ВИСТ.. ПАС… МИЗЕР…
–Кеше көрген кісің бүгін жоқ. Бүгін көрген кісің ертең жоқ. Жан-жағыңнан оқ жауып жатқан секілді. Баудан түсіріп, қырып жатыр. Жер-көктің әрінен қан жауып тұрғандай. Газет атаулының бетінен өлім сорғалап тұр. Радиодан ажал төгіледі. Бәрінің айтатыны бір-ақ сөз: халық жауы, фашист, шпион, қыру, жою. Кеше ғана бүкіл ел болып, төбеге көтерген, ардақтап аспанға шығарған азаматтардың қол-аяғын шынжырлап, абақтыға тықты. Дүние-мүлкін қаттап, тартып алып, бала-шаға, үрім-бұтағын торғайдай тоздырып қаңғыртып жіберді, жер аударды, түрмеге салды.
Тыныштық кезде адамның үш ұйықтаса ойына келмейтін сұмжық жағдайдарды көрдік. Екі туып, бір қалған ағайындар бірінің көзін бірі шоқыды. Ұстазын соттатып жіберген шәкірт аға төсегінде масайрады. Жас жалмауыз ұлы ақынның түбіне жетіп, оның бала-шағасын ақ қар, көк мұзда далаға айдап шығып, қалған-құтқан қол жазбасын дәретхана қағазы орнына пайдаланды. Әр шөптің басын шалып жүрген бір дүмбілез ақын бар еді, кісінің көзіне тура қарамай, үнемі төменшіктеп жүретінінен-ақ сезіктенуші едім, сол мұндар қанды-қырғын науқаны кезінде құтырып шыға келді, талайдың түбіне жетті, тіпті маған ауыз сала бастады... Сөйтіп қайтсем орға түсірсем деп, далбасалап, тіміскілеп жүріп, өзі айдалып кетті сорлы.
Сол мұндар көп азап шегіп, көп жылдар бойы ит қорлық көріп, азып-тозп қайтып келді. Азаматтығымды аяғаным жоқ, пәтер алуына, жазған-сызған дүниелерімнің басылуына көмек бердім, бірақ әлі де өзін сүймейді, көргім келмейді, сөйлескім келмейді, қарсы кездессе бұрылып кетем…
Өңің түгіл, түсіңде көрсең жүрегің жарылып кететін зұлымдықтарға дүние толып кеткендей болды. Бірақ адам итжанды деген рас. Тіліңді тістеп, көрсең де көрмегендей, естісең де естімегендей, білсең де білмегендей болып, адам кейпінен басқа бір үндемес, сезбес, ұқпас мақұлық кейпіне ауысқандай болып, мәңгүрттеніп кетеді екен адам. Бір күн, бір ай, бір жыл болса бір сәрі, ұзақ уақыттар, тұтас замандарға созылғандай әбілет, албасты, жын басқандай болып, мелшиіп меңіреуге айналсын. Ешкімг сәлем бермейсің, әлем алмайсың, сыр бөліспейсің, жұрт көзіне түсіп ешкіммен қыдырмайсың, топ ішіне кірмейсің. Мен білген азаптың бір түрі осы – үнсіздік қасіреті. Тұтас ұрпақтиың буынына түскен жұлын құрт осы кесепаттан қиылды, көптеген көгенкөз ешкімге сенбейтін, не құдайға, не үкіметке пейілі жоқ, рухани сорлыға айналды.
Қанша оңашаланғанмен, ешкіммен араласпаймын дегенмен, жазушылар ортасы, ағайын-туыс, жекжат-қайынжұрт, сапар – еріксіз адамдармен қатынасқа түсіреді. Әсіресе, Абай атаң айтқандай, қазақтың өзге жұрттан тілі ұзын. Дастарқан басында ет жеп, шай ішіп, оп-оңай тұрып кету жоқ, бір күндік жұмысқа бергісізз ұзақ отырыс басталады. Уақ-түйек, өсек-аяң айтылады, әр түрлі сыбыз сөз болады, кісі сыртынан әңгіме қозғалады. Біреу мақталады, біреуу датталады. Біреуді мүсіркейсің. Біреуді жек көресің.Ылңи аңдығае көз. Ылғи елеңдеген құлақ. Ертеңіне айтқаның түгіл айтпағаның қалаға, далаға тарайды. Кейде ет қызуымен, шыдай алмай, кейде әділет үшін күйіп кетіп, шындықты айтып тастайтын кездер болады. Әйтпесе жала, ғайбатпен күйіп кеткнедер туралы бірдеңе айттың дегенше, құрыдым дей бер. Өсек-аяң болып тараған сөздердің құйрығын ұстау оңа йемес шығар, ал енді арнаулы мекемелер жасырын қызмет ететін сол үшін ақы-пұл, атақ-абырой, шен-шекпен алатын, қасыңда жүретін, сенімен үнемі араласу мүмкіндігі бар дәндемдерден аяқты қалай тартасың? Жасырын, жымысқы қызметте бар-жоғын ол соған сездіре ме? Бұл өзі жақыннан жау іздеткен, өзіңе-өзің сенбеген күйге түсіретін ыбылыс зындан.
Қанша тырбанғанмен ол шұңқырдан шығу мүмкін емес. Еріксіз біреулермен араласасың. Еріксіз қонаққа барасың, барғаннан соң, өзің де шақырасың. Қалай аузын бұған өгіздей болы үндемей отырасың? Мен шашымды алдыратын, кейде моншаға бірге баратын Исаак Абрамович дейтін жебірей бар еді, соған бір жолы қалжыңдап Қонақта сөйлеме отырудың әдісі бар ма дедім. Бармау керек деді. Бұл жарамайтын әдіс. Тамақты тез ішіп, кетіп қалу керек деді. Бұл да жарамайтын әдіс. Ақыры тапты, жебірей емес пе? Карта ойнап үйрену керек болды. Ұзақ ойналатын переферанс деген бұрығы ақсүйектердің, қолы бос мырзалардың ойыны бар екен. Әлгі жебірей сол ойынды маған үйретсін. Бұрын қолыма карта ұстап көрмеген басым әңкі-тәңкі. Ақыры үйрендім. Қонаққа барсақ, карта суыра бастаймыз. Басқа сөз жоқ, ала қағаз, қарындаш, бес-он тиын ақша.
Вист, пас, мизер деп шұлғимыз да отырамыз. Сөз, өсек, әңгіме, дау-дамай – бәрі адыра қалады. Вист-пас, мизер. Өзім іштей менің соңыма салынған жансыз сенсің-ау деп қауіптенетін біреу бар еді, құдай ұрғанда,әлгі де преферансты үйреніп алып, төртінші қол ретінде домаланып отыра қалатын болды. Мұхтар болса ежелден ұстаздықпен, жазушылықпен қатар шұғылғанған кісі, оның үстіне әйелі орыс, көп қазақы қатынасқа түсе қойғанжоқ, университетте лекциясы, академияда ғылымы бар – қолы да тимейді. Сәбит күндіз-түні бұрқыратып жазатын тынымсыз жазушы; мен болса, ұзақ жылдар өкімет қызметін істемей, үйде отырдым, және шабыт, күй, жағдай келмесе, күнде жазуға жоқпын. Аңшылық, биллиард дегенмен әуес болдымның түкпі сыры серілік көңілден туса, карта деген уақыт жейтін кесепат заман дертінен, мезгі азабынан жабысқан пәле деп біл. “Вист, пас, мизер”.
“Ежов па, Каганович пе?”
–Бұрынғы қазақтың қол бастаған батыры, сөз ұстаған биі қан майдагда мерт болса болған шығар, ал абақты түрме деген азапты орындары патша заманынан кейін басталған құқайлар ғой. Әріректе. Сөйтсек, бертінде Мәди темір тордың аржағында торықса, төңкеріске дейін Алаш басшылары Ахмет, Міржақыптар да ол жердің қара нанын жеп көрген. Сәкен көрген азаптар белгілі. Жезмұрт, Сталинді айтам, бас-аяғы он шақты жылың ішінде қазақ зиялыларын торғайдай тоздырып жіберді. Алдымен Алашордаға Ленин берге кешірімді естен шығарып, баспа, оқу орындарында, мәдениет мекемелерінде халық үшін шын беріліп еңбек етіп, оқулықтар жазып, көркем шығарма тудырып жүрген зор білімді, айрықша талантты қайраткерлерді көгенмен тізгендей етіп, жиырмасыншы жылдарың аяғында түрмеге тықты, олар Солтүстік мұзды мұхит маңында азапқа түсті, Ақтеңіз – Балтық каналын қазу жұмыстарында мерт болды. Сол алғашқы қамаудан Жүсіпбек, міржақып қайтпай қалды. Тірі келген Ахмет, Мағжан, Халел бірер жылдан соң отыз жетінің қақпанына қайта түсті. Әлихан, Әлімхан түгел кетті. Бұлардың ескі қоңырауы бар – ұлтшылдық қозғалыс көсемдері, Совет өкіметін қолдамаған деген желеу ұмытылмайды.
Ал енді қып-қызыл коммунист Сәкеннің жау, шпион екендігіне сеніп көр. Күні кеше қасында болған бірге жүріп, тұрған Бейімбеттің дұшпандығына қандай дәлел бар? Ашынып, күйіп кеткен соң “Бейімбет жау болса, мен де жаумын” демей не дейсің?
Ол сөз әлі мойынға бұғалық қынадай қыра бастаған шақта, ондай әрекетке бармақ түгіл қараған басыңды қалай аман алып қалу мұң боп кетеді. Қадап айтайын: Мүсірепов біреудің обалына қалды дегенді естідің бе? Естіген жоқсың. Қанша архив ақтарсаң да еш жерден мені күйдірердей бір жапырақ қағаз таппайсың. Әуелі қызметтен кетірді, одан кейін партиядан шығарды. Енді ұстап әкететін шығар деп, жылы киім, жол-жабдық, азық дайындатып қойдым. Үй-ішімен, ағайын-туыс, дос-жармен қоштасқандай райдамын. Ананы әкетіпті, мынаны әкетіпті, деген хабар дүңк-дүңк етеді. Ең жаман нәрсе – үрей. Одан да жаман нәрсе – тосу. Есік тырс ете түссе – саған келе жатқан әзірейілдей көрінеді. Ішіп-жеуден қаласың, ойын-күлкі жоқ, ұйқы болмайды. Қараптан қарап отырып берекең кетеді, дүниенің қиюы қашады, жынданып кете жаздайсың. Уақыт өтпейді, күн батпай қояды, түнде кірпігің ілінбейді. Белгісіздік зілбатпан болып салбырап, үстіңнен баса береді, баса береді. Қашанғы шаншыласың, күндердің бір күнінда далаға шығасың. Көшден көше аралап, сенделіп жүру басталады. Қарсы кездесіп қалған адамды танымайсың, біреулер сәлем береді, оны елемейсің. Артыңнан атыңды айтып., айқайлап, бірдеңелерді сұрай ма, күле ме, шақыра ма – оны бәрібір, естімейсің де, тоқтамайсың. Көбінесе ой дейтін ой да жоқ, көп елес, сағым ішінде жүресің. Ұсталып кеткендермен сөйлесесің бе, солардың шыңғырған дауысы құлағыңа келе ме, өзіңді желкелеп әкетіп бара жата ма… Сол көп жүріс, сенделіс, ақыры келіп есіңді жиғызады. Бірте-бірте жүйелі ойлар туғандай болады. Күні бойы сенделіп, ақыры әбден шаршап оралсам, біздің үйдің қақпасына ілінген екі болашақ депутаттың суреттері жартылай жыртылып салбырап тұр екен. Ежов па, Каганович пе, ұмыттым. Жүрегім зу ете қалды. Халықтың екі қалаулысының суретін жыртқан – Мүсірепов. Оның жаулығын осы әрекеті-ақ дәлелдейді. Ату жазасына бұйрылсын!. Біреу осылай деп айқайлап тұрған секілді. Жан-жағыма қаардым, ешкім жоқ. Расында да менен көрсе қайтем? Жыртпағанымды қалай дәлелдеймін. Аулада Николай деген тентек бала бар еді, соны тауып алдым да, суретті көрсетіп:
–Сен бе жыртқан? – дедім.
–Жоқ!
–Ақша берсем, табасың ба жыртқан кісіні?
–Табам.
–Жоқ, таппай-ақ қой. Мә ақша. Енді жыртқызба.
–Бұл көп ақша ғой.
–Көп болса да ал. Тек жыртқызба.
–Құп болады, командир. Сайлау өткенше суреттер күзетіледі, – деп Николай аөшаны жып еткізіп қалтасына салып алды. Ол алдаған жоқ, екі болашақ депутаттар суреттерін күнде жаңалап, желімдеп, іліп тұрды.
Мен болсам, бірте-бірте үрейден, белгісіздіктен құтыла бастадым, оның артынан соғыс басталып кетті.
Достарыңызбен бөлісу: |