Ұрпақ тәрбиесі Өзекті мәселе



Дата24.08.2020
өлшемі21,25 Kb.
#76745
Байланысты:
Оралова Мерей


Ұрпақ тәрбиесі... Өзекті мәселе.

Тура жолдан таймас үшін кемеңгер Абайға құлақ түрсек...

Абай тілімен жұмбақ жасырсам, шешуін тауып көруге қалай қарайсыз?

Сыналар, ей жігіттер, келді кезің,

Сәулең болса, бермен кел талантты ерің.

Жан құмары дүниеде немене екен?

Соны білсең, әрнені білгендерің...

Ой салаларлық дүние. Шешуін – «білмекке құмарлық» деп береді данышпан. «Біл», «білу», «білік» сөздері «БІЛ» түбірінен тұрып, БІЛІМ деген үлкен арнада тоғысады. Ендеше «білмекке құмарлық» білімді тұлғаны қалыптастырады, бәсекеге қабілеттілікті тудырады.

Абай: «... ғылым-білімді әуел бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпенен немесе алдауменен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша...» деген ойы баланы не алдап, не «зорлап», қалайда оқыту керектігін дөп басып айтып отыр. Білім-ғылымды бала жан құмарының төркіні екенін түсінгенге дейін оқытуды меңзегендей. «Талап, ұғым махаббаттан шығады. Ғылым-білімге махаббаттандырмақ әлгі айтылған үшеуінен болады» дегені де бар емес пе еді? Іздену, ұмтылу – талаптың сұранысы болса, біз не нәрсені іздейміз, не нәрсеге ұмтыламыз? Пенде дегенің неге қолы жетпесе, соған құштар келеді емес пе? «Құштарлықтан махаббат та оянады» деп түсіндіреді абайтанушы Омар Жәлел де. Сонда ғылым-білімге махаббат болмаса, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеудің мүмкін емес болғаны.

Бәсекеге қабілеттілерді тәрбиелеуге, «ғылым-білімге махабаттың оянуына кім себепкер болмақ? Бұған жауапты Абай: «ғылым-білімге махаббаттандырмақ, әлгі айтылған үшеуінен болады деп береді. Сонда Абайдың айтып отырған «әлгі айтылған үшеуі» кім? Ол баланың ақыл-есінің бүтіндігі, денінің сау болуы... «бұлар туысынан болады, қалмысы жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» ...Ғылым-білімге деген махаббатының оянуы осы үшеуіне тікелей байланысты болса керек. Міне, осылайша Абай баланың қалыптасуындағы тумысы мен әлеуметтік ортаның рөлін тайға таңба басқандай айқындап береді. «Қайсысын сүйсе, содан мол алады» деп мәселенің төрелігін шешіп, ұрпақ тәрбиесінің шешімін тауып берді. Дұрысы, шешу жолдарын...

Ендеше, біз, ең алдымен, баланың жақсы көретін жақсысы (жақсы ұстазы) болуы керек. Бұның бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуде маңыздылығы зор. Осы арада Міржақып Дулатовтың қонымды сөзі ойға оралады: «Бізде ғылыммен айналысатындар көп, - ғалымдар жоқ. Қалам ұстағандар көп, - жазушылар жоқ. Атқа мінгендер көп, -қайраткерлер –жоқ!» Ендігі кезекте бұл ой: «Бәсеке бар, - бәсекеге қабілеттілер жоқ» деген тіркеспен жалғасын таппасын десек, білімнің екі түрі болатынын естен шығармауымыз керек: бірі – бастағы, екіншісі – жүректегі. Бастағы білім көп белестерді бағындыруға себеп болмаса керек, яғни пайдасыз. Ал жүректегі білім – ол адамдық, мейірім, кішіпейілділік, имандылық.. Сонда бастағы білім – «оқыған» білім де, жүректегі – «тоқыған» білім. Осы ойды өрбіте түсіндірген Омар Жәлел дәлел ретінде Абайдың мына бір өлең жолдарын келтіреді:

Ақылмен ойлап білген сөз –

Бойыңа жұқпас, сырғанар,

Ынталы жүрек сезген сөз –

Бар тамырды қуалар!

Жат қалар...

Не пайда?

Құр қалар...



Ендеше, бәсекеге қабілеттіліктің бір сыры – бастағы білімді жүрекке өткізу болды. Яғни рухани байлық – бастағы тәж. Себебі болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Адам тіршіліктің тереңдігіне қаншалықты бойлай алса, соншалықты өзіне тиесілі жүкті арта алады емес пе? Еліміз үшін әр азаматтың терең бойлай алуы қажет-ақ. Ол үшін «Білім» керек. Мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіліп, білім сапасының артуына үлкен сұраныс тууда. Алайда мақсат – интеллектуалды «монстрларды» тәрбиелеу ғана емес қой. Мұрат – көркем мінезді жақсыларды (элита Омар Жәлел тілімен), интеллект иелерін тәрбиелеу емес пе? Сондықтан мен бәсекеге қабілетті ұрпақ болып тәрбиелену жолдарын АБАЙДАН табуға шақырамын. Алайда бұл ұсыныстарым Абайға, дананың шығармашылығына деген сүйіспеншілікті оятқанда барып жүзеге асатынын ескертемін:

  • әркім «әлгі үшеу» енді ғана тұсауы кесілгелі тұрған «Абай арнасының» тұрақты көрермені болып, рухани ләззат алса;

  • Абай өлеңдеріне қатысты челлендждерді ұйымдастыруды дәстүрге айналдырса,

  • дәстүрлі Абай оқуларына қатыстыру үдерісін үзіп алмаса;

  • міндетті түрде «Абай жолын» әр қазақ оқыса;

  • халық арасында қарасөздерінен жарыс ұйымдастырса;

  • ал, ең бастысы, әр ата-ана мектепке дейін баланың тілін Абаймен шығарса, яғни ойшылдың өлеңдерін жаттатса (мағынасын түсінбесе де, өсе келе ұғып алады), ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген нағыз ТОЛЫҚ АДАМДАР тәрбиеленер еді!

Абайы бар қазақ – бақытты, олжалы екенін түсініп, ұрпаққа мұрасын сіңіре білгенде ғана білім беру жүйесінде ілгерілеу болмақ! Абайды оқыған ұрпақ ғылымды да, өлеңді де, өнерді де, суретті де, сәулетті де, мүсінді де, табиғатты да, өмірді де түсінеді. Себебі біздердің, өскелең ұрпақтың, зияткерлік, ғылыми ойлау қабілетімізді дамытудың жолдары да, проблемаларды шешу тетіктері де, ғылым мен білімге ынталандыру әдістері де, ұлттық тәрбиенің көзі де – бәрі Абай дариясында!

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет