Рымғали Нұрғали СӨЗ Өнерінің эстетикасы а ң д а т у



бет5/47
Дата22.12.2021
өлшемі5,7 Mb.
#305
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   47
Мен тауда ойнаған қарт марал

Табаным тасқа тиер деп

Сақсынып шыққан қиядан.
Көпке белгілі Махамбет өлеңінен алынған осы қысқа үзіндіде ерекше мәнді клетка бар. Грамматикалық форма тұрғысынан алғанда, қазақ тілінің қалыпты жүйесін бұзатын еш нәрсе жоқ. Кейбір оқымыстылар айтатын жылтыр бояу, алып-жұлып әкетіп бара жатқан әшекей-айшық та емес, жеке сөздер әр түрлі құбылыстарды қамтып, олар бірін-бірі сәулелендіріп тұр.

Тұтас суретті бөлшектеп көрейік: тау, қарт марал, табан. Тау – биіктіктің, өрлеудің, мәңгіліктің тұлғасы, табиғаттың өзі. Қарт марал – тіршілік еңкейген шақтағы адам өмірін еске түсіреді. Марал – сұлулық іспеттес. Қарт марал дегенде жаңа ұғым туғандай: сфинкс, кентавр сияқты. Перзент десе ішкен асын жерге қоятын қазақтар кейбір сәтте сәбидің табанынан сүймей ме?

Қысқасы, құбылыс пен бейне арасындағы қат-қабат күрделі байланысты көргендейміз. Нақтылықтан абстракцияға, абстракциядан нақтылыққа өту жолы аңғарылады.

Абай:


“Сөзімде жаз бар шыбынсыз”...

Жай сөйлем, хабарлы сөйлем. Осы бағытта синтаксистік, морфологиялық талдауды созуға болар еді, бірақ ол жазушы қиялында іріктеліп, сұрыпталып жасалған суреттің барлық қасиетін ашып бере алмайды. Мұнда да бірнеше құбылыс тоғысуынан жаңа дүние пайда болған. Бөлшектесек, бір-бірінен алшақ ұғымдар: сөз, жаз, шыбын. Егер біз қалыпты логикаға бақсақ, шыбынсыз жаз болмайды, сөзде жаз болмайды, сөзде шыбынсыз жаз болмайды. Ал, ақын бірнеше бояуларды араластыру арқылы, бірнеше сәулелерді тоғыстыру арқылы жаңа дүние жасайды. Сіз алдымен логикалық қорытынды шығарасыз, одан сезіміңізге әсер аласыз, өз тарапыңыздан тағы да ойланасыз.

Сонымен, бейнелілікті болмыстың фотографиясы деп ұқпаймыз, суреткер қиялымен екшелген құбылыстардың бірін-бірі сәулелендіру арқылы туған соны әлем деп білеміз.

Жалпы бейнелілік табиғатына байланысты теориялық пікірлер айтқан еңбектер көп. Өткен ғасырдағы украин тілшісі һәм әдебиетшісі А.Потебняның көрсетуі бойынша, сөзде екі қабат бар: сыртқы қабат – ұғымдық қабат, ішкі қабат – бейнелік қабат. Керісінше, сыртқы қабат – проза, ішкі қабат – поэзия. Бұл оқымысты әрбір сөздің шығуын құбылыстар арасындағы ұқсастықпен, іргелестікпен қабыстыра қарайды. Заманы өткен соң, уақыт ауысқан сайын, сөз өзінің әуелгі бейнелік қалпынан, құбылыспен байланысқан жүйесінен бірте-бірте айрылады.

Былайша айтқанда, сөздің бедері тозады, ажары түседі. Сөйтіп ол бейнесіз сөзге айналады. Мысалға “город” деген сөздің шығу тегін “қамал, қорған” деген ұғыммен байланыстырады. Потебня: “Сөз – көркем шығарманың барлық қасиетіне ие”, - дейді (А.А.Потебня, “Мысль и язык”, Одесса, 1922, стр. 167). Осы арнада жүріп отырып, біз де өзіміздің ұлттық топырағымызда, бейненің кейбір тілге қатысты мәселелерін қарастыруымызға болады.

Қазақта “үркер” сөзі бар. Дала төсінде тіршілік кешкен сахара перзенті үшін аспан романтикасы қисапсыз. Ішіне пышақ айналмайтын, жетесіз жанды “бақай құрт” дейді. Қадым заманның жүйрік билері төбеге, шаңыраққа қарап сөйлейтін дағдысы екен. Бұл деталь – бір ұлттық ерекшелік. Жұлдыздың табиғатына сәйкес қозғалысты, таң алдында түнмен қоса күн жарығынан үріккендей, еріп кетуін, үркіп, қашып кетуін халық дәл аңғарған. Үркер жұлдыздың атын ғана емес, затын анықтайтын сөз.

Ілияс Жнсүгіров:
Жерің анау – жасыл жолақ кілемдей,

Желің мынау – жігіт айтқан өлеңдей!

Көлің анау – той қып жатқан ауылдай,

Күнің мынау – елжіреген енеңдей.
Бұл өлеңнің бойындағы негізгі принцип – екі құбылысты қатар алу. “А” және “Б”, “А” – “Б” сияқты дейді. Яғни бір құбылыс екінші құбылысты бейнелейді. Екі құбылыс бірін-бірі сәулелендіреді, бірақ бұл екеуі тең емес.

Осы өлеңнің бойынан біз көркем бейненің төменгі стадиялық формаларын көргендей боламыз. Егер ғылымдық ұғыммен, формуламен сөйлетсек, “А” – “Б” сияқты демейді, “А” мен “Б” тең дейді, ғылым кесіп айтады, қолымызға ұстатып, көзімізге көрсетіп айтады. Ал өнер ұқсатып айтады, сәулелендіріп айтады.

Қазақтың той жасап жатқан ауылын көз алдыңызға келтіріңізші! Жылмиған, сақал-мұрттан жұрдай шалдар емес, сақалдары белуарына түскен шалдар, сұлу қыздар, сері жігіттер. Қасиетті ана. Лев Толстойдың “Глаза Катюши черные, как мокрая смородина” деген сөйлемін еске түсірейік. Екі жазушының принципі ұқсас келіп отыр, оқушы қиялына оқыс әсер етті, арғысын өзі жалғастырады.

Бейнеге бірінші тән қасиет – ұлттық ерекшелік, ұлттық бояу. Олай болса, ешбір суреткер ешқашанда тілге, ұлттық бояуға зорлық жасай алмайды.

Біз мысалға келтірген жоғарыдағы қарт марал, шыбынсыз жаз, той қылып жатқан ауыл – дегендер қазақ ұғымдары.

Өнер өзінің даму сатысында мифтік идеялар, діни ықпалдарға да түсті. Бері келе ғана ол қоғамдық, әлеуметтік проблемаларды көтере алатын биік дәрежеге жетті. Өнердің даму жолынан біз адамның болмысты игеру процесін, соны тану принципін көреміз. Қашанда өнерге негіз болатын – болмыс, болмыстағы құбылыстар. Әрине, жалпы құбылыстар емес, дара сипатты, жинақталған мәні бар құбылыстар.

Сондықтан да әдебиеттану ғылымында өмір және өнер, өмірлік шындық және көркемдік шындық төңірегінде талас пікірлер көп.

Кейбір эстетиктердің айтуынша, көркемдік шындық - өмірді әшекейлейтін бояу; көркемдік шындық тек суреткердің қиялында ғана туады; бұл - таза эстетикалық категория; оның болмыста негізі, тамыры жоқ.

Біз осылардың үшеуіне де қосылмаймыз, қабылдамаймыз. Ұлы неміс жазушысы Гете былай деген: “Мен шығармаларымда тек данышпандық арқасында ғана жазған жоқпын, олардың тууына мың сан дүние, адамдар нәр берген. Олар – ақымақтар һәм ақылдылар, естілер һәм есіріктер, балалар, жігіттер һәм шалдар; бәрі де бастарындағысын, не ойлайтындарын, қалай тірлік етіп, қандай қарекет қылатындарын айтқан. Мен үшін ештеңе де қалған жоқ”. (И.П.Эккерман, “Разговоры с Гете”, М., - Л., 1934, стр. 845). Көркемдік шындық жазушы қиялы арқылы екшелген, сұрыпталған, идеологиялық мақсат тұрғысынан бейнеленген шындық. Бұл өмірлік шындықтың көшірмесі емес. Ол – шашылып жатқан, араласып жатқан, жүйесіз, үзік-үзік құбылыстардың басын біріктіреді, соны сұрыптайды. Бұл орайдағы ең шешуші фактордың бірі – суреткер қиялы.

Суреткердің қиялы – ешбір ғалымның қолында жоқ құрал. Суреткердің қиялын батырдың семсерімен, әншінің даусымен, күннің нұрымен, рентген сәулесімен салыстыруға болады. Пәни тіршілікте жазушы – көптің бірі. Тіпті көзге қораш, ол екі иығын жұлып жеген пысық емес, тек шабытты шақтарында ғана биік, оның көзінің көрмейтін нәрсесі, шалмайтын қалтарыс-қапысы жоқ. Суреткер қуаты – талант, сыйынар пірі – қиял шабыт. Абай не деуші еді?




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   47




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет