2.7. Жылаған ата үңгірі, Жылаған ата бұлағы
Жылаған ата үңгірі, Жылаған ата бұлағы Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласынан 80 км-дей жерде, Қаратау жотасының Жылаған ата шатқалында, Абай елді мекенінен солтүстікке қарай Жылаған ата өзені бойында орналасқан үңгір. Үңгір аузының биіктігі 3 – 4 м, ені 8 – 9 м, тереңдігі 50 – 60 м шамасында. Ол бір кездері тау жартастарының құлауынан пайда болған. Шатқалдан төмен түскенде өзеннің сол жағалауында биіктігі 10 – 12 м жартаста диаметрі 15 – 18 см болатын қуыс көрінеді. Осы қуыстан оқтын-оқтын су атқылап тұрады. Бұл жерге арнайы барып, бұлақтан су аққанын көру қандай тамаша әсер беретінін сезінгендер ғана біледі дер едім. Бұл жер аңыз бойынша ерекше баланың дүниеге келуімен байланысты. Сондай-ақ, киелі орынға айналған жерде көп адамның ауруына шипа табылып, тілек-дұғасы да қабыл болады екен. Бірақ, үңгір сарқырамасының құпиясын ешкім білмейді. Қызықты аңыз бойынша түсінгенім, кезінде байлығы шекесіне шыққан Гүрзіхан деген кісі болады, бәйбішесі Шаш-Ана екеуі жастары келіп қалған соң байлықтың базарына тойғаннан соң, әттең, енді бір осы байлыққа ие болатын перзент болса ғой деп армандайды. Сол кезең Қазақстанға ислам дінінің келе бастаған тұсы, Гүрзіхан дін жолына түсіп, ислам дінін ұстанып, Алладан бала сұрайды. Құдай тілегін қабыл етіп Шаш-Ана анамыз бала көтеріп уақыты келіп босанады, босанған бала пердеге оралған күйінде мес сияқты дүниеге келеді, сол кезде Гүрзіханға Қыдыр ата аян беріп бұл қасиетті бала, құт- берекенің белгісі, месті жармаңдар өзі уақыты келгенде шығады, әзірше көтеріп жүре беріңдер дейді. Аянды қабыл алған ерлі-зайыптылар, біраз уақыт көтеріп жүреді, бірақ бала не сөйлемейді, не күлмейді, не жыламайды. Содан бір күні көтеріп жүруден шаршаған анасы Игілік ауылының маңындағы (Игілік ауылы Жылаған ата үңгіріне жақын елді мекен) өзеннің қасына келгенде месті көтеріп тұрып анасы сені қашанғы көтеріп жүреміз, не сөйлемейсің, не күлмейсің, не жыламайсың деген кезде мес қолынан түсіп кетіп ішінен нұрлы жүзді бала шығады, бала местен шыға сала тауды беткейлеп қаша жөнеледі. Ата-анасы ізінен жүгіреді, бала қашып осы жаққа бағыт алады. Жол бойында артымнан әке-шешем шөлдеп келе жатыр деп асатаяғымен жерді ұрып қалып сол жерде құдық пайда болады (Жылаған ата басына бара жатқанда Тасқұдық бар, аталған құдық та киелі саналады). Осы жерге (Жылаған ата) келіп үлкен тасты асық қылып ойнап отырады, әке-шешесі жеткен уақытта осы жерге бір аунайды да, содан әрі қарай жүреді, анау жерде «Ана жытыры» деген су шұңқыры бар, сол жерге барып ата-анасын күтеді, ол жерге де жеткен мезетте, үлкен үңгірдің ішіне кіріп кетеді де шықпай қояды, ата-анасы болса балаға жалынып-жалбарынып кешірім сұрап, біз білместік таныттық, бізді кешіре гөр, сен біздің баламызсың деп тіл қатқанда, бала ата-анасына былай деп жауап қайтарып: «біз мына дүниеде емес, анау дүниеде кездесеміз, мен үшін алаңдамаңыздар және арттарыңызға қарамаңыздар мен бар күшімді салып сіздер жүрген жерді ырыс-ынтымақ пен жақсылық, қуанышқа бөлеймін», - дейді. Әке-шешесі амалы жоқ көніп, мұңайып елге қайтып келе жатқанда, жолда баламыздың жүзіне соңғы рет бір рет қарап қалайық, мүмкін артымыздан келе жатырған шығар деп, Есеккөл деген жерге келгенде арттарына бұрылып қарайды, қараса арттарынан нұр болып ағып келе жатқан үлкен өзен жердің астына сіңіп жоқ болып кетеді. Сол өзеннің аяғы тек 5-6 шықырым жүргеннен кейін қайта шығады (бірақ ол жағын толығырақ ешкім біле бермейді). Сондай-ақ, біз көріп тұрған бұл үлкен үңгір үш үлкен тесіктен тұрады. Бірінші жоғарыдағы атқылап су ағатын жері, екінші тесігі ата-анасы артына қараған уақытта пайда болған. Негізібұл үңгір кезінде яғни әріде басқаша болған бұл жерді Кеңес үкіметі кезінде геологтар құпиясын ашу мақсатында зерттемек болған, үңгірдің ішіне кіріп көру үшін алып тастарды арнайы құралдармен құлатпақ болған, сол уақытта аяқ астынан осы жерді жыландар мен түйелер қаптап кеткен екен, үшіншісі сол кезде пайда болған. Бұл жердің құдіретін осыдан кейін-ақ түсіне беруге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |