Түлкі мен ешкі
(ертегі)
Бір түлкі жүгіріп келе жатып, абайсызда бір терең апанға түсіп кетіпті. Шығайын десе, шыға алмайды. Сол кезде бір ешкі су іздеп жүріп, әлгі апанға келеді. Түлкіні көріп:
-Әй, түлкі батыр, неге апанда отырсың?- деп сұрайды.Түлкі:
-Ой, неғыласың, жаныма рахат тауып тұрмын. Қырда әрі сусап, әрі ыстықтап өліп едім. Апанның іші әрі салқын, әрі тұбінде тұп-тұнық суы бар екен,- деп жауап береді.
Мұны естіп ешкі:
-Мен де салқын су ішейін,- деп апанға түседі. Түлкі секіріп ешкінің үстіне мінеді. Онан соң мүйізіне шығады. Мүйізінен секіріп қырға шығып, жөніне кетіпті.
«Өтірікке алданба, басың бәлеге душар болар» - деген осыдан қалыпты.
Түлкі мен қоян
(ертегі)
Ұзын құлақ сұр қоян қашып келіп, бұта түбінде бұғып жатады. Бір қу түлкі оның ізіне түсіп, жортып келе жатқан.Түлкі ақырын аңдып келеді де, қоянды тарпа бас салып:
Аһа-а, қолға түстің бе, бәлем! – деді. Сол кезде қоян көкке қарап:
Ей, не айтып тұрсың? – деді түлкі.
Ойбай- ау! Ана бұлттың арасында екі бүркіт келе жатыр ғой бізге. «Бүркіт» десе өлердей қорқатын түлкі:
Не дейді мынау!?- деп шошып кетті.
Бүркіт келе жатыр дедім ғой, бүркіт!- деді қоян онан сайын еңіреп. Түлкі қайтерін білмей, қатты сасып:
Әй, енді не істейміз!? – деді қоянға.
Сіз мына тұрған орманға қашыңыз. Мен оларды осында айналдыра тұрайын.
Түлкі қоянды тастай салып, орманға қарай безіп жөнелді. Қоян қуана секіріп:
Уһ, бір ажалдан қалдым-ау!-деді.
Т. Жексенбай
150
Күшік пен қасқыр
(ертегі)
Қарны ашқан күшік тауда қаңғып жүрсе, қасқыр жүгіріп келіп:
-Ей, күшік, мен сені жеймін! – депті.
-Қой, көкешім, қой! Әуелі мені тойғыз, сонан соң жерсің, - депті күшік.
Қасқыр:
-Жарайды, жарайды! Менің соңымнан қалмай ере бер, - депті.
Екеуі келе жатып, бір топ сиырды көріпті. Қасқыр өзінің жолдасына қарап:
-Маған қарашы: менің көздерім, құлақтарым, аузым, құйрығым қандай екен? – депті.
-Сенің көзің шоқтай қызарып жайнаған, екі құлағың жылмиған, аузың арандай ашылған, құйрығың артқы екі аяғыңның арасына қыстырылып, жас шыбықтай болып майысқан, - депті күшік.
-Мен не қылар екем, соны қара,- депті де қасқыр шапшып барып, бір бұзаудың тамағына жабысып, тұншықтырып өлтіріпті.
-Мен тойдым, сенің етіңді енді жемеймін. Қош бол! – депті де, қасқыр кетіп қалыпты.
Күшік бұзаудың жемтігінің қасында қалып, үш күндей тегін етке тойып жатыпты. Ақырында, іші пысқан соң, қаңғып жортуға шыққан екен, бір аш мысыққа кез болып, оған:
-Ей, мен сені жеймін! – депті.
-Қой, күшеке, қой! Әуелі мені тойғыз, сонан соң жерсің, - депті мысық. -Жарайды! Менімен бірге еріп жүр, - депті күшік. Біраздан соң бұлар бір
топ түйеге келіпті.
Күшік:
-Мысық! Маған қарашы: менің көздерім, құлақтарым, аузым, құйрығым қандай екен? – депті.
-Несін айтасың! Сенің көзің бозарып тұр, құлақтарың салпиып тұр, аузың аңқайып тұр, тілің салақтап, құйрығың салбырап тұр, - депті мысық. Сонда бұған күшік:
-Енді мен не қылар екем, көр!- депті.
Күшік жүгіріп барып, бір түйенің аяғын тістейін дегенде, түйе мұны дәлдеп тұрып, басқа теуіп қалыпты, күшік сол арада сеспей қатыпты. Сонда мысық айтыпты:
-Ей, мақтаншақ! Сен әліңе қарамай, қиын іске қолыңды созасың! Сенің етіңді енді мен жеймін! – депті.
Достарыңызбен бөлісу: |