Тістердің істен шығуы және олардың жұмыс істеу қабілеттілігі. Тісті берілістер көбінесе тістің бұзылуынан істен шығады. Ал тістің бұзылуы бірнеше түрге бөлінеді.
Тістің сынуы (9 - сурет). Тістердің сынуының екі түрі болады: шамадан тыс артық күш түскенде сыну және шаршаудан сыну.
Айналыс кезінде тісті дөңгелектерді жұмысқа қосқанда сыну қаупі болмауы үшін оларды иілуге есептейді.
Шаршаудан пайда болған беттік үгілу (10, а - сурет). Тістер әлсіреген кезде олардың сыртқы қабаты үгіледі. Бұл жағдайда ең алдымен тістің бетінде өте кішкентай жарықша пайда болады, одан кейін ол жерге май кіріп, оның үлкеюіне себепші болады.
Тістің үгілуі белгілі бір жағдайда тоқталуы мүмкін. Бұл жағдай көбінесе дөңгелектер жұмсақ материалдан жасалғанда байқалады (немесе қаттылығы НВ350), себебі жұмсақ материалдан жасалған дөңгелектің тістері жұмыс істеу кезінде белгілі бір уақыт өткеннен кейін бір-бірімен жақсы жанасатын болады.
Егер дөңгелек қатты материалдан жасалған болса (НВ350), тістің сынып түскен бөлшектері оның одан әрі бұзылуына әкеліп соғады, бұл кезде үгілу одан әрі жалғаса беруі мүмкін.
Абразивтік тозу (10, b - сурет). Тістердің абразивтік тозуы деп, ілініске қатты кішкене бөлшектер (абразивтер) түсіп, тістердің қажалып тозуын айтады. Бұл ластанған жерде жұмыс істейтін ашық және жабық тісті берілістердің істен шығуына себепші болады. Көбінесе кен-тау, құрылыс, ауыл шаруашылығы салаларында пайдаланылатын механизмдерде кездеседі.
9 - сурет 10 – сурет
Жанасу кернеуі әр түрлі болатындықтан профилінің тозуы да әр қилы келеді.
Бірақ жұмыс кезінде қисықтық радиусының өзгеруі тозуды бір қалыпқа келтіреді. Тозған тістер үшкірленіп, динамикалық күштерді және пайдасыз дыбыстарды көбейтеді. Бұл тісті әлсіретіп, оның сынуына әкеліп соғады.
Тістесу (10, c-сурет). Тістерге көп күш түскенде және өте жоғары жылдамдықпен айналғанда, дөңгелектердің материалдары бірдей болғанда және олар шынықтырылмағанда тістесу жиі кездеседі. Бірақ жоғары температурада әр түрлі материалдан жасалған және шынықтырылған дөңгелектердің де тістесуі мүмкін.
Тістесуді есептеу үшін дөңгелектердің түйіскен жеріндегі температураны анықтап, дөңгелектер материалына байланысты олардың тістесу температурасымен салыстыру қажет. Дөңгелектер тістеспеуі үшін тістердің модулін үлкейтіп, сонымен қатар оларды шынықтырып әзірлеу, дәлдік дәрежесін жоғарылатып, арнаулы май қолдану керек.