ІІІ
Үлкен талант – мейлі қайраткер, мейлі суреткер, мейлі санаткер болсын – бір ұлттың шаңырағында туса да, тек сол елдің шеңберінде қалмаса керек. Өйткені, тіл дін, сенім әр түрлі болғанымен сезім, әсемдікке құштарлық, арман адам баласына ортақ.
Орыс әдебиетінің алтын ғасыры жаһан өнеріне орасан зор ықпал жасаған қалың шоғыр жазушыларды берді. Ал қазақ-орыс әдебиеттерінің тарихи байланысы сонау қыпшақ заманында басталған терең тамырлы, әзірге білімпаздарымыз ХІХ ғасырдан бергі қарым-қатынастарды ғана талғажау етіп жүр. Сөз көбіне тәржіме төңірегінде.
Данышпан Абай саф таза, мінсіз сұлу қазақша сөйлеткен Пушкин, Лермонтов, Крылов сахарадан көп достарын тапқан болатын. Бұл бастама көрбілтеленіп қалмай, жаңа әдебиеттің жемісті ізденістер арнасының біріне айналып, қазақ топырағында реалистік аударма мектебі қалыптасты. “Капитан қызы” 1903 жылы, “Қажымұрат” 1923 жылы батырлар жырымен қатар жатты. ХХ ғасыр басында Г.Мопассан, Д.Лондон қазақша сөйледі.
Шөл далада өскен жалғыз бәйтерек емес-тін Абай, оның өзі баулып өсірген шәкірттері, өнерінен қуат алып, қанаттанған ізбасарлары өнімді дәстүрді ілгері апарып, Тұрағұл М.Горькийдің “Челкаш” әңгімесін Семейде шығатын “Таң” журналында бастырса, Шәкәрім “Дубровскийді” өлеңмен еркін жыр еткен.
Революция алдындағы қазақ әдебиеті мен әсем стиль сұлу өрнек иесі Иван Сергеевич Тургенев шығармашылығы арасында қандай байланыс бар деген сұрауға жауап боларлық фактілер сирек. Рас, семинария, гимназия, университеттерде оқып, орыс тілін жетік игерген ат төбеліндей қазақ жастары ұлы суреткер туындыларынан нәр алып өскені хақ.
Өмірлік материалды пайдалану, сюжетке сүйек боларлық оқиғаларды сұрыптап таңдай білу кездейсоқ нәрсе емес, талант қуатына, дүниетаным шеңберіне сабақтас процесс екендігі белгілі. Абай Құнанбаев пен Иван Тургеневтің өзара байланыссыз бір сюжетке шығарма жазулары екі алыптың іштей туыстығын аңғартса керек. Біз “Масғұт” поэмасы мен “Шығыс аңызы” әңгімесін айтып отырмыз. Екі туынды арқауы да “Мың бір түндегі” Хасен шебер басындағы оқиғадан алынғаны анық. Тургенев қысқа ғана әңгіме жазса, Абай поэма шығарған.
Қазақ әдебиеті өрлеу, өсу процесін басынан өткеріп, сан бағдарлы ізденістерге түсті. Соның бірі – шеберліктің үлкен жолы – классиканы аудару. Шекспирдің “Гамлет”, “Отелло”, “Асауға тұсауы”, “Сервантестің “Дон-Кихоты”, Рабленің романы тәржіма етілді.
1934 жылы “Әдебиет майданы” журналында “Әкелер мен балалар” романының кейбір тараулары басылды, “Льгов”, “Бирюк”, “Бежин шабындығы”, “Хор мен Калиныч” сияқты әңгімелер қазақшаланды.
Аз уақыт ішінде Тургеневтің негізгі шығармалары, “Рудин” (1952), “Әкелер мен балалар” (1953), “Дворян ұясы” (1954), “Түтін” (1966) секілді романдары, повестері қазақ тілінде сөйледі. Әрине, бұлардың бәрі де ұлы суреткер туындыларының түпнұсқадағы күш-қуатын сақтаған, төрт аяғынан тік тұрған көркем өреде дей алмаймыз. Кейбір шығармаларды қайта аудару шарт. Сөзге ұста тәржімашы Ісләм Жарылғапов аудармасын қарап көрейік.
Түпнұсқада:
“Во дни сомнений, во дни тягостных раздумий о судьбах моей родины – ты один мне поддержка и опора, о великий, могучий, правдивый и свободный русский язык! – Не будь тебя – как не впасть в отчаяние при виде всего того, что совершается дома? Но нельзя верить, чтобы такой язык не был дан великому народу!” (И.Тургенев. Избранные произведения, М., 1950, стр. 918).
Аударма:
“Туған елдің тағдыры не болар деп қайғырып, шерге бөккен ет жүрек қан жылаған шақтарда, уайым-күдік молығып, қапалы көкірек долығып, қақ айырылған шақтарда, уа, ұлағатты, құдіретті, адал, дарқан орыс тілі – сен ғана серігім, сен ғанасың тірегім, сен болмасаң, іш құсама жалғыз ем, ел халінің сиқы анау – мен түңілмей қайтер ем? Жә, әзелде тілі зордың – елі зор, осы сынды асыл тілді абзал халық болмас қор!” (“Қазақ әдебиеті”, 2 ноябрь, 1968, № 45).
Ең бастысы Тургенев жырының рухы, екпін-ырғағы әдемі сақталып, дәл бодау, тең өрнек табылған. Ішкі ұйқас, толғау айшықтары арқылы аударманың гөзәл үлгісі жасалған.
Мұхтар Әуезов қазақтар үшін ұлы эпопея авторы ғана емес, ұлттық топырақтағы көп-көп істердің пионері, алғаш із салушы. Жаңа дәуірдегі қазақ аударма мектебінің шын мәніндегі атасы - Әуезов таза теориялық байламдар айтып қойған жоқ, шығармашылық тәжірибеде аударманың классикалық түрлерін берді: “Отелло”, “Асауға тұсау”, “Ревизор”.
Әйгілі романның екінші, үшінші кітаптарын жазып жүргенде, басқа шаруаға бұрылмай, Тургеневке ден қойып, “Дворян ұясын” аударуда мән бар. Айтылмыш романдағы әкелер мен балалар тартысы Құнанбай, Абай қақтығысын еске салады. Кітап алғы сөзінде ұлттық колоритті сақтау, бояуды бәз күйінді қалдыру талаптары ескертіледі.
1961 жылы шілде айында бейдауа дерт Москва түбіндегі ауруханаға әкеп жыққан Мұхтар Әуезовтің көңілін сұрай әдебиетші-ғалым Иосиф Брагинский барады. Әңгіме әдеби ықпал-әсер төңірегіне ауысқанда Әуезовтің айтқаны:
“Сірә, сіз де орыс әдебиетінің маған тигізген әсер-ықпалы, берген нәр, қосқан ажары жайлы жазатын шығарсыз-ау. Әлбетте, ұлан-ғайыр, теңдесі жоқ әсер ғой ол. Бірақ сол қалай болды, сыр-сипаты, түр-түсі қандай? Әрине, Максим Горькийді атайсыз, Лев Толстойды да. Десе де маған зор ықпал еткен кім екенін білесіз бе? Таба алмайсыз?! – Тургенев! Жеңіл қарап, бетін қарпымаңыз, мүмкін, ол әсер оңай шалынбас та. Әдеби әсер – оп-оңай нәрсе емес, тек дүмбілездер ғана оны қолмен ұстап, көзге түртіп көрсетпек болады. Шығармашылық әсер ықпалы шыңырау тереңде, ол суреткердің жан-жүйесін тербетіп, толқытып, екінші бір өзегіне айналып, басқаша сипат, айрықша қасиетпен береді, бұл кез келген көген көзге байқала бермес. Тургенев те дәл солай, мен оны өзгеден артық көріп, жастай сүйгем”, (“Народы Азии и Африки”, 1961, № 6).
Асылы, Тургеневтің қазақ әдебиетіне әсері пәрменді һәм жанды құбылыс. Табиғат көріністерін, лирикалық пейзажды психологиялық тебіреністермен астастыра, жымдастыра бейнелеу, шетін сезім, тілдің мінсіз тазалығы, әуезділік, ырғақ мәні секілді ұлы стилистке тән өрнек құралдар, замана проблемасын дер кезінде көтеру, дәуір талабына лайық әсем шығарма жасау дәстүрі – қазақ қаламгерлеріне үлгі. Әсіресе лирикалық проза, мәдениетті проза талаптары бірінші қатарға шыға бастаған бүгінгі күнде Тургенев ықпалы өсе түсері даусыз.
ІҮ
Қазақ әдебиетінің реалистік кең арнаға түсуіне игі әсер етіп, ықпал жасаған факторлардың бірі – аударма десек, бұл сөзді драматургия жанрына қатысты да айтуға болады. Әлем әдебиетіндегі дара тұлға – данышпан Шекспир шығармаларын қазақ тіліне аудару отызыншы жылдары қолға алынған.
Өзі актер болып ойнаған, сахна сырына жетік, драматургияға арналған көптеген мақалалар жазған, бірер шағын пьесаның авторы, ақын, прозаик Мәжит Дәулетбаевтың шығармашылық мұрасында аударма туындылар да аз емес. Ол Гогольді, Чеховты, Горькийді, Фадеевті, Ремаркты қазақ оқырмандарына таныстырды. Ал Шекспирдің “Гамлетін” аударып, 1931 жылы бастырып шығаруы Қазақстан әдеби өміріндегі ерекше мәнді оқиға еді. Кітапқа жазған алғы сөзінде Сәкен Сейфуллин былай деді:
“Бұл Гамлет театрда ойналатын кітап болып, ең бірінші рет 1603 жылы басылып шыққан. Әңгімені театрда ойналатын қылып жазып шығарған ағылшын елінің дүниеге атағы жайылған Шекспир атты жазушысы. “Гамлет” әңгімесі дат елінде болған тарихи оқиғадан шыққан. Дат елінде болған бұл тарихи оқиғаны Шекспирден бұрын жазып шығарған сол дат елінің шежіреші Саксон Грамматик деген адам.
Театрда ойналатын қылып Шекспир жазып шығарған “Гамлет” әңгімесі бүкіл дүниедегі мәдениетті елдердің театрларында ойналып, даңқы жайылған. “Гамлет” – талай елдің театр өнеріне зор әсер берген кітап. Бұдан 300 жылдан аса бұрын жазылып шыққан театр кітабы – “Гамлет” бұл күнге дейін театр сәкісінен түспей келеді. “Гамлет” орыс тілінде біздің кеңес театрында да ойналып келеді.
“Гамлеттің” мазмұны бұрынғы замандағы аруаққа, рухқа нанатын кездегі хандардың, ақсүйектердің тұрмысын көрсетеді. Ол тұрмыстың қандай сұмдықтарын көрсететінін оқыған адам айқын көрінеді. Құлақ, сана, сезім ретінде терең, шебер алынып, тіл ретінде сұлу жазылған. “Гамлетті” қазақшаға аударушы ақынымыз Мәжит Дәулетбайұлы. Аударуы дұрыс жазылған”.
Осылайша, қысқа ғана әлем әдебиетінің жауһары, ұлы трагедияны қазақ оқырмандарына таныстырады. Сөз байламдарындағы стильдік селкеулік алғы сөздің асығыс жазылғанын көрсеткендей. Дегенмен, бет ашардың өзі Сәкеннің Шекспир шығармашылығынан мол хабардар екендігін аңғартады.
Мәжит Дәулетбаев “Гамлетті” аударудың барша жауапкершілігін жақсы түсінген. Қолына іліккен бірінші нұсқаны жолма-жол, ат үсті қазақшалай салу арнасына түсіп кетпей, шығыс әдебиеттерінде бел алған сарын – назираға да осылай, сапалы аударма жасауға күш салған.
“Гамлет” – орыс оқырмандарына революциядан бұрын Вронченко (1828), Соколовский (1894), Кронберег (1840), тағы басқа да аудармашылар еңбегі арқылы мәлім болды. Мәжит Дәулетбаев осы нұсқалармен түгел танысып, бәрін де пайдаланғанын айтады. Ағылшынша үзінді келтіру Мәжит Дәулетбаев Шекспирді түпнұсқада аз-кем оқып, түсінді ме екен деген ойға жетелейді.
Аудармашы оқиғаға қатысушылардың мансап дәрежесі, қызметіне байланысты терминдерді қазақ ұғымында берген: король – хан, королева – ханша, принц – шахзада, офицер - әскер басшы, оберкамергер, гофмейстер, - вельможа – ханның тақ маңайындағы ақылшысы, придворные – шабармандар. Аударма талабының бүгінгі шарттарына сәйкес келмесе де, отызыншы жылдар үшін бұл баламалар лайық болғандығы дау туғызбайды.
Бірінші перде. Бірінші көрініс. Оқып көрейік.
Б е р н а р д о. Бұл қайсың?
Ф р а н ц и с к о. Тоқтай тұр! Баста маған жауап бер. Өзің кім?
Б е р н а р д о. Хан жасасын!
Ф р а н ц и с к о. Бернардпысың?
Б е р н а р д о. Иә, мен.
Ф р а н ц и с к о. Күзетке келе жатырмысың?
Б е р н а р д о. Иә, түн ортасы болды. Сенің орныңа мен барып тұрамын. Сен барып ұйықта.
Ф р а н ц и с к о. Бәрекелде. Түн суық екен, тоңып қалдым.
Б е р н а р д о. Маңайың тыныш па?
Ф р а н ц и с к о. Бұл екі ортада тышқан да жүрген жоқ.
Б е р н а р д о. Тіпті жақсы. Хош! Горацио мен Марцелді көрсең бері жөнелт. (Шекспир. Аударған Мәжит “Гамлет”. Дат елінің шаһзадасы (5 перделік қанды оқиға, трагедия). Сөз басы Сәкендікі. “Қазақстан” баспасы, 1931, 5-бет. Кейінгі сілтемелерде бетін ғана көрсетеміз.)
Осы үзіндінің профессор М.Морозов ағылшын тілінен жасаған тәржімесі:
Б е р н а р д о. Кто там?
Ф р а н ц и с к о. Нет, сами мне ответье; остановитесь и откройте себя.
Б е р н а р д о. Да здравствует король!
Ф р а н ц и с к о. Бернардо?
Б е р н а р д о. Он.
Ф р а н ц и с к о. Вы пришли точно в свой час.
Б е р н а р д о. Только что пробило двенадцать. Ступайте спать. Франциско.
Ф р а н ц и с к о. Большое спасибо за смену: очень холодно, и мне не по себе.
Б е р н а р д о. Все было тихо, пока вы были не посту?
Ф р а н ц и с к о. Мышь не шевельнулась.
Б е р н а р д о. Ладно, доброй ночи. Если вы встретите Горацио и Марцела, моих товарищей по страже, попросите их поторопиться. (М.М.Морозов. Избр. Статьи и переводы, М., 1954, стр. 333).
Түпнұсқадағы мағына қазақшаға өз қалпында жеткен. Жанынан қосу, яки тастап кету жоқ. Орысша барлық аудармаларда кездесетін “мыш не швельнулась” (П.Лозинский), “все, как мышь, притихло” (Б.Пастернак) тіркесі де сақталған.
Шекспир трагедияларының ішінде философиялық тереңдігі, тартыс күштілігі, образдар кесектігі, идея салмағы, проблема молдығы жағынан “Гамлеттен” ілгері тұрғаны жоқ. Пьеса бастан-аяқ әрекетке, драматизмге толы. Алғашқы көріністен кейін көп ұзамай аруақ шығады. Гамлет әкесінің аруағы. Бұл – шарттылық амал, фантастикалық айла ғана емес, шығармадағы кейінгі оқиғалардың барлығына әсер ететін сұмдық дүмпу, өте үрейлі күш. Осыны көрген.
Г о р а ц и о. Көзге елестеп, көңілге қобалжу кіргізіп не болды екен? Бір кезде, Рим елі дәуірлеп тұрғанда, Қайсардың (Цезарь) құлауына жақын қалғанда, осындай түсі суық кереметтерге дүние толған. Жұлдыздар жалын құйрықтанып, жерге ағып түскен. Көктен қан жауып, күн тұтылған. Сол сияқтанып, мынау көрінген аруақ та осы күні сондай қанды жұмыстарға белгі беріп жүр ме екен? (Аруақ тағы елестейді).
Жермен-жексен қылатын болса да, қарсы алдына барып, беттеп жөн сұраймын. Аруақ, тоқтай тұр! Сөйлесерлік шамаң болса, сөйле, жөніңді айт. Жапа болған жаныңа игі іс жұбаныш болар ма?
Айт.
Мен айтқанымды орындауға дайынмын. Жүрген бетің жақсылық па? Жаманшылық па? Сөйле, ау, сөйле! Әлде бұл екі ортаға асыл қазына көміп қойдың ба? Арнаулы адамы тауып алғанша соған күзет боп жүрсіз бе?..
Айт, айт маған. Жауап бер. Марцелл! Бір жағынан қоршай бер. (7-бет).
Түпнұсқадан жасалған осы жолдардың сөзбе-сөз орысша тәржімесі:
Г о р а ц и о. Это песчинка, которая тревожит око души. В высоком и славном Римском государстве, незадолго перед тем, как пал Магущественный Юлий, могилы остались без жильцов и одетые в саван мертвецы визжали и броматали на улицах Рима. И были также другие предзнаменования – как, например, звезды с огненными хвостами, кровавые росы, бледность солнца, и влажная звезда, под влиянием которой находится царство Нептуна, была больна затмением, как будто в день страшного суда. И совершенно такие же пердзнаменования ужасных событий – подобные скороходам, которые всегда предшествуют грядущим события, небо и земля совместно показали нашей стране и нашим соотечетвенникам.
(Возвращается призрак)
Но тише, смотрите, вот оно снова идет! Я заступлю ему дорогу, хотя бы оно погубило меня. Стой, обманчивое видение. (Раскинув руки, он преграждаев дорогу Призраку). Если ты можешь произнести звук и подать голос, заговори со мной. Если нужно совершить доброе дело, которое принесет тебе облегчение, а мне милость неба, заговори со мной. Если ты посвящен в тайну судеб твоей родины, которые, возможно, могуть быть предотвращены, если заранее знать о них, - о, заговори! И если ты при жизни открыл во чреве земли насильственно добытые сокровища, в поисках которых, как говорят, вы, духи, часто блуждаете после смерти (поет петух), говори. Скажи об этом. Стой и говори. Останови его. Марцелло. (М.М.Морозов. Избр. Статьи и переводы. М., 1954, стр. 336-337).
Мәжит Дәулетбаев “Гамлет” трагедиясын көбіне қарасөзбен, ішінара өлеңмен аударған. Рас, диалогтар кейде дыбыс, буын, кезең, ырғақтарымен ақ өлеңге айналып кетеді. Ауызекі сөз екпіні, сахна ерекшеліктерінің шарттары да ұмытылмаған. Алынып отырған Горацио монологының мысалынан бірнеше жайтты аңғаруға болады: аудармашы түпнұсқадан көп алшақтамайды: бейнелі, өрнекті кестеге ұмтылады: “Царство Нептуна” деген секілді қазақ ұғымына түсініксіз нәрселерді әдейі тастап кеткен.
Әлем әдебиетіндегі жұмбақ жан, бәріне сұрақпен, сауалмен көз тастайтын, бір басына қан қайғысы жетіп жатқан Гамлет не деп күңіренеді, тыңдайық.
Г а м л е т. Сен неліктен ерімейсің, неліктен сен топыраққа ұқсап үгітілмейсің? Әй, адамның денесі! Сен неткен беріксің, мықтысың! Егер құдірет өзін-өзі өлтіруді тыймаған болса игі еді...
Құдірет, ұлы құдірет! Жер бетіндегі адам баласының істеген ісі неткен құнсыз, неткен берекесіз! Тіршілік, сен не? Қырдағы дәнсіз шөп-шөлеңдерді қоршаған иесіз, мылқау бақша... Шешемнің ер жүрек қосағының... менің сүйікті әкемнің дүниеден өткеніне алты жұма болған жоқ. Әкем шешемді жалынды махаббатпен сүйетін еді ғой... Жер мен көк! Мен мұны ұмытамын ба? Шешемнің көңілі неткен ғашық, шабыты неткен күшті... бір ай болған жоқ, айтуға да ұят... Әй, дариға әйелдер! Сендердің атақтарың неткен берекесіз... қалайша? Ай... ай болған жоқ, әкемді көмуге барғанда аяғына киген башмағын бүгінгі күні киіп тоздырған да жоқ. Әкемді көмуге барғанда, атағы жесір, көзі жасты, жүрегі жаралы емес пе еді... енді қарап көр, әнекей. Әне...
Жә, құдірет! Ақылсыз, сезімсіз жыртқыштар да бұдан кем уайым қылмас еді. Шешем ағама көңіл қосты. Менің геркулеспен қай жерім тең келеді... ағам да сол тәрізді... оның менің әкеме қай жері тең келеді, қайдан менің әкемдей болады. Бір-ақ ай! Көзінің жасы кепкен жоқ, шешем бөтен біреудің қатыны! Ұшқалақ нәлет көңіл! Бүйткен некені аруақ та кешпес! Жамандыққа болсын, бүліншілікке болсын!.. Жүрегім, тілім күрмеліп, көңілімдегі барлық арманымды сыртқа шығара алмай тұрғанымда, астан-кестен бол, шырқ айнал! (10-11-беттер).
Бұдан асқан қандай тығырық болмақ? Қияметтің қыл көпірі, дозақтың оты осы шығар. Трагедия, қайғылы халге ұшырады деп жатады. Ол бауырына тартқан туысынан, сыр бөліскен досынан, бірге тірлік кешкен жарынан айрылу ма? Әке қазасын не дерсің? Асарын асап, жасарын жасап жеріне жетсе, жазмыш бұйрығы тоқтау бермес ауруға, кәрілікке тыйым жоқ. Кемелденіп, керторысына мінген шақта, төрт құбыласы түгелденген сәтте азамат мерт болды! Король мерт болды! Қойнынан шыққан шұбар жылан шақты, өзі өсірген қабылан жарып тастады, өз қандасы, өз туысы, бауыры өлтірді. Трагедия ма? Зар тұтып, қара жамылып, жас төгіп отырар шеше еді ғой, тірлігі анау: тойымы жоқ нәпсінің жаңа қызығына түскен. Трагедия ма? Иә, трагедия! Бір басқа жеткілікті трагедия. Арыстан жүрек, темір шыдам, дария ақыл тоқтатпаса, адамның есін алып, сандалтып, мәңгіртіп жіберер қайғы.
Осындай күйдегі жанның аузынан шығар сөздер қандай болмақ? Ішкі өрттің жалыны алау атпақ, запырандай ащы ой улы тілмен төгілмек. Қазақтың шешендік дәстүрінде оралым-өрнектер, кестелі айшықтар қалыптасқан. Гамлет монологын аударуда Мәжит Дәулетбаев сол арнаға әдейі түскен. Сұрақ қойып, жауап беріп отырған жоқ, қайғылы жүрек сырын ашады, аһ ұрады. Лықсып келген ыза, кек төгіліп-төгіліп кетеді. Кейде түйдектеліп, қыстығып қалады.
Мәжит аударманың қазақша жатық болуын, қыр оқырманының ұғымына сәйкес келуін ерекше құнттаған. Баласы Лаэртті сапарға шығарып тұрып әкесінің айтқан тілегі:
П о л о н и й. Ұзақ баптанба, балам, аттан! Тұра тұр ендеше. Мен саған тағы да бір ақыл берейін: ойламай іс істеме, дос арасынан дос ірікте. Кіммен дос болсаң сонымен сезімді тату бол. Дос екен деп көрінген адамға сыр шашпа. Ешкіммен араздаспа. Сөзді түгел ұқ, бірақ түгел бытыратпа. Қай мәселені шешуге ойлансаң да, өзіңнен басқалардың ол мәселе туралы пікірлерін білуге тырыс. Бөтеннің ойын ақылға сал. Сараң болма, бірақ орынсыз мырзалық қылма. Киімге қарап көзге түсесің, сондықтан түзеліп жүр, бірақ өте сыпайыланып, жылтырап кетпе. Бөтеннен қарыз сұрама, сұрағанға берме. Саған осыны айтпақ едім. Жетті! Жолың болсын, балам! (14-15-беттер).
Билер, қариялар батасы секілді. Форма ұқсас, мағына бөлек. Саясат майданында табан тоздырған ескі көз жиған-терген, білген-қорытқан ойларын қысқа қайырып, шебер тұжырымдаған. Адамдар арасындағы қым-қиғаш, қат-қабат, жымы тереңде жатқан айла-шарғының тәсілін үйретіп отыр.
Әкесінің аруағымен тіл қатқан Гамлет басында екі ұдай сыр бар: бір жағынан ашу-ыза, кек өшпенділігі өзегін өртеп бара жатса, ақыл-қайратқа және ден қояды. Екі оттың ортасында қалса да, темір төзіммен өзін-өзі ұстайды. Әдейі қисық мінез көрсетеді.
П о л о н и й. (Гамлетке). Амансыз ба, сүйікті шаһзада!
Г а м л е т. Шүкір, оп-оңды.
П о л о н и й. Мені танисыз ба, шаһзада?
Г а м л е т. Жақсы, танимын, балықшысың.
П о л о н и й. Балықшы емеспін, шаһзада.
Г а м л е т. Ол болмасаң, одан жоғары болуыңа тілектеспін.
П о л о н и й. Жоғары дейсіз бе, шаһзада?
Г а м л е т. Иә, бұл дүниедегі жоғары болу деген сөздің мағынасы он мыңдаған халықтың арасында белгілі, санаулы азамат болу деген сөз.
П о л о н и й. Дұрыс сөз, шаһзада.
Г а м л е т. Терісін сыпырып алып далаға тастаған иттің денесіне күннің сәулесі құрт түсіреді... Сіздің қызыңыз бар ма?
П о л о н и й. Бар, шаһзада.
Г а м л е т. Ендеше, қызыңызды күннің көзіне шығарма, өйткені қызыңызға зияны тиіп жүрер. Қызыңды сақта.
П о л о н и й. О не деген сөзіңіз, шаһзада? (Сырт қарап, өз-өзіне) әйтеуір есі-дертім менің қызым. Әлгіде мені шырамыта алмай, балықшы деп еді. Қырдың киігіне ұқсаған не қылған жан өзі! Жас күнімде мен де осындай едім-ау! Тағы да сөйлесейінші. (Гамлетке) Не қып жүрсің, шаһзада.
Г а м л е т. Сөз!
П о л о н и й. Іс не түрде, шаһзада
Г а м л е т. Бұл жерде іс жоқ.
П о л о н и й. Кітап не айтады дегенім ғой.
Г а м л е т. Өсек айтады. Антұрған кітап жазушы былай дейді: “Шалдардың шашы ақ келеді. Беттерінде қиыршық болады. Көздері көрмейді, бастарында миы болмайды, буындарында әл болмайды” дейді. Бұл рас сөз. Мұны жазудың қажеті де аз. Әркім-ақ ойлап табу керек. Сенің дәл осы шал сияқтанып келешек тұрмысқа бет бұрмай кейін өше беруіңе де болады. Мәселен, мен сияқты боп.
П о л о н и й. (сырт бұрылып). Сөзінде аңғалдық бар. Бірақ бір ойласаң, сөйлеген сөзі орынды-ақ! (Гамлетке) Жүруге ойыңыз жоқ па, шаһзада?
Г а м л е т. Қайда? Көрге қарай жүруге дейсің бе?
П о л о н и й. Біраз бой жазып жүрсек қайтеді? (сырт қарап.) Сөзді қалайша келтесінен қайырады!.. Ақылдының ойлап таба алмаған сөзін, ақымақтар кейде бұлжытпастан табады. Қой! Мұны мен осы жерге тастай тұрып, қызымды жіберіп көрейін. (Гамлетке) Қымбатты шаһзада! Мен кетіп қалсам сіз ренжімейсіз ғой. (28-29-беттер).
Бұл жолдарда астар, айрықша мән бар. Әке қазасының күйігі ішін жалап бара жатқан, бойын кек буған Гамлет арандап қалмас үшін әдейі осылай сөйледі. Бірақ қанша қиястанғанмен, әдейі бұра тартқанмен, қараңғы аспанды осып өткен найзағай қамшысы іспетті ойлар көрініп қалады. “Гамлет” трагедиясының орысша әр түрлі тәржімаларындағы осы көрініспен Мәжит аудармасы салыстырып қарағанда, оның түпнұсқамен жақындығы анық байқалады. Дәулетбаев айтылмыш ситуациядағы психологиялық күйлерді, астарлы мағыналарды қазақша жақсы жеткізе білген. Рас, “Сөз!” деп келте, шолық қайырмай, орысша аудармаларда түгел қайталанатын, қанатты оралым боп кеткен “слова, слова, слова” дегенді “сөз, сөз, сөз” деп алса, дұрыс еді.
Жұмбақ сыры, қайғылы құпиясы өзгелерден еріксіз бөлектеткен Гамлетті қазақ неге теңер еді? Мәжит түпнұсқада жоқ детальді – бейнені өз жанынан қосқан: “Қырдың киігіне ұқсаған не қылған жан өзі?” Бұл бейненің төркіні Абайда жатыр ғой. Татьяна аузына салған сөзді еске алайық.
Шекспирдің барлық пьесалары сахна ерекшеліктеріне лайықталып, театр талаптарын ескеріп жазылғандығы аян: Бұл сипат “Гамлетке” де тән. Зұлымдықты әшкерелеуде көшпелі артистердің келуі, қақпан сценасының мәні зор. Осы көріністердегі өлеңдер қалай аударылған? Приам өлімі жайлы жырды алдымен Гамлет оқиды:
Пирр құстай ағып өтіп келе жатыр,
Қараңғы ойды тербеп дене жатыр,
Саудырап қару-жарақ, ат үстінде
Қаны қызып күрсінеді Пирр батыр,
Бақытсыз сүйгені мен анасының
Қарындас, әке, қызы, баласының,
Кегін алып дұшпаннан, мейір қанып,
Уытын алып тастамақ жарасының
Тамұқтың отындай боп зәрені алған,
Қызарып екі көзі оттай жанған,
Бұратын жолбарысты ақ иықтай,
Приам да өлімдей қорқу салған.
Ары қарай артист жалғайды:
Басталды ұрыс-тартыс жағаласу,
Найзаласу, бір-біріне қылыштасу,
Пирр батыр күркірейді күндей болып,
Тау күңіренді, қозғалды биік асу.
Пирр батыр қаны қызып ашуланды
Қолына өткір болат қылыш алды.
Қалжырап, қылыштасып, найзаласып,
Приам жер бауырлап жата қалды.
Дем алды өткір қылыш, сүйір найза,
Приам жерді құшып жатты жайға,
Пирр сүйтіп кегін алды, құмар қанды
Құстай ұшып жөнелді әлдеқайда
Аспан көк тұрды қарап, жерді қарғап,
Жердің беті күнәсін жатты сарнап,
Жердің бетін қан қылған тастай жүрек
Ұшса да құстай болып қайда бармақ?..
Бұдан кейін артист Гекуба жайына көшеді:
Көзінен мөлдіреген ақты жасы,
Тарқатылып толқынды қара шашы,
Алтын тәж басындағы жылтыраған,
Түскен соң адыра қалды оның басы.
Көз жасы көл боп ақты жерге түсіп,
Көз жасын тізесінен жүрді кешіп
Күткен бақ, отырған тақ адыра қалып
Жұмбағын қайғыменен сонан былай,
Ащы жас қан аралас қайнап шығып,
Ер өлді арманда боп жылай-жылай.
Достарыңызбен бөлісу: |