Көрістік аман, көңіл шат.
Аттанам бүгін айтып хош.
Көңілге түрлі ойлар сап,
Асықпа, ауылым, мені тос!
Мен келермін сан рет
Самалды желді төске ала,
Аунармын талай саған кеп,
Керім иық, кер дала! –
деп жырлап қайтқан ақынның лирикасындағы басты сарын, негізгі мотив – Отанға, туған жерге деген махаббат, өмірге, тіршілікке деген ынтықтық.
ІІІ
Қазақ жігіттерінің ерлігін, батырлығын мадақтайтын “Алтай аңызы”, (Төлеген Тоқтаров туралы) “Қанатты қазақ” (Нүркен Әбдіров туралы) поэмалары – Отан соғысы шындығын сәтті бейнелеген көркем шығармалар. “Абақ арманы”, “Айдос”, “Баян жүрек”, “Қыран кегі”, “Бибі ханым” дастандары халық аңызының негізіне құралып жазылған, идеясы терең, тұлғалары сенімді, сомдап соғылған дүниелер.
Ақын Сапарғали, әсіресе поэма жанрында кең көсіліп, ұзаққа, алысқа сілтеген қаламгер. Бұл саладағы оның көп еңбегі сөз арасында, ат үсті айтылғанымен, терең талданып, өзіне лайық бағасын алмағандығын өкінішпен ескерте кетудің артығы жоқ деп білеміз. Халық аңызының ізімен жазылған әдемі поэма “Абақ арманындағы” жолдарға назар салыңыз.
Абай, Ілияс құдіреттерімен жасалған тұлпарлар сапына тағы бір сәйгүлік қосылғандай әсер аласың.
Қазақтың кең даласындағы тау-тас, өзен-көл аттарына байланысты аңыз-әңгімелерде мол поэзия жатыр. Естігенімізбен, ескермейтініміз, мән бермей байыптамай жүргеніміз, асыл сөзді қадірлей алмай келгеніміз жасырын сыр емес қой. Әйтпесе ел аңызынан “Көкшетаудай” ғажап жыр тудырған Сәкен Сейфуллин дәстүрі сайрап жатыр емес пе?
Дәлірек айтқанда, Сапарғали Бегалиннің өткен өмірге арнаған, дерегі, ізі бар материалға сүйеніп жазған дастандарының ішіндегі ең шоқтығы биігі, дау жоқ, тау атына қатысты аңыздан туған “Баян жүрек” поэмасы. Бұл шығармада дара бейнелер, эпикалық серпін, кең құлаш, қызықты оқиғалар бар. Қазақ жігіті Сайқым мен қалмақ қызы Баян арасындағы махаббат, екі елдің ерегістен ығыр болып, ер-азамат арқасында достықпен табысуы сәтті көрсетіледі. Шебер әсірелеу, әуелету жарасып тұр.
“Айдос”, “Ұр, тоқпақ” дастандарынан фольклордың жақсы әсері, өрнек-бедері, бояу нақышы байқалады.
ІҮ
Жидебайда отырмыз. Сегіз қанат, сүйегі аса үлкен “Абайдың үйі” деп аталатын киіз үйдің іші думанға толып кетті. Сапарғали Бегалиннің сексен жасқа толу қарсаңында туған еліне келген құрметіне арналған жиын еді бұл. Бойы тіп-тік, тастан ойып алғандай мүсінді Ахат ақсақал әңгімені заулатып отыр. Арғы-бергі шежірені шерткенде көзімен көріп, қолымен ұстағандай сеніммен сөйлейді. Кеудесінде ұзақ жыл ұстаз болған еңбегіне алған ордені жарқырайды. Бір кезде жұрт:
- Қабыш! Қабыш! – деп қалды. Жүріс-тұрысы ширақ, сида кісі егде жасына қарамастан, аяқ астынан өзгеріп шыға келді. Біресе әйел, біресе еркек болады. Неше түрлі жан-жануардың даусын салады. Қимыл-қозғалыс, мимка байлығында есеп жоқ. Жүсіпбек Елебековтің даусы кенет саңқ ете түсті.
- Түу, Қабыш, бар болғыр-ай! Осы өнерің өзіңмен бірге өледі ғой. Баяғыда Мұхтар зорлағанда да қалаға бір баспай қойып едің, жүрсейші осы жолы, ала кетейін, - деді.
Қабыш ештеңе болмағандай, сөзді басқа жаққа аударып жіберді.
- Сапарғали аға, есіңізде ме? Қырық бесінші жылы Абайдың жүз жылдық тойын сіз бастасын деп Мұхтар Әуезов жол беріп еді ғой. Қолыңызға ту ұстап, екі жағыңызда екі жігіт, төбе басына атпен шауып шыққаныңыз есіңізде ме?
Киіз үйдегі бұл мәжіліс түннің бір уағына дейін созылды.
Ү
Өмірден көп нәрсені көзімен көріп, бастан кешіріп келген талантты адам жазған туындыны оқығанда, тіршіліктің бұрын өзің аңғармаған, сезбеген жаңа қырларын танып, марқайғандай, кенелгендей боласың. Әсіресе қазақтың көшпелі бұрынғы тұрмыс-әрекетін жіті білетін С.Бегалиннің әңгіме, хикаяттарында мал баққан адамның психологиясы, аңшылардың жан дүниесі сенімділікпен, реалистік шыншылдықпен бейнеленеді. Бұл жанрдағы шығармаларға ұлттық өміріміздің енді қайталанбайтын, тарих қойнауында кеткен, суреткер қаламы тірілткен есте қалар, жанды картиналары бар.
Қазір бір ауыздан балалар әдебиетінің үлгілі туындысы саналатын кезінде одақтық сыйлық алған әйгілі “Сәтжан” хикаятындағы қазға түскен ителгінің қимыл-қозғалысы, динамикасы, өмір мен өлім тай-таласы бір оқыған адамның есінен кетер ме?! “Көксегеннің көргендерінде” Алтай өңірінің сұлу табиғаты, өзгеше, дара сипаты жақсы берілген. Қақпанмен аң аулау, мылтық ату, мергендіктің сан алуан сырларына қанық болу бар мұнда.
Қазақ прозасындағы новелла, оқыс, қызық оқиғалы сәтті шығармаларды атағанда, С.Бегалиннің “Мұстапа қарттың әңгімесі”, “Тайатқан тауынан табылыпты”, “Алданған жолбарыс” хикаялары бел ортада тұрмақ. Әсіресе ертерек уақыттарда Балқаштың аспан зәулім қамысын мекен еткен шұбар ала, аң тәңірісі жолбарыс аулаудың тәсілдерін, ер-азаматтың тапқырлығын, жүректілігін бейнелейтін әңгімелерді кім болса да қызықпай оқи алмаса керек.
Халқымыздың жылқы жайын білуі, жүйрік атқа махаббаты “Сұрапылда”, “Керкиік”, “Колхоз бәйгесі” әңгімелерінде әсерлі көрсетіледі.
Қазақ әдебиетінің проза жанрында С.Бегалин шығармалары бір сала іспетті. Әсіресе ол балалар әдебиетін дамытуға зор үлес қосып, “Бүгінгі Ыбырай”, “Қазақтың Маршагы” атануы тегіннен-тегін емес. Есімдері әлемге аян Том Сойер, Гаврош, Тимур секілді қызық мінезді, қайратты балалардың қатарына С.Бегалин өз кейіпкерлері Сәтжан, Көксеген, Уәш, Ердендерді қосты. Қазір олар орыс, татар, грузин, поляк, корей, бір сөзбен, жетпіс жеті жұрттың балаларының сырлас досына, ет жақын бауырына айналды.
С.Бегалин прозасының объектісі – қақаған аяз, дүлей боран, шыжыған ыстық, небір аптапта дала төсін жайлаған кесек тұрпатты, ірі мінезді жылқышылар, қойшылар, аңшылар. Бұлардың дені өмірдің өріне шыққан егделер мен саналы тірлікке енді қадам аттаған жас өспірім, жеткіншектер – ауыл адамдары.
Қаламгердің жетпісті еңсеріп, сексенге аяқ басқанда Октябрь революциясының алғашқы күндеріндегі қазақ аулындағы, қаладағы әлеуметтік-психологиялық өзгерістерді көрсететін документті, деректі негізі бар “Замана белестері” атты мемуарлық роман жазып шығуын қаламгерлік үлкен қайрат деп білеміз. Бұл шығарманың басты кейіпкерлері белгілі революционер Мұхаметқали Тәтімов, қазақ әйелінен шыққан алғашқы оқымысты, көзі ашық жандардың бірі – Нәзипа Құлжанова, ұлы жазушы Мұхтар Әуезов, тағы басқа аты, есімі мәшһүр адамдар. С.Бегалиннің бұл романын типологиялық тұрғыда Сәкен Сейфуллиннің “Тар жол, тайғақ кешу”, Сәбит Мұқановтың “Өмір мектебі”, Ғабиден Мұстафиннің “Көз көрген” сияқты айтулы шығармаларымен заңды түрде қатар қоюға болады.
Республикамыздың атақты композиторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди, Садық Кәрімбаев, Сыдық Мұхамеджанов, Қапан Мусин, Еркеғали Рахмадиев, Сапарғали Бегалиннің елуге жуық өлеңдер текстіне ән жазған.
Сапарғали Бегалин жиырмасыншы-қырқыншы жылдарда ел ішінде кеңес, сот, газет қызметтерінде жүріп, кейін Жазушылар одағында, Қазақ ССР Ғылым академиясында істеген кездерінде республиканың кең атырабын көп аралап, ескі көз, кәрі құлақ майталмандармен табақтас, дәмдес, сырлас болған. Осы сапарында ол естіп, іріктеп, екшеп қағазға түсірген дүниелер – мол қазына. Халық ақындары Иса, Шашубай, Төлеу, Досекей, Қуат шығармаларын сұрыптап бастырып, олардың тұңғыш өмірбаянын жазған – Сапарғали Бегалин. Тәттімбет, Әсіре, Естай, Майра, Қажымұқан, Қалыбек тұлғасын кейінгі ұрпаққа танытуда мол еңбек сіңірген де Сапарғали Бегалин. Кенесары қозғалысы, ұлт ойындары жөнінде жинаған материалдары да қымбат.
Дегенмен, С.Бегалиннің зерттеуші, оқымысты-фольклорист ретіндегі ең жемісті, ең бағалы туындысы – “Жамбылдың ата тегі, өмірі” деген іргелі зерттеуі деп білеміз. Жамбылдың көзі тірісінде өзінен, онымен өкшелес қарттардың аузынан жазылып аланған бұл еңбекте ұлы ақынның өскен ортасы, ата бабасы, алған тағлымы, мінез-құлық ерекшеліктері туралы аса қызық деректер бар. Мұның үстіне революциядан бұрынғы Жетісу атырабының ру-тайпа шежіресі, аңыз-әңгімелері, жүйрік аты, қыран құсы, сал-серісі, ақын-жырауы, домбырашы-күйшісі жөніндегі фактілер де өте бағалы, дәл. С.Бегалин зерттеуінің кейбір үзінділері там-тұмдап жарық көрген, кейбіреулер кейде сілтеме беріп, кейде сілтеме бермей пайдаланып та жүр. Осы маңызды әрі әдеби, әрі этнографиялық тарихи мәні зор жұмысты толық күйінді жариялау оқырманды қатты қуантар еді.
Халқымыздың асыл перзенті Шоқан өмірі бүгінде көптеген көркем шығармаларға арқау болып отыр. Сәбит Мұқановтың, Сергей Марковтың, Сәуірбек Бақбергеновтың ұлы ғалым өмірін бейнелейтін роман, хикаяттары қатарында Сапарғали Бегалиннің “Шоқан асулары” дилогиясы өзінің деректі негізінен, ықшамдығымен, тартымды оқиғаларымен ерекшеленеді. Бұл кітап – тамаша адамдар өмірін фактілік негізден ауытқымай дәл бейнелейтін қазақ әдебиетіндегі алғашқы сәтті туындылардың бірі.
ҮІ
Қайнардан шыққан машиналар “ә дегенше” болмай, заулап отырып, Мейізек жонының үстіне көтерілді.
- Ал, енді тоқтадық, әрі қарай жаяу көтерілесіздер, - деп шоферлар жөн айтып жатыр.
Әйгілі Жанақ ақын жырлайтын Мейізек тауы осы. “Қозы Көрпештің мейізі түсіп қалып, Мейізек атанған екен” дейді халық.
- Алтын аяқтарыңыздың астында жатыр, - дейді жігіттер, бір кезде бұл жерден алтын алғандығын ескертіп.
Алыстан аласа, жатаған көрінген таудың төбесіне шыққанда төңірек түгел айқындалады екен. Табанда бұқиып, бірін-бірі аңдығандай, бірінің бірі етегінен тартқандай болып, емініп қалған жайпақ төбелер ентелейді.
Тау басына ентікпей көтерілген Сапарғали Бегалинді ауылдастары қаумалап алған. Сапекең сөйлеп тұр.
- Табиғат мына Мейізек тауын қалай ғажап жаратқан десеңдерші. Анау, әне Жауыртағы, анау Жорға, әне Тұлпар, мына арыстан секілді созылып жатқан Абыралы, сонау тұрған Жалғызтау, Сұңқар, Дегелең – бәрі көрініп тұр... – Көзінде жас...
Қазақтың кешегісі мен бүгінгісін жалғастырған көпір іспетті, халқымыздың көп жасауының тамаша үлгісіндей, асылдың сынығындай абзал ағамыз – Сапекең дәл осы сәтте маған қойны толы алтыны бар – кеудесіне шықсаң, арғы-бергіні түгел көз алдыңа жайып салатын қасиетті Мейізек таудың өзі болып елестеп кеткен.
ҮІІ
Жаңбыр жауып тұр. Көп тостырып, сағындырып келген көктем жаңбыры. Алматыда биыл жауған жылы жаңбыр. Еңсесін тік ұстап, аяғын ширақ басып, егде тартқан бір адам кетіп барады. Абай ескерткішіне қарай кетіп барады. Ойына өткен күн елестері оралады.
Онда да жаңбыр жауып еді. Жұмсақ, жылы жаңбыр емес, жапалақ-жапалақ қар аралас сұмпайы жаңбыр. Белуардан батпаққа малтыққан.
Шіркін, туған жер-ай, - деген қарасұр жігіт белін жазып.
Шіркін, бостандық-ай, - деген ұзын бойлы жігіт күрегін тастай салып.
Работать надо, бараны! – деген мұрты едіреген надзиратель.
1916 жыл еді. Петроград түбіндегі тыл жұмысындағы қазақтар еді бұлар.
Абай ескерткіші Алатаудың кеудесінде тамаша көрінеді. Абай – табиғаттың бір үзігі, жақсы жалғасы секілді. Аспанға бой созған зәулім үйлерге көз салып, Абай ойланып қалған сияқты. Ескерткіш қасына келген егде адам да ойланады.
Журналға басылар деп есептемеген. Қайда, Сералин, Торайғыров сынды құдіреттілер, ел таныған жүйріктер тұрғанда мұның өлеңін қайтсын. Әуелі сол өзі өлең бе екен? Нартәуекел етіп жіберді. Енді мынау. Семей жастары гу-гу етеді. “Айқап” басыпты. Сене ме, сенбей ме? Басыпты! Тасқа басқан... Сенеді.
Аяңдап келеді егде адам. Ендігі – беті Шоқан Уәлиханов ескерткіші. Кешқұрым сейілдегенде Абайға, Шоқанға сәлем беру үлкен бір парызындай.
Егде адам кетіп барады. Жаңбыр жауып тұр. Сағынтып, көп тостырып келген жаңбыр. Алматыда биыл жауған тұңғыш жаңбыр.
Жаңа көктем келеді дүниені түлетіп. Кәрі боз не әкелдің соған? Қызық өзі. Қазақта бүгін отызға шығып, роман беріп жатқан жас толқын бар. Мықты толқын. Өнімді толқын өзі. Мен ескінің көзімін. Мұқанов, Әуезовтерден жасым үлкен. Феодалдық Қазақстан, революция, коллективтендіру, социалистік Қазақстан – бәрі көз алдымнан өтті. Сыртымнан Сапарғали Бегалин дейді ғой, әрине, көзімше барлық қазақ Сапеке дейді...
Жаңбыр күшейді. Қас қарайып барады. Қала шамын жағып жатыр.
Егде адам үйіне қарай беттеді. Жазу столына асығады.
Сірә, тіршілікте тындырмаған істері бар шығар-ау әлі.
Достарыңызбен бөлісу: |