сейсенбаев пьесасында бейнеленген болатын. Қарағанды қаласында тұратын, кезінде өзі де шахтер болып істеген, жұмысшылар өмірін жақсы білетін жазушы Өткен Ахметов романының композициялық бітімі ширақ, оқиғаларда созылыңқылық, бөлек-салақ нәрселер аз. Конвертор цехының өмірін, ондағы адамдардың ара-қатынасын бейнелеуге автор бірқыдыру күш салған. Нұрғазы Найзабаев бойынан өндірістен өсіп шыққан, қазіргі заман талаптарына жауап беретін жігерлі, білімді, қайратты қызметкердің қасиеттерін көруге болады. Цех бастығы Долото - өндірістік жағдайдан басқаға мойын бұрмайтын қатал, бірбеткей, қисықтау адам ретінде көрінеді.

Болат балқытудың өнімін арттырудың жаңа тәсілін ұсынып жүрген Ақтан Артықбаев қазіргі қазақ жұмысшысының жақсы қасиеттерін бойына сіңірген адам болып баяндалады.

Негізінен, шығарма очерктік, документті проза стилінде, тым атүсті жазылған. Комбинат директоры Айдар Ақбасов, партия комитетінің секретары Данил Зорин, көрікші Жүніс Адамов эпизодтық персонаждар қалпында ғана көрінеді. Есте қаларлықтай бейнелер жасалмаған, үлкен комбинат адамдарының ішкі әлемі, психологиялық тебіренісі, сезім күйлері көрінбейді. Жиналыс эпизодтары, конвертор жұмысының өндірістік көрінісін тәптіштей жазу көркемдік табысқа жеткізбеген.

Өзінің көркемдік зерттеу объектісінен айнымайтын жазушыларымыздың бірі - Әкім Тарази. Оның қаламынан туған әңгімелердің, хикаяттардың, романның, пьесалардың негізгі тақырыптық өрісі – адамгершілік мәселесін қамтиды, дүниеқоңыздық (вещизм), мещандық өзімшілдікпен күрес сарыны – авторлық мұратпен сабақтасып жатады. Жиырма жылдан асқан қаламгерлік сапарда жазушы стиліне көп өзгеріс түскен жоқ. Сол алғашқы шығармалардағы жинақылық, шымырлық, динамизм бәз қалпында.

“Мейірім” романында автор қазіргі өміріміздің сан алуан шындығын әр түрлі мамандық иелерінің тағдыры арқылы көрсету мақсатын алдына қойған. Орманшы, шофер, кәсіптік-техникалық училище, орта мектеп оқушылары, кәсіпорын басшысы, артист, кенші – осы секілді әр түрлі кәсіп иелерінің жолдары өмір талқысында бір-бірімен қиылысады. Жазушы кейіпкерлерінің кескін-тұрпатын, мінездік пішінін, сөздік сипаттамасын даралап, ерекшелеп беру үшін көркемдік тәсілді талғап қолданады, түрлі стилизацияға барады.

Негізінен, Ә.Тарази диалектизм, жаргон, кәсіби сөздерден бойын аулақ салған, әдеби тілдің қалыптасқан нормаларын берік ұстаған жазушы. Суреттілік, бейнелілік кілтін бұл қаламгер контекстен іздейді, сөздерді жаттанды, ескі ұғымда емес, жаңа, оқыс мағынасында қолданады. Сол тәсілін автор кейде оқырман түсінбей қалады-ау деп сескенетін тәрізді, әлгіндей мақсатта пайдаланған сөздерді, тіркестерді тырнақшаға алады. Сондай тырнақшалар шамадан тыс көбейіп кеткен. Мұндай қауіпсіздік шараларының тіпті де қажеті жоқ.

Айтылмыш роман оқиғалары қалада, яки ауылда өтеді деп кесіп айту қиын, жұмысшы қалашықтары, қала қатарына кірген кеніш орталықтарында, орман шаруашылықтарында өтеді.

Кейіпкерлер бойынан да қала, дала тұрғындарының мінез сипаттарын табуға болады. Ә.Таразидің жазушылық бір ерекшелігі адам мінездерінің психологиялық табиғатын әлеуметтік факторлармен тығыз байланыста алуында жатыр. Ол, әсіресе тоғышарларды, пайдакүнемдерді, мансапқорларды бейнелеуге гротеск, шаржға түсіп кетпей, реалистік сенімді арнада көрсетіп отырады, әлгіндей соғындылардың тұрмыстық болмысын, қарым-қатынасын, мінез-құлық ерекшеліктерін тап басып, дәл суреттейді.

Жоғары ауылшаруашылық білімі бар, кезінде комсомол қызметінен сүрініп кетіп, ендігі напақасын орманшылықтан тапқан Кәкіш - Ә.Таразидің “Мейірім” романындағы қызықты кейіпкер ғана емес, соңғы жылдардағы қазақ әдебиетіндегі сәтімен табылған әлеуметтік тұлға десек артық болмас. Түп төркіні бұрынғы Кірпішбайлар әулетінен шықса да, бұл қарға тамырлы емес, қарағай тамырлы мықты, қастасқан адамын құртпай тынбайтын кекшіл, жеке меншік малы тау-таста, орман-тоғайда өсіп-өніп жатыр, оның есебін өзінен басқа ешкім білмейді, білдірмейді де. Ақшасына, дәулетіне ғана сенген сасық байлық иесі емес, бұл мың ойланып, жүз толғанып, көп нәрсені ақылмен, айламен шешетін жырынды.

Романдағы көп кейіпкердің тағдыры – анау Қиыр Шығыстан жер, ел аңсап көшіп келген Ғалия мен Ботабай, жас ғашықтар Сәния мен Сағат, шофер Сәтімбек (неге екені белгісіз, автор біресе мұның тоғыз баласы, біресе он баласы бар дейді), інісі Мәкіш, кәсіпорын бастығы Қайыржан Көпбаев, қойшы әйтеуір, көп адамның тағдыры Кәкіштің қолында.

Тегінде, Ә.Тарази шығармалары оқиғалық, сюжеттік тұрғыдан тиянақталмай, оқырманды ойда қалдыратыны болатын. Кейіпкерлер басында, мінезінде кездейсоқ оқиғалар, күтпеген жәйттер кездесе беретін. Шығарманың түп қазық ойы жиналмай, әр жерде бір төбе көрсеткен сарындар жамырап кетуші еді. Сол олқылықты “Мейірім” романынан да көреміз.

Қазіргі қазақ прозасы тақырыптық, мазмұндық тұрғыдан да, жанрлық формалары жөнінде де, авторлар құрамымен де ұлттық өнеріміздің маңызды, өнімді, жемісті саласының бірі екеніне шәк келтіруге болмайды.

Бұл тұжырымның ақиқатына 1984 жылы жарияланған романдарды оқып бір көз жеткіздік.

Осыдан аз уақыт бұрын кейбір әдебиетшілер, сыншылар қазіргі қазақ әдебиеті тарихи тақырыптарға көбірек көңіл бөледі, ескі ауылды аңсап жазған шығармалар молайып кетті, ғылыми-техникалық революция (НТР) әсерінен туған жағдайлар бейнеленбейді, бүгінгі дәуір қаһармандары, өз замандастарымыз суреттелмей қалды деген қияс пікірлер айтуға дейін барған-ды. Мұндай тиянақсыз, дәлелсіз қисындардың қате екендігін қазақ әдебиетінің жанды даму процесіне назар аударған адам бірден ұғады.

Сонымен, әр қырынан қаралған, сөз арқауы болған шығармалар қазіргі қазақ романындағы кейбір тенденциялар туралы байлам жасап, пікір түюге мүмкіндік береді.

