ІІ
Қазақ әдебиетінде қоғамдық қызметі мен әдеби шығармашылығы қатар алатын жазушылардың бірі – Сабыр Шарипов. Мазмұнды өмір кешкен революционер көптеген әңгіме, очерк, әр түрлі тақырыптарға арналған мақалалар, мұнай өндірісі туралы ғылыми-зерттеу, повестер жазып, артына бағалы мұра қалдырып кетті. Оның туындылары сан алуан өмір көріністерін елестетіп, қазақ халқының тұрмысын, салтын, ғұрыптарын баяндайды. Сабырдың:
“Құлындарым, бір сәт мына суретті көз алдарыңа әкеліңдерші: Варзай деревнясы, аш-жалаңаш, шаңырақ астында дүниеге келген сорлы сәби ата-анадан бірдей айрылып, тақыр жетім қалған, қу тағдырдың текпісінде қалған. Сорды арылтпаған, бірінен-бірі қатыгез сұм жылдар өтіп жатыр. Сәби – бозбала, бәрібір жоқшылық, бозбала – жігіт, бәрібір сүргін, ержетті – бәрі-бір азап. Тірлік талғажауын табу үшін арпалысқан жылдар. Революция күндері жетті! Ол күрескерлер қатарында. Міне, губисполком председателі. Пұшайман, бейбақ, сорлы жетімек губисполком председателі болғанша қаншама азапты, тозақы жылдарды бастан кешірді, десеңізші”, - деп балаларына арнап жазған сөздерінде көп сырдың ұшығы жатыр. (Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитеті жанындағы Партия тарихы институтының архивы, фонд 841, ед.хр. 2033, л. 28-29).
Шарипов шығармашылығын сөз еткенде бір жайды естен шығармау жөн. Оның шыққан ұлты – татар. Сабыр жоқшылық айдап, он бес жасында қазақ еліне келген. Содан өмірі осы ортада өтеді. Көрген-білгенді, ақындық кеудесіне әсер еткен күйлерді сыртқа шығарудың құралы ол үшін қазақ тілі болған. Шарипов шығармаларын татарша, орысша да жазғанмен, қазақ әдебиетінің тарихында қалды.
Сабыр Шариповтың тырнақалдысы – “Алтыбасар” туралы кезінде Сәкен Сейфуллин:
“Алтыбасар” – қазақ тұрмысынан алынып жазылған әңгімелердің ішіндегі шебер жазылған кітап. Қазақ тұрмысынан, қазақ крестьян тіршілігінен нұсқа, үлгі. Мысал болатын кітап, тілі таза, түсінікті. Сөз қалаулары әдемі. Суреттері айқын, толық. Бояулары ашық. Жазушының қазақ тұрмысын жақсы білетіндігі айқын көрінеді” – деп жазып қаламгердің тұңғыш қадамы сәтті басталғанына қуанып, оқырманға таныстырып еді.
Бұдан кейінгі шығармаларында Сабыр қазақ елін, оның экономикалық-әлеуметтік тіршілігін, әдет-ғұрпын, тұрмыс-салтын жан-жақты бейнелеуге ұмтылған. Революциялық қозғалыс, ұлт-азаттық көтерілісі, азамат соғысы туралы бірнеше әңгіме жазады. “Бекболат” повесі солардың жиынтық қорытындысындай.
Тұтастай алғанда, Шариповтың барлық шығармасын тақырыбы жағынан екі топқа бөліп қараған дұрыс, бірі – қазақ тұрмысы, екіншісі – шетел тұрмысы.
Қазақ әдебиеті қашан да томаға-тұйық күйде қалып қойған жоқ. Оның қамтитын мәселесі, көтеретін тақырыптары әр уақта кеңдігімен көзге түскен. Интернационалдық рух – эпосымыздан бастап бүгінгі әдебиетіміздің ұзына бойына тартылып жатқан тамаша желілердің бірі. Шетел тақырыбына бағыштап шығарма жазу дәстүрін сөз еткенде, Абайды, оның ұлдары Мағауия, Ақылбайларды еске аламыз. Философиялық ойлар айтылатын “Ескендір”, “Масғұт” поэмалары шығыстық дәстүрде, назиралық арнада келеді. Бұл шығармаларда басқа ұлт өкілінің сезім-мінез, психологиясынан гөрі, қазақ топырағына лайықтап айтылған жайттар басым.
Мағауия, Ақылбай туындылары – назира, белгілі тақырып-сарындарды қайта жырлау емес, шын мағынасында басқа халықтардың өмірінен елес беретін дүниелер.
Өткен ғасырдағы әдебиетіміздің интернационалдық дәстүрі кейінгі заманда жаңа бір қуатпен көрінді. Басқа халықтар өміріндегі әр түрлі белеңді жәйттарға ақын-жазушыларымыздың әр кез үн қатып отырғанын, шығармаларда жиі кездесетін өзге ұлт өкілінің бейнелерін былай қойғанда, шетел тақырыбына арналып жазылған роман, повесть, өлең, поэма, очерк, әңгімелердің өзі бір төбе.
Қазақ әдебиетіндегі сондай ерекше мәнді шығарманың бірі – “Рузи Иран” 1935 жылы “Әдебиет майданы” журналында жарияланып, кейінірек біраз өңделіп, өзгертіліп кітап болып басылған.
Зерттеушілер бірде мұны әңгімелер, бірде очерктер жинағы дейді. Асылы, бұл очерктер жинағы деп аталғаны жөн секілді, өйткені, очерк жанрына тән зерттеу – этнографиялық мәліметтер мұнда көп және әңгімеден гөрі очеркке лайық публицистикалық сарын кітаптың өн бойын алып жатыр.
Сабыр Шариповтың өзі “Ләйлә” хикаятын “Рузи Иранның” жалғасы деп көрсеткен.
Екі шығармада да бейнеленетін парсы тұрмысы болғанымен, тарихи мезгіл жағынан көп айырма бар, біріндегі кейіпкерлер екіншісінде жоқ. Бұл екеуі екі бөлек мақсаты бар жеке-жеке туындылар. Жақсы шығармаға жанр талғамайтындығына ешкім дау айтпаса керек. “Рузи Иранды” очерктер жинағы деп атаудан безіну ретсіз. Г.Успенксийдің очерктері туралы И.Тургеневтің сөзін еске алайық: “Бұл поэзия емес, мүмкін поэзиядан артық шығар-ау”.
Сабыр Шарипов Иранда совет мұнай өкілдігінде қызмет істеп, “Шах-наманы” жазған Фирдоуси елінде, үлкен өнер, көне мәдениет елінде, батыс жазушылары көрсететін “сүйкімді бай, сұлу әйел, қоңыраулы керуен, шарап” өлкесінде болып, басқа жайларды аңғарған. Әлеуметтік құлашы кең қоғам қайраткері, таптар жігін анық барлайтын жазушы Сабыр Шарипов отызыншы жылдардағы Иран өмірін нанымды бейнелейді.
“Рузи Иранда” Шарипов көрген-білген, қорытқанын Балбек деген кейіпкер арқылы суреттейді.
Барлық очерктегі көптеген этнографиялық мәліметтерді, Иран елінің тарихына, салт-санасына байланысты жайттарды ескере отырып, тақырыптық жағынан “Рузи Иранды” екіге бөлуге болады: бірі – Совет өлкесінен шетелге қашқан ақ эмигранттар өмірі, екіншісі – Иранның жергілікті халқының тіршілігі.
“Рузи Иран” жүріп өткен жолдағы ой-қиял ұстап қалған нәрселерді ғана тізіп көрсететін дүние емес, бұл – біраз уақыт елдің тұрмысымен жете танысып барып, ойланып-толғанудан кейін туған еңбек.
Жазушы этнография, экзотикадан гөрі кейіпкер тұлғасына мән берген. Үш-төрт бөлім демесек, қалғанында адамдар мінезі, тағдыры бар. Тағы бір ескеретін жай әр бейне жеке очеркке арқау болғанмен, лейтмотив, негізгі сарын үзілмейді. Иран халқының өмірі мен босқындар тұрмысы тығыз байланысты, бірінің көрген күні екіншісінікі екенін іштей сезіп отырасың.
Шетелге қашып барғандар өмірі әр түрлі бояумен берілген.
Заманында патша гимназиясын алтын медальмен бітірген, қызылдарға қарсы оқ атқан, қазір Парижде швейцар боп істейтін генерал Некрасовтың қызы Татьяна Иран жерінде осал соғар емес. Ол жезөкшелер делдалы, мерез іс арқылы тамағы тоқ, үлде мен бүлдеге оранған. Сатылып кеткен опасыз Безруков те осындаймен тамақ асырайды. Инженер Айрапетян шыт-шырпы сатып, Тегеран көшесінде зыр жүгіріп жүр. Қызық оқиғаларды, жанды суреттерді таңдап алып, жазушы көлеңкелі өмірдің астарларын ашып көрсеткен.
Бір жағынан Шариповтың әшкерелей, айыптай, екінші жағынан іш тарта бейнелейтіні кеше азамат, бүгін отансыз, алыста қаңғырып қалған, алданғандар тағдыры. Олар Ираннан жер ұйық, шаттық, рақат табамыз деп келіп, аяусыз қанды шеңгел қыспағына түскен, мал-мүліктен, жиған-тергеннен айырылған. Осы қайырсыз қадамды суреттеу арқылы жазушы көп ащы сырлар шертеді.
Тұрмыстың зіл-батпан салмағы еңсесін басып, есінен тандырған Марсованың түрі мынау: “Енді аштан өліп бара жатқан соң, емшектегі баламды аман алып қалайын деп, әрі күйеуімді аяп... әр байдың әйелі боп тамақ асырап жүрміз. Сізден несін жасырайын, ертең өліп қалатын маған ұяттың керегі қанша?.. Түн болса қонақтардың көңілін табу... Әрқайсысының мінездері әр түрлі, бәрінің де бабын табу керек. Сырттары жылттырап тұрған байлардың біреуі сасық, біреуі пасық, біреуі мас, ұнатпаймын деуге болмайды, амал жоқ, соның бәріне де көз жұмып, көне беремін”.
Сорлы әйелдің шыны осы. Бұл сөздерде тапталған өмір, көздің жасы, жүректің қаны, ауыр шер жатыр. Қайыршылық, жәбір-жапа жанышқан, қайырсыз, азапты жолға түскен отансыз Марсов өлімі күллі босқындар күйреуін елестеткендей. Оның аузынан сұм тірлікке лағынет айтылған. Шығарманың өн бойында өткір пафос бар. Өмірдегі етене жағдайларды сұрыптап алу кейіпкерлердің әлеуметтік болмысын сенімді суреттеуге мүмкіндік тудырған.
Әрине, шығарманың қадір-қасиетін жалғыз сюжет төңірегінен іздеу - әбестік, бірақ сюжет, Горький айтқандай, адам характерінің тарихын құрайтынын, бейне динамикасын көрсетуге мұрсат беретінін ұмытпау шарт. Көркемдіктің бұл талабын Сабыр Шарипов ескеріп отырған.
Жоқшылық пен қорлық астында жүрген Иран жұмысышының бірі – Хәбип. Чемодан жасап сататын дүкенде жалданып іс қылады. Күндіз-түні танауынан шаншылғанда тапқаны талғажауға әрең жетеді. Өмірі қарызбен шырмалған Хәбип: “Егер бұл тұрмыстағы адам жалғыз мен болсам әлдеқашан отқа түсіп, не суға батып, өзімді өлтірген болар едім, мен секілді нашар халдегі адам жүздің тоқсан тоғызы, қайта аз да болса, өнер білеміз, иә енді түк өнер білмей, жұмыс таба алмай, қайыр сұрап, тамақ асырап жүргендер неше мың? Соларды көріп, бәріне қанағат қылып жүре береміз!.. Жарық дүниеде адамның бір күн болса да тұрғысы келеді”, - дейді.
Хабиптердің философиясы. Өздерінің бақытсыз, қараңғы өмірін, теңсіздігін көріп-біле тұра, әлі бас көтеру – азаттық күрес идеясынан аулақ.
Ертең-ақ Нью-Йорк пен Лондонға, Париж бен Берлинге жіберілетін әйгілі парсы кілемдерінің қалай тоқылатынын, кімдер тоқитынын білгіңіз келе ме? Сол атақты кілем, әсем кілемде шиеттей балалардың көз жасы, өмірінің бөлшегі бар, азапты жұмыс бейшаралардың денсаулығын бұзып, болашағын үзіп алып қалып жатыр.
“Мастерлердің үлкендері он екі-он үш шамасында болса, қалғандары одан көп кіші. Бес-алты жастағы балалар да бар. Бәрінің үстіне киген киімдері жалғыз жейде мен дамбал, жалаң бас, жалаң аяқ, әйтеуір көпшіліктің лебімен үй ысыған. Балалар тоңатын емес. Жер еден, таңтопырақ терезелері кішкене, үйдің іші қараңғы, әрі сасық, әрі шаң балаларды мүлде жүдеткен, түрлері бірдей сұп-сұр, көрден шыққан не болмаса құрт ауруынан өлейін деп жатқан адамдар секілді құр сүлдері тұр. Бәрі бірдей жүдеу болғанмен, бірінен-бірін айырып алуға болады: мына бір баланың көзі қып-қызыл, іріңдеп, кірпіктері жабысқан, ана біреуінің бет-аузы қотыр, біреуі шикі таз, біреуінің құлағынан бұлақ аққан, біреуінің қол аяқтары қылдай жіңішке, біреуінің мойны қисық... Түрлері өкпелеп жылап жатқан балалар секілді”.
Осындай сорлының бірі – он төрт жасар Әли. Бес жасында оған жоқшылық азап қамытын кигізген, ауру әке-шешесі, қарындасы енді соның қолына қарайды. Үш жыл үйренуші болып, ақыры кілемді өзі тоқып шығаратын дәрежеге жеткен. Қолы жетік, өзі іскер Әлиді енді бір байдан екінші бай сатып алып жүреді. Сұм тірлік оны кілем тоқитын машинаға айналдырып жіберген. Әли тағдыры арқылы қуаныш, бақыт дегеннің не екенін білмейтін, өксік пен зарға толы аянышты жас тірлік көрсетілген. Иран өмірінің сұрқай, қараңғы жақтарын ашатын Кәшәпи бейнесі.
Петербург, Париж, Лондонда оқып білім алған Кәшәпи өз елі туралы былай дейді: “Ғылымның қадірін жұрт білмейді. Біздің Иран мемлекетінде оның қадірін білетін адам шамалы болады. Мұнда мал қадірлі, ақша қадірлі, ақшасы болса, ақылы шала, тілі сақау болса да, оны мұндағы жұрт қадірлей береді. Күллі министрлердің арасында менің оқуымдай оқуы бар адам жалғыз ақ кісі”. Сөйткен Кәшәпи талайдың қанын сорып жатқан көкжалдың нақ өзі.
Саудагерлік жолына түскен Кәшәпи білімсіз озбырлардан асып түскен.
Ежелден ертегі мен аңыздың ұясы болған Иранды көптеген жазушылар жарқыратып, бояп көрсетіп, жалаңаш фактілерге бой ұрған. Осындай шығармалармен салыстырғанда, Шарипов туындысының қадір-қасиеті арта түспек. Немістің атақты жазушысы Б.Келлерманның “Парсының керуен жолдарымен” деген шығармасын алайық. Күнделік ретінде жазылған кітаптағы көрген естіген жайттар, этнографиялық, тарихи мәліметтер, тартымды портрет, қызық пейзаж, сұлу стиль оқушы көкейіне оп-оңай қона кетеді. Автордың иран халқының тағдыры туралы жан ашыр ойлары бар. Дегенмен, Келлерман кітабы Иран елінің әлеуметтік өмірін бейнелейтін шығарма емес.
Шарипов тілінің бейнелілігі стильдік бедері авторлық баяндаудан да, кейіпкерлерінің портреттік, сөздік сипаттамаларынан да, көпшілік сценасын беруден де аңғарылып тұрады.
“Қайсы көйлекшең, қайсы жалаңаш, денелері күйе-күйе, көздері үңірейген, желке сүйектері көтерем малдыкі секілді терілеріне жабысқан, шалбарлары жұлым-жұлым” қолөнершілер, “мсье, мен апарайын, а, мсье, тамақ аш, бала көп, қызметіңді берсеңші, құдай ризалығы үшін, қиналмаңыз, мен апарайын” деп зар қағып жүрген жүк тасушылар, “көшесіне адам сыймаған, дүкеннің алдында ылғи бақыр шәйнек, құман, біреуінде аяқ-табағы, ыдыс, біреуінде қазан-ошақ, біреуінде пышақ-балта, күрек, шалғы-орақ секілді нәрселер бар, енді біреуінде ылғи ғана жібек, масаты, барқыттың асылдарын сатып отырған” Тегеран – Иран көріністері әр түрлі бояумен суреттелген.
Сабыр адам портретін ішкі-сыртқы қалпымен, ортамен байланыста алады. “Үстіне кигенін көйлек десе де болады, қалай болса солай мың жамаулы шүберекті іле салған десе де болады. Көк матадан тіккен шалбарының жыртығы жоқ, бірақ жиырылып тізесінен аз-ақ төмен түсіп тұр, өзі жалаң аяқ, басында пәхләуи қалпақ. Сақал-мұртын қырған, шашына недәуір ақ кірген, өзі өте жүдеу, бірақ көзінің оты әлі сөнбеген”. Хәбип кескінінің қалған штрихтарын оқушы қиялы толтырады.
“Рузи Ирандағы” оқиғалар кейіпкердің көбіне өз атынан баяндалып, сөздік сипаттамалар арқылы олардың бейнесі ашылған. Мұндай әдіс бір очеркте қолайлы болғанмен, ылғи қайталану композицияны әлсіреткен, диалогтың дені Балбек пен кейіпкерлер арасындағы сұрақ-жауап боп келу де оқушыны жалықтырады.
Парсы елінің өмірінен жазған Шариповтың екінші шығармасы – “Ләйлә”. Хикаятта 1896-1905 жылдар арасындағы иран халқының өмірі бейнеленген. Бұл дәуірде капитализмнің империализмге айналуы әлемдік аренада жаңа жағдайлар туғызды. Шығыстың Қытай, Түркия, Иран секілді елдері алпауыт державалардың талапайына түсіп, қыспақта қалды. Саяси жағынан ерікті болып көрінгенмен, бұлар экономикалық жағынан тәуелденіп, жартылай колонияға айналған. Өз мүддесі, қара бастың қамы үшін жергілікті феодалдар басқыншылармен ауыз жаласып, қалың бұқара екі жақты қанаудың астына түсті. Осының салдарынан Шығыста империализмге қарсы көтерілістер күшейді.
ХХ ғасырдың басы, Азияның оянуы, азаттық-бостандық үшін күрестің басталуы еді. Елу жыл ішінде Иранда өкіметке қарсы көптеген толқу болды, ақыры сол ұшқындар 1905-1911 жылдардың буржуазиялық-демократиялық революциясына алып келген еді.
Империализм тепкісінде қайыршыланған иран халқының азапты тұрмысын, азаттық үшін күресін Шарипов повесіне арқау еткен. Шығармадағы оқиғалар тар көлемде алынбай, сол дәуірдегі халықаралық жағдайлармен, әсіресе Ресейдегі революциялық қозғалыстармен байланыста берілген.
Жазушы тарихи шындықтан алшақ кетпейді. Кейіпкерлер әлеуметтік-саяси ортаға біртіндеп тартылып, психологиялық қақтығыс үстінде ашылады. Өз дамуы, өз заңы бар таптық шайқас кейіпкерлердің тағдырына әсер етеді. Хикаятта көрсетілген оқиғалар дәуір тынысын дұрыс танытады.
Шығармада үлкен жүк арқалаған кейіпкердің бірі – Ғабдолла. Кедей жігіт. Жолдастары Наурыз, Шұғбандармен селбесіп бірге тұрады. Үш жігіттің арасында ұлтарақтай жер бар, оның өзі тауда. Ғабдолла қаршадайынан жоқшылық дәмін татып өссе де, тауқыметке мойымайды, өнерлі жас. Бала оқытады. Тар заманда, ескілік қылышынан қан тамған Иран сияқты қараңғы елде өзіне тең жар іздейді, табады. Ол – Ләйлә. Жастығының гүліндей боп көрінген махаббаты бар енді, өзін бақытты санайды. Ғабдолла – қолы ашық, көңілі сергек жігіт. Ертең, бүгін үйленем деп жүргенінде өтіріктен-өтірік пәле жабылып, Ғабдолла абақтыға қамалады.
Оның өмірінің жаңа беті сол түрмеден басталған. Бұрынғы кішкене ортадағы, махаббат аясындағы жігітті әлеуметтік күрес құшағына алады. Ұстаған бағыты әбден айқын болмаса да, азаттық үшін бел буған Мұхаммед Риза соңына ереді. Зұлымдық оғы Ғабдолланың кеудесін тесіп өткендей, ол Ләйләсінен – махаббатынан айрылса да, тағдыр соққысына жаншылып қалмайды. Иран халқының ауыр өмірін, табиғат суреттерін, әр түрлі оқиғаларды автор Ғабдолланың сезіну-түйсінуі арқылы берген. Ғабдолла басындағы сыр халықтың сыры болып әсер етеді.
Кейіпкерін әр түрлі әлеуметтік ортадан өткізе отырып, жазушы оның шындық ауылын іздеуін заңды түрде суреттеуді мақсат еткен. Автор ойында Ғабдолла әлеуметтік құлашы кең қайраткер, сондықтан оның Ресейге кетуі – іштей өсіп, марқаюынан туған қадам.
1904 жыл қарсаңында Баку жұмысшыларының қатарында парсылар болғаны мәлім. Закавказье мен Иран арасындағы ежелгі байланыс ХХ ғасырдың басында бұрынғыдан күшейе түскен. Жұмысшылар арасында саяси іс жүргізу үшін М.Азизбеков, А.Джапаридзелер құрған социал-демократиялық “Гуммет” ұйымына қатысқан көптеген ирандықтар большевиктердің тікелей көмегімен, революциялық іске тартылды. Осындай тарихи шындықты жазушы Ғабдолла бейнесі арқылы көрсетпек болған.
Қоғамдағы прогресс дәрежесі әйелдер жағдайынан көрінеді дейтін пікірді еске алсақ, күні кешеге дейін парсы әйелінің бетіне перде жамылып жүруі масқара сұмдық еді.
Хикаят кейіпкері – Ләйлә сол орта сырын ашатын жан. Ол жоқшылықта өмірі өткен қара сирақ кедей қызы. Кәрі әкесі мен шешесі тамақ асырау үшін әркімнің есігінде тепкі көрген. Өзі де сол азапты татып өсті. Ғабдоллаға Ләйләнің пәк, таза жүрегі шыншыл махаббатпен берілген. Тірлік қанша ауыр болғанмен, әлі қайғы қажытпаған, алыс-жұлыстан тысқары. Көкейінде жалғыз-ақ арманы бар – Ғабдолламен көңіл қосу.
Қиял соңында жүрген жас қыз өмірінің аз уақыт ішінде астан-кестеңі шыққан. Хасан губернатор ұзын құрығын салып, Ләйләні зорлықпен Тегеранға жөнелтеді. Еліктей таза жан енді қорқаулар қоршауында. Губернатор ниеті – Ләйләні тоқал ету.
Торға түскен сұлу өлсе де, арын таза ұстап өлмек. Маңына жан жуытпайды. Біртіндеп дүниенің шын мәнін сезе бастайды. “Мейлің осы жерде басымды кесіп ал! Зорлық біткеннің бәрін істе, әйтеуір мен саған қатын болмаймын”, - дейді.
Басына күн туған қыз жүнжіп, жеңілмейді, абақтыдай болған қоршау-тордан ақыры қашады-ау. Құтылып, Ғабдолласына енді жеткен шақта тағы алданады, ойда жоқта пәлеге кездеседі – жезөкшелер ордасы. “Жалғыз сенің басындағы жұмыс емес, бұл жерге келіп жиналған қыздардың бәрі де өзіндей біреудің қадірлі баласы. Біреуі де өз ықтиярымен қалап келіп отырған жоқ. Қарындары ашқан соң келіп отыр. Алғашқыда бәрі де сендей тулаған; ақыр аяғында барар жері болмаған соң, осыған көнген” деген сөзді естіген Ләйләнің адамдық қасиеттері сынға түсіп, өмірі қатерге іліккен.
Автор кейде орынсыз бояуларға, жалған патетикаға ұрынады. “Кегімді алмай қоймаймын залымдардан. Мен әзер құтылып отырмын, мен секілді неше мың әйелдер тап осы сағатта, осы минутта менің басымнан кешкен қорлықта жүр. Менің де, олардың да болашағы қараңғы! Күресем!” Ләйлә кітаптан-кітап қоймай оқиды. Жер үстіндегі елдің, олардың патшаларының тарихын бір оқып шықса, жатқа айтып беретін болды, бәрінің аттарын, істеген істерін жатқа біледі”, - деп келетін жерлердің көркемдікке де, шындыққа да қатысы шамалы.
Күндеме жұмыспен тамағын асырайтын Наурызды саяси іске оятқан туысы Шұғбанның ажалы. Ашынған Наурыз арқылы Ирандағы қозғалыстың діни формасы тереңірек ашылады.
Парсы елінің әлеуметтік өмірін тануда Хасан губернатор, Кәбири, Ыдырыс бейнелерінің мәні мол. Хасанның ата-бабасынан бері қарай қолынан билік кетпеген. Әкесі кешегі бабидтер көтерілісін жанышқан, Курдстан халқын қырғынға ұшыратқан. Ал баласы мезгілінде салық бермегені үшін қала халқын сусыз қатырады. Хасан нысаптан жұрдай: бес-алты әйелі, қырық-елу жариясы бар осының үстіне Ләйләға қол салмақ.
Хикаяттағы жуандар өкілі әуелде кесек әрекеттерімен суреттелсе, кейін Ғабдоллалар әлеумет ісіне бел шеше араласқан шақта көрінбей қалады. ХХ ғасырда жартылай колонияға айналған Иранды жазып отырып, жазушының бірде-бір отаршы бейнесін кіргізбеуі өкінішті.
Көлемі шағын хикаятта әр салалы өмір көріністерін қамтитын бірнеше оқиға қатар өрбиді.
Шығармада публицистикалық элемент мол, тіпті кейде осы сарынның дендеп кетуінен көркемдікке нұқсан келгенін көреміз.
Табиғатқа жан бітіре суреттеу:
“Кетіп бара жатқандарды ұзатуға, келе жатқандарды қарсы алуға жиналған құмырсқадай қыбырлаған ұшы-қиыры жоқ жыласқан, ой бауырымдаған, жер бауырлап өкіріп жылап жатқан қатын-бала, кемпір-шал не сан! Жер үстіндегі шөптер, ағаштар, құстар, тау-тастар бәрі жылаған секілді, күңіреніп тұрған бір ғаламат”.
Селт еткізердей қызық теңеу: “Теңіздің үстінде жүз шамалы қайық, жусаған жылқыша әр жерде бытырап жүр”, “Күн жылы, тынық, теңіздің үсті шайқалмаған қаймақтай”, “Аспанда ине шаншар бұлт жоқ”.
Шарипов шығармасында парсы халқының жаңа ойлы, жаңа сипаты перзенттерінің ұнамды бейнесін жасау талабы бар. ХХ ғасырдың басын бейнелейтін парсының әйгілі жазушысы Каземирдің “Қауіпті Тегеран” романы да бұл жөнінде ақсап жатыр. Каземир кейіпкерлері әлеуметтік қозғалыстың мәнін түсінбейді, олар әлеуметтік майдан палуандары емес, жеке бастың, сезім-мұңның жоқшысы. Кедей жігіт Фаррохтың сановниктің қызы Махинға махаббаты, осы жолдағы әр түрлі кедергілер шығармаға арқау болған. Күрес бәрібір нәтижесіз деген идеядағы Махин қаза табады. Ал Фаррохтың ендігі мақсаты – ұлын тәрбиелеу.
Бүгінгі парсы жазушылары әлеуметтік мәнді тақырыптарға қалам тарта бастады. Олар қайшылықтың негізі – надандықта, барлық бақытсыздық – мәдениетсіздікте деп ұғады. Көп шығармаларда әйелдер қорлық, жапа көруші ретінде алынған. С.Хедаяттың “Тірі жесір” әңгімесі, Б.Алявидің “Оның көзі” романы, А.Омидтің “Көкжиектің сызығы” повесіндегі кейіпкерлер осындай жандар. Ал “Рузи Иран”, “Ләйлә” жазылған жылдарда парсы жазушылары Иредж-мырзаның:
Құдай-ау, күн туар ма ұйқы қашпақ,
Әйелдің перде жапқан жүзін ашпақ? –
деп келетін өлеңіндегі сарыннан аса алмаған.
Сабыр Шарипов отызыншы жылдардың өзінде-ақ парсы өмірін реалистікпен бейнелеуге ден қойып, халықтың азаттық, бостандық үшін күрескен ұл-қыздарын жыр етті.
Достарыңызбен бөлісу: |