Бесінші эссе
І
Алматыдағы Мұқан Төлебаев көшесімен өткеніңде, кей шақта ойыңа әлденелер түсіп, көңілің бұзылады. Батыр ағамыз Мәлік Ғабдуллин алдыңнан шыға келетіндей;
Әй, бала, бір партия шахматқа қалай қарайсың?..
Күнде таңертең, кешке, белгілі уақытта дағдысын бірде-бір бұзбастан, қағаздай қалпында, қыры сынбай, тіп-тік болып Хамза Есенжанов кетіп бара жатушы еді.
- Режим, режим керек. Жазушылық тәртіптен басталады, - деп сыр айтар еді.
Соңғы жылдары денесі ауырлай бастаған Сәбит Мұқанов көп қозғалмай, көбінесе кешке қарай терезе алдындағы орындықта отыратын, қасында бәйбішесі – Мәкең, бірде оқыс сұрақ қойылды.
Замандастарыңыздан кімді мықты санайсыз?
Көзі бір күлмің етіп, қырылдаңқырап шығатын даусымен, тосылмастан, іле сөйлеп кетті.
- Өзім мықты. Сәбит Мұқанов деген кісі мықты! – Бетіме жалт етіп бір қарады да: - Неге ондай сұрақ қоясың? Өздерің де білесіңдер ғой. Мұқаң мықты. Мұхтар Әуезовтің таланты мықты. Ал, екінші мықты – Сапекең, - деді.
Кім?
Сапекең деймін. Сапарғали Бегалин. Ол кісіге арнаған өлеңімді білесің бе?
Менде үндей алмай қалдым.
- Сендер ылғи батыс-шатысты оқып кеттіңдер ғой. “Ал тыңда” деп, тек өзіне ғана тән, тармақтың соңғы сөзіне екпін түсіретін қызық мақаммен өлең оқи бастады:
Алпысқа келу керек Сапекеңше:
Тік бойлы, тастай дене, биік еңсе.
Сиятын қара көз бен қара қасқа,
Отыз бен отыз бестің бірін берсе!
Мұртының миығына аздап бурыл
Кіргенмен, көрсетпейтін ол да қу бір!
Қоңырқай ажарында жоқ еш әжім,
Дерліктей, - “Ұл атаулы сендей туғыр!”
Денеге лайық біткен қылық, мінез.
Не артық іс, бойда жоқ не артық сөз.
Қалпынан сыпайылық бір аумайтын
Өлшемі тұрақталған бір әділ тез.
Жеткенше талант, ойдың шама-шарқы,
Сүйсініп оқитұғын туған халқы,
Бірталай еңбек жазды, алды жарқын,
Ласы, кіршігі жоқ, таза арты.
Жүз жасқа аяқ басты әкесі Ысқақ.
Көрген жоқ жүрер жолын ешкім нұсқап.
Сенеміз Сапекеңнің сөйтуіне,
Себебі туған ұл бұл әкеге ұқсап!
Кейін білдім, бұл өлең Сәбит Мұқановтың он алты томдық таңдамалы шығармаларының бірінші томының 367-бетінде басылған екен.
ІІ
Сапарғали Бегалин – қазақ жазушыларының бүгінгі буынының ішінде жасы сексенге келіп, халқының ортасында той-тойлаған бірінші қаламгер. Бұл шежіре адамның өмірі қандай қызық болса, шығармашылығы да сондай қызық.
Ол – еліміздің ғасырлар бойы ауызша тараған әңгіме-аңыздарын, айтыс-өлеңдерін, шешендік толғауларын жатқа білетін ескінің көзі, оның үстіне этнограф, әрі тарихшы.
Сапарғали - әдебиетіміздің поэзия, проза жанрларында тартымды, толымды шығармалар берген көрнекті суреткер, көп жылдар шаршамай шапқан жүйрік.
“Қазақ бозбалаларына” деген тырнақ алды өлеңі 1914 жылы “Айқап” журналында басылған С.Бегалиннің қазіргі оқушы қолына тиген соңғы көлемді еңбегі – “Замана белестері” атты күрделі роман. Осы 65 жылдық ұзақ қаламгерлік сапарда суреткер жиырманың үстінде поэма, оннан астам повесть, жүздеген әңгіме, тоғыз шағын пьеса, бір роман, көптеген естеліктер, зерттеулер, мақалалар жазған.
Әдебиеттегі жолын өлеңнен бастаған Бегалин алғашқы жырларында туған ауылдың көркін бейнеледі; ескі ортадағы олқылықтарды сынады; жаналықты, жақсылықты шығармаларына арқау етті. Бірінші дүние жүзілік соғысқа қатысқан, сол кезде бұратана ел саналған халықтың өкілі – Сапарғали Петроград түбінде жер қазып, ауыр жұмыс істеп жүріп, көп жұртпен танысып, сана-сезімі өсіп, жаңа заманды емірене қарсы алды.
Сапарғалидің өлеңдерін зер салып, көңіл қойып оқыған адам оның сазды лирик, сыршыл ақын екеніне анық көз жеткізеді. Халық әдебиетінен алынған ою-өрнектер Абай поэзиясының ырғақ-өлшемдері, классикалық туындылардың ықпал-әсері. С.Бегалин лирикасын құлпыртып, жарасты сипатқа ендіріп нәрлендіре түскен.
Ақынның “Жаз лебі”, “Көктем бұлты”, “Нөсер артынан”, “Сарыжайлау” секілді өлеңдері – сұлу бейнеленген пейзаж үлгілері. “Кавказ аңыздары”, “Бұқара – Самарқанд сапары” циклдарында тосын бейне, әдемі деталь, есте қалар суреттер мол. Абайға, Мұхтарға, Қалыбекке, Қасымға арналған өлеңдерге жүректің тереңінен шымырлап шыққан сыр, таза сезім жан бітірген.
Жинақылық, әуезділік, қарапайымдылық, нұсқалылық, сонылық С.Бегалиннің балаларға арнаған тақпақ, жаңылтпаш, жұмбақ өлеңдеріне тән қасиеттер. Ата мекеніне барған бір сапарынан:
Достарыңызбен бөлісу: |