Идеялық айқындық, халықтық нысана – позицияда ауа жайылу, шатқаяқтау, жат сарындарды қоңырсытудың жоқтығы, қазақ прозасының идеялық денінің саулығы қуантады.

Идеологиялық, көркемдік-эстетикалық, тілдік-стильдік, сюжеттік-композициялық позиция тұрғысынан келгенде қойылар талап, айтылар тілектер көп.

Ең алдымен, күн тәртібінде халқымыз басынан өткерген қиын тағдырларды көрсету мақсаты тұр.

Көптеген, електен өтпеген, жазушы қиялында екшелмеген материалдар шығармаға еніп кетіп жүр; диалогтарда астар, салмақ жоқ; ұзын-сонар қысыр сөзге бұрыла береміз, реалистік тіл жетіспейді; бірталай авторлар романның жанрлық формасын меңгермеген; ең үлкен олқылық - әлеуметтік-психологиялық айқастар үстінде көрінетін кесек характерлердің жоқтығы – бұл кемшіліктер, кінараттар жойылмаса, қазақ романының көсегесі көгермейді.

Романды жанр ретінде өлдіге санап, талай рет жаназа шығарғандар болған.

Осыдан ширек ғасыр бұрын “Лениншіл жас” газеті Мұхтар Әуезов ашқан қырғыздың жас жазушысы Шыңғыс Айтматовтың “Жәмила” хикаятын бірнеше санында түгел жариялап шықты. Шыны керек, халқымыздың ең көп тарайтын газеті бетінде көлемді шығармасын түгел бастыру бақытына ие болған қазақ жазушысының өзі кем де кем.

Тырнақалдысынан бастап, Айтматов туындылары сиясы кеппей тұрып-ақ бізге қолма-қол жетіп жатады, тіпті оның бірқыдыру дүниелерін ана тілімізде қырғыздардан бұрын оқығанымызды жасырмаймыз. Айтматов шығармалары негізінде қойылған спектакльдер қазақ театрының ең үздік репертуарына айналды, жоғарғы сыйлықтарға татықты болды, көрермендердің бірнеше буынын тәрбиеледі. Қысқасын айтқанда, соңғы 25-30 жылда қазақ әдебиеті мен өнеріне орасан зор әсер етіп, оның көркемдік-эстетикалық, философиялық-әлеуметтік ізденістеріне ықпал жасаған туыстас елдер өкілінің ішінде кім бар деген сауалға, біз ең алдымен, туындылары әлем оқырмандарын тұшындырып отырған шын мағынасындағы реалист қаламгер Шыңғыс Айтматов деп жауап берсек, қате болмас еді.

1985 жылы бір үзіндісі “Литературный Киргизстан” журналында жарияланысымен, “Айтматов жаңа роман жазыпты” деген хабар қалың оқырманды да, әдебиетші қауымды да қатты елеңдетіп, күні бұрын шығармаға ынтазар етті. Шынын айту керек, Шыңғыс романы басылған “Новый мир” журналын қолға шырақ ұстап жүріп таппайсыз, біреуден біреу сұраған, кезек күткен, тауып бер деген жағдай бар. Дүкендер оқылмайтын кітаптарға толып, аузы-мұрнынан шығып, жазымпаздардың кереқарыс романдары тау-тау үйіліп, көр-жерге айналып макулатураға кетіп жатқанда, әлі жеке кітап болып шықпаған, журналда ғана жарияланған дүниесін әр ұлттың әр жастағы, әр мамандық иелері ат арылтып, тон тоздырып іздеді. Аудармашылар Айтматовтың жаңа романының атына дәл балама таба алмай қиналды. Шынында, қазақ, қырғыз арасында да жан түршілегрлік неше түрлі жазалау түрлері болған ғой: дарға асу, қазыққа отырғызу, ат құйрығына байлап жіберу, көмейіне қорғасын құю, тірідей жерге көму, тас боран жасау, бауыздап өлтіру, омыртқасын сындыру, айта берсе, жауыздық әрекеттер толып жатыр. Ал енді, біз білгенде, адамның басын ағашқа салып шауып өлтіру – қазақ, қырғызда жоқ әдет. Бірақ, Қазақстанның орман-тоғайлы жерлерінде “Плаха” ұғымын беретін “Жаңғырық” деген сөз бар. Бұл “Эхо” дегендегі жаңғырық емес, кеспек, дөңбек, шөрке сөздеріне жақын, қарағай, әсіресе қайың секілді қатты ағаштардың бұтақты, безді, берішті тұстарынан әдейі арнап кесіп алған, ағаш бұтағында, отын кескенде балтаның астында жататын төс ағаш, орыс тіліндегі “Плахаға” бейнелік, заттық, деректілік тұрғыдан да жақын сөз деп білеміз. М.Әуезов, С.Сейфуллин, С.Мұқанов шығармаларында “жаңғырық” сөзінің екінші мағынасы – төс ағаш, плаха.

