Адамның кейбір кездері
Көңілде алаң басылса,
Тәңірінің берген өнері
Көк бұлттан ашылса;
Сылдырап өңкей келісім,
Тас бұлақтың суындай,
Кірлеген жүрек өзі үшін
Тұра алмас әсте жуынбай.
Тәңірінің күні жарқырап,
Ұйқыдан көңіл ашар көз.
Қуатты ойдан бас құрап,
Еркеленіп шығар сөз.
Сонда ақын белін буынып,
Алды-артына қаранар.
Дүние кірін жуынып,
Көрініп ойға сөз салар.
Қыранша қарап қырымға,
Мұң мен зарды қолға алар.
Кектеніп надан зұлымға
Шиыршық атар, толғанар.
Әділет пен ақылға
Сынатып көрген-білгенін,
Білдірер алыс-жақынға
Солардың сөйле дегенін.
Ызалы жүрек, долы қол,
Улы сия, ащы тіл
Не жазып кетсе, жайы сол,
Жек көрсеңдер өзің біл.
Осы бір жауһар туындыда суреткер лабораториясы данышпандық шеберлікпен ашылып, шабыт сәтінің гөзәл суреті жасалған. Ақын стихиясының керемет сыры, рух, пафос бар мұнда.
Мұхтар Әуезов ауылдан тоғыз жасында кеткен, содан кейінгі өмірі, бар қуанышы, қайғысы, жеңген, жеңілген күрес шақтары қала төсінде өтті. Бірақ қазақ даласын жыр етуде оның алдына түскен ешкім жоқ.
Жазушы үшін шығармашылықтағы ең керекті нәрсе, басты шарт – көзбен көріп, құлақпен есту, қолмен ұстау, факті жетегінде кету емес, материалды эстетикалық тұрғыдан игеру, құбылыстардың жігін ажырату. Жез бен алтынның, тас пен алмастың айырмасын бірден тану.
Қашан да қиялдан қосусыз көркем шығарма жасалмақ емес.
Өмірде Абай үш рет некеге отырған. Бірақ Әуезов Еркежанмен ара қатынасты өз идеалына орай әдейі өзгерткен. Өйткені ұрпақ үшін көп әйел алған Абай емес, ақын Абай қымбат. Романдағы Абай - өмірде болған Абайдың сүлдесі емес, ол – біздің халқымыздың ұлттық бейнесін жинақтаған тип.
Күні бүгінге дейін Тобықты шалдары Қодар мен Қамқа арасында сұмдық болғаны рас еді деседі. Солай -ақ дейік тіпті, бірақ ол патологиялық ауру психологияны көрсететін факті ғана. Әлеуметтік романға мүлде қажетсіз нәрсе. Қиялдан қосудың көркем шығармадағы қызметі орайынан, ұлы жазушының тәжірибесінен көптеген қызық дерек табамыз.
Қазақ әдебиетінің тарихында Айдар деген ақын жоқ, “Абай” романында айтылатын Дәрмен деген ақын да тарихта болмаған. Бұл ретте Толстойдың Наташа бейнесін қалай құйып шығарғаны еске түседі. Дәрмен – қазақ тіліне “Ләйлі – Мәжнүн” дастанын парсы тілінен аударған, Пушкинді, Толстойды қазақ сахарасына таратуға ат салысқан ақын, тарихшы, философ, Абайдың немере інісі Шәкәрімнің бейнесі. Оның кейбір сипаттары – Шұбар, Керім характеріне негіз жасады. Сөйтіп, әйгілі “Еңлік - Кебек”, “Қалқаман - Мамыр” дастандарының авторын, көп ән шығарған композиторды Әуезов өлтірмеген, оны Айдар, Дәрмен арқылы тірілткен. Жеңгелері Абайды жас кезінде Телғара десе, інісін Айдар деген.
Сонымен, қашанда көркем шындықтың негізінде өмірлік шындық жатады. Кейбір жазушылар қаһармандарын тірлікте болған адамның бейнесіне лайықтап жасайды. Бұл ретте И.Тургенев, М.Горький шығармаларын еске түсірейік. Бейнеге арқау қазық – прототип. Бірақ суреткер бір фактіні негізге алып отырғанмен, шығарма жазу үстінде жалпы мақсатқа орай қиялдан қосып, ситуацияларды қалауынша өзгертсе керек.
Қазақтың заманында шыққан үлкен қоғам қайраткері, алысқа атылған жебе Тұрар Рысқұлов әкесінің басынан өткен оқиғалар әйгілі Бақтығұл бейнесінің өмірлік арқауы болды.
Қазақта ит асыраған, құс салған, саятшылық еткендер көп десек те, бұл төңіректе жасалған реалистік полотно “Көксерек” қана. Кешегі сұрапыл соғыс кезінде Жәмиладай талай әйел ерінің көзіне шөп салды. Оны айыптап, ғайбаттаушылар табылса да, осы орайда зор гумманистік идея айтқан шығарма берген – Шыңғыс Айтматов.
Өмірлік шындық пен көркемдік шындықты қарама-қарсы қою - өнердің өресін кесіп, алдын тұйықтайтын жат тенденция. Үлкен прозалық, драмалық туындылар өз алдына, поэзияда да әр түрлі фактілер қызық қалпында пайдаға асады. Мәселен, Брюсов “Менің Пушкинім” деген еңбегінде әйгілі “Мыс салт атты” поэмасының өмірлік материалын жан-жақты зерттеген. Тарихшы, географ Бергтің “Санкт-Петербургте болған барлық су тасқындарының егжей-тегжейі” (1826 жылы шыққан) кітабындағы жеке детальдарды ғана емес, Пушкин тіркестерді, жеке сөздерді алғанын зерттеушілер ашып берді. Өмірлік материал көркем шығармаға енгенде, оны бүлдірмейді, қайта нәр береді, қанат бітіреді.
Осы орайда біз жалпы бейне жасаудағы басты факторлардың бірі – типтендіру, жинақтау принципіне тоқталуымыз керек. Рас, қашан болмасын, өмірден терең еш нәрсе жоқ. Бірақ көркем шығармаға сүйек ету үшін құбылыстарды суретші іріктейді, сұрыптайды. Бұл процесс тек қана санға емес, сапаға қатысты құбылыс. Фактінің әлеуметтік мәнін айқындау, етенелігін күні бұрын сезіну, құбылыстардың даму тенденциясын барлау деген сөз.
Көркем шығарманың сапасы, құны, негізгі қасиеті – бейнеленген объектісімен, кейіпкерлер нобайымен оп-оңай айқындалмайды. Өнер құбылыстарды философиялық тұрғыдан терең бейнелеу үшін адам характеріне, мінезге зер салады. Әдеби ұғымдағы характер – адамның белгілі бір жәйтке өзінің қатысын білдіруі, басқаға қарағанда даралық ерекшелігі, жанды, өміршең қалыптағы бөлек сипаты.
Характерді бейнелеу әдебиетте бірден пайда болған жоқ. Аристотель “Поэтикада” көркем шығармаға қажетті ең шешуші шарт, бірінші шарт – сюжет деген. Расында, көне грек трагедияларындағы, “Одиссея”, “Илиада” эпопеяларындағы негізгі тірек – оқиғалар жүйесі.
Осы пікірді түркі халықтарының эпостары жайлы да айтуға болады. “Алпамыс”, “Ер Тарғын”, “Қамбар” жырларында мінездік, характерлік даралықтан гөрі, фабулалық айырмашылық мол.
Ал, орта ғасырдағы Европа әдебиетіндегі бірталай бейнелердің өзегінде көп қайталанатын діни, мифтік әрекеттер жатыр. Бейненің характерлікке жетуі – реалистік әдебиетке тән сапалық қасиет.
ХХ ғасырда үлкен суреткерлер бейненің ішкі, соны мүмкіндіктерін ашты. Жюль Верн мен Уэллстің романдарын салыстырсақ, арасында көп айырмашылық бар. Жюль Верн шығармаларындағы мол фактілер ғылымнан, әр түрлі зерттеулерден алынған. ХХ ғасыр суреткері Уэллс шығармаларындағы басты конфликт - әлеуметтік конфликт, соларды ғылыми идеямен байланыстыра беру, астастыру.
Бүгінгі таңда өнер адам тағдырында қандай бұралаңдар, қандай ащы зар, қандай алапат ерлік болса, бәрін бейнелей алатындай, өмірдің өзіне ұқсас түр тапқан.
Мазмұн мен пішін арасындағы қазіргі байланыс бұрынғыдан әлдеқайда күрделі. Бұл ретте Карл Маркстің “Пішін – мазмұнның ішкі рухани көрінісі” деген пікірі еске түседі. Нәзік өрнектің бір қылы үзілсе, бүкіл шығармаға нұқсан келері сөзсіз.
Дәуірге, осы заманға лайық, әрбір адам өзінің ішіне үңілген, тұлға даралануы күшейіп, психология күрделене түскен, адамдар арасындағы қым-қиғаш қатынас тереңдеген кезеңге лайық туған түр Шыңғыс Айтматовтың әр шығармасында жаңғырып көрінеді. “Ана – Жер анадағы” ой ағымынан “Қош, Гүлсарыдағы” ой ағымы мүлде бөлек. “Ғасырға тете күн” романы тіпті басқа.
Европаның модернистік жаңа әдебиетіндегі түр мәселесі Марсель Пруст, Джеймс Джойс, Франц Кафка сияқты суреткерлердің шығармаларына байланысты сөз етіледі. Бұлардың бәрін ұқсас көрсететін ортақ нәрсе: адам психологиясының терең де күрделі қабаттары сан-алуан формалық тәсілдермен бейнеленген. Қашанда бейне объективті дүниенің субъективті сәулесі, ешбір өнерпаз бұл ықпалдан шет қала алмайды.
Альбер Камюдің негізгі шығармалары топталып басылды. Оның да басты принципі “объективизм” еді. Бірақ “Оба” повесін оқысаңыз, жазушы пікірі мен көркем шығарма арасында қанша алшақтық жатқанын көруге болады. Өмір құбылыстарын бейнелемей, өмір туралы толғамай, әдебиет аттап баса алмайтынына тағы да көзің жетеді.
Шыңға шыққан бейне, үлкен талант қолынан туған типтер уақытқа, заман тосқауылдарына, ұлттық айырмашылықтарға, нәсілдік өзгешеліктерге бағынбайды. Осы іргеден көркем шығармашылық пен дүниетаным арасындағы диалектикалық байланыс пен қайшылық туады.
Революцияны түсінбеген Лев Толстойды Ленин “Орыс революциясының айнасы” деп бағалады, монархияны жақтаған Бальзак – Марксті, Энгельсті таң қалдырған романдардың авторы. Бұл тылсым, ұғынуы қиын құбылыс емес. Суреткер қиялы арқылы, талант арқылы өмірді негіз ете отырып, жаңа бір дүние жасайды, ол кемпірқосақ сәулесіндей алуан бояуы жарқыраған, мағыналы, соны әлем. Бұл ретте өнер ғылымынан, оның көп салаларынан ілгері кетеді.
Шын суреткер, хас талант кей кезде қоғам құбылыстарын таза ғылыми-философиялық тұрғыдан прогрессивтік ағымның өкілі ретінде ұғынбаса да, өмірдегі тартысты көркем бейнелер арқылы реалистікпен бейнелей алады. Бұл құбылыс бір жазушы, бір шығарма төңірегінде әр алуан концепция, сан қилы зерттеулер тудырады.
Шекспирдің “Гамлеті” орайында жазылған нәрселердің көлемі ұлы трагедияның өз көлемінен әлдеқайда көп. Әдебиеттану ғылымының принциптері, методологиялық негіздері объективті арнаға түсіп болмаған кездерде дүниетанымға қарағанда көркем шығармашылық өрісінің кеңдігі ескерілмейді.
Әдеби бейнені жанрға байланысты эпикалық, лирикалық, драмалық бейне деп саралау Аристотель, Гегель заманынан бар нәрсе. Екінші бір жүйе – мінезінің қай қыры айқынырақ, бедерлірек көрінсе, соны негіз етіп те бөледі.
Бейне үшін дыбыс, сөз, сөз тіркесіндегі бейнелілік, әуезділік, бояу – аз. Білімділік, ділмарлық, көп көру – бұл да жеткіліксіз. Дүниеге шығарма әкелетін қуатты күш – көзі ашық дүниетанымға сүйенетін суреткер қиялы, қанатты фантазия.
Қып-қысқасы өмірлік шындық пен көркем шындықтың арасындағы көпір, оларды жалғастырушы буын, мағыналы арна – бейне.
Жеке бейнелерді талдағанда тұлғаны мазмұндау, мінездеу үстіне, бейненің өміртанытқыштық, эстетикалық-сигналдық функцияларын айрықша баса айту керек. Сұлулық, әсемдіктің әлеуметтік мұраттармен тығыз байланыста екендігін көркем шығармаларды талдаған кезде анық түсінуге болады.
ІІ
Қазіргі эстетиканың әрі даулы, әрі өзекті мәселелері - өнердің табиғаты, қоғамдық қызметі, пәні деген проблемалдарды зерттеудің ұзақ-сонар, ескі сүрлеуі бар.
Қоғамдық ғылымдарды әрқашан тарихи тұрғыдан қарастыру керек. Осы ретте көне тамыр, алыс замандарға үңілу шарт. Адамзат мәдениетінің ержетуінде елеулі кезең болған ертедегі Греция өзінің сәулет, мүсін өнерлерімен, көркем әдебиетімен ғана өзге халықтарға, кейінгі ұрпақтарға, толқын-толқын буындарға ескерткіш қалдырып кеткен жоқ, сонымен бірге ғылымның үлкен туын тікті. Алдымен ауызға түсетін – Аристотель.
Оның әдебиет теориясына қатысты маңызды үлкен еңбегі “Поэтика”. Білікті зерттеушілердің анықтауы бойынша, бұл туындыны автор түгелдей аяқтай алмаған, тіпті шәкірттерге арналған лекциялардың конспектісі болуы да ықтимал. Аристотель ойлары кейін жиналған, жүйеге келтірілген деген пікірлер де айтылады.
Еңбек Х ғасырға дейін еш жерде басылмаған, алғашқы көшірменің бірі (қолжазба) Париждегі ұлттық кітапханада сақтаулы.
Алдымен, бұл еңбек грек тілінен сирия тіліне, одан араб тіліне тәржімә жасалған. Европада “Поэтиканың” жарық көруі ХҮ ғасырда жүзеге асқан.
Дүние жүзілік эстетика тарихындағы жауһар, көлемі шағын болғанмен, маңызы ерекше, материалистік дүниетаным негізіне құрылған Аристотельдің “Поэтикасын” орыс тіліне алғаш рет 1854 жылы Ордынский аударды.
Адам баласына ортақ қазыналардың өз халқының тілінде сөйлеуін әрқашан құшақ жая қарсы алып отырған Чернышевский аудармаға рецензия жазды.
Рас, Аристотельден бұрын да Грецияда өнер жайлы еңбектер болған, бірақ олар бізге тұтас, жүйелі қалпында жеткен жоқ. Платонның әсемдік туралы көзқарасы қандай? Оның айтуынша, идея жасалмайды, идея жойылмайды, әсемдіктің материалдық негізі жоқ, ол да идея сияқты абсолюттік нәрсе.
Екінші грек оқымыстысы Пифагор: әсемдіктің негізі – сан, әсемдік атаулыны жасайтын – сандық қарым-қатынастар деген.
Үшінші грек оқымыстысы Сократ - өнердің мақсатын пайдамен байланыстырады, не нәрсе адамға пайдалы болса, сол өнер туындысы.
Аристотель Платон сияқты идеяға еліктеу демейді, болмысқа табиғатқа еліктеу, табиғатты қайтадан жасау дейді.
Бұдан екі қорытынды шығады:
Еліктеу арқылы адам өзі үшін жаңа дүние ашады.
Рухани жағынан тәрбиеленеді.
Аристотельдің “Поэтикасы” - әдебиет туралы ғылыми зерттеу, ғылыми трактат. Мұндағы пікірлер, байламдар, қорытындылар дәлелсіз емес, олар шығармашылық тәжірибе негізінде туған, сол замандағы әдебиетке берілген объективті баға. Мұнда әдебиет теориясы, әдебиет тарихы, әдебиет сынына қатысты өзекті, өнімді ойлар мол.
“Поэтика” қысқа, шағын 26 тараудан тұрады. Аристотель өнер салаларын өмір құбылыстарының қай қырын алатындығына, қалай, қандай құралмен бейнелейтіндігіне байланысты жіктейді.
Бұл – кейінгі ғылымның дамуындағы классификациялардың көбіне негіз болған принцип. Әдебиет жанрлары: эпос, лирика, драмалық шығармаға қажетті компоненттер:
Әрекет.
Характер.
Фабула-сюжет.
Ой.
Декорация.
Музыкалық композиция.
Біздің эрамызға дейінгі ІҮ ғасырда айтылған осы пікір күні бүгінге дейін маңызды. Шынында, спектакль алты түрлі шарт, алты түрлі талаптың ұласуынан шығады.
Туындыны көркем шығарма ететін не нәрсе? Медициналық еңбек өлшемге түскенмен, ол өнер дүниесі емес қой.
Аристотельдің көрсетуінде тарихқа қарағанда, поэзия ақылдырақ және кексерек. Поэзия жинақтап айтады, тарих дара нәрсеге назар аударады. Бұл пікірден кейін Энгельс еңбегінде тұтас концепцияға айналатын типтік проблемасының ұшығы көрінеді.
Көркем шығарма мен оқырман арасындағы қарым-қатынас, оқырманның көркем шығарманы қабылдау процесіне байланысты пікірлер бар. Бір-біріне бейтаныс, кейуана жандар тартысқаннан гөрі, бала мен әке, қыз бен шеше, туысқан мен туысқан арасындағы айтысты бейнелеу әсерлі болмақ. Бұл ретте Эсхилдің “Эдип патша” трагедиясына тоқталады. “Поэтикада” перипетия деген ұғым қолданылады. Ол оқиғаның даму барысында күтпеген жерден кілт бұрылу, бұрын жақын деп жүрген, сырын айтқан жанның жат болып шығуы, алысым, жауым, дұшпаным деп жүрген адамның ет бауыр досы болып шығуы, шырғалаң мағынасында.
Сөйлем деген не, дауысты дыбыс деген не – осыларға анықтама беріледі. Метафора ұқсас заттардың арасын қамту керек, көркем шығарманың тілі түсінікті болсын, бірақ қарабайырлықтан қаш. Сондықтан әр түрлі бояуларды, сөз кестелерін, айшықтарын орнымен жүйелі пайдалану, қолдану шарт екендігін Аристотель ашып көрсетеді.
“Поэтикадағы” бірқатар ойлар сюжет табиғаты төңірегінде. Бұл орайда Аристотель сол кездегі грек әдебиетінің тәжірибесіне сүйене келе, өте ұтымды пікірлер айтады. Оқиға аяқ астынан басталмасын, күтпеген жерден тоқталмасын, басталу мен аяқталудың арасында тұтастық, байланыс болсын деген ой қазір де мәнін жойған жоқ.
Кейінгі еңбектердегі, әсіресе, классицизм теоретиктерінің еңбектеріндегі үш бірлік триадасына “Поэтиканың” тікелей қатысы бар. Аристотель оқиға бір тәуліктен аспасын деген пікір айтады. Ал, орын бірлігі, уақыт бірлігі дегендер кейінгі оқымыстылардың тұжырымдаған талаптары.
Қысқасы, Аристотельдің “Поэтикасы” эстетикадағы алғашқы саты, бұған соқпай кету мүмкін емес. Өнердің қоғамдық қызметі, әдебиеттегі мінез, характер мәселесі, жанрлардың дамуы, шығарма тілі, әдебиет пен ғылымның байланысы – осы алуандас мәселелерге Аристотель материалистік тұрғыдан жауап берген.
Орта ғасырлық схоластикада “Поэтикаға” тең келетін еңбектің тууы мүмкін де емес еді.
Қайта түлеу, қайта даму дәуірінде, Ренессанста ертедегі грек мәдениетіне бой ұру, содан үлгі алу, үйрену тенденциясы кең өрістеді. Бұл ретте француз топырағында туған Никола Буалоның “Поэтикалық өнер” атты трактатына көңіл аудару керек; неміс топырағында туған Лессингтің “Лаокоон” атты еңбегін атау шарт.
ХІХ ғасырдағы орыстың революционер-демократтары дүние жүзілік эстетикалық ойды айрықша бағалы туындылармен байытты.
В.Г.Белинский объективті идеализмнен бірте-бірте материализмге қарай өту жолының эволюциясын бастан кешірді. Әсіресе, ұлы сыншының 40-жылдардан кейін жазған еңбектерінде материалистік арқау күшті. “1847 жылғы орыс әдебиетіне көзқарас” дейтін мақаласында “Өнер өнер үшін” теориясының негізсіздігін, схоластикамен шатасып жатқандығын дәлелдейді. “Таза, қырынған яки философтар айтпақшы, жып-жылмағай абсолюттік өнер ешқашан, еш жерде болған емес”, - деген байламын Белинский орыс әдебиетінен, Тургенев, Гоголь шығармаларынан мысал алып бекітеді.
Чернышевский өзінің әйгілі “Өнердің болмысқа эстетикалық қатынасы” атты магистрлік диссертациясында идеалистік эстетиканың негізгі тезисі - өнер әсемдікті бейнелейді, әсемдік адам санасында, адам ойында ғана деген концепцияға қарсы шықты. Материалист Чернышевский әсемдіктің болмыспен, табиғатпен, өмірмен кіндіктестігін, әсемдік әр түрлі ұғынылатынын дәлелдейді. Оның тұжырымдауы бойынша, өнер пәні - өмір, кісіні адам ретінде қызықтыратын нәрсенің бәрі әдебиеттің мазмұны болмақ. Әдебиет мақсаты:
Өмір құбылыстарын бейнелеу.
Өмір құбылыстарына баға беру.
3. Өмір құбылыстарына кесік-билік айту. (Н.Г.Чернышевский, “Эстетическое отношение искусства к действительности” Полное собр. Соч. Т. 11. М., 1949, стр. 87).
Революционер-демократ Добролюбов “Тылсым түнек” атты мақаласында Островский пьесаларын талдау үстінде шығармашылық психологиясына қатысты өнімді, қызықты ойлар айтады, дүниетаным мәселесін сөз етеді. Суреткер қашанда сезімнен, алғашқы әсерден, лып еткен оттан тұтанады, ал ғалым үшін факт, дерек ең маңызды нәрсе – оның қозғалуы, жылжуы қиын. Рас екеуінің де объектісі – болмыс. Бірақ суреткер туындысы жанды, нақты. Сондықтан жалпы ұғыммен суреткер сезімі тоғысқанда ғана сәтті шығарма туса керек.
Маркстік эстетика негіздерін қауымға сіңіру, түсіндіру, насихаттау мақсатын ойластыра отырып жазылған Плехановтың өнердің туу төркінін, қоғаммен байланыс проблемасын арнайы зерттейтін “Адрессіз хаттар”, “Өнер және қоғамдық өмір” дейтін еңбектерінің маңызы зор. Өнердің қоғамдық қарым-қатынастар арқасында өмірге келуі, суреткердің әлеуметтік тартыстан шет қалуы зардабынан туатын жат сарындар – осы төңіректе нақты қаламгерлік тәжірибелерді қорытудан шыққан білікті ойлар, терең толғамдар бар.
Кезінде ғылыми айтыстарға мұрындық болған А.Буровтың “Өнердің эстетикалық мәні” (1965 ж.) кітабы эстетикадағы соны табыстардың бірі еді.
Монографиядағы басты проблема - өнердің пәнін айқындау, идеологияның өзге салаларымен, ғылыммен салыстырғанда оның айырмашылығы, туыстығы қандай – соларды көрсету. А.Буров ғылым мен өнердің пәні бір деген пікірге қарсы. Оның тұжырымында, өнер пәні – қоғамдық адам, ғылым пәні – жалпы болмыс.
Бұл еңбектегі пікірлерге көптеген дау айтылды.
Ғылым мен өнердің пәнінде, олардың объектісінде принциптік айырмашылық жоқ деп біледі А.Дремов.
Сыншылар Дремовтың тым жалпылама ұғымға түсіп кеткендігін дұрыс көрсетті. Өнер пәнін анықтау бағытындағы ізденістердің бірі профессор Г.Поспеловтың “Эстетикалық және көркемдік” кітабы (1965 ж.).
Г.Поспелов әлеуметтік мәнділік һәм идеялық пәрменділік деген ұғымдар арқылы болмыс пен өнер арасындағы байланысты объективті, әрі ғылыми негізде түсіндіреді.
Шынында, тек А.Буров байламына бақсақ, өнер тәжірибесіндегі көптеген фактілерді, толық жатқан туындылар мәнін ұға алмаймыз. Егер табиғат өнердің пәні, объектісі бола алмайды десек, орыс суретшілері Левитан, Шишкин, Куинджи, қазақ суретшілері Қастеев, Таңсықбаев, армян суретшісі Сарьян, американ суретшісі Рокуэл Кенттердің пейзаждық шығармаларын мансұқ ету керек шығар? Жоқ! Тарихқа қарап отырсақ, адам, адамның мінезі, қоғамға қатысты әдебиетте бірден көріне алған жоқ.
Екінші жағынан, А.Дремов пікірін қолдаған күнде, көркем әдебиеттен күнделікті публицистиканың, тарихи еңбектен романның айырмашылығы болмай қалады.
Эстетиканың бір бұтағы - әдебиеттану ғылымының үш саласы бар: әдебиет теориясы, әдебиет тарихы, әдебиет сыны.
Бұл ғалымдар ойлап шығарған, эстетиктер қолдан жасаған догма классификация емес, көркем әдебиеттегі жанды құбылыстардың негізінен шыққан заңды, табиғи нәрсе.
Әдебиет теориясының қарастыратыны – көркем әдебиеттің әлеуметтік мәні, халықтық сипаты, қоғамға жасайтын ықпалы. Ол ғылыми зерттеудің методологиялық негіздерін ұсынады, талдаудың принциптерін көрсетеді. Тұтас алғанда, әдебиет теориясын әдебиет тану ғылымының көшбасшысы десе де болғандай.
Әдебиет тарихы бір халықтың әдебиетін тарихи процесс ретінде алып зерттейді. Мұнда жеке фактілер ғана емес, негізінен әдебиеттегі күрделі құбылыстар, ағым, бағыттар тексерілмек. Әдебиет тарихы қашанда халықтық қоғамдық, азаматтық тарихымен сабақтас, әдебиет тарихының жасалуы – халықтың марқаюы, халықтың өрге шығуы, халықтың кәмелетке шығуының белгісі. Әдебиетінің тарихы жоқ халық – ержетпеген, марқаймаған халық.
Эмпиризм, деректер жетегінде кету, құр картотека жинау қиын шаруа емес, әдеби дамудың заңдылықтарын ашу шарт. Сан ғасырлық, қат-қабат қоғамдық өмір күрделілігі, алуан түрлі қайшылықтар, тап күресі өнерде терең, шиырлы із қалдырған. Қадым замандарда тірлік кешкен өнерпаздар дәуірінің көкейкесті күйлерінен шет тұра алған жоқ, соның сәулесі олардың шығармаларында жатыр.
Ориенталистер революцияға дейін қазақ әдебиеті үлгілерін жинап, бастырған, олардың көркемдік қуаты, поэтикалық күші хақында толғамды ойлар айтқан. Рас, жаңа заманда қазақ әдебиеті эстетика талқысына түсіп, үлкен ғылымның зерттеу объектісіне айналды. Бүгінгі таңда әдебиет тарихын пайымдауға арналған жаңа еңбектерден ғылыми дәлдік, теориялық біліктілік, сарабдал объективтілік, соны ой, батыл байлам талап етіледі.
Әдебиет сыны өз тұсындағы әдебиет мәселелеріне араласады. Сыншы – күнделікті әдеби құбылыстарды талдаушы, талғаушы адам. Ол – шығарманың көркемдік ерекшеліктерін, формасын талдаушы емес, ең алдымен туындыға негіз болған өмірлік материалды саралаушы, ойшыл, көркемдік, сұлулықты ашушы.
Бұл тұрғыдан әдебиет сынының эстетикалық міндеті мен социологиялық мақсаты қатар жүреді. Сыншы – жазушы мен оқырман арасын жалғастыратын көпір, көп нәрсені ажыратып, тиянақтап түсіндіретін әділ қазы, орда би. Әрқашанда әдебиет сыны жеке шығармалардың, жеке авторлардың төңірегінде тұйықталып қала алмайды. Ол бір жазушының көлеңкесі емес. Сын пікірлердің артық-кем айтылуы, бір шығармалардың уақытша асыра бағалануы, бір туындылардың қалтарыста қалуы – қайталанатын құбылыс. Сөз қадірін білмейсің деген күпірлікті Антон Чеховқа ешкім де айта алмас. Сол ұлы жазушы 1902 жылы 13 ақпанда О.Л.Книпперге Ялтадан жолдаған хатында: “Тургеневті оқып жатырмын. Артында жазғандарының 1/8 не 1/10 ғана қалады, өзгесі 25-35 жылдан кейін архивке кетеді”, - деп (А.П.Чехов, “О литературе”, М., 1955, стр. 244) үзілді-кесілді үкім айтқан. Бірақ Иван Тургенев туындылары бұл кепті киюден аулақ.
Әдебиеттанушының үш саласын бір-біріне қарама-қарсы қоятын тенденция ғылыми ақиқаттан алшақ жатыр.
Әдебиет тарихы, әдебиет сыны, әдебиет теориясы айдынға келіп құятын үш өзен іспетті, олардың тоғысар, табысар жері – бір. Олар өзара нәр береді, бояу қосады, ажар кіргізеді.
Әдебиеттану ғылымының қосалқы салалары деп библиография, историография, текстология аталады. Мұның ішінде назар аударатын сала – текстология. Көркем шығарманың алдымен текстерін зерттеп, мазмұнын айқындап алып, басу дәстүрі бел алып келеді.
Текстологияның бірнеше мақсаты бар, оның бастысы – беймезгіл замандарда жазылған шығармалардың авторын табу; қай заманда туғанын анықтау. Әсіресе кеш дамыған, жазба дәстүр кенжелеп шыққан халықтардың әдебиеті үшін текстологияның мәні зор.
Әдебиеттану ғылымы бір-ақ халықтың әдебиетін зерттемейді, бұл – жалпылық мәні бар ғылым. Әдебиеттану бүгінгі таңда ғылымның басқа салаларымен қоян-қолтық араласып отыр. Сол ғылымдар тапқан, енді ғана қол жеткен жаңалықтарды әдебиетшілер өздерінің зерттеу жұмыстарында пайдалануды мұрат тұтады.
Қазіргі таңда өлең құрылысын, өлеңдегі гармония, ритм, ырғақ мәселелеріне кибернетика, математика араласа бастады; ассонанс, аллитерация, түрлі дыбыстық қайталауларды музыка заңымен байланыста қарауға болады. Тереңдей тану бір арна болса, басқа ғылымдармен тоғыса даму тенденциясы және бар. (Л.И.Тимофеев, Г.И.Абрамович, А.Байтұрсынов, М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, Уэллек, Уоррен, В.Хализев, З.Қабдолов, З.Ахметов еңбектерін қараңыз).
Әдебиеттану ғылымының тарихында белгілі мектептер, үлкен ағымдар болған.
Ежелгі, көне ағымдардың бірі – филологиялық мектеп дәстүрін ұстанған оқымыстылар негізінен көркем шығарманың текстін (мәтінін) зерттеп, бағалауға бой ұрған. Әдебиеттің әлеуметтік табиғатын ашудың есесіне, қоғамда атқаратын қызметін көрсетудің орнына бұл бағыт тексті бастыру, мазмұн баяндауды күйттейді, жеке сөздер, тіркестер, қолжазбалар тарихын бажайлайды.
Филологиялық мектептің историография, библиография, текстология үшін маңызды кейбір табыстары болғанын айту ләзім.
Достарыңызбен бөлісу: |