ІІ
Қазіргі эстетиканың әрі даулы, әрі өзекті мәселелері - өнердің табиғаты, қоғамдық қызметі, пәні деген проблемалдарды зерттеудің ұзақ-сонар, ескі сүрлеуі бар.
Қоғамдық ғылымдарды әрқашан тарихи тұрғыдан қарастыру керек. Осы ретте көне тамыр, алыс замандарға үңілу шарт. Адамзат мәдениетінің ержетуінде елеулі кезең болған ертедегі Греция өзінің сәулет, мүсін өнерлерімен, көркем әдебиетімен ғана өзге халықтарға, кейінгі ұрпақтарға, толқын-толқын буындарға ескерткіш қалдырып кеткен жоқ, сонымен бірге ғылымның үлкен туын тікті. Алдымен ауызға түсетін – Аристотель.
Оның әдебиет теориясына қатысты маңызды үлкен еңбегі “Поэтика”. Білікті зерттеушілердің анықтауы бойынша, бұл туындыны автор түгелдей аяқтай алмаған, тіпті шәкірттерге арналған лекциялардың конспектісі болуы да ықтимал. Аристотель ойлары кейін жиналған, жүйеге келтірілген деген пікірлер де айтылады.
Еңбек Х ғасырға дейін еш жерде басылмаған, алғашқы көшірменің бірі (қолжазба) Париждегі ұлттық кітапханада сақтаулы.
Алдымен, бұл еңбек грек тілінен сирия тіліне, одан араб тіліне тәржімә жасалған. Европада “Поэтиканың” жарық көруі ХҮ ғасырда жүзеге асқан.
Дүние жүзілік эстетика тарихындағы жауһар, көлемі шағын болғанмен, маңызы ерекше, материалистік дүниетаным негізіне құрылған Аристотельдің “Поэтикасын” орыс тіліне алғаш рет 1854 жылы Ордынский аударды.
Адам баласына ортақ қазыналардың өз халқының тілінде сөйлеуін әрқашан құшақ жая қарсы алып отырған Чернышевский аудармаға рецензия жазды.
Рас, Аристотельден бұрын да Грецияда өнер жайлы еңбектер болған, бірақ олар бізге тұтас, жүйелі қалпында жеткен жоқ. Платонның әсемдік туралы көзқарасы қандай? Оның айтуынша, идея жасалмайды, идея жойылмайды, әсемдіктің материалдық негізі жоқ, ол да идея сияқты абсолюттік нәрсе.
Екінші грек оқымыстысы Пифагор: әсемдіктің негізі – сан, әсемдік атаулыны жасайтын – сандық қарым-қатынастар деген.
Үшінші грек оқымыстысы Сократ - өнердің мақсатын пайдамен байланыстырады, не нәрсе адамға пайдалы болса, сол өнер туындысы.
Аристотель Платон сияқты идеяға еліктеу демейді, болмысқа табиғатқа еліктеу, табиғатты қайтадан жасау дейді.
Бұдан екі қорытынды шығады:
Еліктеу арқылы адам өзі үшін жаңа дүние ашады.
Рухани жағынан тәрбиеленеді.
Аристотельдің “Поэтикасы” - әдебиет туралы ғылыми зерттеу, ғылыми трактат. Мұндағы пікірлер, байламдар, қорытындылар дәлелсіз емес, олар шығармашылық тәжірибе негізінде туған, сол замандағы әдебиетке берілген объективті баға. Мұнда әдебиет теориясы, әдебиет тарихы, әдебиет сынына қатысты өзекті, өнімді ойлар мол.
“Поэтика” қысқа, шағын 26 тараудан тұрады. Аристотель өнер салаларын өмір құбылыстарының қай қырын алатындығына, қалай, қандай құралмен бейнелейтіндігіне байланысты жіктейді.
Бұл – кейінгі ғылымның дамуындағы классификациялардың көбіне негіз болған принцип. Әдебиет жанрлары: эпос, лирика, драмалық шығармаға қажетті компоненттер:
Әрекет.
Характер.
Фабула-сюжет.
Ой.
Декорация.
Музыкалық композиция.
Біздің эрамызға дейінгі ІҮ ғасырда айтылған осы пікір күні бүгінге дейін маңызды. Шынында, спектакль алты түрлі шарт, алты түрлі талаптың ұласуынан шығады.
Туындыны көркем шығарма ететін не нәрсе? Медициналық еңбек өлшемге түскенмен, ол өнер дүниесі емес қой.
Аристотельдің көрсетуінде тарихқа қарағанда, поэзия ақылдырақ және кексерек. Поэзия жинақтап айтады, тарих дара нәрсеге назар аударады. Бұл пікірден кейін Энгельс еңбегінде тұтас концепцияға айналатын типтік проблемасының ұшығы көрінеді.
Көркем шығарма мен оқырман арасындағы қарым-қатынас, оқырманның көркем шығарманы қабылдау процесіне байланысты пікірлер бар. Бір-біріне бейтаныс, кейуана жандар тартысқаннан гөрі, бала мен әке, қыз бен шеше, туысқан мен туысқан арасындағы айтысты бейнелеу әсерлі болмақ. Бұл ретте Эсхилдің “Эдип патша” трагедиясына тоқталады. “Поэтикада” перипетия деген ұғым қолданылады. Ол оқиғаның даму барысында күтпеген жерден кілт бұрылу, бұрын жақын деп жүрген, сырын айтқан жанның жат болып шығуы, алысым, жауым, дұшпаным деп жүрген адамның ет бауыр досы болып шығуы, шырғалаң мағынасында.
Сөйлем деген не, дауысты дыбыс деген не – осыларға анықтама беріледі. Метафора ұқсас заттардың арасын қамту керек, көркем шығарманың тілі түсінікті болсын, бірақ қарабайырлықтан қаш. Сондықтан әр түрлі бояуларды, сөз кестелерін, айшықтарын орнымен жүйелі пайдалану, қолдану шарт екендігін Аристотель ашып көрсетеді.
“Поэтикадағы” бірқатар ойлар сюжет табиғаты төңірегінде. Бұл орайда Аристотель сол кездегі грек әдебиетінің тәжірибесіне сүйене келе, өте ұтымды пікірлер айтады. Оқиға аяқ астынан басталмасын, күтпеген жерден тоқталмасын, басталу мен аяқталудың арасында тұтастық, байланыс болсын деген ой қазір де мәнін жойған жоқ.
Кейінгі еңбектердегі, әсіресе, классицизм теоретиктерінің еңбектеріндегі үш бірлік триадасына “Поэтиканың” тікелей қатысы бар. Аристотель оқиға бір тәуліктен аспасын деген пікір айтады. Ал, орын бірлігі, уақыт бірлігі дегендер кейінгі оқымыстылардың тұжырымдаған талаптары.
Қысқасы, Аристотельдің “Поэтикасы” эстетикадағы алғашқы саты, бұған соқпай кету мүмкін емес. Өнердің қоғамдық қызметі, әдебиеттегі мінез, характер мәселесі, жанрлардың дамуы, шығарма тілі, әдебиет пен ғылымның байланысы – осы алуандас мәселелерге Аристотель материалистік тұрғыдан жауап берген.
Орта ғасырлық схоластикада “Поэтикаға” тең келетін еңбектің тууы мүмкін де емес еді.
Қайта түлеу, қайта даму дәуірінде, Ренессанста ертедегі грек мәдениетіне бой ұру, содан үлгі алу, үйрену тенденциясы кең өрістеді. Бұл ретте француз топырағында туған Никола Буалоның “Поэтикалық өнер” атты трактатына көңіл аудару керек; неміс топырағында туған Лессингтің “Лаокоон” атты еңбегін атау шарт.
ХІХ ғасырдағы орыстың революционер-демократтары дүние жүзілік эстетикалық ойды айрықша бағалы туындылармен байытты.
В.Г.Белинский объективті идеализмнен бірте-бірте материализмге қарай өту жолының эволюциясын бастан кешірді. Әсіресе, ұлы сыншының 40-жылдардан кейін жазған еңбектерінде материалистік арқау күшті. “1847 жылғы орыс әдебиетіне көзқарас” дейтін мақаласында “Өнер өнер үшін” теориясының негізсіздігін, схоластикамен шатасып жатқандығын дәлелдейді. “Таза, қырынған яки философтар айтпақшы, жып-жылмағай абсолюттік өнер ешқашан, еш жерде болған емес”, - деген байламын Белинский орыс әдебиетінен, Тургенев, Гоголь шығармаларынан мысал алып бекітеді.
Чернышевский өзінің әйгілі “Өнердің болмысқа эстетикалық қатынасы” атты магистрлік диссертациясында идеалистік эстетиканың негізгі тезисі - өнер әсемдікті бейнелейді, әсемдік адам санасында, адам ойында ғана деген концепцияға қарсы шықты. Материалист Чернышевский әсемдіктің болмыспен, табиғатпен, өмірмен кіндіктестігін, әсемдік әр түрлі ұғынылатынын дәлелдейді. Оның тұжырымдауы бойынша, өнер пәні - өмір, кісіні адам ретінде қызықтыратын нәрсенің бәрі әдебиеттің мазмұны болмақ. Әдебиет мақсаты:
Өмір құбылыстарын бейнелеу.
Өмір құбылыстарына баға беру.
3. Өмір құбылыстарына кесік-билік айту. (Н.Г.Чернышевский, “Эстетическое отношение искусства к действительности” Полное собр. Соч. Т. 11. М., 1949, стр. 87).
Революционер-демократ Добролюбов “Тылсым түнек” атты мақаласында Островский пьесаларын талдау үстінде шығармашылық психологиясына қатысты өнімді, қызықты ойлар айтады, дүниетаным мәселесін сөз етеді. Суреткер қашанда сезімнен, алғашқы әсерден, лып еткен оттан тұтанады, ал ғалым үшін факт, дерек ең маңызды нәрсе – оның қозғалуы, жылжуы қиын. Рас екеуінің де объектісі – болмыс. Бірақ суреткер туындысы жанды, нақты. Сондықтан жалпы ұғыммен суреткер сезімі тоғысқанда ғана сәтті шығарма туса керек.
Маркстік эстетика негіздерін қауымға сіңіру, түсіндіру, насихаттау мақсатын ойластыра отырып жазылған Плехановтың өнердің туу төркінін, қоғаммен байланыс проблемасын арнайы зерттейтін “Адрессіз хаттар”, “Өнер және қоғамдық өмір” дейтін еңбектерінің маңызы зор. Өнердің қоғамдық қарым-қатынастар арқасында өмірге келуі, суреткердің әлеуметтік тартыстан шет қалуы зардабынан туатын жат сарындар – осы төңіректе нақты қаламгерлік тәжірибелерді қорытудан шыққан білікті ойлар, терең толғамдар бар.
Кезінде ғылыми айтыстарға мұрындық болған А.Буровтың “Өнердің эстетикалық мәні” (1965 ж.) кітабы эстетикадағы соны табыстардың бірі еді.
Монографиядағы басты проблема - өнердің пәнін айқындау, идеологияның өзге салаларымен, ғылыммен салыстырғанда оның айырмашылығы, туыстығы қандай – соларды көрсету. А.Буров ғылым мен өнердің пәні бір деген пікірге қарсы. Оның тұжырымында, өнер пәні – қоғамдық адам, ғылым пәні – жалпы болмыс.
Бұл еңбектегі пікірлерге көптеген дау айтылды.
Ғылым мен өнердің пәнінде, олардың объектісінде принциптік айырмашылық жоқ деп біледі А.Дремов.
Сыншылар Дремовтың тым жалпылама ұғымға түсіп кеткендігін дұрыс көрсетті. Өнер пәнін анықтау бағытындағы ізденістердің бірі профессор Г.Поспеловтың “Эстетикалық және көркемдік” кітабы (1965 ж.).
Г.Поспелов әлеуметтік мәнділік һәм идеялық пәрменділік деген ұғымдар арқылы болмыс пен өнер арасындағы байланысты объективті, әрі ғылыми негізде түсіндіреді.
Шынында, тек А.Буров байламына бақсақ, өнер тәжірибесіндегі көптеген фактілерді, толық жатқан туындылар мәнін ұға алмаймыз. Егер табиғат өнердің пәні, объектісі бола алмайды десек, орыс суретшілері Левитан, Шишкин, Куинджи, қазақ суретшілері Қастеев, Таңсықбаев, армян суретшісі Сарьян, американ суретшісі Рокуэл Кенттердің пейзаждық шығармаларын мансұқ ету керек шығар? Жоқ! Тарихқа қарап отырсақ, адам, адамның мінезі, қоғамға қатысты әдебиетте бірден көріне алған жоқ.
Екінші жағынан, А.Дремов пікірін қолдаған күнде, көркем әдебиеттен күнделікті публицистиканың, тарихи еңбектен романның айырмашылығы болмай қалады.
Эстетиканың бір бұтағы - әдебиеттану ғылымының үш саласы бар: әдебиет теориясы, әдебиет тарихы, әдебиет сыны.
Бұл ғалымдар ойлап шығарған, эстетиктер қолдан жасаған догма классификация емес, көркем әдебиеттегі жанды құбылыстардың негізінен шыққан заңды, табиғи нәрсе.
Әдебиет теориясының қарастыратыны – көркем әдебиеттің әлеуметтік мәні, халықтық сипаты, қоғамға жасайтын ықпалы. Ол ғылыми зерттеудің методологиялық негіздерін ұсынады, талдаудың принциптерін көрсетеді. Тұтас алғанда, әдебиет теориясын әдебиет тану ғылымының көшбасшысы десе де болғандай.
Әдебиет тарихы бір халықтың әдебиетін тарихи процесс ретінде алып зерттейді. Мұнда жеке фактілер ғана емес, негізінен әдебиеттегі күрделі құбылыстар, ағым, бағыттар тексерілмек. Әдебиет тарихы қашанда халықтық қоғамдық, азаматтық тарихымен сабақтас, әдебиет тарихының жасалуы – халықтың марқаюы, халықтың өрге шығуы, халықтың кәмелетке шығуының белгісі. Әдебиетінің тарихы жоқ халық – ержетпеген, марқаймаған халық.
Эмпиризм, деректер жетегінде кету, құр картотека жинау қиын шаруа емес, әдеби дамудың заңдылықтарын ашу шарт. Сан ғасырлық, қат-қабат қоғамдық өмір күрделілігі, алуан түрлі қайшылықтар, тап күресі өнерде терең, шиырлы із қалдырған. Қадым замандарда тірлік кешкен өнерпаздар дәуірінің көкейкесті күйлерінен шет тұра алған жоқ, соның сәулесі олардың шығармаларында жатыр.
Ориенталистер революцияға дейін қазақ әдебиеті үлгілерін жинап, бастырған, олардың көркемдік қуаты, поэтикалық күші хақында толғамды ойлар айтқан. Рас, жаңа заманда қазақ әдебиеті эстетика талқысына түсіп, үлкен ғылымның зерттеу объектісіне айналды. Бүгінгі таңда әдебиет тарихын пайымдауға арналған жаңа еңбектерден ғылыми дәлдік, теориялық біліктілік, сарабдал объективтілік, соны ой, батыл байлам талап етіледі.
Әдебиет сыны өз тұсындағы әдебиет мәселелеріне араласады. Сыншы – күнделікті әдеби құбылыстарды талдаушы, талғаушы адам. Ол – шығарманың көркемдік ерекшеліктерін, формасын талдаушы емес, ең алдымен туындыға негіз болған өмірлік материалды саралаушы, ойшыл, көркемдік, сұлулықты ашушы.
Бұл тұрғыдан әдебиет сынының эстетикалық міндеті мен социологиялық мақсаты қатар жүреді. Сыншы – жазушы мен оқырман арасын жалғастыратын көпір, көп нәрсені ажыратып, тиянақтап түсіндіретін әділ қазы, орда би. Әрқашанда әдебиет сыны жеке шығармалардың, жеке авторлардың төңірегінде тұйықталып қала алмайды. Ол бір жазушының көлеңкесі емес. Сын пікірлердің артық-кем айтылуы, бір шығармалардың уақытша асыра бағалануы, бір туындылардың қалтарыста қалуы – қайталанатын құбылыс. Сөз қадірін білмейсің деген күпірлікті Антон Чеховқа ешкім де айта алмас. Сол ұлы жазушы 1902 жылы 13 ақпанда О.Л.Книпперге Ялтадан жолдаған хатында: “Тургеневті оқып жатырмын. Артында жазғандарының 1/8 не 1/10 ғана қалады, өзгесі 25-35 жылдан кейін архивке кетеді”, - деп (А.П.Чехов, “О литературе”, М., 1955, стр. 244) үзілді-кесілді үкім айтқан. Бірақ Иван Тургенев туындылары бұл кепті киюден аулақ.
Әдебиеттанушының үш саласын бір-біріне қарама-қарсы қоятын тенденция ғылыми ақиқаттан алшақ жатыр.
Әдебиет тарихы, әдебиет сыны, әдебиет теориясы айдынға келіп құятын үш өзен іспетті, олардың тоғысар, табысар жері – бір. Олар өзара нәр береді, бояу қосады, ажар кіргізеді.
Әдебиеттану ғылымының қосалқы салалары деп библиография, историография, текстология аталады. Мұның ішінде назар аударатын сала – текстология. Көркем шығарманың алдымен текстерін зерттеп, мазмұнын айқындап алып, басу дәстүрі бел алып келеді.
Текстологияның бірнеше мақсаты бар, оның бастысы – беймезгіл замандарда жазылған шығармалардың авторын табу; қай заманда туғанын анықтау. Әсіресе кеш дамыған, жазба дәстүр кенжелеп шыққан халықтардың әдебиеті үшін текстологияның мәні зор.
Әдебиеттану ғылымы бір-ақ халықтың әдебиетін зерттемейді, бұл – жалпылық мәні бар ғылым. Әдебиеттану бүгінгі таңда ғылымның басқа салаларымен қоян-қолтық араласып отыр. Сол ғылымдар тапқан, енді ғана қол жеткен жаңалықтарды әдебиетшілер өздерінің зерттеу жұмыстарында пайдалануды мұрат тұтады.
Қазіргі таңда өлең құрылысын, өлеңдегі гармония, ритм, ырғақ мәселелеріне кибернетика, математика араласа бастады; ассонанс, аллитерация, түрлі дыбыстық қайталауларды музыка заңымен байланыста қарауға болады. Тереңдей тану бір арна болса, басқа ғылымдармен тоғыса даму тенденциясы және бар. (Л.И.Тимофеев, Г.И.Абрамович, А.Байтұрсынов, М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, Уэллек, Уоррен, В.Хализев, З.Қабдолов, З.Ахметов еңбектерін қараңыз).
Әдебиеттану ғылымының тарихында белгілі мектептер, үлкен ағымдар болған.
Ежелгі, көне ағымдардың бірі – филологиялық мектеп дәстүрін ұстанған оқымыстылар негізінен көркем шығарманың текстін (мәтінін) зерттеп, бағалауға бой ұрған. Әдебиеттің әлеуметтік табиғатын ашудың есесіне, қоғамда атқаратын қызметін көрсетудің орнына бұл бағыт тексті бастыру, мазмұн баяндауды күйттейді, жеке сөздер, тіркестер, қолжазбалар тарихын бажайлайды.
Филологиялық мектептің историография, библиография, текстология үшін маңызды кейбір табыстары болғанын айту ләзім.
Эстетикалық догматизм мектебінің белгілі өкілі деп француз ақыны һәм ғалымы Никола Буалоны айта аламыз. “Поэтикалық өнер” деген трактатында көркем шығармаға күні бұрын жасалған қалыппен келу принциптері бар. Үш бірлік: орын бірлігі, уақыт бірлігі, әрекет бірлігі сақталсын дейді. Корольдар, рыцарьлар ғана қаһарман бола алмақ.
Көркем әдебиеттің даму процесі бұл мектептің жалғандығын айтылмаш шарттардың бекер нәрсе екендігін дәлелдеп берді.
Биографизм мектебі. ХІХ ғасырдағы француз сыншысы Сент-Бев – зерттеудің басты мақсаты, негізгі тенденция суреткердің рухын тану деп көрсетеді. Оның айтуынша, көркем шығарманы тудыратын фактор әлеуметтік орта, қоғамдық тартыс, таптық наным, дүниеге көзқарас емес, жазушының қарақан басындағы күйлер, суреткердің өзі көрген, өзі сезген, тек өз басынан кешкен халдері ғана.
Әдебиеттің тарихын жасау, теориялық байламдар айтудан гөрі жазушының жүрген-тұрғанын, киген киімін, ішкен тамағын, туған-өскен ортасын тәпіштеу арқылы ғұмырнама тудыру құнтталған.
Задында шығармашылықты тек суреткердің өмірбаянымен, оның қасаң, тар биографиясымен түсіндіруге болмайтыны хақ.
Мәдени-тарихи мектеп әдебиеттану ғылымындағы ең атышулы бағыттың бірі болып табылады. Бұл ағымдағы оқымыстылар Дарвин теориясын әдебиет ғылымына әкеп қолданады және дәлелсіз түрде қолданады. “Ағылшын әдебиетінің тарихы” деген күрделі еңбектің авторы Ипполит Тен көркем шығарманы, қаламгерлікті тану үшін үш буынға назар аудару керек дейді. Олары: нәсіл, орта, сәт.
Белгілі бір халықтың әдебиетінің туу, қалыптасу, даму кезеңдерін географиямен, климатпен, топырақпен байланыстырады.
Бұл мектепте бірқатар фактілер жинақталғанымен, метафизикалық, идеалистік әдіс әдеби дамуды, әдебиет пен қоғам арасындағы байланысты түсіндіруден шалғай жатты.
Тарихи салыстыру мектебі яки компаративизм ағымының Ресейде туын көтерген адамдар – А.Веселовский мен В.Миллер. Мұндағы негізгі принцип – салыстыру. Дүние жүзінде капитализмнің дамуы нәтижесінде экономикалық қарым-қатынастар шеңбері ұлғайып, бір ел мен екінші ел, бір халық пен екінші халық жақындай түсті, жерге, байлыққа қызығумен қатар, әдебиет нұсқаларына да назар аударылды.
Компаративистер әр түрлі халықтар әдебиетіндегі жанрларды салыстыра қарап, форма мәселесіне, сюжеттің шығуына байланысты көптеген пікірлер айтқан. Әдебиеттің әлеуметтік маңызына, эстетикалық сипатына бұл әдіс те терең бойлай алған жоқ.
Психологиялық мектеп принципі бойынша әдебиетші көркем шығарманы тудырған суреткердің психологиясын зерттеу керек, немесе суреткер жасаған бейнелер психологиясына назар аудару шарт.
Украин ғалымы Потебня, оның шәкірттері кейбір еңбектерінде жалпы бейне табиғаты, лексикалық құбылыстар орайында қызықты ойлар айтса да, тұтастай қарағанда, әдебиет процестеріне объективті баға беруден шет жатады.
Психоаналитикалық мектеп, яки фрейдизм.
ХХ ғасырдың басында Австрияда көрініс берген бұл бағыттың негізін салушы психиатр, философ Зигмунд Фрейд. Ол әдебиеттің әлеуметтік маңызын мойындамайды. Бір халық пен екінші халықтың әдебиетін салыстыруды қажет деп таппайды. Оның назар аударатыны – суреткер санасының астарлы сырлары, түйсіктің жұмбақ құпиялары.
Фрейд адам бойындағы ең басты қасиет, адам тіршілігін бағыттайтын қуат көзі – нәпсі және қанға ұмтылу дейді. Осы екі тезистен шығарып тұтас система жасайды. Адамның бүкіл тіршілігін, оның өміріндегі әр кезеңдерін, шалыс басқан шақтарын, қоғамдағы басқа адамдармен қарым-қатынасын – бәрін реттеп отыратын нәпсі деп біледі. Осыған шығармадан дәлел іздейді.
Формализм мектебі өнердегі басты нәрсе түр деп қарайды. Сондықтан форманы зерттеп бірінші орынға шығады. Формалистердің ден қойған мәселелері: өлең құрылысы, әуезділік заңдары, ұйқас, ырғақ мәселелері, сюжеттің құрамдас бөліктері. Бұл салада Жирмунский, Якобсон, Эйхенбаум, Тынянов, Лотман еңбектері ерекше.
Әдебиеттегі түбірлі проблемаларға – идея, дүниетаным, әлеуметтік, қоғамдық салмақ мәселелерін қарастыруға бұлар салқын қарайды.
Социологиялық мектеп әдебиеттану ғылымында ХХ ғасырдың басында ерекше бет алды. Екінші сөзбен айтқанда, дөрекі социологизм. Мұның өкілдері қоғам заңдарын әдебиетке механикалық түрде қолданып, метафизикалық жолға түсті. Бұлар ең алдымен жазушы шығармасын оның таптық тегімен байланыстыра қараған. 20-жылдары Мирский – Пушкинді, Кравченко – Гогольді, Нусинов – Успенскийді орыс әдебиетінің тарихынан сызып тастады. Қазақта Абай, Мағжан қараланды.
Жаңа іргесі қаланып келе жатқан қазақ әдебиеттану ғылымына осы ағымның жаман салқыны тиді. Проза жауһары саналатын “Қаралы сұлу”, “Қараш-Қараш”, “Қыр суреттері”, “Қилы заман” сынды туындылардың кезінде әділ бағаланбай, бұрмаланып түсіндірілуін эстетикалық талғамның саяздығынан деп білеміз.
Әуезовтің “киіз үйлер жұмыртқадай аппақ” деген тіркесіне жабысып, содан қайшылық тапқан дүмше оқымыстыға күлгеннен басқа лаж жоқ.
Әдебиеттану ғылымында аталмыш мектептер, бағыттар бірін-бірі ауыстырып, кейде қатар, қабат өмір сүрген. Оларда шашырандылық, әр нәрсенің басын шалу, эклекцизм, түрлі идеялар бар.
Әдебиеттану ғылымының басты құралы, негізгі арқауы – эстетиканың айқын тұжырымдары мен принциптері болмақ.
Достарыңызбен бөлісу: |