Біз роман атына неге көп тоқтап тұрмыз?

Себебі қашан да Айтматов шығармаларының аты авторлық концепциямен, суреткерлік идеямен, жазушы позициясымен, бейнелер табиғатымен терең диалектикалық байланыста: туындының эстетикалық әсері, философиялық салмағы, көркемдік сарыны сығымдалып, тұжырымды әрі суретті түрде оның атынан көрініп тұрады, кейде сиқырлы күшпен символдық мәнге ие болар тұстары да бар. “Ана-Жер-Ана”, “Қош бол, Гүлсары”, “Ақ кеме”, “Боранды бекет” – осылардың бәрінде бейнелі астарлы, ишара, терең, тұңғиық мағына жатыр.

Жазушының соңғы романының аты туралы да осыны айту керек. Жазушы Шерхан Мұртазаев “Плаха” романын “Жан пида” деген атпен қазақшалады. Сан жөнінен, көлем тұрғысынан қарағанда, Шыңғыс Айтматов туындыларының мөлшері көп емес, кез келген әдебиеттегі қарабайыр, қоңыртөбел прозаиктардың бірқатары ондай нәрселерді елуге жетпей-ақ жазып тастай береді ғой. Ал мағына, тереңдік, көркемдік критерийлеріне жүгінсек, қазіргі әлем өнерінің ең үздік шығармаларының қатарында Айтматов туындыларының көрінуі, қырғыз, қазақ әдебиеттері үшін ғана емес, жалпы әдебиеттің мерейі, халықтық, гуманистік мұраттарды ұстанатын өнер салтанаты.

Айтматов талантының сапалы бір ерекшелігі ол әрбір кезекті шығармасында тың өмірлік материалды ала отырып, соны стильдік, композициялық форма пайдаланып, жаңа бейнелер, тосын тұлғалар тудырып, ерекше көркемдік әлем ашады. Айрықша ескерер жәйт – күні бүгінге дейін ол бір шығармасында қолданған баяндау тәсілін, архитектоника элементтерін екінші рет қайталаған жоқ. Үнемі, тұрақты қайталанатын бір-ақ нәрсе бар. Айтматовтың барлық туындысының темірқазығы – адам, ауыр тағдырлы, трагедиялық қаһарман. Жәмиладан басталған осы арна Танабай, Едігеге жетіп, енді Авдий Калистратов, Бостан Үркіншиев болып жалғасып барады.

Жазушы шығармашылығындағы ең үлкен сарын, басты пафос өмірдің сұсты келбетін, тіршіліктің қаһарлы сырын реалистік дәлдікпен, азаматтық адалдықпен, суреткерлік шыншылдықпен, қаламгерлік тереңдікпен бейнелеу, адамдар тағдырындағы диалектикалық қайшылықтарды ашу, өмір мен өлімнің мәңгілік тайталасындағы жеке адамның орнын көрсету; жазушы науқандық, өткінші ұрандарға бой алдырмай, көркемдік, идеялық, шыншылдық талаптарын берік те қатал ұсынады. Әдебиет тарихы қанша тереңде жатқанымен, жазба ескерткіштері мол болғанымен, қазақ, қырғызда реалистік әңгіме, хикаят, роман дәстүрінің шағындығы әр кезде шаң беріп қалады. Біреулер фольклорлық сарындарға түсіп кетсе, екіншілер әдеби схемаларға шырмалады, ал Айтматов халықтық ғасырлық дәстүр, аңыз, миф байлығы мен реализм мектебіндегі шеберлік сырларын әлеуметтік, психологиялық проза сабақтарына берік ұластырып, қазіргі заманның күрделі шындықтарын ашатын, ұлттық бояуы қанық, интернационалдық байлығы мол, философиялық терең, мазмұнды формасымен көз тартатын жүзіктің көзінен өткендей көркем, ықшам, қорғасындай салмақты туындылардың тұтас галереясын жасады.

Кемеліне келіп, сабасына толып, дүниенің төрт құбыласына бірдей қарай алатын шақта, даналық пен шеберліктің керторысына мінген дарабоз – Шыңғыс Айтматовтың “Жан пида” романында басты кейіпкердің бірі етіп орыс адамы – Авдий Калистратовты алуы, осы діни отбасында өскен, діни академияда оқыған, құдайға құлшылық ететін, діни аңыздарды, кітаптарды жақсы білетін жігіттің шаршап шалдыққан шақта, соққы, таяқтан әбден қалжырап, есінің өзі кіресілі-шығасылы болып қалған кезде, өмір мен өлімнің ауысатындай бір сәтінде Иусус Христос пен Рим прокураторы Понтий Пилат арасындағы оқиғаны еске түсіруі бізді әсте таңырқатпайды.

“Комсомольская правда” газетінде жарияланған мақаласында, Библияны зерттеуші маман философ, проф. В.Кривлевтің осы ситуациядан “құдай іздеу” сарындарының шалығын көруі ақылға симайды, дәлелсіз айтылған пікір. Әдеби туындының эстетикалық, көркемдік табиғатын түсінбей, жалаң социологизмге бой ұру бар. Ақырында Калистратовтың сексеуілге асып өлтірілуі – оның жолының, ізденісінің қайырсыз екенін көрсетіп тұрған жоқ па? “Литературная газетадағы” пікір таласында В.Аверинцев те христиан мифологиясын жазушы қаншалықты дәл біледі деген сұрақты қазбалап, романның полифониялық сипатын, мол сарынды, көп әуезді сырын, оқырманға ой тастап отырған полемикалық сипатын ұмытып кетеді.

Библиядан жақсы белгілі, көптеген шығармаларға азық болған, сан алуан интерпретацияға түскен, әсіресе М.Булгаковтың “Мастер и Маргарита” романында пайдаланған Исустың дарға асылар алдында рим прокураторы Понтий Пилат алдына келуі туралы христиан мифін Шыңғыс Айтматов бүгінгі күн проблемаларына сарындастырып пайдаланған. Қайталап айтамыз, Исус пен Понтий Пилат арасындағы диалогтарда “жаңа құдай іздеу” сарыны жоқ, өлім мен өмір, мәңгілік пен өткіншілік, әкім мен пенде арасындағы мың жылдар бойы толастамаған шайқастың шындығы жатыр.

Ал сыншы В.Кожинов аузымен романда композициялық, көркемдік тұтастық жоқ деген сыңай айтылып қалды, қосылуға болмайтын пікір. Рас, романда бірнеше деңгей, бірнеше үйірім, бірнеше ағыс бар. Біздің ойымызша, осылардың бәрін тұтастырып, жымдастырып тұрған екі қасқыр – Ақбөрі мен Тасшайнар арнасы. Ұлы ұстазы – Мұхтар Әуезовтің “Көксерек” хикаятындағы идеяларды, сарындарды Шыңғыс Айтматов бүгінгі қаһарлы заман шындығына орай тереңдетіп, ұлғайтып, дәстүрді жалғастырды. Адамзаттың, жан-жануардың, табиғаттың басы бәйгеге тігілген зор апаттан шошына үркіп тұрған қазіргі дәуірдің қаны сорғалаған шындығын ашты. Адамдардың дертінен, сор, кеселінен пайда табатын наркомандар былапыт әлемі төбе құйқаны шымырлатады: Обер – Кандалов, Гамлет – Галкин, Үзікбай – Абориген, анау Базарбай Нойғұтов – бұлар бір тажал, жалмауыз.

Мәңгі мұз жарығында көмусіз қалған Ерназар, қартайғанда көрген жалғызын аңдаусызда, дұшпаны Базарбайды әдейі атқан – Бостан, зарлап қалған Гүлімхан, Ыстықкөл жағасында қыңсылаған Ақбөрі – бұлар бір зарлық.

Өзінше бір әділет жолын іздеймін деп жүріп айдалада, сексеуілге асып өлтірілген Авдий Калистратов, Мойынқұм, Алатаудан қуғын көріп, нәсілінен айырылған екі қасқыр Ақбөрі мен Тасшайнар, өмір тәлкегін көріп ақыры абақтыға кетіп бара жатқан Бостан Үркіншиев тағдырлары – зор трагедиялар.

Әдебиетте наркомания секілді әлеуметтік дертке қарсы дауыс көтерген, экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуын, адамдар арасындағы қайшылықтардан туған алапат тартыстарды көрсеткен “Жан пида” – психологиялық роман, дәлірек айтқанда, Шекспирлік қуатпен жазылған Достоевский, Толстой үлгісіндегі роман – трагедия.

Адамзаттың өз басына, оны қоршаған ортаға, шындығына келгенде атамыз, анамыз қара жерге қауіп төніп тұрған ядролық апатты заманда, уақыттың көкейкесті, актуальды проблемаларын толғағанда азаматтық парасатты, жазушылық кемеңгерлікті бір үйренсек, Шыңғыс Айтматовтан үйренсек керек. Оның бүкіл қаламгерлік жолы, әсіресе соңғы роман-трагедиялары осы тұжырымға ден қойдырады.

“Қазіргі асығыс заманда, уақыт жоқ кезде әңгіме, хикаят демесең, роман оқылмайды”.

“Роман өзінің барлық мүмкіндігін сарықты, бұл әбден титықтап біткен жанр”.

Бұл пікірлер кеше айтылған, бүгін де айтылып жүр. Бірақ әлем әдебиетінің фактісіне, қазіргі жағдайға қарағанда, заманымызды, өткенімізді, болашағымызды ең терең, ең жан-жақты, ең объективті бейнелейтін әдеби жанр қалай дегенде де – роман.

Жасырып қайтеміз: “Қазақ әдебиетінде роман дегеніңіз жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақ секілді қаптап кетті” дейтін күңкіл бар. Көлденең көк атты, көбік ауыздар не десе, о десін, өмірдің даму процесі романды қажет етіп отыр. Қазақ романы алмаған асу көп.

Психологиялық роман, детективті роман, фантастикалық роман бар ма? Стефан Цвейг, Андре Моруа үлгісіндегі роман – ғұмырнаманы кім жазды? Ешкім жазған жоқ. Тарихи романдарымыз Әуезов салған үлкен дәстүрден төмен тұрғанын жасыра алмаймыз.

Роман – монолог, роман – документ, субъективті роман, объективті роман, полифониялық роман, әлеуметтік роман, роман– портрет, роман-естелік – бар ма осылар?

Ендеше, қолдан келсе, роман жазайық!



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   39   40   41   42   43   44   45   46   47




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет